|  | 

Жаңалықтар

Тіл тұтастығы – ел тұтастығы

«Ұлттың сақталуына да, жоға­луына да себеп болатын нәр­сенің ең қуаттысы – тілі», деп Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов айтқан­дай, азат еліміздің мықты тұғыры­на айналып келе жатқан мемле­кеттік тілдің өскелең рөлі, оның ұйытқы­лық қасиетіне арналған «Тіл – та­тулық тірегі» атты республи­калық кеңес Астанада өтіп, оған Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаев қатысты. Сонымен қатар, алқалы жиынға Мәдениет және спорт министрлігі, өзге де құзырлы мекемелердің өкілдері, Парламент депутаттары, БАҚ, облыстардағы тілдерді дамыту басқармаларының басшылары, өзге де азаматтар қатысты. Тірлігінде тілін ардақтаған, мәде­ние­тінің мәйегін түсінген, ұлт руханиятының бастау басында тұрған, сөз де емес ісінде, отбасы, ошақ қасында оны көзінің қарашығындай сақтаған жұрт жұтамай, көсегесі көгеріп келе жатқанын арғы-бергі тарихты саралаған адамның көзі жетеді. Бұл тұрғыдан келгенде, қазақтың қаймығар жайы жоқ. Қаншама қысаң кезеңдер қыспаққа алып, желкеден түйгенмен, ұлт тілінің өрісін кеңейтіп келе жатқан ұйытқы ұрпақ баршылық. Тіліміздің тіліп түсер темірдей тегеурінін, сөзіміздің саф алтындай тазалығын, бодан болып бопса тірлікте жүргеннің өзін­де сәулесі барлар: «Қазақтар сөз өне­рі­не жетік келеді. Бұл жұрттың бәрі­не: оқыған адамдарға да, әліпті таяқ деп білмейтіндерге де, байға да, жар­лы­ға да тән қасиет» (А.Брем), «Түркі халықтарының ішіндегі ең суретшіл, образды тіл – қазақ тілі. Қазақтар өзінің шешендігімен, әсем ауыз әдебиетімен де даңқты». (С.Малов), «Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза әрі бай тілге жатады» (П.Мелиоранский), «Француз тілі Еуропаға қандай әсер етсе, қазақ тілі түркі мәдениетіне дәл солай әсер еткен» деп (В.Радлов) таңдай қаққан. Тәубе, дейтініміз, тәуелсіздігіміз қолға тигелі қазақ тілі мемлекеттік мәртебесін алып, береке бірліктің, басқа жүздеген ұлттардың алтын арқауына, қазынасы ортаймайтын тірлік тынысына айналды. «Адамға екі нәрсе керек тегі: бірі – тіл, бірі ділің жүректегі» (Баласағұн) деп тіл мен дініміздің бірлігі елдің бірлігі екенін ширек ғасырдан бері көрсетіп келе жатқан мемлекеттік тілге арналған алқалы жиынның алғашқы сөзін Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев алып, азаттық алған кезеңнен бергі ширек ғасыр уақыт ішінде Мемлекет басшысы: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы, Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен!» деп ел болғаннан бері барлық мүмкіндікті жасап келе жатқанын алға тартып: «Біз бұл алқалы жиынды бүгінге дейін үш тілді меңгеруді дамыту тұрғысынан жасалмаған жұмыстарды талдау үшін, осы бағытта қандай резервтер мен мүмкіндіктер бар екенін талдау үшін өткізіп отырмыз. Естеріңізге салсақ, 1997 жылы «Қазақстан Республикасындағы Тілдерді дамыту туралы» Заң қабылданған болатын. 1998 жылдан бастап Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Үш тілді еркін меңгерген адамдардың санын арттыруға қол жеткізуіміз керек. Сонда Президенттің тапсырмасын орындадық деп айта аламыз», деген Б.Сапарбаев «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев бес халықтық реформаны жариялай отырып, Қазақстанда үш тілді – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін басым дамыту қажеттігін баса айтқанын назарға салып: «Тілдердің үш бірлігін қазақ, орыс және ағылшын тілдерін дамыту – бұл қоғамды шоғырландырудың, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың кепілі», деген Мемлекет басшысының сөзін алға тартты. Вице-премьер Қазақ­стан­да орыс тілінде 15 театр, сондай-ақ, корей, неміс, өзбек және ұйғыр тіл­дерінде де өнер ордалары жұмыс жасай­тынын атап айтып, «Қазақстанда түрлі ха­лықтардың бес тілінде бес газет, радио мен теледидарда бағдарламалар шыға­ды» деді. Содан соң Премьер-минис­тр­дің орынбасары ресми мәлімет бойын­ша Қазақстанда 7563 жалпы білім беретін мектептің 1291-і орыс, 20-сы өзбек, 13-і ұйғыр, 4-еуі тәжік тілдерінде оқытатынын, 2100 мектеп аралас, қалған білім ұялары қазақ тілді екеніне, өзге де мәліметтер бойынша нақты дәйектер келтірді. Бұдан кейінгі сөзді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы алып, «Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.На­зар­баев: «Қазақстанның болашағы қа­зақ тілінде. Тілсіз ұлт болмайды. Өз тілі­мізді сақтау, өз тілімізді құрметтеу отан­­шыл­дық рухты оятуға қызмет етеді әрі ата-баба алдындағы ұлы пары­зы­­мыз!» деп, мемлекеттік тілдің өндіріс­те, ғылымда, білім саласында, тиісті дә­ре­­жеде қолданылуы үшін, барлық жағ­­дайдың жасалуы қажеттігін қадап ай­тып келеді», деді. Осылай деген ведомство басшысы еліміздегі тіл сая­­саты Конституциядан бастау алатынын, «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заң мен Қазақстан Рес­пуб­ликасында тілдерді дамыту мен қол­данудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырып жатқанын, мемлекеттік бағдарлама аясында балалар әдебиеті, сөздік, оқу-әдістемелік құрал, әлемдік классикалық шығармалар мен танымдық энциклопедиялық анықтамалықтар шығарылып жұртшылыққа жеткенін сөз етті. Және басқа тілдерге де, соның ішінде мәдени ұлттық орталықтардың жексенбілік мектептер арқылы ұлттық тілдерді дамытуға мемлекеттік қолдау көрсетіліп отырғанына да нақты дәлелдер келтірді. Министр атқарылған шаралармен қатар, әлі де болса жетілдіруді қажет ететін мәселелерге де тоқталды. «Біріншіден, елімізде мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 88 пайызға жетті. Алайда, бұл көрсеткіш ілеспе хаттар мен орыс тілінен қазақ тіліне аударылған құжаттардың есебінен болып отыр. Бұл мемлекеттік органдарда қазақ тілінде құжат жасай алатын мамандардың жетіспейтінін көрсететінін, екіншіден, Мемлекеттік тіл оқыту орталықтары сапасының төмендігі туралы жиі айтылып жүргенін, онда оқығандар қазақ тілін қажетті деңгейде меңгермейтінін, сондықтан, оқыту әдістемесін бір ізге түсіру, сертификаттарды осы орталықтан беру мәселесі қаралатынын атап айтты. «Үшіншіден, елімізде термино­ло­гиялық қорды дамыту, реттеу жұмыстары туралы айтар болсақ, бұл бағытта да кем­шіліктер бар. Осыған орай, барлық мем­лекеттік органдар мен салалық тер­минологиялық жұмыс топтарымен тиісті жұмыстар жүргізіліп, үлгі ережелері ұсынылды. Үкіметтің қолдауымен алғаш рет Ш. Шаяхметов атындағы орталықтан тікелей терминологиялық жұмыстармен айналысатын белгілі лингвист ғалымдар мен сала мамандарынан тұратын терми­но­логиялық бөлім ашылмақ», деді. Содан соң бүгін­гі таңда ономастика саласына қатыс­ты нормативтік-құқықтық актілерді же­тілдіру жөнінде арнайы мамандардың, ғалымдардың құрамынан жасақталған жұмыс тобы құрылып, іс бастағанын, көрнекі ақпарат құралдары мен жарнамаларда заң нормаларының сақталмауы, қате жазылуы жиі сынға ұшырап жүргенін, тілдерді дамыту басқармалары осы бағыттағы жұмыстарды тиянақты жүргізіп, тиісті шаралар қабылдау қажеттігін назарға салды. Сонымен бірге, Казтест жүйесі бойынша сертификат алған ересек тұрғындардың үлесін арттыру мәселесін қозғап, осы ретте министрлік мемлекеттік органдармен ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарын жүргізіп отырғанын, аталған мәселе бойынша Премьер-Министр төрағалығымен өтетін Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның мамыр айындағы отырысында қаралатынын алға тартып, бүгінгі басқосу, мемлекеттік тілдің мерейін үстем етіп, ұлт бірлігінің мызғымас күші ретіндегі рөлін айқындау, қоғамның рухани негізі болып табылатын дәстүрлі құндылықтарды арқау ету екенін жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин тіл «Мәңгілік Елдің» кепілі екенін атап айтты. «Біз – жаһандану ұсынған күрмеуі қиын, күрделі мәселемен бет-бет келіп, тәуелсіз мемлекет орнатып жатқан ұрпақпыз. Жаһандану – жаратылысы қандай күрделі, қиын болса, оның әлемдік өркениет пен мәдениеттер дамуына ықпалы да сондай ауыр, әртекті әр алуан» деген сенатор, жаһандану қалыптастырып отырған дәуірдің де мінезі тосын, қалыбы сондай өзгеше. Құндылық атаулыны мидай етіп, араластырып жіберді. Нәтижесіне қарасаң жер үсті тұрғындарын алаңдататын қиындықтар күн санап көбейе түсуде». Ол бұдан кейін арғы-бергі тарихи кезеңдерге ой жіберіп терең талдауларға жүгініп, « Тіл, Дін, Жер секілді кез келген мемлекеттің ұстынын танытар, ұлттың өмір сүру қабілетін анықтар жалпы қазақстандық ұлы құндылықтарда сол жаһандану назарынан тыс қалып отырған жоқ. Тіл мәселесі – қазақ үшін, әрбір қазақстандық үшін аса маңызды, күн тәртібінен түспей жалпы, қазақ қоғамының «басын жиі ауыртып келе жатқан» ұлттық мәселе. Өткен ғасырдың басында Алаш арыстары үшін ХХ ғасырда өмір сүрген аға буын өкілдерінің қай-қайсысы үшін де солай болған. Енді, міне, ел тәуелсіздікке қолы жеткен жаңа дәуірде де солай болып отыр. Бұл туралы Елбасы тәуелсіздіктің туы желбіреген күннің көп ұлт өкілдері мен көп конфессия мүшелері тұратын Қазақстан жұртшылығына ұғындырумен келеді. Тіл мәселесі мен тіл саясаты ұлт пен ұлыс тұтастығын қамтамасыз ететін бірден-бір фактор екенін айтқаны белгілі» деген Нұрлан Оразалин. «Тіл – ұрпақтар арасына дәнекер. Дәуірмен дәуірді байланыстыратын алтын көпір. Оны сақтау қадірлеу көздің қарашығындай көріп қору – біздің, кейінгі ұрпақтың да қасиетті борышы. Бұл әр отбасынан басталып, әрбір мемлекеттік құрылымда мықты іргетасы қаланып, әрбір азамат осы көтерер жүктің ауырына төзіп, абыройлы атқарса – елдік істің ерендігі, ұлттық парыздың ақталғаны, өзге жұрт өкілдерінің ортақ мемлекетіне қосқан өлшеусіз үлесі болмақ, деді шешен. Осы арада ойға ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген ұлы тағылымы ойға оралады. Бесік қасиетті ұғым, ендеше, бесікке теңеген тіл де қасиетті деп білемін. Кешегінің жүректі жарып шыққан жоғарыдағы көсем сөзі мен бүгінгінің іскер сөзі жымдаса бірігіп, Елбасы жиі айтатын зияткерлік тұлға мен зияткерлік қоғамның толық қалыптасуына қызмет етуі тиіс. Бұл орайда, ел дамуымен тарихи қажеттіліктен туындап отырған «үш тілді кеңістікті» қалыптастыру үрдісі, аса сауатты, аса ыждаһатты жүргізілу керек. Мемлекеттік тілді өзінің ұлы тағына қондыра отырып, оны «Мәңгілік Елдің» алтын арқаулы сұранысына айналдыру – тәуелсіздіктің талабы. Тіл, Президентіміз айтқандай, саяси ұпай түгендейтін ойынға емес, мемлекет тұрақтылығы мен ел бірлігін қамтамасыз етер ұлт факторына айналуы тиіс, деп сөз аяғын түйді. Парламент Мәжілісінің депутаты Зухра Саяпова «Қазақстан халқы Ас­самблеясын құру идеясының көш басында ел Президенті тұрғаны бәрімізге мәлім. Аталған бастама мәдениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт. Қазақстанда этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты», деп Қазақстанда тұратын этнос өкілдерінің ана тілін оқуға барлық жағдай жасалғанын, ұлттық мәдени бірлестіктерге, олардың жексенбілік мектептеріне мүмкіндіктің мол екенін тілге тиек етті. «Ана тілін еркін сөйлейтін, орыс тілін игерген, ағылшын тілін білетін, адамдардың Қазақстанда тұруы үлкен бақыт деп ойлаймын. Қазақстан – достық туын тіккен жер, көптеген ұлт өкілдері бір кісідей ұйысқан жер. Осының бәрі Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жеңісі», деп ойын тиянақтады. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төра­ғасының орынбасары Анатолий Башмаков, Ассамблеяның татулықтың кепілі болып отырған тілге қатысты жұмыстарына тоқтала келіп, тілдер­дің үш тұғырлылығы Мемлекет бас­шысының бастамасымен атқарылып жатқанын, ол алғаш рет 2006 жылғы қазан айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылтайында сөз болып, Президенттің 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында нақтыланып, «Тілдердің үштұғырлылығы» деген мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынғанын, содан бері рухани іске бүкіл жұрт болып, жұмыла атсалысып жатқанын алға тартты. «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов өз сөзін кезінде бізде тіл мәселесінің қаншалықты қи­ғаш­танып кеткенін көрсететін бір мысал жайында әңгімелеуден бастады. «Тәу­елсіздік қолға тигеннен кейінгі алғашқы жылдарда қазақша сөйлейтін жапон жігіті теледидардан хабар жүргізетін. Күндердің бір күнінде сол жігіттің өзінің журналиске сұхбат беріп отырғанын көріп қалдым, – деді ол. – Сұхбаттың бір тұсында жүргізуші: «Сіздерде жапонша білмейтін адамдарға көзқарас қандай?» деді. Жаңағы жігіт үнсіз. Сұрақты түсінбеді ме деген оймен жүргізуші енді нақтылап айтты: «Сіздерде, Жапонияда жапон тілін білмейтін адамдар туралы жұрт не айтады?» деді. Тағы жауап жоқ. «Тегі, дайындалған сұрақтарды қойып, дайындалған жауаптарды қайтарып жүрген болды-ау бұған дейін. Тосыннан қойылған сұрақтың мағынасын түсінбей тұрған сияқты ғой» деген ой қылаң берді басымда. Жоқ, түсінген екен. Тек таңданғаннан не айтарын білмей дал болып қалған түрі екен. Жүргізушіге аңтарыла қарап, бір кезде: «Ондай бола ма?» дегені… Міне, мәселе осында. Жаңа­ғы жапон жігітінің миына Жапо­нияда жапон тілін білмейтін жапон болуы мүмкін деген ойдың өзі кіре алмай тұрғаны ғой сонда. Бүкіл әлемде осылай. Ал бізде, өкінішке қарай, қазақша білмейтін қазақ деген кәдімгі қалыпты жағдай», деген бас басылым басшысы біз жаңа мемлекет құра бастаған тұстағы қиын тілдік ахуалдың себептері тым тереңде екендігін айтты. Осыдан ширек ғасырға да жетпейтін уақыт бұрын республиканың ешқандай мекемесінде іс қағаздары қазақ тілінде жүргізілмейтін, мәселелер қазақ тілінде тыңдалмайтын, талқыланбайтын дегенге, Алматының өзінде қазақша оқытатын жалғыз мектеп, жалғыз интернат қана бар еді бүгінгі жастар сенбеуі де мүмкін. Ақиқаты солай. Бізге кешегі кеңестік кезеңнен қалған тілдік ахуал сондай еді. Барлығы да салыстыру арқылы айқындалады десек, қазақ тілінің тәуелсіздік жылдарында өз тұғырына қонуы, қайта түлеуі, Президент Нұрсұлтан Назарбаев жүргізген салмақты, салиқалы, сарабдал саясаттың арқасында әлемнің көптеген елдерінде алауыздықтың арқауына айналып отырған тілдің біздің елде мемлекетті біріктіруші факторға, татулық тірегіне айналуы шын мәнінде жарқын жетістігіміз, даусыз мақтанышымыз. Бұл – Елбасымыздың ерекше еңбегі. Осылай дей келе С.Абдрахманов бірер нақты ұсынысын да ортаға салды. Бізде тілге қатысты талапты саралап қарау жағы жетіспей жатқандай. Барлық мамандық иелеріне бірдей талап қойылатындай көрінеді. Мұнан бірнеше жыл бұрын тілді игеру талап етілетін мамандық иелерінің тізімдері топталған еді. Оған қарап отырсаңыз бүкіл Қазақстандағы өзге ұлттар өкілдерінің тең жартысы аз жылдың аясында қазақшаға судай ағып тұруға тиісті болып шығатын. Бұл, сөз жоқ, еліміздегі ұлтаралық татулыққа, қоғамдық келісімге салқынын тигізбей қоймайтын ұсыныс еді. Осы мәселеге барлық қырынан салмақтай, абайлай қарап отырып, сол мамандықтар тізімін қайта қарау керек деп санаймын. Алғашқы бетте мемлекеттік тілді белгілі бір мөлшерде игеруді біз бәрінен бұрын сервистен талап етуіміз жөн. Такси айдайтын, қонақүй ұстайтын, МАИ-де істейтін, кассир, официант, сатушы, шаштараз болатын, қысқасы, жұмысы жұртшылықпен сағат сайын, сәт сайын араласумен, сөйлесумен байланысты адамдар тілдің қажет мөлшерін белгілі бір уақыт аралығында игерсе, одан кейінгі белесте дәрігерлерге, дәріхана қызметкерлеріне, одан кейінгі белесте басқа мамандық иелеріне сондай талап қойылса, соның өзінде де негізінен ауызекі сөйлесу деңгейінде білудің өзі жеткілікті саналса көкейге қонымды шығар еді. Үкімет осы мәселеге қайта бір оралса дейміз. С.Абдрахмановтың бұдан кейін қозғаған мәселесі кейінгі кезде сөзді жазылған күйінше айту белең алып бара жатқаны, мұның теледидарды, радионы дендеп алғаны, тіпті театр сахнасына шығып, әншілерге де ауыса бастағаны болды. «Бүкіл адамзат орфография бойынша жазады да, орфоэпия бойынша сөйлейді. «Что сделано», «кого» деп сөйлейтін орыстілдіні кездестіру мүмкін емес, бәрі де «што зделано», «каво» деп айтады. Ал бізде қағазға «қайда кетті», «қайда қалды» деп жазылса дәл солай сөйлейтін адамдар көбейіп барады, ал мұның айтылуы «қайда гетті», «қайда ғалды» деу екенін айтудың өзі артық. Бұлай кете берсе біз бара-бара ана тіліміздің фонологиялық ерекшелігін ескеруден, сингармонизм талаптарын сақтаудан қалуымыз, ғажайып тілімізді әуезділігінен, құлаққа жағымдылығынан айыруымыз мүмкін. Бұл да бір алаңдатарлық жағдай. «Нұр Орда» қазақ түрік лицейінің директоры Орхон Озтомсуқ әр азамат өзінің тілін жетік білген жағдайда ғана ұлтының алдындағы міндетін адал атқарғаны болып есептелетінін айтты. Ол Қазақ елі қазақтың тілі мен мәдениеті өміршең екендігіне сонау көк түркілерден дәйектер келтіріп, үштұғырлы тіл сая­саты тек біздің мемлекетте ғана жүзеге асырылып жатқан үлкен жоба екенін жеткізіп, «Біз шетел азаматтары осындай бірлігі мен ынтымағы жарасқан халықтың Көшбасшысына ыстық ықыласымыз шексіз. Қанына сіңген мінезімен түрі мен түсіне қарамай барлық халықты бауырына басқан қазақ елінің қашанда мәртебесі биік деп білемін», деді. «Украинські новины» газетінің бас редакторы Тарас Чернега көпұлтты Қазақстанды мекен еткен ұлт өкілдері Елбасының көрегендігінің арқасында тату-тәтті өмір сүріп жатқанын, қазақ тілі барша түркі халқының ғана емес, Қазақстандағы барша славян халықтарының да басын қосып отырған тіл екенін қадап айтты. «Бұл елді мекен еткен этнос өкілдеріне өз ана тілімен қатар, мемлекеттік тілді де меңгеруіне толықтай жағдай жасалған. Соның арқасында мен екі тілді бірдей меңгеріп, яғни Абай мен Шевченко тілінің тел қоңыры болып отырғанымды мақтан тұтамын», деді. Бұдан кейін сөз алған Мәдениет қайраткері, қазақ тілін біліп қана қоймай, оған жанашыр болып жүрген әнші Татьяна Бурмистрова бабалар сөзіне ден қойып, мемлекеттік тілдің мәртебесін биік ұстау жолындағы салт-дәстүріміз бен бай мұраларымызды тарата айтып: «Қазақстанда тұрып жатқан әрбір ұлт тілдік үйлесімді берік ұстанып отырған Елбасының ерен еңбегін ескеруіміз қажет. Аспан таулармен астасқан Алматы өлкесін, тіпті бүкіл Қазақ жұртын осы елдің тілін білуімнің арқасында әндерімен сусындатып жүрмін», деген әнші өзінің «Менің Қазақстаным» пойызымен ел аралап кеше ғана оралғанын, ауыл халқы ән мен жырға сусындап отырғанын, әсіресе, жыраулар мен термешілер, шешендер сөзіне ұйитындарын айтқанын, бұл жағынан келгенде осы дәстүрдің үзіліп бара жатқанына өкінішін білдірді. Ол бір жолы білім ұясында болған кездесуден соң өзіне қазақ тілінен сабақ жүргізуді ұсынғанын, айлығын сұрағанда 80 мың теңгеге таяу болатынын, ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалім 200 мың теңге алатынын естігенде ойланып қалғанын ірікпей жеткізді. Тіл үйренуді отбасынан, балабақшадан бастау қажеттігін еске салып, ұлттық құндылықтарға көп мән бере бермейтінімізді, бала тәрбиесінде жақсы келіншек, жақсы әйел, жақсы бәйбіше кемістеу болып жататынын да еске салды. «Көп жағдайда намыссыздық басым болып бара ма қалай, мен КСРО заманында қазақша сөйлесем, бұның қалай демейтін, осы күндері ұлттық киім киіп үлгі танытайын десем жолым бола бермейді. Менің замандастарымның көбі қазақ болудың орнына, еуропалық болуға бейім болып бара жатқан секілді. Осы жерде: «Қазақтың қасіретін тізе берсең, Арқамыз жауыр аттай қиқаңдайды» деп келетін екі жол және қазақ жырының айтулы дүлдүлі Қадыр Мырза Әлінің: «Қайда кетіп барамыз, ойладық па?», деген бір жол өлеңі еске түседі. Бұған қоса тағы бір айтайын дегенім, қазақтың қара домбырасын төрге іліп қою қасиеті азайып, оның орнын жалт-жұлт дүние басқандай», деп ақиқатты алға тартты. Осы арада, жыршылар мен тер­ме­шілер,шешендік өнер иелерін дайындау, қазақтың қара домбырасын қастерлеу жайын мектептен бастап қолға алу ісі соңғы екі жылда қолға алынғанын айта кетсек дейміз. Оған дәлел, Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Дарын» орталығы 5-11 сынып арасындағы таланттарды ашу мақсатында «Ақберен» байқауын өткізіп келеді. Онда жыраулық, шешендік өнер, көркемсөз оқу, ақындар айтысы, ұлттық аспапта ойнау негізгі бағдарға алынған. Егер осы игілікті істі ортақ бюджеттен қаржы бөліп, аясын кеңейтсе қазақ тілінің өрісі кеңіп, қазақ сөзінің көші түзелері сөзсіз. Мәселен, осы байқау негізінде екі жылда екі жүз оқушы ұлттық құндылықтарды биік дәрежеде көрсете алды. Олардың буыны бекіп, қабырғасы қатса, ертең араларынан айбыны асқан шешендер, тіл қадірін терең түсінген таланттар, өнер десе ішкен асын жерге қоятын дарындар, бір сөзбен айтқанда, қазақ құндылығының қарлығаштары қалыптасады. Кешегі кеңес дәуірінің өзінде Абай тілі мен Мұхтар тілінің жоқтаушысы болған, тәуелсіздіктен кейін тіл мәртебесі үшін күрескен, осы дәуірдің ұлт ұстазына айналған Қанипа Бітібаева шығыс өңірінде өзі бас болып, қазақ тілінен байқау өткізіп жүретін. Бұл мәселені «Егемен Қазақстан» газеті әлденеше рет көтеріп, тиісті орындарға, әсіресе, бұрынғы Білім және ғылым министріне тілектерін жеткізген еді. Міне, сол ұстаз өмірден озған соң, отандық дәрежеде олимпиада дәрежесінде өткелі отыр. Осыны да шөре-шөресін шығармай, елдік биікте жүргізіп, мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің абыройын асыру жолында іс жүргізсек, қане. Математикадан халықаралық дәрежеде өткізіліп келе жатқан О.Жәутіков және Ө.Жолдасбеков олимпиадаларының биігіне көтере алсақ, нұр үстіне нұр болып, қазақ тілі әлемдік деңгейден көрінер еді. Алқалы жиынды Премьер-Ми­нис­тр­дің орынбасары Бердібек Сапарбаев қорытып, мемлекеттік тілдің мәртебесін отба­сынан, әрқайсымыз өзімізден бас­тауымыз керектігін айтып, тіл үйре­ну құралдары жайлы айтылған ескер­тулердің орынды екенін, ондай дүние­лер осындай жиындардың алдында көр­меде көрсетумен тынатынын, қалың қауымға жете бермейтінін еске салып, мұндай мәселелердің алдағы уақытта ескерілетінін назарға салды. Вице-премьер ойын түйіндей келіп С.Абдрахмановтың тілді меңгеру жөніндегі талаптың мамандықтар бойынша сараланып қойылуы қажеттігі жөніндегі пікірін қолдайтынын, Үкімет болашақта бұл жұмысты қолға алатынын айтты. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан Омаров.

Related Articles

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

  • Thai AirAsia X Алматы – Бангкок тікелей рейстерін іске қосады: визасыз*

    Thai AirAsia X Алматы – Бангкок тікелей рейстерін іске қосады: визасыз*

     Тайландтың сан қырлы дәмдерімен, бояуларымен және мәдениетімен танысыңыз — бір бағытқа 199 USD-ден басталады Алматы, 2025 жылғы 8 қыркүйек – Thai AirAsia X Алматы (Қазақстан) мен Бангкокты (Тайланд, Дон Муанг әуежайы) байланыстыратын жаңа әуе бағытының іске қосылуын қуана хабарлайды. Енді қазақстандық саяхатшылар қысқы маусымда жайлы әрі қолжетімді бағамен жылы самалға бөленген, күн шуағымен нұрланған әрі жарқын өмірімен танымал Бангкокқа ұша алады. Жаңа рейс 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап аптасына төрт рет – дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері орындалады. Ұшулар сыйымдылығы 367 жолаушыға арналған кеңфюзеляжды Airbus A330 ұшағымен жүзеге асырылады. Іске қосылуына орай Thai AirAsia X бір бағытқа 199 АҚШ долларынан басталатын арнайы промо-тарифті ұсынуда. Билеттерді 2025 жылғы 8–21 қыркүйек аралығында,

  • Астанада 2025 жылғы киножобалар питчингінің жеңімпаздарымен кездесу өтті

    Астанада 2025 жылғы киножобалар питчингінің жеңімпаздарымен кездесу өтті

    Астанада «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали 2025 жылғы питчинг сынынан сүрінбей өткен ашық конкурс жеңімпаздарымен кездесті. Іс-шара дөңгелек үстел форматында өтіп, оған Сараптамалық кеңес мүшелері мен Орталық мамандары қатысты. Жиында отандық киноиндустрия алдында тұрған басты міндеттер мен басым бағыттар талқыланды. Биылғы байқауға жалпы 444 өтінім тіркелді. Соның ішінде 16 жоба мемлекеттік қолдауға лайық деп танылды. Олардың қатарында үш дебюттік жұмыс және Тайландпен бірлескен киножоба бар. Бұл қазақстандық авторлардың халықаралық ынтымақтастыққа дайын екенін және шетелдік әріптестермен байланысын нығайтып отырғанын көрсетеді. Кездесу барысында Орталықтың басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали – «Сапалы фильм түсіру – басты талап. Конкурста жеңіске жеткен жоба жетекшілерінің кино өндірісінің алғашқы сатысынан бастап, экран арқылы көрерменге жету кезеңіне дейін

  • «Қайрат»-«Реал» матчының билет бағасы белгілі болды

    «Қайрат»-«Реал» матчының билет бағасы белгілі болды

    «Қайрат» футбол клубы UEFA Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өз алаңындағы матчтарға, соның ішінде «Реалға» қарсы ойынға билеттерді сату тәртібі мен мерзімдерін түсіндірді. «Қайрат» клубының ресми сайтында хабарланғандай, «Қайрат»-«Реал Мадрид» матчы үшін билеттер 23 қыркүйекте Алматы уақыты бойынша сағат 17:00-де сатылымға шығады. Бір ЖИН-ге бір адам ең көп екі билет ала алады, ал деректер сатып алу кезінде де, стадионға кіргенде де қатаң тексеріледі. Билет бағасы: 30 000 – 250 000 теңге аралығында болады. Айта кетейік, бұған дейін «Қайрат» – «Реал» матчының билеттер бағасы 75 мың мен 250 мың аралығында болатыны жарияланған еді. Алматылық клуб өз алаңында «Реалды» (30 қыркүйек), «Пафосты» (21 қазан), «Олимпиакосты» (9 желтоқсан) және «Брюггені» (21 қаңтар) қабылдайды.

  • Алматылық “Қайрат” пен мадридтік “Реал” 30 қыркүйекте Алматыда ойнайды

    Алматылық “Қайрат” пен мадридтік “Реал” 30 қыркүйекте Алматыда ойнайды

    “Слован” командасының қақпасына гол соққаннан кейінгі сәт. Дастан Сәтпаев (сол жақта). “Қайрат” футбол клубының парақшасы. 6 тамыз 2025 жыл. Алматылық “Қайрат” пен мадридтік “Реал” 30 қыркүйекте Алматыда ойнайды. Матч кестесі турнирдің ресми сайтында жарияланды. Алматының “Қайрат” командасы чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты “Қайрат” футбол командасының мүшелері жеңісті тойлап жатыр. 26 тамыз, 2025 “Қайрат” фк Instagram парақшасынан алынған скриншот.  Футболдан Алматының “Қайрат” командасы Еуропа Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты. Іріктеу кезеңінің плей-офф кезеңінде “Қайрат” Шотландияның “Селтик” командасын пенальти сериясы арқылы жеңді. Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: