|  | 

Әдеби әлем

Адамның құны (Полицейдің хикаясы)

Аялдама  (әңгіме)

Дала үскірік аяз. Бет қариды. Апта бойы жапалақтап жауған қар екпіні басылғанымен, ауа-райы күрт бұзылып, соңы алай-дүлей боранға ұласқан. Теріскейден соққан желдің түрі жаман. Жолдың ана бұрышына күртік қарды үйіп-төгіп салады да, кісі омбылатады. Кейбір жері қу тақыр; мұндайда табанының асты тайғанақтап, өкпектеп соққан ызғарлы жел әрі-бері теңселтіп, құлата жаздайды. Шығыстың табиғаты қатал.

Тарбағатай тауының әсері ме екен, Үржар өңірінде қар қалың жауады. Кей жерлерде тіпті күресінге лақтырылған қардың көптігі сонша, төннелдің ішімен келе жатқандайсың. Әрине, бұл үй маңындағы жағдай. Ал жолдың бойын зымыстан үрлегендей күртік қар қатпар-қатпар етіп жауып тастайтынын қайтерсіз. Мұндайда көлік қатынасы қиындайды. Ауылдан аудан орталығына жетіп, азық-түлік алудың өзі мұң болады. Тау етегіндегі ауылдар үлкен қар тазалағыш техника келгенін күтіп жата ма, бес-алты атты белуарадан келетін қарға қарай айдап, жол ашып жатқаны. Қысқасы, қыс келсе бейнетті тірлік басталады.

…Таңертең ауылдан аудан орталығы – Үржарға автобуспен жетіп алмақ болған ана мен бала ерте қамданды. Шамның жарығымен апыл-ғұпыл шайларын ішіп, көліктен қалып қоймауды ойлап, үйден жолға жаяулатып шықты. Аспанды бозғылт тұман торлаған. Дала әппақ. Кеше кешкісін ауылға келген көліктің жолын боран үрлеп, жан жүрмегендей жым-жылас қалған. Бала Жалғас артына қараса, жаңа басқан іздерін жел қуып жетіп, өшіргіштей өшіріп барады. Әйтеуір жолдың үсті ашық екен. Әкесі Қанай бүгін таң бозынан ауылдың арғы бетіне мал бағуға кеткен.

Шешесі Жұмагүл үнсіз келе жатыр. Мұның қолынан ұстап, алдамаға қарай ілгері адымдай түскен. Отыздан жаңа асқан ананың үстінде қоңыр ескілеу пәлте, басында қоңыр шәлі, аяғында қара пима. Жалғастың үстіне кигені көк куртка, басында сәнді малақай, бұтында джинсы сым. Үйден аяғындағы былғары етігінің ішінен қабаттап жүн нәски киіп шыққан. Әйтеуір, тоңып қалмаудың амалы. Екеуі беттерін қолғаппен бүркесе де, суық жел бет шыдатпайды. Ал аялдама… Аялдама ауылдан бір шақырымдай жерде. Бүгін аудан орталығына баратын ешкім көрінбеді; жол үстінде тек екеуі ілбіп келе жатты. Бастарын ақ қырау шалған, қасқыр құйрықты қарағайлар мен  қолтырауын тінді қарағаштар ғана қараңдап көрінеді. Бір-бірінің қолынан ұстап, аялдамағада жетті-ау, әйтеуір. Екеуі аялдаманың ішіне кіріп паналағандай болды. Әйтсе де, қар ұшқыны мұнда да кіріп кетіпті. Сәндік үшін жасалған саңылаулардан желпініп жел үреді. Ана мен бала күрк-күрк жөтеліп келетін сары автобусты күткелі жарты сағаттан асып кетіпті.

- Мама, автобус бүгін де кешігіп жатыр ғой, – деді Жалғас суықтан үрпейісіп, екі аяғын алма-кезек ұрғылап. Қолғабын шешіп, жаурағаннан қызарып кеткен қолдарын үрледі.

- Кішкене шыда, балам. Қазір келіп қалар… Жарықтық, мына жолда қардан шыға алмай жатқан шығар, әйтпесе ендігі келер еді.

Жалғас биыл алтыншы сыныпқа көшкен. Оқуда озат, тәртібі жақсы. Сыныптастарының алдында беделді, оқу секторы. Арманы – тезірек оқу бітіріп, әкім болу. «Шіркін, тезірек әкім болсам ғой» деді іштей. «Егер мен әкім болсам, ауылға жиі жаңа автобус жіберіп, жолдың екі қапталын жел қар үрлемейтіндей етіп қорған салар едім. Немесе жолдың екі жиегіне қөп қылып ағаш ектірер едім. Сонда үлкендер де, балалар да біз сияқты қарлы боранға ұрынып, тоңбас еді».

Екеуінің көзі жолда. Қанша қарайлағанымен бірде-бір көлік көрінбеді.

- Мама, үйге қайтайықшы. Мен қатты тоңып кеттім. Автобус кеше келген жоқ, бүгін де келмейтін шығар.

- Тоңып қалдың ба, құлыным. Келші бері, беті-қолыңды жылытайын, сосын үйге қайтамыз. Анасы баласының беті-қолын ысқылағанда әжептеуір жылынып қалған сияқты. Олар аялдаманың ішінен шығып, үйге қайтпақшы болды. Кенет ана жүрегі селк етті. Әлденеден секем алғандай бір уыс жүрегі дүрсілдей жөнелді. Жалма-жан жан-жағына қараса, қарағайлардың арасынан бір топ қасқыр осылай қарай анталап келе жатыр екен. Шамасы, бұлардың ешқайда қаша алмасын сезіп, асықпай жемтігін аңдып келетін секілді.

- Ойбай, Жалғас! Қас-қыр! Тезірек аялдаманың үстіне шық! Бол! Бол, тезірек!

Ана аялдамаға бірінші өзі емес, баласын шығармақ болды. Қас пен көздің арасында Жалғас аялдама саңылауынан ұстап, жоғары ұмтылды. Жалғыз ұлын жоғары итермелеген ана бар күшін салды. Осылдай қысылтаяң сәттерде адамның бойында күш-қуат көбейіп кете ме, баласының аяғын иығына қойып, ана бар күшімен аялдама үстіне мінгізбек болды. Қос қолымен жоғары итергенде Жалғас қар басқан төртбұрышты плитаның үстіне әупірімдеп шықты-ау, әйтеуір. «Енді анамды қасқырларға тиіскізбей шығарып алу керек» деп ойлады жүрегі шошынған бала. Қараса, маң даланың аш бөрілері жақындап қалыпты.

- Мама, қолыңды бер! – Жалғас плитаға етпетінен жата кетіп, қос қолын бірдей ұсынды. Қолдарын анасына созғанда үлпілдек қардың күміс ұшқындары күн сәулесімен шағылысып, Жұмагүлдің бетіне шашырады. Ананың тыныс алуы қиындап, аяғы тартылып қалғандай қозғалар емес. Тек денесі дірдек қағады.

- Маматай, қолыңды бер! Қасқырлар келе жатыр! Тез болсаңшы! – Жалғастың көзінен ыстық жас ыршып шықты. Анасы аялдаманың саңылауынан екі қолымен тырмыса ұстап, бір қадам алға ұмтылмақшы болды. Кенет жайбарақат келе жатқан қасқырлардың біреуі анталай ұмтылып, ананың аяғын бас салған. Екпінмен келген арлан Жұмагүлдің қара пимасының дал-дұлын шығарды. Шошынған ана ойбайға басты.

- Мама! – Жалғас даланы басына көтеріп айғайлап жіберді. Басы төмен салбырап,  қос қолын анасына соза түскен ол төбеден жерге ауып кете жаздады. Қолы анасының алақанына сәл жетпей қалды.

– Мама, қолыңды соз, көмектесемін! Мама… қолыңды…

Жұмагүл түз тағысы аяушылық білдірер дегендей аналық мейірімен үміттене қарады. Жасқа шыланған қос жанары мөлдіреп, азулы қасқырдан көмек сұрағандай. Іштей «Жанымды аяи гөр! Шиттей баламының қызығын көрейін! Жарық дүниегі бар қызығым осы. Маған өлім емес, өмір сыйла!» деп жалбарынған еді. Ана зор үмітпен көкжалдың жанарына тайсақтамастан бір мезет қасқая қарап қалған. Көк бөрі мейірім тілеген ананы еш түсінбегендей ырылдап, азулы тісін ақситып, жоғары қарай ұмтыла берді.

Шошынған ана аялдама үстіне шыға алмасын, әрі баласының көмектесе алмайтынын біліп, саңылаудан мықтап ұстай берді. Ішінен: «Жаным баламнан артық па? Төбеге өзім бірінші шықсам, баламды қасқырлар жеп кетпей ме? Жалғас итеріп көмектесе, өзім тырбынсам, бірдеме қылып төбеге жетер едім. Бірақ, қасқырлар жақындап қалды. Үлгермес едім. Жас өмірді жауыздарға қия алмаймын. Алса, менің жанымды алсын!» деді күбірлей. Өлім мен өмір арасы бар-ақ қадам екенін сезгенде Жұмагүл еңіреп жылап жіберді. Мына аялдама соның өліарасы секілді. Қас пен көздің арасында ойы сан-саққа жүгірді. «Өмір мен өлім бар-ақ адым-ау! Тағдырым маған не сыйлар екен? Аялдамада мені не өлім, не өмір күтіп тұрғаны анық. Баламның қолынан ұстасам, жалғызым төбеден құлап кетіп, мына аш бөрілерге жем болмақ. Өзімді-өзім құтқара алмасам, шиттей бала қалай көмектеспек? Жоқ, баламнан көмек сұрап, оны аш бөрілерге азық қыла алмаймын». Ананың қолы еркін жетіп тұрса да баласының  көмегін алмады. Аяздан тоңған қолдарынан әл кетіп, қарысып та қалып еді. Осы кезде қасқырлар да жетіп, екпінмен секіріп, ананың аяғына ұмтыла берді. Әккі көкжал қайралған пышақтай тістерін ақситып, ананың аяғынан кірш еткізіп тістегенде даланы күңіреткен азалы дауыс шарлап кетті. Ана қас-қағым сәтте есінен ауысып, талықсып, аяқ-қолы әлсіреп, жердегі аппақ қарға шалқасынан құлай берді.

- Мама! – күңіренген бала дауысы тірі адамның сау-сүйегін сырқыратардай маң даланы шарлап кетті. Анасының денесін паршалап жатқан бес-алты қасқыр жаққа қарай алмады. «Көмектесіңдер! деп бар дауысымен айғай салды. Етпетінен плитаны жапқан ақ қарға жата кетті. Жып-жылы беті қарға енгенде суықты түк сезбеді. Көзінен сорғалаған ып-ыстық өкініш жасы қарды ерітердей. Қар ішінде өксіп, өкіре жылады. Анасына көмектесе алмағына бір өкінсе, өзінің тым кішкентай болғанына екі өкінді. Анасынын өлі денесін бөлшектеп жатқан қасқырларды үркітем деді ме, әлде жаратылыс рухы бір екенін есіне алды ма,  Жалғас көк бөріше ұлып сала берді. Ұли берді, ұли берді… Зарлы дауысы мал жайғауға шыққан ауылдықтарға да жетті. Аялдама жақтан естілген айғайдан бір жамандықтың, сұмдықтың болғанын сезіп, жұрт жағасын ұстаған. Көп ұзамай Жалғастың бақырғаннан дауысы қарлығып, талықсып кетті.

Арада сүт пісірім уақыт өткенде жандарына ерткен тазылары мен төбеттері бар, мылтықтарын иықтарына асқан үш-төрт салт атты осылай қарай шапты. Ауылдастар атқа қамшы салып, аялдамаға жетіп келсе, айнала түгел қан екен. Ақ қар қызыл қанға боялған. Қасқырдың иісін сезген ауыл иттері абалай жөнелді. Жігіттер қасқырлардың ізін көріп, қарға шашыраған қанды бойлай жоғары  өрлей бергенде киімі жыртылған, етінің парша-паршасы шығып, сүйегі ғана қалған мүрдені көрді. Бет-әлпетінен ауылдағы Қанайдың әйелі Жұмагүлдің өлігі екенін таныды. Жігіттер терең демін алып, ат үстінде беттерін сипады. Батылырақ біреуі аттан секіріп түсіп, өліктің үстін үнемі аттың артыдағы мөшектің ішінде жүретін ескілеу матамен жапты. Барлығы  тегіс жиылып, дереу жотаның үстіне шығып айналаны көзбен шолды. Әккі қасқырлар ізім-ғайым жоғалып үлгеріпті. Иттердің үрген дауысынан Жалғас есін жиып, аялдаманың үстінде қар жамыла жатқан күйі «Ма-а-ма!» деп айғайлап жіберді. Арт жақтан шыққан оқыс дауыстан салт аттылар кері бұрылды. Біреуі тезірек атпен шауып келіп, аялдама үстінде үсікке ұрынып, анасынан айрылып еңіреп тұрған Жалғасты көтеріп алды. Үсті-басын тоңмен қымтап, ертоқымның алдына салып, ауылға қарай шапты.

…Әбден шошынып қалған Жалғас екі айдан астам уақыттан соң қалыпқа келіп, есін жиды. Жәміш апасы ем-домын жасап, жанын аман алып қалды. Атасы Балқыбек қайыстан алты дырау қамшы өріп қойыпты. «Немерем өскенде осы қамшымен қасқырлардың жонынан таспа тіледі» дейді. Әкесі Қанайдың жүзін әжім шалып, бүгіліп қалыпты.

Көктем шығып, жер аяғы кеңіген соң анасына – өлім, өзіне – өмір сыйлаған аялдамаға жүрексініп әрең барды. Әрине, жалғыз барған жоқ, әкесімен бірге. Жалғыз баруға жүрегі дауаламады. Қыста алай-дүлей болған осы маң түк болмағандай тынши қалыпты. Адырлардан көк шығып, жылғалардан су ағып, көктемнің самалы еседі. Анасын қасқырлар тартқан жерлерге қып-қызыл қызғалдақтар гүлдепті. Жалғас аялдамаға көз тастап, ұзақ үңілді. Іштей «Анам-ай, қайран анам-ай! Егер көктем кезінде қасқырларға тап болсаң жеңіл киіммен аялдама үстіне оңай шығып кетер ме едің. Саған көмектесе алмағаным үшін көп өкіндім. Өз-өзіме әлі өкпелеп жүрмін. Сен мәңгілікке бізден алыстап кетсең де, жанымда жүр деп сенем. Бақұл бол, жан ана! Сенің арқанда әлемнің жарығын көріп келем. Ана, мен сені сағындым. Өзіңді ешқашан ұмытпаймын!» дегені сол еді, көзіне жас үйірілді. Бірақ әкесіне көрсетпей жеңінің ұшымен сүртіп тастады. Қыста көкжалдар анасын сүйреп кеткен жаққа қарайлап, бетін сипады. Көк бөрі секілді ұлығысы келді.

 

Күнделік

(әңгіме)

Көктемнің ызғары мол, сұрықсыз күндерінің бірі. Аспанда будақ бұлттар жайылып, қаланың үстімен баяу жылжиды. Болмашы салқын леп бар. Аялдамада жұрт автобус күтіп тұрды. Көлік кешіккен соң адамдар сағатына қарап, дегбірсіздене  бастады. Сабағына асыққан студент қыз да жолға қарап, көзі талды. «Жолда кептеліс болып қалған шығар, автобус ендігі келер еді» деді бір ақсақал жанындағы адамдарды жұбатқандай. Бұл кезде Сұңғат дүкеннен сусын алмақ болып, көлігімен аялдаманың жанына тоқтады. Көп адамдардың арасынан көзіне бір жан жылыұшырасты. Бұл өзі ауызға үріп салардай нәзік, сүйкімді қыз еді. Қолаң шашы иығына түскен, қоңыр көзді бойжеткеннің шырайлы жүзі күн сәулесімен шағылысып, нұрлана түскендей. Сұңғат қыздың сөмкесінің пошымына қарап, студент екен ойлады. Қара қастары сәл сүрмеленіп, қып-қызыл ерніне болар-болмас далап жағылыпты. Жігіт құдды көптен бері армандап жүрген қызына кезіккендей тамсана сырттай ұзақ бақылап тұрып қалды. Көлігінің есігін жапты да, қызға қарай жүрді. Бойжеткен жұрттан жырақтай жерде тұрған, бұл өзі сөйлесуге тамаша болды-ау деп ойлап үлгерді жігіт. Қиялындағы аруға кезіккенін түсінген. Екі-үш қадам қалғанда бөгеліп қалды. Аяғын баяу басып, қыздың білегінен ұстады.

- Райгүл, қалың қалай? Кеше Көктөбеге қалай қыдырып қайттыңдар? – деді күлімсірей амандасып. Бойжеткен оқыс қимыл мен бейтаныс дауыстан селк етіп, үстінен өрмекші жүгіріп өткендей қолын сілкіп қалды. Жігіттің қолы сусып сала берген.

- Кешіріңіз… Мен – Райгүл емеспін. Сіз қателесіп тұрсыз?

- Қойшы, Райгүл, осы сенің қалжының таусылмайды екен.

- Сіз не, айтқан сөзді түсінбейсіз бе?!  Мен – Райгүл емеспін!

- А-а, солай ма? Бәсе, құдашамнан үлкен көрінесіз. Менің құдашам жиырма төрте, бірақ он сегіздегі қыздай.

Қыз шамданып қалды. «Мені кәрі қызға теңеп тұр ғой мынау» дегендей көзінің қиығын бастан-аяқ шолып, жақтырмай қарады. Оның үстіне бағанадан бері көлік тосып шыдамы таусылды ма, ішкі наразылығын жігітке ақтара салды:

- Ал сіз қаншадасыз?

- Жиырма бестемін, – деп күлді жігіт. – Жаспыз ғой.

- Ал, мен жиырма бірдемін, – деп дәлелдей түсті бойжеткен. Ішінен «кәрі қызды тапқан екенсің» деп түйіп қойды.

- А-а, мен сізді жиырма беске енді келеді екен десем.

- Өзіңізге қарап алмайсыз ба?

- Жарайды, сізді ренжітіп алғаным үшін кешірім сұраймын, Райгүл.

- Тү-у, сізде Райгүл, Райгүл деп қоймайсыз ғой. Мен – Айгүлмін.

Жігіт қарқылдап күліп жіберді. «Мына жігіттің есі дұрыс па?» дегендей қыз жақтырмай қарады. Тіпті, автобус күтіп тұрғандар да жалт қарасты.

-   Қандай сәйкестік! – деп күле түсті жігіт. – Өтінемін, мен туралы жаман ойлап қалмаңыз. Менің ақыл-есім дұрыс, сап-саумын! Бірақ бұл деген шынында да күлкілі емес пе? Райгүл-Айгүл!

- Сізге ештеңе айтуға болмайды екен, – деп бұртиып, теріс қарады қыз.

-  Айгүл, кешіріңіз. Автобусыңыз келмей тұрғанға ашуланудың қажеті жоқ. Қазір сізді көлігіммен барар жеріңізге жеткізіп тастайын.

- Керегі жоқ, – деп шарт кетті қыз. – Қазір сегізінші автобус та келіп қалады.

Бұл кезде жігіт «Ауди» маркалы көлігімен бұлқан-талқан болып ашуланып тұрған бойжеткеннің жанына келді.

- Жүріңіз, баратын жеріңізге жылдам апарып тастайын, – деді жігіт.

- Сіз де қоймайды екенсіз, – деді қыз. – Әуре болмаңыз, мен тек сегізінші автобуспен ғана барам.

Бұл кезде жұрттың көбі қоғамдық көліктерге мініп, енді біреулері аялдамадан түсіп жатты. «Қырсық-ай, бүгін емтиханнан кешіксем, мемлекеттік емтиханға жібермей қояды. Үйден ерте шығуым керек еді. Қап, кешігетін болдым ғой» деп тыпыршып тұрған қыз өзін іштей кінәлай бастады. Емтиханға небәрі жарты сағаттай уақыт қалыпты. Сұңғат ақ параққа иректеп 8 деп жазды да, көлігінің терезесіне жабыстырды.

- Міне, сіз күткен сегізінші автобус та келді, – деп күлді жігіт. – Жүріңіз, әйтпесе кешігесіз. – Сіздің қатты асығып тұрғаныңыз түріңізден көрініп тұр.

Қыз көліктің алдынғы әйнегіндегі санға қарап мырс етіп күліп жіберді.  Басын изеп, көліктің артқы жағына отырды. Жігіт қарсы алдындағы сопақша айнадан қыздың тым сүйкімді екенін байқады. Қиялындағы арудың қолына келіп қонғанына сене алар емес.

- Тезірек ЖенПи-ге қарай жүріңізші, – деді қыз асығыстық танытып.

- Әміріңізге құлдық, – деді жігіт күлімсіреп. – Қазір көзді-ашып жұмғанша жетеміз.

Қыз емтиханға бара жатқаны есіне түсіп, тұнжырап қалды.

- Тезірек жүріңізші, өтінемін! Емтиханнан  қалатын болдым.

- Бағанадан бері қырсықпай көлігіме отыра салғанда барар жерге жетіп те  қалар едік.

Қыз үндемеді.  Жеңіл көлік ышқына қозғалып келеді.

- Филология факультетінде оқисыз ғой деймін, – деді жігіт айнадан қызға көз қиығымен қарап қойып.

- Қалай біліп қойдыңыз?

- Мұғалімдер ашуланшақ болып келеді дейді ғой.

- Сіздің де шығармайтыныңыз жоқ екен.

Жігіт өзінің тым сенімді болып кеткеніне таңырқап қалды. Еркінси түсіп:

- Шамданғанда тіпті сұлу болып кетеді екенсіз.

Қыз қызарақтап қалды. Көктемнің салқын сызы алма бетін қызартып, сұлулығына шырай кіргендей. Жігіттің меселін қайтармақ болып:

- Райгүлге де солай айтқан шығарсыз, – деді кекете. – Жаңа ғана мені кәрі қызға теңеп едіңіз ғой. Аяқ астынан өзгеріп шыға келдіңіз. Қазіргі жігіттер Алматының ауа-райы секілді.

- Ой, сіз тіпті қатты кеттіңіз ғой. Жігіттерден әбден көңіліңіз қалыпты ғой, – деп күлді Сұңғат.

- Райгүл жайлы ештеңе айтпадыңыз ғой, – деді қыз қырсығып.

- Қызғанып қалдыңыз ба? – деп қарсы алдындағы айнадан қызға қарады. Қыздың ұяң жүзі үлбіреп, қызарақтап кеткен секілді.

- Сізді ме? – деп сыңғырлай күлді қыз. – Маған бәрібір. Мен тіпті сіздің есіміңіздің кім екенін де білмеймін. Бірақ Райгүлге сондай жаным ашып кетті. Ол қыз сіздің басқа біреумен сөйлесіп отырғаныңызды көрсе, жүрегі ауырып қалады ғой. Осы жігіттердің бәрі неге бірдей?

- Ой-хой, – деп тіпті еркінси түсті Сұңғат. – Бәріміз бірдей болсақ таңдамай-ақ үйлене бермейсіздер ме. Мысалы, сіз өзіңізден он үш жас үлкен жігітке үйленер ме едіңіз? Болмаса, бай мен кедей жігіттің қайсысың таңдайсыз?

- Бәрібір Райгүлге жаным ашиды, – деп оңай құтылып кетті бойжеткен. – Қыз байқұс сізге сонша сеніп жүр ғой.

- Қай Райгүлді айтасыз?

- Әні, ұмытып та үлгеріпсіз. Жігіттердің бәрі сондай…

- Қандай?

- Сондай. Жа-ма-ан, – деп даусын соза түсіп күлді қыз. Құдды бұрыннан бері қалжыңдасып жүрген курстасыңдай іркілген жоқ.

- Райгүл деген қыздың атын бір жазушының шығармасынан оқып едім. Өзі сұлу, инабатты, тәрбие көрген қыз деп суреттеген.

- Рас па? Сіз.. сіз кітап оқисыз ба?

- Кітап оқымайтын жігіттер болмайды деп кім айтты сізге?

- Ой, қандай өтірікшісіз, – деп қалды қыз. «Мені бұрыннан бері танитын құрдасындай қалжыңдасып отырғанын қарашы». Бұлақтың сылдырындай сыңғыр күлкі көліктің ішін жайлап кетті.

– Жаңа ғана құдашаңызды көргендей қуанып едіңіз. Енді ұмыта қалыпсыз.

- Білмеймін. Бүгін өзі жолыма кілең сұлу қыздар кездесіп…

-  Бәрібір суайтсыз -ау деймін.

- Әйтеуір менің кітап оқитыныма сенесіз ғой.

- Сенбеймін.

- Сенбесеңіз, тексеріп көріңіз.

- Ал, жақсы. Жоржи Амадудың қандай шығармасын білесіз?

- Сондай да жазушы бар ма?

- Кабо Абэнің қай туындысының мазмұнын айтып бере аласыз?

- Өңкей шетел жазушыларын оқисыз ба? Өзіміздің жазушылар бар емес пе?

- Жақсы. Жүсіпбек Аймауытовтың әйгілі шығармасын айтыңызшы?

- Мектепте оқып едік. Дәл қазір есіме түспей тұрғаны. Сізде бар болса маған бере тұрасыз ба?

- Ой, сіз әдебиетті мүлде ұмытып қалыпсыз ғой. Жақсы, кітабымды оқуға бере тұрайын. Телефон нөмірімді жазып алыңыз, үйде барған соң хабарласарсыз.

- Сізбен кездескелі өзіме басым айналып кетті ғой.

«Ой, өтірікші!» деп ойлады қыз. Көліктер бір-бірімен соқтығысып қалардай, тақалып жүр.

- Рульді дұрыстап ұстаңызшы, жолға қарап отырыңыз, әйтпесе…

- Қорқасыз ба?

- Мен бе? Несіне қорқам? Қайта сіз көлігіңізді соғып алмаңыз дегенім ғой.

Көлік солға кілт бұрылды.

- Міне, университетке де келіп қалдық, – деді Сұңғат.

- Жақсы, рахмет сізге, – деп қыз көлік тоқтаған бойда есікті ашып, сыртқа асықты.

- Сіз сабақтан қашан шығасыз?

- Білмеймін. Мені күтіп әуре болмаңыз, сау болыңыз, – деп есікті жаба салды.

Сұңғат сабағына асығып бара жатқан қыздан көз алмай, ұзақ қарады. «Сұлу деп осыны айт. Мұндай аруға бұрын-соңды қалай кезікпегем? Бір көргеннен ғашық болып қалғаннан саумын ба, өзі? деп, қарсы алдындағы айнадан өзіне ыржия қарады. Екі беті қызарып, жүзі қуаныштан бал-бұл жайнап тұр екен. Өзі көлікке не үшін отырғанын ұмытып барады екен. «Е, халыққа қызмет көрсету орталығына» барып, құжаттарын рәсімдемек болып едім ғой». Көлігі сол ғимарат жаққа қарай зулай жөнелді.

Сұңғат ауылдан келген еді. Сондықтан пәтер мәселесі үнемі алдынан шыға беретін. Қалада экономист мамандығы бойынша білім алған соң ауылға қайтуды жөн санамады. Үйреншікті қалада қалып қойды. Мамандығы бойынша ауылдан жұмыс таба алмасын да білетін. Әрі үйдің үлкені болған соң соңғы екі курста сырттай бөлімге ауысып, жұмыс істеді. Ақша тауып, ауылдағы әке-шешесіне, бауырларына жәрдемдесіп тұрды. Кейін ақшасын жинап, зауытта шыққан жылы ескілеу, бірақ сыры кетпеген жеңіл автокөлік сатып алған. Ол жиі пәтер ауыстыруды ұната бермейтін. Кейде қиялдап, қаладан пәтер алып, үйленсем деп армандайтын. Ертеңгі күні іні-қарындастары мұның үйінде оқып, еш алаңсыз сабағына дайындалып жатқанын елестететін. Өзіне ұнаған бір-екі қызбен сөйлесіп көріп еді, мұның ауылдан келгенін, әрі қалада пәтері жоқ екенін білген соң кездесуге де ыңғай бермеді. Сұңғат оларды кінәлай алған жоқ, тұлаусыз тірліктің сұранысы солай шығар деп түйсінген. Кезіккен аруларын құлай сүйе алған жоқ, өзі де олармен ықылассыз жүруді де жөн санамады. Ал бүгін басынан өткен оқиға есеңгіретіп жібергендей. Кенет телефоны шырылдай жөнелді. Бастығы екен.

-  Алло, Алмас Қайырханұлы…

- Сұңғат, шаруаны тындырдың ба?

- Жолда кептеліс көп екен. Міне, жетіп қалдым.

- Қайтарда балабақшаға соғып, Еркежанды ала келші.

- Жақсы, уайымдамаңыз.

Бастығы телефонын сөндіре салды.

Сұңғат бар жұмысын бітірген соң университетке тартты. Бастықтың баласын үйіне жеткізіп, қайтып келгенше кеш қарайып кеткен еді. Жолшыбай бағана қыздан алған телефон нөмірін теріп, қоңырау шалған. Неге екені белгісіз, жүрегі дүрсілдей жөнелді.

- Алло, Айгүл, қалың қалай?  Бұл мен ғой -  Сұңғат, – деп қыз ұмытып қалды ма дегендей. – Бағана сізді жеткізіп салған 8 нөмірлі көліктің иесі.

- Иә, иә, таныдым. Қазір мен университеттемін.

- Мен сізді күтемін.

- Әуре болмай-ақ қойыңыз.

- Жігітіңіз алып кетуші ме еді?

- Жоға.

- Жігітіңіз келмесе…

- Жігітім жоқ.

- Жақсы, мен есіктің алдында тұрмын.

Қыз далаға шыққанда күн ұясына батып бара жатты.

-  Мені әлі тосып тұрсыз ба?

- Сіз кітап беремін деген соң күтіп тұрмын.

Қыз жымиып күлді. Сұңғат қызды көлігіне мінгізіп, үйіне апарып салды. Қоштасар сәтте ләм-мим демей, жымиып күлді де, зулай жөнелді. Қыз жігіттің бұл әрекетін түсінбегендей таңырқап қалды. «Бұл өзі жұмбақ жігіт екен. Біресе, жол бермей, жеткізіп салуын өтінеді, енді тіл қатпастан ұшты-күйлі жоғалып кетті. Айтпақшы, бағана кітап аламын деп еді, оны да ұмытты» деп пәтеріне келді.

Үйге кірген бойда оны әпкесі қарсы алды. Сіңлісінің бүгін ерекше жимиып келгенін сезген ол:

- Бүгін  біреуді кездестіргенсің бе? – деп сұрады.

- Иә, – деді ол. – Өзі бір қызық жігіт екен.

- Сенің бақытты болғаныңды қалаймын.

- Әпке, сенен бұрын үйленбеймін ғой, – деп қулана жымиып, құшақтап күлді. Әпкесінің жүзің бір сәт мұң шалды. – Мені қайтесің, өз бақытыңды ойласаңшы.

- Егер сен жақсы жігітпен тұрмыс құрсаң, мен шексіз бақытты болар едім, – деді алдында шыр айналып.

- Болды енді, менің көңіліме қарай берсең, өзің күйеусіз қаларсың.

- Тү-у, сен де қоймайсың…

- Сонымен, ол кім? Қайда жұмыс істейді?

- Әзірге білмеймін. Өзінің мінезі қызық көрінді. Айтпақшы, менен кітап сұрап, өзі алмай кетті.

- Кітап демекші, менің қоңыр блокнотымды көрдің бе?

- Жоқ, сенде қоңыр блокнот бар ма еді?

- Байқамай, биік сөредегі кітаптардың арасынан таба алмадым.

- Жарайды, сосын іздерміз. Басым ауырып, қарным ашып кетті. Бүгін өзі ауыр күн болды ғой, сабақтан шыққан соң кітапханада отырдым. Диплом жұмысын бітіремін деп кеш қарайғанын да білмей қалыппын.

- Жігітің кешкі асқа шақырмаған ба? – деді әпкесі сынай қарап.

- Ой, қойшы, бүгін ғана таныстық қой. Осы сенің бәрін жеделдетіп жіберетінін-ай! Оның үстіне ол маған аса ұнамайды.

-  Ол жағын кейін көре жатармыз, – деді әпкесі қулана жымиып.  Киіміңді шеш, тамақ дайын, жуынып кел.

Екеуі үнсіз ас ішті.  Бұл кезде күн ұясына батып кеткен еді.Сұңғат үйінің жанындағы дүкенге бас сұғып, нан алды да, көліктің артқы жағындағы орындыққа қойып жатқанда бөтен кітаптарға көзі түсті. Көлік іші алакөлеңке болатын. «Е, қыз кітабын маған беремін деп көліктің ішіне тастап кеткен екен ғой» деп қолына ұстап, үйіне кірді. Ас ішіп, ауқаттанып алған соң кітаптарды оқысы келді. Сұңғат қоңыр тысы бар кітапты ұстап, бұл жай кітап емес, блокнот екенін білді. Ішін ашып оқи бастады:

«28. 11. 2013. Бүгін өмірімдегі ең ерекше күн. Бейне бір жаңа өмірім басталғандай. Мен мынау жарық дүниеге келгеніме алғаш рет Жаратқанға алғыс айттым. Адамдар соншалықты қаперсіз бола ма? Міне, бір үлкен сынақтан аман қалып, жанарым жарық дүниені көргені үшін де қуаныштымын».

Сұңғат қойын кітапшаны жаба салды. Бөтен адамның құпия сыры жазылған күнделікті ұрлана оқып қойғанына ыңғайсызданды. Осы жазбаларды оқығанда өзін басқа біреудің бақшасына қол сұққандай қатты қысылды. Әлгінде ғана танысқан қыздың ішкі жан-дүниесінде болған оқиғаны елегінен өткізген. «Бұл күнделік жазатын не деген жақсы қыз? Қазіргі күнде жан сырын қойын дәптеріне түсіретін, өткен күндері үшін өзіне есеп беріп, жасаған жақсылығына қуанып, жамандығынан жиренетін қыздар бар ма? Әй, саусақпен санарлық шығар. Әйтпесе, бетіне бес батпан далап жағып, суретке түсіп, селфи жасайтындардан көз сүрінеді. Болмаса, болмашы жетістігін дабырайта көрсетіп, әлеуметтік желіге салып, кім қанша лайк басады екен деп қарап отыратындар қаншама» деп ойлады. Бірақ бұдан әрі оқуға дәті шыдамады.

Қызды ойлаған сайын еңсесін басқан ауыр жүк, тіршілік тауқыметі, көңіл мұнары сейіліп сала бергендей. Қос жанары ботаның көзіндей мөлдіреген аруға іңкәр болып, еріксіз елжіргені несі екен? Сұңғат төсекке бас қойып, тәтті қиялдың құшағына енді. Ақыл салса, әлгі арудың жанының жазы боларына кәміл сенеді. Көлдегі аққудай тербеліп, майысқаны да бір әсем. «Шіркін, тағы бір көрсем ғой. Оу, мен өзі сол қызды сүйіп қалғаннан саумын ба? Көргенім бүгін ғана, кеудемді сағыныш сазы кернеп кеткені қалай?».

Сұңғат қызды армандай бастаса болды, көгінде жұлдыздар жанғандай болады. Тұңғиық мөлдір көздерінде ай нұры үзіліп, тұрып қалғандай.  Ол қызбен тілдесіп тұрғандай.

- Кеудемде бүр жарған көктемдей, жанымды жылулыққа бөлеп әкеттіңіз ғой?

- Қойыңызшы… Көктем дейсіз бе?

-  Иә, иә, көктем. Білесің бе, көктемдегі бозторғайдың әнін естігім келетіні секілді, сенің де тылсым сырыңа қаныққым келеді?

- Сіз менің қандай екенімді білмейсіз ғой. Егер білсеңіз, артыңызға қайырылмай, қашып кететін шығарсыз (күлді).

- Сіз көліктен түсерде жанарым жаутаңдап, үзіле, үздіге қарағаным-ай! Сіз соны байқамадыңыз ба?

- Сізге менің әтірім ұнап қалған шығар.

-  Олай демеңізші. Мен сізді бір көргеннен ұнатып қалыппын. Жанарыңыз күндей шұғыла шуағын шашыратып, мені еріксіз өзіңізге ынтық етіп қойды ғой.

- Қойыңызшы, сізге самарқау кейіп таныттым ғой. Қатты күлмегенім жақсы болыпты, әйтпесе көзіңіз қарығып қалар еді. (тағы күлді).

- Атай көрмеңіз, сізбен кездескелі кеудемді бейтаныс сезім, шаттық пен қуаныш кернеп, мен бақытымды таптым деп айғай салғым келді.

- Бейтаныс сезім… Өзіңізді алдамаңыз.

- Білмеймін, әйтеуір сізге қарасам, көзім тоймайды.

- Кәмпитке тоймаған бала секілдісіз.

- Мені кекете бермей тыңдаңызшы… Сағынған жүрегім сізге жете алмай, сарғая ма деп қорқам.

- Ой, сіз қатты кеттіңіз ғой. Танысқанымыз жаңа ғой.

- Міне, мына алқызыл гүлдер сізге! Жүрегімді сезім тербеп, жанымды махаббатқа бөлеп барады, Айгүл!

- Сіз сондай қияли екенсіз.

- Еліктей сұлу еркем, көңілімнің күйін тыңдашы. Сенімен кездескелі көз алдымда дүние нұрланып сала берді. Мөлдір көзің күлімдеп, маған қарағанда нұрға бөленіп бара жатқандай. Мақпалдай мінезің, ақмаңдай келбетін елітіп әкетті. Қимастықпен қоштасқан сәтім әлі есімде. Соңыңнан қол бұлғап, жабырқау жанарыңды жасқап әкеткендей болдың.

- Егер менің басқа бір жігітім бар болса не істейсіз?

- Сізді ешкіммен бөліскім келмейді.  Сізді басқаның бағы болуға әсте қимаймын. Мені ақ үміт арманым алдамайды. Жүрегімдегі бір нәзік сезім өзіңе қарай магнитше тартып барады.

- Ақ бұлттарға арманыңызды жазып қойғандайсыз ғой. Жел болып жанымнан ұшырып жіберейін бе? (қыз күле түсті).

- Сіз мені мүлде ұнатпайсыз ба? Ал мен болсам сіздің сыңғыр күлкіңізді естілгенде, тәтті үмітпен таңдағы бозторғай үніне баладым. (жігіт өкпелеп қалған кейіп танытты).

- Иә, сезгендеймін. Көңілімнің гүлдей нәзік пернесін сезім саусақтарыңызбен тербетіп жібердіңіз ғой. Менің қасқа судың ағысыңдай мінезімді не істемексіз? Бәріне көнесіз бе?

- Ғашық жан бәріне көнеді дейді ғой. Мен де көнермін. Сіздің қолыңыздан жетелеп,   сандуғаштар сайраған бақтарды аралап, көкорай шалғынға аунап, көк аспанға қарап, қос ұстасып жатсақ деймін. Сіздің таң сәулесіндей жүзіңді өбіп, самал жел болып шашыңызды сипағым келеді.

- «Бақытымды бағалай алмай қаламын ба?» деп қорықпайсыз ба?

- Білем, қыз баланың сыры көп те, айтары аз ғой. Жанарыңда күлкі ойнаған кезде өзімді бақытқа кенелгендей күй кешем.

- Мені ойлаумен мұңды болып кетіпсіз ғой. Жігіттің мұңайғаны қызық екен.

- Иә, ол мұң сіз көлігімнен түсіп бара жатқанда пайда болған. Жанарымды талдырып сіз кеткен жаққа қарай беретін болдым. Жүрек сыздап өзімді қоярға жер таппай жүр емеспін бе?

- Мына сөздеріңіз жан-сезімімді дір еткізді ғой.

- Қыр гүліне тамсанғандай, өзіңе көзім тоймайды. Тіпті, басқа бойжеткенге көзім түссе, сізді ойлаумен болдым. Қолыма аппақ айды қондырсам деймін.  Ол сенсің, Айгүл!

- Көкейіңізден кетпей жүрген арманыңыз осы ма?

- Иә, аққаудың мамығындай кіршіксіз арманым өзіңсіз.

- Жанарыма жас іркіліп кетті. Маған жауабы жоқ сұрақ қоймаңызшы!

- Айгүл, Айгүл!

Сұңғат селт етті. Көзі ілініп кетіпті. Сағатқа қараса, түнгі үшті көрсетіп тұр екен. Ұйқысы келмеді. Екі көзі қойын кітапшада. Қыздың ішкі дүниесін білуге құмартып, жанында ешкім болмаса да, ұрлана  бейтаныс қыздың тиым салынған жан сырын оқысы келді.

«23. 03. 2014 жыл. Бүгін айналадағы адамдардан әбден көңілім қалды. Көлікте отырған жас жігіттердің қарт адамға орын бермегені ерсі емес пе?! Сонысы аздай, маған бейне бір мүсіркей, аяушылықпен көз салады. Қандай жиыркеншті. Ал алдыңғы күні сіңлім бейтаныс кейуананы жолдың арғы бетіне өткізіп жатқанында, құрбылары оған ожырая қарады. Адамдар неге мейірімсіз болып барады? Қайырымдылық жасаған адамға сұқтанатындай бастарына не күн туды? Адамдар сәнді киім, қымбат көлік, биік мансаппен емес, жомарттық жасап неге жарыспайды екен? Олар бұл өмірдің өзі сынақ екенін түсінбей ме?».

Сұңғат кітапшаны қайта жапты. «Бұл қыздың түрі ғана әдемі емес, жан дүниесі де сұлу екен ғой. Ех, шіркін, мұны мен жар қылсам». Айтпақшы, оның жігіттері болды ма екен?

Жігіт біреудің бақшасына түскендей күй кешті. «Менің істеп отырғаным тап-таза ұрлық емес пе? Бірақ болашақ жарының қандай екенін білгенде не тұр? Қайта, тіл табысуға жақсы емес пе?»  деп өзін қызығушылыққа жеңдірді.

«01. 09. 2015 жыл. Міне, мен мен жиырма бірге келдім. Мектепте жүргенде жігеттер маған сөз салып, маңымнан шықпаушы еді, енді оның бірі де жоқ. Университеттегі достарым да менен теріс айналды. Бұрын мен топтың алдында жүргенде, талай байқауларда жеңімпаз болып жүргенде достарым мен танитын, енді мен төмен құлдилағанда кімнің нағыз дос екенін білдім. Мен олардың маған мүсіркей қарағандарын қаламаймын. Мен бұрын кемтер, кембағал жандарды көргенде аяушылық сезіммен емес, кез келген қиындыққа мойымайтын. Өзінің алға қойған мақсаты бар, өмірге жаны құштар жандар деп есептейтінмін. Менің бұл пікірім дұрыс екеніне енді көзім жетті. Олар (менің бұрынғы достарым) рухани мүгедек екен. Кейбір құрбыларым екіқабат болып, ұятты болып босаға аттап жатқанда, мен арымды сақтай білдім. Мен ешкімге өкпелемеймін. Маған да ешкім ренішті деп ойламаймын. Егер олай болса, бірінші болып кешірім сұрар едім. Кейбір адамдар көңіліңді сұрауға да жарамайды. Әрине, олар қайырымдылық жасауға міндетті емес, бірақ ізігілік адам жанын қуанышқа бөлейді емес пе? Күнделігім – менің сырлас досыма айналды. Күнделігімді оқып отырып, өмірде не үшін, кім үшін  өмір сүріп жатқанымды түсіндім. Күнделігім сыр сақтай алмайтын әлдебір құрбым емес. Әрі оған күн сайын мұңымды шағып, шерімді тарқатсам  да ықылассыз болмайды. Мен жігіт атаулыны сүймей, сүйіктісі болмай қалудан қорықпаймын. Кім біледі, бәлкім әр ару секілді, менің де бір күні бақытыма қол жеткізуім мүмкін ғой».

Сұңғат осынау ойларды оқып отырып, таңның себезгіленіп атып қалғанын да байқамапты. Төсегінен тұрып, салқын сумен жуынып алды да, таңғы асын ішті.  «Қалайда бүгін Айгүлмен кездесуім керек» деп шешті. Кешке жұмыстан шыққан соң Айгүлге қоңырау шалған.

-  Сізді келмей қала ма деп ойлап едім, – деді жігіт жимиып. Жанары аруды аймалап тұр еді.

-  Келмей қалсам,  басқа біреуді шақыра салатын түріңіз бар ғой, – деді қыз күлімдеп.

- Сіз неге сондайсыз? – деді жігіт.

- Қандаймын?

- Сіздің ішкі дүниеңіз құлазып жатыр, ал сіз айналаға шуақ шашып жүресіз.

- Екі күнде мені әбден зерттеп алдым деп ойлайсыз ба?

- Білмеймін. Әйтеуір мен сізді бұрыннан бері білетін секілдімін.

Екеуі жақын маңдағы кафеге кірген. Қолына қалам-қағаз алып офицант келген.

-  Не қалайсыздар? – деді сұңғақ бойлы жігіт құрақ ұшып.

- Мына сүйкімді ару нені қаласа, маған да соны әкеле беріңіз.

- Сонда қазірден бастап әйел затына беріп қоймақшысыз ба? – деді қыз күлімсірей.

- Сіз тағамды менен гөрі жақсы білесіз ғой, – деді жігіт «кінәсін» жуып-шаймақ болып.

Қыз асқа тапсырыс берді. Екеуі бір-бірінің отбасы жайлы сұрасып біліскен. Айгүл қалада әпкесі екеуі бірге тұратынын, әке-шешесі ауылда қалғанын сағынышпен әңгімеледі. Әкесі екі қызы оқуға түскенде бар-жиған тергеніне екі бөлмелі пәтер әперіп, алаңсыз білім алуына жағдай жасаған екен. Сұңғат үйдің үлкені болған соң ауылдағы іні-қарындастарына қол ұшын созып тұратынын айтқан.

-  Менің көп уақытым жоқ. Тезірек үйге қайтуым керек, – деді қыз.

- Келгенімізге көп болған жоқ қой.

- Әпкем алаңдайды.

- Жарайды, бірақ қаланы біраз жаяу серуендеп қайтайық, – деді жігіт..

Екеуі сыртқа шықты. Қаланың самаладай жарқыраған көше шамдары көз арбайды. Қызылды-жасылды дүние адам жанын еріксіз елітіп әкетеді. Әне, анау жерде шашлық пісіріп жатыр екен.

- Бізге екеуін беріңізші, – деді жігіт.

- Жоқ, үшеу, – деді қыз. Сатушы желпуішпен мангал ішіндегі шоқты қызуын қоздырып әлек. Сұңғат қызға қарап таңырқап қалды.

- Үйдегі әпкеме де ала барсам ба деп едім.

- Әрине.

Жігіт мырс етіп күлді. Қыздың үйінің жанына келгенде:

-  Айгүл, мынау сенің кітатарың ғой деймін, көлігімнің ішінде қалып қалыпты. «Оқыдың ба?»  дегендей қыз сұраулы жүзбен қарады.

- Кешірші, сен маған берем деген кітап екен деп мына блокноттың бір-екі жерін оқып қойдым.

- Мәссаған, бұл менің емтиханға дайындалып жүрген кітаптарым ғой. Бәсе, қайда қойдым деп іздеп жүрсем. Ал, мынау таныс емес.. Айтпақшы, мен саған кітап беремін деп едім ғой. Жүр, үйге жүрші, – деді қыз жігіттің қолынан ұстап, ілгері тартты. Екінші қабатқа көтеріліп, кілтпен есікті ашты. Сұңғат үйге кірер-кірмесін білмей, бөгеліп қалды.

- Қорқып тұрсың ба? Ішке кірсенші, – деп сыңғырлай күлді Айгүл. Жігіттің ауызына сөз түскей, ұзыншақ дәлізге ене берді. Екеуі төргі бөлмеге өткенде алдынан арбаға танылған бір қыз шықты.

- Танысып қой, бұл менің әпкем, – деді Айгүл.  Сұңғат тіл қата алмай, осынау кереметке таңырқап қалды.

- Райгүл.

- Райгүл! – жігіт таңырқап, еңкейе қолын созды.

– Сұңғат.

Ол Айгүлге жалт қарады. Қыз ернін жымқырып, төмен қарап тұр екен. Айгүл бірден айтпағаны үшін кешірім сұрап тұрғандай:

- Бұл күнделік – әпкемдікі. Енді оны өз қолыңмен тапсырсаң болады. Мен емтиханға дайындалып жүргенде асығып, кітаптарымен бірге құшақтап алып кеттіппін. Содан көлікте кітаптарыммен бірге қалып қойыпты, – деді.

- Сіз қысылмай, отырсаңызшы. Қазір шәй қойып жіберейін.

- Бұл күнделік сіздікі ме еді, – деп Сұңғат диванға сылқ етіп отыра кетті. – Кешіріңіз. Мен байқамай, бір-екі жерін оқып қойған едім.

- Ештеңе етпейді, – деді Райгүл күлімсіреп. – Әйтеуір табылғаны жақсы болды.

- Сіз мені емес, күнделіктің иесін ұнатып қалған шығарсыз, – деп кекетті Айгүл.  Әпкесі «мұның не?» дегендей, тесіле қарады.

- Айгүл, қойсаңшы қонақты ұялтпай, – деді әпкесі.  – Кешірерсіз, менің сіңлім сондай ерке болып кеткен.

- Екеуіңіз тіпті бір-бірлеріңізге ұқсамайды екенсіздер, – деді жігіт мән-жайға енді қаныққандай. Байқаса, Райгүл сіңлісінен де әдемі екен. Бірақ осындай сұлудың арбаға танылғаны жанына батты. Соны байқап қалған Райгүл:

- Жігіттердің бәрі мені көргенде теріс айналады. Бірақ мен оған ренжімеймін. Оларды жақсы түсінемін. Өткенді айтып сіздің басыңызды ауыртып жібердік  қой, – деді Райгүл жүзіне тура қарап.

- Сізге не болған?

- Көлік апатына ұшырап, екі  аяғымның тамырлары жаншылып қалған. Екі жыл болды.

- Қиын болған екен, – деді Сұңғат күрсініп. – Қайта жүруге деген үмітіңіз бар ма? Қалай, былай… содан бері еш өзгеріс жоқ па?

-  Үмітсіз адам болмайды ғой. Дәрігерлер бәрі өзіңе байланысты дейді. Ой, мен сендерді әурелеп  қойған жоқпын ба? – деп, сіңілісіне бұрылып: – Айгүл, шәй қойып жіберсеңіші.

- Әуре болмай-ақ қойыңыздар. Тағы бір келгенде…

Сұңғаттың басын нелер ойлар шарлап кетті. Әп-сәтте болған оқиғаны қорытып үлгермеді. Тезірек көлігіне жетіп, жалдамалы пәтеріне қайтқысы келді.

-  Жарайды, мен қайтайын, – деді жігіт. – Кеш болып кетті ғой.

Ол есіктен шығып кеткенде:

- Ол енді қайтып келмейтін шығар, – деді Райгүл. – Мен сендердің әңгімелеріңе бекер араласқан екенмін.

- Кітапты тағы ұмытты, – деді Айгүл.

* * *

Сұңғат пәтеріне жеткен соң ұзақ ойланды. Өмірде мұндай ұқсастықтың болуы тегін бе? Ол қыздың түпкі мақсатын түсіне алмады. Ертеңінде жұмыстан соң қызды кездесуге шақырған. Қолына бір шоқ қызыл гүл ызғардан бүрісіп кеткендей.

- Жаурап қалған жоқсыз ба? – деді қыз амандасып жатып.  – Бүгін кітапханада ұзақ отырып қалыппын.

- Мен тоңғам жоқ, мына гүлдер болмаса… – алқызыл раушан гүлдерді қыздың қолына ұстата берді. – Өзініз жұбатып, жылытып аларсыз.

Жігіт жымиып күлді. Қыздың да көздері күлімдеп тұр екен.

- Мен кеше әпкеммен кездескен соң келмейтін шығар деп ойлағам.

- Сен маған әпкең жайында неге айтпағансың?

- Райгүлдің мүгедектер арбасына танылғанын әркімге бір айта бергім келмейді.

- Мен әркім емеспін ғой. Мені бөтен санауды қойсаңызшы.

- Танысқанымызға бүгін үшінші күн…

- Өтінем, менен сыр жасырмашы, – деді Сұңғат қыздың көктемгі ызғарынан бүріскен саусақтарын мәпелей, жылытып тұрды. Қыздың құлағына сыбырлап:

- Айгүл, мен сенімен өмір бойы бірге жүргім келеді.

- …

- Өзіме не болғанын білмеймін, әйтеуір менің есімнен кетпей қойдың.

-  Бұл өткінші сезім… Ертең-ақ жерініп кетерсіз.

- Олай демеші. Сенің көңіліне қаяу түсіргем келмейді.

- Жігіттердің бәрі бірдей сияқты.

- Мені де солардың қатарына қосып қойдың ба?

Қыз төмен қарап, үндемеді. Суықтан бүріскен екі беті қызарып, көркіне шырай кіргізе түскен. Бұл кезде күн ұясына күмп беріп, батыс жақты жалқын қызыл іңір бой көрсетті.

-  Көктем келгенін сезіндің бе? Бұл кезде махаббат гүлі бүр жарады дейді ғой.

- Білмеймін.  Көктемнің жылуын сезіне қойған жоқпын, – деді қыз дірдектеп. Жігіт оның қолынан ұстап, өзіне тартты. Қыз болмашы қарсылық білдірді. Жігіт қыздың құлағына жағымды үнмен:

- Айгүл, мен сені бір көргеннен ұнатып қалдым. Менің махабатыма сенесің бе?

- …

Жігіт асқан жылдамдықпен қыздың ернінен сүйіп алды. Қыз төмен қарап, үнсіз қалды. Теріс бұрылып, сұр бұлт торлаған сұрықсыз аспанға қараған.

- Жақсы, онда. Қаласаң дос болып жүре берейік. Әйтеуір сен қасымда жүрсең болғаны.

- Әпкемді қимаймын, – деді Айгүл кенет жүзін мұң шалып. Жалт бұрылып, жігіттің жүзіне қарауға дәті бармады. Ол менен үлкен ғой. Райгүл бірінші болып тұрмысқа шықса екен деп армандаймын.

- Түсінікті, – деді жігіт жеңіл күрсініп.  – Қалай? Әпкеңнің жүріп кетуіне үміті бар ма?

- Үмітсіз адам болмайды ғой. Екі жылдан бері көп өзгере қойған жоқ. Тек әпкем уайымдап, уақыт өткен сайын шөгіп бара жатқан сияқты.

- Менің білуімше, сенің әпкең рухы мықты адам. Ол ешқашан берілмейді. Мен осы қалада адамның буын-тірегін оңалтатын бір жақсы мекемені білемін.  Соған апарып көрсек қайтеді?

- Мен талай айтқанмын. Бірақ оның барғысы жоқ. Мені әурелегісі келмейтін шығар. Оқуым бар дегендей. Мамандар айтқан жаттығуларды үйде жасап көрдік. Бірақ әзірге нәтиже жоқ.

- Бір амалы табылар, уайымдай берме, – Сұңғат қызды құшақтай алды. Қыз қарсыласқан жоқ. Екеуі бір көлеңке болып, көшені кезіп келе жатты.

- Кешір, сенің ұсынысыңды қабыл ала алмаймын. Сені босқа әурелегім келмейді,  – деді Айгүл. Сұңғат үндемеді. Екеуі де жасанды күлді. Олар сәби-сезімнің жылап тұрғанын білді. Қыздың үйінің алдына келгенде Сұңғат қызбен салқын қоштасып, теріс бұрылып кетті. Айгүл соңынан ұзақ қарап тұрып қалған.

* * *

- Ол маған сөз айтты, – деді Айгүл әпкесіне.  – Мені сүйетін сияқты…

- Асықпа. Бір-біріңді әлі жөнді білмейсіңдер ғой. Сен жігіттен азда емес, көп те емес, қарызға ақша сұрап көрсеңші.  Әпкемнің ем-домына қажет дей сал.

- Қойшы, ыңғайсыз ғой, өзі пәтер жалдап тұрады екен. Оның үстіне әкем кеше ғана ауылдан ақша салып жіберді емес пе? Айтпақшы, ол сенің хәліңді сұрады.

- Мені ме?

- Иә, сені оңалту орталығына апаруға ұсыныс айтты.

Райгүл ойланып қалды.

* **

Арада апта сырғып өтті.

Сұңғат пен Айгүл саябақты аралап жүр.  Қыз көңілсіз көрінді.

-  Сен берген кітапты оқып шықтым, қызықты екен.

- Ұнағаны жақсы болған екен.

Сұңғат қыздың көңілінде қаяу барын байқап, көңілін көтергісі келді. Екеуі жас балаша балмұздақ жалап, бір-бірін тәтті мақтамен сыйлады.

- Сұңғат, сенен бірнәрсе сұрасам бола ма?

- Әрине,  - деп күлімсіреді жігіт.

- Маған қарызға ақша бере тұрасың ба? Отыз мың.

Жігіт төс қалтасынан портмонесін алып, ішін ашып көріп еді, жиырма мың теңгелік пен ұсақ ақша ғана бар екен.

- Міне, мынаны ала тұр.  Жетпегенін ертең тауып әкеп беремін, – деп жиырма мыңды қыздың қолынан ұстата салды. Қыз төмен қарады.

- Жарайды, мен жүрейін. Мені шығарып салмай-ақ қойшы, – деді қыз ыңғайсызданып,  аяғын тез-тез басып, ілгері жүріп кетті.

* * *

Арада екі күн өткенде, екінті әлетінде Сұңғат қолына екі гүл шоғын ұстап, қыздың үйіне келді. Есікті күлімсірей ашқан Райгүл мен Айгүлдің жүзі бал-бұл жайнайды.

- Қыздар, мерекелеріңмен!  – деді жігіт.

- Қайдай мереке? – деп екеуі жарыса.

-  8 наурыз деген бір керемет мейрам емес пе?

- Ой, ол өтіп кетті ғой. Ол кезде сенімен таныста болмағанбыз.

- Жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Қыздар мекересі келесі жылы келеді деп күтіп жүремін бе? Мен сендерді бүгін құттықтағым келіп кетті. О, сендер гүлдерден әрмен құлпырыып кетіпсіңдер ғой.

- Босағада тұрмай, ішке кірсеңізші, – деді Райгүл. Үшеуі отырып тортпен шәй ішті.

- Қалай? Жетістік бар ма? Аяғың жүруге жарап қалды ма?

- Ақырын-ақырын жер басып жүрмін.

- Қаласаң, Айгүл екеуіміз екі жағынан көмектесіп көрейік. Кәні, Айгүл, байқап көреміз бе?

Қыз жымиып, басын изеді.

-  Қой, сені әурелеп қоярмын.

- Ештеңе етпейді. Кәні, Айгүл демеп жіберші, – деп Сұңғат Райгүлдің қолын иығына салды.  Үшеуі тәй-тәй басқан баладай залда әрі-бері жүре бастады.

- Міне, осылай. Күнде-күнде жаттыға берсең, зулайдайтын боласың әлі, – деп Сұңғат желпіндіріп қойды.

- Рахмет! Бүгінге осы да жетер! – деді Райгүл риза болып.

Жігіт пәтеріне қайтарда Айгүл қарызға алған отыз мың теңгелікті бермек болды. Сұңғат ақшаны қайтып алмай, қыздың бетінен сүйіп қоштасып кетті.

* * *

Арада бір жарым  ай сырғып өтті. Райгүл қанша еңбектенсе де жүріп кете алмады. Рас, буындары бұрынғыдай емес, икемге келіп қалған секілді. Күн сайын әпкеснің жабырқаулы көңіл-күйін көріп, жаны ауырды. Сұңғат та соңғы кезде келуді сиретті. Айтуынша, қазір жұмыстан кеш шығатын көрінеді.

-  Айгүл, сен маған қарап, өзіңнің бағыңды байлама. Сұңғат – жақсы жігіт. Саған үйленуге ұсыныс жасаса, көп ойланбай келісіміңді бер.

- Әпке мен…

- Мені өмір бойы бағып отырмайтын шығарсың?! Ауылдағы әке-шешеміз бізді кішкентай кезімізден бағып-қағып өсірді.  Енді есейген кезде жанына барып, салмақ салғым келмейді. Өзім де жүріп, тұра аламын ғой. Дүкенге де барып келе аламын.  Анда-санда келіп-кетсең де жетер.

- Әпке, сіз алдымен үйленсе екен деп ойлаймын.

- Менің тағдырым осындай болды. Енді ештеңе өзгерте алмаймыз. Арбаға танылған қызды кім қалыңдық қылар? Ешкімге өкпелеуге болмайды. Бұл – өмір. Әркімнің өз таңдауы бар.

- Жоқ, мен сізден кейін үйленгім келеді.

- Маған қарап отырсаң, қалай бақытты боласың. Сенің ана атанып, перзент сүюің керек.

Осы кезде есік қағылды. Екеуі «таңертең үйге келген кім болды екен?» деп ойлады. Есік ашылғанда қолында жолдорбасы бар Сұңғатты көріп, екеуі таңырқап қалды.

- Бастығым, бір аптаға Ақтауға іссапарға жіберді, – деді табалдырықтан бермен өтіп.  -  Бір сағаттан соң ұшақпен ұшып кетемін. Сендерге келіп айтып кетейін деп едім.

- Шәй ішіп кет, Қазір дайын болады, – деді Райгүл.

- Рахмет! Асығыспын.

- Бір аптаға кететін болдың ба? – деп мұңайып қалды Айгүл.

- Иә, менде мұнда сендерден басқа жақыным жоқ, – деп Сұңғат кібіріктеп қалды. – Қыздар,  сендерге бір ұсыныс айтсам деп жүр едім. Бұл жайлы мен көп ойландым. Егер бүгін айтып кетпесем, іссапарда жүргенде мазам болмайды.

Әпкелі-сіңілі жандар сілтідей тына қалды.

- Райгүл, Айгүл, – деді Сұңғат. Мүмкін бұл ұсынысым ерсі көрінер,  ол жағын өздерің ойлана жатарсыздар, мен екеуіңе бірдей үйленгім келеді!

Қос ару өз құлағына өздері сенбегендей, абдырап қалды. Әпке мен сіңлі бір-біріне жалт қараған. Жүздері бір суып, бір ысыды. Бөлме ішінде мүлгіген тыныштық орнады.  Жігіттің айтқан сөздері төбесінен жай түсіргендей, есеңгіреп қалған. Сұңғат та айтарын айтса да, қолайсыздық туғызғанын сезген. Өзі де жанын қоярға жер таппай тұрды.

- Жақсы, мен кеттім! Егер сендерді ренжітсем, кешіріңдер!

- Сұңғат, тоқтай тұршы! – алдымен Айгүл есін жиып алды. Ерні дірілдеп, өне-бойы қалшылдап тұр еді. – Сен расымен екеуімізге бірдей үйленбекшісің бе?

- Иә. Мен осындай шешімге келдім. Бірақ…

- Райгүлге де үйленесің бе? – деп қайталап сұрады Айгүл. Даусы жаңғырып шығып, құлағы шыңылдап кетті.

- Райгүл, сенің де менің қалыңдығым болғанын қалаймын. Сен қалай қарайсың?

Райгүл не айтарын білмей, жүзі әлемтапырақ болып кетті. Сіңлісіне жаутаңдай қарай берді.

– Менің қарсылығым жоқ, егер сен Райгүлге үйлетін болсаң, мен де келісімді беремін, деп Айгүл шорт кесті. Райгүлдің жүрегі қысылды. Үстел үстіндегі стакан толы суды ұрттап жіберген. Іле есін жиғандай болды.

- Айгүл, сен не деп тұрсың?! – деді Райгүл шошынған кейіппен сіңлісінің жүзіне барлай қарады. – Сұңғат  – сенің бақытың. Мен біреудің бақытын қалай бөлісем?

- Әпке, мен сенің бақытың үшін бәріне дайынмын. –деді сіңлісі. Сұңғатқа қарап:

- Сұңғат, бұл сенің жігіттік сөзің бе? Екеуімізді бірдей бақытты қылуға уәде бересін бе?

- Иә,  – деді Сұңғат. – Уәде берем. Мен сенің әдемі жүзіңе құмартып ғашық болсам, Райгүлді күнделігін оқып ынтық болдым.

- Уәде – құдай сөзі. Сен соны білесің бе?

- Білемін. Мен бар жауапкершілікті мойныма аламын. Үшеуіміздің бақытты өмір сүру үшін бәрін жасауға дайынмын.

- Үй ішіндегілерге не дейсің? Олар Райгүлді қалай қабылдайды?

- Бұл менің тағдырым, менің таңдауым. Әке-шешем  жақсы адамдар, мені түсінер деп ойлаймын.

- Сонда қалай болғаны. Мені осы қалпымда қабылдаймын демекшісің бе? – Райгүлдің дауыс дірілдеп, жарықшақтанып шықты.

- Дәл осы қалпыңда қабылдаймын. Райгүл, сенен бірінші болып маған тұрмысқа шығуыңды өтінемін. Айгүл, сенің де жүрегің мендік болғанын қалаймын.

Әпке мен сіңлі түс көріп жатқандай аң-таң болып, осынау кереметтің көз алдында өтіп жатқанына сене алмады. Райгүл арбасынан тұрғысы келгендей қос қолымен кеудесін тіктей бастағанда, Сұңғат қызды қапсырай құшақтап алды.  Айгүлдің көзінен жас ыршып шықты.  Ол да екеуін құшақтай алған. Үшеуі бақыт дәмін жаңа сезгендей ұзақ тұрып қалып еді.

Сұңғат сағатына қарады.

-  Мен жолға шығайын, әйтпесе ұшақтан кешігермін. Бір аптадан соң қайтып оралам.

- Жолың болсын, – деді Райгүл бақыттан жүзі-балбұл жайнап.

- Кездескенше, аман-есен барып кел! – деді Айгүл күлімсірей. Жанары әлі жасқа шыланып тұр еді.

Адамның құны

(Полицейдің хикаясы)

Балалық шағымда қаныпезер қылмыскерді ұстайтын полиция болғым келетін. Қаланың қақ ортасындағы орта мектепті, кейін академияны үздік аяқтаған соң арманымның жартысы орындалған. Ақ кірпіштен қаланған, күре жолдың бойындағы бөлімшеге кезекші болып орналастым. Осы жерден көлік қозғалысының дауысын есту мен үшін рахат дүние секілденетін. Полиция болғанымды үлкен мәртебе санайтынмын. Өйткені, базарда қалтаны үптеп кеткен ұрыны, түн қатып жүретін тонаушыны тырп еткізбеймін. Тіпті, қыздың абыройын төгіп, артынан өлтіріп кететін қылмыскерді құрықтау мен үшін ерекше ләззат сыйлайтын. Үстіме форма киіп, иығыма пагон тағып, беліме тапанша қыстырып, елімде әділдік орнату үшін кез-келген тапсырманы бұлжытпай орындауға даярмын. Бірақ мен жұмысқа орналасқалы өзімнің тым өзгеріп кеткенімді байқадым. Айналаға қатал көзбен қарай бастадым. Қатыгездікке етім үйреніп, қит етсе ашуланып шыға келетін болдым.

Көп ұзамай сүйікті жұмысым іш пыстыра бастады. Сыз тартқан төрт қабырғаға телміріп, қолым мен құлағым телефон тұтқасынан бір босамайды. Зообақта темір торға қамалған аңдар секілді, күнә арқалаған жандарға алғашқыда қатты жаным ашитын. Кейін бойым үйреніп кеткені соншалық, ішімдікке бөгіп, көкірегін керген кердеңдерді резіңке таяқпен төпештеп алам. Осындайда айызым бір қанып, денемнің құрысқаны жазылып, сергіп қалам. Иә, кәдімгідей рахатқа бөленемін.

Бөлімше қала ортасында еді. Көктемде жаңбыр тамшыларының дауысын терезені ашып тастап, түнімен естіп шығасың. Жазда ауладағы алма ағашының қышқылтым иісі мұрын жарып, тынымсыз телефоннан аулаққа қашқым келеді. Мақпал түн құлаққа ұрғандай тып-тыныш. Көлік ағыны саябырсып, жүргіншілер көзден ғайып болады. Тек айықтырғыш ішінде адам кейпіне ене бастаған маскүнемдердің күңкілдеген дауысы естіледі. Әбден зеріккенім сонша, қылмыскерлерді зерттей бастадым.

Темір тор ішіндегі күдіктілерге қарасам, қой ауызынан шөп алмайтын бір момақан, беймарал жандар. Көз жасын көлдетіп: «Менің еш жазығым жоқ. Босатып жіберіңізші!» – деп жалынғанда ет жүрегің езіледі. Құдды жапа шеккен басқа біреу емес, осылар секілді. Олардың камера сыйлаған жадау жүздері, қарапайым жұртқа қорқыныш ұялатар сөздері жаныма соншалықты жиіркенішті.  Иә, иә, мен оларды иттің етінен жек көремін.

Қатыгезсіз-ау дерсіз. Ал, өзіңіз айтыңызшы, анау араққа сылқия тойып алып, әйелін көк ала қойдай сабап, балаларын қыстың көзі қырауда далаға қуып шыққан әкеден не жақсылық күтесіз? Болмаса, біреудің  жалғыз сиырын ұрлап, Алматы асырып жіберген екінші камерадағы баукеспеге не дейсіз? «Байқұс жесір әйелдің ашқұрсақ балаларына сүтін сауып беріп отырған жалғыз сиырын ұрлағанша, байдың мыңғырған жылқыларын неге ұрламаған?!» деп шала бүлініп, қарадай күйінерсіз. Әлде, қарсы алдымдағы әкімшілік құқық бұзушылық жасағандар отыратын темір торлы камерада нәпсімді қоздырып, бұттарына шолақ юбка, кіндігі көрінетін белдемше киген, беттеріне бес батпан бояу жағып, шаштарын жалбыратып, жайып жіберген «түнгі көбелектерге» нендей ақыл айтарсыз? Бір қарағанда бұлардың ешкімге ешқандай зияны жоқ көрінер. Бірақ қатыгездік олардың жымысқы бойында жасырынған. Егер қылмыскердің жасаған зиянкестігіне баға берер болсақ, оны жынды емес, сап-сау адамдар жасаған ғой. Сенбесеңіз, сізді бірде бөлімшеге әкеліп, аралатайын. Қылмыскерлердің әрқайсысымен жеке-дара сөйлессеңіз, осыған көзіңіз жете түсеріне бәс тігемін! Бәрі тепсе темір емес-ау, біз бақыламасақ, осы бөлімшенің қабырғасын қақыратып, тесіп өтер дені сау адамдар ғой.

Жарайды, сіздің тісіңіз сырқыраса, бүкіл денеңіз ауыратыны секілді, адамға аяушылық білдіресіз. Ал қылмыскерлік дертке шалдыққандарды көргенде әйтеуір өз басыңыз темір тордан аман, бостандықта екеніңізге шүкірлік білдіретін қаскөй қуаныш билейді. Олар өздерін еш ұстай алмайды. Он-он бес жыл қорлық көріп, темір тордың ар жағында отырып шықса да, қазыққа байланған ат секілді, қайтып келіп жатады. Осыдан кейін ашуланасыз ба, ашуланбайсыз ба? Осындай түзелмейтін қылмыскер, күнәсін жақсылықпен жуып-шаймайтын күнәһар болғанша, жер басып жүргенінің өзі қорлық емес пе? Білемін, сіз бәрібір қандай кемшілігі болмасын адамды жақсы көріп тұрсыз. Ал сіз үстіне түрлі кесел жабысқан, дем алғанынан жөтелгені көп, адам өлтірген қылмыскермен бір камерада ұйықтар ма едіңіз? Қорқынышты дейсіз бе? Әне, сіз де олардан тайқып шыға келдіңіз. Жарқыным-ау, қылмыскерді жақсы көрмек түгіл, жек көруге татымайды.

Полиция бола жүріп, бір жылдың ішінде адам жағасын ұстататын жәйттерге тап болдым. Ұстазын атқан шәкірт… Қаракөз қарындасын зорлаған қанышер… Анасын өлімші етіп сабаған сүмелек… Әкесінің мойнына құрық салған қаныпезер… Ойбай, айта берсем жаныңыз түршігіп, құйқаңыз шымырлап, күйзелістен өмірден күдер үзіп кетерсіз. Біздің етіміз әбден өліп кеткен. Бірақ солардың ішінде бір оқиға әлі есімнен кетпейді.

Жазғытұрым бізге жасы жиырмадан асқан бір бойжеткен түсті. Түріне қарасаңыз, адам түгіл, шыбын өлтіруге қолы қалтырайтын бейкүнә жан.  Апыр-ай, тал бойында бір мін жоқ арудың темір торға тоғытылғаны лайық емес деп ойладым. Есімі Рабиға екен. Жанымдағы патрульдік полиция өкілі құлағыма сыбырлап:

- Қабылдап ал. Байқа, бұл қыздың жанына біреуді қосушы болма! – деп ескертті. Ойбай, мынандай көрікті қызды бөтен біреумен оңаша қалдырмақ түгіл, қызғаныштан қылқынып қалмаймын ба? Әп-сәтте құмарлығым бой көрсете бастады.

- А-а, иә, ұмытып барам. Қыздан абай бол, бұл – рецевидист, – деді әріптесім.

- Рецевидист! – таңырқап, қатты дауыстағаным сонша, камера ішіндегілер елең ете қалды. Полиция патрулі маған несіне таңғаласың дегендей, қабағын шытты.

- Иә, – деді сыбырлай сөйлеген күйі. – Адам өлтірмек болды деген күдікпен қамалған.

«Адам өлтірмек болған!» деп қатты айғайлап жібере жаздап, әрең тоқатадым. Адам өлтірген қаныпезерді жиі көріп жүрміз ғой, бірақ мына сұлу, өзі нәзік қыздың біреуді қызыл қанға бөктіріп… жо-жоқ, мүмкін емес… Мүмкін, бір қателік болған шығар. Менің сеніңкіремеген түрімді көрген әріптесім:

- Қылмыскермен көп сөйлеспе. Көзіне тура қарама. Гипноз жасап, қашып кетуі мүмкін. Олар әртістер ғой, – деді есіктен шығып бара жатып. «Тү-у, қылмыскердің бойында қаншама өнер жатыр десеңізші! Сыйқыршы, әртіс, кілт жасау шебері, біреуді жұдырықпен жер жастандыратын боксер, қасапшы… Бұ шіркіндер осы өнерін неге бейбіт түрде, жақсылыққа бағыттамайды екен деп қынжыласың. Бұлар бар ғой, қараптан-қарап шашыңды ағартады.

Қарсы алдымдағы компьютерден бейнекамералар арқылы күдіктілерді көзбен бүркітше шолып отырмын. Көзім шұбар ала көйлекті қызға түскен. Иығына түскен қолаң шашы, жарасымды кекілі бар. Қараторының әдемісі. Жай ғана әдемі дей салу күнә болар. Полиция өкілінің сөздік қорында қайбір жақсы сөз болсын, әйтеуір оның сұлу келбетін суреттеуге тілім жетпей қалды. Менің бақылап тұрғанымды сезген болар, қыз бейнекамераға жымия күліп, көзімен магнитше тартқандай болды. Есіме әріптесімнің сақтық сөзі сап ете түссе де, шыдай алмай орнымнан тұрдым. «Мұндай қызды өмір бойы құшақтап жүрсем ғой» деп қиялдай бастадым.

Түн ортасы таяп қалған болатын. Басқа камерадағыларға қарап едім, бірі сыз еденге тізесін құшақтай отырып, арқасын қабырғаға сүйеп, ойға шомған. Көбі ұйықтап қалған. Қыздың камерасына жақындап, бойжеткеннің сұлулығын тамашалағым келді.

Қызға таяп қалдым. Албырт жүзінен қызыл шырайлы жастықтың уылжыған кейпін көргенімде ынтыға түстім. Бір сәт өзімді аялдамада қызға қырындаған жігіттей сезініп кеттім. Киімі үтіктелген, үсті-басы мұнтаздай таза бойжеткенді саңырауқұлақ кемірген еденнің иісіндей сыз камераға қамап қойғаным әбестік секілді. Мені көре сала үстін қағып, орнынан тұрған. Камера ішіне алақат сәуле  түседі. Жүзі жарыққа енді.

- Ағай, – деді жалынышты үнмен, – мен қайдамын?

Мұндай сұрақты күтпеп ем, тосылып қалдым. Өзімді құқық қорғау бөлімінде емес, жындыханада істейтін қызметкердей сезіндім. Әншейінде мұнда түскендер босатып жіберуін, болмаса туыстарына хабарласуын өтініп сұрап жататын.

- Мен ағаң емес, полициямын! Қайда болушы едің?! Санаторийде, – дедім мысқылдай.

- Сіздер неткен қатыгезсіздер! – деді жыларман болып. Сосын менің үстімдегі формаға, темір торға қарап, көңілі құлазыды. Жауап бермей-ақ қояиын деп едім, мына қыздың сөзі жынымды қоздырды.

- Біз бе қатыгез?! – дедім кекете, – біз… біз деген әділет орнатушылармыз. Ал сендер барып тұрған хайуансыңдар! Зұлымдық жасайсыңдар!

Жаңа ғана сұлулығына сұқтанған мен осылайша таба астында өзгеріп шыға келдім. Ішімнен «мына қыз адамды гипноздайтын қызыл көзді пәленің өзі» – дедім.

- Жігіттердің көбі сондай… Менің көркіме көз тігіп, оны өздері мойындамайды. Сіз де сөйттіңіз. Мойындайсыз ғой.

Не дерімді білмедім. Сұлудың жанары жанарыма тесіле қараған сайын өзімнің шектен шығып бара жатқанымды сездім. Қызға салсаң, жасаған қылмысын өзіме мойындатудан тайынбайды. «Иә, иә, бұл мені арбап барады».

- Сіз… сіз адам өлтірді деген күдікпен қамалдыңыз. Құқық қорғау органы өкілімен рұқсатсыз сөйлесуге болмайды, – деп кері бұрылып, кетуге оқталдым.

- Сіз – қорқақсыз! Қызға сөз айтудан именесіз. Үйленбей жүргеніңіз сондықтан… Тіпті, батыл болуы үшін полиция болдыңыз!

Төбемнен жай түскендей есеңгіреп қалдым. Мына шіркін менің бойдақ екенімді қайдан біліп алған? Сосын қыздармен…. батыл болғым келетінімді… «Гипноз, иә, гипноз». Басымда тек осы ой қалқыды. Ернімді тісіммен қыршым алдым. Дуылдай жөнелді. Иә, ақыл-есім орында.

- Ағай, – деді құлағыма жағымды дауыспен, – Мен неге осы жерге түстім?

Мен бұдан әрі қызбен сөйлесуді қаламадым. Дәл қазір көзімді гипнозбен арбап, кілтімді алып, өзімді қамераға қамап қоятындай қорқып кеттім. Артыма қарамастан тез-тез басып, орныма жайғастым. Құлағыма қыздың майда сөзі жаңғырып, жағып барады. Мен тек тезірек таң атып, кезекшілігім біткенін күттім.

* * *

Таңертең күннің көзі жоғалып, көлеңкенің ызғары сезілді. Кезекшілігімді, қару-жарағымды өткізген соң жалға алған пәтеріме келдім. Іле жуынып-шайынып, шәйімді ішіп алғанан кейін тәтті ұйқыға батқым келді. Бірақ қимылым баяулап, әлдебіреуді ойлай бердім. Құдды өліп-өшіп сүйген ғашығым секілді есімнен кетпейді. «Қой, дереу төсекке жата кетіп, алаңсыз дем алмасам болмас» деп жастыққа басымды төсенгенім сол еді, балбырап, көзіме ұйқы тығылды.

Түсімде ғажайып бір сарайдың ішінде жүр екенмін деймін. Кең әрі биік бөлмелердің іші самаладай жарқырап, жан-жағынан нұр саулап тұр. Бір қызығы, сарайдың қабырғалары түгелдей айнадан екен. Қаға бастағынымда-ақ алтын есік үнсіз ашылып кетті. Ілгері өтіп, айналаға аузымды ашып, қарап қалыппын. Мұнда да еденнен төбеге дейін ұзыннан-ұзақ созылған айналар.

- Сіз менен неге қашып жүрсіз? – деді әлдекім ту сыртымнан. Селк еттім.  Қарсы алдымдағы айнадан Рабиғаны көрдім.

- Қашқаным жоқ, – деп міңгірледім. – Сіз… қайдан келдіңіз?

Қатты қорқып кеткенім соншалық, жүрегім кеудеме сыймай атқақтап тұр.

- Қорықпаңыз! Мен сізге тиіспеймін, – деді бойжеткен. Үстінде шұбар ала көйлек. Жалаң аяқ.  Шашы тізесіне дейін төгіліп кетіпті. Дауысы жарықшақтанып шықты. Сарай іші қыздың дауысына тұнып кеткендей.

- Қорқып тұрғаным жоқ, – дедім қол-аяғымның дірілдеп кеткенін сездіргім келмей. – Бірақ сіз қылмыскерсіз…

Осыны қалай ғана батылым барып айттым екен? Тұзаққа ілінген аң секілді сілейіп қалдым. Көздеріне қарадым: күлімсіреп тұр екен. «Бұл алдамшы сезім. Мені алдамақ. Қалай да құрығына түсірмек» деп ойлап үлгердім. Қан иісін сезген акуладай, қыздың бойында астамшыл, тентек сезім билеген.

- Мен қылмыскер емеспін!

- Жоқ, – дедім ойымды жалғастырып, сіз қылмыскерсіз!

- Мен бе?

- Иә, иә, сіз!

Рабиға сөйлейтін адамдай жұтынып қалды. Бірақ сөзімді бөлмеді. Мені бір белгісіз сенімділік билеп әкетті.

- Сіз адам өлтірмек болдыңыз. Иә, иә, дүниедегі ең көркем, ең керемет жан иесіне қол салдыңыз. Неткен қатыгез адамсыз? Жоқ, сіз адам емес, жауызсыз!

Қызға зер сала қарадым. Сот алдында өлім жазасына кесілген жандай, ұнжығасы түсіп, мүсәпір кейіпке еніпті.

- Мен – күнәсізбін! Ол адамды өлтірмек болған мен емес, – деп қыз жалынышты дауыспен маған жақындай түсті. Екі көзінен жас парлап тұр екен. Таң қалдым. Шынымды айтсам, сұлу бойжеткеннің күнәсіздігіне илана бастадым.

- Сонда… сонда кім? – дедім көзім бақырайып. Қыздың қос қолынан ұстай алдым. Сұп-суық екен. Қорыққан мен емес, сол секілді.

- Ол… ол мені қылмыс жасауға итермеледі.

Қас-қағым сәтте қыздың жүзі өзгере бастады. Мен шошынып, бойжеткеннің қос қолын серпіп тастап, кері шегіндім. Ол кінәлі адамдай қипақтады. Ащы тердің иісі мұрнымды жарғандай тіксініп қалдым.

- Ол кім?

- Міне, қарсы алдыңызда тұр ғой.

- Сіз бе?

- Жоқ, айнаға қараңызшы!

Айнаға жалт қарадым. Барлық айналарда тек бойжеткеннің келбетінен басқа ешкім көрінбеді.

- Сізден басқа ешкімді көріп тұрғаным жоқ!

- Сендер оны көре алмайсыңдер, ол менің ішімде!

- Не деп сандырақтап кеттіңіз? Сіз өзіңіздің қылмысыңызды жасыру үшін тапқан айлаңыз бұл.

- Жоқ, олай емес, маған сеніңізші! Өтінемін!

- Маған дәлел керек, дәлел! Айғақ зат! Түсіндіңіз бе?

- Иә, – деді ол мұңайып. Сұлу сынық жүзін төмен салбыратып, асқан жылдамдықпен қос қолымнан шап беріп ұстап алды. Шапшаңдығына көз ілеспеді. «Қазір мені өлтіреді» деп ойладым. Кенет сұлу қыздың жүзі қуаңқы тартып, көздері шоқтай қызарып, мен көрмеген құбыжыққа айналып шыға келді. Зәрем зәр түбіне жетті. Осындай сұлулықтың ішіне мұндай құбыжық қалай өмір сүрген? Өз ізінен өзі шошыған қояндай бойжеткен де өзінің жан сарайынан сыртқы әлемге қашып шыққысы келетінін түсіндім. Құбыжық өңменнен өтердей тесіле қарағанда тәнім түгіл, жаным түршікті. Мен жоғалған малын іздіп, жырқыш аңға кезіккен адамдаймын.

- Маған тиіспе! Мен полиция қызметкерімін!

Құбыжық маған кекесінмен күліп, санамды улай бастады. Оның бір бөлшегі денеме дендеп еніп бара жатты. Мен жұлқынып, білген дұғамды айтып, босаған оң қолыммен шапалақпен тартып жібердім. Құбыжық әп-сәтте сұлу бойжеткенге айналып шыға келді.

- Көрдіңіз бе? Енді маған сенесіз бе? – деді ару жыларман болып. Осы кезде телефон шылдырынан оянып кеттім.

* * *

Бастырылып қалыппын. Басым мең-зең. Билет сатып алып, пойыздан қалып қойған  жолаушыдай абыржыған күйге түстім. Апыр-ай, күні бой үй тірлігіммен айналыссам да, көрген түсім ойымнан кетпей қойды. Бір сәт ұмыта алсамшы. Қайта түсімде көргенімді есіме алсам, әлгі қызға деген құмарлығым арта түседі. Қалай да бейтаныс қызбен жақынырақ танысқым келді. Неге екенін білмеймін, бір жақындықты сезем. Егер сіздің ұнатқан адамыңыз темір тордың ар жағында отырса, кездесуге барар ма едіңіз? Мен болсам ванна қабылдап, айна алдында шашымды тарап, иіссу сеуіп алдым. Сізге айтуды ұмытып барады екем, бағана бөлім бастығы әріптесімнің ауырып қалғанын, кешке орнына кезекшілік тұруымды сұраған. Бірден келісім бергенімді ішіңіз сезіп отырған шығар. Несін айтасыз, көзқашты болған күйбең тіршілік табан астында осылай өзгеріп шыға келді.

Әдеттегідей кешқұрым жұмыс орнына келдім. Кезекшілігімді қабылдап алған соң камерадағыларды аралай бастадым. Біз күдіктінің 72 сағатқа дейін қамап қоюға құзырымыз жетеді. Егерәки, күдіктінің кінәсіздігі анықталса, босатып жібереміз. Болмаса, ісін прокуратураға жібереміз. Мен қыздың ісі өріс алмауын шын тілеген едім. Камераларды аралап келемін. Кешегі маскүнемдер де, «түнгі көбелектер» де зым-зыя жоғалыпты. Тек өзім көруге құмартқан ару ғана жеке камерада көңілсіз отыр екен. Аяқ тықыры естілген соң мойын бұрған.

- Сіз бе? Тағы келдіңіз бе? – деді құтқарушысы келгендей қуанып. Мен бір алыстан сәлемдеме әкелген туысы секілдімін. Қос жанары күлімдеп, маған қарай береді. Көздеріммен үнсіз аймалай бердім.

- Мен сізді ұзақ күттім, – деді бойжеткен маған тесіле қарап.

- Мен сізді күткен жоқпын, – деп өтірік айттым.

- Күні бой есімнен шықпай қойдыңыз. Сіз ше, сіз мені ойладыңыз ба?

Езу тарта күлдім.

- Сізді не үшін ойлауым керек. Сіздің тағдырыңыз мені қызықтырмайды.

- Өтірік айта алмайды екенсіз. Көзіңіз бәрін айтып тұр ғой…

Үндемедім.

- Түсімде сізді көрдім.  Менен қорқып жүр екенсіз.

- Мен ешкімнен қорықпаймын! – дедім тістеніп. Қыз мырс етіп күлді. Қараңғы қапаста отырған адамның бостандықта жүрген адамды кекете күлуі таңғалдырған. Мен намыстанып, үстеліме қайта жайғастым.

Бұл кезде кеңістікке жұтылған күннің кірпіктері көрінбей бара жатты. Күндіз бір-кіріп, бір шығып жүретін әріптестерімнің келісі сап тиылған. Тынымсыз телефон да меңіреу күй кешіп, сабасына түскен. Басымды түрлі жаман ойлар қаумалады. Қазір қыз отырған камераға кіріп барып, бал еріне сүлікше жабысам. Өзі мені қалап отырған қыздан бас тартуым ақымақтық емес пе? Тәтті ойлар тәтті түске жетелеп кетіпті.

Түнгі сағат он екіге таяп қалғанда камерадан қыздың қатты шыңғырған дауысы естілді. Өртеніп жатқан үйдің ішінде қалып қойған баладай зәре-құтым қалмады. Камераға карасам, қыз бетін бүркемелеп алыпты. Көзіме көлеңкелі елес көрінген. Жалма-жан қолыма резіңке шоқпарымды алып, жүгіре жөнелдім. Дереу жабық камераның есігін ашпақ болып бір бума кілтімді бірінен соң бірін құлыптың ұңғымасына сала бердім. Қыз шыңғырған сайын қолым дірдек қағып, жүйкем сыр бере бастады. Жүйкені жұқартардай есік әйтеуір шиқылдай ашылды. Камерада бөтен ешкімнің жоқ екеніне көз жеткіздім.

- Өтінем! Өтінем! Мені жалғыз қалдырмаңызшы!

Мен не айтарымды білмей, қыздың әлі кеткен сүйріктей саусақтарын аяладым. Жұбатқым келді. Қолдары дір-дір етеді. Қыздың жүзінен қатты шошынып қалғаны байқадым.

- Жаман түс көрдіңіз бе? – дедім түріне бажайлай қарап.

- Жоқ, ол… ол мені қылқындырмақшы болды.

- Кім?

- Сіз кіргенде ол жоқ боп кетті!

«Бос сандырақ» деп ойладым ішімнен, бұрын осы жерде асылып өлген қылмыскерлер жөнінде көп естігем. Тіпті, өлген адамдардың жаны қалып қойып, аласұрып, байыз таппай ғимаратты шарлап жүреді дегенді сан рет құлағым шалған.

- Сіз жанымнан алысқа ұзамаңызшы! Өтінім! – деді қызы жанұшыра жалынып.

- Қорықпаңыз. Неден қорқасыз? Мұнда екеуімізден басқа ешкім жоқ, – дедім бірқалыпты, баяу дауыспен. –Мен осындамын. Қасыңызда боламын.

- Ұйықтағым келмейді. Ұйықтасам, жаман түстер көрем.

Көздері қызарып, қарашығының айналасындағы ақ айдын қанталап кеткен.  Шамасы, талай уақыт көз шырымын алмаған секілді.

- Жатып, дем алыңыз. Сіздің жүйкеңіз шаршаған, – дедім кетуге оқталып.

- Жоқ, кетпеңізші! – деп қыз шоқ басқандай баж ете қалды. – Мені жалғыз қалдырмаңызшы!

Самайы терлеп кетіпті. «Мына қыз камерада өзіне өзі қол жұмсаса, басым бәлеге қалар» деп ойладым. Әрі аруды сондай аяп кеттім.

-  Жарайды, егер қаласаңыз, қарсы алдымдағы камераға ауыстырайын.

Қыз тіл қатпай, басын изеді. Мен лезде отырған жерінен тұрғызып, қолына кісен салдым.

- Осының не қажеті бар? – деп Рабиға сіңірі тартылғандай құрыстанып, қабағын кіржитті.

- Тәртіп солай. Ренжімеңіз.

- Адамдар қандай қатыгез. Бірақ сіздің мейірімді жан екеніңіз жүзіңізден көрініп тұр.

Қыздың бақытсыздығына өзімді кінәлідей сезініп, жүзімді төмен салдым. Рабиғаның қолдары әлі дірілдеп тұр еді. Қос темір білезік бір-біріне тиіп, солқылдап тұрды.

- Мен ешқайда қашпаймын, – деді қыз. – Қолым ауырып кетті. Босатыңызшы!

Қолдарым арудың қолдарын аялап тұр еді. Жүрегім дүрсілдеп, бойымды бейтаныс сезім биледі. Тамағыма бір ыстық түйіншек тұрып қалғандай ділгірдім. Үндеместен кісенді аштым.

- Жақсы болды, – деді Рабиға. Қос білегін уқалап, сәл тынышталды. Қызды шығарып, камераны құлыптадым. Жұмыс кабинетінің торкөзінен көрініп тұратын сұқ саусақтың жуандығындай торкөз камераға жайғастырмақ болдым. Қыз жыларман болды.

- Қорқам, бәрібір қорқам. Мені жалғыз қалдырмаңызшы!

- Жарайды, таң атқанша менің кабинетімде отырыңыз. «Бірақ қолыныңызға кісен салып қоям» деп әзілдедім. Бойжеткен кісенді ұнатпайтынын білдіргендей, басын шайқады. Қыз крандағы жылы суға беті-қолын жуып алды.

Кабинет жылы еді. Қыздың ұйқысы келіп, қолымен аузын жауып, есіней бастаған. Үстелімнің үстіндегі қыздың ісін тергей бастағам. Әріптесім рецевидист дегеніне сенбей, күдігімді сейілту мақсатында жеке ісін қызыға қопардым. Рас, адам өлтірмек болыпты. Бірақ мақсаты орындалмаған. Жаңбырлы күні қолшатырмен келе жатып, бейтаныс ер адамды бар күшімен желкеден салып өткен. Ана байқұстың қарақұсынан дәл тисе керек, жерге сұлап түсіпті. Сол кезде қыз есін жиып, жәбірленушіні ауруханаға жеткізген. Тағы бірде балконда тұрып, төменде кетіп бара жатқан әйелдің үстіне гүл отырғызылған құмыраны тастап жіберген. Сосын ісіне өкініп, жедел жәрдем шақыртқан. Түк түсінсем бұйырмасын. Жарайды, гүл қолынан байқаусызда қолынан түсіп кеткен шығар, ал көшеде кетіп бара жатқан, өзінен күші мығым ер адамға соққы жасау ақылға сыя ма? Кезінде бірге жүріп, тастап кеткен жігітінен өш алды дейтіндей емес, әкесімен жасты, алпысты алқымдаған адамды жарақтағаны түсініксіз. Алдымен қаскөйлік жасайды, артынан көмектеседі. Қызық! Адам ақылына сыймайтын жағдай. Ең абзалы, қыздан зардап шеккен адамдардың бәрі дін аман. Денсаулығына сәл зақым келгені болмаса, бөрік ішінде бас, жең ішінде қол сынбаған. Абайсызда жасалған қиянат. Қылмыскер деудің өзі артық.

Қызға қарадым. Бесіктегі сәби секілді балбырап ұйықтап жатыр. Сондай әдемі. Рабиғаның осында келгені өзімнің өзгеріп кеткенімді айттым ғой. Бойжеткеннің сұлулығы маған күшәла шайнағандай әсер етті. Түн ортасынан ауып бара жатты. Айнала меңіреу тыныштық. Рабиғаның сұлулығына сұқтана қарап қана отыру күнә секілді еді. Гүлге құмартқан арадай қыздың жанына отырып, алақанын аяладым. Қыздың жүзіне аса бір сүйіспеншілікпен үңіліп, табиғаттың осынау керемет жаратылысына тамсана қараймын. Кенет басыма сап етіп бір ой қонақтаған. Қыздың ұйықтап жатқанын пайдаланып… қып-қызыл ернінен сүйіп алғым келді. Қалай ғана батылым барғанын білмеймін, Рабиғаның жұп-жұмсақ, дымқыл ерніне ернімнің тигенін сездім. Қызды оятып алмайын дегендей жайлап сүйе бастадым. Өзім бұрын татып көрмеген рахатқа батып барамын. Бір сүйдім, екі сүйдім, бір кезде ернім тәтті  ерінге жабысты да қалды. Рұқсат етілмеген жемісті татқандай елегізи бердім. Қыздың мойнынан жұпар иіс аңқып, жұп-жұмсақ бетіне төне түстім. Ернім еркіме бағынбай бара жатты. Көздерім жұмылып, тәтті ләзатқа шым батып барамын. Жанарымды ашқанда маған қыздың қоңыр көздері қадала қарап қалыпты. Ернім босап кетіп, ішке дем жұттым. Қыз маған сыйқырлы жымиыспен қарап, нәзік мұрымен бетімді үйкеді. Жүрегім лүпілдеп, тынысым жиілей түсті. Мен қыздың қарсылық білдірмегенін көріп, аппақ тамағын сүйе бастадым. Қолдарым бойжеткеннің жіңішке, тығыз денесін самалдай сипай берді. Бір кезде омырауының түймелерін ағытып бара жатыр едім.

- Болды, әріге бармайық, – деді ыңырси.

- Жаным, – дедім құлағына сыбырлап. – Мен сені ұнатып қалдым.

- Қойыңызшы!

- Есім ауып барады, өңім бе, әлде түсім бе?

- Тұншығып барам… Қолыңызды босатыңызшы!

- Сізді бір сәтке болсын құшағымнан босатқым келмейді.

- Тоқтаңызшы! Кеудемді қысып жібердіңіз.

Осы кезде терезе тарсылдады. Қызды құмарта өбіп жатқаныммен, есімді тез жидым. Жалма-жан қызды құшағымнан босатып, киімімді түзей бастадым. Рабиғаны дереу кабинетімнен шығарып, камерасына қамап тастадым. Алқына жүгіріп, есікті аштым.  Қарсы алдымда шегір көзді, бидай өңді, аласа бойлы жас жігіт сойған түлкіңдей ыржиып тұрды.

- Бағанадан бері есікті тарсылдатып тұрдым.

- Көзім ілініп кетіпті. Макстың орында тұрмын ғой. Екі күн дұрыс ұйықтамаған соң…

- Қалай қатты ұйықтап жатқанынды көрдік қой, – деп шегір көз мырс етті. Ішім қылп ете қалды. «Мына бәле сырттан бәрін бақылап тұр екен ғой. Иә, ішке жарық түсіп тұрды ғой».

- Саған дем алу керек, – дедім түк болмағандай, оның шаршаңқы жүзіне қарап.

- Сен сияқты қыз құшақтап жатсам, сеспей қатар едім.

- Қалжыңды қой. Бәрі сен ойлағандай емес. Одан да не үшін келгенінді айт.

Полиция өкілі қызметтік көлігінің артқы есігін ашып:

- Міне, мынаның есін жиғызу керек. Айықтырғышты сағынып қалыпты. Үй ішіне «концерт» қойған соң көршілері шағымданған.

- Е, о жағын қатырамыз, – дедім бастығымның бұйрығын орындамақ болғандай саңқ етіп. Шегір көз маған әлі сойған түлкідей ыржия қарайды.

- Күте тұр, мынаны камераға жайғастырып келейін,  – дедім. Қайтып келсем, қу жігіт әлі орнынан тапжылмапты. Жемтіктің иісін сезген нағыз пәленің өзі. «Мына бәле жұрттың бәріне Рабиға екеуіміздің арамызда болған жағдайды жайып жібере ме деп қорықтым. Өйткені, бастығым мені өзгелерге үнемі үлгі етіп жүретін. Егер адам өлтірмек болған деген күдікпен қамалған қызбен әмпей-жәмпей болғанымды бастығым, әріптестерім, тіпті бүкіл қала жұрты естісе, журналистердің құлағына жетсе, асыл арманым көзден бұл-бұл ұшып, масқара болмаймын ба?

- Жаспыз ғой, – деп ыржия күле бердім. Әріптесімнің көлігінің ішіне қарап едім, көзім қызыл түймеге қадалған.

- Өй, қызыл жанғанша жүре беріпсің ғой. Жолда қалсаң қайтесің. Жағдайыңды айтсаң көмектесеміз ғой, – дедім сақылдай күліп. Қалтамнан суырып қолына бес мың теңгелікті ұстата салдым.

- Бензин құйып ал. Қыздарға гүл аларсың.

Шегір көздің өңі жылып сала берді.

- Жақсы. Мен ештеңе көрген жоқпын, – деді жымия.

Пысыққой әріптесім кеткен соң орныма сабырлы күйде жайғастым. Бір сәт өзімнің жасаған ісіме есеп бере бастағам. Иә, байқасам бойым бірте-бірте жамандық атаулыға үйір болыпты. Қызға сүймеймін деп өтірік айттым; адам өлтірмек болған қылмыскерді рұқсатсыз камерадан шығарып, жаныма қалдырғаным; арумен аймаласып, құшақтасқаным; полицияға ауызбастырық бергенім күнә емей, немене? Тү-у, өмірімде осыншама ауыр қылмыс жасаймын деп ойладым ба? «Онда тұрған не бар, сен жассың, қызға кім құмартпайды, сүйіктісін қорғау үшін кім не істемейді?» дейді ішкі ойым. Бір байқағаным, жаман әдетке бой алдырған сайын жүрегім қатыгезденіп, өркөкіректе, менмендікке бой алдырыппын. Жарайды, оны қойыңызшы, өз өзімнен өзім жиіркенбейтін, қайта содан ләззат алатын, шындық пен ақиқатқа самарқау қарайтын сезім пайда болыпты.

Есіме ернінен бал тамған қыз түскен. Камераға көз салғанда қыздың әрі-бері теңселіп, бір онында тыпыршып, байыз таппай жүргенін көрдім. Ол сірә, мені күтіп жүрген болар. Бір сәт камераға мұқият шұқшиғанымда қызбен бірге бір көлеңке ілесіп жүргендей болды. Ұйқым шала болған соң көз алдым бұлдырап, қабағым ісініп, түрлі елес көрінген шығар деп түйдім. Бір кезде қыз шыдамады-ау деймін, камераға тесіле қарап тұрды. Алақанын өзіне қарай желпіп қояды. Мені шақырғаны. Қызды көп күттірмей, қасынан табылғам.

- Неге сонша кешіктіңіз? – деді ұзақ уақыт аялдамада автобус күтіп, жаурап қалған жандай.

- Телефон шырылдаған соң…

- Мен естімедім ғой.

- Сен мені ойлап, естімей қалған боларсың. Жарайды, оны қойшы. Жағдайың қалай? – дедім кабинеттегі оқиғадан кейін сенге көшіп. Рабиға сауалыма жауап қатпай, төмен қарап жымиды.

- Қорықпа! Сені босатып аламын, – дедім сеніммен.

- Рас айтасыз ба? Мені босатып аласыз ба? – деді қолдарымды жып-жылы, жұмсақ алақанымен аялап.

- Иә. Сені қапастан құтқарғым келеді.

Менің бұл сенімділігім қызға ұнап кетті білім, құлағыма сыбырлай:

- Мен сізді күтем!

- Маған сеніңіз, – дедім аруды көзіммен ұзатып салып.

Таң ағараңдап атты. Айналаға жарық сәуле шашырады. Полиция бөлімшесінің ішіне нұр саулаған. Қыздың ісін қанша қопарсам да, түк түсіне алмадым. Бойжеткеннің әлдекімді қасақана өлтірмек болғаны түсініксіз. Қыз бағана қорыққан сәтте жылап, иығыма басын төсеп, ешкімге зиян тигізуге ниеті болмағанын айтты емес пе? Сонда қыздың мұндай жаман қадамға баруына кім себепші? Арам ниет қайдан келген? Рабиға бүкіл өткен өмірін әңгімелегенде кішкентай кезінде бейкүнә жан болғанын, тек 9 жасында, өтпелі кезеңде күн батып бара жатқанда далаға шығып, үй ауласында есінен танып қалғанын айтқан. Мінез-құлқында еш мін жоқ, өзін сабырлы ұстайды. Адамдармен қарым-қатынасы жақсы. Меніңше, бұл тұқым қуаламайтын кесел. «Менің бойымда бір нәрсе бар» деген еді жүрегін үрей мен қорқыныш билеген қыз. Әкесінің кім екенін білмейді. Анасы біреуден алданып қалған екен.

Папкіні тарс жаптым. Қарсы алдымдағы камерадан маскүнемнің күңкілдеген дауысы естілді. Басы сынып, жүз грамм үшін жалаңаш қолымен жер қазуға бар екенін ішім сезіп отыр. Сыйқырлы магниті бар ма, қызға қайта бардым.

- Бүгін жақсы ұйықтадым, – деді сәби жүзбен жымиып. Мен де езу тарттым. Рабиға маған сенім артып, еш қорқынышсыз дем алғанына өзіме-өзім риза болдым.

- Сіз мені жалғыз қалдырып кетпеңізші, – деді қиылып.

- Алаңдама, бәрі жақсы болады, – деп сендірдім.

Сағат тілі онға таяп қалғанда қыздың анасы келді.

- Құлынымның еш жазығы жоқ. Неге қамап қойдыңдар? – деді көз жасын сығып. Рабиға шешесін көріп, еркелей күлімсіреді.

- Құлыным-ау, қарашы, саған не әкелгенімді, – деді байқұс шешесі бәйек болып. Сөмкесінен үйден әкелген ыстық тағам мен жемістерді шығара бастады.

- Мама, тамақ ішкім келмейді, – деді Рабиға басын шайқап.

- Тамақ ішпегені несі? Тамақ ішпесең, ауырып қаласың. Кеше де түк жемедің. Ауыз тисеңші.

Ана бізден рұқсат сұрап, кездесу бөлмесіне кірді. Тамақты қасықпен алып, үп-үлкен қызының ауызына тосты.

- Міне, осылай. Ауқаттанып ал, – деді шешесі мейірлене.

Шешей маған қызының еш кәнісі жоқ екенін, ұстамасы бар адамдай көшеде кездейсоқ біреуге соқтығысып қалатынын әңгіме қылды. Рабиғаның шешесі аянышты көздерімен маған тесіле қарағанда түндегі оқиғаны жанарымнан оқып қоятындай дегбірсіздене бастадым.

- Бәрі жақсы болады. Еш уайымдамаңыз, – деймін көтеріңкі, жарқын дауыспен. – Сіз босқа уайымдай бермеңіз. Рабиға бүгін шығып қалуы мүмкін. Күдікті болып кім түспей жатыр. Істің ақ-қарасы анықталған соң көбі босап жатады.

Ана байқұс бүкіл бәледен құтқаратын күш менің қолымда тұрғандай маған сұраулы, үмітті көзбен қарай береді.

- Айтқаның келсін, балам! Өзің жүзің жылы, қайырымды бала екенін көрініп тұр. Қызыма өзіңдей жақсы бір күйеубала кездессе жақсы болар еді, мың жасағыр!

Бұл сөздер мені қанағаттандыра түсіп, еріксіз жымидым.

- Қызыңыз босап шығады. Күмәніңіз болмасын, – дедім. Ана қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтығы шоқтырмай өсіргенін, жақсы тәрбие беріп, мәпелеп өсіргенін айтып, мұңын шағады.

- Сіз қайта беріңіз. Өзім бәрін реттеймін. Рабиға босап шығады, – дедім нық сеніммен. Ана алғысын жаудырып, қайтып кетті.

Түстен кейін арыз жазушыларға 72 сағат қамерада отырған қыздың істеген ісіне өкінетінін, арыздарын қайтып алуын өтіндім. Істі прокуратураға жібермек болған тергеушіні оңаша кабинатке шақырып алып, мән-жайды түсіндірдім.

- Қыздың адамға жарақат салғаны кездейсоқ жағдай, егер қызды темір тордан құтқарып қалмасақ, анасы байқұс қайғыда ішқұса болып өледі. Сонда екі тағдырды ойраңдап, тамырына балта шабамыз, – дедім тұп-тура қорқынышты киноны әңгімегендей.

- Е, ондайлар толып жатыр ғой. Менің міндетім – күдіктінің қылмысын растайтын айғақ заттарды тауып, прокуратураға тапсыру, – деді тергеуші айтқандарыма селт етпей.

- Сенің қолыңда жәбір көрушінің арыздарынан басқа түк жоқ қой.

- Неге жоқ? Қыздың көшеде ер адамды қолшатырмен басынан ұрғанын көрген куәгерлер бар. Медицина сараптамасы… Сосын әлгі әйел…

- Ой, соны да айғақ деп тұрсың ба? Ертең басынан соққы алған ер адамды кафеге шақырып, араққа тойдырам да, масайған соң пагонымды жұлды, құқық қорғау өкіліне қол жұмсады деп арыз жазам.

Тергеуші маған таңырқап:

- Саған дауа жоқ екен? Ана әйелді қайтеміз.

- О жағын маған қалдыр. Е, оның күйеуі жоқ екен ғой. Бір шиша коньяк, бір қорап кәмпит, бір құшақ гүл алып үйіне барам да, кешірім сұрап, шәй ішіп қайтам.

Тілмен бәрін реттеп қойғаныма әріптесім ыржалақтап күліп жіберді.

- Осының бәрі саған не керек?

- Үндемесеңші. Сен істі жап. Мә, жеңгейге сыйлық алып бересің, – деп қалтамнан АҚШ президентінің суреті салынған екі «көк қағазды» үстел үстіне тастай салғанда тергеушінің көздері жайнап шыға келді.

- Болды, қатырамыз. Іс жабылды! Қарындасқа қиянат жасамайық, – деді мыңжылдық есептің шешімін тауып, қуанған ғалымдай. Мені әзілдеп, қайта алып қоярдай ақшаны төс қалтасына сүңгітті. Қуанғаным сонша, іле-шала айықтырғышта жатқан маскүнемді резіңке шоқпармен шыңғырта шықпыртып, бойымның құрысқанын жаздым. Үш күн бойы байыз таппай жұқарып жүрген жүйкем тыншып, бір сергіп қалғандаймын. Түстен кейін шешесі Рабиғаны үйіне алып кетуге келді.

- Балам, саған көп рахмет! Сен болмағанда қызымды ұзақ қамап қояр ма еді,  – деп ана байқұс шын ықыласпен ризашылығын білдіріп.

- Оқасы жоқ. Кейін шәйға шақырсаңыз болды, – дедім Рабиға жаққа көз тастап.

- Шақырам ғой. Сені шақырмағанда кімді шақырам? – деді шешей бәйек болып. Рабиға үнсіз күлімсіреді. Соңдарынан ұзақ қарап қалыппын.

* * *

 

Жүрексіне есік қақтым. Рабиғаның анасы ашқан. Менің қызметтік киім киіп келмегенімді көріп, өңі жылып:

- Кел, келе ғой, айналайын, – деді анасы. Есімі Разия екен. Жаңа түскен келіндей табалдырықтан имене аттадым. Үй іші жұпынылау екен. Басы бөтен жиһаз жоқ.

- Рабиға үйде ме? – дедім дауысым құмыға шығып. Шешесі төр бөлмеге еніп бара жатып, дауыстады.

- Рабиға, құлыным, саған келіп тұр!

Қараңғы қапаста оңашаланып, үнсіз бұйығып отырған қызының көңілін аулағысы келді ме, дауысы жарқын-жарқын шығады. Ұзынша кіре беріс бөлмеден әрі аса алмай, ыңғайсызданып тұрдым. Сол жақ бұрыштағы айнаға көз салғанымда, төргі бөлмедегі диван анық көрінді.

- Саған келіп тұр, – деді анасы диванда тізесін құшақтап, басын төмен салбыратып отырған қызына.

- Кім? Айгүл ма? – деді немкетті.

- Шықсаңшы, өзің көресің.

- Ешкіммен кездесуге зауқым жоқ.

Шешесі менің жаныма қайтып келді.

- Жүр, ас үйге кіре ғой.  Мен шәй қойып жіберейін.

- Қажет емес. Мен қайтайын.

- Қой, «қуыс үйден құр шықпа» деген. Ауыз тиіп кет, сенің бізге жасаған жақсылығыңды ұмытпаймыз.

Еріксіз қара туфлиімді шештім. Ас үйге кіріп, нанның бір түйірін ауызға салдым.

- А, сіз бе едіңіз? – деді Рабиғаның жүзі жайнап. Есіктің жақтауына сүйеніп, маған сынай қарап қалыпты. Үстінде шақпақ халат, шаштарын жайып жіберіпті.

- Қызым, бір уақыт далаға серуендеп келсеңші. Үйде отырып әбден зерігіп кеткен шығарсың. Жалғыз болмайсың, мына ағаң саған серік болады. Солай ғой? – деді шешесі маған үміттене қарап. Мен басымды изедім.

- Жарайды, бар, сен киініп келе ғой, – деді анасы мейірімді жүзімен қызына қарап. Рабиға ұялған кейіп танытып, түпкі бөлмеге еніп кетті.

- Қайтсін байқұс қыз. Әкесі бізді тастап, басқа бір отбасына кеткелі қияли болып кетті. Әкесін қатты жақсы көруші еді. Қызым өмірден баз кешіп, бір күні өзіне өзі қол жұмсай ма деп қорқам. Әйтеуір, әкесі кеткелі өзін бір ауру меңдеп алды.

- Сонда Рабиғаның әкесі қайда? – деппін жан жарасын байқаусыз тырнап алып.

- Қайда болушы еді? Арағын ішіп, қыдырып жүр де. Екінші отбасына да сыймай жүр деп естігем. Енді одан бізге еш қайыр жоқ. Айтпақшы, сен оны көргенсің.

- Мен бе? Қашан?

Ауызым ашылып қалыпты.

- Рабиғаны мілицадан босатып алған күні. Айықтырғышта бір адам жатты ғой.

Есіме сап ете түсті. Өзім резіңке шоқпармен айызын қанғанша сабаған маскүнем. Рабиғаның әкесі деген ой мүлдем басына келмепті. «Қайын атамды» шықпыртып алғаным үшін өзімді біртүрлі ыңғайсызданып қалдым.

* * *

Біз үйден шыққанша күн кешкеріп қалыпты. Жердің желке тұсынан сырғыған күн еңкіш. Бір сәтте көктемнің қоңырсалқын желі соғып, ауа сыздана түскен. Рабиға үнсіз. Мен оның үстіне костюмімді желбегей жаптым. Оны әңгімеге тарпақ болдым, бірақ ауызыма жөнді сөз түспеді. Алғашқы сауалды өзі қойған.

- Сіз мені не үшін құтқарып қалдыңыз?

- Сені көргенде бір жылылықты сездім. Сондай сұлу болып көріндің.

Рабиға жымиып күлді.

- Мен секілді қыздар толып жатыр ғой.

«Қыздар толып жатыр» дегені ұнамады. Ол алға қарай озыңқырап кетті.

- Жүрсеңізші. Ойланып кетіпсіз ғой. Алғашқы махаббатыңыз, әлде бірге жүретін қызыңыз есіңізге түсіп кетті ме?

Шынымен шамданып қалдым. Қырсығым ұстап, жанынан кетіп қалғым келді. Қызды шақырмастан саябақты қақ жарған жолдың бойындағы сәкіге отыра кеттім. Рабиға қулана жымиып, жаныма келді.

- Сізді өкпелетіп алсам кешіріңіз. Тез ренжіп қалады деп ойламаппын.

«Ол бәрін біледі. Көзімнен бәрін көріп тұр. Әдейі істейді» дедім ішімнен.

- Осы күнге дейін ешкімді сүйіп көрмеппін. Жақсы көретін қызым болса, сізбен көшеде қыдырып жүрем бе?

- Қайдан білейін. Қазір жігіттер екі-үш қызбен жүре беретін болды ғой.

- Мені де солардың қатарына қосып қойдыңыз ба?

- Ренжімеңіз. Сіз шамданғанда тік мінезді болып кетеді екенсіз.

Еріксіз күліп жібердім. Рабиға да күлімсіреді.

- Әдемі комплиментіңіз үшін жүз грамм сок ішіп, масайып қайтаймыз ба?

Рабиға күлді.  Кафеден шықтық. Түн ортасына дейін сырласып, қол ұстасып жүрем деп ойламаппын.

- Рабиға, – дедім, – мен саған ұнаймын ба?

- Білмеймін.

- Сені сүйіп қалған сияқтымын.

- Сияқтысыз ба?… Әлі де сенімді емессіз бе?

Рабиға күліп, төмен қарады. Мен қызды өзіме қарай тарта құшақтап, жұпар тамағын иіскедім де, демімді жұттым. Қолаң шашынан сипап, үлбіреген ерінге төне түстім. Еріндерім бал сорғандай тамсана, құмарта түскен. Есім ауып бара жатты. Ай бізден ұялғандай бұлт арасына сіңіп кетті. Тек тентек жұлдыздар ұрлана сығалап, жымың-жымың етеді.

* * *

Бақыттан басым айналып жүрген. Бұрын сүреңсіз көрінген қым-қуыт тіршілік соншалықты керемет көрінген. Бірақ имандылықтан алшақтаған адамды ібіліс шыр айналдырмай қоймайды екен. Біз адам баласын жақсы, жаман деп бөле алмайды екенбіз. Иманды, яки имансыз деп ажыратқан жөн екен. Себебі, әр адамның ұнамды, ұнамсыз қылығы, алуан қыры бар емес пе? Иманды адамның дәрежесі неге жоғары? Сабырлы болатыны неліктен? Ол пенделер неге аз қателеседі?

Рабиға екеуіміздің бақыт деп жүрген сезім мен махаббатқа толы күндеріміз әншейін тәтті түс екен. Екеуіміз үйленіп, бақытты ғұмыр кешеміз деп жүргенде қырсық шалып, Рабиғаның ескі әдетіне басқанын түсіне алмадым. Анасы байқұс маған телефон соғып, қызын қиындықтан құтқаруын өтінген.

Ол оқиға көз алдымда өтіп еді. Рабиға екі кештің ортасында дүкенге кіріп шықпақ болып, бір орыс кемпірді сөмкесімен бастан салып кеп жіберді. Не түлен түрткенін білмедім, әйтеуір құлаған кемпірді тұрғызуға құстай ұштым. Рабиғаның көзі байланып қалғандай, мені де төмпештей жөнелген. Жазықсыз біреуді жәбірлегеніне қайран қалдым. Анасынан үлкен кейуана асфальтқа құлап, басынан ауыр жарақат алды. Амалсыз кемпірді ауруханаға апаруға тура келген. Дәрі-дәрмегін алып беріп, жеке дәрігер жалдадық. Бірақ кемпір бәрібір полиция бөлімшесіне арыз түсірген.

Тергеущі Рабиғаның осымен үшінші рет адамға қасақана шабуыл жасағанын, енді іс қозғалмаса, жағдай ушығып кететінін айтты. Істің насырға шапқанын сездім. Кемпір де қасарысып қалған бәле екен, арызын қайтып алмады. Өзімнің дәрменсіздігіме жыным ұстап, қатты күйзелдім. Соңғы үмітіміз – сот еді, бірақ уақыттың өзі Рабиғаға қарсы жұмыс істегендей, түк тындыра алмадық. Екі айдан соң сот отырысы өтті.

- Айыпталушы Рабиға Тасболатова! Сіз өзіңіздің кінәңізді мойындайсыз ба? – деді сот төрағасы.

- Мойындамаймын. Мен әдейі ұрған жоқпын. Байқаусыз сөмкем тиіп кетті.

- Тиіп кеткені осындай болса, ұрғаны қандай болар екен? Кемпір басынан ауыр жарақат алды, – деді прокурор кекете сөйкеп.

- Аяғы тайып кеткен шығар… Өзі салмағымен асфальтқа құлап… – Рабиға ақталып әлек болды. Қыздың байқұс шешесі әрең отырса керек:

- Қызымның еш кінәсі жоқ. Құлынымды босатыңызшы! – деді жыларман болып.  Сот ескерту жасап, куәгер ретінде мені шақырды.

- Қыздың айтқаны шындық, кемпір өзі тайып құлады. Ол кезде жер лайсаң, батпақ еді.  Кемпір қарсы болса да, ауруханаға жеткізіп, дәрігерге қараттық. Қажетті дәрі-дәрмегін алып бердік. Егер сол сәтте ауруханаға апармағанда, өліп те кетер еді. Қыздың еш кінәсі жоқ. Сондықтан қыздың болашағын ойлап, босатқанымыз жөн деп санаймын, – дедім.

Бірақ прокурор қыздың осымен үшінші рет адамға қасақана шабуыл жасағанын, қоғамға аса қауіпті қылмыскер екенін айтып, бет бақтырмады. Жалдаған түбіт мұртты адвокат түк өндіре алмады. Жүйкем сыр беріп, теріме сыймай ашуланып кеттім. Сот алқасы үкім шығару үшін ақылдасуға шығып кетті. Мен Рабиғаға «мықты бол!» дегендей ишара білдірдім. Бірақ ол қызға әсер етпеді білем, бетін басқан күйі жылап отырды.

- Тұрыңыздар,  сот келеді! – деп хабарлады іс тіркеп отырған хатшы. Темір тордың ар жағында отырған Рабиға басын көтеріп, ыржалақтап күле бастады. Ауызымды ашып, аңтарылып қалыппын. Адамдар оның жүйкесі сыр берген шығар деп аяушылық білдірді. Сот көпшілік алдында үкімін оқып:

- Азаматша Рабиға Тасболатова адам өміріне қасақана зиян келтірді деген айыппен 5 жыл бас бостандығынан айырылсын! – дегенде есімнен танып қала жаздадым. Соттың сөздері құлағыма жаңғырып естілді. Кенет Рабиғаның көздері қып-қызыл болып жанды да, белгісіз бір құбыжық көз ілеспес жылдамдықпен менің ауызыма кіріп кетті. Сот залын басыма көтеріп айғайлап жібердім. Бұл кезде сот та үкімін оқып болған еді.

- Иә, Рабиға кәнәлі. Ол – нағыз қылмыскер! Мен оның кемпірді аямай ұрағанын өз көзіммен көрдім. Оны соттау керек. Рабиға қоғамға қауіп төндіреді, – деп бар дауысыммен айғайлай бердім. Сот, прокурор, адвокат, тіпті Рабиғаның анасы да маған таңдана қарап қалыпты. Жаңа ғана қызды жақтап куәлік еткен маған аяқ астынан не болғанын түсінбеді. Жүйкесі сыр берді деп ойласа керек, екі полицей екі қолтымнан демеп, сүйрете жөнелді. Көз қиығымен Рабиғаға қарадым, жанары жасқа шыланып отыр екен. Оның бойын билеген үрей мен қорқыныш менің денеме ауысқанын сездім.

х х х

Бұл кезде түн ортасынан ауып бара жатыр еді. Шамдары самаладай жарқыраған қалаға кірдік.

- Міне содан бері такси жүргізуші болып жүрмін, – деді полиция өкілі хикаясын аяқтап. – Рабиғаның оқиғасынан кейін мен де адамдарға жиі соқтыға бердім. Жиі заң бұза берген соң бастығым мені жұмыстан қуып жіберді. Өй, әкең… осының бәріне Рабиғаның әкесі кінәлі. Қолыма түссе, бар ғой, оңдырмаймын, – деді кіжініп.

Көздерім айнаға шағылысқан сәулеге түскен. Қап-қара түнде жол жиегіндегі бағаналардан түскен көмескі жарық шашырады. Таксист те айнаға қараған. Сол кезде оның көздері қызыл шоқтай жанып тұрғанын көрдім. Қыздың әкесінен өш алмақ ойы бар екенін сездім. Мұрныма қан иісі келді. Көз алдыма қанға бөккен ер адам елестеді. Қорыққанымды білдірместен таксистке ақшасын төледім де, орта жолдан түсіп қалдым.

Асхат Өмірбаев

kerey.kz

Related Articles

  • Күлтегін жыры

    Күлтегін Құтлық (Елтеріс) қағанның екінші ұлы, Білге қағанның (Могилян) туған інісі. Шешесі Елбілге қатұн. Жеті жасында әкесі Құтлық (680-692 жж. билік құрған) қайтыс болады. Қаған тағына оның інісі Қапаған (692-716 жж.) отырады. Күлтегін мен Білге, Қапағанның інісі Бөгүні (716ж.) тақтан тайдырып, қағандық билікті Білге қолына (716-734жж.) алады. Тарихи деректерге қарағанда, Күлтегіннің он жасында ер атанып, алғаш көзге түскен соғысы – 694 жылғы Жау жыу және Дин жыу аймақтарында болған соғыс. Қапаған осы соғыста 90 мың тұтқынды қолға түсірген. Міне, осыдан былай Күлтегіннің ерлік жолы басталады. Тарихи деректер сол кездегі ел тәуелсіздігін сақтап қалу жолында болған қырғын соғыстардың бірде-біреуінің Күлтегінсіз өтпегенін аңғартады. Батыр 47 жасқа жетіп, қаза тапқанда, төрткүл дүниеден түгел

  • Қазақ әдебиетінің Тәңірлік әлемге есік ашатын трансценденті

    Қазақ әдебиетінің Тәңірлік әлемге есік ашатын трансцендентті мазмұны Қожа Ахмет Яссауидің хикметінен басталатын еді. Құдайберген Жұбанов бұ турасында бүй деп жазады. «біздің «Əдебиет саласындағы жазуымыздың басы «Диуани хикметтен» басталады. Орта Азиядағы түркі тілінде сөйлейтін халықтардың алғашқы жазба əдебиетінің бірі! Бұл факті қазақ ақындарының Ахметке еліктегенін көрсетеді ». Сәкен Сейфуллин былай деп баға береді. «Қазақ арасында жазба әдебиетін таратқан – Түркістаннан шыққан қожалар. Ол кезде қазақ арасына көп таралғаны – Қожа Ахмет Яссауидің кітабы. Біздің қазақ ақындары соған еліктеді». Большевиктер Яссауидің атын өшіру үшін ақын-жазушыларға тапсырма берді. Мәселен, ЦК 1937 жылы Асқар Тоқмағамбетовті «Хазірет Сұлтан» пьесасын жазуға мәжбүрледі. Бұл спектакль ҚазССР кезінде сахнада қойылып келді. Пьесада Яссауиді терістеп, оның жолын «халықты

  • ҚАЗАҚ КӨРКЕМСӨЗІ МЕН КӨСЕМСӨЗІНІҢ ҰЛТ РУХЫН ЖАҢҒЫРТУДАҒЫ АТҚАРҒАН РӨЛІ

    Жұмат ӘНЕСҰЛЫ   Қазақ көркемсөзі ауыз әдебиетінде ерте заманнан қалыптасқан әдебиет саласы. Ұлттың  рухын ғасырлар бойы асқақтатып, намысын жанып келе жатқан Қазақтың «Батырлар жыры» көркем сөздің ең биік дәрежедегі үлгісі, әлемдік деңгейде мақтаныш етуге болатын, көркем элостық шығарма.  ХVIII-  ХIX- ғасырлардағы  қазақ  жырауларының қай қайсысының да осы күнге дейін ауыздан ауызға көшіп, ХХ- ғасырға дейін аңыз болып жетіп, жазба әдебиет мұрасына айналып, бүгінгі ұрпақтың рухани қазынасына айналуы СОЛ ЗАМАНДАРДАҒЫ КӨРКЕМСӨЗДІҢ МӘҢГІЛІК ӨШПЕС  РУХАНИ КҮШІНІҢ  молдығында еді. Ауыз әдебиетіндегі сол кездегі дастандар, жырлар, термелер кең қазақ  даласындағы әр шаңырақтың дем беруші рухани азығы еді. Сөзімізді тірілту үшін ғасырлардан  ғасырларға ауыздан ауызға көшіп, аңыз болып кеткен Бұхар жыраудың «Абылайға айтқаны» атты ұзақтау

  • Ғалым Жайлыбай:Сарсүмбе, Қаракөпір

    Осы көпірдің оң босағасына жауыздар Зуқа батырдың басын бірнеше күн іліп қойған деседі   Боздайды ботасы өлген ғасыр – інген, Сен менің алшы түскен асығым ба ең! Сұлтаным ұлтан болған сонау жылы Зуқаның бұл көпірге басын ілген. Бас мұнда… қайда қалған жансыз дене?! айналса опат дей бер нар сүлдеге. Қартайдым қара көпір саған жетіп Алтайдың алқасындай Сарсүмбеде. Сарысүмбе, Сен не дейсің, Қыран өзен? Сауалға жауап таппай жылады өзен. Жасында жазмышымның тамшысы бар – басыңда тұрса қандай мына кезең. Сарғайған сағым күнге санам өкіл, Қайысып қайғы ойламас қала нөпір. Ғаламның ғазауатын сенен көрдім Бабамның басы ілінген, Қаракөпір! Жартасы, жағалауы жасыл орман, Әр тасы өр Алтайдың асыл арман. Ақынның осы өлкеде шерлі

  • Кеңесбаевтың  кеңістігі

      Бағына таласпаған кім, Иті де үрген қаланың. Соқтықпай кетті, оған кім, Тікенек тілген табанын. Есілге барса егіліп, Ертіс боп, аққан жанары. Кербұғыдай керіліп, Алтайға аңсары ауады. Автор.   Ілкіде бір әңгіме естіп, зәудеғалам шұқшиып отыра қалғаным сол еді. Жетім қоңырау ( жалғанбаған телефон сигналы) ыңқ ете қалды да, ғайып болды. Не тізімге де түспей қалған. Сөйтсем Ақжолтай інім арман сапарын Астанадан бастамақшы болып, отарба да кетіп бара жатыр екен. Сол кезде есіме бәріміз танитын Талғат аға Кеңесбаев түспесі бар ма. Ініме екеміз әңгіме ауанын солай бұра жөнелдік. Оның құлағы менде, ал бастайын.   Астананың қақаған аязына екі беті сәл-пәл домбығып кеткен, төртбақ тұлғалы алпамсадай қара кісіні жолықтырған болсаңыз. Ол,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: