|  | 

Саясат

Азия соқпағы қайда апарады?


Солдан оңға қарай: Әзербайжан президенті Илхам Әлиев, Ресей президенті Владимир Путин, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Филиппин президенті Родриго Дутерте. Валдай пікірталас клубы, Сочи, Ресей, 3 қазан 2019 жыл. Ақорда сайтындағы сурет.

Солдан оңға қарай: Әзербайжан президенті Илхам Әлиев, Ресей президенті Владимир Путин, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Филиппин президенті Родриго Дутерте. Валдай пікірталас клубы, Сочи, Ресей, 3 қазан 2019 жыл. Ақорда сайтындағы сурет.

Қазақстан президентінің Сочиде айтқан Ресейдің Орталық Азиядағы орны туралы пікірін елдегі ресми баспасөз жарияламады. Сарапшылардың кейбірі Тоқаевтың айтқандарын Қытайға сапардан кейінгі ақталу ретінде бағаласа, кейбірі дипломатиялық ілтипатпен байланыстырады.

Өткен аптада Ресейдің Сочи қаласында халықаралық “Валдай” пікірталас клубында сөйлеген сөзінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейді “ұлы мемлекет” деп атады. Қазақстан басшысы Орталық Азияның Ресей империясының бір “бөлігі” болғанын айтып, қазір де Мәскеудің Орталық Азияда “жетекші орынға ие болуы керектігіне” тоқталды. Алайда оның Ресей туралы пікірі Қазақстандағы ресми баспасөзде де, президенттің ресми сайтында да жарияланған жоқ. Тек “Егемен Қазақстан” газеті президенттің “Ресейдің әлем алдындағы айтулы шешімдер қабылдау кезіндегі мүддесі мен ықпалында В.Путиннің еңбегі зор екенін” атағанын хабарлады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Сочи, Ресей, 3 қазан 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Сочи, Ресей, 3 қазан 2019 жыл.

Аталған жиынның соңғы күніндегі пленарлық отырысқа Ресейдің өзін қосқанда бес елдің басшысы қатысты. Онда Иордания королі, Ресей, Әзербайжан, Қазақстан және Филиппин президенттері Азияда қалыптасқан ахуалға байланысты пікірлерін білдірді. Бұл жолғы жиын “Шығыс шапағы және әлемдік саяси құрылым” тақырыбында өтті.

РЕСЕЙДІ ДӘРІПТЕУГЕ ҰЛАСҚАН ҚЫТАЙ МӘТЕЛІ

Президент Тоқаевтың айтуынша, Қытайдың “Бір белдеу – бір жол” жобасымен тығыз байланыстағы Қазақстанның “Нұрлы жол” инфрақұрылымдық жобасы Еуразия экономикалық кеңістігінің бір бөлігі болып келеді. Қазақстан басшысы екі елмен де қатынастың негізінен осы бағытта дамып келе жатқанын көрсетуге тырысты. Құрамына Қытай да, Ресей де мүше болып отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымын Тоқаев ынтымақтастықтың сәтті үлгісі ретінде атады.

Кезінде Совет одағының Пекиндегі елшілігінде бес жыл хатшылық қызметте болған Тоқаев бұған қоса қайшылықты жайларға тоқталып, Азияның Қытайда айтылатындай “бір көрпенің астында жатып, түрлі түс көретінін” айтып өтті. Қазақстан басшысы климаттың өзгеруіне меңзеп, ғаламдық жылыну “мұздықтардың еруін, шөлейттер мен топырақтың құнарсыздануын жылдамдатып жібереді” деді. Алайда Тоқаев пікірталас кезінде климаттың өзгеруі туралы мәселе ескі жыр екенін де айтып, реплика білдіреді.

- Азиядағы қақтығыстар су көздерін әділ бөлу, таза ауыз су көздерін бақылауға қарай ойысуы мүмкін. Бұл Орталық Азия аймағындағы тұрақсыздық тудыруы ықтимал мәселенің бірі екені белгілі, – деді Тоқаев.

Қазақстан президенті жалпы Азияның қауіпсіздігінде Орталық Азия маңызды факторға айналғанын айтып, оны шешудегі Ресейдің орнына назар аудартуға тырысты.

- Осы аймақта әлемдегі жетекші мемлекеттердің мүддесі тоғысып жатқанын жақсы білесіздер. Мен бұл аймақта Ресей жетекші роль ойнауға тиісті деп ойлаймын. Өйткені тарихи жағынан алып қарағанда, Орталық Азия Ресей империясының бір бөлігі болды. Сондықтан саясатта болсын, экономикада болсын, осы аймақтағы Ресейдің ұзақ мерзімді құзыры толықтай табиғи жайт, – дейді ол. Тоқаев халықаралық “Валдай” пікірталас клубындағы сөзінің соңында тағы да Мәскеуге көпшік тастайды.

