|  | 

Көз қарас

…Сен білетін қазақ – өткен заман қазағы

…Сен білетін қазақ – өткен заман қазағы. Рас, ер болды, мәрт болды. Ел болды. Бірақ ол қазақ Кенесары-Наурызбаймен бірге өлген. ХХ ғасырға жеткен жұқанасы, яғни кеудеде қалған кісілік пен намыстың ең ақырғы жұрнақтары 1932 жылғы ғаламат ашаршылықпен бірге тозды. Одан соңғы қазақ – мүлде басқа жұрт, басқа ұлт. Асып кеткенде, өткен қазақтың жармағы ғана. Сенің түсінбестігің сонда. Түсінбестігің ғана емес, трагедияң. Сен бағзы тарихтан таныған ежелгі ғұн, түрік дәуірі, оған тете Алтын Орда, оған жалғас Қазақ Ордасының елесімен жүрсің. Бүгінгі қазақ – сол қазақ, қаны бір, жаны ортақ, тек заманы басқа деп ойлайсың. Ал мен өткен тарихтың жалпы сұлбасын біле тұра, ой-пікір, байып-толғамым бүгінге бейім, бүгінгі қазақты нақты танып, зерттеп танығандықтан, сен сияқты елес, ой-қиялдағы қазақ емес, өзімізбен қатарлас өмір сүріп, тірлік кешіп жатқан ел-жұртымыз туралы мүлде кереғар қорытындыға келдім. Сенімен бірлес кезімде: баяғыда солай еді, енді неге бұлай деген күмән тұратын көкіректе; тымырсық архивтен кетіп, тар қаладан кең дүниеге шыққан, қазақтың қайнаған ортасы, жаңа өмірге бойлай енген соң, заман оза келе, неге бұлайын ғана емес, нақты қандайын да қапысыз таныдым. Әлемдегі ең сорлы, ең қор халық екен. Ақылдың аздығынан, қажыр-қайраттың кемдігінен емес. Күні біткен, болашағы жоқ халық екен. Білімнің олқылығы, қабілеттің төмендігінен емес. Ақыл да, қабілет те, күш-қайрат та жетерлік. Пайым, парасаты да артығымен. Жетпейтіні – бір-ақ нәрсе, өкінішке қарай, ең басты нәрсе. Арбаның күпшегі, қораның тіреуі деген сияқты. Бүгінгі тілге көшірсек, машинаның моторы, ұшақтың қанаты дегендей. Оның аты – ұлттық сана. Ұлттық сана жоқ қазақта. Жалғызға емес, жалпыға тән, сүйекке сіңген, қалыпты сыпат. Және назары мен қажыры күнкөріс, тіршілік соңында кеткен бұқара жұрт қана емес, ұлттың бетке шығар кісілері: биліктегі, бизнестегі, саясат пен шаруашылықтағы алпауыттарың тұрыпты, зиялы аталатын, елдің қамын жеуге тиіс – ғылымдағы, өнердегі, мәдениет пен әдебиеттегі тарланбоздарың түгел ұлтсыздық дертіне шалдыққан. Қайталап айтайын, қазақта ұлттық сана деген атымен жоқ. Қалған барлық пәле осы жалғыз-ақ кінәраттан туындайды.
Мен өткенді араға тартпаймын. Жарайды, отар болыпсың, кіріптар болыпсың. Бәрі сырттан, жоғарыдан шешіліпті, мұндағы қуыршақ үкіметіңе отарлаушы, өктем халыққа бейім ғана емес, исалмас, тіпті, өз жұртына жау кісілер тағайындалыпты, еріксіз ел амалсыздан бәріне көніпті. Қазір бас билік қазақта. Ал, не болды? Жеріңнің асты мен үстіндегі бар байлық талапайға түсті. Қарақшы болса да қазақ алса жөн ғой. Билік басында отырғандар азды-көпті параға түгелдей жат жұрттық жалмауыздарға өткізді. Жүз есе кеміс бағамен, тегінге жақын. Обал-сауапқа, аруақ, құдайға қараған жоқ. Тым құрса, қолда тұрғанда өздері алсайшы. Бірінің екіншісіне беретін бастырық ақшасы жетпеді, екіншісі – үшіншісі байып кетеді деп қорықты. Сөйтіп, қазақтың неше мың жыл бойы сақтаған, енді неше мың жыл бойы ұрпағыңды бақытқа жеткізер қисапсыз байлығы далаға кетті. Өзінен қызғанғаны өзгеге бұйырды. Мұндағы біздерге жұғын, қаспағы ғана тиді. Қазынаның бір шетінде жүрген бізге. Қалған қара қазақ тақырға отырды. Ендігі сыбағасы – мың жылдық құлдық. Әуелгі жүз жылға аман жетсе. Жетпейді. Кеткен кенің, таланған қазынаңа салауат. Енді табан астындағы қара жеріңнің өзі саудаға түскелі тұр. Жерді сату туралы мәселе көтеріліп жатқанынан хабардар шығарсың. Әзірше қабылдап үлгерген жоқ, бірақ сөзсіз жүзеге асады. Манағы ер қазақ мың жыл бойы қан төгіп қорғап келген, кейінгі ұрпағына мирас қалдырған қайран жер түгелдей жеке меншік бөліске түседі. Қазіргідей, үй салатын, бақшалық, шағын кесіммен емес, тауың тұтасымен, орманың орамымен, көлің көлемі, өзенің ұзына бойымен заңсыз телімге түсіп, кең далаңның дал-дұлы шығады. Әрине, қазақ үшін емес. Ұлтарақ тисе тәуба айтарсың. Ең шұрайлы, ең құйқалы, құнарлы қоныстарың түгелдей орыс-орман, жойыт-жебірге бұйырады. Шешім шығарған кім, бөліске салған кім? Азғана пайданы ойлап, мың жылдық ұрпағының болашағын кескен қазақтың өзі. Билік дерсің. Отарлық, жат жұрттық билік емес қой. Егемен деп аталатын елдің өз иелері. Қазақ. Ал, не айтасың? Саудаңның шынымен біткен жері осы. Енді нең қалды? Дінің мен тілің бе? Мұсылман болып жарытпаған қазақ қазір христиан дінін қабылдап жатыр. Кришнаит болып жатыр. Ешкім зорлаған жоқ. Өз қалауы, өз еріктерімен. Азып-тозудың бұдан артық қандай көрінісі болуы мүмкін? Ал тілдің мәселесі тіпті қиын. Әлемде өз тілінен безген жалғыз жұрт болса, ол – қазақ. Ана тілін тіршілікке қажетсіз деп санайды. Сондықтан, баяғыда орыс, енді ағылшын. Тума тілін білгісі келмейді, білсе тезірек ұмытуға тырысады. Жай ғана жерімеген, керек десеңіз жиренеді. Заттық және рухани қайыршылық үстінде отырып, соншама астам. Жалпақ жұртыңыз. Ал қазіргі «қазақ элитасының» жаңа әулеті өз ұлтын сыйламақ түгілі, қазақ атануды намыс көреді. Сен білесің бе, шет елге, республика қаражатымен, «Болашақ» атты арнайы бағдарлама бойынша, – Америкасы бар, Англия, Франция, Германиясы бар, әлемнің ең таңдаулы университеттеріне оқуға жіберілген, бес, он емес, бірнеше жүз қазақ жасының осы жақында ғана қандай мәлімдеме жасағанын? Қазақ ұлтшылдары, яғни мына сен талап етіп жүргендей, Қазақстанда мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі күшіне енетін болса, біз мұндай отанға қайтып оралмаймыз деген. Міне, сенің ең тәуір болашағың. Ал енді ұлттың ұйтқысы болуға тиіс, сырттан шынында да солай көрінетін қазақ интеллигенциясы, өз тілдерімен айтқанда, «зиялы қауымға» келейік. Шыңыраудың түбінде жатқан, нағыз қорыс батпақ осы емес пе. Бос шулағаннан басқа не бітіріпті. Шуының өзі берекесіз, үзік-жыртық. Ештеңенің байыбына бармайды, ештеңені байыздап ұқпайды. Өкіметтің қыбын қалай табамыз дегеннен басқа қам-қарекеті жоқ. Дәрменсіз ғана емес, жалтақ. Тым құрса, өз бастарын қорғай алмайды. Күнкөрісі төмен екен. Кім кінәлі? Өздері. Жабыла мақтағанша, жапырлап сұрамай ма тиесілі сыбағасын. Сұрау тұрыпты, талап қоймай ма. Жоқ. Үйшік алдында бұратылып жатыр. Байлауда, аш ұстаған қожайынға жағынып, құйрығын бұлғаңдатқаннан басқа, ара-тұра көлденең өткенге шәу-шәу үріп қойғаннан басқа қандай тіршілігі бар? Мейлі, дәрменсіздігі заманнан дейік. Ұлттық мәселелерді көтере алмаса, білімсіздігі дейік. Бірақ адамдық кескіні қайда? Ұлт үшін, ұлттық рух, ұлттық мәдениет үшін жанқияр еңбек етіп жүрген бірлі-жарым азаматтарға жаппай топырақ шашуын қалай бағалаймыз? Кезінде Ахаң мен Жақаңды қалай құртты. Мағжанның түбіне қалай жетті. Мұхаңды қалай қудалады. Тоталитарлық система дерсің. Сол системаның сенімді қаруы кім еді? Мағжанның, Мұхаңның ұлтшылдығы туралы мақалаларды орыс жазып па, қайта, қорғаған сол орыс емес пе – бірін түрмеден шығарды, екіншісін мұратына жеткізді. Енді, отарлық заманды ұмытып, егемен күніңе келейік. Құлдар билікке жетті. Билік арқылы байлыққа кенелді. Кешегі, қарғыда өскен сатымсақ партноменклатура және олардың сырқат саналы үрім-бұтағы ғана емес. Өткендегі науқаншыл жандайшаптар мен жаңадан күш тапқан әрқилы авантюристер. Оларға ұлт емес, ұлағат емес, ордалы тұғыр, қордалы байлық қана керек еді. Бар мақсаты оңынан түсті, ойына келгенін жасады, ойрандап бітті. Дәл сондай таным, сондай пиғылдағы, бірақ билікке иектемей, байлыққа ілінбей қалған пақырлар не істеуі керек? Сататын, өткізетін ештеңесі де жоқ, қазақтың аты мен затынан басқа. Өткен тарихы, рухани қазынасынан басқа. Олар да топырлы дуға араласты. Билік пен байлыққа жағу үшін, өздерінің де кісі екенін әйгілеу үшін. Яғни, бұрын ештеңе де болмады, тарих та, мәдениет те бізден басталады демек. Баяғы Октябрь төңкерісінен соңғы құл-құтанның ұраны бойынша. Ата-қазақтағы ұлы тұлғалардың бәрі мансұқ етілді. Ойшылдарың – қияли, ақылманың – наркоман, ғұламаң – сатқын деп жарияланды. Ешқандай теріс айғақ, қиғаш дерек болмаса да, бәрі кәкәй. Есесіне, әр ауыл, әр аймақтан жаңа тұлға, ақын, батыр, әулиелер ойлап табылды. Дерексіз аруақ, тіпті, көпшілігі өмірде болмаған елестердің бүгінгі «алыптарға» ешқандай бөгісіні жоқ. Яғни, тақыр-таза жерде тау тұрғызу қиын емес. Өстіп, егемен заманның ерекше тұлғалары қалыптасты. Айқай, ұран, құр кеуде. Не ақыл жоқ, не білім жоқ, не түйсік, не ұят жоқ. Және қалай айтсаң да, қазіргі жұртыңа лайық. Ой өрісі де, ұғым-таным деңгейі де, адамдық қалып, моральдық ұстанымы, өткен мен бүгінге көзқарасы да. Үйлес төбешіктердің ішіндегі шоқысы. Қажетті сұраныстан туған еріксіз тауар. Ел-жұртыңның қалауы мен тілеуінің нақты көрінісі. Жалпыға тән жамандықтың шіріген шикі жемісі ғана. Ал сен бар пәлені өзі де құрбан болып есептелуге тиіс, орайлы жолмен бақ қуған әумесір сорлыға апарып жапсырасың. Мәселен, күні кешегі, саған тікелей қатысты, қаншама айқай болған, тарих төңірегіндегі әңгіме. Сені сотқа тартуды, жұмыстан шығарып, шет елге қууды талап еткен «еңбекші» қауымға өкпе жоқ екен, – ұқпапты, білмепті, сөзге еріпті. Ал ұлттық парламенттің ғұзырлы жиырма сегіз депутатын, әрқайсысы әр салада үлкен атақ, абыройға жеткен он бес академикті, ананың да, мынаның да ішінде бөтен ешкім жоқ, бәрі де қазақ, сол, қырық бірдеңе кісі – егемен еліңнің бетке шығар азаматтарын қазақта тарих болмады, Әз-Жәнібектен Абылайға дейінгі барлық хандарың қазақ емес, моңғол, бұл халықта бізге дейін тиесілі территория да, тәуелсіз мемлекет те болған жоқ деп жұлқындырған кім? Иә, ұйымдастырушысы бар, бірақ нұсқаушы, мәжбүрлеуші емес қой. Өз еріктері, өздері. Не күн туыпты бастарына? Жарайды, бүгін көңілдеріне жақпаған әлдекімдерді мұқату, жеккөрінішті, сұмырай қылып шығару қажет екен. Сонда әлгі кісімен бірге өткендегі бүкіл қазақ тарихын мансұқ ету шарт па еді?.. 
«Жармақтан»

дайындаған Рысбек Дәбей

Related Articles

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

  • Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Арман Әлменбет Екі-үш күн уайымға салынып кеттім. Осы соңғы жазғаным болсын. Әрі қарай Құдайға тапсырып, жұмысымды істейін. 6 ақпан күнгі ойым: Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті. Ковид кезінде өкпесі жұмыс істемей қалған адамдарға Түркиядан ИВЛ деген аппарат әкелгені естеріңізде ме? ИВЛ болмай, қанша адам өліп қалды. Орыс тілін алып тастасақ, Мәңгілік ел мен Есіл өзенінің ортасындағы бес-алты ғимарат босап қалады. Тек орысша ойланатын адамдар жиналып ап, өздері әдемі отыр о жерде. Менің түсінігімде, орыс тілін конститциядан алып тастау үшін оған алдын ала дайындалу керек. Соңғы екі жарым жылда осыны қатты ойланып жүрмін. Ұсынайын деп едім, қызығатын адам таба алмадым. Сөйтіп «Ана тіл

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: