Несие қайда жұмсалып жатыр?
2018 жылдың 11 айында банктердің халыққа берген несиелерінің 52 пайызы
импорттық тауарларды алуға жұмсалған екен. Мұны «Халықтық коммунистер»
партиясының сарапшылары анықтап отыр. Осы партияның Мәжілістегі фракциясының
жетекшісі А.Қоңыров мұны алаңдатарлық жағдай деп санап, Ұлттық Банк төрағасы
Д.Ақышевке сауал жолдады. Өйткені, барлық дамыған және дұрыс жолмен дамып келе
жатқан мемлекеттерде несиенің үлкен бөлігі өндіріс пен ауыл шаруашылығына беріледі.
Ал сауда саласына, атап айтқанда алыпсатарлық жұмыстар үшін берілетін несие көлемі
төмен. Бізде бәрі керісінше болып отыр.
Депутаттың айтуына қарағанда бізде өңдеу өнеркәсібіне берілетін несие әлемдік
тәжірибенің талабына да, Қазақстанды индустрияландырудың маңызды міндеттеріне де
жауап бере алмайтын мардымсыз халде. Оның да жалпы көлемінің төрттен бір бөлігі ғана
ұзақмерзімді қарыз саналады. Соның ішінде, ұзақмерзімге шетел валютасымен берілетін
қарыз ұлттық валютамен берілетін қарыздан бір жарым есе көп. Бұл – өндіріс орындары
теңгенің құлдырауы салдарынан шарықтап өсіп келе жатқан валюталық несие жүгін
арқалап отыр деген сөз. Жоғарыда айтылғандай, қазір несиелер негізінен қысқамерзімді
сауда операцияларына беріліп жатыр. Бұл – несие шетел тауарларының импортын
қаржыландыру үшін жұмыс істеп жатыр деген сөз. Осының салдарынан отандық өнім
өндірісі несие жүйесінің назарынан тыс қалуда. Қысқамерзімді сауда операцияларымен
қатар тұтынушылық бағыттағы несиелендіру белең алып тұр. 2018 жылдың қаңтар,
қараша айларында тұтынушылық несиенің көлемі 2,9 триллион теңгеден 3,3 триллион
теңгеге дейін, яғни 400 миллиард теңгеге өскен. Мұның 95%-ы ұзақмерзімді қарыз болған.
Сыйақы мөлшерлемесі шамамен 20%-ды құраған. Бұл ресми инфляциядан 4, ал
тұрғындардан тартылатын депозиттің шекті мөлшерінен 2 есе көп. Соның салдарынан
қазақстандықтар табыстың ұлғаюымен сәйкес келмейтін ұзақмерзімді несие құрсауында
қалып отыр. Тұтынушылық несие де импортты қаржыландыруға жұмсалуда. Себебі ол
негізінен ұзақмерзімді қолданысқа жарайтын шетел тауары үшін алынады. Іс жүзінде банк
жүйесі халықтан алынған қаражатты шетелдік тауар өндірушілерге жұмсайды. Несие
саясатындағы осындай күрделі әрі жүйелі кемшіліктер экономиканың дамуы мен
тұрғындардың өмір сүру сапасының жақсаруына кері әсерін тигізеді.
Осы мәселелерді айта отырып, Халықтық коммунистер фракциясының
депутаттары Ұлттық Банктен мемлекеттің ақша-несие саясатын қайта қарау қажет деп
санайтынын айтты. Бұл саясат өндіріс секторына несие ресурсының қолжетімділігін
арттыруды және оның отандық экономикаға қосатын үлесін көбейтуді көздеуі керек. Ол
үшін несиенің мақсатты бағытын анықтау, өндіріс және ауыл шаруашылығы салаларына
бөлінетін несиенің мерзімін, көлемін, сыйақысын нақтылау, сонымен қатар мемлекеттік
қолдау деңгейінде сыйақы мөлшерін субсидиялау мәселелерін қарастыру қажет дейді
депутаттар.
С.ЕЛЕУ, сарапшы
kerey.kz
Өтірік неге керек шын болмаса…
Ресми ақпараттарға қарағанда былтырғы жылдың қорытындысы бойынша
инфляция деңгейі 5,3 пайыз болыпты. 2017 жылмен салыстырғанда бұл 6 пайызға ғана
артық. Тіпті керемет, мұндай болса жағдайымыз жаман болмағаны ғой. Бірақ, «өлгеніңді
жасырарсың, көмгенде қайтерсің» демекші мұның жалған екенін халық күнделікті өмірде
көріп жүр емес пе? Доллар қымбаттаған сайын оған сатып алынатын барлық шетелдік
тауарлардың, дәрі-дәрмектердің бағасы да күннен-күнге шарықтап барады. Олардан
өзімізде өндірілетіндердің бағасы да қалар емес. Сондықтан халықты алдарқатып, өтірік
ақпар берудің не керегі бар?
Мәжілістегі Халықтық компартия фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров та
осыған талдау жасап, ресми ақпараттың жалған екенін жария етті. Ол «өтіріктің» себебі
статистикалық және шындық көрсеткіштерді есептеу методикасының дұрыс еместігінен
екенін айтады. «Тұтыну бағасының индексі» (ТБИ) деген көрсеткіш бар, ол халықтың
тұтынуға қанша ақша жұмсағанын көрсетеді. Осыны «тұтыну шығыстарының
құрылымымен» (ТШҚ) дұрыс салыстыра білу керек. Біздің өкімет қызметінде істейтін
экономистеріміз осыны айыруға ақылдары жетпейтін сияқты… Немесе, әдейі істейді. Осы
ТБИ-дағы азық-түлік тауарларының үлесі 37,8 пайыз деп анықтапты экономистер. Ал іс
жүзінде, ол 48 пайыз. Статистикалық деректер оның тіпті 50 пайыздан артық екенін
айтады.
Енді осыны талдай түссек, ТБИ-дің ішіндегі ет пен ет өнімдерінің шығындарын
өкімет 9,8 пайыз дейді, ал шын мәнінде ол 32,8 пайызға жеткен, яғни үш есе көп. Тек 2018
ғана ет пен ет өнімдерінің бағасы 7,5 пайызға қымбаттағанын ескерсек, осының өзі-ақ
халықтың қалтасын тесіп, инфляцияны арттырды емес пе? Сүт өнімдері бір жылда 8,2
пайызға қымбаттаған, ал олардың үлесі ТБИ-да 4,5 пайыз делінгенімен шын мәнінде 10,7
пайыз. Түрлі майлар үлесі де екі есеге төмендетілген. Қорыта айтқанда, экономистер
бағасы қымбаттаған азық-түлік тауарларының бәрінің үлесін тұтыну себетінен азайтып
көрсеткен. Сөйтіп, азық-түлік бағасы өспеді деп жалған нәтиже шығарған. Тіпті бағасы
қымбаттаған дәрі-дәрмектердің үлесін де тұтыну шығыстарындағы нақты үлесінен екі
есеге төмендетіп көрсеткен. Оның үстіне 2018 жылы өнеркәсіп бағалары 12,4%-ға,
өндірістік-техникалық мақсатқа сатып алынатын өнімдер бағасы 13,5%-ға, көліктің
барлық түрлері бойынша тасымал тарифтері 31,8%-ға артқан. Міне, осының бәрін көре
отырып, «соқыр түйені көрмес» дегендей өкіметті өтірікші қылып көрсетіп отырған
экономистер инфляцияны 5,3 пайыз деуден жаңылмауда…
2
Депутаттар өздерінің мұнымен келіспейтінін айтып, Премьер-Министр
Б.Сағынтаевқа сауал жолдап, төмендегі талаптарды қойды:
1. Инфляцияны құрықтауға нақты шаралар қолдану үшін оның нақты көлемі
анықталсын;
2. Ет және ет өнімдерінің, сүт және сүт өнімдерінің, майлардың бағаларының
күрт көтерілу себептері анықталып, оларды тұрақтандыру шаралары қарастырылсын;
3. Өндірістік инфляцияны құрықтау бойынша кешенді шаралар жасалсын;
Коммунистер осылай дейді, ал басқалар бастарын бұғып отыр. Қашанға дейін бұғар
екен?
С.ЕЛЕУ, сарапшы
kerey.kz
Пікір қалдыру