Алматы облысындағы ағайынды үш кісінің өлімі бойынша сот үкімі шықты
Алматы облысының Қаскелең аудандық сотында бүгін Көксу ауданының тұрғындары, мал сатумен айналысқан ағайынды кісілердің өліміне қатысты сот үкімі шықты. Ағайынды үш ер адам – Жарқынбек Долданұлы, Мұқият Зарлықанұлы мен Қадылбек Әлімхан осы күзде жоғалып, кейін өлі күйінде табылған.
Бұл іс бойынша сотқа тартылған Талғат Сүлейменовке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Айыпты Мұрат Оңалбаев 25 жылға сотталды. Ол екеуіне “пайдакүнемдік пиғылмен алдын ала сөз байласу арқылы кісі өлтірді, қарақшылық жасады, бөтеннің көлігін заңсыз иеленіп алды, бөтеннің мүлкін қасақана өртеп жіберді” деген айыптар тағылған. Үкім бойынша Сүлейменов жазасын ерекше режимдегі колонияда, Оңалбаев қатаң режимдегі колонияда өтемек.
Сот сонымен қатар сотталушылардың әрқайсысынан жәбірленуші тараптарға 10 миллион теңгеден өндіртуге үкім етті. Жәбірленушілер әуелде сотталушылардың әрқайсысынан 50 миллион теңге өндіріп беру туралы талап еткен.
Ал қылмыс туралы хабарламады деп айыпталған Бақыт Байқасымов төрт жылға сотталды.
Көксу ауданының тұрғындары, жеті жыл бұрын Қытайдан Қазақстанға көшіп келген оралман үш азамат – Жарқынбек Долданұлы, Мұқият Зарлыханұлы және Қадылбек Әлімхан 18 қыркүйекте Алматы облысының Ұзынағаш ауылындағы базарға мал сатуға келген соң жоғалып, бірнеше күннен соң сүйектері табылған.
Ағайынды кісілердің өлімі қоғамда резонанс тудырып, қыркүйекте ондаған адам полиция ғимаратына кісі өліміне кінәлілерді табуды талап етіп жиналды. Кейін полиция екі күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев 27 қыркүйекте ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа үш кісінің өлімін тергеу барысын бақылауға алуды тапсырған.
Пікір қалдыру