Жасарат Жәлелұлының медицина саласына енгізген жаңалығы талайды таң қалдырды.
Қытайдағы қазақ ғалымы, Үрімжі ауруханасының аға дәрігері Жасарат Жәлелұлының медицина саласына енгізген жаңалығы талайды таң қалдырды. Оның емдеу тәсілінің артықшылығын Қытай және АҚШ мамандары мойындап отыр.
Жасарат Жәлелұлы медицинаға киіз үй үлгісіндегі тігіс түрін енгізіп, бұл еңбегін алдымен Қытайда, одан кейін АҚШ-та патенттеген. Адам емдеуде бес мың жылдық тарихы бар Қытай елінде тосын жаңалық ашқан дәрігердің аталған тәсілі ұлттық ерекшелігімен де құнды. Ғалымның киіз үй формасындағы тігісінің көптеген артықшылығы бар көрінеді. Соның бірі ретінде адамның сынған сүйегіне ота жасап, оны әлгі әдіспен тіккеннен кейін гипспен қатырудың қажеті жоқ екенін айтуға болады. Ж.Жәлелұлы бұл ем түріне «киіз үй үлгісіндегі ота жасау әдісі» деп ат қойыпты. Қазақ ғалымының кәдімгі қазақы етікке байланысты тағы бір соны жаңалығы бар. Атап айтқанда, ол адамдарда, әсіресе, спортшыларда жиі кездесетін өкше тірсегінің үзілуін пышақ тигізбей, кәдімгі қазақы етікпен емдеуді қолға алған. Мұнда науқас ем алу кезінде төсекке таңылып жатпайды. Керісінше, әлгі етікті киіп алып, үш мезгіл билейді. Маманның бұл соңғы жаңалығын әзірге Қытай жағы патенттеп беріпті. Дәрігер алдағы уақытта осы ғылыми жобасын Еуропаға таныстыруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Жасарат 1985-1990 жылдар аралығында Шыңжаң медицина институтында білім алған. Кейін медицина университетінде ұзақ жыл қызмет жасап, медицина ғылымының докторы дәрежесіне дейін көтерілді. Қазір Шыңжаң автономиясының сүйек ауруларын зерттеу орталығында қозғалыс медицинасын зерттеу бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарады. Сонымен бірге Шыңжаң дәстүрлі қазақ медицинасы қоғамының алқасы.Жасарат Жәлелұлы өз өнерін ұштай түсу үшін Бейжің қозғалыс медицинасын зерттеу орталығы Шанхай Хуашан емханасының сүйек бөлімі, Шанхай университеті биодинамикалық зерттеу орыны, Шанхай Фудан университеті биомедицина зерттеу орыны, Гуаңжоу Жұңшан университеті молекулалық биологияны зерттеу орыны сынды ғылыми-зерттеу орталықтарынан тәжірибеден өткен білікті ғалым. Ол 2009 жылы Шыңжаң медицина университетінің таңдаулы ғылыми қызметкері болып бағаланды; 2010 жылы Жұңхуа медицина қоғамының 12 кезекті сүйек аурулары ғылыми талқы мәжілісінде және 5 кезекті халықаралық COA ғылыми талқы жиналысында арнайы марапатқа ие болған.
Пікір қалдыру