Мәулен Әшімбаев Ресей депутатының “орыс жері” жайлы сөзіне жауап берді
Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресей парламентінің депутаттары Қазақстанның тәуелсіздігі және территориялық тұтастығы мәселелеріне қатысты пікір білдіргенде абай болуы тиістігін мәлімдеді деп хабарлады жергілікті агенттіктер. Әшімбаев мұны Ресей мемлекеттік думасының депутаты Павел Шперовтің қаңтардың 26-сы парламенттік дөңгелек үстел отырысында жасаған мәлімдемесіне байланысты айтты. Шперов ол отырыста Ресейдің “ұлы ел” екенін айтып, “Дүниежүзіндегі өз мүддемізді қорғауымыз қажет” деген. Ол “Таяу шетел деп жүрген елдерде әзірге мұндай мүмкіндік бар. Қазақстандағы орыс отандастырымызды диаспора деу қате, өйткені олар отырған жер – уақытша шетел иеленген біздің жеріміз. Мәңгілік шекара жоқ, біз әлі Ресей шекарасына қайта ораламыз және ол таяу уақытта жүзеге асады” деген еді.
“Шперовтің Қазақстан территориясына қатысты айтқан пікірін жөнсіз деп санаймын. Мұндай пікір Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық әріптестік және одақтастық ұстанымдарына негізделген достық және тату көршілік қарым-қатынас ауанына сай емес” деген Әшімбаев.
Мәулен Әшімбаевтің сөзінше, Қазақстанның территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігі мызғымайды және оның шекарасы халықаралық келісімдер арқылы анықталып, белгіленген. Комитет төрағасы Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы 21-ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы келісім мен Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімге негізделгенін айтады.
3 ақпанда Ресей сыртқы істер министрлігі Шперовтің сөзінен соң интернетте екі ел байланысының талқыға түсуіне байланысты Мәскеудің Қазақстанмен қарым-қатынасы бойынша сыртқы саясаты мәселелеріндегі ресми ұстанымын Ресей президенті, премьер-министрі, сыртқы істер министрі және уәкілетті тұлға ғана білдіре алады деп мәлімдеген. Азат Еуропа / Азаттық радиосы
Пікір қалдыру