|  | 

Тарих

Түркия Республикасының құрылуы және Ататүрік реформалары

Талғат Жолдасұлы

Түрік ұлт-азаттық соғысы бітіп, 1922 ж. 11 қазанда Мудания бітім шарты жасалғаннан кейін, бейбіт келісімшарттың реті келді. Антанта елдері Анкара үкіметін де, Стамбул үкіметін де 1922 ж. қарашада ұйымдастырылатын конференцияға шақырды. Екі үкіметті бірге шақыру Анкара үкіметінің наразылықтарына ұласты. Депутаттар монархияны алып тастау мәселесін көтеріп, ақырында 1922 ж. 1 қарашада Османлы мемлекеті, яғни монархиялық басқару жүйесі (Saltanatın Kaldırılması) құлатылды. Тек Түркияның Ұлттық Үлкен Мәжілісі үкіметінің өмір сүретіні білдірілді. Бірақ Османлы әулетіне тиесілі халифалық дәреже сақталды. Халифаны Мәжіліс тағайындайтын болды. Осылайшы Стамбул үкіметі жойылып, Түркия мемлекеті тарих сахнасына шықты. Саяси режимнің қандай болатындығы пікірталас тақырыбына айналды. Халифаны жаңа Түркияның басшысы ретінде көргісі келетіндер де көп болды. Республикалық басқару жүйесін дұрыс санайтын депутаттар да аз болмады. 1922 ж. 3 қарашада соңғы Османлы үкіметі өзін-өзі таратты. Стамбул билігі де Анкара үкіметінің қолына көшті. 1922 ж. 16 қарашада ескі сұлтан Вахдеттин ағылшын әскерилерінің көмегімен Стамбулдан қашып шықты. Сөйтіп Мальтаға апарылды. Мұстафа Кемалдің ұсынысымен Мәжіліс Абдулмежитті халифа етіп сайлады.

1922 ж. 20 қараша – 1923 ж. 4 ақпан және 1923 ж. 23 сәуір – 24 шілде аралығында Лозаннада бейбіт келісімшарт кездесулері Түркия, Англия, Франция, Италия, Жапония, Грекия, Румыния және Югославия елдері арасында өтті. Бұғаз мәселесінде Совет Одағы өкілі шақырылды. Балгария, Бельгия және Португалия кейбір тақырыптарға байланысты қатыстырылса, АҚШ сырттай бақылаушы болды. Түркиядан Мұстафа Кемалдің тапсырмасымен бұл жиынға Исмет Паша жіберілді. Ұзақ уақытқа созылған бұл процесс үстел басы соғысы сипатында болды. Лозанна бейбіт келісімшарты 5 тарау, 143 баптан тұрды. Бұған сай Сириямен арадағы Хатай аймағы жеке статусқа ие болып, шекара сыртында қалды (Хатай Түркияға 1939 ж. қайтарылды). Османлы мемлекетінің негізін қалаушы Осман Ғазидің атасы Сүлеймен Шахтың Сирияның Жабер қорғанындағы мазары Түрік жері саналатын болды. Иракпен арадағы Мосул және Сүлейманиенің мәселесі ұзақ тартыстарға ұласып, шешімін таппады. Бұл мәселені конференциядан соң Англия мен Түркия екі жақты талқылайтын болды. Батыс шекарадағы Фракия аймағы және кейбір аралдардың мәселесінде Түркия мемлекеті Грекия, Италия елдерімен келісімге келді. Османлы мемлеткеті өзінің соңғы бір ғасырлық өмірінде Европалық елдердің ықпалында қалып, өз жерінде шетелдіктерге ерекше құқықтар (Kapitülasyon) беруге мәжбүр болған еді. Бұл конференцияда талқыланған ең қиын мәселелердің бірі осы болса да, Түрік өкілдері өз дегенінен қайтпай, шетелдіктерге жасалған ерекше құқықтардың барлығын алғызып тастады. Келісімдерге сай бүкіл аз ұлттар Түрікия азаматы болып саналатын және Шығыс Фракия мен Анадолыдағы Гректер мен Грекиядағы Түріктер қарсылықты жер ауыстыратын болды. Османлы мемлекетінің 1854 жылдан бастап әбден батқан сыртқы қарыздарының 65 процентін Түркия төлейтін болды. Қалған қарыздарды Османлыдан бөлінген елдер төлейтін болып келісілді. Бұл қарыздарды Түркия 1954 ж төлеп тауысты. Бұғаздар Ұлттар Лигасының қауіпсіздігінде болып, екі жағасы қарудан тазартылуы керек болды (Бұл мәселе 1936 ж. Монтре Бұғаздар Келісіміне сай Түркия пайдасына шешілді). Осылайша әлем елдері тарапынан Түркия ресми түрде мойындалды. Бұдан соң үлкен шиеленістерге ұласқан Мосул мәселесі Англия-Түркия арасында талқыланып, сосын Ұлттар Лигасы араласып, соңында 1926 ж. 5 маусымда Ағылшын-Түрік келісіміне сай Мосул мәселесі бітті. Ол бойынша Мосул Иракқа берілді. Лозанна келісімінен екі жарым айдан кейін Антанта елдері Стамбулды босатып кетті.Талғат Жолдасұлы суреті.

Үздіксіз он жылға созылған соғыстан Түрік халқы әбден шаршаған еді. Соғыстардан экономиканың бүкіл саласы үлкен зардап көрді. Мәжілісте халифаның жағдайына байланысты тартыстар өрбіді. Құқық Қорғау ұйымының ішіндегі Екінші Топ деп аталатын оппозиция халифаны мемлекеттің басшысы ретінде көрсеткісі келетін әрекеттер жасады. Ақыры 1923 ж. сәуір айында бірінші Мәжіліс жаңадан сайлау өткізу туралы шешім шығарып, таратылып, сайлау нәтижесінде 1923 ж. 11 тамызда екінші Түркияның Ұлттық Үлкен Мәжілісі (TBMM) өз жұмысын бастады. 1923 ж. 9 қыркүйекте Румели және Анадолы Құқық Қорғау ұйымы өз жұмысын тоқтатып, Халық партиясы (Halk Fırkası) болып қайта құрылғандығын жариялады. Партия төрағасы болып Мұстафа Кемал тағайындалды. Бұл партия 1924 ж. 10 қарашада Республикалық халықтық партия (Cumhuriyet Halk Fırkası) болып аталды. Екінші Мәжіліске 287 депутат сайланды. Мәжіліс төрағасы болып Мұстафа Кемал, Премьер-министр болып Фетхи Бей (Окиар) тағайындалды. 1923 ж. 13 қазанда Анкара ресми түрде Түркия мемлекетінің астанасы болып бекітілді.

Алты ғасыр өмір сүріп құлаған империяның орнына 1923 ж. 29 қазанда жүйесі мүлдем бөлек Түркия Республикасы Мемлекеті құрылды. Республикалық басқару жүйесі Жаңа Османлылар тарапынан 1860 жылдардан бастап талқыланған еді. Мұстафа Кемал Конституциялық монархияның өзін қажетсіз санап, республикалық басқару жүйесін енгізді. Ескі жүйені қорғағандар да болды. Халықтық партия ішінде де оппозиция ортаға шыға бастады. Республика жарияланғаннан кейін Мұстафа Кемал президент болып сайланды. Фетхи Бей Мәжіліс төрағасы болды.

Мәжілістегі ұзақ тартыстардан соң 1924 ж. 3 наурызда Халифалық дəреже алынып тасталынды (Hilafetin Kaldırılması). Шығарылған заңға сай Абдулмежид отбасымен Швейцарияға жіберілді, Османлы әулетінің мүшелері де шетелге шығарылды. 1924 ж. 3 наурызда Шариғат және Вакыфтар Басқармасы (Şeriye ve Evkaf Vekaleti) да жабылып, Дін істері министрлігі құрылды. Білімнің Біріктірілуі туралы Заң (Tevhid-i Tedrisat Kanunu) шығарылып, бүкіл медреселер мен мектептер Ұлттық білім министрлігіне бағындырылды. 1924 ж. 20 сәуірде жаңа Конституция қабылданды. Республикалық-парламенттік жүйе орныға бастады. Осылайша құқық ережелері дінге негізделген теократиялық жүйе жойылып, құқықтық, зайырлы мемлекет құрылды. Әлемде зайырлы жүйеге көшкен алғашқы мұсылман мемлекеті болды. Мазхабтар арасы құқықтық ережелерінің алуандығын жойып, мұсылман мен мұсылман еместерді, әйел мен еркекті, барлығының заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ету үшін жалғыз құқық жүйесі енгізілді. Әділет министрлігі тарапынан комиссиялар құрылып, Батыс Европаның Азаматтық, Қылмыстық, Әкімшілік т.б. құқықтары әкелінді. Осылайша ұлтына, наным-сеніміне, жынысына, табына қарамастан барлығы заң алдында тең болды.29261169_1789811764404178_1652781691279769600_n

Бірақ бұл реформалар мен қабылданған шешімдер және Лозаннада Мосул мәселесінің шешімін таппауы, Грекиямен арадағы кикілжің, Конституцияға жасалған өзгерістер партия ішінде оппозиция қалыптастырды. Партиядан кеткендер 1924 ж. 17 қарашада Прогрессшіл Республика Партиясын (Terakkiperver Cumhuriyet Fırkası) құрды, 1925 ж. 5 маусымда мемлекет тарапынан жабылды. Партияны құрушылар Ұлт-азаттық соғысы жылдарында басшылықта болған, атақты әскербасылар Казым Карабекир, Әли Фуат секілді Мұстафа Кемалдың ескі достары еді. Жабылуына себеп болған жағдайлардың бірі елдегі жүргізіліп жатқан реформаларға қарсылық ретінде 1925 ж. ақпан-сәуір айларында оңтүстік-шығыс аймақтарда Шейх Сайт көтерілісі болды. Сәуірде Отан Сатқындығы заңына діни-саяси мақсаттағы ұйымдар құруға тиым салынатын бап қосылды, діни мақсатта мемлекеттік жүйені өзгертуді, бұзуды көздеу отан сатқыны саналатын болды. Наразылықтарға қарсы заңдар шығарылды. Тәуелсіздік соты (İstiklal Mahkemesi) құрылды. Осылайша Шейх Сайт көтерілісі бастырылды. Шейх Сайт өлім жазасына кесілді. 1925 ж. қыркүйегінде сопылық ханакаларды, орталықтарды және кесенелерді жабу туралы шешім шықты (Tekke, zaviye ve türbelerin kapatılması). Түрік Республикасы ішінде ешбір тарихат, шейх, дәруіш және мүрит болмайтындығы, бұларға сай киім мен дәрежелердің алынып тасталғандығы көрсетілді. 1925 ж. қарашада Киім заңы қабылданып, мемлекеттік қызметкерлерге шапка кию міндеттелді. Мемлекетте коммунистік пропагандаларға тиым салынды. 1926 ж. маусым айында Измирде Мұстафа Кемалға қастандық ұйымдастырылды. Қастандық ұйымдастырушылар тұтқындалып, қастандық ұйымдастыру бойынша Прогрессшіл Республика Партиясының мүшелері айыпталды. Ескі Иттихатшылар мен Казым Карабекир, Әли Фуат, Рефет Паша секілді Прогрессшіл Республика Партиясын құрушылар тұтқындалды. Тергеуден соң аты аталғандар ақталды. Бұл жағдайлар биліктің өзге саяси топтарға қарсы, мерзімді басылымдарға деген қысымын күшейтті. 1925-1930 жылдары халықаралық күнтізбе, сағат және сан қабылданды.

Мұстафа Кемал көппартиялық жүйеге өту тәжірибесін де жасады. Өзінің досы Фетхи Бейге Либералдық Республика партиясын (Serbest Cumhuriyet Fırkası) құрғызды. Бұл партия 1930 ж. 12 тамыз – 17 қараша арасында үш ай ғана өмір сүрді. Оқиғалар бақылаудан шығып бара жатқан соң партия өз-өзін таратты. Либералдық Республика партиясының таратылуынан кейін 1930 ж. 23 желтоқсанда Стамбулдағы Нақышбанди тарихаты шейхіне бағынышты Дәруіш Мехметтің Измир облысы Менемен ауданында көтерілісі болды. Махдилік пікірді көтеріп, жасыл ту ұстап, шариғат жариялауға ұмтылған көтерілісшілермен болған үлкен қарулы қақтығыс әскербасының өлімімен аяқталды. Дәруіш Мехмет де сол жерде өлтірілді, достары қашып кетсе де, қысқа уақыттан соң ұсталды.

Білім саласында да зайырлылық ұстанымдарына сай реформалар жасалды. Сауатсыздықты жою мақсатында халыққа оқу-жазу үйретіле бастады. Бастауыш, орта, жоғары білім беретін ұлттық мектептер, жоғары оқу орны құрылды. 1928 ж. 1 қарашада ұзақ пікірталастардан соң латын алфабитіне өту туралы шешім шығарылды. 1934 жылы Конституцияға (Anayasa) әйелдерге дауыс беру және сайлануға құқық беретін өзгеріс енгізілді. 1934 ж. Тегі туралы Заң (Soyadı Kanunu) қабылданып, халық лақап емес өз тегін көрсететін есімдер қолдануы керек болды. Осы жылы Мұстафа Кемалға Ататүрік тегі берілді. Ұлттық идеология жүргізілді. Осы мақсатта 30-шы жылдары ұлттық Тарих және Тіл Институттары құрылып өз жұмысын бастады.. Республикалық Халық партиясының принциптері болған республикашылдық, ұлтшылдық, халықшылдық, мемлекетшілдік, зайырлылық және реформашылдық атты 6 қағида 1937 ж. Конституцияға да енгізілді. Мешіттерде азан түрікше оқылатын болды. Ұлтшылдық пен Батысшылдық (өркениеттік) саяси пікірін ұштастырған саяси көзқарасқа кейін Ататүрікшілдік (Кемализм) деген ат берілді. Соғыстардан қатты зардап көрген экономика саласында 1923-1930 жылдары реформалар жасалынып, либералдық жүйе орнатылды. Бірақ 30-шы жылдардағы әлемдік кризистерден соң мемлекетшілдік, жоспарлы экономика енгізілді. Сыртқы саясатта Батыс елдерімен де Совет Одағымен де татулық саясатын ұстанды. 1923-1950 арасы Түркия тарихында жалғыз партиялық кезең деп аталады. 1938 ж. 10 қарашада Ататүрік қайтыс болып, орнына командалас досы Исмет Инөнү сайланды.

Модерн Түркияны құру мақсатын көздеген Ататүрік реформалары модернизм мен консерватизмнің, жаңашылдық пен ескішіл-дәстүршілдіктің қақтығыстарына сахна болды. Бұл реформаға байланысты халықтың, тарихшылардың, саясаткерлердің көзқарастары қай кезеңде де әртүрлі…

facebook парақшасынан алынды

Related Articles

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Арма әлеумет! 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған байланысты іргелес елдерде соның ішінде Шығыс Түркістан өңірінде өмір сүріп жатқан Шыңжаң қазақтарының саяси, әлеуметтік һәм мәдени тарихын танып біліп жүргеніміз артық болмас. Алдымен суреттерге түсініктеме: Бірінші сурет: Шыңжаң өлкесінде 1934-44 жылдары өлке губернаторы болған Шэн Шицайдың (盛世才) бейнесі. Екінші сурет: Тайвань Тайпэйдегі Шэн Шицайдың мазары. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барғандағы естелік. Ол туралы естелікті кейін оқисыздар. Үшінші сурет: Шыңжаң өлкесі Құмыл аймағының аймақ губернаторы болған Жолбарыс Бег-тің мазары. Тайвань Тайпэй қаласындағы мұсылмандар зиратында жерленген. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барып қайттым. Төртінші сурет: 1944 жылы ұлт-азаттық көтерілісшілері Құлжа қаласын азат қылған соң қала

  • Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Сардар Алмат Тобабергенұлы – өз дәуірінде ел басқарған, беделді тұлғалардың бірі болған. Ол Ырғызда болыс қызметін атқарып, халық арасында сыйлы адам ретінде танылған. Алмат Тобабергенұлының ерлік пен елдік тоғысқан дара жолын кейін балалары Самырат пен Төремұратта жалғыстырды. Ал оның шөбересі Ғалымжан Әбдісаламов Еуропа мен Орта Азияға танымал қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы болған. ХІХ ғасырдың басында дүниеге келіп, сол ғасырдың соңғы он жылдығында өмірден өткен алмат Тобабергенұлы басындағы билігі мен беделін елінің игілігіне, жұртының тұрмыс-тіршілігіне арналған өз заманының айтулы тұлғаларының бірі еді.  «Аржағы да атақты ер…» Тағы бір жүз жыл әрі жылжып, ХVІІІ ғасыр тарихын парақтасақ, ол кезеңде ел басынан өткен қайғылы оқиғалар көп болғанын көреміз, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» халқымызды

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • 14 наурыз – Математиктер күні

    14 наурыз – Математиктер күні

    Кафедра профессоры Математиктер күніне арналған «Таңғы Studio» таңғы шоуында 15 наурыз, 2025 14 наурыз – Математиктер күніне орай «Таңғы Studio» таңғы шоуының қонағы белгілі ғалымдар: физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қангужин Балтабек Есматұлы мен PhD-доктор Жұмабай Мәдібайұлы болды. Эфирде олар математиканың маңыздылығын, мерекенің тарихын, қазақ математиктерінің ғылымның дамуына қосқан үлесін талқылады. Профессор Балтабек Есматұлы математиканың ғылымдардың патшайымы саналатындығына тоқталды. Ол бір жағынан ғылыми білімнің шыңында тұрса, екінші жағынан басқа пәндердің дамуына негіз болатын көмекші ғылым екенін атап көрсетті. Ғалым шексіздік пен математикалық есептеулердің дәлдігін білдіретін π санының шығу тарихына да тоқталды. Доктор Жұмабай Мәдібайұлы бұл күннің 1988 жылдан бастап «π саны күні» (π – иррационал сан, шамамен 3,14142… тең) ретінде тойлана

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: