|  |  | 

Тарих Қазақ шежіресі

Бозтөбе немесе Омбыдағы Қаржас ауылдарының тарихы

112(2)

​Бозтөбе – бұл он тоғызыншы ғасырдың 40 жылдарында Ертіс өзенінің солтүстік жағалауынан орын тепкен, қазіргі Омбы қаласының промзона аумағына кіретін шағын ғана орманды алаңқайы бар дөңесті жер осылай аталатын. Омбы қаласы әлі іргесін жая қоймаған дәуірде Бозтөбе осы өңірді ғасырлар бойы ата-қоныс еткен қалың керей ішіндегі Құрман руының байы Телжанның ағайындарымен бірге көшіп-қонатын жайлауы болды. Қазіргі Омбы қаласының орналасқан аумағы бағызы заманда Сібір жұртына Он ханның ұрпақтары иелік еткен Тайбұға-Тайшық әулеттері тұсында «Көшебе шілігі» аталатын еді десетін көнекөз қариялар. Мал жайылымына қолайлы, шөбі шүйгін бұл жер сол кезде жергілікті патшы ұлықтарының көз құртына айнала бастады. Көктемде Ертіс тасығанда Бозтөбенің ат шаптырым айналасын су ала қоймайтын. Телжан бай ауыл-аймағымен сол аймақтағы Көкөзекті де жайлайтын. Он тоғызыншы ғасырдың аяғында бұл жерге Кулемзино темір жол станциясы салынды. Кенесары шамамен XIX ғасырдың 23-24 жылдары осы Көкөзекте Ақ боз ауыз аттың үстінде тұрып Ертістің екінші жағалауындағы орыстың шіркеуін садақтың жебесімен дәл көздеп атып крестің дәл ортасындағы қаңылтырдан өткізіп қадаған екен. Сібір қазақтарының арасында сол заманда «қазақта Кенесарыдан асқан мерген жоқ, жалғыз өзі жортып келе жатқанда бір қосын қол келе жатқандай әсер қалдыратын Ағыбайдан асқан аруақты батыр жоқ» деген пікір қалыптасқан. Шіркеудің кресіне қадалған садақтың жебесі азамат соғысынан кейінгі жылдары да сонадайдан көзге көрініп тұратын еді дейтін қариялар. Тарихта Баянауыл округінің аға сұлтаны, одан бұрын 1851 жылға дейін Батыс Сібір губерниясының екінші казачий корпусында хорунжий болып қызмет атқарған қазақтан шыққан мәртебелі тұлғалардың бірі Мұса Шормановтың Омбыдағы кадет корпусында оқығаны белгілі. Мұса мырзаның әкесі Шорман Күшікұлы кадет корпусында оқып жүрген баласының хал-ахуалын білуге келгенде Бозтөбедегі Телжан байдың ауылына тоқтайды екен. Телжан өз заманында «Төлке – Күрсары керей» елінің болысы болған кісі. Шорманның әкесі Күшіктің нағашылары Күрсары керей елі. Құрман руы осы Күрсары керейдің бір тармағына жатады. Ата – бабалары XVII ғасырдың ортасында ежелден мекендеген Омбы облысының солтүстік өңірінен ығыстырылып, XVIII ғасырдың басында ағайындары бас біріктіріп осы жерге қаланың іргесі қаланбастан бұрын жайғасқанын білетін Телжан бай заманның ағымы қай бағытқа бет алғанын болжап білетін және сол кездегі дала шонжарларына қарағанда көзі ашық адам болатын. Аға сұлтан лауазымын төре тұқымынан шыққан адамдарға беруге тиісті патшаның жарлығының дәстүріне қарамастан Едігеұлы Шоң бимен, Естеместің Есенейімен тізе қосып оларға билікті бермей қара қазақтың арасынан шыққан ел ағаларына аға сұлтан лауазымын сайлауға себепкер болғандардың бірі Шорман би де жай адам емес еді. Шорманның әкесі Күшік Төлке керей ішіндегі Байсүгір атасынан тарайтын Ес деген кісінің туған жиені. Оның шын есімі Естібай өз заманында айналасындағы оқиғалар мен құбылыстарға сын көзімен қарап әділ бағасын дәл беретін турашылдығы үшін ел ішінде «Ес аға» атанған екен. Күшік Сәтиұлы (азан шақырып қойған есімі Жұмабай) бала кезінен нағашысы Естің тәрбиесінде болған. Естің осындай қасиетін білетін Сәти баласы Жұмабайды сынау үшін кішкентай кезінде берген екен.
Жұмабай жөнінде ел арасында мынадай әңгіме бар. Нағашысы Естің үйінде жүргенде 4-5 жасар кезі екен. Бір күні ауылдан жырақта өскен шидің түбінде бір қолына күлше нанын ұстап үлкен дәрет сындырып отырған баланың үстінен қасында жолаушылап келе жатқан нағашысы Еспен бірге бір топ адам жанынан өтеді. Баланың ауылдан жырақта неліктен юұлай отырғанын білгісі келген нағашысы – Жиен-ау! Астың атасы құрметі құраннан да зор нан емес пе. Нан мен нәжісті араластырып ауқаттанып отырғаның қалай, бұл күнә емес пе – деп сынайды.Qazaq
Сол арада бала Жұмабай – Астың атасы нан болса соны қажетіне жаратсын деп алла тағала адамға екі тесік берген. Қолымдағы ризығымды бір тесіктен, кіргізіп, екінші тесіктен шығарып жатырмын. Осы сұрақты қойдыңыз. Алланың алдында күнәлі болу күнәһар болатын жастан асқан сізге сын ба? Күнәһар болатын жасқа әлі жете қоймаған маған сынба? – деп жауап қайтарыпты.
Жиенінің мына жауабына риза болған нағашысы – Әй! жиенжан ай! Сен күшік кезіңде осылай тауып сөйлейсің, сенен туған балаларың да күшігінде азулыға есесін жібере қоймас – деп ризашылығын білдіріпті. Осыдан кейін бала Жұмабайға Күшік деген лақап есім жалғасыпты дейтін шежіреші қариялар. Күшік биден туған Шорман да он үш жасында билік айтып «бала Шорман – би Шорман» атанған десетін.
Батыр хонтайшының туған қарындасы Төлке Қарағұлқызының Шегіректен тарайтын ұрпағы Байсүгір әулетіне жататын Ес сыншыдан Сағынай, одан паң Нұрмағамбет туады. Ақан серінің Құлагері мерт болатын осы Сағынайдың асында атығай-қарауыл елімен бірге тұлпардың өліміне себепші болған ағайынды Батыраш-Қотыраш айналасына тізе батыруды қалың керей жұртымен бірігуді құп көрген паң Нұрмағамбетке – нағашы жұртым бір тілегімды құп көреді, жиеннің сұрағанын береді – деп бітіспес даудың басын тоқтатқан Шорманұлы Мұса мырза екендігін де білгеніміз жөн. Осы жағынан алғанда ел мен елдің бірлігі мен татулығын ойлаған Мұса мырзаның қазақ тарихында ашылмаған өрелі де, парасатты істері әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Халқымыздың екі бірдей текті әулетінен туған Сәтиұлы Күшіктің (Жұмабай) ұрпақтары қазақ тарихында өзіндік қолтаңбаларын қалдырды.
1822 ит жылы Ақпатшаның «Сібір қазақтарын билеу туралы» Жарлығы шықты. Осы Жарлық күшіне енгеннен кейін Ресейдің орталық аймақтарынан ауқатты топтар мен шіркеу қызметкерлері жергілікті отарлаушы Үкімет пен казак-орыстардың қуатты әскери күшіне сүйенгендіктен Сібір өлкесіне қарай шұрайлы жер иеленіп қалу үшін бұрынғыдан да мол ағылды. Бұлар жергілікті қазақтар арасында «қарашекпендер» деген атауға ие болды. Келімсектердің Сібір өлкесіне келіп орын тепкені, жергілікті халықтың жерін тартып алып ата қонысынан ығыстыруы сахараны емін-еркін жайлаған қазақ шонжарларына ой салды. Бұған дейін Сібірде Түмен, Березовск (Қайыңтұра), Тарск (Тарышы), Марьяновка (Мырзағұл), Каинск (Қайыңбасы, қазіргі Новосибирск облысының қаласы) және тағы басқа әскери қамалдар салынған болатын.
Шорман бидің ойы Мұса мырза патшаның әскери қызметінде ұзақ жылдар жүріп қалатын болса, ел арасындағы абыройын пайдаланып осы Омбы қаласының маңайынан жайлы қоныс иеленіп қалу еді. Бұл ойын баласына да айтқан болатын. Мұса мырза болашақта осындай жоспары бар екенін, қажет болса мұндай жерді сатып алуға да ниеті бар екендігін губернатордың өзіне, оның кеңсесіндегі беделді ұлықтарға жеткізеді. Губернатор кеңсесіндегілер Шорман би Омбыға келгенде аялдап жүрген Бозтөбені нұсқайды. Ол үшін 250 сом сөлкебайды үш күннің ішінде қазынаға төлеп, ұнаған жерді тез арада заңдастырып алу керек. Бірақ, Бозтөбе әзірше өзімен де, әкесі Шорман бимен де ежелден ниеттері түзу, аралас-құралас болған Телжан байдың иелігіне жататын. Ол кезде екі жүз елу сөлкебай таза күміс ақшаны табан астында табу да оңай емес. Жақсы екі аттың құны бір сомдық таза күміс сөлкебай. Бірге туған бауырлары Иса, Аужан мен Мұстафаның мыңғырған жылқылары болғанымен, оларды қалалы жердің базарына әкеліп пұлға айналдыру көп уақыт алады. Осыншалық мол қаражат бұл өңірде Атығай ішіндегі Жанұзақтың Тоқтамысының балаларынан, Жақсыбай байдан, Малай-Бақтыбай руындағы Қазымбеттің Тоғжанынан (Ғаббас Тоғжановтың атасы), Дуадақ-Төбет елінің әлділері ағайынды Бөртебай-Серкебай мен Тастыбайдан шығады. Телжан байдың өзі де осылардың қатарында. Губернатордың ұсынған жерін сатып алу үшін ең алдымен Телжан байдың өзімен келісу керек.
Қала маңынан жер сатып алу мәселесі жөнінде Телжан байға өз ойының шет жағасын білдірген Мұса мырза губернатордың бұл жайында үш күн мұрсат бергенін және мұншалықты қаражат табуға да қиналып жүргенін айтады. Патшаның қызметінде жүргенде келімсектермен жайылымға таласып, олардан күштеп тартып алған малдары үшін дау-жанжал шығарып істі болған осы өңірдегі талай қазақтарға араша болып қол ұшын берген Мұсаның игілікті істеріне Телжан бай риза болып отыратын. Осындай көптеген қарапайым қазақ баласына тигізген шарапаты, жомарттығы мен қайырымды істеріне сай Сібір қазақтары оған ерекше құрмет көрсетіп «Мұса мырза» деп атады. Сонымен қатар Мұса Шорманұлының ең үлкен игілікті ісі, қазақ даласындағы болыстық кеңселерде іс-қағаздарын жүргізу мақсатында Омбы қаласынан қазақ балаларына арналған писарьлар дайындайтын школа ашуға белсене араласқанын дүйім қазақ жұрты білетін.
Мұса мырзаның түпкі ойын бірден түсінген Телжан бай – Мырза бұған бола қамықпа! Қажет болса екі жүз елу сом сөлкебайды дәл қазір өзім тауып беремін. Сахарада мал бағып ұрпағымызды өсірген елміз, сырты түкті, іші боқты жал-құйрықтар аман болсын. Бұл жер түбінде не қарашекпендердің, не келімсектердің табанының астында қалатыны аян болып тұр ғой. Олармен таласып-тартысатын менің қолымда байлық болғанымен, дәл өзіңдей ормандай орыстың арасында жүріп зор беделге ие болған, әрі патшаның қызметін қара қазақтың қамы үшін пайдаға асыратындай билігіміз жоқ. Бүгін болмаса ертең күшпен тартып алады. Осы қонысымызды заңға сыйғызып ағайын-туыстарыңды көшіріп әкеліп мекендесең бұл жер бәрімізге де жетеді – деп сандықтан екі жүз елу сом сөлкебайды алып Мұсаға ұсынды. Осылайша қазақша жыл санау бойынша мешін жылы Мұса Шорманов Телжан байдың ризашылығын алғаннан кейін губернатордың пәрменімен дер кезінде Бозтөбені өзінің иелігіне қаратты. Сол замандағы қазақ байларының ұрпақ қамы үшін болашақты болжай білетін осындай көрегендігіне еріксіз таң қаласың.
Көп уақыт өткізбей Омбыдағы писарьлар дайындайтын школаны бітірген және «Төлке Күрсары керей болысында екі жылдай писарлық қызмет істеген аталас ағайыны Атанұлы Кемеңгермен ақылдасып, туыстарымен бірге осы жерді қоныстануға ақыл-кеңесін берді. Алыстан болжай білетін Мұсаның таңдауы «Төлке Күрсары керей» болысында ақыл-парасатымен маңайындағы жұртқа абыройлы болған Кемеңгерге түсуі де тегін еместі. Ол келесі жылы өзімен бірге ағасы Балпаңгерді бас қылып қаржас руынан он шақты отбасын көшіріп әкелді. Ағайындары көшіп келген жылы Мұса мырзаның тұңғышы, қазақ ауыз әдебиетінің фольклорын жинаған шежіреші (ағартушы десе де болады), Омбы гимназиясының түлегі Сәкен аға (Садуақас) осы ауылда дүниеге келді. Қыр қазақтарының Омбы қаласының казачий базары мен тәлкөшкесіне (орыстың толкучка сөзі) сауда-саттық жасау үшін баратын жолында орналасқан бұл ауыл кейін «Ауыздағы қаржас» деген атауға ие болды. Арада он шақты жыл салып 40-50 үй (кейбір қариялар жетпіске жуық үй болды дейді) шамасындай болған ауыл Омбы қаласына жолсапары түскен Тарбағатай-Зайсан өңірінің, Торғай даласының қазақтары мен қалада таныстары жоқ қырдың байлары үшін жата-жастана түнеп шығуға ыңғайлы, қалаға күнде қатынайтын қонақжай ауыл адамдарынан алдын ала қаланың ішіндегі хал-жағдайдан ақпараттар мен саудаға қатысты мәліметтер алуға қолайлы болғандықтан осы жерде бірнеше күн тұрақтайтын еді. Саудасы дөңгеленгеніне риза болып бірнеше күн түнеген қыр қазақтары он тиын жамбас ақысын (шамамен сол кезеңдегі бір қойдың құны) да төлеп қоятын. Содан бері ел ішінде мирас болып «Омбы аузында қаржас бар, он тиыннан жамбас бар» деген нақыл сөз қалды.
Арада жарты ғасыр өткен соң Омбы аузындағы Қаржас ауылы да патша ұлықтарының тегеурінді екпінімен бұл мекенді тастап басқа жерден орын тебуіне тура келді. Ертістің солтүстік жағалауын жайлаған ауылдың орыны экономикалық салалары қарыштап өсіп келе жатқан губерния орталығы үшін өнеркәсіп ошақтарын шоғырландыруға аса қажетті, іздесең де таптырмайтын жер болатын. Тағы да 1896 мешін жылы, қар суы ерісімен Ауыздағы Қаржас ауылының тұрғындары қазіргі Жарқын ауылынан (бұл күнде бұл ауылдың да ескі жұрты қалды) он бес шақырым жердегі, Омбыдан оңтүстікке қарай сексен шақырым қашықтықтағы көк теректері мен ақ қайыңдары бұралып өскен Сұлу шілікке қоныстанды. Осы жер Теке елінің болысы Бөртебайдың Шәмелінің жайлауы болатын. Шәмелдің әкесі Тәшім де бірнеше жыл Теке елінің болысы болды. Тәшімнің әкесі Бөртебай Мұса мырзамен де, Атанұлы Кемеңгермен де төс қағысқан дос болған және Омбының писарьлар дайындайтын школасында бірге оқып оны бір себептермен соңына дейін бітіре алмай кетті. Екеуінің арасындағы достықты құдалыққа жалғастыруды дұрыс көрген Бөртебай ел билеу ісіне ерте араласа бастаған ұлы Тәшімге Ауыздағы Қаржас ауылынан Кемеңгердің немере туысының қызы Тәнзиланы қалың малын беріп айттырып алған екен. Ақша руына жиен болғаны өз алдына, жеке басының мәрттігі бір өзіне жетіп артылатын текті атаның баласы Шәмел жергілікті патша ұлықтарының қырына іліккен нағашы жұртының тегісімен Баян ауылға қоныс аударуын құп көрмегендіктен,Тоғжанның Садуақасымен бірлесіп Қаржас ауылының адамдарын ата-мекен жайлауы Сұлу шілікке келіп қоныс теуіп орналасуына жәрдемін де тигізген. Шәмелдің осындай мәрттігіне риза болған Дүйсебай Кемеңгерұлы (Кемеңгерден Дүйсебай, Дүйсенбай есімді ұлдар туады) Шәмелге астындағы бәйгеге қосып жүрген күрең бесті атын сыйға тартыпты. Ел жайғасып, құтты мекеніне қоныстанған жылы бұл ауылда Омбы өңіріне кісілігімен, ақыл-парасатымен аты шыққан Кемеңгер ақсақалдың қара шаңырағы Дүйсебайдың отбасында алаш жұртының ардақты азаматы, әдебиетші, бірнеше ғылыми еңбектердің авторы, тұңғыш қазақ-орыс сөздігін құрастырып Мәскеу қаласында басып шығарған Қошке (Қошмұхамед) Кемеңгеров дүниеге келді.
Бірталай жылдан кейін Сұлу шіліктегі тал қайыңдар табиғаттың әсерімен жердің бедеріне орай көлбеу, жантайып өскен ағаштарының көптігінен «Қисық ағаш» атанды. Жергілікті жердің өзіне тән атауына қарай бұл өңірде Қызыл ағаш, Қара ағаш, Қыстау ағаш, Жалғыз ағаш деген жер атаулары жиі кездеседі. Бертін келе Сұлу шілікті қоныстанған Қаржас ауылы қысқаша «Қисықтағы Қаржас» ауылы атанды. Кейбір тарихи деректерде бұл жер Ұлы Қазан Төңкерісіне дейін Теке болысының аумағына қарағандықтан «Текедегі Қаржас» деп те аталды. Бұл жерлер қазір Қазақстанның шекарасына жақын орналасқан Омбы облысы, Одесский ауданындағы «Белосток» және «Цветково» шаруашылықтарының аумағына кіреді. Омбы қаласының өз басында тұрақтаған Қаржас балаларынан бөлек осы өңірде қазіргі уақытта жүзге тарта жанұяны құрайтын Қаржас руының ұрпақтары әр салада қызмет етіп, заман талабына сай шаруа қожалығын дамытып бай-қуатты өмір кешуде.
Біздің Сепкрай елі Қаржас ұрпақтарымен құдандалы, нағашылы-жиен болғанына да жүз жетпіс жылға таяп қалыпты. Олар Баянауыл жақтан қоныс аударып, Омбының түбіндегі Бозтөбеге келіп ең алғаш қазығын қаққан аталардың ұрпақтары. Бүгінде сонау патша заманында ата-қонысынан жер бөліп берген Телжан байдың жұрағаттарымен мидай араласып кетті. Сөз арасында айта кеткеніміз жөн болар – Телжан байдан Мұхамеджан, одан алашорда қайраткері қуғын-сүргін құрбаны болған Темірболат Телжанов туады. Ал, Темірболаттың жалғыз ұлы, тектілердің тұяғы, есімі Кеңес Одағына әйгілі болған талантты қазақ суретші Қанапия Темірболатұлы Телжанов екенін оқырманның білгені дұрыс. Оның заңғар ойынан туындаған тың игеру науқанына байланысты жарық көрген табиғаттың көрінісі «Ата мекен» картинасы әрбір адамға ой салатын шығар.

Шалқарбек Кәрібаев, Сібір қазақтарының тарихын зерттеуші

kerey.kz

Related Articles

  • Аттыға жол, ауыздыға сөз бермеген Тұрым батыр

    Әр дәуірде халықтың пана тұтар, қормал санар құрметті азаматтары болады, солардың бірі заманы Аттыға жол, ауыздыға сөз бермейтін, батырлығымен халқы жақта тұрып, мынау ортасы мен мекенін қорғау жолында сырт жауға сес болып келген Тұрым батырды туған халқы мәңгі ұматпайды. Тұрым бала күнінен балуандығымен, қамшыгерлігімен аты шыққан, есейіп ат жалын тартып міне көз алартқан жауларының бетін қайтарып көзге түскендіктен «бұл өңірде Тұрым бар» деп сырт жаулар аттап баспайтын болған. Тұрым өмірінің соңында зиратын қазып, қабырын тұрғызып қойып қажылық сапарға аттанып, қайтарында бүгінгі Семей өңірі маңына келгенде тұйықсыз дүние салып, жол жолдастары сүйекте бұзбай Сартеректегі өзі әзірлеп кеткен қабырға жеткізіп, ел, жұртына табыс етіді. Ителі руының бір мұнша атасы Ажы гүң болып

  • «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    Біздің қазақта «малға достың малдан басқа мұңы жоқ» – «малдан боғы ғана бөтен» талай жарымес Абайдың атына неше түрлі сөз айтқан. Оның ішінде саудагер ғана емес, өзін “сөз ұстаған”, “ел ұстаған” санайтындар да болды. Бұларға Абайдың өзі жауап беріп кеткен: «Тыныш ұйықтат, сен есірке, бақ сөзіме!». Ал, анау жігіт «малдың буымен» негізгі ойын дұрыс жеткізе алмаған сияқты. Ол, «Құнекең малын шығындап, Абайды оқытып, жағдай жасамағанда қалай болар еді… Біз де сол Құнекең сияқтымыз…» дегенді айтпақшы болды – ау деймін… Құнекең қайда, сен қайда… «Қуаты күшті нұрлы сөз, Қуатын білген абайлар…» – дейді Абай. Сөздің қуатын білмеген өте қиын, күйіп қалуың мүмкін… Осы арада Британияның Премьер – министрі болған Бенджамин Дизраэлидің

  • Тибет асқан көш не себепті басталды?

    Тибет асқан көш не себепті басталды?

    1883-жылы Алтайдан Жамысбай бастаған қазақтар алғаш рет Баркөл жеріне көшіп барды, 1887-1891-1895 жылдары тағыда көшіп келгендер болды. онан кейінде көшіп келгендер болды, мысалы 1912-1913 жылдары, 1920 жылдары, 1924-1929 жылы келгенлер болды, олардың дені Алтайдан болатын. 1912 жылдан кейін манжу билігі құлап қытай билігі орнады, 1928 жылы билікке келген Жин Шурын Алтай төресі Қасымқан ұлы Шәріпқанды, Тарбағатай төресінің ұлы Қызырды, Баркөл қазақ үкірдайы Әліптің ұлы Елісқанды Үрімжіде оқытты, Елісқан заманауй Әскери білім алды, қытай тілін үйренді. Оны 200 адамдық қарулы қазаққа басшы етіп оны «Шығыс Шыңжаң шегара қорғаныс отрияды» деп атады. 1931 жылы Құмыл ұйғырлары Қожанияздың бастауында көтеріліс жасады. Оқиға Бір қытай әскер басының бір ұйғыр қызды зорлықпен әйел етіп алмақ

  • Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі

    Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі

    Жеке архивімнен табылған құнды мұрағат «Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі) Бұл өлеңді 1980 – жылы Өр Алтайдың Көктоғай ауданына қарасты Дүре ауылында 61 жастағы Қауан Орынбасарұлы деген ақсақал айтқанынан жеке архивімде сақталып қалғанынан тауып оқырманмен бөлісіп отырмын. Ай, құдай – ау, аққа жақ, Өзіңі аян мен нақақ. Ақиқат деген жолыңнын, Абыройыңды ашпа хақ. Аятбенен қадысқа, Алла ниет ақ іске. Жан алмасам жоқ еді-ау, Жаза тартсын деген бақ. Мені соттап байлатып, Зығырданды қайнатып. Масайрасын мәз болып, Қинағанды өзің тап Жақын жерден жау шығып, Мақүл істен дау шығып. Дұшпан үстап қолымнан, Иттер тістеп тонымнан. Жаман тосу болған шақ, Түтқын болып тарығып, Жалғыз жатып зарығып, Ашу қысып ойды алып, Дерт жәйіліп бойды

  • Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Altyn Magauina Бүгін Атамыздың ең жақын шәкірттерінің бірі, біздің бауырымыз, қазақтың мақтан тұтатын жастарының бірі Ғалым Боқаш мерейлі 50 жасқа толып отыр. Біз үшін бұл күн – жай ғана Ғалымның туған күн емес, бұл – оның жарты ғасырлық өнегелі өмір жолының, адал еңбегінің, биік парасат пен адамгершілігінің мерекесі. Біз Ғалымды тек терең білімі үшін емес, үлкен жүрегі үшін қадірлейміз. Ғалымның әлемнің ең беделді оқу орындарының бірі – Оксфорд университетінде білім алып, “Азаттық радиосында жемісті еңбек етіп, бүгінде Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік қызметінде абыройлы жұмыс атқарып жүргені оның табандылығының, білімге құштарлығының және еңбекқорлығының айқын көрінісі. Алайда адамның шынайы бағасы оның қызметімен немесе жеткен жетістіктерімен ғана өлшенбесе керек. Адамның қадірі оның жүрегінде,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: