Ресейдің Челябі облысында тұратын қазақтар Құлбаба батырды жыр қылып айтады. Құлбаба батырлығымен танылған. Орал бойын мекен қылған қазақтар сол кезде кедей-кепшіктің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, көтеріліске басшы болған Емельян Пугачевты қаба сақал ақ патша деп атаған. Оның қалың қолына қосылған башқұрт батыры Салауат Юлаевтың туы астында жүздеген қазақ сарбаздары шайқасқан.
Бірде қазақтың бір шоғыр ауылы қазіргі Магнитогорск қаласының маңайындағы Жантас тауына ат басын тірейді. Қанды шайқастан әбден титықтаған, халқы қойдай қырылып, азып-тозған ел осы жерге табан тіреп, өзара ақылдасып, бір тоқтамға келеді. Жаудан қорғануға от-қару керек болғандықтан, зеңбірек құюды үйрену үшін Құттықадам бидің баласы Құлбабаны бас қылып бірнеше жігітті көршілес орыс қалаларына аттандырады. Міне, осылайша зеңбірек құю ісін меңгерген Құлбаба кейін Пугачев жорығына қосылады.
Құлбаба туралы атақты ақын Ақсұлу Орысбайқызы толғау жыр шығарған:
Әуелде Теміртастың кенін ашып,
Сол кеннен біздің елге темір тасып.
Салдырып ел шетіне қара дүкен,
Темірді сомдап соққан көрік басып,
Болыпты біздің елде Құлбаба атты
Бір ұста еш көрмеген шаршап-жасып.
Қазақ ұстасы құйған зеңбіректерді қазақ сарбаздары шөгіп жатқан екі түйенің өркештері арасына салып, ататын болған. Құлбаба батырдың ата тегі туралы екі түрлі пікір бар. Кейбіреулер оны қыпшақтан шыққан десе, жергілікті тұрғындардың біразы Жағалбайлының батыры деп есептейді.
Материал авторы – Ақылбек Шаяхмет
Толықтыру ретінде!
Ресейдің біздің Қостанай облысымен шекаралас Челябинск өңірінде 2011 жылғы деректер бойынша шамамен 40 000 шамасында қандастарымыз тұратын болса, оның 4 000 астамы Магнитогорск қаласында өмір сүреді. Магнитогорскіде «Береке» атты қазақ ұлттық-мәдени қоғамдық ұйымы жұмыс істейді, айтқандай, осы Магнитогорск маңы кезінде Қыз Жібектің жұрты еді!
Кезінде “Магнитогорск жұмысшысы” атты қазақ тілінде газет шығып тұрған болатын.
Құлбаба батыр
Пікір қалдыру