|  |  |  | 

Тарих Тұлғалар Қазақ шежіресі

Нұралы батырдың кесенесі  жөнінде

Nuraly batter

Нұралы батыр

Кейінгі кезде Нұралы батырдың кесенесі жөнінде әртүрлі әңгімелер шығып жүрген көрінеді. Оның бірі Моңғолиядан келген бір туысқанымыз басқа бір белгілі жерлесіміздің Нұралы батырдың зираты деп кигіз үй сияқты саман кірпіштен қаланған  әдемі зираттың жанына барып құран оқығанына куә болғанын келтіріпті. Ол жігіттің  көргені де, айтып отырғаны да шыңдық. Өйткені 1982 жылға дейін елдің көпшілігі, оның ішінде  мен де солай  ойладым.

Әңгіме түсінікті болу үшін мен сол кездегі оқиғадан бастап баяндайын. Мен 1961 жылы Семейдің  мал дәрігерлік институтын бітіріп келдім. Мені  сол кездегі  С.М. Киров атындағы  колхозға мал дәрігері етіп жіберді. 1962 жылы бұл колхоз «Горный» совхозына айналды. Біз бала кезімізден: «Нұралы атамыздың зираты С.М Киров атындағы колхоздың жерінде орналасқан,   Бабамыз батыр болған кісі, ал оның жанындағы қабырдың  ұзындығы жеті кез, біздің  бабамыздан  да  асқан алып денелі батыр болған адам болу  керек»- дегенді әкелеріміздің әңгімесінен естіп өстік.

Ол кезде  С.М. Киров атындағы  колхоздың  партия ұйымының  хатшысы болып, барлық  ауыл балалары Кенжеаға деп атап  кеткен  ағамыз – Кенжебай Ақадықов қызмет атқарады екен. Сол кісіден «Нұралы бабамыздың зираты  қай жерде?- деп сұрадым. Ол кісі «Ескі кеңсе қыстағының  қарсысындағы кигіз үй  сияқты  күмбез бейіт» деді. Сондай ұғыммен өткен-кеткенде Аллаһу-акпарымызды айтып жүрдік. Бірде жезде болып келетін Мағауия ақсақалды ертіп барып, құран оқыттым.

Біраз жылдар өтті. Мен басқа совхозға  қызметке ауысып кеттім. 1980 жылы ауданға партия комитетінің екінші хатшысы болып келдім. 1982 жылдың жазында әкем Кәрімбек Оспанов «Нұралы атаның  басына барып құран оқып қайтайық» деді. Бір демалыс күні екеуміз автокөлікпен зират басына келдік. Мен өзім білетін Кенжеағам көрсеткен  зиратқа қарай бұрыла бергенде әкем «зират ол жақта  емес  мына жерде»- деп қатар жатқан екі Тасқабырдың  жанына әкеп тоқтатты.

«Атамыз ол жерде  емес, мына қабірде жатыр.  Кенжеағаң білмегендіктен басқа зиратты көрсеткен ғой»- деді. Сонда қалай болғаны?  Біз-барлық ел осы уақытқа дейін басқа зиратқа барып, атамыз деп құран бағыштап жүрдік пе?»-дегенімде, «онда тұрған ештеңке жоқ, білмегендіктен болған  жәйт қой, ол да сауап болады»- деді. «Енді міне,  кәрі қойдың жасындай жасым  қалды, қазақша  айтқанда: төрімнен көрім жақын, аманатты мойныма артпай, саған  көрсетіп кетейін деп шештім» – деді.

«-Неге осы уақытқа дейін көрсетпедің»-  дегенімде , «ол ұзақ әңгіме, қысқаша айтқанда Шұбартау көтерілісі дегенді естіп пе едің? Сол көтерілісті ұйымдастырған, басқарған, Жорғадағы  аудан орталығын басып алып, Совет үкіметін  құлатпақ болды- деп,  біздің бабамыз Нұралы батырдың ұрпақтарынан, 600 адамды қамауға алып, көбісін атып, қалғандарын 5 жылдан 10 жылға дейін соттады. Оның ішінде жазықсыз кеткендер де болды. Сол қудалау соңғы кезге шейін жалғасып келеді. Сендерге, жастарға зияны тимесін деп осы уақытқа дейін жасырып келгеніміз сондықтан»- деді.

Осы жерде бүгінгі  күнге шегініс жасасақ, Нұралы батырдың ұрпақтарының басына қандай қиыншылық түскеніне куә боламыз. Көптеген  ұрпағы Алтай асып Қытайға қашып, одан 1962 жылы азып-тозып, кейбірі ғана аман-есен елге оралды.

Ал үкімет «Мырзаш Қарамурзин атамызды көтерілісшілер хан етіп сайлады»- деп ұлдары мен, жақын туыстарымен қоса  ату жазасына кесіп, үкімін Қарқаралы  қаласында жүзеге асырды. Алай да Алланың жазамышы мен бір бала, Мырзаш батырдың  2 жасар немересі аман қалыпты. Оны біз, басқа  аталас туыстары 2014 жылы көтеріліс басылған  соң, ягни 84 жылдан кейін  ғана  білдік. Ол бала көп жылдар   мұғалім болып қызмет  атқарған Мақұлбек Шәйкенов екен. Жесір қалған жеңгемізге сол  кезде Шайкен ағамыз  үйленіп, «Мақұлбекке ешқандай  залал тимесін»- деп өз атына салып алыпты. Оқиғаның шындығын Мақұлбектің  баласы Қайратбекке  Шәйкеннің ағасы Шәмидің бәйбішесі: «сен батыр Мырзаштың ұрпағысың»- деп барлық оқиғаны айтып беріпті. Міне Нұралы батырдың ұрпақтарының  қандай жағдайда өмір  сүргендерінің бір мысалы. Мүмкін әлі де  өз тегін  білмей жүрген бауыр-қарындастарымыз бар шығар. Алтын қанжар қап түбінде жатпайды- дегендей  Мырзаш батырдың немересі Мақұлбек ағамыздың ұрпағы өз үйірін тапты.

Совет үкіметі орнаған кезде белсенді болғандар соңғы  кезге дейін біздің  атаның ұрпақтарының  өсіп-өнгенін көп ұната қойған жоқ деп ойлаймын. Оған мысал  ретінде: Мен 1985 жылы аудандық атқару комитетінің председателі болып сайландым. Өмірімде  ешкімге ешқандай  залал жасаған адам емеспін. Сонда да бір күні Баршатастың көшесінде «Горный» совхозынан бір ақсақал кезіге қалды. Өңін  танимын , аты жөні есімде жоқ. Сәлем бердім. Ол кісі сәлемнің орнына «сендер бәрі бір қайтып келдіңдер ғой, Совет үкіметін босқа орнатқан екенбіз»- деді. Мен «жақсы ақсақал» дедім. Ойыма «1828 жылдан 1928 жылға дейін Керей руына, бұрынға Дағанды болысында 8 адам ғана болыс болған, оның  алтауы Нұралы батырдың ұрпағы болған»- деген Рыздықпай ақсақалдың  сөзі  есіме түсіп, соны меңзеп тұр ғой деп ойладым.

Енді зират жөніне қайта оралсақ. Жоғарыда айтылғандай  Керейдің  соңғы болысы  1928 жылы бесіктегі баласы, Қарт әке-шешесі, жақын туыстарымен бірге  ірі бай ретінде  конфискацияға ілініп жер аударылган Мұқатай Смағұл қажы ұлы  болған. Сол кісі өткен ғасырдың 20-шы жылдары  сол кездегі Алаш Орда ұйымының орталығы болған   Семей қаласына солардың шақыруымен барады. Жанына басқа нөкерлерімен қоса жас жігіт, әрі немере інісі-  Оспанов Кәрімбекті де ертіп алады. Ол кезде көлік жок, салт атпен елін аралап, Семейге  бет алады. Семейге барар жолда Керейдің ең шеткі ауылы Нұралы батырдың бұрынғы тұрағына орналасқан, Қожагелді атамыздың ұрпақтарының ауылы болатын. Сол кезде Қожагелді ауылының ауылнайы Оңдасынов  Кәкім болады. Сол кісі «әкелеріңнің зираты мына жерде» деп Мұқатай  бастаған жігіттерді қабыр басына ертіп барып құран оқиды. «Үлкен шешелерің, Балапан бәйбішенің зираты Бақанас өзенінің Баршатас ауылы орналасқан жерде, өзеннің оң қабағында. Бірақ қабірінің қайсысы екенін білмеймін» дейді. Өйткені содан бері  100 жылдан астам  уақыт өтті ғой. Біздің ата-бабамыз Алтайдан көшіп келіп Нұралы батырдың  бұрынғы қонысына орналасқан соң бұл кісінің рухына бағыштап  құран оқу  әдетімізге  айналған дейді.

Мұқатайлар Семей қаласына барып, одан аман-есен қайтқанда  Семейде бір  кішкентай тасқа құранның аятын жаздырып, қоржындарына  салып әкеп, батырдың қабірінің  бас жағына қойып кетеді.

Бұл жөнінде тағы бір айғақ: 1954 жылы Қожагелді  атаның ұрпағы – Әбіш ақсақал Зорбасов Жұманбай атамызға «бабаларың  Ескі кеңсе қыстағының қарсысындағы, бұрынғы  Керей мен Тобықты  руларының шекарасын бөліп жатқан  Бозқараған  жотасының дөңінде бесікше қаланған тас  қабырда жатыр»- дегенін естідім.

1987 жылдың жазында мен Семей  қаласына облыстық  агропром  комитетіне қызметке  ауыстым. Семейге  кетердің  алдында елде «Бабамыздың жатқан жерін біліп қалсын деп Ақадықов Кенжебай  ағамызды, Тұрғанбаев Қосымбек, Кененбаев Айтқали ағаларымды ертіп барып, бабамыздың қабірін көрсеттім.  Сол жерде  Кенжебай  ағамыздан «1961 жылы біздің атамыз бұл жерден 300 метрдей жердегі  күмбез әдемі бейітте  жатыр деп, көрсеткеніңіз қалай?»-  деп сұрадым. Марқұм күліп:  «Ең жақсысы біздікі  болсын»- дегенім ғой деді. Бәріміз қарқылдап,  бір күліп алдық.

Күмбез бейітті «біздің бабамыздың зираты»- деп жүрген Кенжеаған, 1987 жылы пікірін өзгерткенде, Моңғолиядан келген қандас туысымыз да пікірін өзгертеді ғой  деп ойлаймын.

Уақыт өткен сайын көп нәрсе ұмыт болады. Сондықтан кейінгі ұрпақ біліп жүрсін деп: Рыздықбай, Жұманбай, Әбіш, Ынтық ақсақалдардың-киіз үй сияқты күмбез бейіттері 1924 жылға дейін салынды. Бозқарағандағы зираттар Қожагелді, Қызылтастағы зираттар Сарбайдың балаларының, Қарауылдағы зираттар Бекназар бабамыздың ұрпақтарынікі дегендерін айта кеткен жөн гой деп ойладым.

«1928 жылы барлық туыстары конфискацияға ілініп  жер аударылғанда, Кәрімбек  ата қалай аман қалды деп кейбіреулерде  сұрақ тууы мүмкін. Кәрімбек  қана  емес,  үш  бала жігіт аман қалған. Оның біреуі Спатай Омаров, ол Смағұл қажының немересі, Мұқатай болыстың туған ағасы- Омардың  баласы. Омар  жастай 1917 жылы қайтыс болған. Екіншісі Омардың  інісі Әмірдің баласы- Абзал, үшіншісі- Кәрімбек, оның әкесі Оспан 1926 жылы қайтыс болған. Бұл үшеуін сол кездегі үкімет жетім бала  ретінде қалдырған.

Конфискацияға ілініп жер аударылғандарды жаяулы-жалпылы Қарқаралыға қарай айдайды. Көліктері жоқ жаяу-жалпы көштің азығы тез таусылады. Осыны сезген артта қалған туыстары қалай көмектесудің жолын іздейді. Бұл түйінді Хангелді ұрпагының бас жылқышысы Ауысхан аға  Кәрімбекке «бұл жылқыларды қазір үкімет алса да кешегі Смағұл қажының меншік жылқылары ғой, соның аптасына біреуін көшке апарып сойып беріп кайт»- дейді. Содан Кәрімбек әр жеті сайын бір жылқыны көш барар жеріне жеткенше апарып, сойып беріп тұрады.

Рыздықбай аксақалдың айтуынша 1928 жылы ірі байлар ретінде сол кездегі Керей және Төленгіт болыстарынан 16 семья конфискаланып жер аударылған. Солардың бірі бұрынғы қайтыс болған Бөдес қажының кіші қызы Шәкенді Смағұл қажы немересі Спатайға айттырып қояды. Жастары жетпегендіктен олар конфискацияға дейін үйленіп үлгермейді. Спатайдың Кәрімбек ағасы соңғы барғанда Шәкен қызды ала қайтып Спатай екеуін үйлендіреді. Олардың ұрпақтары қазір Семей қаласында, Бесқарағай ауданында тұрады.

Күмбез бейіт салу біздің жаққа 1915 жылдан  кейін келген. Нұралы батыр қайтыс болған заманда Қазекең зират түгілі қыста отыратын қыстақ та салмаған. 1824 жылы Қарқаралы уезі құралып, орыстар келіп үй сала бастағаннан кейін, маңындағы қазақтар да үй сала бастаған. Біздің Дағанды болысының өңірінде алғашқы  там үйді  Нұралы батырдың немересі – Хангелді 1850 жылдары салдырыпты. Сондықтан да Нұралы батыр ғана емес Шақантай  батыр да, Жобалай би де, Бабаң да (Байқотан би) – бәрі де тас қабырмен жерлеген. Мысалға Жобалай биге  зиратты Бейсенбай болыс кезінде 1919 жылдары салдырған. Шақантай батырға Қазақ ССР-інің  мәдениет министрі  болып тұрған кезінде жерлесіміз Еркеғали Рахмадиев 1990 жылдары  салдырды.

Бұл арада кейінгі ұрпақ білуге тиіс тағы бір жай бар. Ол Нұралы батырдың  жанында інісі Еділ жерленбегендігі. Нұралы батырдың зиратының маңдайшасындағы таста батырдың жанында жатқан інісі Еділ деп жазылған ғой  деген сұрақ туады. Ол орынды сұрақ. Зиратты салдырған сол кезде аудандық  ПМК-ның бастығы болып қызмет атқарған Тілектес Бейсембаев. Жанар-жағар маймен, ақшалай көмек жасаған мен . Біраз ағайын малдай көмек жасады. Алматыда тұратын Еркін Уатаев бауырымыз 500 доллар берді. Маңдайшадағы  тасты мен Семейден жаздырып беріп жібердім. Тасты жаздырарда  Тілектеске хабарласып «ол жерде Еділ марқұм жоқ  қой, ол кісінің атын  жаздырмайақ қойайын» – дедім. Тілектес «бүткіл елге хабарланып қойды ғой, құрылыс жұмысын бастаған соң, екеуінің атын бірге атап жүрміз ғой, енді халықтан ұят болады ғой,  бірге жаздырғаныңыз дұрыс» – деп өтінді. Әмбе Кенжеағаң аудандық «Жаңа өмір» газетке Нұралы батыр мен інісі Еділге зират саламыз деп бүткіл елге жар салып хабарлама жариялады. Осындай жағдайды ескеріп,  мен  Еділдің бұл жерге жерленбегенін  біле тұра ол кісінің  атын тасқа қоса жаздыруға мәжбүр болдым. Бұл қателігім жөнінде әлі өкінемін. Еділ бабаның  ұрпақтарынан, барлық ағайын-туыстан кешірім сұраймын. Зираттың бүйірінде орналасқан тасты  Жеңіс Дүйскенов  жаздырып  әкеліп қойды.

Кенжеағамнан «неге  бұл жерге жерленбеген, Еділ бабаны неге Нұралы батырмен қосып жаздыңыз?»-  деп сұрағанымда, Кенжеағаң «екі адам болса қаражат көп жиналды ғой деп ойлап едім, бірақ Еділдің ұрпақтары түкте берген жоқ»- деді. Бұл біреуге жағар, біреуге жақпас, Алла алдында, аруақтар алдында Кенжеағаң айтқан  шын сөз. Мен баяғыда қайтыс болған аруақтардың артынан өтірік сөз айтайын деп отырғам жоқ.

Бақанас өңіріне  біздің ата-бабаларымыз, Қосайдың ұрпақтары 1785-1788 жылдар аралығында  келген тәрізді. «1760 жылы келді» – деп  Самханның одан көшіріп баласының жазғаны бекер.

Р. Шынай құрастырған, Ә. Мелдетхан жазған 1991 жылы Баян-Өлгий аймағының баспаханасында басылған шежіреде: «Тастүйін болған ел Жәнібек батырдың басшылығында алдына тосқауыл, артына қарауыл салып, бір түнде дүр беріп көшіп жөнеледі. Көш Сырдарияның бойын бойлай, Тұяқ суытпай  суыт тартып ұзап кетеді. Көш соңынан елшілікке аттанған Бұқар жырау көштің ізіне түседі де, Сырдың  бойын жағалап жер өңірде қуып жетеді. Елдің сұрқын көрген Бұқар жолдастарына: Елдің сұрқы суық екен, күш берер түрі жок, енді қызыл тілдің күшімен бір іліп көрейін деп:

Керей қайда барасың

Сырдың бойын жағалап

Соңыңнан қуып мен келдім

Тұлпарымды жебелеп.

Енді алдыңнан шығайын

Жаңбырдайын себелеп.

Ақмырзамды өлтірдің

Ақ Сойылмен төбелеп.

Танымасаң сен мені

Арғын деген арыспын

                           Аузы кере қарыспын

Хан алдында бітпесең

Атасын білмес алыспын.

Көшің кетер бір жаққа

Малың кетер бір жаққа

Көш соңынан жете алмай

Есің шығар сол шақта.

Бұл бетіңмен кетерсің

Басқа лашық тігерсің

Ауызыңнан ас кетер

Райыңнан қайтпасаң

Кеудеңдегі дулығалы бас кетер.

 – дейді.

Соңынан көшті тоқтатып, Бұқарды сусындатып алады да, олардың елшілікке  келген жайына танысады. Қалған елдің қимастық бауырмалдығына сүйсініп, елдің елдігіне, ердің ерлігіне бас» деп оларды қайта күтіп, үлкен сый-құрмет көрсетеді. «Арғынның қылығына тиді ау, Керейдің малына сұрау болмаған соң, өкпелеп аудық. Енді қайырыла алмаймыз көңілге каяу алмаңыздар», — деп мəн-жайды ұғындырып, Бұқарларды жолға салады. Көш Қалта, Маңырақ таулары, Жайсаң, Кішкене деген көлдері бар өңірге келіп, ірге теуіп, Сауырдың тұмсығынан Үліңгір көлінің бойына дейін жайыла қонып мекендейді». (30-34 беттер)

Оқиғаның бұлай болуына басты себеп, Абақ керейлер  Сыр бойында болғанда «бір жылы үлкен той  болады. Тойға  үш жүздің тайпалары түгел шақырылады.» Бір аяқ қымыздың екі аяқ  желігімен қызықтың қызуы  қосылып ойыннан от шығады. Арғын жігітімен Керей жігіті ерегесіп төбелеседі. Ұлғая келе кімді  кім ұрғаны, кімнің  есесі кімде кетіп жатқаны айрылмайтын сатыға көтеріледі . Бөгде атаның балалары арашаға түсіп, ес кетіп  жан шыққанда екі жақты айырады. Екі жақтан көп адам сойылға жығылады. Сойылға жығылғандардың ішінен Арғынның Ақмырза деген жігіті өліп, жаласы Керейге артылады. Сонан Арғын Кереймен  жауласып мал қуып, жарғы жарып өштеседі. Ел бастықтары Керейден құн әперіп, Арғынның аяғына жығылу арқылы екі  жақты бітімге келтірмек болады. Оған Керей жағы: «Біз адам өлтіргеннен ақпыз да саумыз. Арғын  өз арасындағы өштіктің  осы оқиғаға  жастап, бірін бірі өлтіріп жаласын бізге жауып отыр. Кісі құнынан артық малымызды барымталап  алды. Ақ іске құн тарта алмаймыз. Бұларың арғынға  бұрғандықтарың» деп ырық бермейді. Арғын жағы  іргелі, белді тайпа болғандықтан «құн алмай қоймаймыз» деп қасарады. Керіс барған сайын  күшейіп  насырға шабады.

Арғын кез-келген  жерде Керейдің адамын тарпа бас салып  сабап, малын қуып берекесін әбден кетіреді. «Арғыннан қорлық-зорлық көрдік, ара ағайын  әділдік айтпай Арғынның сөздің сөйлеп, әнін әндетеді. Іргеден дау, белдеуден жау шығып, түбіміз бір болса да көңіліміз кір болды.

Қастық қалып, өштік өшіп естен кетірілгенше мойны ұзақ бір жерге қоныс аударғанымыз рауа көрінеді» деп керей бұл маңнан аууға бекиді.

Бұл миләдіннің 1771 жылы екен. («Абақ керей және төре шежіресі.» Меллетқан Әлеқұлы, Шыңжандық)

Ата бабаларымыздың бұл жаққа 1760 жылы келмегенінің екінші бір дәлелі: біздің бабаларымызға Бақанас өзенінің бойының бос екенін көрсеткен Тобықты руының биі Кеңгірбай.  Ол кісі біздің Абақ Керейдің жиені екен. «Ырғызбай би көрсетті дегенде жәй  ойдан шығарылған бос сөз, өйткені Ырғызбай 1744 жылы туған. 1760 жылы 16 жастағы бала. Сондықтан Самхан мен Тұрсынның  1771 жылы Сыр бойынан Алтай өңіріне қарай көшкен ата-бабаларымызды 1760 жылы Бақанас бойына көшіп келді»- деген тұжырымы еш қисынға келмейді.

Тарихи деректе Қытай үкіметі 1767 жылы шекара асып көшіп – қонуға  рұқсат береді.

1788 жылы императрица Екатерина  генерал поручик Огеровке Сібірдің бос жатқан жерлеріне (орыстар қазақ жерін де Сібір жері деп есептеген) шекара арқылы қырғыздардың көшіп жүруіне рұқсат берді. (Б. Насенов «Абылай хан»).

Қазақтардың Арқаға қашан қалай келгенін атақты шежіреші Шәкәрім қажы «Еңлік-Кебек» дастанында былай суреттейді.

            …Сол соғыс-хан Абылай келген кезі

Қалмақтың сыбағасын берген кезі.

Керек болса оқыңдар шежіремнен,

Жазылған сонда анықтап түгел сөзі.

Қырылған соң қалмақтар жаман сасқан,

Нұржайсаң, Шәушектен өте қашқан.

Ата қоныс Арқаны босатып ап,

Қазақ келіп қалмақтың орнын басқан.

Қалмақты шабысуға Мамай келген

Босап қалған Шыңғысты көзі көрген.

Барған соң  Жеті  момын Жақсысына

«Хан Шыңғыс босады деп хабар берген.»…

             …Келгені Тобықтының осы маңға

Мың жеті жүз сексенге тақағанда.

Елді бастап әкелген Мамай  батыр

Орда, Көкен, Ащысу, Доғалаңға.

Әр топқа да батыр бар некен-саяқ,

Сөйтсе де батыры көп Жуантаяқ.

Қырды  алып  Бөктерге таласыпты,

Матай-Сатай дегенді тыңдамай-ақ.

 дейді.

 Біздің  Бабаларымыздың бұл жаққа қашан келгенін айқындай түсетін тағы бір оқиға, ол-Қараменде би бастаған Дадан Тобықтының бөліне көшуі. Бұл оқиға 1790 жылы болған. Оған дәлел Қарағанды облысының Ақтоғай  ауданының  жеріне орналасқан Дадан Тобықты ұрпақтары ата-бабаларының бөліне  көшіп, Тоқырауын өзенінің бойын мекендегеніне 200 жыл толғанын 1990 жылы атап үлкен  той жасады. Олар бөліне көшкенде «неге Бақанас  өзені бойына қоныстанбады?»- деген орында сұрақ туады. Оның жауабы -Бақанас өзенінің бойында  ол кезде Керей тайпасы, яғни біздің ата-бабаларымыз отырған. Сондықтан да, Дадан тобықты  руы Керей тайпасының  жерінен аса көшіп, қазіргі Қарағанды облысының Ақадыр ауданының, жеріне дейін барып, кейінде сол облыстық Ақтоғай ауданының  жеріне Тоқырауын өзенінің бойына орналасқан.

Ата-бабамыз бұл өңірге 1760 жылы келмегеніне тағы бір дәлел, Алтайдан көшіп келе жатқан ел неге ол кезде бос жатқан қазіргі  Абай  ауданының жеріне орналаспай, Шыңғыс тауды асып өтті. Абай ауданының  жері шөбі шүйгін, қыста қар болмайтын осы өңірдегі ең жәйлі жер емес пе? Сондықтан да кейінгі Одақ кезінде  мал басынан көптігінен, аудан Қазақстандағы  ең бай  аудан болған жақ па?

Аталған айғақтарды жинақтай келе біздің  ата-бабаларымыз бұл жаққа  1780-1790 жылдардың аралығында келген сияқты. Дәлірек айтсақ, Ресей патшасы Екатарина Сібір генерал  губернатары  Огеревқа:  Сібірдің бос жақтан жеріне шекара арқылы қырғыздардың (қазақтардың) көшін жіберуге рұқсат еткен 1788 жылғы жарлығынан кейін келген болуы  мүмкін. (Б. Насенов «Абылай хан»).

Бұрынғы  өткен  Жұманбай, Рыздықбай, Мағауия сияқты аталарымыздың   айтуы бойынша көш басшысы Сарыбай,  биіміз Бәйсейіт, ақсақалымыз Нұралы батыр болған. Сондықтанда Шыңғыс тауын аса бере Бақанас өзенінің бойына Тобықты руымен шекараға Нұралы батырдың  ауылы, Қызылтыстан төмен Сарыбайдың  ауылы, қазіргі Сарықамыс  ауылының  жеріне Бәйсейіт би ауылы, одан төмен қортық жаққа Қасқа ауылдары орналасқан.

Үлкендердің айтуынша «Сарыбай мықты, ер тұлғалы болған. Қалмақтармен соғыс  кезінде жас болып соғысқа  қатыспаған. Әйтпесе нағыз  батыр  болатын тұлға еді» – дейтін. Шежіреде : «Сарыбайдың баласы  Қожаберген Қабанбайдың Атекежырықпен жасаған сайысына қатысқан 80 батырдың бірі» (19 бет, Шежіре. Р.Шынай ). Ол кісінің  ұрпағы Байғұда балуанды Абай апарып  орыстардың цирктегі балуандарымен  күрестірген  дейтін. Байғұда көтерген шөккен түйдей  тас Балқаш  көлінің жағасында  Майқамыс түбегінде  әлі күнге дейін жатыр.

Сарыбай бабамыз ел Бақанас бойына орналасқан соң, келер ұрпақтың қамын ойлап жер мөлшерін ұлғайту үшін Тоқырауын өзеннің бойын шолып жүргенде, кенеттен  ауырып қайтыс болады. Ол кісіні қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданының орталығынан 15 км жерде  жерленген дейді. Кейінде Дадан тобықтың биі Қараменде қайтыс болады. Ол кісіні Сарыбай бабамыздың қасына жерлепті. Дадан тобықтылар өткен ғасырдың 90-шы жылдары Тоқырауын өзеннің бойына көшіп барғандарына 200 жыл толғанын атап  өткенде Қараменде бидің  басына да жақсы ескерткіш орнатыпты. Сарыбай бабаның ұрпақтарының  бірі  ол кісінің жатқан  жерін іздеп көрмек болса  сол Қараменде бидің  мазарының  жанынан  табады. Бабамыздың топырағы торқа болсын.

Бәйсейіт би бабамыз жөнінде  де  айта кеткен дұрыс болар. Ырғыздықбай атамыздың айтуы бойынша бір жылы қар қалың , оның үстіне  жаңбыр жауып  мұз болып жылқы малы табыннан қалып   қиналады. Сол кезде бүкіл  Қосай ұрпағында 1000 бас жылқы  болған екен. Байсейіт  би сол жылқыны мықты деген жігіттерді бастап Балқаш көлінің  оңтүстік  жағасына  апарып қыстайды. Ол жер күні бүгінге дейін Мың жылқы түбегі Бәйсейіт  көлі деп аталатын көрінеді. Суық тиіп  ауырып,  сол қыста би сол жақта қайтыс болады. Ол кісіні жылқы жатқан  түбектегі  құм дөңнің  төбесіне  жерлейді. Ол кісінің көзі тірісінде екі  баласы Қазанғап пен Шерміш үйленген көрінеді. Қазанғаптың қыстауы қазіргі Бидайық ауылынан Шағырайға қарай 15 км, Шерміштің  қыстағы Сатайдан Бақанас совхозына қарай 10 км дей жерде орналасқан. Келешектегі биіміз Жобалай ол кезде Әлі  жас бала екен.

Бәйсейіт  бидің қайтыс болған жылы 1799 жылға  келетін  сияқты. Өйткені  Абралы ауданының  тумасы Болат Насенов Омскінің  архивтерін көп зертеген  адам. Сол кісінің  «Абылай хан» атты кітабында  патша  үкіметінің  шенеуліктерінің    жоғары  жаққа жазған хабарламасында «1799 жылы қалың қардың,  мұз және боранның салдарынан қырғыздардың  малдары қырылды» деген хабарлама бар. Осы хабарламаға қарағанда қалың қазақ арасында «жұт жылы» аталып кеткен жыл, сол 1799 жыл болуы мүмкін.

Шәкәрім  қажы  айтқандай Шыңғыс тау бөктерін Найманның  Матай руы  мекендегені рас. Өйткені біздің атамыз Нұралы батыр  көшіп кеп қоныстанғанда жұртта қалған Матайдың бір жетім баласын бауырына алып, баласы қылып өсіріп Кененбай деген баласымен бірге енші  береді. Олар өніп-өсіп  Нұралы ішінде Матайлар деп аталады. Қыстақтары бұрынғы Жорға совхозының орталығынан Қамбардың Көкше-тауына  қарай 13 км жерде орналасқан.

Байқошқар, Балқыбек өзендері сол жерді мекен еткен Матай ұрпақтарының аты. Олардың кейбір ұрпақтары біздің Шақантай  батыр бабамыздың ұрпақтарымен құдандалы- жекжат болып келеді. Ауданымызда бірінші хатшы болып қызмет атқарған Т. Серікбаевтің, КГБ да қызмет атқарған Серікболдың жұбайлары Байқошқар атаның ұрпағымыз дейтін.

Нұралы батыр  сонымен қоса атақты шешен Мырзаханның үлкен әкесін, Әбеулінің  бабасын, жетім қалған басқа  да туыстарының балаларын бауырына алып,  өз балаларындай өсіріп жеткізген. Олардың барлығының  ұрпақтары өздерін Нұралы батырдың ұрпақтарымыз деп есептейді.

 

Оспанов Біліс Кәрімбекұлы

Related Articles

  • САРБАС РУЫ ЖӘНЕ САРТОҚАЙ БАТЫР

    Тарихты түгендеу, өткеннің шежіресін кейінге жалғау – атадан балаға жалғасқан ежелгі дәстүр. Шежіре, ұлт-ру, тайпа тарихы – атаны білу, арғы тарихты білу болып қалмастан ұлттың ұлт болып қалыптасуы жолындағы бастан кешкен сан қилы оқиғалары мен ауыр тағдырынан да мол дерек береді. Шежіре – тұтас халық тарихының іргетасы ғана емес, ұлт пен ұлыс танудың әліппесі  саналады. «Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса да әр рудың өз шежіресі болған. Шежірешілер жүз, тайпа, ру, ата тарихын терең талдай білген»(1). Патшалық ресейдің дәурені аяқталар тұста қазақтың мемлекеттігін қалпына келтіруді мақсат тұтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан (1866-1937) алғашқы болып қазақ тарихының қажеттілігін алға тартып, башқұрттың әйгілі ғалымы Уәлиди Тоғанмен кездесіпті. Уәлиди Тоған өзінің естелігінде: «Мен бірнеше

  • ОА қорғанысқа қаржыны не себепті арттырды? Каспийден Украинаға зымыран ұшырған Ресей суды ластап жатыр ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан әскері бірігіп өткізген «Бірлестік-2024» жаттығуы. Маңғыстау облысы, шілде 2024 жыл. Қазақстан қорғаныс министрлігі таратқан сурет.  Орталық Азия елдері қорғаныс шығынын арттырды, мұның астарында не жатыр? «Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есе көп өндіруді жоспарлап отыр, алайда үкімет бұл салада жұмыс күшінің азайғанын есепке алмаған». «Каспий теңізінен Украинаға зымыран ұшырып жатқан Ресей теңіздің экологиялық ахуалын ушықтырып жатыр». Батыс басылымдары бұл аптада осы тақырыптарға кеңірек тоқталды. ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚОРҒАНЫС ШЫҒЫНЫН АРТТЫРДЫ. МҰНЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР? АҚШ-тағы «Америка дауысы» сайты Украинадағы соғыс тәрізді аймақтағы қақтығыстар күшейген тұста Орталық Азия елдері қорғаныс саласына жұмсайтын ақшаны арттырғанына назар аударды. Бірақ сарапшылар мұндай шығын тұрақтылыққа септесетініне күмән келтірді. Стокгольмдегі бейбітшілікті

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: