|  |  | 

Жаһан жаңалықтары Саясат

Бұл Батысқа айбат шегу ме? Путин, Роухани мен Си Цзиньпин неге бірлескен әскери жаттығу өткізіп жатыр?


Ресейдің оңтүстігіндегі "Ашулук" әскери базасынан ұшырылған зымыран. 22 қыркүйек, 2020 жыл.

Ресейдің оңтүстігіндегі “Ашулук” әскери базасынан ұшырылған зымыран. 22 қыркүйек, 2020 жыл.

Кей сарапшы батыс елдері жау көретін, тарихи контекст бойынша қазірдің өзінде “зұлымдық ошағы ” елдері аталып жүрген жаңа әскери-саяси блок пайда болуы мүмкін деп қауіптене бастады. Бұл шынымен солай ма? Мәскеу, Пекин, Тегеран мен Минск қыруар қаржы жұмсаған әскери қимылдар кімді қорқыту үшін жасалған?

Александр Лукашенко “Батыс елдерінен қауіп төнгені ” жөнінде мәлімдеме жасаған тұста, 21 қыркүйек күні, Беларусьтің әскери полигондарында Ресей–Беларусь әскерінің қатысуымен “Славянское братство – 2020 ” әскери жаттығуы басталды. Оған 7 мың сарбаз бен 600-ден астам әскери техника қатысты. Бұл шараға Сербия да қатысады деген мәлімет болған. Бірақ Беларусьте тамыз айында өткен президент сайлауынан кейін басталған жаппай наразылыққа байланысты Еуроодақ Белградтан әскери жаттығуға қатысудан бас тартуды талап еткен. Сондай-ақ жақында Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездесуде Лукашенконың Путиннен жаңа қару-жарақ сұрағаны белгілі болды.

 

21 қыркүйекте осы шарамен бір мезетте Ресейдің оңтүстік-батысында және өзін тәуелсіз мемлекет деп жариялаған, оны әлемдік қауымдастық мойындамаған де-юре Грузия құрамындағы Абхазия мен Оңтүстік Осетия аумағында “Кавказ-2020 ” стратегиялық әскери жаттығуы басталды. Оған 80 мыңнан астам сарбаз бен офицер, оның ішінде басқа мемлекеттерден келген мыңға жуық әскери қызметкер қатысқан. Ресей қорғаныс министрлігінің сайтындағы дерекке сәйкес, “Кавказ-2020 ” әскери жаттығуы 21-26 қыркүйек аралығында Оңтүстік әскери округінің аумағында (яғни, аннекцияланған Қырым жерінде), Қара теңіз бен Каспий акваториясында өтеді. Бұл жерде Қара теңіз флоты мен Ресейдің Каспий флотилиясының қимылдары пысықталып, оларға Иранның әскери кемелері қосылады.

 

Ресейдің Астрахань облысындағы "Кавказ-2020" әскери жаттығулары кезіне ұшақтардан бомба тастап жатыр. 22 қыркүйек, 2020 жыл.

Ресейдің Астрахань облысындағы “Кавказ-2020″ әскери жаттығулары кезіне ұшақтардан бомба тастап жатыр. 22 қыркүйек, 2020 жыл.

Ресей қорғаныс министрлігінің дерегінше, “бірлескен іс-қимыл дайындығына ” Армения, Беларусь, Иран, Қытай мен Мьянманың әскерилері, сондай-ақ Әзербайжан, Индонезия, Қазақстан, Тәжікстан мен Шри-Ланкадан келген бақылаушылар қатысады.

Мысалы, Ресейдің Астрахань облысындағы “Капустин Яр” полигонында өткен әскери қимылдар аясында Ресей, Беларусь, Қытай және Арменияның әскери қызметкерлерінен тұратын оқу тобы құрылған. “Тактикалық міндеттерді пысықтауға ” бағытталған жаттығулар Волгоград облысы, Дағыстан, Қара теңіз бен Каспийдің Ресей жағалауында, Армениядағы “Баграмян ” полигонында, Абхазиядағы “Цабал ” және “Нагвалоу “, Оңтүстік Осетиядағы “Дзарцеми ” әскери нысандарында өтеді.

Бірнеше әскери сарапшының пікірінше, “Кавказ-2020 ” әскери жаттуғын тек қорғаныс мақсатындағы оқыту деп атауға болмайды. Өйткені жаттығу барысында әскерге қойылған “жедел қамту ” немесе “қарсыластың соғыс тәртібіне қарудың және радиоэлектрониканың көмегімен әсер ету ” сияқты міндеттер шабуылдау операциясына көбірек ұқсайды.

20 қыркүйекте америкалық Defense News басылымы АҚШ-тың барлау қауымдастығы мен Пентагон Ресей мен Қытайдың биыл жаз бен күзде Арктикада бірлескен әскери жаттығу өткізгені туралы жағымсыз деректі анықтағанын жазды. Сонымен қатар қыркүйекте Тайваньға АҚШ-тың жоғары шенді шенеуніктері барғанда Пекин арал жағалауына жақын жерде (Қытай бұл аумақты өзінің бір бөлігі деп санайды) жауынгерлік атыс құралдарын қолданып, ірі теңіз жаттығуын өткізді.

Ал Иран қыркүйекте Оман шығанағы мен стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазында Zolfaqar-99 әскери-теңіз және әскери-әуе жаттығуларын ұйымдастырды. Бұл жаттығуға ресейлік және қытайлық бақылаушылар шақырылды. Тегеран әртүрлі санатқа жататын қанатты зымырандары мен соғысқа арналған ұшқышсыз басқарылатын аппараттарын сынақтан өткізді.

Ормуз бұғазында Иран әуе-теңіз күштерінің әскери кемесінен зымыран ұшыру сәті. 11 қыркүйек 2020 жыл

Ормуз бұғазында Иран әуе-теңіз күштерінің әскери кемесінен зымыран ұшыру сәті. 11 қыркүйек 2020 жыл

Сонымен Мәскеу, Тегеран мен Пекиннің әскери одақ құрып жатқаны рас па? Олардың қарым-қатынасы қаншалықты берік? Батыс елдерінің қауіптенуіне негіз бар ма? Осы және өзге де сұрақтарға “Росбалт ” агенттігінің әскери-саяси сарапшысы, шығыстанушы Михаил Магид жауап береді:

– Сөзсіз, шараға қатысқан мемлекеттер мен

Владимир Путин, Хасан Роухани және Си Цзиньпин сияқты басшылар осындай жаттығулар арқылы әлемге өз арасындағы бірлікті көрсеткісі келеді.

Бірақ бұл жаттығуларға үлкен мән беріп, қандай да бір “блок ” құрылады деп ойламас едім. Былтыр Ресейдің Иранға су жаңа С-400 зенитті-ракеталық кешенін сатудан бас тартқанын, бірақ дәл осындай жүйені НАТО мүшесі – Түркияға бергенін еске салғым келеді. Кремль мұны тағы да АҚШ санкциясының астында қалмас үшін жасаған сияқты. Әрине, аталған мемлекеттер арасында әскери әріптестік дамып келеді және алдағы уақытта бұл ынтымақтастық тереңдеп, кеңейе түседі деп ойлаймын. Бірақ берік әскери блок туралы айтуға әлі ерте.

– Ал Ресейдің Еуразияның оңтүстігі мен Таяу Шығыстағы қазіргі саясатының жалпы бағыты қандай? Ресейді аталған аймақтарда Иранмен де, Қытаймен де жақындастыратын нәрсе не?

– Ресей сыртқы саясатының жалпы бағыты өзгермейді: ол Ресей билігінің АҚШ-пен текетіреске көзқарасына тікелей байланысты. Кремль “Вашингтон бұрынғыша әлемнің көп бөлігін бақылауда ұстап отыр, бірақ Американың ықпалы әлсіреп келеді ” деп сенеді. Сондықтан Путин АҚШ-ты одан әрі әлсірету үшін бұл жағдайға қолынан келгенше әсер еткісі келеді. Бұл концепцияға сәйкес, Ресей АҚШ үшін мәселе туғызып отырған аймақтарға кіріп, жергілікті жердегі америкалық саясат пен позицияға кері әсер етуі керек. Мысалы, мұндай аймақтарға Венесуэла, Шығыс Азия, Таяу Шығыс, Иран мен Сирия жатады. Мәскеу қазірдің өзінде Ресейді экономикалық тұрғыдан басып озатын Қытайдың ары қарай күшеюі өзі үшін де үлкен мәселе болатынын жақсы түсінсе де, осыған барып отыр.

Кремль осыған қарамастан, АҚШ-тың күшін әлсірету әлдеқайда маңызды деп есептейді. Путиннің Иранға қолданып отырған әдісі де осындай. Ресей АҚШ үшін Иран мәселесі өте нәзік тақырып екенін әлдеқашан байқаған, Вашингтон Тегеранның күшеюі туралы кез келген ақпаратты өте ауыр қабылдайды. Сондықтан Мәскеу Таяу Шығыста, оның ішінде Сирияда Иранмен әріптестік орнатып отыр.

– Иран мен Ресейдің Сириядағы әріптестігі қаншалық берік саналады? Олардың арасында “Сирияға қатысты ” үлкен көзқарас қайшылығы бар деген пікір қаншалық дұрыс?

Бұл – сыртқа бағытталған әскери күштің саяси көрінісі.

– Ресей мен Иран белгілі бір деңгейде Сирияда әріптес болуға мәжбүр. Шын мәнінде АҚШ-тың ғаламдық қарсы тұру жобаларына өте көп қаржы керек. Бірақ Ресей билігі бұл соған тұрарлық іс және аталған жобаға мемлекет қазынасынан ақша жұмсауға болады деп есептейді. Сирияда Иран болмаса, Башар Асад режимін қолдаудың бар ауыртпалығы Мәскеудің иығына түсер еді. Оның бұл міндетті жалғыз атқаруға қауқары жетеді дегенге сенбеймін. Өйткені Асадқа әртүрлі жауынгерлік топтар, олардың бірқатарын қолдау мақсатында Сирияның солтүстік аудандарына кірген түрік әскері сияқты өте үлкен күштер әлі де қарсы шығып отыр.

Башар Асад, Владимир Путин және Иранды жақтайтын "Хезболла" тобының басшысы Хасан Насралланың портреттері. Сирияның солтүстігіндегі Алеппо қаласы. 17 наурыз, 2018 жыл.

Башар Асад, Владимир Путин және Иранды жақтайтын “Хезболла” тобының басшысы Хасан Насралланың портреттері. Сирияның солтүстігіндегі Алеппо қаласы. 17 наурыз, 2018 жыл.

Сондықтан Ресей мен Иран бір-біріне тәуелді. Олар Сирияның әртүрлі бөлігін бақылауда ұстап отырғанымен, Асадқа әскери, қаржылай және өзге де қолдау көрсету ауыртпалығын бірлесіп көтереді.

Дегенмен олардың арасында көзқарас қайшылығы да бар. Өйткені қос мемлекеттің мүддесі мен бақылау аймақтары әртүрлі. Дамаскіде режимнің ішінде жүріп, Ресейді жақтайтын топтар да, Иранды қолдайтын фракциялар да кездеседі. Қазір онда Иран көбірек ықпалға ие деп ойлаймын. Кейде Ресей мен Иранды қолдайтын фракциялардың өз арасында және Асадты жақтаушы топтарға қарсы қақтығыстар болып тұрады. Бұл топтар қаржы мен белгілі бір аудандарды бақылауда ұстау мүмкіндігін бөліске салады. Бірақ бұл кикілжіңдерге көп мән бермес едім, өйткені Ресей мен Иранның сыртқы саясатының бағыты өзгермейінше, жоғарыда аталған себептер бойынша олар Сирияда әріптес болып қалуға мәжбүр.

Пекин Ирандағы маңызды инфрақұрылым нысандарын бақылауға алып, ел аумағына бірнеше мың әскерін кіргізуі мүмкін.

Пекин Ирандағы маңызды инфрақұрылым нысандарын бақылауға алып, ел аумағына бірнеше мың әскерін кіргізуі мүмкін.

– Біз талқылап отырған көпқырлы саясатта Мәскеу бас дирижердің рөлін ойнайтынға ұқсайды, қалған тараптар да өз алдына жеке байланыстарын дамытып жатыр. Иран мен Қытайдың ынтымақтастығын терең деп атауға бола ма? Иран мен Қытай арасындағы жаңа экономикалық келісім туралы әңгіменің астарында не жатыр?

– 2018 жылы АҚШ “ядролық келісімді ” бұзып, Тегеранға қарсы ел экономикасын тұралатқан өте ауыр санкциялар енгізгенде Еуропа елдері мен Қытай АҚШ-тың санкциясына ілінгісі келмей, Иранмен әріптестігін бәсеңдете бастады. Бірақ 2020 жылы жазда Иран мен Қытай ғаламдық экономикалық келісімге қол қоюға дайындалып жатыр деген хабар тарады. Осы хабарға сәйкес, Қытай Иран экономикасына 400 миллиард доллар инвестиция құйып, оның орнына 25 жыл бойы арзан мұнай алуды көздеп отыр. Кейін белгілі болған деректерге сенсек, Пекин Ирандағы маңызды инфрақұрылым нысандарын бақылауға алып, ел аумағына бірнеше мың әскерін кіргізуі мүмкін.

Дегенмен бұл келісімнің тағдыры қалай болары әзірге түсініксіз. Өйткені, біріншіден, Қытай Иранмен әріптестігі үшін Американың әлдеқайда қуатты жаңа санкцияларына ілігуге қаншалық дайын екенін ешкім кесіп айта алмайды. Екінші жағынан, Тегеранның өзінде бұл келісімге қарсылық білдіріп жатқандар бар. Олар Иран Қытайдың протекторатына айналуы мүмкін деп қауіптенеді. Бірақ Ирандағылардың көбі бұл келісімді қолдайды: олар ел экономикасын сақтау үшін Тегеранның Пекинмен әріптес болудан басқа амалы жоғын айтады. Бірақ әзірге бұл жобаның қаншалық жүзеге асатыны белгісіз.

– Кең ауқымда алсақ, Қытай Халық Республикасы Үлкен Таяу Шығыстағы істерге шынымен көп араласады деп ойлайсыз ба? Пекин аталған аумаққа қаншалық тереңдей енуі мүмкін?

Бұл көп факторға, бірінші кезекте АҚШ–Қытай текетіресінің ауқымына байланысты. Теориялық тұрғыдан алғанда, Қытай Халық Республикасы тым алысқа баруы мүмкін. Өйткені ол “Бір белдеу – бір жол ” ғаламдық бастамасын жүзеге асырып жатыр. Бұл – мұнай-газ құбырлары, теміржол, теңіз порттары, әуежайлар арқылы бүкіл Еуразияны бірыңғай нарыққа айналдыруды көздейтін коммуникациялар жүйесі. Бірақ барлық маңызды инфрақұрылым нысандары мен байланыс желілері Пекиннің бақылауында болуы керек.

Қытай осы жоба аясында соңғы уақытта Үлкен Таяу Шығысқа көз салып отыр. АҚШ-тың көп ұзамай Ауғанстаннан біржола шығатыны белгілі. Сондықтан

Болашақта Қытай–Иран әріптестігі Ауғанстанды да қосып алуы мүмкін.

Бұл жерде Қытайдың Ливанмен үлкен әріптестік жобасы бар, қазір қос мемлекет арасында Иран келісіміне ұқсас шартқа қол қою мәселесі талқыланып жатыр. Тек Қытай–Ливан келісімінде әлдеқайда аз инвестиция – небәрі 12 миллиард доллар көрсетілген.

Екінші жағынан, Қытай Израильмен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Пекин Израильден жоғары технология өнімдерін сатып алады. Осы тұста екі сұрақ туады. Біріншіден, Қытайға бір мезетте Иранмен және екінші жағынан Израильмен не Сауд Арабиясымен тығыз экономикалық әріптестік орнату қиынға соғады. Өйткені бұл – өзара жау мемлекеттер. Пекиннің бұл әріптестікті қалай жүзеге асыратыны түсініксіз. Тағы бір мәселе бар: Қытай мен АҚШ арасында кикілжің туып отырған кезде Пекин Таяу Шығыстың ісіне араласып, басын тәуекелге тігуге қаншалық дайын? Қазір сарапшылар арасында осы мәселелер талқыланып жатыр. Вашингтон Таяу Шығыстағы ықпалын азайтып, Шығыс Азиядағы Пекинмен текетіресіне көңіл бөлуі де мүмкін. Сондықтан Қытай АҚШ-тың назарын өзінен басқа арнаға бұрып, оны Таяу Шығыста шығынға батыру үшін аталған өңірге капиталы мен әскерін алып баруы ықтимал. Бірақ әзірге бұл жағдайдың қалай аяқталары белгісіз. Бұл Вашингтонның ары қарайғы саясаты мен әзірге нәтижесі белгісіз АҚШ-тағы президент сайлауына байланысты.

Мақала орыс тілінен аударылды.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: