|  | 

Әдеби әлем

Ертегі әлемінің королі

Ертегі әлемінің короліБала кезімізде теледидардан «Қар патшайымы» және «Су перісі» мультфильмі жиі берілетін.

Бұл мультфильм­дерді көрген балалар қызығып, Андерсеннің ертегілерін іздеп жүріп, оқитын. Олардың бәрі де ертегі әлеміне, анығы, Андерсеннің әлеміне ғашық еді. Жазушы ертегілерінде «Адамзатты, жалпы әлемді мейірімділік құтқарады» деген ой айтады.
Андерсен: «Ертекті ешқашан ойдан құрастырмай­мын. Жазу үстеліне отырғанда
алып әйел есіктен кіріп келіп: «Мен ертекшімін»деп желкемнен қарап, бәрін баяндап тұрады. Мен тек қағазға түсірем» деп жазады. Енді бірде ертекші: «Иә, менің ертекті ойдан құрастыратын кездерім бар. Бірақ, ешқашан өтірік жазбаймын» деп жазады.

Балаларға қуаныш сый­лаған Андерсен балалық ша­ғын еске алып, былай дейді: «Әкем бізге дауыстап комедия мен ертегілер ғана емес, тарихи шығармалар мен Библияны да оқып беретін. Бір күні Библияны оқып болғасын әкем терең ойға батты, сосын анама ойлағаны туралы айтты ғой деймін, анам оны түсінгісі келмеген түр танытты. Әкем сол күннен бастап жылдар бойы өз әлемінде тұйықтала берді. Бір күні Библияны ашты да: «Иисус Христос та біз секілді ет пен сүйектен жаралған адам, бірақ өте ерекше адам болған» деді. Анам әкемнің сөзінен шо­шып кетіп, кешірім сұрап, көзінің жасын төкті. Әкем­нің сөзінен мен де қатты қо­рықтым, Құдайға жалба­рынып, әкемнің күнәсі үшін кешірім сұрадым».
Бірақ… қарапайым етікші баласына айтқан ақи­қатты әлі күнге дейін хрис­тиан әлемінің ғалымдары­ның өзі айтуға қорқады. (Христиандар Иисус Хрис­тосты «Құдайдың баласы» дейді.)
Ақиқатты іздеген етікші баласын қатты еркелетіп, оған жиі ертегі айтып бе­ретін. Әкесі өзіне өзі ойлы сұрақтар қойып, жауабын іздеп жүретін. Бір күні етікші «Ібілісті алыстан іздеп, оны­мен қалай күресуді ойлаудың қажеті жоқ. Ібіліс біздің жү­регімізде, оны жеңу үшін өзі­міздің нәпсімізбен күре­суі­міз керек» деді. Әке­сінің осы әңгімесі Андерсеннің есінде мәңгілікке қалып қойды.
Андерсен «Атеист секілді ойлайтын, бірақ ардан аттамай өмір сүретін адам өзінің Құдайға қаншалықты жақын екенін де білмейді. Себебі, олар діндар екіжүзді­лерге қарағанда ешқандай марапат күтпей, жақсылық жасайды» деп жазады. «Ба­қытты болудың бір ғана жолы бар – жақсылық жа­сау» дейді тағы да.
Андерсен ертегілерінде ақиқатты, Құдайды іздейді. Жазушының жүрегін сақтай алған кейіпкерлері ылғи да жеңіп шығады.
Андерсеннің «Корольдің жаңа көйлегі» атты ертегісін Лев Толстой өте жоғары ба­ғалапты. Ертектің қысқаша сюжеті мынандай: сәнді киін­генді ұнататын мақтан­шақ корольдің патшалығына екі алаяқ келіп: «Біз керемет көйлек тіге аламыз. Ол көй­лекті тек қана адал, ақылды адамдар ғана көреді Ал, ол көйлек ақымақтардың көзі­не көрінбейді» деп алдайды. Тігіншілерге король өзіне арнап, жаңа көйлек тігуді бұйырады. «Көйлектің кө­мегі­мен кімнің ақылды, кім­нің ақымақ екенін, кімнің адал, кімнің арам екенін біліп алайын» деп ойлайды патша. Уәзірлері ешқандай көйлекті көрмесе де «көйле­гіңіз керемет» мақтап келеді. Әрине, алаяқ тігіншілер ешқандай көйлек тіккен жоқ еді. «Жаңа көйлегімді кидім» деп ойлаған король тыржа­лаңаш күйінде халықтың алдына шығады. Жұрт қо­рыққанынан үн-түнсіз тұ­рады. Кішкентай бала ғана «Король тыржалаңаш» дейді балаға тән шынайылықпен. Сонда ғана халық айқайлап, мазақтап, күле бастайды.
Бала ғана ақиқатты ай­туға қорықпайды және сәби жүрек ақиқатты айттым деп ойламайды. Себебі, ол үл­кен­дер әлемінің «ойы­нынан» мүлдем бейхабар еді. Адамға есейген сайын шын­дықты айту да, оны қабылдау да қиынға соғады. Ересектер өздерін ғана емес, шын­дықты да саудаға салады. Шын­дық – cәбидің пейі­ліндей таза, мөлдір.
Сыншылар: «Андер­сеннің ертегілері – фантас­тика формасында берілген өмірдің шындығы» дейді. Андерсеннің қай ертегісін алсаңыз да, өмірдің шын­дығын, ащы шындығын көресіз.
«Сүйкімсіз үйрек» ерте­гісінде ана-үйрек бірнеше балапан басып шығады. Ішінде біреуі басқаларына мүлдем ұқсамайды. Басқа үйректер «Мына біреуің тым үлкен, әрі ұсқынсыз екен. Ал, басқа балапандарың әдемі» дейді. Әбден үйрек­терден теперіш көрген кіш­кентай үйрек басы ауған жаққа кетіп қалады. Кептер, көгершіндер де оны «ұсқын­сыз» деп келеке етеді. Ақ­қулар ғана үйректі жатыр­қамай, онымен қатар жүзеді. Аққулармен суда жүзіп жүрген «үйрек» судан өз бейнесін көріп, таңғалады. Өзге құстардың арасында әбден шеттетілген ол – өзі­нің шын мәнінде аққу еке­нін, үйректің аққу бала­панын басып шыққанын біледі.
Андерсен осы ертегісі арқылы таланттарды, асыл­дарды бағалай білмейтін өз қоғамын сынайды.
«Андерсен «Ұсқынсыз үйректе» өзі туралы жазды. Ол өзін аққуға теңеді. Ол қайдағы аққу? Ол біздің қо­ғамды, отанымызды ке­ле­междеді. Мұндай дүниені ба­сылымдар баспауы керек» деп сынады корольдік цен­зор Мейслинг.
– Иә, ертектің басты кейіп­кері сүйкімсіз үйрек менмін, – деп Андерсен мойын­дайды.
Мейслинг – Андерсеннің ескі танысы. Андерсен гим­назияда оқып жүргенде Мейслинг гимназияның ди­ректоры қызметін атқарған. Кедей отбасынан шыққан Андерсен он жеті жасында гимназияның бастауыш сы­ныбында оқыды. Бойы серейген ұзын, арық, мұрны бірінші көзге түсетін бозбала Андерсен өзінің сыныптас­тарынан алты жас үлкен еді. Ұстазы Мейслинг Андер­сенді мүлдем ұнатпады. Баланың талантын танымақ тұрмақ, «Сіздің марқұм әкеңіз етікші болды. Өгей әкеңіз де – етікші. Cізге оқу неге керек, етікші болуыңыз керек еді» деп кекетіп, келемеждейтін. Әкесінің етікші, ал анасының бай­лардың кірін жуғаны үшін Андерсеннің ешқандай кінәсі жоғын, ешбір бала ата-анасын таңдай алмай­тынын түсінуге Мейслингтің өресі жетпейтін.
Оқуды бітірген Андерсен Мейслингтің бетіне «Мен сізден көп нәрсе үйрендім. Бірақ, адамдарды жек көруді үйрене алмадым» деп айтып кетеді. Ал, Мейслинг кекшіл еді. Бірақ, ол қанша жерден Андерсенге кектенсе де, оның шығармашылықтағы жолын жаба алмады. Себебі, Андерсенді құрметтейтін адамдар көп еді. Тіпті, Ан­дерсеннің танымал, беделді замандастарының өзі Ан­дер­сенмен араласуды мәр­тебе көретін. Айтқандай, Андерсен гимназия бітір­геніне қарамастан, қатемен жазыпты.
Андерсен өмір бойы «мені біреулер улап өлтіреді, не өрттен өлемін» деп қорқыпты. Үнемі өзімен бірге «өрт бола қалса, тере­зеден сыртқа секіріп түсем» деп арқан алып жүріпті. Андерсеннің ертегілерін қатты бағалайтын сканди­навиялық балалар ертекшіге сыйлық жасағысы келеді. Олар ақша жинап, Андер­сенге бір қорап кәмпит жі­береді. «Мені біреулер улап өлтірмекші» деп қорыққан ертекші кәмпиттің бір бөлі­гін көршінің балаларына таратып беріпті. Ертесіне өзі кәмпит берген балалардың аулада ойнап жүргенін көргеннен кейін барып, Андерсен кәмпиттен ауыз тиіпті. Ол да көп талант се­кілді өмірді жек көре тұрып, өлердей сүйетін эгоист еді.
Андерсеннің 156 ертегі­сінің 56-сы басты кейіпкер­дің өлімімен аяқталады. Осыған байланысты және Андерсеннің болмысына қарап, кейбір әдебиет­тану­шылар «Андерсен балаларды жақсы көрмеді» деп жазады. Өзінің жалғыздығын қатты жақсы көрген, жалғыздық мұңына қамалып өмір сүр­ген жазушы шығармала­рында өмірдің шындығын жасырып қала алмады.
Ал, Андерсен өзін «ер­тегіші» деп атағанын мүлдем ұнатпапты. «Мен ертегіні балаларға емес, ересектерге арнап жазамын. Меніңшы­ғармаларымның мәнін, философиясын түсінбей­сіңдер» деп ренжиді екен. Жазушы елу алты ертегісінің басты кейіпкерлерінің өмі­ріне «үкім оқыса», шығар­маларын тек қана ересек­терге арнап жаздым деп ой­лаған шығар. Бәлкім, ша­быттанып жазып отырғанда ертегінің сюжеті өзіне де «бағынбай» кеткен шығар.
Тіпті, Андерсеннің көзі тірісінде ертегішіге құрмет ретінде туған қаласы ес­керткіш қояды. Мүсінші Огюст Сабё ескерткіштің жобасын жасап, Андерсенге көрсетеді. Креслода Ан­дерсен ертегі оқып отырады. Ал, балалар ертекшіні қор­шап, тыңдап отырады. Ан­дерсен «Мен балалар жазу­шысы емеспін!» деп рен­жіген соң, мүсінші балалар­ды алып тастайды.
Жазушы 40 жасында 26 жастағы швед әншісі Йенни Линдке ғашық болады. Йен­ниге арнап, «Қар патшайы­мы», «Бұлбұл» ертегілерін жазады. Андерсен Йенниге ешбір әйелмен жақын қа­рым-қатынаста болмағанын айтып, мойындайды. Бірақ, шынайы ертегішінің сезі­міне әнші жауап бермейді. Өмірінің соңғы жылдарында Андерсен жезөкшелер үйіне жиі барыпты. Андерсен­та­нушылар: «Ертекші мұндағы бірде-бір әйелге қолының ұшын да тигізген жоқ. Ол өмірде адасып кеткен әйел­дер­мен ұзақ сөйлесіп оты­ратын. Олардың жандүние­сін, әлемін зерттеу үшін ғана баратын» деп жазады. Кей­бір деректерде Андерсеннің шешесінің екінші күйеуінен туған қарындастары жезөк­ше болғаны, олармен жазу­шының араласпағаны ай­тылады.
Көз тірісінде әлемге әй­гілі болған ертегіші «Шы­ғармашылығым үшін жеке басымның бақытынан бас тарттым. Ертегілеріме өмі­рім­нің құнын төледім» деп жазады күнделігіне.
1872 жылы жазушы ке­руеттен құлап, жарақат алады. Андерсен тіс ауруы­нан қатты азап шексе де, тісін жұлдырмапты. «Тіс­те­рімнің саны шығарма­шылы­ғыма әсер етеді» деп сеніпті өзі. Соңғы тісі 1873 жылы түс­кеннен кейін мүлдем ертегі жазбайды. 1875 жылы 70 жасында ұлы ертегіші көз жұмады. Жазушыны жер­леуге Данияның королі де келеді.
Андерсен ертегілерінде мәңгілік сауалдарға жауап іздейді. Олшығармаларында Құдайды іздейді. Себебі, ол ертегілеріне Құдайдың нұры тамып түскен жазушы еді.

 

Аягүл МАНТАЙ,
Мәскеу

Айқын-ақпарат

Related Articles

  • Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

    Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

     Серік Ерғали Суреттер: aqmeshit-zhastary.kz, democrat.kz сайттарынан алынды. Ата Заң жобасының талқысы Қазақстандағы ең сезімтал, ең ұзақ талқыланып келе жатқан мәселенің бірі — мемлекеттік тілдің нақты мәртебесі. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылғанына отыз жылдан асты. Алайда қоғамдағы шынайы сұрақ әлі де ашық: қазақ тілі — басқарудың тілі ме, әлде символдық мәртебедегі тіл ме? Тіл мәселесі неліктен шешілмей келеді? Себебі біз ұзақ уақыт бойы тілге: – мәдени құндылық ретінде ғана қарап келдік; – оны мемлекеттік басқару тілі ретінде нақты бекітпедік. Нәтижесінде: – Конституцияда бір мәтін, – тәжірибеде басқа жағдай қалыптасты. Бұл қайшылық тілдің емес, конституциялық айқындықтың әлсіздігінен туындады. 9-баптағы басты түйін Жоба бойынша: 1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда

  • Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Елдес Орда Сурет: Автордың жеке архивінен алынды. Қазақ қоғамында жаңа интеллектуалдық кезең туып келеді. Бірінші, қазіргі қазақ қоғамында сенім мәселесіне қатысты пікірталастардың күшеюі кездейсоқ құбылыс емес. Бұл дегеніңіз әлеуметтік желілердің, ашық ақпараттық кеңістіктің және жаһандық интеллектуалдық ағымдардың ықпалымен қалыптасқан жаңа қоғамдық ойлау формасының көрінісі. Атеистік көзқарастардың ашық айтылуы, тәңіршілдік идеялардың қайта жаңғыруы және дәстүрлі діни орта арасындағы пікір қақтығысы зиялы ортада алаңдаушылық тудырғанымен, шын мәнінде бұл құбылыс қоғамның рухани әлсіреуін емес, саналы ізденіске бет бұрғанын көрсетеді. Екінші, ұзақ уақыт бойы қазақ қоғамындағы діни дискурс негізінен МОНОЛОГТЫҚсипатта болды. Уағыз айтылды, ал тыңдаушы тарап оны талқылаусыз қабылдауға тиіс еді. Сұрақ қою күмәнмен, күмән әлсіз иманмен теңестірілді. Мұндай ортада сенім дәлелдеуді емес, қайталауды талап етті. Ғылыми

  • Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Серік Ерғали Суреттер: madeniportal.kz және С.Ерғали мұрағаттарынан алынды. «Я знаю!..» кітабынан үзінді-аударма. ОСИРИС ЗАҢЫ I Біз адамзат тарихын өте нашар білеміз. XIX ғасырдың басында Наполеон әлемге Мысырды ашты, ал ғалымдар бұл елдің қирандыларын зерттеп, оның шамамен б.з.д. III мыңжылдыққа тиесілі екенін анықтады. Сол кезде адамзат тарихы тағы да қос мыңжылдыққа тереңдей түсті. Бірнеше мыңжылдық бұрын (мен білем) адамзат (немесе оның кейбір бөлігі) таңбалы жазуды қолданып, жазып жүрген. Бұл білімдерді қалпына келтіру арқылы біз XX ғасырдың басында жасанды түрде үзілген тіліміздің тарихына қатысты қолжетер шындықты қайта тануымызға тура келді. 1926 жылы Бакуде өткен алғашқы түркологиялық конгрестен кейін түркология ғылым ретінде қалыптаса алмады… …2018 жылы Назарбаев мені әңгімелесу үшін Ақордаға шақырды. Үлкен үстелдің басында

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

  • «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде. Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды. Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй – жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: