|  | 

Әдеби әлем

Ескендір Зұлқарнайын, Лұқпан Хакім және Әпләтөн

Платон менің досым –
бірақ шындық бәрінен қымбат
Аристотель

 

Ескендір Зұлқарнайынның (Александр Македонский) заманында өмір сүрген екі ойшыл-ғұлама Әпләтөн (Платон) мен Лұқпан Хакім (Аристотель) туралы аңыз әңгімелерді бала кезімізде ауылымыздың көне көз ақсақалдарынан естуші едік. Батыс пен Шығыстың көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелерін ауыл-аймағымыздың ардақты ақсақалы, «жиен ағамыз» Омар Сансызбайұлы Әбіл молда Қуанышұлы мен Садуақас Тұрабайұлының аузынан бала кезінде көп естігенін айтып отырушы еді. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Садуақасов алғаш ескіше білім алып, алдын көрген Әбіл молдадан ұл бала болған жоқ, Хадиша есімді жалғыз қызы ғана болды. Соғыстан кейінгі жылдары Омбы облысының Любин ауданында Омар атамызбен бірге шаруаның малын бағысып қасында болған және аңыз-әңгімелерін тыңдап, көптеген ғибратты сөздерін есінде сақтаған Зейнолла Оспанұлы ағамыздың да өзіміз естіген шежіре-аңыздарын құлаққа құйып, жадымызға түйдік. Енді көнекөз қарияларымыздан өзіміз естіп, білген бағзы заманның дарынды ұлы қолбасшысы, әрі ақылды билеушісі болған Ескендір Зұлқарнайын мен екі ұлы ғұламаның арасындағы көнеден келе жатқан бір оқиғаны сөз етейік.
…Ескендір Зұлқарнайын әкесінің тағына отырған алғашқы жылдары Күнбатыс пен Күншығыстың арасындағы төрткүл дүниені өзіне қарату үшін жөн сілтеп, дұрыс ақыл беретін және қарамағындағы өзі билеген жұртының хал-ахуалынан нақты хабардар болу үшін әрдайым шындықты жасырмай бетке айта білетін оқымысты ғұламаларды маңайына жинай бастапты. Ескендірдің сөзіне құлақ асып, ел билеу ісіне пайдалы ақыл-кеңес берген ғұламалардың бірегейі Лұқпан Хакім екен. Бірақ оның досы, әрі ұстазы Әпләтөн жаңадан таққа отырған жас патша Ескендірдің ақылы мен оқыған оқуын, білімін өзінен көш төмен санайды да қызмет етуден мүлде бас тартады. Болашақ жиһангер оған қаншама кісі жіберіп алдынан өтіп, жалынса да Әпләтөн тілегін қабыл алмапты. Амалы таусылған Ескендір өнері жұрттан асқан, дүниеге әйгілі ғұламаның ақыл-кеңесі мен біліміне ынтыққаны соншалық, ақыр аяғында кеңесшісі, көпті көрген көреген Лұқпан Хакімнен оны өзіне қызметші қылу үшін қандай айла-шарғы қолдану керектігі жайында ақыл сұрайды.
… Сонымен Лұқпан Хакімнің кеңесін құп көрген және әкесінен мұраға қалған шағын патшалықтың бар билігін қолына мығымдап ұстаған Ескендір Зұлқарнайын бірнеше нөкерлерін жіберіп бір есебін келтіріп ғалымды ұстап әкелуге әмір береді. Ғаламның барлық ғылымын меңгерген Әпләтөнді ретін тауып қолға түсіреді де адам баласы шыға алмайтын саңылауы жоқ терең зынданға қамап тастайды да күні-түні бақылап отыруға күзетшілерін қояды. Жан-жағы тас қамал зынданға түсірілген Әпләтөннің қасына өзі күнде көріп жүрген бірақ ел ішінде беделі жоқ сарыуайымшыл, өмір бойы қара басының қамын күйттеуден аспаған, әжептәуір шіріген дәулеті бар шалды да бірге қамайды. Шалдың өзімен бірге бір бұқа мен бір текені де зынданға түсіріп, суы мен жем-шөптерін алдына үйіп қояды. Еркін ой мен бостандықтың бағасын қадірлей білетін ғалымды тар зынданның іші зеріктіргені соншалық, тіл қатысып сөйлесетін, көңіл шерін тарқатысатын бір пендеге зар болады. Дүниенің неше түрлі ғылымын үйренген Әпләтөн өзімен зынданға бірге қамалған қасындағы адамды сөзге тартып уақыт өткізу үшін ой бөлісіп сырласпақ болады. Есімі елге мәшһүр ғалымның жүрегінен жарып шыққан ғибратты сөздері мен ой-толғамдарына надан шал селт етпейді. Қасында өзін тыңдайтын жан баласы жоқ, адам баласымен тіл қатысуды әбден аңсаған ғалым неде болса шалдың көңілін көтеріп сөзге тарту үшін сан қилы амал-айлалар жасап зынданның ішін ойын-сауыққа айналдырып бұрын адам баласына білдірмей келген неше түрлі керемет сыйқырлы өнерлерін көрсете береді. Шал байғұс сонда да Әпләтөннің тамашалары мен ғажайыптарын керек те қылмай көзінен аққан сорасы сақалына дейін тамшылаған қалпы күн демей, түн демей жылай береді.
Шалдың әрбір қимылын шалт жібермей бақылап, көз қиығын алмаған Әпләтөн оның не үшін жылаудан көз ашпайтынын білмек болады.
- Қария, осы тар зынданға екеуміздің қамалып жатқанымызға айдың жүзі
болды, ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда. Сіздің көңіліңізді көтеріп, сергіту үшін бұрын ешбір адам баласына көрсетпеген өнерімді де көрсетіп отырмын. Бұл қалай? Сізге не жетіспейді, соның сырын айтыңызшы? Әлденеше күн болды. Күн ұзаққа кемсеңдеп жылайсыз да отырасыз. Сірә, менің өнерімнен бір кемшілік көрдіңіз бе? – деп сұрайды.
Байғұс шал жанындағы бұқа мен текеге бір қарап күрсініп алады да,
Әпләтөнге оқты көзімен қарап дүрсе қоя береді.
- Сен деген ақымақ едің. Мына ырду-дырду қияли өнерлерің мен үшін,
ана жерде көздері мөлиіп тұрған менің бұқам мен текем үшін құны көк тиын. Сауық-сайраның өзіңе. Сенің кесіріңнен екеуі алдындағы жем-шөбін де оттамай қойды. Күн өткен сайын қоңдары кетіп арықтап барады. Бұқаның көзін қарашы. Менің үйдегі тіл алмайтын сотқар баламның көзінен бір аумайды. Өзіңді тура сүзетіндей бетіңе бажырайып қарайды да тұрады. Ал, ана текенің сақалы өмір бойы осыларды бағып-күткен бейшара әкемді есіме түсіріп отыр. Менің жанымды мазалап отырған мына теке мен бұқаның мүшкіл халы. Осылардың тар қапастағы жағдайын көріп тұрған мен жыламағанда кім жылайды. Бір мезгіл далаға шығып, бойларын жазып шапқылап келулері де жайына қалды. – деп сол мезетте сақал-шашын жұлып, одан сайын ойбайлап өкіре жөнеледі.
Өмір бойы жұрттың қошеметіне бөленіп, мынадай өресіз, түйсігі жоқ адамға бірінші кездескен Әпләтөн зынданның қақпағын бар күшімен қағып – Күзетшілер қайдасыңдар! Мені тез арада Ескендірге апарыңдар! Мына көрсоқырлық пен надандық жайлаған сұмпайы зынданнан жылдам алып шығыңдар! Шыдамым жететін емес Ескендір патша! Әміріңе құлдық! Сен не бұйырсаң да соған көнуге әзірмін – деп айғай салады.
Күзетшілер ғұламаның жан ышқындырған дауысын естиді де, зынданнан дереу алып шығып Ескендір патшаның алдына әкеледі. Алтын тақта отырған Ескендірді, оның қасында отырған бір кездегі шәкірті Лұқпан Хакімді көреді де босағадан аттай бере өзі тәкәппарлықпен менсінбеген патшаның алдына бас ұрып жығылады.
- Жер жаһанды билеуге құштар болған аса құдіретті Ескендір патша!
Бұрын ақыл-кеңес беретін бас уәзірім бол деп өтініп едің. Ол сөзіңе құлақ аспаған менікі үлкен қателік болыпты. Сол үшін кешірім сұраймын. Енді бұдан былай аяғыңа жығылатын құлың болып өтуге де бармын. Бірақ қараңғы, надан адамдармен бірге қамап, алтын уақытымды босқа өткізбе. Өзің де маңайыңа ондай нақұрыс сұмырайларды жинама. Әрине! Мені қолға түсіруге сенің ақылың жетпейтінін білетін едім. Бірақ саған осындай ақылды үйреткен мына қасыңдағы соқыр ғой! – деп замандасы, әрі досы Лұқпан Хакімнің де қолын алып, оның алдында бас иіпті. Ұлы ғалым патшаның қасында ойға шомған кезінде көзін жұмып отырады екен. Еліне сыйлы ғұламалар мен парасатты ғалымдарды айналасына топтастырған ақылды патша осыдан кейін жер жаһанды бағындыру үшін ұлы жорыққа аттаныпты деседі.
… Халық арасында Лұқпан Хакімді мың жыл жасаған адам екен дейді.
Замандастары – Осы жұрт сізді неге мың жыл өмір сүрген деп айтады соның мағынасын бізге түсіндіріңізші – деген сұрақтарына мынадай жауап беріпті.
- Мен осы уақытқа дейін де мың жыл өмір сүрдім, әлі де мың жылдық
ғұмырым бар деп ойлаймын. Өйткені, менің ойшыл ғалымдармен, ел-жұрты сыйлаған жақсы-жайсаңдармен бірге мәжіліс құрып, сұхбаттасқан әрбір сәтімнің өзі бір жылға татиды – деп айтқан екен.
- Ханның қырық уәзірі болғанымен, қырық кісілік ақылы бар. Ал, қырық
тайпадан құралған елді билеген патшаның әрбір уәзірінде қырық кісінің ақылы болуы шарт. Бұл бұрынғы өткен ата-бабаларымыздан келе жатқан қасиетті ұғым – дейтін еді көпті көрген көнекөз қарияларымыз.
Шалқарбек Шайкенұлы Кәрібаев
Қарағанды қаласы.

 

Related Articles

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

  • «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде. Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды. Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй – жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания

  • ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, асқан оқымысты Шоқан бабамыздың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз. * * * Омбыға оқуға жүрер алдында бала Шоқан әкесінің ел іші мәселесін шешудегі кейбір өктем, ожар қылықтарына көңілі толмай, «оқуға бармаймын» деп қиғылық салса керек. Тіптен көнбей бара жатқан баласын қатал Шыңғыс жәрдемші жігіттеріне байлатып алмаққа ыңғайланып: «Шықпаса көтеріп әкеліңдер, арбаға таңып аламыз!» − дейді. Сонда дәрмені таусылған Шоқан әкесіне: «Байлатпа! Абылай тұқымынан байланғандар мен айдалғандар жетерлік болған!» − деп тіл қатады. Бала да болса ақиқат сөзді айтып тұрған баласынан тосылған әке дереу Шоқанды босаттырып жібереді. * * * Петербургте Сыртқы Істер министрлігінің бір

  • Кітапқұмар жасқа тегін оқу бақыты бұйырды

    Кітапқұмар жасқа тегін оқу бақыты бұйырды

    Адамзат кітапқа ғұмыр бойы қарыздар. Кітапсыз келешектің алтын кілтін ешкім қолына мықтап ұстай алмаған. Мардан Рахматулла – кітапқұмар он жеті жасар жігіттің бойында өз қатарластарының бойынан табыла бермейтін ұлы қасиет бар. Ол – кітапқа деген махаббат. Бұл махаббаттың сәт санап артуының да сыры бар. Мардан – Асылы Осман, Дархан Қыдырәлі сынды бүгінгі қазақ руханиятының тірегі саналатын азаматтар туған топырақт туып-өскен. Топырақтың киесін дәл осы кезде еріксіз мойындай түсесің. Қоғамдағы «жастар кітап оқымайды» деген қасаң пікірді жоққа шығаруға тырысқан жастардың да саны басым. Күн санап олардың саны артып, кітаптың құдіретін жер-жерде дәлелдеп бағуда. Кітапқа жаны құмар жан бір күнін кітапсыз елестете алмайды. Ғұмыры кітаппен етене байланған, оқу ғұмырының мәніне айналған жастарды

  • «Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарсы өткені-ай…» (Абай)

    «Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарсы өткені-ай…» (Абай)

    Қазақ халқының даңқты перзенті, ұлы жазушы Мұқтар Мағауин 85 жасқа қараған шағында дүниеден озды. «Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарсы өткені-ай…» (Абай) Шұбартауда дүниеге келді. Жондағы Жобалай Керейдің ең үлкен Аруағы Жобалай бидің ұрпағы еді. Байқотан би, Томан би, Бегеш шешен, Уәйіс, Төлеу ақын… Атағы Аталарынан асып кетті… Тірісінде олай деген жоқ… Бұл сөзді дүниеден өткен соң біз айтып отырмыз… Өмірінің соңғы кездері шетте өтті. «Үкіметке, басқаларға да өкпем жоқ, өкпелейтін олардың жағдайы жоқ!» (М.Мағауин) деген еді өзі бертінде. Астары ауыр, еңсеңді езердей салмақты сөз… Данышпан адам неге елден жырақ кетті. Бұл «Оңаша жатқанды ұнатамын, Елімді ел қылмасын ерте сезіп… Елден кеттім жырақ…» (Шәкәрім) дейтін кетіс сияқты. Сонда да «Көк

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: