|  |  | 

Жаһан жаңалықтары Саясат

Мәскеу Тоқаевтан Пригожиннің бүлігін басуға көмектесуді сұрады ма?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин.

Бұл аптада Батыс басылымдары маусым айында «ЧВК Вагнердің» жетекшісі Евгений Пригожиннің әскери бүлігі кезінде Ресей Қазақстаннан көмек сұрағанын, бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев одан бас тартқанын жазды. Сонымен қатар Астана мен Анкара әскери саладағы серіктестікті күшейтіп, 2024 жылы елде дрон шығара бастайтынына тоқталды. Бұдан бөлек Орталық Азия Батыс елдері үшін не себепті маңызды аймаққа айналғанын талдады.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ ANKA ДРОНЫН ШЫҒАРА БАСТАЙДЫ

АҚШ-тағы Jamestown қоры Қазақстан мен Түркия әскери серіктестікті күшейтіп жатқанына назар аударады. Қазақстан 2024 жылдан бастап елде Түркияның Anka дрондарын шығара бастайды.

28 қараша күні қорғаныс министрлігі дрон өндіретін отандық компанияны таңдап жатқанын хабарлады. Мәлімдемеде Түркияның Anka дроны елде келесі жылы шығарыла бастайтыны жазылған. Астана мен Анкара 2022 жылдың мамырында дрон шығару туралы келісімге келген. Сол уақытта «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы мен Түркияның Turkish Aerospace кәсіпорны әскери-техникалық ынтымақтастық жайлы меморандумға қол қойған. Құжатқа сәйкес, «Қазақстан инжиниринг» еншілес ұйымы Anka дрондарын құрастыруды және оларға техникалық қызмет көрсетуді жолға қояды.

Түркияның Anka дроны.

Түркияның Anka дроны.

Түркия мен Қазақстан әскери және қауіпсіздік салада отыз жылдан бері серіктес. Екі елдің үкіметтері алғаш рет әскери серіктестік туралы келісімге 1993 жылы қол қойды. 2011 жылы екі ел әскери өнеркәсіп өнімдерін шығаратын бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге келді. Бұл қорғаныс саласындағы серіктестікке жаңа серпін берді. 2013 жылы Түркияның мемлекеттік Aselsan және «Қазақстан инжиниринг» бірлесіп Aselsan Engineering зауытын ашты. Зауыт байланыс пен бақылау құралдарын, автоматтандырылған бақылау жүйесін, электронды соғыс техникасын, авионика жүйесін шығарады.

Қазақстанда қандай әскери дрондар бар? Олардың күші қандай?

Мақала авторы тәуелсіз зерттеуші Нұрбек Бекмырзаев түрік дрондарын елде өндіру аймақта Ресей ықпалы әлсіреп жатқан уақытта Астана мен Анкараның әскери және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп жатқанын көрсетеді деп жазады. Ресей Украинаға басып кірген соң Кремльдің аймақтағы одақтастары Мәскеумен әскери қарым-қатынасты қайта сүзгіден өткізе бастады, бұл Түркияға аймақтағы белсенділігін күшейтуге жол ашты.

Қазақстан мен Түркияның әскери саладағы серіктестігі тек дрон шығару жоспарымен шектелмейді. Биыл шілдеде мемлекеттік «Орал «Зенит» зауыты» Түркия қорғаныс министрлігінің еншілес ұйымдары – Asfat және YDA Group компанияларымен Қазақстанның әскери теңіз күштеріне арналған әскери кемелер жасау туралы келісімге қол қойды.

Автор Қазақстан әскери өнеркәсіпті күшейту үшін импортқа тәуелділікті азайтып, елде өндіріс ашуға кіріскенін келтіреді. Қазақстан әскери саладағы технология үшін Түркияға ғана емес, басқа елдерге де қайырылды. Тамыз айында Петропавлдағы машина жасау зауыты азаматтық және әскери салада қолданатын алты түрлі дрон өндіре бастады. Зауыт Қытаймен серіктес, маңызды бөлшектерді Қытайдан алады.

Автордың пайымдауынша, Астананың Түркияның Anka дрондарын елде шығару туралы шешімі Анкарамен қорғаныс және әскери саладағы ынтымақтастық күшейіп жатқанын көрсетеді. Ресейдің әлсіреуі Қазақстанға қорғаныс саласында жаңа серіктестерді тартуға жол ашты.

ПРИГОЖИННІҢ БҮЛІГІ КЕЗІНДЕ РЕСЕЙ ТОҚАЕВТАН КӨМЕК СҰРАДЫ МА? 

АҚШ-та шығатын Wall Street Journal басылымы маусым айында «ЧВК Вагнердің» жетекшісі Евгений Пригожиннің әскери бүлігі кезінде Ресей Қазақстаннан көмек сұрағанын, бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев одан бас тартқанын жазды.

2022 жылы Ресей әскері Украинаның солтүстік және оңтүстік майданында тойтарысқа ұшыраған соң, Кремль Пригожин мен ол жетекшілік ететін «ЧВК Вагнер» әскери тобынан көмек сұраған. Пригожин бастаған топ Украинада негізгі шайқастарда жеңіске жетіп, Ресейдің әскери қолбасшылығын, қорғаныс министрі Шойгу мен бас штаб жетекшісі генерал Герасимовты сынай бастайды. Пригожиннің тез күшеюі қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Патрушевті алаңдатады. Басылымның жазуынша, Патрушев 2022 жылдың жазынан бері Ресей президенті Путинге Пригожиннің бағынбай кеткенін, билікке қауіпті бола бастағанын ескерткен. Бірақ «ЧВК Вагнер» майданда нәтиже көрсеткендіктен, Патрушевтің ескертуі еленбеген күйі қалған.

Ресей президенті Владимир Путин және Ресей Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Николай Патрушев (сол жақта).

Ресей президенті Владимир Путин және Ресей Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Николай Патрушев (сол жақта).

Ресей барлау қызметінің бұрынғы офицерінің басылымға айтуынша, 2022 жылдың қазанында Пригожин Путинге хабарласып, оқ-дәрі жетіспейтінін дөрекі түрде жеткізген соң ахуал өзгерген.

Бұрынғы агенттің сөзіне қарағанда, Пригожиннің президентке ұрысқан телефон әңгімесіне кеңседегі басқа адамдар, оның ішінде Патрушев куә болған. Патрушев мұны Путинді Пригожиннен алыстату үшін пайдаланды.

Кейін Путин Пригожиннің телефон қоңырауларына жауап бермей, оның Ресей әскерін сынағанын елемей қояды. Ал маусым айында Кремль Украинадағы «ЧВК Вагнер» тобын таратып, оның жауынгерлеріне қорғаныс министрлігінде тіркелуге бұйрық береді.

Сөйтіп, 23 маусым күні Пригожин бүлік шығарып, 25 мың адамы мен танкілерін Украинадағы майданнан Дондағы Ростов қаласына Ресей қарулы күштерінің оңтүстік әскери округін басып алу үшін бастап барады.

Батыс барлау қызметіндегі дереккөз бен Ресей барлау қызметінің бұрынғы офицерінің мәліметінше, Путин бұл уақытта қаланың сыртындағы вилласында болған. Қауіпсіздік кеңесінің жетекшісі Патрушев «жағдайды қолына алып, Пригожинді отставкаға кетуге мәжбүрлеу үшін жан-жаққа қоңырау соға бастайды».

Санкт-Петербургтегі халы қойып кеткен Евгений Пригожиннің суреті мен гүл шоқтары.

“Путин өзіне қарсы шыққан жауының көзін жойды”. Пригожиннің қазасы және Ресейдегі “бандиттік заңдар”

Патрушев Пригожинді жақтайтын офицерлерге хабарласып, оларды Пригожинді бүлікті тоқтатуға көндіруді сұраған. Басылымның жазуынша, Патрушев Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше Қазақстан мен Беларусь үкіметтерінен де көмек сұраған.

«Қазақстанға қоңырау шалу арқылы жағымсыз сценарийден сақтануды көздеді. Бір жыл бұрын жаппай тәртіпсіздікті басу үшін Ресей Қазақстанға әскер (Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бітімгершілік күштері – ред.) жіберген еді. Енді Ресей әскері бүлікшілерді тежей алмаса, Қазақстан ұсынысты жерде қалдырмайды деген дәме пайда болды дейді Ресей барлау қызметінің бұрынғы офицері және Батыс барлау қызметінің өкілі. Бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев одан бас тартты» деп жазады басылым.

Алайда Қазақстан WSJ басылымының бұл мәліметін жоққа шығарды. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Tengrinews агенттігіне «бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді» деп мәлімдеді.

Ақыр аяғында Беларусь басшысы Александр Лукашенко Ресейге көмек беруге келісіп, Пригожинге алты сағаттың ішінде бірнеше мәрте хабарласып, араағайындық жасағанын мәлімдеген. Лукашенко Путин және Пригожинмен келіссөз жүргізді. Оның баспасөз қызметі «келіссөздің сәтті аяқталғанын» хабарлады.

Путин бастапқыда “Вагнер” мемлекетке сатқындық жасады деп айыптаған, Пригожиннің үстінен қылмыстық іс қозғатқан. Кейін Лукашенконың араласуымен “Вагнер” Беларусь жеріне кеткен. Путин бүлікшілерді қудаламауға уәде берген.

WSJ басылымының жазуынша, “Пригожин бүлігінен” кейін Патрушев қол астындағыларға Пригожиннің көзін құрту жоспарын әзірлеуді тапсырған. Басылымның құпия дереккөздерінің айтуынша, Путиннің одан хабары болған. Нәтижесінде 23 тамыз күні Мәскеудегі Шереметьево әуежайында Пригожин мінгелі тұрған Embraer-135 ұшағының қанатына бомба қойылған деп жазды дереккөздерге сүйенген басылым. Ұшақ әуеге көтерілген соң жарты сағаттан кейін жарылды. Кремль Пригожиннің қазасына қатысы барын жоққа шығарған.

“ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БАТЫС ҮШІН МАҢЫЗДЫ АЙМАҚҚА АЙНАЛДЫ”

«Ресей мен Батыс елдері Еуразияның саяси ландшафтын өзгертіп қана қоймай, Орталық Азияның маңызын арттыра түсті» деп жазады АҚШ-тағы Ратгерс университетінің оқытушысы Майкл Росси Австралиядағы Lowyинститутының сайтында.

Қасым-Жомарт Тоқаев және Германия канцлері Олаф Шольц қол алысып тұр. Берлин, 29 қыркүйек 2023 жыл.

Қазақстан Ресейден теріс айналды ма? “Орталық Азиямен серіктестікке ұмтылған” Берлин

Автордың жазуынша, биыл Батыс елдері Орталық Азияға көп көңіл бөлді. Франция және Германия президенттері, Ұлыбритания сыртқы істер министрі мен АҚШ мемлекеттік хатшысы аймаққа келіп кетті. Бұл аймақтың қауіпсіздік, экономика тәрізді түрлі салада стратегиялық маңызы артқанын көрсетеді.

Қазақстан – аймақтағы ең маңызды және ірі ойыншы. Еуропа мен Қытайды жалғайтын Транскаспий дәлізі Қазақстан арқылы өтеді. Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия арқылы Қара теңіз бен Түркияға шығатын дәліздің маңызы Ресей Украинаға басып кірген соң артты. Қытай мен Орталық Азиядан Еуропаға экспортталатын тауардың 80 пайызынан астамы Қазақстан арқылы өтеді.

Орталық Азия Батыс өнеркәсібіне қажет маңызды металл мен сирек минералдарды тасымалдай алады. Қазақстан компаниялары титан, бериллий, тантал және ниобий сияқты Еуроодақ экономикасы үшін маңызды 30 сирек жер элементтерінің 18-ін өндіреді. Жақында елге келіп кеткен Франция президенті Эммануэл Макрон сирек минералдар мен металдарды сатып алу бойынша келісімге қол жеткізді.

Табиғи ресурстарға бай Орталық Азия − тасымал тізбегін әртараптандыруға тырысып жатқан Батыс үшін тиімді серіктес. Зерттеушінің пайымдауынша, Батыс геосаяси ландшафтың өзгеріп жатқанын ескеріп, Орталық Азиямен қарым-қатынасты тереңдете түсуі керек.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: