|  | 

Сұхбаттар

Хан жолы һәм Қараөткел тарихы

Баянбай-2

 

Баянбай Хұсайнов – ұзақ жыл Есіл өңірін зерттеумен айналысқан өлкетанушы-ғалым. Өмірінің соңына дейін  Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-інде сабақ берді. Біз ғалымның көзі тірісінде журналшыға берген сұхбатын жариялап отырмыз. Сұхбатта Оңтүстіктегі Қоқан, Түркістан өлкесін Ұлытау арқылы солтүстіктегі Қызылжармен жалғастырып, ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда үлкен стратегиялық маңызға ие болған «Хан жолы» жайлы  әңгіме өрбиді.

 

 –  Сіз өлкетанушы ретінде «Хан жолы»  жайлы көп жыл зерттеп жүрсіз. Бұл байырғы «Жібек жолының» бір тармағы ма, әлде бертінде пайда болған жаңа сүрлеу ме?

– Менің зерттеуім бойынша, Қазақстан жері Ресейге толық бодан болғанға дейін солтүстік өлкеде төрт үлкен керуен жолы болған. Соның бірі – Қызылжар қаласынан шығып, Ақмола дуаны арқылы Ұлытауды басып өтіп Бұқара, Тәшкентке жетіп жығылған. Осы  керуен жолын ертеде «Хан жолы» деп атаған. Кейбір деректерде «Абылай жолы» деп те айтылады. Бұны көне «Жібек жолының» бір сүрлеуі деп айтуға да болады. Бірақ, тарихи стратегиялық маңызы жағынан Қазақ хандығы құрылғаннан кейін өркендеп, Абылай дәуірі мен Ресей патшалығының тұсында ең негізгі стратегиялық күре жолға айналған.

Жаңадан шыққан  «Қазақстан тарихы» атты көп томды еңбектің 1-ші томында «Хан жолы» туралы жақсы мәлімет бар. Одан кейін жазушы-ғалым Ақселеу Сейдімбектің «Қазақ әлемі» кітабында біршама деректер айтылады. Ал менің пайымдауым бойынша, Түркістан өлкесінен шыққан керуен жолы Ұлытауға келіп түйіскеннен кейін бірнеше тармаққа бөлініп, тарайтын болған. Соның бірі – Қараөткел арқылы өткен. Қараөткел өңірі –  «Хан жолының» күре тамыры болған.

Өйткені, Абылай ханның  жазғы ордасы жоғарыдағы күре жолдың бойында Колутан жазығында болғаны жайлы деректі орыс жазбаларынан кездестіреміз. Орта жүз қазақтарының Қытай елімен қарым-қатынасын зерттеген орыс тыңшысы Ф.Гордеевтің 1761 жылы Троицк бекінісінің команданты П.Роденге жазған құпия мәлімдемесінде: «Абылай сұлтан Жыланды тауларының маңайында Атбасар өзені бойындағы Колутан деген жерді жайлап отыр» дейді.

–   Есіл өңірі мен Қараөткел тарихы жайында жазылған көнеден келе жатқан қандай дерек көздерін білесіз?

– Есіл өңірі һәм Қараөткел жайында жазылған алғашқы дерек «Книга большого чертежа» атты көне кітаптан кездеседі. Мұндағы дерек көздері 1595 жылы Ұлытау арқылы өтіп, Сыр бойындағы Тәуекел ханнның ордасына барған орыс елшісі Вельямин Степановтың жолжазбасынан алынған сияқты.  Екінші бір дерек – 1690 жылы жазылған. Оны хатқа түсірген адамдар патшалық Ресейдің Орта Азия  жөніндегі елші-өкілдері Федор Скибин мен Матвей Трошкин дегендер. Бұлар Тобылдан шығып  Қазақ ордасының ханы Тәукеге елшілікке барған. Сапар барысында жүріп өткен жер аттарын, оның географиялық ерекшеліктерін жазып-сызып хатқа түсірген.

Осы еңбекке сүйеніп, 1701 жылы орыс картографы С.Ремезов 20 парақтан тұратын «Чертежная книга Сибири» атты  атлас жасап шыққан. Атласта – «Озеро Кургалчин», «Казачья орда» дейтін шағын тараулар бар. Мұнда, байырғы керуен жолының бойында орналасқан ескі қамал-қорғандардың орны, Есіл өзені аңғарындағы көне қоныстар жайлы біршама мәліметтер келтірген.

–  Есіл өңіріндегі керуен жолдары туралы қазақ ғалымы Ш.Уәлихановтың да зерттеуі бар емес пе?

– Есіл өңіріндегі керуен жолдары жайлы алғашқы болып зерттеген ғалымдардың бірі – Шоқан Уәлиханов. Ғалымның 1856 жылы өз қолымен толтырған «ХІХ ғасырдың ортасындағы қазақ даласының картасы» дейтін еңбегі бар. Бұл еңбек 1961 жылы жарық көрген көп томдығының 5-ші томына енген. Осында жоғарыдағы Абылай мекен еткен аймақтарды басып өтетін керуен жолдарының сызбасы көрсетілген. Сызбада Атбасар және Қорғалжын өңірі толық қамтылған.

Келесі бір назарда болатын дүние 1815 жылы Қоқанға кетіп бара жатқан орыс елшісі Филипп Назаров өз естелігінде: «Қараөткелді басып өтіп, Ұлытауға қарай кеттім» дейді. Қараөткелді мекендеп отырған Құдайменде сұлтанның өте жақсы қарсы алғанын айтады. Сұлтанның 16 жасар баласы Қоңырқұлжа мен ініс Бұлқайыр сұлтандар елшілерді құрметпен шығарып салғанын ризашылықпен атап өткен екен.

–  Сіз: «Хан жолының» бойында орналасқан археологиялық нысандар әлі де зерттелмей жатыр дегенді үнемі айтып жүрсіз. Ол қандай нысандар?

– Әлкей Марғұланның «Археологические памятники Казахстана» дейтін еңбегі бар. Осы жазбада – ХҮІІ-ХҮІІ ғасырларда Есіл, Қараөткел өңірін зерттеген Сотник Шахматов, Иван Шангиндердің еңбегін негізге ала отырып,  солардың ізімен барлау жұмысын жүргізіп, аса құнды мәліметтер қалдырған. Академик Әлекеңнің жазғанына қарағанда Алтын Орданың ханы  Тоқтамыс  Арқа өңіріне бірнеше қала салдырған. Соның бірі   Аққайрақты өзенінің  Есілге келіп құятын саласында, екіншісі – Сілеті жазығында, үшіншісі – Жақсы көң деген жерде дейді.

Бұлардан басқа Қорғалжынның маңында бір-біріне жақын орналасқан жеті қалашықтың  орнын тауып белгілегені жайлы айтады. Мен осы қалашықтардың орналасқан жерін іздеп табумен айналыстым. Мысалы, соның бірі қазіргі Аманкелді ауылының іргесінде тұр. Екіншісі – Мортық ауылының қасында  үлкен көпір бар, тура сол маңда ескі қорғанның орны жатыр. Қалған бірнешеуі Ұялы ауылының айналасында. Осылардың ішінде көлемі жағынан тым үлкен екі ескі қалашықтың орны қыраттың үстінде тұр. Негізгі сорабы жақсы сақталған. Бұл нысандар әлі күнге дейін зерттелмей қалып барады.

–  Бұл археологиялық нысандар қай дәуірдің мұрасы?

– Ақсақ Темірдің тарихшысы Әли Шарафад-динның 1391 жылы жазып қалдырған  жорық күнделігінде: «Ұлытаудан шығып, Есілге құлап Жарқайың бекінісіне келдік» дейтін жолдардың бар екенін  академик Ә.Марғұланның  еңбегі арқылы білеміз. Соған қарағанда Есіл бойындағы «Жарқайың» бекінісі Алтын Орда хандығының дәуіріне жататын сияқты. Бұл бекініс ақ патша заманында салынды дейтін болжам негізсіз.

Одан кейін Қима ауылының қасында «Кіндікті» деген жерде Тоқтамыс ханның ордасының орны бар. Оны жергілікті жұрт «Айдарлы» немесе «Қарауыл төбе» деп те атай береді. Осы арадан керемет керамикалық заттар табылып жатыр. Бұл қалашық туралы И.Шангин мен Әлкей Марғұланның жазбаларында: «Аққайрақтының Есілге  құяр сағасында Тоқтамыс салдырған  қалашық бар» деп тайға таңба басқандай анық жазылған.

Одан кейін Ақсақ Темір Тоқтамыстың артынан қуалап Ұлытауға келген. Бұл туралы жоғарыдағы Шарафад-дин жазады: «біз жұмадаптың алтысы күні Сарыөзен деген жерге келдік» дейді. Бұл бұрынғы Баршын ауданы жеріндегі Сарыөзен совхозы болуы әбден мүмкін.

–  Жоғарыдағы 1391 жылғы жазылған көне жазбада айтылған «Жарқайың» бекінісі мен қазіргі Жарқайың ауданы (бұрынғы Державин) арасында тарихи байланыс бар ма?

 Әли Шарафад-дин жазған «Жарқайың» бекінісі мен бүгінгі аудан Жарқайың екеуі бір жер.  Бұл басқа да деректер негізінде дәлелденген. Мысалы,  1771 жылы капитан Николай Рычков  Астрахан қалмақтары байырғы мекені шығыстағы ойрад ойпатына қайта ауғанда солардың ізіне түсіп  Ұлытауға келген. Содан шаршап-шалдығып Есіл арқылы Ресейге кейін қайтқан. Жолай көзіне түскен жер атауларын қағазға түсіріп отырған. Артынан бұл күнделігі «Капитан жазбалары» деген атпен жарық көрген. Бұл төтенше дәлдікпен жазылған бірден-бір жазба. Сонда айтады: «Біз Терісаққанның Есілге келіп құятын жерінен күрт бұрылып оңтүстік батысқа қарай жүрдік. Есіл өзені тіке батысқа қарай ағады да, бір мезетте солтүстікке қарай кілт бұрылады екен. Осы арада «Кең көл», «Жарқайың» дейтін елді-мекендерге келдік» – дейді. Осы  күні «Кең көлді» жергілікті халық «Кең өзен» деп атап кеткен.

Сол сияқты ғалым Е.Бекмахановтың еңбегінде айтылатын Есіл бойындағы Шолақсандық ауылының іргесіндегі бекіністің аты ескі аты – Жарқайың деп аталған.  Бұл бекініс – А.Ф.Рязановтың «Кенесары»  очеркінде, Н.Красовскийдің «Область Сибирская киргизов» атты еңбегінде және Л.Л.Мейердің «Киргизская степь Оренбургского ведомства» атты жазбасында «Джаргаинь» деп көрсетілген.

–  Есіл өңірін алғаш рет зерттеп хатқа түсірген орыс картографы Шангин туралы не білесіз?

– Бұл кісінің толық аты-жөні Иван Петрович Шангин. 1741 жылы туған. 1797 жылы Петербордағы Тау-кен училищесінде оқыған. 1816 жылы офицер Ф.К.Набоковтың тапсырмасымен қазақ даласына экспедиция ұйымдастырған. Неміс, француз, латын тілін жетік меңгерген. Менің қолымда Иван Шангинның 1816 жылы жазған  қолжазбасының көшірмесі бар.

Шангин книга

–  Қолыңыздағы қолжазба қанша бет?

– Барлығы 149 бет. Ескі орыс мәтінінде жазылған. Оқуға өте қиын. Екінің бірі түсіне алмайды.

– Жазбада Есіл өңірі мен Қараөткел туралы мәлімет бар ма?

– Әрине бар. И.Шангинның басты мақсаты – болашақта Есіл бойына салынатын әскери бекіністердің орнын анықтап, әскери стратегиялық маңызын картаға түсіру болған ғой. Өзінің жазуына қарағанда жол бастаушылары кілең қазақтар екен. Олардың аты-жөнін де жазып кеткен. Мысалы, керей руынан Байсал Алдабергенов, уақ руынан Дербіш Ізбасаров, атығай руынан Бимұрза Байжігітовтер деген сияқты.

Шангин жазады: «1816 жылы Петропавловск, Пресновка, Преснегорьковка бекіністерінен шығып, Аққайрақты өзенінің Есілге қосылған тұсынан өтіп, Терісаққан  өзенінің алқабын сағалап Ұлытауға бардым. Одан кейін Қаракеңгір, Жақсы көң суларының бойымен жүріп Қорғалжын көліне келдім. Есіл–Нұра бойындағы Бытығай, Бозоқ  кесенелерін көрдім» дейді. Осы сапарында болашақ Есіл өңіріне салынуға тиіс «Ақмола» бекінісінің орнын жобалаған. Алғашқы жоба бойынша бекініс қазіргі қала орнынан 30 шақырым жердегі «Ақмола» дейтін дөңестің үстіне салынуға тиіс екен. Бірақ көктемде өзен тасығанда  айналасын су алып кететіндіктен бекіністі Қараөткел бойына ауыстырып, атауын байырғы «Ақмола» атымен қалдырған. Сонымен қысқасы бүгінгі қаланың негізін ХҮІІ ғасырдың басында қалаған адам – Иван Шангин.

–  Кейбір тарихшылар Сібірдің  Көшім ханын Қараөткел-Есіл өңірінің тумасы дейді. Сол туралы сізде қандай мәліметтер бар?

– Көшім хан Қараөткел өңірі Есіл даласынан шығып, Сібірді бағындырды дейді. Бұл маман тарихшы, зерттеушілер тарапынан бір ізге түспеген тақырып. Десек те, орыс дерек көздері Көшімді «қазақ даласынан келді» деп бір ауыздан мойындайды. Оған дәлел, атақты тарихшы Н.Карамзиннің «Ресей мемлекетінің тарихы» атты еңбегінің 9-томында және Сібірдің Есип жазбаларында: «Көшім қазақ ордасынан келді» деп анық көрсетілген. Әйгілі Сібір тарихының білгірі Г.Миллер өзінің  «Сібір тарихы» атты кітабының бірінші томында: «Көшім қазақ ортасынан келіп, Сібір хандығын құрды» деп жазады. Одан кейін өлкетанушы П.Набельсинде: «Көшім хан оңтүстіктегі Есіл даласынан келіп Сібірді бағындырды» дейді. Бұл аз десеңіз, Ш.Уәлиханов, Қазан университетінің профессоры И.Березинге жазған хатында: «Көшім Есіл даласындағы қазақтың сұлтаны болған» дейді.

Бұдан шығатын қорытынды Көшім хан Қараөткел, Есіл бойының ұланы. Көшім Сібір хандығын орнатып қана қойған жоқ, патшалы Ресей империясның қазақ даласын отарлау саясатына зор тосқауыл жасады.

Сонымен, Ресей империясының дәл іргесінде  орнап қалған Көшім хандығы патшаның ұйқысын бұзды.  Ақыры Көшімге қарсы Ермактың жорығы басталды. Ермақтан жеңілген хан өзінің туған елі Есілдің бойы Қараөткелге шегініп келгені туралы Гранттың атақты «Энциклопедиялық сөздігінде» айтылады.

– Көшім хан 1558 жылы дүниеден өтіп сүйегі «Бытығай» кесенесіне жерленді деген дерек бар…

– Ол арасын білмеймін. Бірақ, Көшім ханның Қорғалжын өңірінде  дүниеден өткені шындық. Оны біз жоғарыдағы «Сібір жазбалары» атты анықтамалықтан білеміз. Н.Карамзиннің баяндауынша, қолға түскен Көшімнің үрім-бұтағын 1599 жылдың қаңтарында патша Борис Годунов салтанатты түрде қабылдапты.

Ал профессор М.Әбдіров архив материалдарына сүйеніп, Көшім ханды  көшпелі ноғайлар Қорғалжын көлінің маңында өлтірген дейді. Ол шындыққа жатпайды. Артынан індетіп қуып жүрген орыс әскерлерінен құтылу үшін бұл Көшімнің ойлап тапқан айласы сияқты. Хан өз ажалынан өлген. Туған баласы Қанайдың зираты Қорғалжын ауданының Аманкелді совхозына бара жатқан жолдың сол жағында тұр. Қанайдың ұрпақтары өсіп-өнген бір қауым ел қазір.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

namys.kz

Related Articles

  • Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Фото ашық дереккөздерден алында Өткен аптада Түркияның ұлттық білім министрлігі мектеп бағдарламасына «Түркістан» деген терминді енгізген еді. Шетел басылымдарының жазуынша, бұл атау енді «Орталық Азия» ұғымының орнына қолданылмақ. Білім министрі Юсуф Текин жаңа атау түркі әлемінің бірлігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтады. Оның сөзінше, үкімет оқу бағдарламасынан империялық мағынасы бар географиялық атауларды алып тастамақшы. Ең қызығы, «Түркістан» аумағына Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстан жатады екен. Сондай-ақ кейбір басылымдар бұл терминнің Қытайдың батысында орналасқан Шыңжан өлкесіне қатысы барын да атап өтті.  Кейбір ғалымдар «Орталық Азия» термині колониализмнен қалғанын жиі атап жүр. ХХ ғасырдағы әлемдік академиялық ғылымды сол кездегі ірі империялар қалыптастырғандықтан, бүгінде мұндай терминдер мен атаулар халық санасына әбден сіңіп

  • Саясаттанушы: Еуроодақпен әріптестікке Орталық Азия көбірек мүдделі

    Саясаттанушы: Еуроодақпен әріптестікке Орталық Азия көбірек мүдделі

    Нұрбек ТҮСІПХАН Еуроодақ жетекшілері мен Орталық Азия елдерінің басшылары “Орталық Азия – Еуроодақ” саммиті кезінде. Самарқан, Өзбекстан 4 сәуір 2025 жыл 3-4 сәуірде Самарқанда “Орталық Азия – Еуропа одағы” саммиті өтті. Орталық Азияның ресми БАҚ-тары мен мемлекеттік құрылым сайттары Самарқан саммитінің “тарихи маңызын” айтып жатыр. Ал екі аймақ арасында осындай форматтағы алғашқы кездесуді сарапшылар қалай бағалайды? Азаттық тілшісінің сұрақтарына саясаттанушы Жәнібек Арынов жауап береді. – Орталық Азия және Еуроодақ саммиті қаншалықты тең жағдайда өтіп жатыр деп айта аламыз? – Орталық Азия мемлекеттерінің 30 жылдық сыртқы саясатына, тарихына үңілсек, Еуроодақ әрдайым тең дәрежеде жұмыс жасауға тырысатын үлкен әріптестердің бірі. Мысалы, АҚШ немесе Ресей не болмаса Қытаймен салыстырғанда мемлекет тарапынан болсын, қоғам

  • Жин Нода: Қазақ хандары мен Цинь империясының байланысы тым терең

    Жин Нода: Қазақ хандары мен Цинь империясының байланысы тым терең

    Өткен жылы қолыма Токио шет тілдер университетінің профессоры Жин Ноданың «Ресей мен Цин империялары арасындағы Қазақ хандықтары: XVIII-XIX ғасырлардағы Орталық Еуразия халықаралық қатынастары» атты зерттеу еңбегі түсті. Өз тарихымызға қатысты болған соң, бір деммен оқып шықтым. Аталған кітапта қазақ ханы Абылай мен өзге сұлтандардың Цин императорына жазған хаттары туралы баяндалады. Жақында Жин Нодамен хабарласып, көкейімізде жүрген сұрақтарды қойдық. – Ғылыми зерттеу кітабыңыз ерте­дегі Қазақ-Цинь империясы қатына­сын өзгеше тануға арналған академия­лық еңбек екен. Бұндай зерттеуге бет бұруға не түрткі болды? – Мен Орталық Азияны зерттеу барысында Ресей және Цинь империясы туралы көзқарастарда үлкен алшақтық бар екенін байқадым. Осы алшақтықты жою мақсатында мен қазақтардың тарихын ресейлік және қытайлық дереккөздер негізінде зерттеуге кірістім.

  • Бұл – советтік һәм назарбаевтық кезеңнен қалған, журналистиканы жағымпаз қолбала, шауыпкел құрал деңгейіне түсірген шенеуніктік штамповка.

    Бұл – советтік һәм назарбаевтық кезеңнен қалған, журналистиканы жағымпаз қолбала, шауыпкел құрал деңгейіне түсірген шенеуніктік штамповка.

    “Сұхбатты” енді ғана оқып шықтым. Әзірге, сипаты туралы аз сөз: Әлбетте, бұл – журналистика стандарттарына сай, шынайы, нағыз сұхбат емес. Конституциялық құқығы тең, екі саналы азаматтың өзара пікірлескен, еменжарқын әңгімесі емес. Бұл – советтік һәм назарбаевтық кезеңнен қалған, журналистиканы жағымпаз қолбала, шауыпкел құрал деңгейіне түсірген шенеуніктік штамповка. Пәленбай адам түзеп-күзеген, ананы да, мынаны қамтуға тырысқан, аяғында жаны жоқ мәтіндер жиынтығы туған. Тоқаев айналасындағыларға: “осыншалық жасанды кейіппен халық алдында көрінуім ұят болады, қойыңдар, айналайындар, қателессем де өз болмысыммен шығам” деуге түсінігі жетпегені өкінішті. Былтыр “Егеменде” “сұхбаттасқан” Дихан Қамзабек те, биыл “Ана тілінде” “әңгімелескен” Ерлан Жүніс те, кешіріңіздер, ешқандай да интервьюер емес. Иә, біреуі терең ғалым, екіншісі тамаша ақын, бірақ, өмірінде бір

  • “Геосаясат илеуіне түсіп қалуымыз мүмкін”. Қазақстанда АЭС салуға қатысты сарапшы пікірі

    “Геосаясат илеуіне түсіп қалуымыз мүмкін”. Қазақстанда АЭС салуға қатысты сарапшы пікірі

    Елена ВЕБЕР Атом электр стансасын салу және пайдалану экологиялық қатер және төтенше жағдайда адам денсаулығына қауіпті ғана емес, оған қоса соғыс барысында Украинаның Запорожье АЭС-індегі болған оқиға сияқты бопсалау құралы дейді әлеуметтік-экологиялық қордың басшысы Қайша Атаханова. Ол мұның артында көптеген проблема тұрғанын, қазақстандықтарға АЭС салу жөніндегі референдум қарсаңында біржақты ақпарат беріліп, онда тек пайдалы жағы сөз болып жатқанын айтады. Сарапшы АЭС-тің қаупі мен салдары қандай болатыны жайында ақпарат өте аз деп есептейді. Голдман атындағы халықаралық экологиялық сыйлықтың лауреаты, биолог Қайша Атаханова – радиацияның адамдарға және қоршаған ортаға әсерін ширек ғасырдан астам зерттеп жүр. Ол бұрынғы Семей полигонында және оған іргелес жатқан аудандарда зерттеу жүргізген. Қарағанды университетінің генетика кафедрасында оқытушы болған.

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: