Қазақ тілі – ІТ мен өркениет көшінде өз орнын табарына кәміл сенуіміз керек
Жуырда National Geographic журналының қазақ тіліндегі алғашқы саны жарыққа шықты. Бұл мемлекеттік тілде таралатын тұңғыш шетелдік басылым болып отыр. Басылым алғашқы санынан-ақ еліміздегі маңызды экологиялық проблемаларға назар аударып отыр. “Арал тағдыры – адам тағдыры” деп аталатын мақалада ғаламшардағы ең үлкен су қоймасы, Орталық Азияның маңызды стратегиялық нысаны – Арал теңізінің жай-күйі баяндалған.
“National Geographic Қазақстан” журналының негізгі мақсаты, құрылтайшылардың айтуынша, экологиялық мәселелермен қатар, еліміздің қайталанбас сұлу табиғатын, өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесінің алуандығын насихаттау. Сондай-ақ, қазақстандық ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми ізденістеріне ақпараттық қолдау көрсету. Осы мақсатта журнал ұжымы биыл еліміз бойынша бірқатар зерттеу экспедициялары мен фотокөрмелер ұйымдастырмақ екен. Осы ретте журналдың жауапты редакторы Мақсат Ясылбайұлымен сұхбаттасуды жөн көрдік.
NatGeo Wild телеарнасын көрген сайын, шіркін, осы арна неге қазақ тілінде көрсетілмейді екен деп армандайтын едік. Іші-бауырыңа кіріп, жануарлардың жанында жүргендей әсерге бөлейтін бағдарламаларына қарап тамсанатынбыз. Кейін білдік, National Geographic деген құрамына көптеген ұжымдар кіретін үлкен қауымдастық екен. Сол қауымдастықтың ең негізгі темірқазығы осы National Geographic журналы. Журналдың алғашқы саны 1888 жылы жарық көрген болатын. Содан бері 128 жыл бойы адамзатқа тек ғылым-білім бағытында ақпарат таратып келеді.
Көркемдеп айтсақ, Құдайға шүкір, енді міне, бір кездегі сол арманның жалына қос қолымызбен жармасқандай болып жатырмыз. National Geographic журналы Орталық Азия бойынша алғаш рет Қазақстанда жарыққа шығып отыр. Және бұны біз ерекше мақтан тұтамыз. Журнал құрылтайшысы – отандық медиа-нарықта танылып үлгерген KAZMEDIA HOLDING ЖШС компаниясы. “Бұл идея қалай пайда болды” деген сұраққа қысқаша осылай жауап беруге болады. Ең бастысы жақсы идея болса болды. Қалғаны табанды еңбектің еншісінде.
Шынымен де, алғашқы номер дайындалып жатқанда редакциямызға Елбасымыздың өзі арнайы құттықтау жіберуі біз үшін үлкен тосын сый болды. Бұл хат шығармашылық ұжымды бір серпілтіп тастады. Өз басым бұны “осындай тың дүние жүзеге асып жатыр” екен деп, ол кісіні дер кезінде ақпараттандырып отырған Президент баспасөз қызметіндегі азаматтардың кәсібилігі дер едім. Елбасы өткен жылдың қыркүйек айында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ жиынында қазақша баяндама жасағанын білесіз. Біз тура сол кезде Вашингтонда журналдың лицензиясын алу, жұмыс процесін пысықтау бойынша америкалық әріптестерімізбен келіссөздер жүргізіп жатқан болатынбыз. Елбасы National Geographic журналының қазақша шыққалы жатқандығы туралы сол жолы естіп білген болуы керек деп ойлаймын. Ал енді журналдың не жазатыны, тақырыбы көпшілікке мәлім. Сұхбатта бәрін айту мүмкін емес. Нақтырақ білу үшін әрине алып оқу керек.
“Үйреншікті боп кеткен” деген сөз басқаша айтқанда стереотип деп аталады. Бүкіл әлем ағылшын тілі мұхитынан азық алып отырғанда біздің көлшікке телміргеніміз жөн бе? Стереотипті өзгертпей, сана жаңармайды. Әрине басталған істің қиындығы аз болмайтыны сөзсіз. Кейде жаңылыс кетуің мүмкін. Кейде дұрыс болады. “Ештеме істемеген адам ғана қателеспейді” деген сөз бар емес пе? Дегенмен қазақ тілі ғылым мен технологияның тілі бола алатынына, ІТ мен өркениет көшінде өз орнын табарына кәміл сенуіміз керек.
Журналдың ақпан айында шыққан алғашқы саны
Келісімшарт бойынша журналымыздың алғашқы сандарында әлемдік мазмұнды аударып беріп отырамыз. Онда да біз өз оқырмандарымызға қызықты деген зерттеулерді іріктеп аламыз. Бірте-бірте жергілікті мақалалар бере бастаймыз. Бірақ оларды дайындау ұзақ уақыт пен көп күшті талап етеді. Қазір біз бірнеше тақырып бойынша зерттеулерімізді жүргізіп жатырмыз. Мемлекеттік органдардан қазірше ұсыныс білдіргендері жоқ. Бірақ ортақ жобалар жасап, бірлесе зерттеу жүргізуге біз дайынбыз.
- Бұл сұрақ – өте өзекті және кесіп жауап беру қиын сұрақ. Бірақ Сіз бұл сұрағыңызбен баспа индустриясындағы шетін мәселені дөп басып отырсыз. Өмір алға жылжыған сайын, адамдардың санасы да ұдайы өзгеріп отырмақ. Қоғам дамуымен қатар, технология да қарыштау үстінде. Бірақ қоғамда өзгермейтін де құндылықтар бар. Мысалы, кино пайда болғанымен театр жоғалып кеткен жоқ. Сол секілді газет-журналдардың дәуірі аяқталып, барлығы интернетке ауысып кете қоймасы анық. Рас, белгілі бір деңгейде динамикасы төмендеуі мүмкін. Оған қоғамдық поп-мәдениет те белгілі бір дәрежеде әсер етуде. Бірақ бүгінде жарнаманың он-лайн нұсқасына қарағанда қағаздық нұсқасы тұтынушыға көбірек әсер ететіні дәлелденіп жатыр. Сондықтан еуропаның кейбір басылымдары қайтадын өзінің қағаздық нұсқасына қайтып жатыр. Екіншіден, сапалы қағаз бен экологиялық таза бояуға басылған құнды мәлімет қай заманда да сенімділік пен зиялылықтың бір көрсеткіші болып қала бермек.
Ұсынысыңыз өте орынды. Бұл тақырыптағы дүниелерді біздің сайтымыздан табуыңызға болады.
Өзіңізге де көп-көп рақмет. National Geographic журналын оқығысы келетін азаматтар еліміздің барлық ірі қалаларындағы газет дүңгіршектерінен, супермаркет, әуежай, жанармай бекеттері, тағы да басқа орындардан таба алады. Бағасы бар болғаны 660 теңге. Бірақ делдалдық қызметті қоса есептегенде бағада аздаған өзгеріс болуы мүмкін. Сол үшін бір жылға бір-ақ жазылу арзанға түседі. “Қазпошта” мекемесі арқылы жазылу индексіміз – 74886.
Сұхбатты дайындаған Ардақ Құлтаев
tengrinews.kz
Пікір қалдыру