- Менің пайымдауымша, Ресей – ұлы мемлекет. Қазіргі әлемде бір де бір ғаламдық болсын, аймақтық болсын, проблемалар Ресейдің конструктивті түрде қатысуынсыз шешілмейтінін ешкім де жоққа шығара алмайды, – деген Қазақстан президенті мұны ресейлік әріптесі Владимир Путиннің “абсолютті негізгі еңбегімен” байланыстырады.

Тоқаев “Валдай” клубындағы пікірталас кезінде Қазақстанның бір мезгілде Қытай мен Ресейдің жобаларына қатар қатысуы туралы сұраққа да жауап берген. Қазақстан басшысы мұндайда мәселені Қытай мен Ресей жобаларына бірігіп қатысумен (синергия) байланыстырады. “Қытайдың “Жаңа Жібек жолы” (“Бір белдеу – бір жол” деп те аталады – Азаттық) мегажобасы біздің елдердің қатысуынсыз жүзеге асуы мүмкін емес” дейді ол.

Қазақстан президенті қазіргі әлемде табиғи ресурстарды өндіріп, сату өзіндік орынға ие болғанымен, жақын арада көлік-логистика саласы кіріс келтіру жағынан бірінші орынға шығуы әбден мүмкін деп санайды. Қазақстанның мегажобаға жұмылу бағытындағы әрекетін жалғастыра беретінін айтқан Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақты да өте маңызды интеграциялық бірлестік деп атаған. Оның пайымдауынша, Еуразия одағы “Жаңа Жібек жолы” жобасымен табиғи түрде түйіседі.

БИЛІКТЕН КЕТУІН КҮТУ СТРАТЕГИЯСЫ

“Валдай” пікірталас клубында Қазақстан басшысы Орталық Азия аймағында Ресей құзырының одан әрмен кеңеюіне мүдделілік танытты. Бұл аймақ елдеріне қалай әсер етуі мүмкін? Бұған қоса Қазақстан Қытай және Ресей бастатқан инфрақұрылымдық жобаларға белсенді түрде қатыса беретінін қуаттады. Мұның бәрі Қазақстанның өз ішінде Қытай жобаларына қарсылық байқалған тұста айтылғаны назар аудартады. Бұл туралы Азаттық кейбір сарапшылардан сұрап көрді.

Парижде тұратын өзбекстандық саясаттанушы Камолиддин Раббимов Тоқаев пікірінің астарын Ресей президенті Владимир Путиннің “Совет одағының құлауы – 20 ғасырдың геосаяси трагедиясы” деген көзқарасымен байланыстырады. Оның айтуынша, Путин осы көзқарасы арқылы жаңа форматтағы одақты қайта қалпына келтіруді қалайды. “Постсоветтік кеңістіктегі қақтығыстардың барлығына дерлік Ресей тікелей араласып отыр. Украина, Кавказ, Балтық бойы елдеріндегі жағдайдан осыны көреміз” дейді сарапшы.

- Қазақстан Ресей тарапынан болуы ықтимал барлық қатердің алдын алғысы келеді. Сондықтан да Қазақстан өзінің Ресейге жау емес, дос, стратегиялық әріптес екенін көрсетпек. Өзінің осы елге одақтастық, достық ниетін оқтын-оқтын жариялауы арқылы Қазақстан өз тәуелсіздігін нығайтуды көздейді. Бұл белгілі бір мөлшерде қайшылықты мәселе болып та көрінуі мүмкін және мұндай әрекет Путинге ұнамайды да. Әдетте, Ресей – Беларусь және Ресей-Қазақстан басшылары арасында келіспеушіліктер өте көп. Бірақ соның бәрі жария болмауы мүмкін. Бірақ бір нәрсе анық. Олардың бәрі Путиннің биліктен кетуін күтеді. Сондықтан ол биліктен кеткенге дейін Ресейге қатысты дипломатиялық маневрлар бола береді, – дейді Камолиддин Раббимов Азаттыққа.

ҚЫТАЙҒА ҚАРСЫ КӨҢІЛ-КҮЙ РЕСЕЙГЕ ЫҢҒАЙЛЫ МА?

Ресейдің Орталық Азиядағы құзыры туралы мәселеде саясаттанушы Камолиддин Раббимов Қазақстанның аймақтағы өзге де елдермен арасында қайшылық болмайтынын айтады.

- Орталық Азия елдері басшылары Путиннің кім екенін біледі және Тоқаев пікірінің астарын ұғады деп есептеймін. Егер Ислам Каримов болғанда, ол бірдеңе айтып қалуы мүмкін еді. Дегенмен Орталық Азияның өзге елдері Қазақстанның аймақ атынан сөйлеуін қуаттамайды және оларға бұл ұнамауы да мүмкін, алайда олар Тоқаевтың бұл айтқандарының төркінін түсініп отыр деп ойлаймын, – дейді сарапшы.

