Дидахмет ӘШІМХАН, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы: «Санасыз, арсыз журналист қылмыскерден де қауіпті»
– Қазақ журналистикасының даму үрдісін қалай бағалайсыз? Бүгінгі журналистика төртінші билік ретіндегі функциясын қалай атқарып отыр?
– Осыдан біраз жыл бұрын Ресейдің белгілі бір қоғам қайраткері «Кімнің қолында БАҚ болса, билік соның қолында» деген болатын. Оның осылай айтатын жөні бар. Ресей БАҚ-ын қолға ұстап тұрған арам пиғылды журналистерге (олардың көбі орыс емес) күйініп айтқаны. Бұл дегеніміз БАҚ-тың өмірді өзгертіп жіберуге қауқары бар деген сөз. Кез келген ұйым, кез келген партия өз билігін БАҚ арқылы жүргізеді. Міне, осы жерде журналистиканың қоғамдағы орны көрінеді. Құдай менің маңдайыма мынадай несібені жазыпты. Журналистикадағы 36 жыл қызметімнің 15 жылын кеңес дәуірінде өткіздім. Қалғанын тәуелсіздік жылдарында атқарып келе жатырмын. Екі өмір, екі қоғамдық формация, екі түрлі идеология. Әрине, қазір бізде идеология бар болса. Кеңестік кезеңде «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан пионері» газеттерінде қызмет етсем, ал, тәуелсіздік тұсында тек бір ғана «Түркістан» газетінде істеп келе жатырмын. Маңайымызда шығып жатқан мерзімді басылымдардың бәрін қадағалап отырамын.
– Екі кезеңнің бір-бірінен айырмашылығы қандай?
– Кеңестік кезеңде журналистика, шын мәнінде, төртінші билік дәрежесінде болды. Өйткені, БАҚ-пен, әсіресе, газеттермен санасатын. Әкім-қаралар да, халық та. Ол уақытта журналистерден қорқатын. Мәселе қорыққанда емес. Газет беттеріне шыққан сын материалдардан нәтиже шығатын. Біз ол уақытта еңбегіміздің жемісін көрдік. Ал, қазір ше? Қазір журналистика төртінші билік емес, тек қоғамдық пікірді қалыптастырушы ғана. Кеңестік кезеңде жазуға тыйым салынған тақырыптар болды. Мен бір жылдары балалар үйі туралы мақала жазбақшы болғанымда біраз кедергіге тап болдым. Ол кезде «бізде панасыз, бейшара балалар жоқ» деген пікір қалыптастырды. Ал, қазір кез келген телеарна зорлық-зомбылық, ұрлық, қылмысты жарыса хабарлайды. Оны көріп отырып өмірден түңіліп кетесің. Міне, демократияның атын жамылып, қоғамда келеңсіз көріністерді көп көрсету арқылы елді дүрліктіріп отыр. Журналистика қоғамды қолтықтан демегеннің орнына оған көп жағдайда қарсы қызмет етіп жатыр.
– Сол кезеңде басылымдар оқылымды, таралымды еді. Қазіргі қазақ газеттерінің жайы өзіңізге белгілі. Бұған себепті сіз қайдан іздеген болар едіңіз? Оқырманның құлықсыздығынан ба, әлде телевидение мен интернет рөлінің артқанынан ба? Әлде басшылықтың бұрынғы мықты ұйымдастырушылық мектебі әлсіреп кетті ме?
– Мұның бірнеше себебі бар. Салыстырмалы түрде айтайын. Мен «Қазақ әдебиеті» газетінде істегенде, ол басылым 140 мың, «Егемен Қазақстан» 250 мыңға жуық, ал, «Қазақстан әйелдері» журналы 480 мың, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») 300 мың таралыммен шықты. Ал, қазір бұл шекке жету арманға айналды. Бірінші себебі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жағдай қиын болды. Осындай қиын кезеңде басылымдарға жазылу бұрынғы инерциясынан айырылып қалды. Халықта ақша жоқ. Газет-журналға жазылуды ұмытты. Бұрын газеттерге мәжбүрлеп болмаса да жазылуға талап қоятын. Екіншіден, ол кезде идеология болды. Партия қарудың ең үлкені баспасөз екенін білді, оны дұрыс пайдаланды. Идеология деген сөз бірінші жүретін. Ал, қазір бұл сөзді ауызға да алмайды. Үшіншіден, бұрын Қазақстан бойынша 5-6 ғана газет шықты. Ал, қазір бір Шымкенттің өзінде 400-ден астам газет шығады екен. Халықтың барлық басылымдарға жазылуға қалтасы көтере бермейді. Оған қоса, халықтың қабылдауы мен ой деңгейі өзгерді. Жеңіл дүниелерге жаппай бет бұра бастады.
– Бізде журналистердің басым бөлігі көпшілікке ақылгөйсу әдетінен арыла алмай келеді. Мәселені талдап, жан-жақты жазғаннан гөрі данышпансып кету басым. Журналистiң субъективтi көзқарасы мен эмоциясына көбiрек жол берiледi. Бұл аурудан қазақ журналистикасы қалай айығады? Қазақ оқырмандарының азаюына тағы бір себеп осы емес пе?
– Өмірде ешбір артық дүние жоқ. Бізге кейде ақылгөйсу де, көпсөзділік те керек. Халқымыздың өзіндік менталитеті бар. Тек орыстың, Еуропаның стилімен жазатын болсақ, жан дүниемізді қасаңдатып аламыз. Әрине, ақыл айтудан аулақ болған жөн. Егер біз таза, нақты фактілерге ғана сүйенсек, адамның жан дүниесі тасада қалады. Адамға жылы сөз де, ақыл сөз де қажет. Соның ішінен оқырман електен өткізіп, өзіне қажетін ғана алады. Айта кетерлігі, біздің журналистерге объектіні терең зерттеу мен фактіні дұрыс ойната білу жетіспейді. Әзілхан Нұршайықов бір бет материал жазу үшін бір дәптер материал жинайды екен. Барлық фактіні қорыта отырып, оның оннан бірін пайдаланудың өзі жетістік. Бүгінгі күні ондай қасиет «Егемен Қазақстандағы» Жанболат Аупбаевта бар. Барлық фактіні жинап, таудай дүниеден бір уыс қана дүние шығарады. Паустовскийдің «Золотая роза» деген шығармасы бар. Алтынның тозаңдарын жинап, ерітіп, содан райхан гүлін жасайды. Міне, жазушы да, журналист те кез келген дүниеден райхан гүлін жасауы тиіс. Ерінбей іздену арқылы ғана жақсы дүние шығаруға болады. Егер қазақ журналистикасына сынды осы жағынан қойсаңдар мен сендермен келісемін.
– «Аға буын кеңестік кезеңдегі қалыптан шыға алмай жүр» деген пікірге қандай уәж айтасыз? Олар бүгінгі журналистикаға ілесе алып жүр ме?
– Бұл – қазіргі кейбір жастардың астамшылдығы. Бүгінгі жастар тілімен газет шығаратын болсақ, біз ұлттығымыздан, тілдік құндылығымыздан айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Ұлтқа ең қажет нәрсе тіл болса, ол кімде бар? Бүгінгі жастарда ма? Бізде ме? Шындығында, біздің буын да көп нәрседен айырылып қалды. Шерхан Мұртазалар ұлтты алға сүйреді. Ал, қазіргі жастардың жазған дүниелері көп ойландырмайды. Сайын Мұратбековтің әңгімелерін оқып отырып, өмірдің ішіне кіргендей күй кешетінбіз. Ал, қазір сондай дүниелер бар ма? Жоқ. Жолсапарлар барысында керемет очерктер туындайтын.
– Ал, аға буынның жастарға көңілі толмауына не себеп? Бұл жастардың, шын мәнінде, аға буын көргісі келген биіктен көріне алмай жүргенінен бе? Әлде аға буын заман талабын қабылдай алмай жүр ме?
– Өмір заңдылығында бір ұрпақ бір ұрпақты жоққа шығарып отырады. «Әкелер мен балалар» тақырыбы мәңгілік мәселе болып қалады. Алайда, ешуақытта өткенді жоққа шығаруға болмайды. Өткенді жоққа шығару – имансыздықтың белгісі. Менің жастардың амбициясына көңілім толмайды. Жастардың арасында мықтылары да бар. Оны да айта кету керек. Мысалы, Жанболат Мамайдың жазғандарын оқимын. Оның ұлтқа жаны ашитыны көрініп тұрады. Сырттай риза болып отырамын. Бірақ, жастардың бәрі бірдей емес. Олардың арасында дарынсыз, тек бос кеудемен жүретіндер бар. Тіпті, тақырып қоя алмай тұрып, «менікі ғана дұрыс» дейтіндер көбейді. Сол «мен-меннен», көкіректен құтылу керек алдымен. Және неғұрлым жақсылықты көруге тырысқан жөн. Ал, бізде керісінше. Қазір журналистердің басты кемшілігі – барлық нәрседен тек жаманшылықты көргісі келеді. Өйткені, сондай дүниелерді жазса, көрініп қалады. Бұл – мысықтілеу. Олар өзгеден үйрене берсін. Бірақ, қазақтығын жоғалтпасын.
– Сонда жастар ЖОО-да алған теорияны тәжірибе жүзінде пайдалана алмай жүр ме? Журналист болу үшін теорияның қажеті шамалы дейтіндер де бар ғой…
– Теория қажет. Мен оны жоққа шығармаймын. Бірақ, теория деген математикадағы сияқты белгілі бір қалыпқа салып жіберетін қатып қалған формула емес. Адам өзін-өзі дамыту керек. Теорияны біле отырып, жаңаша жазуға талпынған дұрыс.
– Бұрын жас журналиске аға буын батасын беріп, ұстаздық етіп, жол көрсететін еді. Ал, қазір екі буын арасында қалыптасқан өзара сабақтастық байқала бермейді. Бұл жақсы дәстүр неге үзіліп қалды?
– Біз сияқты ағалардың көпшілігі жанашырлығын жоғалтып алды. Күлдібадам дүниеге қол қойып бере салатын болды. Егер шын жанашыр болатын болса, дұрыс бағыт көрсетуі керек. Адам шәкірт тәрбиелесе, бір материалды болсын дұрыстап редакциялап беретін болса, оның жақсылығы жақсылық жасаған адамның есінде қалады. Баяғыда әрқайсысымыздың журналистикада, әдебиетте бір-бір ұстазымыз болды. Қазір бұл үрдіс құрдымға кеткен. Қазір әркім өз қамын ғана ойлайды. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» дегендей.
– Журналист кез келген жағдайда объективті көзқарасын жоғалтып алмауы керек. Ал, қоғамдық-әлеуметтік, саяси тақырыптарды мемлекеттің дотациясында отырған басылымдар неге біржақты жазады? Әсіресе, бұл көрініс Жаңаөзен оқиғасына қатысты ақпарат таратуда айқын байқалды…
– Қазіргі басылымдарды кім қаржыландырса, олар соның сөзін сөйлейді. Яғни, «Билік ойына келгенін істеген кезде БАҚ аузына келгенін оттайды». Егер журналист ақты ақ, қараны қара деп әділдік танытпаса, оның адамдығы қайсы, ар алдындағы жауапкершілігі қайда? Бірақ, жоғарыдан келген тапсырманы орындамаса, жұмыстан шығып қалады. Бұл да бар. Бір-біріне шатастырып, байлап тастаған дүние. Имансыздық осы жерден бастау алады. Кешегі күні Жаңаөзенде өзіміздің бауырларымыздың қаны төгілді. Соны көріп отырып қалай ғана әділетсіз болуға болады? Неге шындықты айтпасқа? Неге шындықты жазбасқа? Бірақ, айтылатын шындық, айтылмайтын шындық болады. Жұртты үрейлендіріп немесе қоғамның ішінде іріткі салатын сұмдық шындықпен сенсация жасауға болмайды. Бұл журналистің өресіне байланысты. Ол артында халық тұрғанын ұмытпасын. Әйтпесе, оның айтаққа кеткен иттен не айырмасы бар? «Жат» десе жатып, «Қап» десе қауып, айтқаннан шықпайтын журналистен қоғамға қандай пайда бар? Шыққан ортасын ұмытып, көпке топырақ шашады. Беріп отырған сүйекті мұжимын деп адамдық қасиетін жоғалтады. Журналиске ең бірінші қажеті – ар-иман. Біз аз халықпыз. Біз қандай жағдай болмасын, ұлтты сақтауды бірінші орынға қоймасақ, көп нәрседен айырылып қалатынымыз анық. Қылмыскер, көп болса, екі адамды өлтірер. Ал, бір санасыз, арсыз журналист бір мақаласы арқылы мыңның жүрегін жаралайды. Мыңдаған адамның санасын улайды. Қаламында ұяты жоқ журналист қылмыскерден де қауіпті.
– Заман өзгерісіне байланысты бұрынғы көсемсөз, очерк сияқты біраз жанрлар газет беттерінен жойылып барады. Қазіргі газеттер қысқалық пен нұсқалықты, ақпараттық стильді жөн көреді. Бұл дұрыс үрдіс пе?
– Барлығы орыстілді басылымдарға еліктеп, қасаң ғана дүниелерді беруге құмар. Оралхан Бөкеевтердің кез келген очеркі әңгімеге бергісіз болатын. Негізі, көп нәрсе журналистің жазу шеберлігіне байланысты. Үлкен дүниеден бір-ақ беттік нәрсе шығаруға болады. Шерхан Мұртаза «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып тұрған кезде кейде материал жазатын. Жарты-ақ беттік. Сол жарты беттік материалы біздің көл-көсір жазғанымыздан әлдеқайда артық болатын. Газеттің қос бетін бос сөзбен толтыратындар да бар. Қазір очерк деген мүлдем жоғалып барады. Мен 80-жылдары біраз әлеуметтік очерктер жаздым. Менің «Көкектің күнәсі», «Бал арасы» сынды очерктерім кейбір әңгімелерімнен артық деп ойлаймын.
– Қазір халыққа ақпарат таратуда интернет желілерінің беделі артты. Интернет журналистиканың дамуы жыл сайын қарқын алып келеді. Ал, сіздің ойыңызша, дәстүрлі журналистика мен медиа-журналистика серіктес пе, әлде бәсекелес пе?
– Бұл жерде саналы бәсеке жоқ. Инерция деген бар. Ешкім мынадан озайын деп ойламайды. Әркім өзінің жұмысын істеп жатыр. Ең өкініштісі, біз интернет арқылы бүкіл тарихымызды қолдан өшіріп жатырмыз. Қағазға түскен дүние мәңгілік. Кейінгі ұрпақ қағазға қарап тарихты таниды. Ал, осы электронды дүниенің бәрі соған жетеді деп ойлайсың ба? Компьютерің күйіп кетсе, бар дүниеңнен айырыласың. Біз ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан құнды дүниемізді техника деген жалмауыздың аузына салып беріп отырмыз. Мысалы, қытай халқы болашағын керемет ойлайды. Оларда ауа райы болжамдарының да екі мың жылдық жылнамасы сақталған. Егер біз тарихымызды сақтап қалғымыз келсе, осы қытай дәстүрінен үйренуіміз керек. Олар Конфуцийдің ілімімен қаруланған. Қағазды алғаш ойлап тапқандар да осылар. Қағаздың бетіне жазылған дүние қасиетті.
– Әңгімеңізге рақмет!
Гүлназ САТЫБАЛДЫҚЫЗЫ
Пікір қалдыру