|  |  |  | 

Жаңалықтар Саясат Тарих

НКВД жендеттерінің тізімі жарыққа шықты

Ату жазасын орындап тұрған НКВД қызметкерлері.

Ату жазасын орындап тұрған НКВД қызметкерлері.

1930 жылдары СССР-да болған «Үлкен террор» – саяси қуғын-сүргінді іске асырған НКВД қызметкерлерінің тізімі жарыққа шықты. Жобаны «Мемориал» халықаралық құқық қорғау қоғамы іске асырды. Тізімде Қазақстанда репрессия жүргізген жендеттердің де аты-жөндері берілген.

«Мемориал» халықаралық құқық қорғау қоғамы «Үлкен террор» заманындағы НКВД қызметкерлерінің тізімін жариялады. Тізімде СССР бойынша НКВД-ның жеке құрамында 1935-1941 жылдары жұмыс істеген 41 668 адамның аты-жөндері жарияланып, оның 39 950-і туралы қысқаша мағлұмат берілген.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ НКВД-НЫҢ 15 ПАЙЫЗЫ – ҚАЗАҚ

Осы тізімнің ішінде сталиндік репрессияны Қазақ АССР-і (1920 жылы құырлды – ред.) мен Қазақ ССР-і (1936 жылдан бастап – ред.) аумағында жүзеге асырған мыңнан аса НКВД жендеттерінің аты-жөні жарияға шықты.

Азаттық тілшісі «Мемориал» сайтында жарияланған бұл қызметкерлерді санап, олардың 1080-дей адам екенін анықтады. Оның ішінде 170-тей қызметкердің аты-жөні қазақ екендерін білдіреді.

Мәселен, Қазақстанға қатысты бөлімде есімі жұртқа белгілі дегендердің ішінде Шәкәрім өлімімен байланысты аталатын Абзал Қарасартов; 1940-50 жылдары Қазақ ССР-і басшысы болған Жұмабай Шаяхметовтің есімдері аталады.

«Мемориал» сайтында Абзал Қарасартовқа 1936 жылы сәуір айында СССР НКВД-сы бұйрығымен «кіші лейтенант» шені берілгені, ұлты қазақ екені, 1906 жылы дүниеге келгені, НКВД-дан 1937 жылы қараша айында басқа жұмысқа ауысқан сәтте Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында шұғыл уәкіл болып тұрғаны жазылған. Тізімде Абзал Қарасартовтың өлімі туралы ақпарат жоқ екені де айтылады. Азаттыққа белгілі мәліметтер бойынша, Қарасартов 1979 жылы қайтыс болған.

НКВД курсанттары. Новосибирск, 1930 жыл.

НКВД курсанттары. Новосибирск, 1930 жыл.

 

 

Ал Жұмабай Шаяхметовтің 1938 жылы мамырдың 9-ы күні ВЧК-ОГПУ-дің (НКВД-ның контрреволюция және саботажбен күрес бөлімі) «Құрметті қызметкері» белгісімен марапатталғаны жазылған. Шаяхметовке 1940 жылы қарашада «мемлекеттік қауіпсіздіктің капитаны» деген шен берілген.

«Мемориал» сайты жариялаған бұл тізімге қарағанда, Қазақстандағы репрессияны іске асырған НКВД қызметкерлерінің 15 пайыздан астамының ұлты қазақ болғаны аңғарылады.

Кейбір тарихшылар Қазақстанда 1928-1929 және 1937-1938 жылдары 120 мыңдай адам репрессияға ұшырап, 25 мыңдай адам атылды деген дерек айтады.

НКВД БҰЙРЫҚТАРЫ НЕГІЗІНДЕ ЖАСАЛҒАН ТІЗІМ

«Мемориал» құқық қорғаушылары анықтамалықтың (тізімнің – ред.) СССР НКВД-сының жеке құрамы бойынша шыққан бұйрықтар негізінде құрылғанын жазады.

Анықтамалықта НКВД қызметкерлеріне арнайы шен беру, НКВД-дан жұмыстан шығару туралы бұйрықтардың нөмірлері мен шыққан күні, жұмыстан шыққан сәтте атқарған қызметі, мемлекеттік наградалары туралы мәліметтер келтірілген. Бұйрықтағы ақпарат өзге дереккөздерден алынған өмірбаяндық деректермен толықтырылған.

Құқық қорғңаушылар бұл тізімнің 15 жыл бойы дайындалғанын айтады. Деректерді интернетте жариялар кезде 4500-ге жуық өмірбаяндық анықтамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Халықаралық «Мемориал» ұйымының тең төрағасы Ян Рачинский анықтамалықты құрастыру жұмысы қалай жүргені жайлы және ол кімдерге пайдалы болуы мүмкін екенін айтып берді.

- Әлгі анықтамалық – Андрей Жуковтың көп жылғы жұмысының нәтижесі, ол қауіпсіздік комитетінің арнайы шендері енгізілген 1935 жылдың аяғынан бастап үлкен террор дәуірінің аяғына дейінгі, тіпті одан да ұзақ – 1939 жылдың орта шеніне дейін әлгі арнайы шендерді алған адамдардың барынша толық тізімін құрастырғысы келген. Ол бұл жұмыспен өте көп жыл айналысты. Бұл – өте қиын жұмыс, өйткені НКВД-ның жүздеген томды құрайтын қисапсыз көп бұйрықтарын зерттеп, СССР Жоғарғы кеңесіне қарасты наградалар бөліміндегі көптеген құжаттарды ақтарып шығуына тура келген. Орасан көп ақпарат қаралған. Ал совет заманындағы ақпарат көздері өте жұтаң болғаны әрі мұрағаттардың көп бөлігі, әсіресе НКВД құжаттары (қазір НКВД құжаттары ІІМ мен ФСБ мұрағаттарында сақтаулы) әлі күнге дейін ашылмай жатқаны белгілі, сондықтан әлгі анықтамалық бірден-бір ақпарат көзі, – дейді Ян Рачинский.

Андрей Жуков – тарихшы емес, ол МГУ-дің (Мәскеу мемлекеттік университеті) заң факультетін бітірген, бірақ Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында өзінің айтуынша, тарихты жақсы көретін ол мұндай ақпаратты жинаумен ашық ақпарат көздері болмаған совет кезінен – 1979 жылдан бері айналысқан. Жуковтың айтуынша, ол зерттеулерін НКВД-дан емес, репрессияға ұшыраған Жұмысшы-шаруалардың қызыл армиясы (РККА) құрбандарынан бастаған. Сосын НКВД қызметкерлері туралы мәліметтерге көшкен, ал кейінірек «Мемориал» қызметкерлерімен танысып, олар бірлесіп жұмыс істеуді ұсынған. Ян Рачинский жобаның кімдерге арналғанын:

- Бұл әуелі тарихшыларға керек. Өйткені құжаттарда, оның ішінде мұрағаттарда сақталған тергеу істерінде әдетте адамның тегі мен шені ғана көрсетіледі. Әдетте есімі мен әкесі атының, тіпті басқы әріптері де жазылмайды. Сондықтан оның кім екенін, қандай адам болғанын, оның іздерін қайдан іздеуге болатынын анықтау өте қиын. Әлгі анықтамалық НКВД-ның арнайы шенін алғандардың кімдер екенін, ол шенді қашан алғанын, қандай бұйрық бойынша және қай аймақ бойынша алғанын анықтауға көмектеседі. Бұған қоса, көбінің туған күні мен туған жеріне қатысты қосымша ақпараттар табудың сәті түсті, енді қилы құжаттардағы деректерді байланыстырып, әлгі адамның кім болғанын, не істегенін, кейінгі тағдырының әлдебір тізбегін құрастыруға болады. Меніңше, бұл кез келген мемуар үшін, көптеген құжаттар үшін таптырмайтын аса құнды ақпарат көзі болады, – деп түсіндірді.

"Мемориал" қоғамының тең төрағасы Ян Рачинский.

“Мемориал” қоғамының тең төрағасы Ян Рачинский.

 

​Мамыр айында «Мемориал» анықтамалығының компакт дискіге көшірілген нұсқасы шыққан.

- Әлгі дискіге жұрт үлкен қызығушылық танытты, бүкіл тираж тарап кетті, одан қазір ештеңе қалған жоқ. Ал интернетте жарияланған нұсқасы қомақтылау – шамамен 4,5-5 мың өмірбаяндық анықтамаға толықтырулар, нақтыланған деректер, түзетулер енгізілді. Қосымша ақпарат көздері табылды. Меніңше, анықтамалықтың практикалық және өзге мәні зор. Бір жағынан, оның моральдық мәні зор, өйткені әр адам ісіне өзі жауап беретінін, бәрі мәңгіге құпия қалады деген бос үміт екенін түсінуі тиіс. Кім болсын, бәрібір тарих алдында түбі жауап береді, – дейді Рачинский.

Оның айтуынша, «Бізде қылмыс құрбандары бар да, қылмыскерлер жоқ сияқты болып көрінетін». Енді тергеу жүргізген, айыптарды ойдан құрастырған, тұтқындарды азаптаған 40 мыңнан аса жендеттің аты-жөні белгілі болып отыр.

- Облыстық басқармаларды басқарған негізгі басшылардың жүздеген есімдері аталып келді, бірақ тергеуді олар жүргізген жоқ қой, олар тергеу амалдарымен, істерді ойдан құрастырумен тікелей айналысқан жоқ, бұл шаруамен қарамағындағы қызметкерлер айналысқан, ал олардың есімдері белгісіз болып келді. Енді, міне әлгі 40 мың есімнің арасында тергеу жүргізгендердің, ойдан айыптар құрастырғандардың, әлгі қылмысты жасағандардың (ату жазасын орындағандардың – ред.) бәрінің аты-жөні бар, – дейді белсенді.

Оқи отырыңыз: «Атамды атқандардың бәрін анықтадым»

Рачинский НКВД репрессиясына қатысқан, адамдарды саналы түрде азаптап, қылмыстық айыптауларды саналы түрде ойдан құрастырғандарды да ауыр қылмыскерлер, үлкен террорға жауапты деп біледі.

НКВД атқан Степан Карагодин мен оның отбасы.

НКВД атқан Степан Карагодин мен оның отбасы.

 

Оның ойынша, Сталин, жарлық қағазға қол қойған адамдар, бұйрық берген істі қарау тәртібін жеңілдету туралы заңды ойлап тапқан жендеттердің қылмысы осы жарлықтар мен заңдарды орындап, айыптауларды ойлап тапқан, адамдарды тікелей азаптағандар қылмысы бір.

- Айыптаулар мен бұрықтарды қағазға терген қыз-келіншектер мен адамдарды жазалау орнына тасыған шоферлер, ату жазасын орындаған атқыштардың кінәсі алдыңғыларға қарағанда аздау деп есептеймін. Олардың көбінің интеллектуалдық деңгейі төмен болған, әйтпесе мұндай кәсіпке бармас еді, – дейді белсенді.

Рачинский бұл тізімнің жариялануы полиция қызметкерлеріне сабақ болуы керек деген де ой айтады. «Қазір бұйрықты ойсыз орындап жүргендер жеке жауапкершілік деген бар екенін, 20, 50 немесе 70 жылдан кейін бәрібір жауапқа тартылатынын білгені дұрыс. Осы тұрғыдан да сталинизм тарихы, большевизм тарихы бізге сабақ болуы тиіс» дейді ол.

Любовь Чижованың мақаласы орыс тілінен аударылды. Мақаланы Азаттықтың қазақ тіліндегі сайтына бейімдеуге Рахат Мамырбек қатысты.

Азаттық радиосы

Шәкерімді ақтауға қарсы шығу – советтік тарихнама құрбандарына тән әрекет болды


Шәкерім Құдайбердіұлы.

Шәкерім Құдайбердіұлы.

Осыдан 80 жыл бұрын, яғни 1931 жылы қазан айында Шәкерім Құдайбердіұлы қазаға ұшырады. Оны атып өлтіруге қатысы бар ГПУ тобының жетекшісі мен ұрпақтары Совет Одағы құлағанша философ-ақынның ақталуына ашық қарсы болып келді.

Шәкерімді атқан ГПУ тобының жетекшісі Абзал Қарасартов 1958 жылы ақынның есімі ақталып, шығармалары жариялана бастағанда бұл үрдіске қарсы шығады. Ал «қайта құру» саясатынан кейін Шәкерім есімі ақталғанда, енді Қарасартовтың ұрпақтары наразылық білдіруге көшеді.

Тарихшы ғалымдар сталиндік саяси-қуғын сүргінге үлес қосқандардың КГБ архивінде құжатқа түскен әрекеттері ашық айтылатын болса, олардың бүгінгі ұрпақтары арасында да араздық басталатынын айтады.

«БІЛМЕДІМ ШӘКЕРІМДІ КІМ АТҚАНЫН» 

Жаппай тәркілеу науқанынан кейін, қолдағы малынан айырылып аштыққа ұшыраған Шыңғыстау жұртының бас көтеруі 1931 жылғы қыркүйектің 3-і аудан орталығы Қарауыл ауылын шауып, әсіре белсенділерді жазалауға ұласты.

Кейбір деректерге қарағанда толқыған жұрттың жетекшілері әуелі ақылдасып алмаққа елден жырақта, саят қорасында жалғыз жатқан Шәкерімнің Саят қорасының қалдығы. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы. 3 қазан 2011 жыл.

Шәкерімнің Саят қорасының қалдығы. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы. 3 қазан 2011 жыл.

Шәкерім қажының алдына келеді. Бірақ ол Қарауыл құласа да кіндік өкімет құламайтынын, халықты бекерге қырып алатынын айтып көтерілісшілерді райынан қайтуға шақырады.

Алайда көтеріліс күшпен басылғаннан кейін Шәкерімнің өзі де жергілікті НКВД қызметкерлерінің қолынан оққа ұшады.

Абзал Қарасартов жасағының Шәкерім қажыны қалай кездестіріп, қалай атқаны сол кездің өзінде-ақ ел ішіне түрліше айтылды. Шәкерімді атқанын өз көздерімен көрген жасақ ішіндегі жергілікті адамдар таратқан сөздер де әрқилы болып шықты.

Кейбірінде Шәкерім Қытайға қашуға бет алған топпен бірге жүріп Абзал Қарасартов бастаған милиция жасағымен кездейсоқ кездесіп қалады. Топ ішінен бөлініп, ГПУ жасағына қарай жалғыз шыққан Шәкерімді олар қалың тұманда танымай атып тастайды. Бұл версия бойынша бұйрық берген – Абзал Қарасартов, атқан – Абай ауылының мұғалімі, ұлты татар Халитов болып шығады. Оқ тиген Шәкерім қажы «Атпаңдар! Мен сендерге керек адаммын» деп айғайлаған-мыс.

Кейінгі зерттеушілер осы және осыған ұқсас нұсқаларды жасақ құрамында болған адамдардың алдын-ала келісуінен кейін, яғни Абзал Қарасартовтың айтуымен тараған сөз деп санайды. Олар ел ішіндегі басқа да деректерді алға тартып, Шәкерімнің ешбір топ ішінде емес, өзінің саят қорасында, атқа мінгелі тұрған жерінде қапыда атылғанын, атқан Абзал Қарасартовтың өзі екенін жазады.

Ал кейбір нұсқаларға қарағанда Абзал Қарасартов тобы Шәкерімді аң Шәкерімнің сүйегі 30 жыл жатқан құр құдыққа қойылған құлыптас. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы. 3 қазан 2011 жыл.

Шәкерімнің сүйегі 30 жыл жатқан құр құдыққа қойылған құлыптас. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы. 3 қазан 2011 жыл.

аулап келіп, саят қорасында аттан түсіп жатқан жерінен кездестіріп, тұтқынға алған. Кейін басқа жерге апарып әуелі азаптап, содан соң атып, денесін құр құдыққа көміп кеткен-міс.

1931 жылы басталған осындай кереғар болжамдар әлі күнге жалғасып келеді (Шәкәрімді кім атты? Не үшін атты? // «Қазақ әдебиеті» 9.06.1989; Шәкәрім қалай атылды? // «Өркен», 27.01.1990; Үшінші оқ кімдікі?// «Түркістан» 2.10. 2008; Қажыны атқан Қарасартов емес // «Жас қазақ», 26.09.2008; Шәкәрімге қатысты үш дерек // «Жұлдыз», 2010).

«ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДАҒЫ ДАНТЕС» АТАНҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ!»

1988 жылы Шәкерім есімі ақталғаннан кейін «Қазақ әдебиеті» газетінің үш нөмірінде Абзал Қарасартов пен ғалым Евней Бөкетов арасындағы ұзақ әңгіме-диалогтың жарық көруі Шәкерім өлімі туралы ел ішіндегі көптеген жорамалдарды қайта шығарды.

Осы газетте «Біз білеміз Шәкәрімді кім атқанын» деп аталатын қарсы мақалада «Қарасартов естелігі біз білген шындықпен мүлде жанаспайды» деген жазушы Хамит Ерғалиев Шәкерімді атқан Абзал Қарасартов деген тұжырым жасап қана қоймай, оның кейінгі «әрекеттерін» де атап көрсетеді.

«1959 жылы Шәкәрім Құдайбердиев ақталып, «Қазақ әдебиеті» газетінде оның бірнеше өлеңі жарияланды. Абзал Қарасартовтың ақынға қаншалықты жаны ашитынын біз сонда көргенбіз. Ол жоғарғы орындардан кірмеген есік қалдырмай, айғайын сала жүріп, ақынның өлгеннен кейінгі өмірін тағы да өшіртіп тастаған. Қарасартов Қазақстан Жазушылар одағына да келген. «Банды бастығын ақтамақшы болған адамдардың өздерін жауапқа тарту керек» деп столды соға даурыққанын өз құлағыммен есітіп, өз көзіммен көргенім де бар» деп жазады Хамит Ерғалиев.

1985 жылы басталған Михаил Горбачевтің «қайта құру саясатының» саяси жылымығынан кейін іле-шала Алматыда болған желтоқсан оқиғасы Шәкерім есімінің аталуына қарсы адамдар үшін жаңа мүмкіндік туғызды. Бұл жолы Қарағанды облысының тұрғыны Мәз Қарасартов қарсылық білдіріп, 1987 жылы 3 ақпанда жазушы Мұхтар Мағауинге хат жолдады.

Ол Мұхтар Мағауиннен 1978 жылы Ленинградтан шығарған «Поэты Казахстана» деп аталатын кітапқа Шәкерім өлеңдерін ғұмырнамасымен қоса жазып, ғылыми түсінік беруіне не себеп болғанын сұрайды.

«Бұл сұрақты тірі болса, менің ағам, Совет өкіметінің жауларына қарсы күрескен қарт чекист Абзал Қарасартов қойған болар еді. Өйткені Шәкерім Құдайбердіұлын менен гөрі ол кісі жақсы білетін. Бірақ Шәкерім туралы бар дерек Қарасартовтар ұрпағының бәрінде бар. Марқұм ағамыз өсиет етіп айтып кеткен. Ол кісі 1979 жылы қайтыс болды. Әйтпесе 1959 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде Шәкерімнің бір топ өлеңдері жарияланғанда, қайтадан жарық көрмеуі де осы кісіге байланысты» деп жазады хат авторы.

Мәз Қарасартовтың хаты «Егер осы хатқа жауап жазбасаң, мәселенің анық-қанығын түбегейлі ашу үшін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне және КГБ-ның алдына қоюыма тура келеді. Өйткені Қарасартовтар фамилиясы кейбір солақайлардың жорамалдауынша «Қазақ тарихындағы Дантес» атанғысы келмейді, атанбайды да» деген қоқан-лоққымен аяқталған еді.

Мәз Қарасартовтың 1988 жылы 17 ақпандағы екінші хаты Жайық Бектұровтың «Ақын және арамза» дастанын басқан «Қазақ әдебиеті» газеті мен бас редакторы Шерхан Мұртазаға арналды.

«Қайта құру кезінде жаламен қапыда кеткендер еңбегіне жарық көрсету керек делінген, бұған қаламынан еріксіз айырылғандар жатады. Қаламын қайқы қылышқа айырбастап Совет өкіметіне қарсы қарулы банды басқарушылары жатпайды, ол – Шәкәрім Құдайбердиев. …Шындықты біле отырып, неге әрбір отыз жылда жаңалауға жандарың құмар?» деп жазған Мәз Қарасартов «бар білетінін ортақ тілге (орыс тіліне – авт.) аудартып, әділ қазылығын сұрайтынын айтып» қорқытады.

«АЛАШОРДАШЫЛСЫҢ, ХАЛЫҚ ЖАУЫСЫҢ!»

Абзал Қарасартовтың інісі «Ақын мен арамза» атты дастанын жазған Жайық Бектұровты да тыныш қалдырмайды.

«Мәз Қарасартов дейтін кісі үйіме телефон соғып: «Көрдегі адамдарымызға да тыныштық бермедіңдер ғой», – деп мені сөкті. «Көкек өз атын өзі шақырады» деген, өздеріңізді өздеріңіз танып тұрсаңыздар мейілдеріңіз», –деп жауап бердім, – дейді Жайық Бектұров 1988 жылы қарашада Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы Қуаныш Сұлтановқа жазған хатында.

Жайық Бектұров сонымен қатар, 1988 жылдың жазында Қарағандыда өткен ақындар айтысына Ульянов ауданынан қатысқан Мейрам Қарасартовтың жұрт көзінше сөзбен жәбірлегенін айтады.

«…Әзірлік кезінде: «Атам Абзал Қарасартов – Совет өкіметін орнатқан аяулы азамат, тамаша қайраткер, қысқасы, бүкіл халық басына ту етіп ұстайтын адам еді деп көрсеткісі келіп, сахнаны басына көтерді. Төрешілер алқасының жетекшісі ретінде қасыма шақырып алып: «Аталарың жайлы айтылып, жазылып жатқан сөздерді жақсы білесің. Сондықтан атаңды айтпай-ақ, ауданыңның атынан сөйле», – деп тоқтау салдым. Ал ол зал тола жұрттың көзінше «Сен алашордашылсың, халық жауысың! Көшеде атып өлтіріп кетемін!» деп тарпа бас салды», – дейді Жайық Бектұров.

«АТЫ-ЖӨНІМІЗДІ АША АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ»

1988 жылы «Арай» журналында кезінде Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевқа жазылған авторы жоқ «домалақ хат» жарияланды.

«Сырттай естуімізге қарағанда Қазақ академиясы Шәкерім Құдайбердіұлының аруағын көтеріп, кітабын шығармақшы көрінеді. Шәкерім дүниеге келген Кеңбұлақ. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы. 3 қазан 2011 жыл.

Шәкерім дүниеге келген Кеңбұлақ. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы. 3 қазан 2011 жыл.

Партиялық тап көзімен қарағанда осы дұрыс емес. Біз Совет өкіметін орнатушылардың алғашқыларының біріміз. Біз сол кезде кім ел, кім жау болғанын жақсы білеміз және ұмытпаймыз» деп бастайды хат авторлары.

«1931 жылы «көкқасқа» сойып, ақ ту көтеріп Совет үкіметіне қарсы күрес ұйымдастырғанын, РайРКИ-дің бастығы Олжабайдың басын кесіп, Рамазан деген комсомол мұғалімді әйелі екеуін сүйретіп өлтірткенін білеміз. Компартия мен аудан Совет кеңесіне 360 кісімен шабуыл жасап, бірнеше коммунист пен комсомолды өлтіріп, кеңсені өртеп, банк пен кооперативті талап алғаны да елге мәлім» деп, хат авторлары Шәкерімнің «қылмыстарын» тізіп шығады.

«Домалақ хатқа» қарағанда, «Шәкерімнің өлеңі деп жүрген бірсыпыра тәуір сөздер тікелей Абайдан, Мағауиядан ұрланған. Кезінде Шәкерім біздің партиямыз бен үкіметіміздің заң орындарының әділ шешімдері бойынша халық жауы деп танылып, қарғыс айтылуын бүкіл халық құптаған. Мұхтар Әуезов те Шәкерімге өмір бойы жиіркене қарап өткен».

Солайша Шәкерімнің болыстық пен тәркідүниеліктің, рационалды пайымдау мен мұсылмандық мистиканың, «ескішіл, реакцияшыл» алашордашылар мен «жаңашыл, прогресшіл» большевиктердің арасында өткен өмірі әлі жұмбаққа толы күйі қалды.

«ШЫНДЫҚ ТА АРАЗДАСТЫРА МА?»

Тарихшы ғалымдардың кейбірі КГБ архивінде сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құжаттардың әлі күнге толық ашылмады, ашылғандарының өзі егжей-тегжейлі айтылмады деп санайды.

Азаттық радиосының тілшісіне осы мәселе жөнінде өз ойын жеткізген тарих ғылымының кандидаты, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары Қайдар Алдажұманов «сол кездегі тергеу хаттамаларынан көптеген адамдардың атын кездестіруге болатынын» айтады.

– 1990 жылдары сондай материалдардың шеті шыға бастағанда көптеген қарсылықтар болған. «Сенің атаң менің атамды ұстап беріпті» дейтін араздықтар басталған еді. Сондықтан мұның этикалық жағын да ұмытпаған жөн. Шындықты ашық айтуымыз керек деп жұртшылықты араздастырып қоюға болмайды, – дейді тарихшы.

– Мәселен, Сталинге хат жазып, 1930 жылдары қазақ халқын тек сол ғана құтқарып қалғандай көрсетіліп жүрген бір қайраткер бар. Бірақ коллективтендірудің тез арада жүргізілуіне Сталинге құпия хат жазып, себепкер болған адам – сол. Валерий Михайловтың «Хроника великого джута» деген кітабын, «Вопросы истории КПСС» журналының 1964 жылғы 4-ші нөміріндегі мақаланы оқыған адам оның кім екенін біледі, – дейді Қайдар Алдажұманов.

Ал «барлық кінәні сталиндік саясатқа жаба бермей, сол саясаттың қолшоқпарына айналған, тіпті білек түріп екілене кіріскендердің әрекеттері де ашық айтылуы тиіс» дейтін де қоғамдық пікірлер бар. Мысалы, тарих ғылымының докторы Хазірет Тұрсын:

– Қылмыстық әрекеттер біреулердің жанына батса да, айтылуы керек. Ол тарих үшін, тарихтан тағылым алу үшін қажет. Аталарының қылмысына бүгінгі ұрпақтың қатысы жоқ,– дейді.

Азаттық радиосы

Related Articles

  • Алматыда аяусыз соққыға жығылған жігіттің видеосы: күдікті ұсталды

    видео кадры Қазнетте аяусыз соққыға жығылған жігіттің видеосы тарады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz . Видеода белгісіз адам жігітке бірнеше соққы жасайды. Диалогтан жәбірленушінің қандай да бір қаржылық қарызы бар екені белгілі болады. Кадр сыртындағы дауыс оның басынан ұрмауды сұрайды. Скриншот Алматы полициясы күдіктілерді ұстады. “Зорлық-зомбылықпен өзінше билік ету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар, қылмысқа қатысқаны үшін видеоға түсірген екінші адам да ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр”, – деді Алматы ПД баспасөз қызметі.

  • Самат Әбіш қалай “сүттен ақ, судан таза” болып шықты?

    Азаттық радиосы Саясаттанушы Досым Сәтпаев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке шыққан үкім “Қазақстандағы режим болашақты ойламайтынын көрсетті” дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев. Сарапшының пайымдауынша, билеуші “элита” жеке істерімен және тасадағыкелісімдермен әуре болып жатқанда елде тағы бір жаңа әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін факторлар күшейіп келеді. СаясаттанушыРесей өзінің экономикалық мүдделері мен геосаяси жоспарларын кеңінен жүзеге асыру үшін Қазақстанның ішкі саясатына тікелей әсер етуге тырысып жатуы мүмкін деп те топшылайды. ПУТИН “ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ” МЕ? Азаттық: Сонымен ұзақ демалыс алдында осындай үлкен жаңалық жарияланды. Мейрам алдында, 19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс депутатының постынан Самат Әбішке шыққан үкім жайлы білді. Мұның бәрінің байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па? Досым Сәтпаев: Әңгімені бұл істің құпия

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: