|  |  |  | 

Руханият Тұлғалар Қазақ шежіресі

ХАЛЫҚҚА ҚОРҒАН БОЛҒАН ДАҢЫҚТЫ ТҰЛҒА, БІТІМШІ ТІЛЕУДІҰЛЫ

6ccea822f620a10c9b4c70ecd14bb7dc

Әлемге тарыдай шашылған қазақ халқының басым бір бөлігі Моңғолия қазақтары. Абақ керейден тараған осынау көшпенді қазақтардың басынан бір қатар ауыр кезеңдер мен қиын күндер де өтті. Ел бастаған батыр бабаларымыз ұрпағының болашағы мен бейбіт күнді аңсап, бейқұт мекен іздеп байырғы мекені болған Алтайдың күнгей бітінен теріскей бетіне яғни Қобда өлкесіне қарай үдіре көшті. Абақ керейдің бір тобының Моңғолия өлкесіне қоныс аудару мәселесі жайлы біздің тарихшыларымызда көптеген зерттеулер жасап, бір қатар еңбектер жазды. Қазақтар алғаш Моңғолия өлкесіне дәл қай жылдан қоныс аударғандығы жайлы дөп басып айтатын анық дәлел жоқ. Бұл жайлы құнды деректер Моңғолияның батыс өлкесіне саяқат жасап Қобда өлкесіндегі қазақтардың көші-қоны, тұрмыс-тіршілігі жайлы арнайы зерттеу жасаған Ресей саяхатшылары, тарихшы этнограф ғалымдары Г.Н.Потанин, Г.Е.Грумм-Гржимайло, А.М.Позднеев, В.В.Сапожников, сауда миссионері А.В.Бурдуковтың кейбір еңбектері мен күнделіктерінде жазылған.

Саяхатшы Г.Е.Грумм-Гржимайло қазақтардың Қобда бетіне қоныс аударуы жайлы аса маңызды деректер келтіреді. Мысалы: «Мұндағы қазақтар өткен ғасырдың яғни 1860-жылдарында Алтайдың ар жағынан бергі бетіне өткен. Қара Ертістің бойынан басталған жер дауы керейлерді Қобда бетіне келмеске шарасыз етті…»[1]- деген қортынды жасаған. Ал тарихшы, этнограф ғалым Г.Н.Потанин «1976 жылдың тамыз айында қазақтардың бір тобы Алтай жотасының теріскей бетіне өтіп, Қобда бойын мекендепті. Олар (керейлер) біздің Қобдаға келуімізден 6-7 жыл бұрын Алтай жотасының күнгей бетінде еді, бұрын біз кесдестірген Көбеш ауылы қазір осында (Қобда бетіне) көшіп келген екен»[2] – деп жазады.

Моңғолия қазақтары жайлы зерттеу жасап алғаш рет 1960 жылы ғылыми туынды жазған тарихшы Ә.Мініс, А.Сарай «алғаш қазақтар Алтайдың теріскей бетіне мал отарлата жүріп 1868-1869 жылдардан бастап түбегейлі қоныс аударған»[3] – деп жазса, Моңғолия ғалымы Цэвэн Жамсранов «Қазақтар 1860 жылдары Алтайдың бергі беті Қобда өлкесіне мекендей бастаған екен»[4] – деген деректі мәліметтерден тыс белгілі тарихшы Зардыхан Қинаятұлы «Абақ керейдің бір тобы XIX ғасырдың соңғы жартысы, тұспалдап айтқанда 1860-1870 жылдардан бастап Моңғол жеріне мал ортарлатып, қоныс аудара бастағанына көз жеткізе аламыз»[5] – деп түйіндеген. Белгілі ғалым, Моңғолия қазақтары жайлы зерттеу жұмысымен тарих ғылымының докторы атағын қорғаған Хурметхан Мұхамәдиұлы «ХІХ ғасырдың 60-70 жылдарында қазақтардың бір бөлігі Алтай жотасының теріскей беті – Қобда өңіріне өтіп мекендеді»[6] – деп жазса, Моңғолия үкіметінің ұлттық мұрағатындағы (архив) материалда Моңғолия үкіметінің 1924 жылғы құрылтайына қазақтар атынан өкіл болып қатысқан Дәуітбай Тауданбек ұлының сөйлеген сөзінде «Қазақтар Моңғолия жеріне алғаш мекендегелі, міне 60 жыл болды»[7] дегені 1864 жылдар шамасына сәйкес келеді. Ал ақын, жазушы тарих ғылымының кандидаты Сұраған Рахметұлы Шынжандық тарихшы, белгілі ғалым Жақсылық Сәмитұлы, Нәбижан Мұхаметханұлы, Асқар Татанайұлы қатарлы ғалымдардың жасаған тарихи тың туындыларын қолдана отырып сол кездегі «Мәнжу-Чин патшалығына Алтай урианхайлары шағымданып, Қазақтар Моңғол жеріне келіп біздің өріс-қонысқа ортақ болып, жайлым жер таласқа түсіп, түрлі қайшылықтар туындай бастады деген наразылық танынытқан, арыз тілектерін Қобда Әмбісі Бейжінге мәлімдейді»[8]. Бұл 1820 жылдар тұсы еді. Осы құнды деректерге сүйене отырып қазақтардың алды осы кезден Қобда өлкесіне келе бастағанын тілге тиек еткен… Жазушы Шынай Рахметұлы «Қазақтар Моңғолия өлкесіне 1830 жылдан бірен-сарандап келіп қоныстанған. 1860 жылдардың басқы шенінен топ-топымен келіп қоныстанған және келушілер 1940-50 жылдарға дейін үзілмеген»[9]-деген қортынды жасаған. Ислам Қабышұлы «Қазақтың Абақ керейінің шеруші, жәнтекей рулары Моңғолия жерініне қоныстануы 1867-1870 жылдары тым жедел болған. Онан соң да Алтайдан Қобда бетіне қоныс аударушылар саны жыл сайын қосыла түскен»[10] – деп жазғанында анық дәлел жоқ, (Моңғолия жеріне алғаш қоныс аударған ауылдардың арасында қарақас, молқы ауылдары да бар екенін, қарақас ауылдарын Тілеуді би Кенеұлы бастап асып келгенін айта кеткен жөн – С.Ш.). Алтай асқан қазақтардың алды Дэлүүн өлкесіне қарай ойысып одан Тиектіге қарай қоныстанғандығы жайлы көптеген деректер бар.

«Дэлүүн өлкесіне алғаш Тілеуді бастаған Қарақас руы Жалғызағаш басымен асып келіп мекендеген. Ал Ботағара ауылдары Қайыртымен асып Қызыл қиямен құлдай Сақсай, Далакөл өлкесіне қоныстанады»[11]-деп Қ.Қадан, І.Құлыбек қатарлы шежіреші кісілержазған екен.

Осы деректерге сүйене отырып Моңғолия қазақтары XIX ғасырдың орта тұсыннан яғни 1852-1864 жылдар аралығында Мәнжу-Чин үкіметі қазақтардан алатын түрлі алым-салықты молайтып, сондай-ақ жайылым қоныс тарылу салдарынан аз ұлттар арасында түрлі көтерілістер шығып, қамал қорғаныс салуға «кісі алымын» алып оларды ақысыз-пұлсыз жұмыстатып, малға салық төлеу, осындай саяси, экономикалық, әлеуметтік ахуалдың ауырлауынан болып қазақтардың бір тобы Керей, Уақ, Найман руларының кейбір ықпалды адамдары өз руларын бастап Алтайдың теріскей бетіне ығысып әуелі жаз жайлап, күзде мал отарлатып, қыста Алтайдың күнгей бетіне қайта келіп жүріп 1860 жылдың соңында түбегейлі қоныс аударғанына көз жеткізе аламыз…

Чин үкіметі 1890 жылдары қазақтың рулық үрдіс салтын еске алып, 1884 жылы Пекин үкіметі орталығы Сарсүмбеде (Шар сүм) Алтай аймағын құрып, Батыс Моңғолиядағы қазақтарды осынау әкімшілік билігіне қарасты етті. Мәнжу-қытайлық жүйенің үрдісі Алтай өлкесі қазақтар арасына 1909 жылдарда келіп жетті. Бұл тұста Алтайдың арғы, бергі бетіндегі дүйім қазақ біртұтас билікте болатын. «Қобда бетінде Керейдің Шеруші, Жәнтекей, Қарақас, Молқы, Жәдік, Шұбарайғыр, Ителі қатарлы жеті рудың тобы мекендеді»[12]. Шеруші, Жәнтекей, Қарақас руы ауыл жан санына байланысты әмбіға тура бағынатын үкірдай әкімшілігінде болды.

Қазақ халқының ағартушысы, діни ғұлама Ақыт қажы Үлімжіұлы:

…«Дэлүүннің ашысы,

Жалғыз ағаш бұлағы.

Бітімшіге қараған,

Біраз елдің тұрағы»[13]…- деп жырлауы сол кездегі Дэлүүн өлкесіндегі барлық қазақтар Бітімшінің билігінде екендігінің айқын дәлелі.

Халыққа қорған болған тұлға, қазақ тарихынан ойып орын алатын белгілі адамдардың бірі қарақас рулы – Бітімші би Тілеудіұлы. Ол әйгілі Кене бидің немересі, ал әкесі Кененің мұрагері болған Тілеуді би.

Қарақас руының тарихта аты белгілі алғашқы биі Кене Жанбайұлы болған. Кене бидің қай жылы дүниеге келегені жайлы анық дерек жоқ. Баласы Тілеуді Кененің 30 жас шамасында дүниеге келген деген деректерге сүйенсек Кене би XVIII ғасырдың соңы 1780-1790 жылдар шамасында дүниеге келген болып саналады – (Ш.С.). Жазушы, журналист Бодаухан Тоқанұлының «Моңғолиядағы Қарақас руының шежіресі» – атты еңбегінде «Кененің қорғаны Алқакөл, Білезік аралығында, қазірде “Кене қорғаны” деп аталатын көрінеді, кей деректерде “Жеменейде” деп те айтылады»[14] – деген деректер жазылған.

Бітімші би қарақас ішінде Назар-Жәдік тобынан шыққан әйгілі тұлға. Алтай өлкесінен Дэлүүнге қоныстанған рулы елдің ең ірі бөлігін осы тұлға бастап келді деген деректер бар. Сол кездегі Мәнжу Чин билеушілерінің нұсқауымен Қобдадағы Мәнжу Чин өкілі (кебәмбі)-мен кездесіп, қарақастарға қоныстық жер алған тұлға деп есептейді[15].

Кене би қайтыс болған соң мұрагерлік ретінде билікті баласы Тілеуді жалғастырды. Тілеуді би ержүрек, сөзге шешен, ақылдылығы мен батылдылығы сай келетін көрнекті тұлғалардың бірі.  Орыстың зерттеушісі, тарихшы этнограф ғалымы Г.Н.Потанин өз еңбегінде «Тілеуді би Кенеұлы 1810 жылы туылған»-деген деректер бар. Тілеудінің руы – Қарақас – Назар – Жәдік. Жанбай ұлы Кененің екі ұлы бар. Тұңғышы – Қаракөбен, оның інісі – Тілеуді. Ол Шақабай батырдың немересі Бәйтеректің қызымен неке құрған. Кенеұлы Тілеуді 1870 жылдары 61 жасында дүниеден өткен. Тілеудінің бейіті Дэлүүннің Жалғыз ағаш өлкесінде.

Тілеуді бидің тұсында Дэлүүн өлкесін мекендейтін моңғолдардың бір табы Дүңкір (Дүйнхэр) еді. Олардың төрелерімен алдасып та арбасып та, тіпті айқасып та көрген бидің бірі Тілеуді болған. Тілеудіні халықы пір тұтып құрметтеп «Бәлі», «Бәлекең» деп атаған. Бәлекеңнің тұсында да қазақ, урианхай білеушілерімен, байлар арасында қоныс дауы, жаңжал, келіспеушіліктер көп болған. Бұған дәлел ретінде мына бір оқиғаны келтіруге болады. «Алтайдың Торғауыты мен Қобданың урианхайлары Молқы, Қарақас ауылдарын тықсыра түседі. Жайлым-қоныс, қыстау, күзеуден тарыққан ел Дэлүүннің Бессаланың басы, қарлы жондарға ығысады. Осы тұста Бәлекең мен Жалғызағаштағы Дүңкір мешітінің бас ламасы арасындағы кикілжің көпке созылған. Бәлекең халықты сабырға шақырып мәселені келісіп шешуге тырысып Дүңкір мешіт әміршісінің тәлкегіне көнеді. Сүйтсе де хүрээ әміршісі Қарақас елін Жалғызағаштағы хүрээ жайлауына жолатпай, қонған ауылды бақандап, сойлдап, әмір таптырмай қояды. Көшкен елдің жылқысын қуып, шырқын бұзады. Үнемі шабуыл жасап ауылдарды ойрандайды. Бұл әрекетке ашуланған Тілеуді би өзі бастап ұран салып «Қарақастың бойында жаны бар еркегінен бір адам қалмасын, атқа мінер қатын баласына дейін еркекше киіндіріп әкелсін, әмірімді екі еткен ағайын болса айып саламын» деп оларды қара бақан, қамшымен қаруларндырып атқа қондырады. Шалқар түсте қанен қаперсіз отырған Дүңкір хүрээнін шауып Урианхайларды Буянт өзенінен өткізе қуып, өзі Дэлүүн суының құйғанынан өтіп, ел шетіне қонып той мереке сайын Көксерке тауын бөктерлетіп бәйге жарыстырып, ат ізін сала береді. Ақыры бәйге тосатын сол төбе бүгінгі күнге дейін «Бәлекеңнің бәйге төбесі» аталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан атамекенге айналды. Қазірде Дэлүүн өлкесінде өтетін даталы той, дүбірлі думанда ат бәйгесі осы жерден жарыстырылып тосылады. Осы оқиға жайлы белгілі жазушы Сұлтан Тәукейұлы «Арман тау» романында «Бәлекеңнің бәйге төбесі» атты бөлімінде кеңінен баяндаған.

Тілеуді би қайтыс болған соң баласы Тырқай Қобдадағы сол кездегі әкімшілік жүйесі болып тұрған «Әмбі»-ға барып халықтың атынан жер сұрап әмбіның қалаған барлық нәрсесін тауып беріп қазіргі Дэлүүн өлкесінен кең алқап жерді иелікке алған. Бірақ Тырқай шешен көп уақыт билік құрмай бір жылдан соң қайтыс болып оның інісі Бітімші ел басқарып үкірдай болған.

Бітімші де әке жолын жалғастырып, аманатын арқалаған беделді би, көпке үлгі болған дара тұлғалардың бірі. Бітімші жайлы халық арасында, көптеген аңыз әңгімелер кеңінен тараған. Оны халық әуелі әулие, кеменгер адам ретінде таныған. Бітекең асқақ рухты, халқы үшін аянбай тер төккен, дау кескен шешен, әділ би. Бітімші Бессаланың суындай буырқанған, Көксеркенің тауындай асқақ, халықтың қамқоршы әрі қорғаны болған көрнекті тұлға. Ол қара орман халқының рухани санасын оятып, мұсылман дінін уағыздауға ат салысты. Елін жерін көзінің қарашығындай қорғады. Бітімші ел билеген заманда Дүңкірлермен арада жерге талас, қақтығыс жиі етек алып, түрлі даулар мен келіспеушілік көп болған. Бітімші бірін алдап, бірін арбап, бірін қорқытып барлығына төтеп беріп, халқының амандығын ойлап, байтақ жерін ұрпаққа аманат етіп қалдыру үшін күрес жасаған саяси қайраткер.

Бітімші би  қазақтың ұлттық дәстүрін жандандыруға көңіл бөліп, барынша қолдап қоршады. Келешек жастардың жақын болашағы үшін басын бәйі тігіп, өмір мен өлім алпалысында жүріп күн кешті.  Бүгінгі біздің жеткен бейбіт өмір осындай бабалардың ерен еңбегімен, қайсарлығымен жеткенін әр бір ұрпақ санасына тоқып, жадына сақтауы тиіс. Бітімші Тілеудіұлы қазақтың төрт биінің бірі Мамытұлы Көкеннің Бәтима деген қызымен тұрмыс құрған. Бітімші биден Нұртаза, Нұрғали, Ораз атты үш ұл, бір қыз туады делінеді. Нұртазадан Нәбидолда, Қабдолла, Халел, Сәбиған, Қаби, Сағи, Орысхан, Әбділхамит, Әбісағи атты ұлдар туады. Нұртазаұлы Халел, «тәйжі» атағын алған ел бастаған белгілі адамдардың бірі.

Қазір Бітімші Тілеудіұлының қабірі Баян-Өлгий аймағы Дэлүүн сұмыны 7-бақ өлкесі Ахунтыда. Осындай халыққа қорған болған, даңықты тұлға деп таныған Бітімші бидің басына құран оқып, құлыптас қою туралы ақын, жазушы, тарихшыларда бастамалар көтерді. Енді осы игі бастамаға Дэлүүн халқы болып үн қосып, бірге жұмылып, аталмыш жұмысқа ат салыса кірісу керек деп ойлаймын.

Бітімші бидің асқақ тұлғасы, ұлты үшін күрескен қайсар табандылығы, халық көңілінде терең сақталып, асқақ рухы мәңгі жасай бергей!

 

Моңғолия Журналистері одағының мүшесі,

Тарих ғылымының магистрі Шынарбек Сейітханұлы

 

Дереккөз: «Тарлан Тағзым» журналы, Улаанбаатар., 2016, №1(13) , 8-10-бет

 

[1]«Западная Монголия и урианхайский край», Ленинград., 1930, 413-б.

[2]Г.Н.Потанин. Очерки Северо-Западной Монголии (Путешествие по Монголии). М., 1948, 38-39-беттер.

[3]Ә.Мініс, А.Сарай. БНМАУ. Баян-Өлгий аймгийн казах ард түмний түүхээс. УБ. 1960, 8-бет

[4]Цэвэн Жамсранов. Дархат, Хөвсгөл нуурын Урианхай… Хасаг, Хамниган нарын гарал үндэс өгүүлэл. УБ.,1927, 132-бет

[5]Зардыхан Қинаятұлы. «Моңғолиядағы қазақтар», Алматы.,2001, 69-бет.

[6]Хурметхан Мұхамадиұлы, «Моңғолиядағы қазақ этникалық тобының қалыптасуы мен дамуы», Алматы, 2000.

[7]БНМАУ-ын Анхдугаар их хурал. Дэлгэрэнгүй тайлан. УБ. 1984, 216-бет.

[8]Сұраған Рахметұлы «Қазақтардың Моңғол жеріне қоныстана бастауы». Шұғыла журналы, УБ.2013, № 02 (177), 4-5 бет.

[9] Шынай Рахметұлы «Моңғолиядағы қазақ халқы», УБ.2007, 75-бет.

[10]Ислам Қабышұлы «Моңғолия қазақтарының тарихы». 35-бет.

[11]Қадан Қабисатұлы, Құлыбек Ілиясұлы. «Дэлүүн сұмын халқының ата-тек шежіресі мен тарихы», Өлгий.1998, 86-бет.

[12]А.Сарай, «Революциядан бұрынғы қазақ халқы». Өлгий. 1991, 65-бет.

[13]Ақыт қажы Үлімжіұлы. «Ғақылия», Өлгий. 1994, 144-145 беттер.

[14]Бодаухан Тоқанұлы, «Моңғолиядағы Қарақас руының шежіресі». Өскемен., 2007, 9-бет.

[15]Сиыршыбай Рахметұлы, «Дэлүүн жайлы білетіндерім». Шұғыла журналы. Өлгий., 2008, № 03 (158), 25-бет.

Related Articles

  • Қазақ мектебінде оқитын 7 жасар бала орыс тілі сабағында неге орысша сайрап тұруы керек?

    Қазақ мектебінде оқитын 7 жасар бала орыс тілі сабағында неге орысша сайрап тұруы керек?

    Магнумды өзім мүлде ұнатпайды екенмін. Үнемі барсам, есі дұрыс көкөніс таппайтынмын. Ескірген, шіріген. Азық-түлікті тек базардан аламын. Бірақ магнумге байкотты тоқтатпау керек! Сонымен бірге, орыстілді кино, фильмдерге де байкот жариялау керек. Бірақ, одан күштісі, балаларыңды тек қазақша оқытып, қазақша тәрбиелеу керек. Бірақ, балаңды қазақша тәрбиелейін десең, тағы бір кедергі шығып жатыр. Ғалымдардың айтуынша, баланы 13 жасқа дейін қазақ тілінде оқытып, ұлттық құндылықтарды бойына, ойына сіңіру керек. Енді солай істеп жатсақ, 7-8 жасар қап-қазақша өсіп келе жатқан балаңды мектепте орыс тілін үйретіп миын ашытуға тура келіп отыр. Яғни, 2-сыныптан бастап орыс тілі мектеп бағдарламасында тұр. Бжб, тжб-сында орыс тілі мұғалімдері баланың орысша мазмұндамасын (говорение) тексереді. Талап етеді. Сонда, біз байғұс қазақ,

  • Қазақ жастары бүгінде жаппай орыстану процесін бастан кешуде.

    Қазақ жастары бүгінде жаппай орыстану процесін бастан кешуде.

    Қазақ жастары бүгінде жаппай орыстану процесін бастан кешуде. Бала-бақшадан бастап, мектеп, жоғары оқу орны, еңбек мекемелерінің барлығы негізінен орыс тіліне көшуде. Өз еркімен емес, әділетсіз биліктің ұзақ жылғы солақай саясатының арқасында. Көшеде, кеңседе, дүкенде, көлікте, қоғамдық орында қазаққа қазақ орысша сөйлемесең немесе ұлтты сақтау керек деген жауапкершілік жүгін ұстанып, сенімен орысша сөйлесіп тұрған қазаққа қазақша сөйле деп ескерту жасасаң болды, бітті, бәле-жалаға қаласың. Заң да, оны орындаушы полиция, прокуратура, сот та орысқұлды қолдайды, ұлтқа жаны ашыған қазақты мүлде қорғамайды. Бұл қандай әділеттілік?! Мемлекеттік тілді, мемлекеттік қауіпсіздікті жекелеген адам емес, осыған жауапты мемлекеттік құрылымдар қорғауы керек қой. Жеке адам емес, ең алдымен билік қорғауы керек. Қазақ жеке тәуелсіз мемлекет болып тұрса

  • Жұмабек Тәшеневтің туғанына 110 жыл

    Жұмабек Тәшеневтің туғанына 110 жыл

    Бүгін Жұмабек Тәшеневтің туғанына 110 жыл толып отыр. Құжаттарды оқысақ, Хрущев Қырымды Украинаға берген соң республикалардың аймақтарын басқаша бөлмек болған екен. Қазақстанда целинный край құрып, елдің оңтүстік бөлігін көрші елдерге беруге үзілді-кесілді қарсы болған. Бұл мәселенің тіпті қарастырылуына қарсы шыққан. Кейін осы ұстанымы үшін қызметі төмендетілді. Министрлер кабинетінің төрағасы қызметінде Б.Момышұлы, Р.Қошқарбаевты Ұлы Отан соғысының батыры атағына бірнеше рет ұсыныпты. С.Нұрмағамбетовке көмектесіпті. 1960ж 212 пәтерлі үйді қазақ өнерінің майталмандарына бергізіпті. 1955ж Қытайдан оралған 100 отбасы далада қалғанда олардың мәселесін шешу үшін үкіметтен арнайы комиссия құруды сұраған екен. Елге қызмет еткен азамат қой. p.s. мұндай принципшілдік – бүгінде сирек кездесетін қасиет. Nurmukhamed Baigarayev

  • НАУРЫЗ туралы маңызды құжат

    НАУРЫЗ туралы маңызды құжат

    Ашық дереккөздерден 1920 жылғы 20 наурызда Ташкентте Тұрар Рысқұлов қол қойған Наурызды атап өту туралы бұйрыққа көзім түсті. Демек, биыл бұл тарихи құжатқа – 105 жыл! Алайда, арада небәрі алты жыл өткен соң 1926 жылы Наурызға тыйым салынды. Ал, 1920 жылы Түркістан Кеңестік Республикасының Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып қызмет еткен Тұрар Рысқұловтың тағдыры қандай қайғымен аяқталғаны баршамызға мәлім. Оны “халық жауы” деп танып, 1938 жылдың 10 ақпанында ату жазасына кескен… Нашел вот такой документ в открытых источниках: Приказ, изданный в Ташкенте Тураром Рыскуловым от 20 марта 1920 года о праздновании Наурыза. Получается, в этом году этому историческому документу исполнилось 105 лет! В 1926 году Наурыз оказался под запретом. А

  • Айтылмай қалған бір ауыз сөз (Болат Бопайұлын еске алыу)

    Айтылмай қалған бір ауыз сөз (Болат Бопайұлын еске алыу)

    «Ажал айтып келмейді, Қаза- қасқағымда» дейтін бабалар сөзі осындайда еске түседі екен, әлгіндеғана әзілдесіп, арғы – бергіден кеңес қозғай отырып, «алдағы айдың жыйрма нешелерінде министрлік жағынан кітаптарының тұсау кесері болатынын, жуырда теле арнадан салт – сана жөнінде бір сағаттық сүхпат беретін» қуаншын мұндағылармен бөлісіп жанары нұрланып, жүзі жәйнап отырған Қазақыстан Жазушылар Одағының мүшесі , айтулы Этнограф, жазушы Болат Бопайұлы арада тысқа шығып келуге үй йесінен рұқсат сүрап кеткен еді, бір неше минут өтбестен «Бөкең жығылып қалды» деген суық хабар келгенде алдымыздағы дастарханды тастай тысқа ұмтылдық, ойпырмай әлгінде ғана қатарымызда отырған азаматтың құлап жатқанын көргенімізде абдырап қалдық, жедел жәрдем орталығындағы кезекші маманның бұйыруымен Бөкеңді жатқан орынынан қозғамай қолдарын ұйқалап, тамырларын ұстап,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы:

Zero.KZ