Жаңалықтар Тұлғалар Қазақ хандығына 550 жыл Қазақ шежіресі
Ұлы көш: Аңыз бен ақиқат
Биыл-Тәуелсіздіктің 25 жылдығы,Ұлт көсмі Әлихан Бөкейхан мен Батыр Зуқа қажы Сәбитұлының туғанына 150жыл, Алғаш Қазақ көшінің басталғанына 17 наурызда 25 жыл толды. Осындай айтулы мерекелер қарсаңында, Ұлы көшті бастаған азаматтарды таныстыруды жөн көрдік. Әне сол азаматтардың бірегейі Сағат Заханқызы.
kerey.kz Порталы Сағат Заханқызының “Ұлы көштің аңызы мен ақиқаты ” туралы жазылған кітабын ұсынады.
Ұлы көш:
Аңыз бен ақиқат
Сағат Заханқызы
1991 жылы Моңғолия елінде өмір сүріп жатқан қазақтар «Социалистік» жүйе келмеске кетіп қоғамда, заманда жаңа талпыныс, серпіліс болып әр ел өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, әлемге аян етіп жариялап жатқан кезде «Атамекендеріне» ағыла көш бастағаны тарихи оқиға болып қалғаны рас. Арада 20 жыл өткенде Елбасымыз осы көшті «Ұлы көш» деп бағалады. Осы ұлы көшті 1990-1991 жылдары жар құлағы жастыққа тимей екі ел арасында ер азаматтардан қалыспай өзінің өжеттілігі, біліктілігі, парасаттылығына сүйене отырып қазақтың бір қызы бастағанын біреу білседе біреу білмейді. Мінеки осы кітаптан көш басталған ақиқатын толыққанды нақты тарихи деректермен бірге біле аласыздар. Кітап жалпы оқырман қауым және көшті зерделеп сараптаушыларға арналады.
АВТОРДАН ӘЛҚИСА
«Тарихқа иек артпаған адам алысқа бара алмайды. Сондықтан тарихты білу өте қажет. Тарихта орын алған үлкенді кішілі оқиғалар жердің білінбей айналғаны сияқты өзге тұрғысынан айналып келіп отырады» – деп Сағат Әшімбаев ағамыздың айтқанындай Моңғолия қазақтары бастаған «Ұлы көш» қалай басталғанын нақты тарихи деректерге сүйене отырып бүгінгі оқырман қауымға, келер ұрпаққа ақиқатты тұрғыда жеткізу көшті бастауға атсалысып қиындық кедергілерін бастан кешкен азаматтардың міндет парызы деп білемін. Тарих кейбіреулердің қалауымен немесе біреудің нұсқауымен жазылмайтын, шынайлықты, деректілікті талап ететін киелі ұғым. 2001 жылы жарық көрген «Ұрпақтар тоғысы» атты кітабымда көш қалай басталғанына толыққанды тоқталған болатынмын.Тағдыры тәуелсіз еліміздің тарихымен ұштасқан Ұлы көш басталғанына 2016 жылы 17 наурызда 25 жыл толады. Соңғы кездерде көш басталуына әр түрлі көз қарастағы туындылар жазылып айтылып жатқанына қатысты бұрынғы кітабымды тарихи деректермен толықтыра отырып болған жағдайларды өз болмысымен өткен тарихтың еншісіне қалуы үшін қайталап жазуыма тура келді.
Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы армандап өткен атамекеніндегі қандас бауырларына қосылу деген тілек мұраттарын орындау идеясы менің ойыма 1990 жылдары оралды. Ол кезде қоғамда жаңа көз қарас толқындары пайда болып заман ағымы өзгеріске енетіндей әсерлер сезіле басталған болатын. Затым әйел болсада қандастарымды Қазақстанға көшіруді армандап зерделей бастадым.
Моңғол Халық Республикасы дүние жүзінде Кеңес одағынан кейін 1921 жылы халық революциясы жеңген дербес социалистік мемлекет болатын. 1961 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке өтті. 1974 жылы Экономикалық өзара жәрдем кеңесіне (СЭВ) мүше болды. Жер көлемі 1,5 млн.шаршы километр. Адам саны 2,5 млн. Халқының 6 пайызы қазақтар, қалғандары моңғолдың халха, бурят, уранхай, дөрбет тағы сол сияқты кіші ру тайпалары. Моңғолия елі капитализмді аттап, феодалистік құрылымнан социализмге тура өткен елдердің бірі. Негізгі кәсібі - мал шаруашылығы. 1960 жылдан бастап елде өндіріс, өнеркәсіп саласы жолға қойылды. 1980 жылдары мал шаруашылығы өнімдерін өзінде өңдейтін жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік кәсіпорындары және тау-кен, құрылыс, көлік, коммуникация саласы қарқын алып, ірі электр станциялары салынды.
Кеңес Одағымен біріккен ірі кәсіпорындар пайдаға берілді. Польша, Болгария, Чехословакия, Германия, Румыния, Жапония сияқты елдердің көмегімен жеңіл өндірістік кәсіпорындары іске қосылды. 1960 жылдардағы Қытай Халық Республикасы мен Кеңес одағы арасындағы қарым-қатынасқа байланысты ауыл шаруашылығы және тау-кен кәсіпорындары өнімдерінің 80 пайыздан астамы Кеңес Одағының үлесіне тиді. Шығарған өнімдерінің орнына өндіріске керекті материалдар, құрал-жабдықтар, қосалқы бөлшектер, машина, техникалар, халық тұтынатын тауарлар, жағар-жанар май алып тұрды. Сауда бәсекелестігі болмаған соң, сыртқы сауда бағасының деңгейін іс жүзінде Кеңес одағы белгілейтін еді. Сондықтан Моңғолиядан сыртқа жіберілетін ауыл шаруашылық шикізаты, тау-кен кәсіпорындары өнімдерінің бағасы тиісті деңгейден төмен болды. Кеңес одағынан келетін тауарлардың бағасы жоғары болып келді. Бұл жағдай, Моңғолия үшін аса тиімсіз болатын. 1980 жылдың аяғында дүние жүзінде жағар-жанар май бағасының көтерілуіне байланысты Кеңес одағынан алып отырған тауарларының бағаса екі-үш есеге жоғарлауына байланысты Монғолия елінің сыртқы сауда айналымынан мемлекетке түсетін кіріс мөлшері өте төмендеп кетті. Социалистік жүйе бұзылып, нарыққа көшу мақсатымен бағаны ырықтандыруға арналған экономикалық өзгерісті жасау Мемлекеттік Баға Комитетіне жүктеліп осы үлкен тарихи іс жұмыстың атқарылуына тікелей атсалысып, тау-кен, құрылыс материалдары, энергия қуаты, ағаш өңдеу, сияқты салалардың есебін тікелей өз қолыма алып жасадым. Жәнеде сала аралық баланс жасау, мемлекеттік бюджеттің кіріс-шығысы, баға өзгерісінің нәтижесін айқындау жұмыстарының тиянақты орындалуына өз үлесімді қостым. Біздің Баға комитетінде жасалған осы үлкен бағдарламаның негізінде 1991 жылы қаңтар айында Монголия үкіметінің «Баға саясаты» туралы қаулысы шығып, халық тұтынатын барлық тауардың бағасы екі есеге өсті. Сонымен қатар халықтың барлық ақшалай кірісі және банкдегі сақталған ақша қаражаттарының мөлшері де екі есеге арттырылды. Баға мәселесі белгілі мөлшерде еркіндікке жіберілді. Өндіріс кәсіп орындарды мүмкіндігінше жекешелендіріп, салық саясатын түбегейлі өзгерту көзделді.
Мал шаруашылығынан басқа салалардың барлығында жұмыссыздық етек алды. Халық тұтынатын тауарлар азайып, дүкен сөрелері босады. Нан, қант, май, сабын, ұн, т.с.с. қажетті заттар тізіммен берілетін жағдайға келді.
Халықтың жаңаша ойлау мүмкіндігі оянып, елде жаппай демократиялық қозғалыс қанат жайды. Тығырықтан шығудың жолын қарастырып өз тағдырын өздері шешу үшін өздері күресу керек екенін айқын сезіне бастады.
1989 жылы 10-желтоқсанда жаңашыл жастар тобы алғаш рет ашық алаңға жиналып, «Моңғолдың демократиялық қозғалысы» құрылғанын халық алдына жария етті. Мұндай тосын ұсынысты партия мен үкімет қабылдамады. Ақыры ашынған демократияшыл жастар 1990 жылы 7 наурызда Сухэбатор алаңында аштық жариялады. Бұл жолы аштық жариялаған жастар қатаң талап қойды. Демократияшыл жастардың ел үшін, халқы үшін бастарын бәйгеге тіккен батыл қимылы халық арасында кеңінен қолдау тапты. Моңғолия халқы 1986 жылғы Алматыдағы «Желтоқсан оқиғасын» қазақ жастарының ерен де өжет қимылын аса үлкен сүйіспеншілікпен қабылдады, әлемде қазақ деген өжет ұлт бар екенін мойындады. Бұл оқиға Моңғолиядағы қазақтардың ұлттық намысына түрткі болды. Моңғолия үкіметі басындағы билік илері демократияшыл күштерге қарсы қатыгездікке бармады. Себебі, Моңғолияда көп ұлт жоқ 96 пайызы тілі, діні, ділі бірдей бауырлас моңғолдар ғана болатын. Моңғолия үкімет басшыларының көбісінің ұлттық көзқарасы демократияшыл жастармен бір арнаға тоғысып Моңғолияда демократиялық күштер жеңіске жетті.
Моңғолияда демократиялық жаңа мемлекетінің алғашқы Президенті П.Очирбат, Премьер–министрі Д.Бямбасүрэн мырзалар Моңғолиядағы аз қазаққа ұлттың рухани және мәдени қазынасын түгендеп, ұлт ретінде жаңғыруына ешқандай кедергі жасаған жоқ. Бірақ көптің ішінде азшылық ететін табиғи заңдылық, кісінікінің кілті аспанда дегендей қазақтардың атажұртынан тысқары жерде ұлттық болмысын көркейтуге, салт дәстүрі, өскелең ұрпақтың сана сезімінің қазақи болмыста қалыптасуына, тілі мен діні ділінің бұзылмауына мүмкіндік бола бермейтінін сезіндім…
Мінеки, бір қоғамнан екінші қоғамға ауысқан жаңа заманның өзгеріс тірлік тіршіліктерін моңғолиялық қандастарым өзінің атамекенінде көрсе екен елге ел қосылса қазақ ұлтының басы біріксе жаңа Қазақстанның өркені өсіп өресі биік болар деген ой мазалап көш бастауыма себепкер болды.. Көш бастау оңайға түспеді. Көшті бастап ұйымдастыруда қиындықтар аз болмағанымен жаппай халық қолдап кеткеннен соң шешімін күткен мәселелердің кейбірі елін, қазағын сағынған қандастарымыздың қанындағы қасиеттерімен өздігінен шешіліп халық артымыздан ерді.. Бастаушылар мен қостаушылардың қай-қайсысы да рухани және әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтарды бастарынан өткізді. Олардың көздеген мақсаты да, аңсаған арманы да біреу. Ол, келер ұрпақ тағдырын өз отанымен ұштастыру еді… Сондықтан көшке қатысушылардың ұрпақ үшін атқарған абыройлы еңбектерін, сана сезіміндегі сан қилы мақсаттарын нақты деректерді келтіре отырып шындықтың шамын жарқырата жағып баяндап беру біздің тарих алдындағы абыройлы міндетіміз екенін түсіндім.
Қазақ елінің өз тәуелсіздігін алғаннан бері қарқындап дамып келе жатқаны елдің экономикалық жағдайы өсіп-өркендеп дүниежүзі өркениетінде өз орнын тапқан жетістігі Елбасымыз тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясаты ел басқарудағы болмысы, қазақ ұлтына деген қамқорлығы екенін өскелең ұрпақ бізден жақсы біледі. Сол үшінде шет елдегі этникалық қазақтармен елге оралған оралмандардың Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына деген құрмет қошаметі шексіз! Оны өздері де ақпараттық құрылымдар арқылы жар салып жеткізуде. Бұған негізгі себеп, Ұлы империя қираған жиырмасыншы ғасырдың аяғы қиын қыстау заманда Н.Ә.Назарбаев тағдыр тауқыметін кешіп, Атамекеннен алыс шетте қалған қандастарының көшін атажұртқа бұру үшін «Алыстағы ағайынға ақ тілек» деп жар салып ұран тастағаны еді.
Тарих өз заманыңдағы жағдайға баға береді. Уақыт деген категория заманға сай өлшеммен бағаланады. Әрбір тарихи процесс сияқты көш мәселесі де нақтылы адамдардың ұрпақ қамы үшін жар құлағы жастыққа тимей киелі міндет атқарған тарихи еңбектерімен тығыз байланысты.
Көш тарихын жалпылама сөзге айландырып, көш қозғалысының оқиғаларын бұрмалап, ілгерінді-кейінді жіберіп сапырыстыру көш процесіне қатысушылардың адал еңбектеріне өз бағасын беруге кері әсерін тигізіп келеді.
Көштің жолы ашылып оның алға жүру мәселесі сонау 1990 жылдан бастап, тиісті мекемелердің мұрағаттарымен, баспа беттерінде кең орын алды. Сол мұрағаттардағы деректерге көз жұмбайлық жасау, немесе көш процесінің жеке бір бөлігін алып тарихи деңгейге көтеріп қоюдың өзі ұлы көштің тарихи маңызын жоғалтуы әбден мүмкін.
Ата жұртқа ауған ұлы көш әлі де өз жолымен жалғаса беретіні сөзсіз. Оған себеп шет елдегі этникалық қазақтардың бір миллионнан астамы тарихи Отанына келгенімен артта қалған бес миллион қандастарымыздың жыл сайынғы демографиялық өсімі кеткен қазақтардың санын толтырмаса азайтпайтыны да өмір шындығы. Оның қарқыны бірде бәсеңдей, бірде жеделдеуі мүмкін. Көшке бастамашы болған менің бірақ арманым бар: «Қазақ елінің Үкіметі, шет елдегі этникалық қазақ ұлт өкілдерінен елге оралғысы келетін қандастарымызды сонау 1991-1993 жылғы қарқынға келтіріп арнайы жасалған жоспар бағдарлама бойынша апыр-топыр көшіріп алса!!!» дер едім. Өйткені Үкіметтің қажетті деп әкелген облыстарына ұйымдасқан түрде келген қандастарымыз қиындық көре қоймас және олардың өз отанына келіп жеке кәсіпкерлік, шағын бизнестерімен ел экономикасына қосар ерен еңбектері және осында келіп өсіп өнген ұрпақтары нағыз тәуелсіз Қазақ елінің қағидасын қалыптастырған қаны да жаны да таза қазақтың санын еселеп арттырып ел ертеңіне елеулі үлес қосып Елбасымыз айтқанындай досын сүйіндіріп, дұшпанын күйіндірері сөзсіз!!
1990 жылдан басталып 1991-1992 жылдары Аятқан Тұрысбек екеуіміздің екі ел арасында көш бастап әр нәрсеге төзімділік таныта сабырлы салиқалықпен ұлы көшке жол ашу жолында совхоз-колхоз басшыларынан бастап екі елдің үкімет басшыларына дейінгі аралықтағы жоғары лауазым иелерінің есігін тоздырып, оларға көші-қонға қатысты сан алуан мәселелерді кезек-кезегімен ұтымды сәттерде қойып, оң шешімін табуға ықпал жасата алғанымыз бүгіндері тек айтуға ғана оңай болып отыр. Бұл мәселелер турасында кітаптың әр бөліміндегі деректер мен мәліметтер жазбалардан оқып біле аласыздар. Екі елдің үкіметтік мекемелерінің арасында болған кездесулер, келіссөздер қалай жүрілгені де баяндалды. Нәтижесінде ұлы көшке қалай жол ашылғанын, арықарай көштің пәрменділігін арттырып күн тәртібіне түскен мәселелерді Қазақ елінде отырып шешу үшін Алматы қаласында көшті басқару Өкілдігін ашу жолындағы кедергілермен жетістіктер жайында толыққанды мәліметті де оқып білесіздер. Бүгінгі қоғамда демократияның ашық тұстары сөз және өз еркіндігіңізге сай әр елдің әр ұлттың мәдениетін, әдебиетін, салт санасын, қоғамдық көз қарасын қажетті мөлшерінде қас қағым сәтте біле алатын жағдайға жеттік. Зерделеп пайымдап қарап отырсақ қызғаныш, көре алмаушылық, қанаушылық, тонаушылық, үстемшілдік, көрсеқызарлық көз алдын ғана ойлаушылық деген пәлекеттердің жетегінде қай ұлт өкілдерінің арасынан кімдері кете баратынын сезінесіз де білесіз. Осындай, пендешілікке барған кейбір адамдар көш басталғаннан ақ өз әрекеттерін іске асыруға жасырын түрде ат салысып Өкілдікті құртпақшы әрекеттерін жүргізсе, кейбреуі Көш мәселесін’” ”Қазақстан ұжмақ емес…”, ”Қазақстаннан жұққан індет!..”деп,айқайлап ашық қарсы шыққаны да өмір шындығы. Менің түсінгенім, уақыт өте келе Үкіметке де, халыққа да, “көз алдын ойлаушылық“ айқындалып, өтірікті, жалған жасампаздықты уақыт өз орнына қойып береді екен. Ал, әр нәрсеге сабырлық танытып парасаттылықпен қараудың шеберлігін көш бастап жүрген кезде Аятхан Тұрысбекұлынан үйрене біліп, көптеген жетістіктерге жеттік деп сенімді айта аламын.
Көштің бастауы Монголия елінің астанасы Ұланбатыр қаласы мен оның төңірегінде тұрып жатқан қазақтардың өз қаражаттарымен Атажұртына қопарыла көшуінен басталған еді. Олар туып өскен жеріне, тұрып жатқан үйіне, қорадағы мал мүлкі дәулетіне, атқарып келген лауазымды қызметіне де қарап байланған жоқ. Тәуелсіз Қазақ еліне жетсек болды деген ізгі ниетпен бәрін тәрік етті. Міне бұлда көшпелі қазақтың көрегенді қасиеттерінің бірегейі болса керек.
Көш бастауыма себепкер болған тағы бір жағдай: Моңғолия Мемлекетінің Баға жөніндегі Комитет төрағасы Э. Бямбажав бастаған делегация 1990 жылы 19 наурызда Моңғолия елінің астанасы Улан-Батыр қаласынан Ресей астанасы Москваға ресми іс-сапармен келді. Делегация құрамында мен де болған едім.
Мен бұл іс сапардан енді әр ел қандай келісімдеде өз мүддесі өз күшіне сенімді болу қажеттігін сезіндім. Кеңес Одағының Баға Комитетінің басшысы Н.И.Глушков, А.Н.Комин сияқты белгілі экономистер біздің жасаған бағдарламаларымызға жоғары деңгейде жасалған деген баға берді. Келе жатқан нарықтық қатынастар бағаның еркін болуын қалауы заңдылық дей келе, енді Моңғолия тәуелсіз ел болғандықтан,баға мәселесін өз бетімен шешуі керек деп түйіндеді. Және Моңғолиядан алып жатқан шикі заттың бағасы дүниежүзілік бағаға негізделгендіктен, оны көтеру де мүмкін емес деп тоқтасты. Әсерленгенім соншалық өз қаражатыммен арнайы рұқсат визам болмаса да жолын тауып Алматыға келіп көш мәселесін талқылап кеттім. Бұл жайында Москвадан Алматыға сапар мақаласынан оқи аласыздар.
Көшті, Қазақстанға еңбек күші ретінде барып жұмыссыз қалған қазақтар жұмыспен қамтылады, деген желеумен бастағанымыз сол кездегі тығырықтан шығудың, әсіресе, Отанынан қашып кетіп жатыр, деген моңғолиялық ағайындардың өкпе назына қалмаудың бірден-бір парасатты жолы еді.
Көш осылай басталды, қазақ көші жалғаса да береді жарасымын таба береді деп сеніммен айтуға толық негізі қаланған!!
Халқымның талап тілегін арқалап Моңғолия үкімет басшысының алдына барғанда, жолдасым- марқұм Тотилаұлы Дөрбетханның алған абыройы, биік беділі маған үлкен сенім, жігер берді.
ЖОЛДАСЫМ ДӨРБЕТХАННЫҢ ҚҰЛАГЕР ҒҰМЫРЫ
Дөрбетхан 1948 жылы Баян-Өлгей аймағының Тұлба өлкесінде дүниеге келген. Әкесі Тотила Мәуебайұлы көп жылдар мемлекеттік қызмет атқарған қөзі қарақты, білімді адам болғандықтан жалғыз ұлын жасынан кітапқа, білімге, еңбекқорлыққа баулыған екен. Дөрбетхан 1966 жылы Өлгей қаласының онжылдық орта мектебін «Алтын медалмен» бітіріп, есімі «Құрмет кітабына» жазылыпты. Сол кездегі Кеңес Одағының Ленинград қаласындағы Орман шаруашылық академиясына оқуға түсіп, 1971 жылы аталмыш оқу орнын инженер-экономист мамандығы бойынша «қызыл дипломмен» бітіріп, есімі Академияның Құрмет кітабына жазылған. Ол орта мектепте оқушылар комитетін басқарса, Академияда оқып жүргенде студенттер кеңесінің бастығы болып қоғамдық жұмысқа белсене араласқан. Оқу бітіріп келген соң Моңғолия үкіметінің мемлекеттік Стандарт және метеролегия жөніндегі бас басқармасына қызметке орналасты. Кешікпей кандидаттық дисертациясын қорғады. Дөрбетханның бастамасымен Стандарттау ғылми-зерттеу институты құрылып, өзі сол мекеменің алғашқы ғылми қызметкерінен аз уақыт ішінде директор лауазымына дейін көтерілді. Соңында Стандарттау мәселесіне Баға саясаты қосылып «Баға және стандарттау ғылми-зерттеу институты» болып құрылды. Дөрбетхан Тотилаұлы сол кездегі Моңғолияның экономикаcын басқарып баға саясатын жүргізіп отырған П.Жасрай, Д.Бямбасүрэн сияқты беделді де білікті экономистермен бірге қызмет атқарып, экономикалық мәселелерді шешуге тікелей араласатын мүмкіндікке ие болды. Дөрбетхан Тотилаұлы 1982 жылы Министрлер кеңесіне жауапты қызметке ауысқанда есімі Комитеттің құрметті кітабына жазылды.
Өзіне жүктелген міндет, қызметтерді жауапкершілікпен адал атқарғаны үшін Министрлер Кеңесінің Құрмет кітабында да есімі қалды.
Дөрбетхан Тотилаұлы Премьер-министрдің кеңесшісі қызметін атқарып жүргенде оның білімділігі жұмысқа қоятын қатаң талабы төзімділігі, ұстамдылығы биязы мінезі қызметтестері ортасында үнемі қолдау табатын еді. Дем алуға уақыты өте аз болушы еді. Балалары бірнеше күн қатарынан көре алмай, кейде ұйықтамай әкелерін сағынып қалғып-шұлғып күтіп отыратын.
Дөрбетхан Тотилаұлы 1986 жылдан бастап ауыр науқасқа шалдығып, денсаулығы күрт нашарлауына байланысты мамыр айында Мәскеудің Орталық Клиникалық Ауыруханасына түсіп, ота жасатсада денсаулығы жақсарып кетпеді. Оғанда мойымай көп жылғы жазған ғылми еңбегінің нәтижесін түйіндеп «Сапаны кешенді басқару» жөніндегі докторлық диссертациясын толықтырып бітірді. Бүкіл одақтық Стандарттау ғылми-зерттеу институтының бас директоры, доктор, професср А.В.Гличовтің жетекшілігімен 1987 жылы 13 шілдеде докторлық диссертациясын Москвада Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтынның Ғылми кеңесі талқылады. Талқылауға Москвада, Моңғолия елінен отырған төтенше және өкілетті елші Ц.Гүрбадам мырзаның өзі қатысты. Жазылып дайын болған баяндаманы хатшыға оқытып, көрнекті құрал ретінде дайындалған маңызды тақырыптарды өзі тұрып, техникалық құралдар арқылы көрсетіп түсіндіріп, дәлелдеп берді. Ғылми кеңес мүшелері «Бәрекелді! Жарайсың!» деп ыстық ықылас ниеттерін білдіріп жатты. Сөйтіп докторлық ғылыми еңбегін абыроймен табысты қорғап шықты. Ауыруханаға оралғанда лор бөлімінің 466-палатасында қызыметкерлер мен емдеуші дәрігерлері Н.Островскийдің көркем безендірілген бес томдық жинағын ұсынып «Сен ғылым саласынан шыққан осы заманның Островский»і болдың деп үлкен құрметпен құттықтады. Белгілі ғалым Ю.Ш. Яковец өзінің ғылми естелігінде «Мұндай қайратты адамды мен бұрын соңды көрмеппін» деп Дөрбетхан Тотилаұлын қимастықпен еске алған еді.
1987 жылы 28 тамызда Москвадан емдеуші дәрігері жолдасым Дөрбетханды Улан-Баторға үйімізге алып келді. Бір жылдай тілеуін тілеп сағынып күтіп отырған ата-ана, бала-шаға, туған-туыс, достары жапырыла келіп көңіл сұрады. Елдің алдымен жеткен министр Ахмет, қала әкімі Шакерхан ағайлар, жұбайлары Санай, Қазира апайлар «сен біздің Моңғол қазақтарынан шыққан Островскийімізсің!» дегенде Дөрбетханның жүзі сәл нұрланып, тыныстап еді. Ұзақ уақыт ауыруханада жатып әбден қалжыраған денесі бірсәт жеңілдегендей болып қалғанымен, жолдан шаршап оралғандықтан хал жағдайы жақсы емес еді. Туысқандарына айтар сәлемін, ықылас ниетін қағазға түсіріп маған ұсынды. Онда былай деп жазылыпты:
«Қымбатты туыс-туғандарым мен дос жарандарым!Адам өмірі үнемі жаз, жаттық жол емес екені бәрімізге мәлім . Кеше басқа іс түскенде тұтас көтеріліп,жұмыс атқарысып,қайғыны бірге көтерісіп едіңдер. (Бір жыл бұрын кенже ұлы Мұхит дүние салған еді) Ауыру айтып келмейді.Партия мен Үкімет қамқорлығымен мен Советтік дәрігерлердің арқасында бүгін өз орталарыңызға оралып отырмын. Қиын қыстау кезде ақ ниетпен қолдан келген көмекті аяған жоқсыздар. Осы үшін ақ жүрегімізбен рахмет айтамыз! Елім бар, ағайын туған бар, замандас дос-жараным бар деген ой үнемі алға демеп,өмірге құштарлығыңды арттыра беретін күш, жан тірегі екен. Жан қалса бір күнгідей болмайды демей ме? Тілегімізді тілекке жеткізсін. Енді екінші жол бар. Ол, ауырудың салдарынан айығып,өз орталарыңызда отыру.Ол күнге де жеткізер деген тілектемін.Бәрлеріңізбен бірге көңіл көтеріп, шалқып отырғанға не жетсін.Еш нәрсеге алаң болмай, ойнап күліп отырыңыздар! …Қарап жатпай, ой ортақ азаматтармен бірге істеп жүрген ғылми еңбегімді бітіріп келдім. «Ел ғылыммен өседі.Кейінгі көзі ашық, көкірегі ояу жастарға жол болсын» деген ниеттен туған үлесім еді. Халқым үшін жасаған жақсылығым осы ғана…
Мен бұл жерде ауырудан бір жыл үш ай бойы төсек тартып,өмір мен өлім алысқан қиындық жайлы, қалай емделгенім туралы айтпаймын. Оны бастан кешкен адам ғана түсінеді. Ауыруға төтеп беретін сенім,күштің бәрінде сіздер бердіңіздер. Ел тату, ағайын жақсы болғаны ер азаматтың ырысы екен. Біреуінің жаны ауырып қиналғанда оған алақан жайып алар Отан үшін, елдің өздеріңіздей мейірін төгер ата-анасы, үлкен-кіші ер азаматтары, қыз-келіншектері үшін, ғұмыр болашағымыздың аяулы балғын бөбектері үшін осы тостыны алып қойыңыздар!
Өткен өтіп,жаңа тілек, жарқын жастар өсіп жетіле бергей!
Бәрлеріңізге рахмет!
Д.Бямбасүрэннің жеке кітап болып басылып шыққан «Таңғы ызғар» деген тарихи-деректі аса құнды еңбегінде «Мен, социализм тұйыққа тірелді, деген пікірді алғаш рет сол кездегі талантты жас ғалым, марқұм Дөрбетхан Тотилаұлынан естіген едім» деп жазады. Ал, П.Жасырай «Дөрбетханды Моңғолия аспанында жарқырап көрінген жұлдызға теңегім келеді» деп есіне алады. Олардың саяси экономикалық, қоғамдық пікірлері үнемі бір жерден шығып түйісіп жататын. Үкімет басшысы Д.Бямбасүрэнің бірде жылдық жұмыс жоспарын талқылап бекітетін жиналыста «Жүктің барлығын арқасына арта беретін Дөрбетхан түйе емес!» деген сөзі елге үлгі болды.
Дөрбетханның «Тең болсаң кем боласың, артық болсаң тең боласың» деген сөзі осы кезде туындаған еді.
Мінеки бүгіндері марқұм Дөрбетханның артында қалған абыройлы еңбегінің шапағаты халқына тиіп отыр.Себебі,Үкімет басшысына халқымның талап тілегін арқалап барғанымда мен Дөрберханның беделін бетке ұстадым.
1992-1996-шы жылдары Моңғолия Үкіметінің Премьер министрі болған, экономика ғылымдарының докторы, Моңғолияның Еңбегі сіңген экономисі П.Жасрай мырза «Дөрбетханның терең білімі, іскер қасиеті, қарапайым, салмақты мінез-құлқын жақсы білемін. Сондай-ақ моңғол, орыс тілдерінде еркін таза сөйлеуі оның рухани талант қабілетін айқын байқататын. Дөрбетхан теориялық, практикалық білім жағынан басқадан айрықша танылғаны есімде. Өкініштісі тым қысқа ғұмыр кешпеген болса халқы үшін қыруар іс тындырар еді»-деп еске алса, Дөрбетханның туғанына 50 жас толуына орай берген сұхбатында «Осыдан 23 жыл бұрын, 1975 жылдың басынан Дөрбетханмен бір мекемеде бірге қызмет жасайтын тағдырды маған тәңір жазса керек. Сол жылдары Үкіметтік орталық органдардың ұйымдастыру құрылымын жаңалап, өзгерту арқылы Мемлекеттік баға комитеті мен Сапа және стандарт жөніндегі комитеті қосылып «Баға және Стандарт жөніндегі мемлекеттік комитеті» құрылды. Осы кезде «Сапа байқауына дайындалу» жөнінде үкметтік жиын өткізілгенді. Мен жиынды жауып сөз сөйледім. Жиынның соңында, үкіметтік дәрежедегі осынау кеңес өте әсерлі болды, деген лебізді жанары тұнық, сарғылт жүзді, сезімтал, биязы бір азамат білдірді. Ол Дөрбетхан еді. Сол күннен Дөрбетхан бақилыққа аттанғанға дейін біз үнемі пікір алмасып, етене жақын араласып әңгімелесіп, бір бірімізді құрмет тұткан жолдастар болдық. Сол жылдары Дөрбетхан «Баға, Стандарт жөніндегі мемлекеттік комитеті жанындағы ғылыми институның директоры болып істейтін. Институт комитеттің басы, ойлау жүйе миы спетті болатын. Экономикалық, басқару жүйесінде сапа-түсім мәселесін, стандарт-өлшем-баға үшеуінің өзара байланыс қызметі арқылы нақты үйлестіруге тиісти еді. Дөрбетхан ұлттық стандартты халық аралық дәрежеге жақындату, өлшемнің бірлігін бекемдеу, халықаралық өлшемінің “СИ” системасын жүзеге асыру дайындығын тиісті талапқа сай жасап осы салада халықаралық қатынасты ұлғайту жағынан сүбелі үлес қосқанын атап айтқым келеді. Ол басқару жөніндегі теориялық біліміне сүйене отырып сапа, кіріс баға саясатымен шұғылданып көп тәжірибе жинақтады.Қазір өткен-кеткеннің бәрін салмақтап ойласам Дөрбетханды Моңғолия аспанында жарқырап тұрған жұлдызға теңегім келеді» -деп толғанады.
1992-2000 жылдары Моңғолияның тұрақты парламенті Ұлы құрылтай мүшесі болған Сұлтан Тәукейұлының, 1998 жылғы «Засгийн газрын мэдээ» газетінде жарық көрген мақаласында Дөрбетханның ғалым ретінде әріптес болған Кеңес одағының атақты ғалымдары мен қызметтес болған Моңғолия үкіметінің белгілі үкімет, қоғам қайраткерлерінің естеліктерін тебірене баяндайды. 39 жастағы ғалымның атағы елге аян, он алты-ақ жыл қызмет істеп қайраткер дәрежесіне көтерілген, артына ғұмырлық із қалдырып соншама ауыр жүк арқалап қарымды іс тындырды. Оның жазған еңбегі, арман тілек құлшынысы тек “Сапа” деген жалғыз сөзге сиып тұрғандай. Ол өнімнің ғана емес өмірдің мәні, басқару ісінің сапасы, тұтыну сапасы, қоғам құрылымының сапасы, идеалық көз қарастың сапасы, өсу өркендеу жолының түбегейлі проблемасы болғаны таңғалдырады. Осылар арқылы қоғамдық өркендеу жүйесінің сол кездегі деңгейін жаңарту туралы батыл идеаның бастамасын көтерген екен. Кеңестік әйгілі ғалым, доктор профессор Ю.Ш.Яковец, М.И.Кругов, Я.Ш.Котликовтар мен қатар Дөрбетхан Тотилаұлы туралы естелік, лебіз жазған ғалым, жазушы, қарапайым адамдардың атын тізсек жеке кітап болары сөзсіз. Дөрбетханмен ұзақ жылдар бойы әріптес, пікірлес болып қызмет істеген адамның бірі Моңғолия Үкімет орнының Бас уәлиі болған Д.Бямбасүрэн екенін өз басым жақсы білемін. Д.Бямбасүрэн ол туралы әңгімелегенде «Аса төзімді, артық ауыс сөзі жоқ, басқадан бұрын алып ұшып сөйлемейтін, қандай бір мәселеге жан жақты қарап салмақтайтын, білімі көлемді, орман шаруашылығы мәселесі мен экономикалық білімді ұштастыра білген адам. Моңғолияда Сапалық басқару жүйесін теориялық жағынан негіздеп, өндірісте жүзеге асырған Дөрбетхан десек орынды болмақ. Ол сапа, стандарттың теориялық негізін, методикасы мен практикалық тәжрибесін іске асырды. Бір сөзбен айтқанда оның қызмет еткен жылдарында Моңғолияда стандарт деген ұғым бүршік жарып, гүлденді. Т.Дөрбетхан іскер ұйымдастырушы да еді. Ол мемлекеттік қандай бір мекемеде де жұмыстауға таланты толық қанымдалған азамат еді. Егер оның көзі тірі болған болса мен Бас министрге тағайындалғанда бірінші орынбасарыма Дөрбетханды алар едім» деген-ді. Бұл Д.Бямбасүрэннің бағалауы.
Дөрбетхан Тотилаұлының докторлық диссертациасының ғылми жетекшісі Ю.Ш.Яковецтің «Мұндай төзімді жанды мен бұрын соңды кезіктірмегенмін. Нағыз болаттай берік төзім деген осы шығар» деген сөзі үн таспасында жазылып қалыпты. Иә оның болаттай берік төзімі өлімнен басқаны жеңді. Осындай төзім, биік рух, кең пейіл пиғылды Алтайдың сеңгір шыңдары мен Моңғолдың жазира даласы, халқының қадір құрметі бойына дарытқан шығар десем шындыққа сайып келер-ау. Марқұмның артында қалған отбасы, ата-ана, аға-бауырлары Дөрбетхан қорын жасап, қазақтың талантты ұл, қыздарына демеу көрсету ниетін білдірсе, қатарлас достары Өлгейдің бір орта мектебін оның атымен атау туралы пікір көтергені де орынсыз емес деп ойлаймын» депті.
МХРП орталық комитетінің бөлім меңгерушісі, Монголиядан Кеңес одағында төтенше және өкілетті елшісі болған, ғылым докторы Ц.Гүрбадам «Оның терең білімі, іскер қасиеті, қарапайым, салмақты мінез құлқын жақсы білемін. Дөрбетханның теориалық, прақтикалық білім жағынан басқадан айрықша танылғаны есімде. Өкініштісі тым қысқа ғұмыр кешпегенде халқы үшін қыруар іс тындырар еді» деп еске алады.
Гүрбадам мырза біздің жанұямызбен араласып, өкіл ағамыз болып кеткен еді. Ол Дөрбетхан Мәскеуде науқастанып жатқанда Моңғол елінің кеңес одағындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарып тұрды. Сол кісінің арқасында Мәскеуге Дөрбетханның көңілін сұрай барған қайын атам, қайын сіңілім, үшеуіміз төрт ай уақыт бойы елшіліктің ғимаратында өз үйіміздей алаңсыз жаттық. Гүрбадам біздің жағдайымызды үнемі сұрап, ақылын айтып, Дөрбетханға хабарласып халын біліп, рухани демеу көрсетіп тұрды.
Баян-Өлгей аймағының Партия комитетінің бірінші хатшысы профессор Құрметбек мырза «Дөрбетхан бауырым! Туған халқың аман сау оралуыңды күтеді. “Күн жауса жер ырысы Ер туса ел ырысы” деген. Туып өскен отаның мен туыс туған, ел жұртың сені сағына күтуде. Аманшылықпен кезігейік, Құрметбек ағаң» – деп ел атынан өз тілегін жолдаған екен.
Моңғол Халық Республикасының Министрлер кеңесінің төрағасы Д.Содном «жолдас Дөрбетхан Сізге! Докторлық дисертацияны табысты қорғауыңызбен қызу құттықтап, өміріңізден бақыт, жақсылық, деніңіздің саулығын тілеймін! 1987 жылы 13 шілде» деген ақ тілекті жедел хаты.
А.Тұрысбекұлы:Дөрбетханның жаратушы қол тартпай бере салған теңіздей терең ақыл ойы, дариядай дархан мінезі, ашық күнгі төгіліп тұрған күн нұрындай адамға деген ақ жарқын мейірімі, ойлы да алысты болжаған ақыл тұнған көзі, рахымшылық нұрын шашқан жарқын жүзімен, көрген адамның көңіл күйіне қуаныш силаған құдырет иесі еді .Дөрбетханмен бетпе бет келген адам, қандай күйде келсе де, сабасына түсіп, тәубесіне келіп, бар көңіл қошымен ризашылығын жаудырып, алғысын білдіріп жататыны, оның кәрі жас үлкен кіші демей, адамдармен терезесі тең адамдай сөйлесетін жоғарғы мәдениеті болатын. Ол, іске мығым, сөзге сараң үлкен жүректілігі, кең мол дүниеден ойып алғандай сом тұлғасына сай зеректе зерделі ақыл ойын, білім-ғылыммен жетілдіріп, жұмыс бабандағы іс тәжірибесімен байытып,үнемі ізденіс жолында саналық-даналық жолымен ғұмыр кешті, деп еске алады.
Дөрбетхан туралы Рысхан Өмірзақұлы 1989 жылы “Көкейкесті” деген эссе жазса, 2010 жылы Елемес Тотилақызы “Қазақтың Островскийі” деген кітап шығарды.
Көш тізгінін қолыма аламын деген ой менің үш ұйқтасам түсіме де кірмеген болатын. Аумалы-төкпелі заманда күрделі іске кірісіп кетуіме, біріншіден Дөрбетханның қажымас қара нардай қажырлы қайраты, биік парасаты, арманшыл рухы еріксіз мәжбүрлеп, жігерлендіріп, итермелеп отырса, екіншіден – оның жарқ еткен жұлдыздай қысқа ғұмырында алған қамалы, шыққан биігі, абырой атағы медеу болды. Осы сенім маған таудай талап, өшпес қайрат, талмас қанат бітіріп «Ұрпақ үшін алған бетіңнен қайтпа, қолда бар мүмкіндігіңді пайдаланып қал, уақытты ұт!” дегендей жебеп отырды. Дөрбетханның мәңгі өшпейтін бейнесі асқақ рухы, Бямбасүрэннің парасыттылығы, қамқорлығы маған көш жолын ашуға мүмкіндік берді. «Шаба алмасаң саған серт, жебемесек бізге серт» деп тұрғандай құдіретті күш қиял көгінде шарқ ұрды.
Халықаралық көші-қон аса күрделі қоғамдық мәселе. Ол халықаралық саясатқа , экономикалық –әлеуметтік мәселелерге, уақытқа байланысты іске асырылады.Бір кісінің қолынан келмейтін шаруа. Біздің бұл жолғы көшіміз, бағы замандағыдай бейберекет дүрбелең емес, бір кезде бір бірінен алыстап кеткен ұрпақтарды, ғасырлар тоғысында атажұртта тоғыстырған , жаңа сипаттағы тарихи оқиға болды. Осы көшті бастап ұйымдастыру тағдырдың біздің буын өкілдеріне ұсынған қиын да абыройлы міндеті болса сол істі бастап жүзеге асыру менің тағдыр пешенеме жазылыпты…
АВТОР.
САҒАТ ЗАХАНҚЫЗЫ КІМ ЕДІ… ДЕСЕҢІЗ?
КӨШ БАСШЫСЫМЕН КӨРІКТІ
“Көш басшысымен көрікті”, “Көргені жақсы көш бастар”, дейді атам қазақ.Осы екі ауыз сөздің астарына үңіліп қарасақ, үлкен мән мағына бар екеніне көз жеткіземіз.
Бұрынғы ауыл көшінің өзінде көш басшылары, бес түлік малдың өрісінің жайылымдіқ ахуалынан тартып, әр мезгілдегі ауа райының өзгерісін ескере отырып,жылдың төрт мезгіліндегі көштің уақытылы жүргізілуін шешу барысында, бір басына жетіп артылар жауыпкершілік жүктесе, қандастарымыздың бір жарым ғасыр ғұмыр кешкен елінен, тарихи отанына қопарыла көшкен Ұлы көшінің тауқыметін арқалап тізгінін қолға алған адамның жауапкершілігі, әсіресе мемлекет аралық дәрежедегі істердің шешімін табар іскерлік мүмкіндігі бекем болуы ерекше маңызды.
Істің оң бағыт алып жүйелі қолға түсеріне, бір кездері Кеңес Одағына шығып, сол елдің жүрегі болған Мәскеу қаласының маңдай алды жоғарғы оқу орнына түсіп, білім алуға жұрттың бәрінің қолы жете бермейтін заманда Моңғолиядағы қазақ жастарының ортасынан алғашқысы ретінде қол жеткізіп, Плеханов атындағы Халақ шаруашылық акедемиясын бітіріп, елге оралған бойда мемлекеттік жоғарғы экономикалық басқару мекемесі Жоспарлау комитетіне қызметке орналасып,мемлекеттік мүдде мен халық мүддесін ұштастыра шешім шығару жолында, қызмет етіп білім тәжірибесін жетілдіріп үкімет басшыларымен етене бірге жұмыстап абырой беделге ие болған Сағат Заханқызының рөлі өте зор болды.
Москва. 1969 жыл. Б.Жайнаған, З.Сағат, Т. Дөрбетхан
Шет елдерде өмір сүрген қазақтар үшін, сол елдің мүддесіне қабыспайтын қадам жасау оңайға түспейтін шаруа. Халқының саны 3 миллионға жетпейтін моңғол елі үшін, тату тәтті бейбіт өмір сүріп отырған отандастарын ауыл аймағымен шет елге асырып көшіріп жіберу оңай шешілмейтін мәселе.
Көшушілермен көшкісі келмейтіндердің идеялар айқасында сан түрлі толқулар тоғысына тап болған, еркін ойдың тиегі ағытылған аласапыран алмағайып заманда ,қоғамға дүмпу тудырған, бір ойды сан-саққа жүгірткен толқулы кезеңде, ұлтсызданып бара жатқан ұрпақ тағдырына деген, көзге ұрып тұрған халық жан айқайына жауап іздеп, бар мүмкіндікті сарқа пайдалана отырып, түбегейлі ұтымды шешімге қол жеткізу,біздің дұрыс қабысқан ақыл ойларымыздың тоғысының жемісі еді.
Сағаттың елдің әлеуметтік- саяси жағдайын зеректікпен парлап, ресми атқарар шаралардың заңдық негізін өкімет саясатына қабыстыра түйіндеп, көш жолының ашылуына себепкер болуы біріншіден, оның ата-баба салтына адал, ұлтжанды да адами шынайылыққа толы болмысы мен, өмір бойғы алған білім тәжірибесінің жемісі болса, екіншіден, жан жары- марқұм Тотилаұлы Дөрбетханның аз ғұмырында монғол елі үшін жан аямай жасап кеткен жарқын еңбегінің, шыққан биігінің шапағаты тікелей әсері етті.
Сағат Заханқызы табиғатынан тура , адуынды өр мінезді.Көпшілік бас қосуларда, шешуші сәттерде жұрттың аңысын аңдап, қалың қауым не дейді деп қарап отыруды білмейді. Тез ойлап, тез тұжырым жасап, тез шешім жасау қабылетіне ие. Жұмыс бабындағы кезек күттірмейтін істерге дүдәмәлдығы жоқ. Артық айтып, кем сөйлемейді.Қысқа да нұсқа ой пікірі шешімді де кесімді. Күрмеуі қиын күрделі істерде тәуекелшілдігі басым. Турашыл, батыл, айтқан сөзінен алған бетінен қайтпайды. Адами ерекшеленіп тұратын бір болмысы – нағыз қазақ қызына тән сабырға құрылған таным түсінігін, ақыл ойының шеңберінен шығармай ұстауды еркін меңгерген. Адуынды өр мінезді.Зер салып байқаған жанға сырлы сезімге толы жан дүниесінің ар тазалығына қылау түсірмес берік қамалдай сезіліп тұрады.Әлсіздігі-өтірік айта алмайды, жаман ойға бара алмайды. Ар намысына тиер сөз естісе өрлігін танытып, уақыт оздырып таң асырмай, күндей күркіреп, жай отындай орып-осып өтуі бек мүмкін.Қайтымы тез, кекшілдігі жоқ. Тектілікпен өрілген анасының ақ сүтімен суарылған, тұла бойына жан тазалығына, сәби сезімді жүрек ағымына басқа еш нәрсенің қонақтауына орын жоқ. Бір беткей, бір мінез иесі. Барға тасымайды, жоққа жасымайды. Алғырлығына өткірлігі, ақылына заты сай, жалынды, жігерлі, сезімі сел, көлгір емес, мөлдір.Жан ашырлық, қамқорлық жасау сезімі ізгі ниетінен туындайды, Дархан пейілді, дария көңілді. Жүзіне әдеп пен әдемілік ұялаған. Ізетті ізгілігімен жұрт қошаметіне бөленген, махаббат пен сұлулықты қастер тұтқан, жаратушының нұры тұнған адам.
Сағат, аршынын арда емізіп аялаған ата-ана махаббатына шомылып өсті. Анасы Әпіштің таспаға жазылып қалған:
Сағатым айналайын кекілдім-ай!
Аққудың балапаны секілдім-ай!
Бұлаңдап асау тайдай өскен қарғам!
Кеткенсоң қолдан шығып өкіндім-ай!…деп әнге салған дауысынан, әз ананың әлпештеп өсірген перзенттінің , қас қағымда бой жетіп, жат жұрттық болып, кетіп баражатқандағы қимастықтан қарыс айрылған көкірегінің дірілі сезіліп тұрады.
Ер жетіп, бой дүзеп, ой салмақтап, оң мен солын таныған, ретімен келер өмір заңдылығы алдынан шығып, арыны асу бермей, қыз ғұмыр сезім айдынында жүзіп, жар махаббаты жалыны шарпыған ыстық құшақта бал-бұл жайнап нұрлы сағымға бөленіп, бой бермес буырқанған бірде жалын бірде сағым, бұла сезімінің бір күні бір ғасырға татырлық бақыт құшағында от боп жанған қайталанбас қызықты шақтарды бастан кешіп, дүниеге алтын асықтай екі ұл, екі қыз әкеліп, алтын құрсақ ана бақытына кенелді. Еміреніп иіп, бала емізіп, олардың алғаш жымиып күлген жылы сезімімен ержетіп еселеп қуантқан қуаныштарына бөленді. Аяулы жан серігінің аялы алақанында жемісті еңбек жасап, жұртқа танылды. Ел алдында беделі өсті.Білімі кемелденді, іс тәжірибесі шыңдалды.
Тағдырдың осылай жаймашуақ күні шығып, беймаза бақытты күндерді бастан кешіп, алаңсыз жүргенде, жайдың бұлтындай қайғы бұлтының алай-дүлей селебелі –ойраны жайпап өтері, бір жаратушыға ғана аян, болжаусыз тылсым дүние алапаты еді.
“Сапаны кешенді басқару” бағытында ғылми құндылық жасап,ұлағатты ісімен моңғол өкіметіне өшпес із қалдырған тума талант Дөрбетхандай асылын, төрт құбыласын тең ғып беруіндей-ақ бірегей ғып беріп, кемелденген шағында орны толмас ортасын ойсыратып, алуындай-ақ алып кеткенде, сермесек семсеріміз, қорғансақ қорғанымыз болған есіл ер, аяулы азаматтан айрылып, зар-запыран күй кештік.
Қабырғасы қайысып, ауыр қайғының астында қалған үй іші, ағайын туысы, қалың қауымға тоқтау айтып, бекемдікке шақыра алмай, өзімізде егілген кезіміз аз болмады.
Ақылды жандардың өмірінің соңына дейін күрескерлік танытатынының айқын дәлелі: аяулы жан- жары, өмірлік серігі Майрасынан, мәпелеп, тәрбиелеп өсірген талантты ұлдары Мәди, Сағидардан айрылып, ауырлығы зіл- батпан өкінішін сабырға, ақылға жеңдірген, қазақ өнерінің ерекше жарқын жұлдызы –Асанәлі Әшімов:- Өмірге өкпелеуге болмайды. Басына қайғы –қасірет түспеген адам да бақытсыз. Ол өмір сыны. Өмір сынын көрмеген адам өмір көрдім демесе керек. Тағдыр маған ауыр сынды көтереді деп берді. Көтере алмасам соңымнан ерген ұрпақ жүнжіп кетпей ме?!,-деп ауыр қайғыға қарсы тұрған екен.
Сағат, бауыр еті, кенже ұлы- Мұхиттан аяқ асты айрылып, жан дүниесінің жартысын жұлып әкеткендей асқыр тауы, жан серігі , сүйген жарынан айрылып, ауырлығы алапат, көзді жасқа , жүректі қайғыға толтырған, есті алып, ойды ойрандағын қабырғаны қайыстырып,еңсені басып, денені жер бауырлатқан ауыр халды арқалай жүріп, ұрпақ қамы үшін атқа қонып, үлкен іс атқарып, көш бастады.
Көшке қарсы болғандардан, өздері оңтайлы жолын тауып көш арнасын басқа жаққа аударғысы келгендерде болды. Оған негізгі себептердің бірі қарапайым қазақ қызының көшті бастағанына қызғанышпен қарап өздерінің лауазымды қызметтерін, атақ абыройларын пайдаланып әсіресе Алматы қаласынан ашылған көшті басқару «Өкілдігін» өз иеліктеріне алу болды. Бақталастықтан туындаған кейбір пенделердің арам ниеті кері әсерін қалдырып елді еліктіргеніде рас. Осындай кертартпа келеңсіздіктердің кейіпкері болғандар іс әрекеттерді кеш болсада бізге өздері келіп айтып жеткізіп қайсы бірі айыпты болып ақталып та жатады..Қазіргі кезде моңғолдарға күйеуге шығып, ұлдары моңғол қыздарымен үйленіп, аз уақыттың ішінде өзінің ұлттық болмысынан мүлде қол үзіп қалған қасіретті тағдырларын көргенде, тек қана ат атақпен азғана мансаптарынан айрылмау үшін, тарихи отанына бағыт дүзеген іргелі елге топырақ шашқандай болып, “Қазақстан ауыруымен ауырғандар”, деп ат қойып, газеттерге жар салып, мәлімдеме жасап, ұлы көшке қарсылығын білдіріп, халыққа теріс үгіт таратып, обалына қалған, жалған қайраткерлік танытып, қарабасының қамын күйттеп қарапайым халыққа опасыздық жасаған адамдарға өкініштен басқа не қайыр…
Ақиқат, адалдығымен алға озып шығатынын уақыты келе өмір өз өзегінен өткізіп өнеге ететіні тағдыр таразысы екенін түсіндік. Сол үшінде көшті жолда қалдырмай өз мәресіне жетуіне барынша адалдықпен абыроймен ар ұжандықпен атсалыстық! Еңбегіміз еш кетпеді. Көш көлікті болды. Елге ел қосылды, қандасын іздеп келген ағайындар бүгіндері құтты мекенінде алаңсыз, ұрпағының алдында абыройлы болып жүр. Ұрпақтары өмірден өз орындарын тапты. Көштің сара жолын жалғастырар жалынды жастар Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Европа елдерінен шығып жатса нұр үстіне нұр болар еді.
Сағаттың адал еңбегіне көз жұмбайлық танытқан, ісі аз-сөзі көп, шаласы пісіп- шикісі арылмаған, жақсы жүрсе көре алмайтын, қиналып жүрсе қол ұшын бере алмайтын, қызғаныш сезімге бой алдырған кейбір пенделер, оның алдындағы ақ жолын өсек аяңның тұманымен буалдырландырып, аяғынан шалып, жұмыс жоспарын бөгеуге әрекет жасап та бақты.Олар Сағаттың атажұрттағы ағайындардан берілген баспанасына да көздерін тікті. Халқы үшін жасаған адал еңбегін көмескілендіріп, бар жетістікті өз бастарына шоғырландаруға да әрекет жасады. Бірақ,Сағаттай рухы күшті жан, салын суға жіберіп, майырылып, жасып, сынып кетпеді.“Жан еті жақынынан айрылған қасыретпен салғастырғанда, бұл түкке тұрмайды”, “Ит үреді керуен көшеді”, деп сабырын серік, төзімін тірек етіп, қайратқа басып, ақылға жеңдірді.
Қамшының сабындай қысқа ғұмырда “ кейде бал, кейде у беріп өтеді өмір, бәрінде қайратыңмен көтере біл,” деген халық нақалына сай қазақтың ағиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың:
“ …өкінбе өкпелеме бүгініңе,
Өмір, Өмір! болмайды түңілуге,
мәңгі сені жазбаған сүрінуге,
қайта тұрып қақың бар жүгіруге…”
дегені зая кетпегендей.
Сағат Заханқызы ұрпақ тағдырын ел тағдырына ұластырып, орайы келгенде оңтайлы қадам жасап, Ұлы көштің тізгінін қолға алып, ұлағатты үлкен іске араласып, басқа түскен қайғы бұлтын сейілтер дұрыс қадам жасады. Жеке басының арман аңсарынан, мақсат мұратынан, елдік мұрат елдік мүддені биік қойып, өмір бойы жинақтаған білім тәжірибесін ел игілігіне жұмсай білді.
Әсіресе, оның моңғолша, орысша,қазақша үш тілді тең дәрежеде жетік меңгергені, саяси-экономикалық терең білімі- өз ойпікірін екі елдің жоғарғы лауазым иелеріне, үкімет басшыларына толық та қисынды жеткізіп, мемлекет аралық келіс сөздердің жобасын жасау, ел аралық кездесулердің қаттамаларын дайындау, шаруашылық мекемелер мен келісім-шарт жасауды еш қиншылықсыз атқаруына бірден бір негіз болды.
Қарапайым адамдардан бастап, шаруашылық,аудан , облыс, салалық министрлер,үкімет басшылары, қоғам қайраткерлерімен болған ой салмақтаған кездесулерде, өзінің санасында қайнап піскен ізгі армандарын қысқа да нұсқа,ұтымды ойлармен жеткізе білуінің арқасында, көшке қатысты қолайлы сәттерді мүлт жібермей, өзекті мәселелердің оңтайлы шешімін тауып,Ұлы көштің дұрыс жолға бағытталып,ойдағыдай қарқын алып,нәтижелі жүрілуіне мүмкіндік туғызды.
“Көш басшысымен көрікті, көргені көп көш бастайды”дейді туған халқымыз. Сағат, Ұлы көштің көркі болумен бірге, көргені көп екенін таныта білді.
Дөрбетхан өмірінің соңғы сәтінде тілдей қағазға: “Сіздер болғансоң алаңсыз жатырмын!” деп жазып маған ұстатты.Бұл оның ақырғы демі таусыларға жақындаған сәттегі артында қалап баражатқан бауыр ет балалары мен жан жарына деген соңғы қамқорлығынан туындаған аманаты еді.Маған сенім артқан осы бірауыз сөз менің мойныма жүктелген үлкен жауапкершілік еді.
Бұл жауапкершілікті бұлжытпай орындау менің азаматтығыма сын, адамдығымның өлшеміндей болды.
Дөрбетханның артындағы шаңырағын шайқалтпай, түтіні дүзу ұшуына көмек қолымды созып, бұл пәнидегі өмірінің жалғасы атжалын тартып мінер ұрпақтарының аяғы үзеңгіге, қолы тізгінге жеткенше шама-шарқымша қамқорлық көрсетіп, орнында бардың оңалуына оң ықпал жасауға тырыстым.
1990 жылдардың басы жалпақ жұрт бастан кешкен дағдарыс жылдарындағы жетіспеушілік кезінде, қанша ауыр күндер болсада бір нәрсе жетіспей жатыр дегенді ешкімге сездірмей, амалдап күн көргеніміз өзімізге ғана аян…
Осы алмағайып замандағы ұрпақ болашағы туралы Сағат екеміздің йдеамыз бір арнаға тоғысуы, біздің өмір бойы жинақтаған білім-тәжірибемізді біріктіріп ақыл қосып ,ел тағдыры үшін қол ұстасып күш біріктіріп өзіміздің көздеген мақсатымызға жету жолындағы күресіміздің жемісті болуына негіз болды.
Бүгіндері ұрпақтар ержетіп, оқуларын бітіріп, үйлі-баранды болып, бала сүйіп , шаңырақтарын биіктетіп, керегілерін кеңейтуде.Ізгілікке құрылған ақ адал іс әрекеттерімен ел қатарлы еңбек етіп, кәсіпкерлікпен шұғылданып, от басы ағайын-туғанның ұйтқысы болып, ел өркеніне өз еңбектерінің жемісін қосып жүргендерін көрген де көзайым болып, ат тұяғын тай басар,деген аталы сөзді ауызға алып,тілеулерін тілеп, шүкіршілік етеміз.
Қысқаша бір ауыз сөзбен түйіндесек, Қолға алған іс-шараларды іске асыруға жұмсаған қажырлы еңбегінің арқасында, көш-керуен сәтімен жүйелі жүргізіліп, атамекеніне қоныс аударып келген ел, құтты қоныстарда арқа- жарқа ғұмыр кешуде. Бастапқыдағы жаңа ортаға деген жылқы мінезді халықтың күдігі мол мұңлы көңілін уақыт өте келе қуаныш басып, ширек ғасыр көңіл жай, ұрпақ өрбітіп, Ұлттық мүдделік болмысына қадір халінше үлесін қосып, қазақ деген ұлы халықтың байтақ даласында қазақ болып күні батып, жайбарақат жаймашуақ таңы атып, бейбіт ғұмыр кешіп жатқан, ақылдан сабырын,байлықтан қанағатын артық санаған тәубешіл халқының ақжарма батасын арқалап, ұрпақтарының қызығына бөленіп, ақбас Алатаудың бөктеріне тұрғызған қос қабатты кең сарайында алаңсыз өткізіп жатқан Сағаттың мәнді ғұмыры ұзағынан болсын!!!, деп тілейміз.
Оның қаумалаған қауымына жасаған үлгі істері сын сағат, қысыл таяң кездердегі оңтайлы ой-шешімдері нәтижесінде қол жеткізген қомақты табыстарын, атамекенімізде елімізде өткізген ширек ғасырдың бүгінгі биігінен көз жіберіп, ой елегінен өткізіп пайымдадық.
Елге үлгі, ұрпаққа өнеге, отанға оралған құт береке ойсыраған ортаны толтыруға жасалған сүбелі үлес, ұлт болып ұйысып, әлемге қабырғалы мемлекет болып танылып, тәуелсіздіктің тұғырын биік, ғұмырын ұзақ ету жолында жасалған ұлағатты іс, жүрек жарды қуаныш болды.
Сағат Заханқызына қатысты үзік сырымды мына жолдармен аяқтауды жөн көрдім;
Өрелі ой мазалаған іште көптен,
Жаралған жан екенсің асыл тектен.
Соққанда сын сағаты қапияда,
Қадамың сен жасаған кетпес естен.
Әліптің артын баққан өліара шақ,
Жүргенде жұрттың бәрі әлін парлап,
Бір алла түйсігіңе ой салды ма,
Бекініп топты жардың сен атойлап.
Қазақтың ару қызы, асыл қызы,
Маңдайға сирек қонар бақ жұлдызы.
Керейдің көшін бастап ата жұртқа
Арманға қол жеткіздің сан ғасырғы.
Сұңғыла ақылдыдан саралаған жол қалады,
Пайымсыз парықсыздан не қалады.
Жақсының жақсылығын тани білсең,
Жақсы сөз жарым ырыс сол қалады.
Тәуелсіз еліміздің мерейі өсе берсе екен! деген ақ тілегімізді арқалап, өз отанымыз-қазақ елінде ғұмыр кешіп жатқанымызға тәуба! дейміз.
Аятхан ТҰРЫСБЕКҰЛЫ.
kerey.kz ұсынады
Жалғасы бар…
Пікір қалдыру