|  | 

Саясат

БІЗГЕ КЕЗЕКТІ ПРЕЗИДЕНТ ЕТІП КІМДІ ТАҒАЙЫНДАЙДЫ?

 

Қазақстан сияқты “тәуелді” мемлекеттің президент «сайлауының» нәтижелері көбінесе шетелдік астаналарда анықталады. Әзірше, сөз жүзіндегі дербес еліміз іс жүзінде Ресей қолшоқпарларының қатарынан орын алуда. Біздің сауда-саттық тәртібіміз әйел ішкі киімінен бастап, жеңіл автокөліктерге дейін Мәскеудің бұйрығы бойынша орындалады. Теледидарымыз орыс әскерилерін мен тыңшыларын мадақтаумен шұғылдануда. Әуе кеңістігіміз Ресейдің тікелей бақылауында. Сондықтан, жақын болашақтағы президент «сайлауының» сценарийі негізінен Кремльдің шешімі бойынша қалыптаспақ.

Солтүстік «достарымыз» үшін өмірбаян мен жеке қабілеттері бойынша президенттігіне ең тиімді үміткері – ҚР президентінің көмекшісі және Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев. Ал, мәскеуліктер үшін премьер-министрлігіне ең қолайлы үміткері – Қазақ үкіметінің бірінші вице-премьері Бақытжан Сағынтаев. Қай себептен Кремль үшін дәл осы саясаткерлердің орны бөлек? Н. Ермекбаев – тәжірибесі мол әскери тыңшы, КСРО Қорғаныс министрлігі Генштабының атышулы ГРУ (Бас барлау басқармасының) офицері. КСРО, ал одан соң Ресей үшін Н. Ермекбаев өте сенімді әріптес болып табылады. 1984 жылы, 21 жасар Н. Ермекбаев португал тілінің әскери аудармашысы ретінде Республика Анголаға бір жылдық іссапарға аттанады. Есіңізде болса, Одақ тұсында шетел тыңшыларының арасында қазақтардың саны жоқтың қасы болған еді. Ұлтшыл мәскеуліктер осындай майлы шелпек «жұмысына» қазекеңдерді жолатпауға тырысты. Демек, ауызынан уызы арылмаған Нұрекеңнің мұндай құрметті қызметіне кірісуі – Кремль алдындағы ерекше сенімінің белгісі емей немене? Тыңшы мансабының осындай керемет басталуы КГБ-ФСБ-ГРУ ең таңдаулы қызметкерлерінің өмірбаянын елестетуде.

Мысалы, Ресейдің бұрынғы премьер-министрі, РФ Сыртқы барлау қызметінің (СВР) қазіргі жетекшісі Михаил Фрадков: 1973 жылы, 23 жасар М. Фрадков Үндістандағы КСРО елшілігінде инженер-аудармашы ретінде тыңшы қызметін атқарды. Өйткені, бозбала Миша КГБ ағылшын курстарын тәмамдап, техникалық аудармашының дипломын иеленді. Ресейдің шын жетекшілерінің бірі, «Роснефть» мемлекеттік мұнай компаниясының президенті Игорь Сечин: 1982 жылы, 22 жасар Игорёк португал тілінің әскери аудармашысы ретінде Мозамбикке екі жылдық іссапарға жіберіледі. Ол да ГРУ офицерлерінің бірі. РФ президенті әкімшілігінің басшысы, ФСБ генерал-полковнигі Сергей Иванов: 1974 жылы, 21 жасар Серёжа ағылшын тілін зерттеу үшін Ұлыбританиядағы Илинг техникалық колледжіне бір жылдық курсына аттанады. ФСБ үгіт пен насихат генералитетінің мүшесі, тележурналист Сергей Доренко: 1982 жылдың маусымынан бастап, 1984 жылдың маусымына дейін әскери ұшқыштың ұлы, Қырымның тумасы Серёжа Республика Анголада португал тілінің аудармашысы ретінде тыңшы қызметін атқарған болатын.

Көрдіңіз бе, Мәскеу мен Ленинградтың азулы тұрғындардың арасында да шымкенттік Н. Ермекбаев алдыңғы қатардан жарқ етіп көрінді. Демек, сексенінші жылдардан бастап КСРО арнайы қызметтері оны қолдап, жауапты жұмысқа даярлады. Неге Нұрекеңді жырақтағы Анголаға жіберді? Қазақстанға осы экзотикалық елдің қандай қатысы бар? Жер көлемінен Украинадан екі есе үлкен, халқының саны жиырма бес миллион тұрғындарға жуық Ангола – мұнайға бай мемлекет. Алайда, бұқара қауымның басым көпшілігі кедейшілікте өмір сүріп, табиғат байлықтарының қызығын көрмейді. 1979 жылдан бастап, КСРО демеушілігімен құрылған «Анголаны босату үшін халық қозғалысы – Еңбек партиясының» (Movimento Popular de Libertação de Angola — Partido do Trabalho) жетекшісі Жозе Эдуарду душ Сантуш Анголаның президенті болып табылады. Отыз алты жыл бойы ірі мемлекеттің байлықтарына кенедей жабысқан диктатор 1942 жылы туған. Оның қызы, Изабель душ Сантуш, Анголаның ең бай адамдардың бірі, Африкадағы тұңғыш миллиардер-әйел. Демек, Анголаның саяси мен экономикалық жағдайы Қазақстанның тиісті жәйттеріне әбден ұқсас. Сонымен, Астаналықтар африкандық мемлекетпен өзара тиімді тәжірибе алмасуын өткізе алмақ.

Кремльдегі байырғы ағаларымен қатар, Тяньаньмэньдегі аға әріптестерін де есте сақтаған жөн. Осы жағынан да, Н. Ермекбаев жарап тұр. 1999-2001 жылдары, Пекиндегі «Халық банкінің» өкілі боп жұмыс істеді. 2001-2003 жылдары, Қытайдағы ҚР елшілігінің кеңесшісі ретінде қызмет етті. 2003-2004 жылдары, Сингапурдағы ҚР өкілетті өкілі қызметін атқарды. 2012-2014 жылдары, Қытайдағы ҚР елшісі қызметін атқарды. Әрине, Кәрім Мәсімов пен Қасымжомарт Тоқаев Нұрекеге қарағанда әлдеқайда ауқатты іскерлер, тәжірибесі мол саясаткерлері. Олардың Ресей мен Қытай алдындағы сіңген еңбегі де орасан зор. Бірақ, К. Мәсімов – ұйғырдың баласы. Оған қарсы неше түрлі компромат жарияланған. Қ. Тоқаев – ынжықтау дипломат. Ол қаһарлы жігерді талап ететін президент лауазымына жарамсыздау үміткері. «Президент өнімі» Иманғали Тасмағамбетов тіпті жанжалына белшесінен батқан: «Наурыз банкі» дау-дамайы, Шаңырақ қақтығысы, «Алматыжер» парақор жәйттері… Сонымен қатар, алдын-ала жарнамалайтын үміткерлердің жолы әдеттегідей болыңқырамайды. Мысалы, Ресей үкіметінің бірінші вице-премьері Борис Немцов пен Сарытау аймағының әкімі Дмитрий Аяцков президент Борис Ельциннің мұрагерлері ретінде талқыға түсіп, ақырында сақал сипап қалды. Ал, бұқаралық ақпарат құралдарында ешбір жанжалдың кейіпкері болып үлгермеген Н. Ермекбаев «сайлаушылардың» пайымдауынша жібі түзу қазекең болмақ. Нұрекеңнің тағы бір жақсы жері: ол оңтүстік өңірінің тумасы. Соңғы жарты ғасырдың барысында, нұрлы дәстүр қалыптасқан. Кремльден тағайындалатын Қазақстан жетекшілерінің бәрі дерлік оңтүстік өңірінің тумалары: Исмаил Юсупов, Дінмұхаммед Қонаев пен Нұрсұлтан Назарбаев. «Тәуелсіздігімізді» алғаннан соң, жоғары сот төрағасы, ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы және президент күзетінің бастығы тәріздес аса маңызды лауазымдарына да оңтүстік өңірінің тумалары тағайындалған.

Батыстағы адайлар, солтүстіктегі арғындар мен шығыстағы наймандар осындай теңсіздікке өкпелемесін. Ол рушылдықтың кесірі емес, «ақ патшаның» даналығы ғой. Кезінде, аңқаулау большевиктер лениндік интернационализмді ту етіп Қазақстандағы жоғары лауазымдарды қалай болса солай үлестіріп жіберді. Нәтижесінде, Ақмола аймағының тумасы Жұмабек Тәшенев сияқты ұлтжанды бәзбіреулер билік тізгінін ұстап, кейде Мәскеудің озбыр саясатына тойтарыс беретін. Еуразиялық интеграциясының мән-жайын түсінбейтін жаңа Жұмабек Тәшеневтің келмеуіне кім кепіл?! Сондықтан, буырқанып кететін қызба біреулердің орнына сыпайы, ымырашыл оңтүстік саудагерлерді тағайындалғаны жөн. Әрине, Н. Ермекбаев қанша мықты болса да, қосымша үміткерлер де баршылық.  2012 жылдың 12 желтоқсанында Ресей ғылым академиясының Социология институтының ғылыми қызметкері Ирина Атаян (армян еркегіне тиген балт-славян әйелі) Алматы қаласының тұрғындары арасында сауалнамасын жүргізді. Аталған шараның соңында, И. Атаян бейтаныстау саясаткердің үлкейтілген фотосуретін көрсетіп, ол жөнінде сұрақтарын қойды. Әрине, алматылықтардың көбісі сол кездегі кәдімгі атқамінер Бақытжан Сағынтаев туралы онша білмеді. Ресейлік социолог та біздің саяси кейіпкерлерімізді жақсылап танымаса да, әлгі Сағынтаев жайында ғана қызығушылығын танытты. Мәскеулік келіншек «Б. Сағынтаев сенімді адамға ұқсай ма?» жергілікті жұрттан сұрады. Оған жауапты жұмысты жүктеуге бола ма? Әлбетте, беймәлімдеу кісі жөнінде олар нақты жауабын қайтара алмады. Тек қана Жамбыл аймағы Талас ауданының тумасына қарай біршама күмәні пайда болған: «Бәлкім, оңтүстік өңірінен шыққан кезекті саудагер»))) Егер социолог орнында ресейлік ресми өкілдері бұндай сауалнаманы жүргізсе, мынадай шара біздің ішкі істерімізге бас сұққанымен тең есептелер еді. Алайда, ресейлік биліктің тапсырысы бойынша қимылдайтын ғалымсымағына дәл осындай айыбын таға алмайсыз.

Сауалнамасына қатысқан жұрт бейқам көңіл-күйінде тарасты. Бірақ, сәлден соң социологтың теоретикалы сұрақтары практикалық түрде дүниеге келді. 2012 жылдың 25 желтоқсанда еуразиялық одағының жолындағы кедергі боп саналатын біздің шекара қызметінің басшылары әуе апатында қырылған. Ал, жаңа жыл мерекесін тамаша өткізген Бақытжан Сағынтаев 2013 жылдың 16 қаңтарда бірінші вице-премьер боп тағайындалған. Президент лауазымына екі ғана қадам қалды. Айтпақшы, Б. Сағынтаев та бұқаралық ақпарат құралдарындағы жанжал мақалаларының кейіпкері болып үлгермеген. Ресеймен «Протон» апаттарынан Қазақстанға келтірген залалы бойынша келіссөздері барысында да Б. Сағынтаев мәскеуліктер үшін ыңғайлы әріптес болып, өткір мәселелерді қозғамады. Әрине, Н. Ермекбаевқа қарағанда, мәскеуліктердің алдында Б. Сағынтаевтың сіңірген еңбегі ауыз толтырарлықтай емес. Сондықтан, Кремль үшін жергілікті биліктің мынадай үлестіруі қолайлы: президент – Н. Ермекбаев, премьер-министр – Б. Сағынтаев. Бірақ, орысшыл күштердің болашағы көмескілеу. Өз жоспарларын жүзеге асыру үшін – асыққаны жөн. 2014 жылдың 24 қарашасында, тілі ащы орыс блогері Андрей Князев (oldfisher_mk.livejournal.com) атақты хоккей бапкері Виктор Тихоновтың ажалына қатысты былай жазыпты: «Ну, Виктор Васильевич, прощай, жизнь ты прожил немаленькую и очень интересную… Ты видел много эпох в СССР, а ушёл перед самым окончательным крахом уже совсем другой страны, перед крахом русиянии…»Аузыңа май, Андрей!

 

 

Данияр НАУРЫЗ

Abai.kz

Related Articles

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: