Батыс шамасы орыстардың атом қаруын албаты қолдана алмайтынын, бұл рет Украина жеңілсе, тұтас еркіндік әлеміне одан сайын қауіп төнетінін түсінген секілді. Тіпті Украина осыған дейін Ресеймен жақын деп онша жақтырмай келген Германияның өзі Украинаға мықты қарулар беру шешіміне келді.
Жаңа күшті қарулар әлі келіп болмағанымен, оның буы Украинаны желпіндіріп тастағаны, ал орыстарды састырғаны анық. 100 күн соғысса да, батыл қарсылыққа тап келіп, көп ештеңені иелей алмаған орыстар үшін жағдай тіпті де қиындай түсері анық. Орыстар шыдай алмай Киевті алыстан KH-22 қанатты зымырандарымен атқылап сес көрсетті, “қорыққан бұрын жұдырықтайды”, немесе “шабан үйрек бұрын ұшады” деген нақ осы болар.
Алдын ала кесіп айту қиын. Дегенмен, ендігі соғыстың бүгі мен шігі украиндардың жалғасты батырлық танытуына байланысты болмақ. Ішкі сатқындар мен қорқақтардың ықпалына түсіп қалмау өте маңызды. Сондай-ақ соғыс қимылдарын дұрыс ұйымдастыру, қаруларды өнімді пайдалана білу, әсіресе Ресейдің күш центрлерін талқандап, өзара байланыс жолдарын кесе алу дегендер соғыс тағдырын шешеді деп ойлаймын.
Украина бейне Зеленский айтқандай, енді “Соғыста басымдыққа ие болмай тұрып, ешқандай келісім үстеліне отырмайды”. Ал, Лавров былай деп шағымданды: “Батыс елдері Украинаның Ресеймен келісімге келуіне жол бермей жатыр.” – осы екі сөздің ләмінен-ақ жағдайдың қалай өзгеріп бара жатқанын аңғаруға болады.
Ресей бұрышқа қысылуда. Ол одан сайын бұлқан-талқан болып, талай нәрсені бүлдіретіні анық, бірақ өз-өзін де бүлдіреді.
Айтпақшы, соғыс адамды ақылды етеді. Мысалы, АҚШ берген Жавелиндердің батериясы таусылғанда, Украиндар оны ашып, Мотоциклдің батериясымен зарядтау амалын ойлап тапқан екен. Украиндарды бұл соғыс тез есейтіп жіберген секілді.
Пікір қалдыру