Германия билігі Украинаға “Леопард 2″ (Leopard 2) танкісін беруге және басқа елдерге де бұл танкіні Украинаға жеткізуге рұқсат берді. Бұл танкіні Украина билігі Германиядан бұрыннан сұрап келген еді.Бірақ Берлин “Леопард” танкісін Киевке ұзақ уақыт бергісі келмеді. Украина қызыққан бұл танк қаншалықты мықты? Түсіндіреміз.
“ЛЕОПАРД 2″ ДЕГЕН ҚАНДАЙ ТАНК?
“Леопард 2″ танкісін Германияның Krauss-Maffei Wegmann компаниясы жасаған. Компания “Леопардты” ату қабілеті, қорғанысы, жылдамдығы, айласы жағынан “әлемдегі ең мықты танк” деп сипаттайды әрі кез келген жағдайдағы шайқасқа жарайды дейді.
55 тонна танкіге төрт адам сыяды, ең жоғарғы жылдамдығы – 68 км/сағат. Бұл танкінің алғашқы нұсқасы 1979 жылы жасалған. Содан бері Германия 3500-ден астам “Леопард” танкісін жасаған. “Леопардтың” снаряд атқаны толық цифрлық жүйемен басқарылады.
Қазір бұл танк 20 елде – соның ішінде Канада, Дания, Финляндия, Польша, Нидерланд, Норвегия, Грекия, Австрия, Испания, Швеция және Түркияда бар.
УКРАИНАҒА ҚАНША “ЛЕОПАРД” КЕРЕК?
Германия Украинаға 14 “Леопард” танкісін беретінін мәлімдеді. Басқа да елдер жақын күндері нақты санын жариялауы тиіс. Ал Лондонда орналасқан Стратегиялық зерттеулер халықаралық институты “Леопард” соғыста қандай да бір пайда әкелу үшін 100 танк қажет болады” деп жазды.
Украина қорғаныс министрлігі соғыста Ресей шабуылын тойтару үшін 300 танк керек деген, Киевтің бұл сөзін Еуропа одағының лидерлері де қолдайды.
Осы аптада Люксембург сыртқы істер министрі Жан Ассельборн “бізге 300 танк қажет” деп мәлімдеген.
Еуропа елдері “Леопард” танкісін Киевке берген жағдайда оны Украинаға жеткізуге уақыт керек. Стратегиялық зерттеулер халықаралық институты украиналық әскерилерге танкіні басқаруды үйретуге үш аптадан алты аптаға дейін уақыт керек деп есептейді.
Германияның Мюнстер қаласындағы танк музейінің директоры Ральф Ратс Украинаның тәжірибелі танкистері “Леопардты” қолдануды жылдам үйреніп алуы мүмкін деп топшылайды.
“Танкінің потенциалын 100 пайыз қолданған дұрыс па әлде қысқа уақытта 80 пайызын қолданған жөн бе деген сұрақ туындаса, украиналықтар екінші вариантты таңдайтыны анық” дейді ол.
“ЛЕОПАРД” СОҒЫСТА НЕ ӨЗГЕРТЕ АЛАДЫ?
Стратегиялық зерттеулер халықаралық институтының әскери сарапшысы Йоханн Мишель мұндай танкілер Украинаға қайта қарымта шабуылға шығуға мүмкіндік береді дейді.
“Мұндай соғыста әртүрлі құрыш сауытты техникалар мен көп танкісіз кең көлемді қарымта шабуыл ұйымдастыру мүмкін емес. Ал мұндай танкілер Украина қолданып жатқан советтің ескі танкілерін алмастырып, жаңа мүмкіндіктер ашады” дейді ол.
Германияның Мюнстер қаласындағы танк музейінің директоры Ральф Ратс “Леопард” және батыстың басқа да танкілері Ресей қолданып жатқан танкілерден әлдеқайда әккі әрі жылдам дейді.
“Рингіде еркін қозғала алмайтын, бір бағытта ғана қозғала алатын боксшыны елестетіңіз. Ал екінші боксшы барлық бағытта қозғала алады дейік. Демек, “Леопард” рингідегі екінші боксшы” дейді Ратс.
Сарапшы батыс танкілері қаншалықты мықты болса да, әуе соққылары мен қалалы жерлердің ішінде танкіге қарсы жаяу әскердің алдында әлсіз деп санайды. Оның сөзінше, бұл жағынан Украина әуе қорғанысы мен барлау жағынан мықты болуы керек.
Ратс “Украина мен Ресейде танк саны бірдей болса, “Леопард” пен батыстың басқа да танкілері Украинаға басымдық береді” деп есептейді.
Швейцарияның ETHZ политехникалық университетінің қауіпсіздік бойынша зерттеу орталығының зерттеушісі Никлас Мазур “батыстың танкілері бір өзі соғыс бағытын өзгертіп, жеңіс әкеледі деуге келмейді” деген пікірде.
“Танкілер де өте құнды, бірақ оларды жаяу әскер, артиллерия, әуе қорғанысы, тікұшақтармен қатар тиімді қолдану керек” дейді ол.
БЕРЛИН “ЛЕОПАРДТЫ” НЕГЕ ҰЗАҚ УАҚЫТ БЕРМЕЙ КЕЛДІ?
“Леопард” танкісі бар елдер бұл қаруды Германия билігінің рұқсатынсыз бере алмайды. Польша “Леопардты” Украинаға осы айдың ортасында беруге дайын еді, бірақ Берлин келісім бермей келген.
Батыс елдері Украина мұндай танкілерді Ресейдің аумағына шабуылдауға қолданып, НАТО соғысқа араласып кете ме деп те қауіптенеді. Батыстағы кейбір шенділер Ресей мен Қытай Украинаға жіберілген танкілердің жасалу технологиясын біліп алуы мүмкін деп те мәлімдеген.
Ал Мәскеу Батыс елдері Украинаны қарумен қамтамасыз ету арқылы соғысты ушықтырып жатыр деген еді.
БАСҚА ЕЛДЕР УКРАИНАҒА ҚАНДАЙ ТАНКІЛЕР БЕРМЕК?
Соғыс басталғалы Украина негізінен Совет Одағында жасалған Т-72 танкілерін қолданып келген.
Reuters агенттігі Вашингтондағы дереккөздеріне сүйеніп, “Жақын күндері АҚШ Украинаға M1 Abrams танкілерін береді” деп жазды. Вашингтон да бұған дейін бұл танкіні Киевке бермей келген еді.
Ұлыбритания осы аптада Challenger 2 танкісін беретінін хабарлаған. Ал Франция президенті Эмманюэль Макрон қорғаныс министрінен Украинаға Leclerc танкілерін беру жағын қарастыруды сұрады. Чехия мен Польша Украинаға Совет Одағында жасалған Т-72 танкілерін беретінін мәлімдеді.
КРЕМЛЬ НЕ ДЕЙДІ?
Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бүгін 25 қаңтарда “[Батыс танкілері] Украина әскери күштеріне айтарлықтай серпін береді деп ойлау – үлкен жаңылыс. Артық бағалау. Бұл танкілер де өзгелер сияқты отқа оранады” деді.
Германиядағы танк музейінің өкілі Ратс “Батыс танкілері Ресей танкілерінен қаншалықты мықты болса да, бұл танкілер де майданда жойылуы мүмкін екенін ескеруі керек” деп біледі.
— “Леопард” — қоян-қолтық шайқасқа араласатын қару. Сондықтан бұл танкілер де соғыста құртылуы мүмкін, ішінде отырған экипаж мүшелері де қаза табатынын жоққа шығара алмаймыз, – дейді ол.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы
Пікір қалдыру