Камолиддин Раббимовтың пікірінше, соңғы екі-үш жылда Орталық Азияда Қытайға қарсы көңіл-күй күшейе түскен. Бұл бірінші кезекте Қытайдың Шыңжаңдағы саясатына байланысты болуы мүмкін. Биылғы жазда БҰҰ-да 37 елдің өкілі ұйымның Адам құқығы жөніндегі кеңесіне хат жазып, Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын қолдаған. Қол қойғандар арасында, Раббимовтың айтуынша, Түркіменстан мен Тәжікстанға қоса Өзбекстан да болған. Ал Қазақстан мен Қырғызстан қалыс қалды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның көршілері мен одақтастары Шыңжаңдағы саясатты неге қолдады?

Қазақстандық саясаттанушы, бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев Тоқаевтың “Валдай” пікірталас клубында айтқандарын Орталық Азияның ерекше орнын көрсетті деп бағалайды. Оның айтуынша, Тоқаев тың жаңалық ашқан жоқ.

- Ресейдің Орталық Азиядағы орны туралы президент Тоқаев Қазақстанның ұстанымын ғана айтты. Орталық Азия елдерінің қай-қайсысы болсын, Ресеймен экономикалық байланысқа мүдделі. Мәселен, Ресей Өзбекстанға АЭС салып бермекші. Сондықтан да Қазақстан басшысының Ресейдің аймақтағы орны туралы айтқаны – қалыпты дипломатиялық ілтипат-реверанс, – дейді Қазбек Бейсебаев.

Ал тағы бір қазақстандық саясаттанушы Әзімбай Ғали президент Тоқаевтың мұның алдында Қытайға сапарлағанына және Америкаға сапарында АҚШ басшысы Трамппен кездескеніне назар аударады.

- Соның бәрін ақтап алу үшін, бейресми жиында Ресейдің Орталық Азиядағы орны туралы осылай айтылды деп ойлаймын. Тоқаев осы пікірімен Ресейдің көңілін орнықтыруға тырысты, – дейді сарапшы. Әзімбай Ғалидың айтуынша, Қазақстан қоғамында соңғы кезде байқалған Қытайға қарсы көңіл-күй Ресейге де ыңғайлы болып отыр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте Пекинге сапармен барар алдында Қазақстанның бірнеше қаласында наразылық акциясына шыққандар Қытайдың Орталық Азиядағы табиғи ресурстарға бай елге қаржы мен инвестициялық жобалар ұсыну арқылы “ықпалын күшейткенін” айтып, Тоқаевты сапардан бас тартуға шақырған.

Ал Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырлардың қысым көріп, лагерьге қамалғаны туралы ақпарат 2017 жылы көктемінде тарай бастаған. Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы “саяси тәрбие лагерьлерінде” ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Басында мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны “экстремизмге қарсы шара” деп түсіндірген және саяси лагерьлерді “тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар” деп атаған. Қазақстан Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін басында “Қытайдың ішкі ісі” деп атағанымен, кейін сыртқы істер министрлігі Шыңжаңдағы қазақтар мәселесі дипломатиялық жолдармен шешіліп жатқанын хабарлаған.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • …Трамп пен Масктың ештеңесі кетпейді.

    …Трамп пен Масктың ештеңесі кетпейді.

    Азаттық радиосы қызметін тоқтатса, Трамп пен Масктың ештеңесі кетпейді. Екі миллиардер арзан, уақытша саяси ұпай жинайды. Ал Қазақстанның жоғалтатыны өте көп. Азаттық радиосы қызметін тоқтатса, елімізде “Заң мен тәртіп диктатурасының” көкесі сонда болады. Ол отызға жуық саяси тұтқынның қазіргі шарасыз күйін алда бүкіл қазақ қоғамы кешеді деген сөз. Мүмкін сол кезде сөз еркіндігінің құнын ел болып түсінетін шығармыз. Бірақ, ашығын айтқанда, оған да күмәнім бар. Азаттық радиосы жабылады деп бүгін бөркін аспанға атып жатқандар, “Тәртіпке бағынған құл болмайды” деп “Азаттықсыз” Қазақстанда саяси режимнің репрессиясын ақтап алады. Оған менің еш күмәнім жоқ. Shalkar Nurseitov

  • Қазақстан әскерінің қауқары қандай? Министрлік өкілі мен сарапшының айтқаны

    Қазақстан әскерінің қауқары қандай? Министрлік өкілі мен сарапшының айтқаны

    Мейірім БАҚЫТЖАН “Батыл тойтарыс-2023″ стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығуына қатысып жатқан қазақстандық сарбаздар. 2023 жылдың қыркүйек айы. Қорғаныс министрлігінің телеграм-арнасынан алынған сурет. Биыл Қазақстанда екі әскери колледж ашылмақ. 27 ақпанда Астанада журналистерге осы жаңалықты жеткізген қорғаныс министрлігінің өкілі Мұрат Олжабаев қазіргі кезде Қазақстан армиясында жоғары деңгейдегі офицерлер жеткілікті, кадр тапшылығы жоқ деді. Бұл сөзге бірқатар депутаттар да қосылады. Ал кейбір сарапшы ел армиясына кәсіби білікті маман мен қорғаныс саласына түбегейлі реформа жүргізу қажет деп есептейді. “АРМИЯДА ЖОҒАРЫ БІЛІКТІ МАМАН ЖЕТКІЛІКТІ” Астана, Щучинск пен Шымкент қалаларында әскери колледждер бұрыннан бар, енді олардың саны беске жетпек. Қорғаныс министрлігі әскери білім және ғылым департаментінің бастығы Мұрат Олжабаевтың айтуынша, жақында Алматы мен Қарағанды қалаларында жаңадан

  • Зеленский мен Трамптың дау-дамайы: төрт түйін

    Зеленский мен Трамптың дау-дамайы: төрт түйін

    Стив ГУТТЕРМАН АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің суреттерінен коллаж Бұдан нашар болуы мүмкін емес… Владимир Зеленскийдің Ақ үйге сапары біраз мүмкіндікке жол ашатындай көрінген. Кездесу нәтижелі болған жағдайда, шартты түрде Украина мен АҚШ-ты байланыстыратын сирек кездесетін металдар туралы келісімге қол қойылуы мүмкін еді. Сонымен бірге Дональд Трамп үшін Киевті Ресейдің шабуылынан қорғауға қосымша ынталандыру болар еді. Бұған қоса, ел басшыларының кездесуі Ресеймен бітімге келу немесе бейбіт келісімге қол қою жағдайында Вашингтон Киевке қандай қауіпсіздікке кепіл бола алатынын көрсетіп, жалпы кепіл бола ала ма, жоқ па, соны анықтап берер еді. Тіпті мұның ешбіріне қол жетпеген күннің өзінде, таяуда ғана бір-біріне сын айтқан Зеленский мен Трамп кемінде достық

  • Этникалық қазақтарға 65 «Ата жолы» картасы берілді

    Этникалық қазақтарға 65 «Ата жолы» картасы берілді

    Этникалық қазақтарға – басқа елдердің азаматтарына Қазақстанда 10 жыл өмір сүруге және жұмыс істеуге құқық беретін 65 «Ата жолы» картасы берілді. Елімізде өз ісін дамытуға дайын бизнес-иммигранттар 27 карта алды, ал сұранысқа ие мамандар осындай 38 картаның иегері атанды. «Қазақтар қай жерде өмір сүрсе де, олардың жалғыз Отаны – Қазақстан. Сондықтан біз үшін шетелде тұратын отандастарымызды қолдау әрқашан маңызды», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. «Ата жолы» картасын алушылар ішінде инженер-физик, инженер-математик, химиялық технологтар, жақ-бет хирургиясының дәрігерлері, педиатрлар және т.б. мамандар бар, олар Ресей, Германия, Моңғолия, Қытай, Ұлыбритания, АҚШ, Израиль, Франция, Нидерланды, Финляндия, Қырғызстан және Өзбекстан секілді шет елдерден келді. «Ата жолы» картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл

  • ҚАЗАҚ БИЛІГІ АҚШ-тан ҚАРАҒАНДА БАТЫЛ БОЛЫП ШЫҚТЫ

    ҚАЗАҚ БИЛІГІ АҚШ-тан ҚАРАҒАНДА БАТЫЛ БОЛЫП ШЫҚТЫ

    Serik Joldasbai Бүгін Ресей әскерінің Украина жеріне басып кіргеніне 3 жыл болды. Осы 3 жылда басқыншы Путин жендеттеріне Украин әскері мен халқы тегеурінді қарсылық көрсетті. Бұл арада Зеленскийдің табанды қолбасшы болғанын баса айтып өткен жөн. Егер де ол соғыстың алғашқы күндері қашып кеткенде Путин 3 күнде Киевті тізе бүктірер еді. Сол себепті мен Зеленскийді ұлт батыры деп санаймын. Бұл соғыс бізге нені түсіндірді немесе түсіндіруі керек? Мен бұған дейін биліктің тым ресейшіл болып кеткенін айтып, еліміз ЕАЭО шығу керек деп жүрдім. Бірақ соңғы кездері көршің агрессор болса, екі шұқып бір қарауға тура келетінін түсіндім. Иә, біз биліктің ішкі саясаттағы іс-әрекетімен келіспей, сынауымыз мүмкін. Бірақ Ресеймен қарым-қатынаста аса сақ болуға мәжбүр

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: