kerey.kz TV Қазақ хандығына 550 жыл Қазақ шежіресі
Зуқа батырдың туғанына – 150 жыл
Биыл аласапыран заманының арыстаны, қытайдың Алтай аймағында Гоминдаң билігіне қарсы шыққан қазақтың Зуқа батырының туғанына -150 жыл. Жерін жаудан азат етуде ол сол кездегі Қытайдың қаптаған әскерімен де, қызылдардан жеңіліп қашқан ақ патшаның бандыларымен де жан аямай соғысты. Алтай аймағының азаттығы үшін арпалысып, ақыры 63 жасында басы шабылған батырға Алматыда ас берілді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа тұс келген мерейтой қарсаңында атқарылған іс-шараларды келесі сюжеттен көрсек.
Қазақстанда туып, Қытайда қаза тапқан Зуқа батыр тарихта алмағайып заманның «әділетті төрешісі» деген атақпен қалды. Ол 20 ғасырдың басында Өр Алтай өрендерінің басын біріктіре білген батыр қолбасшы ғана емес, жоққа жәрдемші, әлсізге қорған, әділдікті ту ете отырып, кертартпа Гоминдаң үкіметінің зәре-құтын қашырған қазақ болды. Оның күрескерлік өмірі қилы тағдырға толы. Қарулы қақтығыстар да, суыт жорықтардағы жігерлі жеңістер мен ащы жеңілістер, айналасына топтасқан әлсіз халықтың жоғын түгендеу жолындағы өмірі қазақ халқының басынан өткен қилы тағыдырының бір көрінісі.
«Өзіміздің, өзің деген тәуелсіз отаның жоқ кезде, қорған болатын елің жоқ кезде, жан-жаққа бытырап шашылып жүрген халықты кім езбеген, кім қинамаған. Сол қиыншылыққа, сол езгіге қарсы тұрып халыққа, еліне азаттықтың өшпес рухын құйған осы Зуқа батыр. Бүгінгі ұрпақ үшін азаттық деген не? Тәуелсіздік деген не? Халқын қалай сүю керек? Деген осындай рух береді бізге», – деді қоғам қайраткері Сағат ЗАҚАНҚЫЗЫ.
Зуқа Шығыс Қазақстанның Зайсан өңірінде дүниеге келгенмен, күрес жолы арғы бетте өтті. Осы жерде ол қазақ жігіттерін жасақтап, кең байтақ өңірді сақтап қалу үшін гоминдаң әскерімен тайталасса, енді бірде елді тонай қашқан ақ патшаның бандыларымен қатар Моңғол әскерінің шабуылына да тойтарыс беріп отырған. Үш жақтан анталған жаумен ұзақ жылдар айқасқан батырдың басы 1929 жылы сатқындықтың кесірінен шабылып, 14 күн халық алдында ілініп тұрады. Бұл бір ғана Зуқа батыр емес, оны шәкірті Оспан батыр, Ақыт қажы сынды талай сақлақтардың басынан өткен. Бірақ бұл тарих әлі күнге оқыталмай келеді.
«Атам халық үшін қызмет етті. Ел үшін қызмет етті. Жұрт үшін жанын берді. Сондай бір адамның ұрпағы болғаныма қуаныштамын. Енді оны әрі қарай ұрпаққа жалғастыру үшін жұмыс істеу керекпіз», – деді Зуқа батырдың немересі Арыстан ҚАЖЫ ШӘДЕТҰЛЫ.
Зуқа батырды еске алу биыл қаңтарда Түркияның Стамбул қаласында басталып, кейін Австрия, Ұлыбритания, Франция, Германия, Ресей және Қытайда шаралар өтті. Жыл бойы жүргізілген жиындардың кешегі қортынды тойына үш құрлықтан алаш ұлдары жиналды. «Бүгінгі бейбіт өмірдің орнығуына арыстандай арпалысқан, азаттық жолында шәхит болған батырлар бастау болған. Сондықтан арманада кеткен асыл ұлдардың аруағына бас ию бүгінгі баршаның міндеті», – дейді жиналған жұрт.
«Біз жастар үшін, болашаққа бағыт-бағдарымызды анықтау үшін керек. Ата-баба жолынан таймауымыз үшін керек. Ел-жерімізді тану үшін, тарихты білу үшін осындай Зуқадай батырларды тануда маңызды», – деді іс-шараны ұйымдастырушы Жұмабай МӘДІБАЙҰЛЫ.
Жиын барысында ұлттық ойындар ойнатылып, әннен шашу шашылды. Батырдың қызықты да, қиылы тағдырынан мағұлмат беретін «Рухы асқақ Ер Зуқа», «Зуқа батыр» атты бірнеше кітаптың тұсауы кесілді. Өнегелі істері мен елін-жерін сүйген қайтпас рухынан бүгінгі ұрпақтың үйренері көп. Батыр тұлғасы бейне бір тау сияқты десек, жылдар жылжып, уақыт өткен сайын оның рухы асқақтап, беделі биіктей бермек. Ал, Зуқа батыр Сәбиұлы армандап, жете алмай кеткен заманнның қазақ баласына бұйырғанына да 25 жыл болды.
Әмірболат Құсайынұлы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы
https://youtu.be/1fediaH-o20
Пікір қалдыру