|  |  |  | 

Сұхбаттар Тарих Тұлғалар

Бөкейханов жайлы кітап жазған ресейлік тарихшы: Мұндай ірі тұлға кез келген ұлтта кездесе бермейді


"Алашорда" автономиясы үкіметінің төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов.

“Алашорда” автономиясы үкіметінің төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов.

Қазақстанда Алаш автономиясы үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхановтың тарихи рөлі жеткілікті деңгейде бағаланбаған. Өткен ғасырда өмір сүрген мемлекет қайраткері туралы кітап жазған ресейлік ғалым, тарих ғылымдарының докторы Виктор Козодой осылай дейді. Азаттық кітап авторымен бірге Бөкейхановтың өміріндегі көпшілікке белгісіз фактілерді теріп, тарихшыдан Ресей саясаткерлері көрші елге жерге байланысты талап айта бастаған тұста Қазақстанның мемлекеттігін қорғап пікір білдіруге не себеп болғанын сұрады.

“Алихан Букейханов: человек-эпоха” (“Әлихан Бөкейханов: дәуір адамы”) – “Алаш” қозғалысының көшбасшысы, публицист, мемлекет қайраткері туралы ресейлік ғалымның қаламынан туған бірінші кітап. Виктор Козодой Әлихан Бөкейханов туралы монографиясын өз қаржысына басып шығарып (тиражы – мың дана), Семей, Павлодар, Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Алматы қалаларында кітаптың тұсаукесерін өткізген. Азаттық тілшісі тарихшымен Алматыда кездесіп, сұхбат алды.

“ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ ҚАЗАҚСТАН СУБЪЕКТІСІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАДЫ”

Азаттық: Бөкейхановты дәуір адамы деп сипаттайсыз. Бұл оның өмірі тұтас бір дәуірге татиды дегенді білдіре ме? Әлде бұл қайраткердің қазақ мемлекеттілігінің қалпына келу дәуірінде өмір сүруімен байланысты ма?

Ресей ғалымы Виктор Козодой.

Ресей ғалымы Виктор Козодой.

Виктор Козодой: Шын мәнінде бұл екеуі бір-біріне қайшы келмейді. Бөкейханов қазақ мемлекеттігінің қалпына келу дәуірінің (1890-жылдардың ортасынан 1936 жылға дейін, кең мағынасында 1991 жылға дейін) көрінісі іспетті. Мен мұны тұтас бір дәуірге жатқызамын. Бұл дәуірде территориялық тұрғыдан әр жақта шашырап жүрген қоғамдық-саяси топтар Қазақстан деген бірыңғай субъектіге біріге бастады.​

Азаттық: “Қазақ автономиясын құру идеясы Әлихан Бөкейхановтың императорлық орыс география қоғамының (қайраткер бұл ұйымға 1896 жылы мүше болған) Батыс Сібір бөлімімен әріптестігі кезінде Григорий Потанинмен таныстығынан кейін туған” деп жазасыз. Бұған Потанин немесе басқа да факторлар әсер еткен бе?​

Виктор Козодой: Әлихан Бөкейханов Потаниннің жанында жүріп “автономия” идеясын санасына сіңірген. Потанин мойындалған көшбасшы болса да, Сібір бөлімінде одан басқа тұлғалар да жұмыс істеген. Мысалы, олардың қатарында танымал ғалым, “Колонияға айналған Сібір” кітабының авторы Николай Ядринцев те болған. Батыс Сібір бөлімінің мүшелерімен тұрақты байланыста болған Бөкейханов осындай идеялармен сусындаған. Сібір мен Қазақстанның жағдайы да, позициясы да ұқсас болған.

Автономия – форма ғана, оны мазмұнмен толықтыру керек. Ол кезде Қазақстан біртұтас субъект емес. Ел территориясында облыстар, әскери губернаторлық болатын. Сондықтан Қазақстанды біртұтас субъектіге айналдыру қажет болды. Әлихан ғылыми еңбектерінде осы мәселені шешуге тырысты. Кейін осы идеялар негізінде 1917 жылы желтоқсанда Екінші жалпықазақ съезі өтті.​

Ресей ғалымы Виктор Козодой шығарған "Алихан Букейханов: человек-эпоха" ("Әлихан Бөкейханов: дәуір адамы") кітабының мұқабасы.

Ресей ғалымы Виктор Козодой шығарған “Алихан Букейханов: человек-эпоха” (“Әлихан Бөкейханов: дәуір адамы”) кітабының мұқабасы.

ҚАРҚАРАЛЫ ПЕТИЦИЯСЫ ЖӘНЕ КОЛОНИАЛДЫ ПАТША ҮКІМЕТІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ​

Азаттық: 1905 жылы Бөкейханов Қарқаралы петициясын дайындады. Петицияда қазақтар жайлаған жерлерді олардың иелігі деп тану керегі жазылған. Бөкейханов осындай талап қою арқылы көші-қон саясатын қолға алған отаршыл патша үкіметіне қарсы шықты ма?​

Виктор Козодой: Иә, солай деуге де болады. Бұл қарсылық формасы еді. 1905 жылға дейін Ресей империясында мұндай құжаттар беруге тыйым салынып келгенін атап өту керек. Бұл заңға қайшы әрекет саналатын. Петиция дайындау бастамасы көтерілгенде, көбі қорықты, бірақ олар ойын жүзеге асырды. Әлихан Бөкейханов өз жоспарында жер мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Ол 1905 жылы Мәскеуде өткен қоғам съезінде осы идеясын ортаға салды. 1905–1907 жылдары бірнеше еңбегі жарық көрді. Оның 1914 жылы “Речь” кадеттік газетіне жарияланған депутаттарға хат мақаласында жер қатынастары сөз болады. Бөкейханов бұл тақырыпты 1917 жылы да көтерген.​

Азаттық: Ол “Қырғыздар” (“Қазақтар”) еңбегінде Қазақстанның территориясын белгілеген…​

Виктор Козодой: Бұл оның басқа еңбектерінде де кездеседі. Ол кезде Қазақстанды сипаттау үшін “Степной край”, “Киргизский край” деген терминдер қолданылатын. Степной край – үш облыстан, ал Киргизский край төрт облыстан тұрады. Облыстардың аумағын белгілеу керек, Бөкейханов солай жасады. ["Қырғыздар" ("Қазақтар")] деген еңбегінде ол онға жуық облыс аумағын қағазға түсірген. Бұл сызбаларды Екінші жалпықазақ съезінің хаттамаларымен салыстырсақ, олардың арасында көп айырмашылық жоғын көруге болады.​

“ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ОРЫС МЕМЛЕКЕТІНЕН 15 ЖЫЛ ЕРТЕ ҚҰРЫЛҒАН”

Азаттық: Кейінгі айларда ресейлік саясаткерлер Қазақстанға қатысты территориялық талаптар айта бастады. Өткен жылдың соңында мемлекеттік думаның кей депутаты территориялық талап туралы мәлімдеме жасағанда, сіз Қазақстанның мемлекеттілігі мен территориялық тұтастығын қолдап, пікір білдірдіңіз (Виктор Козодой Facebook парақшасына жариялаған жазбасында “Қазақстан деген мемлекет болмаған” деген мәлімдемеге “Қазақ хандығы Орыс мемлекетінен 15 жыл ерте құрылған” деп жауап берген – ред.). Бұл пікіріңізді Ресейде қалай қабылдады ? Сізге қысым көрсетілген жоқ па?

Виктор Козодой: “Аяғыңызға тұсау салынған жоқ па?” дегенді меңзесеңіз, ондай ештеңе болмады. Ресейде әр адам қалаған пікірін айта алады. Біреулер теледидардан ойына келгенді айтады, басқалары оған қарсы шығады. Мәлімдеме жасаған тұлғалардың бірі кейінірек басқа дүниені меңзегенін, қоғам сөзін дұрыс түсінбегенін айтып, ақталды. Саясаткерлер көбіне бірнәрсе істеу үшін емес, сайлау алдында дауыс берушілердің назарына ілігу үшін сөйлейтінін ұмытпау керек. Әрине, бұл – жауапсыз мәлімдеме. Бәрі кәсіби негізде жасалуы керек дегенді жиі айтамын. Бір пікір айтсаңыз, оны міндетті түрде дәлелдеген дұрыс. Мәселе тарихтың қайта жазылуына қатысты. “Совет дәуіріндегі ақпарат басқаша еді, қазір өзгертіп жазыпты” деген пікір айтылды. Жақсы, ендеше совет кезіндегі дереккөздерден қарап көрейік. 1949 жылы шыққан Панкратованың “Қазақстан тарихы” кітабының екінші академиялық басылымында бәрі нақты жазылған, ештеңе өзгермеген. Біреу бұл деректі білмей, ақырын ойламай сөйлейтін болса, бұл – оның мәселесі. Бұл дұрыс емес деп есептеймін. Ол кезде де дәл осы ойды айттым.​

Азаттық: Бұл пікіріңізден кейін әлеуметтік желіде қарсылық көбейген жоқ па?​

Виктор Козодой: Жоқ, олай болмады. Керісінше, көбі сөзімді құптады. Ресейде мен сияқты ойлайтын адамдар көп. Қазақстанмен жақсы қарым-қатынаста болғымыз келеді. Біз сияқты ересек адамдар үшін Қазақстан –бөтен мемлекет емес. Аралас-құралас өмір сүреміз, көрші мемлекетпіз, қазақстандықтар бізге келеді, біз оларға қонаққа барамыз.​

Азаттық: Бұл мәлімдемелер сайлау кезінде дауыс берушілердің назарын аудару үшін жасалды дедіңіз. Бірақ мемлекеттік думаға сайлау өтіп кетсе де, бұл тақырып жабыла қойған жоқ. Ресейлік ақпарат құралдары енді Қазақстанда орыстілділерге қысым көрсетіліп жатыр дегенді айта бастады. Мұның себебі неде?

Виктор Козодой: Бұл – қашып құтыла алмайтын дүние ғой. Адамдардың білім деңгейі әртүрлі. Жауапсыз дүниелер айтып жатқанын түсінбейтін адамдар да бар. Мен мұны құптамаймын, керісінше, сынаймын. Қолымнан келгенше, қарсы шығуға тырысамын. Бірақ депутат ойланбай сөйлесе де, мұның бәрі тұрмыстық деңгейдегі нәрселер деп ойлаймын.​

ДЕПУТАТТАР ҚАРСЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ “ПАТШАНЫҢ СОЙЫЛЫН СОҒУШЫЛАР”

Азаттық: Кітабыңызда мемлекеттік думаның бірінші шақырылымы таратылғаннан кейін Әлихан Бөкейхановтың 1906 жылы Финляндиядағы Выборг үндеуіне бірінші болып қол қойып, азаматтарды қарсыласуға шақырғаны туралы дерек бар. Бұл деректі қайдан алдыңыз?​

Виктор Козодой: Бұл деректі В. А.Оболенскийдің (император Николай II бұйрығымен таратылған мемлекеттік думаның депутаты, Выборг үндеуіне қол қоюшылардың бірі. – Ред.) мемуарынан таптым. Өзіме Оболенскийдің 1988 жылы Парижде орыс тілінде басылған мемуарын пайдаланамын деген мақсат қойдым. Бұл кітапқа қол жеткізу оңай болмады, бірақ оны таптым. Оболенский Әлихан Бөкейхановпен дос болған, ол өз естеліктерінде осы туралы толық жазған.

Мемлекеттік дума депутаты болып сайланған Әлихан Бөкейханов 1906 жылы шілденің басында Санкт-Петербургке барып, парламент отырысына қатыспақ болған. Бірақ ол қалаға жеткен кезде патшаның бұйрығымен мемлекеттік дума таратылған. Әлихан жолдастарын іздеп, олардың Финляндиядағы Выборг қаласына кеткенін білген. Ол достарының ізінен барған. Әлихан келгенде жиналыс аяқталып, Выборг үндеуінің мәтіні дайын болып қалған екен. Бұл – азаматтық қарсылық формасы, депутаттардың патша билігіне қарсылығы. Әлихан Выборг қаласына жеткенде депутаттар жиналысын аяқтап, үндеуге қол қоймақ болған. Ол үшін мәтінді теру керек. Бородин мен Оболенский мәтінді алып, баспаханаға кеткенде, жолай Әлиханды көріп қалған. Достарынан жиналысқа үлгермей қалғанын естіген Әлихан “Қайтеміз, сендермен бірге жүрейін” деген. Мәтінді басып шығарған кезде Әлихан бірінші болып қол қойған. Әлем тарихы тұрғысынан алғанда, бұл үлкен факт емес, бірақ адамның өмірі мен тарихы, тұлғасы тұрғысынан қарасақ, бұл – өте маңызды әрі символикалық акт. Бұл думаның жаңа органының патша билігіне қарсы бірінші қарсылығы. Мұның соңы 1917 жылы осы күштердің жеңісімен аяқталды.​

Азаттық: 1916 жылы Бөкейханов қазақ зиялыларымен бірге тыл жұмысына шақыруға наразылық білдірген қазақтардың көтеріліске шығуына қарсы болды. Бөкейханов “Алаш” зиялыларымен бірге халықты патша бұйрығына қарсы шықпауға шақырды. Осы үшін оларды “патша билігінің сойылын соғушылар” деп атады. “Алаш” зиялыларының позициясы туралы не айтасыз?​

Виктор Козодой: Олар саяси сауаты жоғары адамдар болғандықтан, кез келген көтерілістің соңы жақсылыққа апармайтынын жақсы түсінген. Қарулы әскерге қарсы ағаш пен бесақа алып шығудың салдары ауыр болуы мүмкін. Олар осыны айтқысы келген. Алаш зиялыларын “патшаның сойылын соғушылар” деп атады дедіңіз ғой. Шын мәнінде көбі осы позицияны қолдаған. Тыл жұмыстарына 120-200 мың адам шақырылған. Жарты жылдан кейін бұл позицияның дұрыс болғаны дәлелденді, өйткені кейінірек әскерге шақыру басталды. Ал адамдар тірі қалды.​

“АЛАШ”, БОЛЬШЕВИКТЕРДІҢ БИЛІККЕ КЕЛУІ ЖӘНЕ ҚУҒЫН-СҮРГІН

Азаттық: 1917 жылы шілдеде Бөкейханов “Алаш” деп аталатын алғашқы қазақ партиясын құрды, желтоқсанда Екінші жалпықазақ съезінде Алашорда ұлттық-территориалды автономиясы жарияланғаннан кейін Алашорда үкіметінің төрағасы болып сайланды. Бөкейхановты қазақ автономиясының бірінші басшысы деп атауға бола ма?​

Виктор Козодой: 1917 жылы шілдеде съезде қырғыз партиясын құру мәселесі көтерілген. Съездің хаттамасында осылай жазылған. Бірақ бұл партия құрылды дегенді білдірмейді. Оның үстіне, құрылған партия емес, құрылтай жиынына сайлау бірлестігі. Партия дейтіндей партия болмаған. Бұл кейін 1920-жылдары партия қайраткерлеріне советтер қарсылығының ұйымдастырылу деңгейін көрсету үшін пайда болған түсінік. Сол кезде осындай партия болған деп өзгерткен. Совет одағына қарсы оппозициялық ұйымдар құрылды деген жалған ақпарат көп болған. 1917 жылы желтоқсанда автономия жарияланбаған, автономия құру туралы шешім қабылданған. Яғни, 1917 жылы автономия құрылмаған, ол кезде тек міндеттер ғана бекітілген. Зиялылар күш біріктірген. Олардың бірлігінсіз ештеңе болмас еді. Әлихан осы қозғалыстың басында болған. Сол кездегі съездің хаттамаларын қараса, жиынның екінші күні туралы толық жазылған. Үлкен талқылау жүріп, жиынға қатысушылар өзара таласып, автономия жариялау туралы шешімді кейінге қалдырған.

Қырғыз (қазақ) автономиясы 1920 жылы құрылған деп есептеймін. Әрине, бұл – “Алаш” қозғалысы еңбегінің, 1890-жылдары туған идеяның жемісі. Бұл идеядан кейін Қазақстан субъектісінің теориялық негізі дамып, зиялыларды біріктіруші орган – “Қазақ” газетінің айналасында біраз жұмыс атқарылды. 1917 жылға қарай бәрі дайын болды, автономия құру ісі басталды. Бұл жұмыс сәтсіз аяқталды, кейін азамат соғысы басталды. Азамат соғысында автономия қағаз жүзінде емес, іс жүзінде әрекет ете бастады. “Алаш” әскері күш біріктіріп, мемлекет белгілері пайда болды. Бірақ сол кездегі жағдайға байланысты бұл ой да жүзеге аспады. 1920 жылы большевиктер бұл идеяны ұнатып, оны өздері жүзеге асыра бастады. 1920 жылы қазақтардың өз автономиясы болуы керек деген идея большевиктерге ерсі көрінген жоқ. Бірақ оған дейін олар бұл идеяға қарсы болып келген.​

Азаттық: Большевиктердің пікірі неге өзгерді?​

Виктор Козодой: Бұл идеяның ықпалы күшті болды. Олар 1919, 1920 жылы 1918 жылы автономия мәселесін елемей, үлкен қателік жібергенін түсінді. Большевиктер автономиямен өмір сүру әлдеқайда жеңіл әрі тыныш болатынын түсініп, келісті.​

Азаттық: 1917 жылы қарашада құрылтай жиналыс сайлауының нәтижесі бойынша қазақтардың көбі “Алаш” қозғалысын қолдаған. “Алаш” идеясының қазақтар арасында кең қолдауға ие болуының себебі неде деп ойлайсыз?​

Виктор Козодой: Адамдар белгілі бір қозғалысқа не үшін дауыс береді? Өйткені сенеді. Ұзақ уақыт үгіт-насихатпен айналысқан зиялылардың белсенді бөлігі процесті жақсы түсінді. 100 пайыз қолдау болды дей алмаймыз. Сайлауға халықтың 50 пайызы ғана қатысқан. Сондықтан “Алаш” қозғалысы сол кездегі межемен жақсы нәтижеге қол жеткізген.​

Азаттық: 1937–38 жылдары қазақ зиялыларының көбі қуғын-сүргінге ұшырады. Қуғын-сүргіннің мақсаты не еді?​

Виктор Козодой: Бұл “үлкен террор” жылдары саналы түрде қабылданған шешім болды. Билікті сақтап қалу үшін саяси қарсыластардың көзі жойылды. Бөкейхановтан басқалар да қудалауға ұшырады, Совет одағының барлық бөлігінде қуғын-сүргін жүрді. Биыл Бөкейхановтың сүйегі жерленген Дон зиратына бардым. Ондағы үлкен шеңберде бір жерге әртүрлі адамның аты-жөні жазылған тақтайша қойылған. Ол жерге қуғын-сүргін құрбандары да, оларды өлтіріп, кейін өздері оққа ұшқан әскери қызметкерлер де жерленген. Ол кезде жағдай солай болған. Бұл – саналы түрде жасалған билік үшін күрес, қарсыластардың көзін жою амалы. Адамдар бүкіл қарсыластың көзін жою керек деп ойлаған. Әуелі идеологиялық, кейін физикалық қарсыластарды (әскерилерді) қырған. Бірінші кезекте, большевиктердің лениншіл гвардиясы, Лениннің ұзақ жылдар бойы революция дайындаған ең жақын серіктестері өлтірілген. Кейін әскери генералдар, маршалдар мен ұлттық қозғалыс басшылары, яғни, басқаларға ықпал ету мүмкіндігі бар тұлғалар қудаланған. Олар сол кездегі билік үшін қауіпті саналған.​

ДҰРЫС БАҒАЛАНБАҒАН ТҰЛҒА

Азаттық: Кітапта “Әлихан Бөкейханов Қазақстанда ғана емес, жалпы мемлекет деңгейінде көшбасшы болған” деп жазасыз. Ресей мен Қазақстанда Бөкейхановтың рөлі жеткілікті бағаланбаған деп ойлайсыз ба?​

Виктор Козодой: Иә, солай ойлаймын. Қателесуім мүмкін. Бірақ Бөкейхановтың тұлғасы мен рөлін тереңірек зерттеу керек деп есептеймін. Оның мемлекет құрудағы рөлі өте зор. Бұл мемлекеттілік пен тәуелсіздікті құндылық көретіндерге қатысты. Олай ойламайтындар Бөкейхановты мойындамайды. Адамдар әртүрлі болады ғой. Мысалы, әлеуметтік желіде Қазақстанда тұратын этникалық қазақтардың өзі Бөкейхановтың рөлін мойындамай, қарсы пікір айтқанда таңғалдым. Олардың айтқаны шын мәнінде басқаша болғанын түсіндіруге тырыстым.​

Азаттық: Әлеуметтік желідегі қарсылыққа не себеп болды?​

Виктор Козодой: Адамдардың саяси көзқарастары әртүрлі. Олар “Алаш” көшбасшылары ештеңе істеген жоқ деп есептейді. “Алашордашылар бай-бағландар сияқты жүріп, көп сөйлеп, іс жүзінде еш нәтиже көрсете алмады” дейді. Кейін совет билігі тұсында бізге зауыт, фабрика сала бастады дегенді алға тартады. Бәрі басқаша болғанын айтып, түсіндіруге тура келеді. Автономия салмай тұрып, әуелі оны құру керек. Ал бұған Бөкейханов көп үлес қосқан.

1930-1942 жылдар аралығында сталиндік қуғын-сүргін құрбаны болған боздақтар көмілген жердегі ескерткіш. Осында Әлихан Бөкейханов та жерленген. Мәскеудегі Дон зираты, 2009 ж.

1930-1942 жылдар аралығында сталиндік қуғын-сүргін құрбаны болған боздақтар көмілген жердегі ескерткіш. Осында Әлихан Бөкейханов та жерленген. Мәскеудегі Дон зираты, 2009 ж.

Әлеуметтік желідегі пікірдің бәріне бірдей салмақты қарай бермеймін. Өйткені пікір қалдырған адамдардың жеткілікті тарихи білімі жоқ. Кей адамдар Бөкейханов халықтың көтеріліске шығуына қарсы болды дегенді қынжылыспен еске алады. Қазір көтеріліс туралы айтқым келмейді, бірақ авторлық позициямды білдірдім. Мені насихатшы, пропагандист деп айыптау қиын. Бұл мәселеге зерттеуші ретінде қараймын. Белгілі бір шартпен шектелген, “бұл туралы бір құрметті тұлға жазып еді, оған қарсы шығу қиын” дейтін қазақстандық тарихшылармен салыстырғанда, маған бұл тақырыпта жазу әлдеқайда оңай. Өз концепциям бар, соны дәлелдеп жүрмін. Онымен келісуге не қарсы шығуға болады, ғылыми дискуссияның мақсаты да – осы.​

Азаттық: Қарағанды облысындағы Октябрь ауданының атауын Әлихан Бөкейханов деп өзгерту туралы бастама тұрғындар арасында талас туғызды. Ауданға Бөкейхановтың атын беру бастамасы неге сонша қарсылыққа ұшырады деп ойлайсыз?

Виктор Козодой: Мұндай адамдар аз деп ойлаймын. Олар Бөкейхановтың өмірін, тарихи рөлін білмегеннен қарсыласып отыр. Алдыңғы буын өкілдері ұзақ жылдар бойы алаш зиялылары туралы буржуаз ұлтшылдар, арам пиғылды адамдар дегенді естіп келген. Сондықтан алашордашылар туралы осындай жаңсақ пікір қалыптасқан. Мұны түсінуге болады, бірақ бұл жақсы дегенді білдірмейді. Тәуелсіздік жылдары бұл адамдар тобына жаңа ақпарат жетіп үлгермеген сияқты. Бұл жұмыс жалғасуы керек деп есептеймін. Әлихан Бөкейханов туған жерінде ескерткіш қойып, көше, аудан, университетке атын беруге әбден лайық. Ол – өте мықты тұлға. Мұндай ірі тұлға кез келген ұлтта кездесе бермейді.

 

Related Articles

  • Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Altyn Magauina Бүгін Атамыздың ең жақын шәкірттерінің бірі, біздің бауырымыз, қазақтың мақтан тұтатын жастарының бірі Ғалым Боқаш мерейлі 50 жасқа толып отыр. Біз үшін бұл күн – жай ғана Ғалымның туған күн емес, бұл – оның жарты ғасырлық өнегелі өмір жолының, адал еңбегінің, биік парасат пен адамгершілігінің мерекесі. Біз Ғалымды тек терең білімі үшін емес, үлкен жүрегі үшін қадірлейміз. Ғалымның әлемнің ең беделді оқу орындарының бірі – Оксфорд университетінде білім алып, “Азаттық радиосында жемісті еңбек етіп, бүгінде Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік қызметінде абыройлы жұмыс атқарып жүргені оның табандылығының, білімге құштарлығының және еңбекқорлығының айқын көрінісі. Алайда адамның шынайы бағасы оның қызметімен немесе жеткен жетістіктерімен ғана өлшенбесе керек. Адамның қадірі оның жүрегінде,

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    Адамның бәрі бірдей емес. Ақыл-ойы еркін, мәнді, құнды дүниелер туғыза алатын, жасампаздық қуаты зор адамдар болады. Сол сияқты өркениеттік әлеуеті (потенциалы) зор халықтар болады. Ондай қасиет өзіндік құндылықтар жүйетін жасай алатын, ешкімге ұқсамайтын, терең тамырлы руханияты бар халықтарда болады. Қазақтың бүкіл тарихы мен мәдениеті біздің сондай халықтар санатына жататынымыздың айғағы. Сондай айғақ Абайдың ақындық мектебінің көрнекті өкілі Көкбай Жанатайұлы шығармашылығында молынан табылады… Кеше Семей қаласындағы Абайдың қорық- музейінде Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығына арналған “Абайдан сабақ алдым бала жастан” атты әдеби кеш өтті. Зал белгілі абайтанушы, профессор Жандос Әубәкірдің тағылымы мол, әсерлі баяндамасын ерекше ынтамен тыңдады. Спикерді тыңдап отырып: “Біз Көкбайды тіпті білмейміз деуге болғандай екен ғой… Кейде тіпті жеңіл, үстірт

  • Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Арма әлеумет! 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған байланысты іргелес елдерде соның ішінде Шығыс Түркістан өңірінде өмір сүріп жатқан Шыңжаң қазақтарының саяси, әлеуметтік һәм мәдени тарихын танып біліп жүргеніміз артық болмас. Алдымен суреттерге түсініктеме: Бірінші сурет: Шыңжаң өлкесінде 1934-44 жылдары өлке губернаторы болған Шэн Шицайдың (盛世才) бейнесі. Екінші сурет: Тайвань Тайпэйдегі Шэн Шицайдың мазары. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барғандағы естелік. Ол туралы естелікті кейін оқисыздар. Үшінші сурет: Шыңжаң өлкесі Құмыл аймағының аймақ губернаторы болған Жолбарыс Бег-тің мазары. Тайвань Тайпэй қаласындағы мұсылмандар зиратында жерленген. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барып қайттым. Төртінші сурет: 1944 жылы ұлт-азаттық көтерілісшілері Құлжа қаласын азат қылған соң қала

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: