|  | 

Жаһан жаңалықтары

Украин әскері Херсонға кірді. Тұрғындар оларды жылы қарсы алды


Херсон түбіндегі Снигиревкадағы украин әскері.

Херсон түбіндегі Снигиревкадағы украин әскері. 

Жұма, 11 қарашада украин армиясы орыс әскері шығып кеткен облыс орталығы Херсон қаласына кірді. Ресми түрде қаланың азат етілгені хабарланған жоқ. Алайда әлеуметтік желіде жарияланған суреттер мен видеолардан қала көшелерінде украин әскерінің жүргені көрінеді.

Херсонның жүздеген тұрғыны украин әскерін қарсы алу үшін украин жалауларын ұстап, көшеге шықты. Орталық алаңда Украина туы көтерілді.

Қалада қандай да бір шайқастың жүріп жатқаны жөнінде ақпарат жоқ. Ресей қорғаныс министрлігі осыған дейін орыс әскері Херсон орналасқан Днепрдің оң жағалауынан шығарылды деп мәлімдеген.

Ресей әскерінің шегінетіні жөнінде генерал Сергей Суровикин сәрсенбі, 9 қарашада хабарлаған. Әскерді әкетуге осылайша екі тәулікке жуық уақыт кеткен. Шегінген Ресей әскері Днепр арқылы өтетін көпірді жарып кеткен.

Бұған қоса, украин әскерінің Херсон облысында Днепрдің оң жағалауындағы өзге елді мекендерді соғыссыз алып жатқаны да хабарланды. Арасында Чернобаевка да бар. Жергілікті тұрғындар “Ресей мұнда мәңгілік” деген жазуы бар плакаттарды алып жатыр.

  • Ресей әскері Херсон мен Херсон облысының басым бөлігін соғыстың алғашқы күндері басып алған. Қыркүйекте облысты Ресейге қосу туралы псевдореферендум өтті. БҰҰ елдерінің басым бөлігі және Украина референдум мен аннексияны мойындаған жоқ. Бұдан соң украин әскері облыстың солтүстігінде контршабуылға көшті. Кейін Ресей әскері Херсоннан әкетті. Шегінердің алдында қаладан советтік ескерткіштер, князь Григорий Потемкиннің күлі, бірқатар музей экспонаттары әкетілген. Орыс солдаттары кетер кезде телемұнараны жарып кеткен. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жұма күні Ресей Херсон облысын әлі өз аумағы деп есептейді деп мәлімдеді.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Сәтсіздікті мойындау ма, әлде қулық па? Ресейдің Херсоннан шегінуі нені білдіреді?


Мәскеу әскері Херсонды наурызда басып алған. Енді оны тастап кетіп жатқан сыңайлы.

Мәскеу әскері Херсонды наурызда басып алған. Енді оны тастап кетіп жатқан сыңайлы.

Ресей Днепрдің батыс жағалауынан әскерін әкететінін айтты. Бұл – Украинаның тактикалық жеңісі, Мәскеудің тағы бір сәтсіздігі деп қабылданды. Бірақ сарапшылар Ресейдің неліктен мұндай қадамға барғаны түсініксіз дейді.

Украина әскері Харкьов облысындағы қарымта шабуылын бастамай тұрып-ақ Херсон облысында Ресей әскеріне жойқын соққы берген. Оған Батыс қаруы зор үлес қосты.

Қазанның ортасынан бері украин күштері Днепр өзенінің батыс жағалауына біртіндеп жақындап келеді. Мақсаты – стратегиялық және символикалық мәні мықты портты қала Херсонды азат ету. Ал Ресейдің үздік әскери бөлімдері украиндардың екпінін тежеу үшін барын салды. Бірақ 9 қарашада Ресей қолбасшылары Днепрдің батыс жағалауында тұрған орыс әскерін сол жағалауға шегіндіретінін мәлім етті. АҚШ генералының дерегінше, Ресей батыс жағалауда 30 мың жуық әскер ұстап отырған. Егер орыс әскери басшыларының айтқаны рас болса, Мәскеу Херсон қаласынан айырылмақ. Бұл қала ақпанда басталған басқыншылық соғыс кезінде Ресей басып ала алған жалғыз облыс орталығы еді.

Сол күні-ақ украин күштерінің Снигиревка қаласында ту көтергені мәлім болды. Херсоннан батысқа қарай 60 шақырым жерде орналасқан Снигиревка портты қалаға апарар күре жолдың бойында тұр.

“Бұл – Ресей үшін үлкен саяси сәтсіздік. Олар бұл облысты 6-7 апта бұрын құрамына қосып алған еді. Оның мәңгі Ресейге тиесілі екені айтылғанын білеміз, енді ол беріліп жатыр” дейді қорғанысты зерттеу жөніндегі стокгольмдік агенттіктің әскери сарапшысы Йохан Норберг.

“Бұл [шегіну] ұзақ мерзімде әскер үшін оң болуы ықтимал, бірақ Ресейдің [шегінуге] саяси ықтияры жоқ, себебі бұл сәтсіздік саналады. Алты-жеті апта бұрын ғана қол жеткізген [жер] уысыңыздан шықса, оны жағымды қырынан көрсету қиын” дейді ол. “Бірақ әскери мұқтаждық дегеніне жеткізген сияқты”.

Британия армиясының бұрынғы бригада генералы және бұрынғы штаб басшысы Бен Барри Ресейдің жария түрде шегінуге осыған дейін де барғанын айтады. Орыс әскері Киевке шабуылдап, оны ала алмаған соң Украинаның солтүстігінен кетіп, Донбассқа шабуылдауға жұмсалған дейді ол.

“Олар операциясы сәтсіздікке ұшыраған соң, шығынын азайту арқылы прагматизм көрсетіп отыр. Мұны осыған дейін де байқағанбыз” дейді Барри. Сарапшы қазір Лондонда халықаралық стратегиялық зерттеулер институтында жұмыс істейді.

“Әскер тілімен айтсақ, олар [Днепрдің батыс жағалауын] басын қатерге тікпей және адам шығынысыз ұстап тұра алмайтынына көз жеткізді” дейді ол.

РЕСЕЙ МҰНДАЙ ҚАДАМҒА НЕЛІКТЕН БАРУЫ МҮМКІН?

Ресей әскері Днепр өзенінің шығыс жағалауында орналасқан Херсон облысының көп бөлігін ұстап отыр. Бұл оларға Украина мен 2014 жылы Мәскеу аннексиялаған Қырымды байланыстыратын көпірді бақылауға мүмкіндік береді.

Ресейдің Днепрдің батыс жағалауындағы позициясы бірнеше апта бойы әлсіз болды.

Батыстың қару жіберуі Украинаға Ресей нысаналарын қауіпсіз қашықтан атуға мүмкіндік берді. Батыс берген қару арасында HIMARS артиллерия жүйесі, M777 гаубицасы, француздардың Caesar гаубицасы, немістердің Panzerhaubitze артиллерия жарақтары бар.

Жаздға HIMARS шабуылынан соң Антонов көпірі жарамсыз болып қалған еді. Ресейдің батыс жағалаудағы әскері қор толтыру үшін немесе орын ауыстыру үшін понтон көпірі мен паром өткелдерін пайдаланған еді. Украиндар оны да атқылады.

Украин күштері HIMARS жүйесінен атқылап жатыр. Херсон облысының солтүстігі, 5 қараша 2022 жыл.

Украин күштері HIMARS жүйесінен атқылап жатыр. Херсон облысының солтүстігі, 5 қараша 2022 жыл.

“Украиндар HIMARS көмегімен көпірлерді тас-талқан еткен соң, Ресей әскері [батыс] жағалау ұзақ тұра алмайтынын бірнеше апта бойы айтып келемін”

Украиндар көпірлерден өте алысқа кеткен соң, Ресейдің оң [батыс] жағалауда бола алмайтынын бірнеше апта бойы айтып жүрмін” дейді Польшада тұратын қорғаныс сарапшысы, Rochan Consulting компаниясының иесі Конрад Музыка. Днепр оңтүстікке қарай ағып, Қара теңізге құяды. Батыс жағалауды сол үшін де оң жағалау деп атайды.

“[Орыстарға] тезірек шегінуге тура келіп тұр, енді Днепр де ұрыс алаңына айналады” дейді ол. “Бірақ мұны саябақта серуендеу деп айтуға келмейді. Украиндарға өзеннен өту қиын болады. Орыстардың өзеннің [шығыс] жағалауында қорғаныс салып жатқанын көріп отырмыз”.

“Украиндарға шабуыл қабілетін қалпына келтіру үшін бірнеше апта қажет болады. Харьковтан кейін солай болған еді” дейді Музыка. “Бірақ олар өзенді кесіп өтіп, плацдарм орната ала ма? Мұның қалай болатынын білмеймін”.

Шегініс туралы мәлімдемеден бірнеше сағат өткен соң АҚШ қолбасшылар штабы комитетінің төрағасы Марк Милли АҚШ барлауы 20-30 мыңға жуық әскер шығарылатынын көрсетіп отыр деді.

“Олар мұны күшін сақтап қалу үшін, өзеннің оңтүстігіне қарай қорғанысты қалпына келтіру үшін істеді деп ойлаймын. Бірақ мұны әлі көре жатармыз” деді Милли. “Бұған дейін олар айтқанын істегенін көрдік”.

УКРАИНАНЫҢ КҮМӘНІ

Бұдан әрі шегіну туралы мәлімдеменің қалай айтылғаны туралы сұрақ туындайды.

Өткен айдың басында тағайындалған генерал Сергей Суровикин қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездесуде шегіну қажетін айтты. Кездесу телеарна арқылы көрсетілді.

Путиннің сенімді өкілі, бұрыннан келе жатқан министрлердің бірі Шойгу оның ұсынысына бірден келісті де, қойылымдай көрінген бұйрық берді. Путин бұл шарадан көріне қоймады.

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу.

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу.

“Сіздің түйіндеріңізбен және ұсыныстарыңызбен келісемін” деді Шойгу Суровикинге. “Біз үшін Ресей әскерилерінің өмірі мен денсаулығы үнемі басымдыққа ие. Бейбіт халыққа төнетін қауіпті де ескеруіміз керек. Әскерді әкетуге кірісіп, жеке құраманың, қару-жарақ пен техниканың Днепр өзені арқылы қауіпсіз өткізуге жағдай жасаңыз”.

Ресей прайм-тайм уақытта бұйрықты көрсетіп, жағдайдың жоспар бойынша жүріп жатпағанын мойындағандай болды. Бірақ бұл сарапшылардың күмәнін туғызды.

“Мені таң қалдырғаны, мұны соншалық салтанатты түрде істегендері” деді Норберг. “Ресй телеарнасынан сондай шу көтерудің не қажеті бар?”

“Шойгудың әлі де қорғаныс министрі болып отырғанына таң қаламын” деді Музыка Азаттық радиосына. Ресей Украинаға басып кіргелі Шойгу қатты сынға ұшырап келеді. “Ол тірі қалу үшін Путинге өте жақын болуы керек еді, себебі Ресей қарулы күштеріне, соғысқа дайындықтың төмен болуына сол жауапты. Ол он жыл бойы министр болды”.

Шегініс туралы бұйрықтың бір ерекшелігі, содан алты апта бұрын Путин Херсон мен Украинаның бірнеше облысын Ресей аумағы деп жариялаған еді. Бұл бұйрық Мәскеу өзінің бір бөлігі санайтын жерден бас тартып отыр дегенді білдіреді.

Сонымен қатар ақпанда басқыншылық бастағалы Херсонның Ресей басып алған жалғыз облыс орталығы болғанын ескерсек, одан айырылу да тағы бір жеңіліске пара-пар.

Мамырда Херсонға барған “Единая Россия” партиясының мүшесі Андрей Турчак қаланың мәңгіге Ресей құрамында болатынын айтқан еді.

“Херсон тұрғындарына тағы да айтқым келеді, Ресей мұнда мәңгі [қалады]” деген еді ол. “Бұған еш күмән болмауы керек”.

“Саяси тұрғыда бұл Ресей үшін нашар жаңалық, себебі Путин Украинадан бөліп алғысы келген жерден бас тартып отыр” деді Вашингтондағы халықаралық стратегиялық зерттеулер орталығының сарапшысы Марк Кансиан.

“Әскери тұрғыда бұл ақылға қонымды” деп жазды Кансиан электронды хатында. “Днепрдің батысындағы Ресей күштері әлсіз болды. Оларды шығыс жағалауға алып кету олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әскердің белгілі бір бөлігін басқа жерді күшейтуге қолдана алады”.

“Бұл шегініс төңірегінде PR көп болып жатыр, соны түсінбеймін. Бәрін барынша байланыстыруға тырысып жатырмын” дейді Музыка. “Орыстардың мұны жария түрде істегені сонша, олардың не ойлағаны бар деп күмәндана бастадым. Бұл соғыста және дәл осы жағдайда белгісіздік көп”.

АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР

Украина ресми тұлғалары да бұған күмәнмен қарап отыр. Олар мұны Украина күштеріне қойылған қақпан болуы мүмкін дейді.

Бұл Ресей жоспарын жасыруға бағытталған психологиялық операция болуы мүмкін деді Украинаның оңтүстік қолбасшылығының баспасөз хатшысы Наталья Гуменюк Ресейдегі “Дождь” телеарнасына.

Владимир Зеленскийдің кеңесшісі Михаил Подоляк “Ресейдің Херсонды соғыссыз тастап кететінін көріп отырған жоқпыз. Украина жерді барлау деректері негізінде азат етеді, телеарнадан көрсетілетін жалған мәлімдемелер арқылы емес” деді.

Украин күштері "Пион" артиллериялық жүйесімен жау позициясын атқылап жатыр. Херсон облысы, Украина. 9 қараша 2022 жыл.

Украин күштері “Пион” артиллериялық жүйесімен жау позициясын атқылап жатыр. Херсон облысы, Украина. 9 қараша 2022 жыл.

Дегенмен, Украиндардың қалаға қарай оңтүстікке немесе өзен жағалауына қарай оңтүстік-батысқа жылжуына қақпандар кедергі келтірсе, орыстар қиратқан көпірлер мен өткелдер оны бәсеңдетуі мүмкін.

Украинаның оңтүстік қолбасшылығы әскердің Ресей қойған миналар мен блокбекеттерге тап болып жатқанын айтты. Подоляктың сөзінше, Ресей күштері Херсонда пәтерлер мен канализацияны ғана емес, шамасы келген жердің бәрін миналаған.

“Әскери тілмен айтсақ, орыстар оны тегін бере салмайды” дейді Норберг. “Олар сонда біраз болып, мина мен қақпандар қойып отырды. Олар сондай-ақ украиндар кіргенде оларға қарсылық таныту үшін кісі қалдыруы мүмкін”.

Көктемде Ресей әскері Азов теңізіндегі Мариуполь портты қаласын басып алды. Украина оны табанды түрде қорғаумен болғандықтан, қала жерме-жексен болды. Ал Херсон салыстырмалы түрде аман қалды. Бұл “Мәскеу маңызды қаланы қирату үшін украиндарды қалада ұрыс жүргізуге тартқысы келе ме?” деген сұраққа жетелейді.

“Бұл – әскери емес, саяси мәселе. Мәскеу украиндардың қала үшін қаншалық күрескенін және қаншалық қиратқанын қалайтынына байланысты” дейді Музыка. “Орыстар мобилизацияланған әскерінің бір бөлігін қала үшін өлгенше күресуге қалдырып кетуі мүмкін”.

Ресейлік әскери блогерлер шегініс туралы мәлімдемені Ресей армиясының терең институционалды проблемасының дәлелі ретінде қабылдады.

“Болып жатқан нәрсе үлкен қателердің, жылдар мен айлар бойы шешілмеген проблемалардың, қажетті жарақтардың болмағанының [нәтижесі]” деп жазды“Военный осведомитель” арнасы. Онда “жүйелі түрде қате шешім қабылдау мен қатені түзете алмау осындай жағдайға алып келді” делінген.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • Зеленский Уиткофф және Кушнермен “мазмұнды әңгіме” болғанын айтты

    Зеленский Уиткофф және Кушнермен “мазмұнды әңгіме” болғанын айтты

    Владимир Зеленский  Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф және Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнермен телефонмен “мәнді әрі конструктивті” әңгімелескенін хабарлады. Уиткофф пен Кушнер 2 желтоқсанда Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен. “Біз көптеген аспектіге назар аудардық және қантөгісті тоқтатып, Ресейдің үшінші рет басып кіру қаупін жоюға кепілдік беретін маңызды жайттарды, сонымен бірге Ресейдің өткен жолғыдай уәдесін орындамау қаупі сияқты нәрселерді талқыладық” деді Зеленский. Әңгімеге сонымен бірге қазір АҚШ-та жүрген Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров, қарулы штабтың бастығы Андрей Гнатов қатысқан. Axios дерегінше, әңгіме екі сағатқа созылған. Келіссөздерден хабары бар дереккөздің айтуынша, Уиткофф пен Кушнер екі жақтың да талаптарын жинап жатыр және Путинді де, Зеленскийді де

  • Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Рэй ФЕРЛОНГ Андрей Ермак (сол жақта) пен Украина президенті Владимир Зеленский (оң жақта). 2019 жыл. Андрей Ермак ұшақтан түсе сала өзінің бастығын құшақтады. 2019 жылы қыркүйекте президент Зеленскиймен жылы жүздесу жаңадан басталып келе жатқан саяси серіктестіктің басы еді. Бұл – Ермактың Ресей түрмесінде отырған 35 украиналықты Мәскеуден алып келген сәті. Ал 2020 жылы Ермак Зеленский әкімшілігінің басшысы болды. Бірақ Украинадағы жемқорлық шуынан кейін оның қызметіне жұрттың назары ауды. Себебі Ермак Украина энергетикалық инфрақұрылымына бөлінген қаржы жымқырылған коррупция схемасында негізгі рөлде болған деген ақпарат тараған. Бірақ тергеушілер бұл жайттың жай-жапсарын толық ашқан жоқ. Ермактың өзі Азаттықтың Украина қызметінің ресми сауалдарына жауап берген жоқ. Сонымен Зеленскийдің кеңсесін басқарып отырған Ермак кім? ТЕЛЕВИДЕНИЕДЕН

  • Тоқаев Нью-Йоркте Зеленскиймен кездесті

    Тоқаев Нью-Йоркте Зеленскиймен кездесті

    Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. 22 қыркүйек 2025 жыл. Тоқаев пен Зеленский. Сурет: Ақорда 21 қыркүйек күні Қазақстан президенті БҰҰ Бас ассамблеясына барған сапарында Нью-Йоркте Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, президенттер екіжақты экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылаған. Сондай-ақ, Зеленский “Украинадағы жағдайға байланысты көзқарасын” білдірген, ал Қазақстан басшысы “қақтығысты тоқтату мақсатында дипломатиялық жұмыстарды жалғастыру қажет” деген. Зеленский осы кездесу туралы мәлімдемесінде Украина, АҚШ, Еуропа және өзге елдердің соғысты тоқтату жөніндегі талпынысын талқылағанын айтты. Оның сөзінше, қос басшы сондай-ақ екіжақты сауда-экономикалық әріптестікті, қазақстандық компаниялардың Украинаны қалпына келтіру ісіне қатысуға деген қызығушылығын сөз еткен. 2022 жылғы ақпанда Украинаға басып кірген Ресей Қазақстанның ең

  • “Ақ қасқырлар”. Өзбекстан футболы жетістігінің сыры неде?

    “Ақ қасқырлар”. Өзбекстан футболы жетістігінің сыры неде?

    Руслан МЕДЕЛБЕК Өзбек ойыншысы Абдукодир Хусанов (2) пен БАӘ ойыншысы Луанзиньо (21) әлем кубогына іріктеу ойынында. 5 маусым, 2025 жыл. Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына Өзбекстан құрамасының жолдама алғанына жастар футболының қандай қатысы бар? Өзбекстан футболы жетістігінің себебіне үңілдік. “ӘЛЕМДІК АРЕНАҒА ҚОШ КЕЛДІҢІЗДЕР” Өзбекстан Азия құрлығында Иран, Катар, БАӘ, Қырғызстан, Солтүстік Корея бар топтан екінші орын алып, 2026 жылғы әлем кубогына лицензия иеленді. Өзбек футболшылары тоғыз ойынның бесеуінде жеңіп, үшеуінде тең түсіп, бір ойында жеңілген. Осы нәтиже ұлттық команданың әлем чемпионатына шығуына жеткілікті болды. Бұл топтан Өзбекстаннан бөлек Иран да әлем чемпионатына қатысады. Өзбекстан әлем чемпионатына шығуға бірнеше рет өте жақын болған еді. Мәселен, 2014 жылғы әлем біріншілігінің іріктеуінде Иран,

  • Миллиардер Билл Гейтс бар байлығын Африка елдеріне аудармақ

    Миллиардер Билл Гейтс бар байлығын Африка елдеріне аудармақ

    Microsoft компаниясының негізін қалаушы және әлемдегі ең бай адамдардың бірі саналатын Билл Гейтс өзінің байлығын қайда жұмсайтынын ресми мәлімдеді. Кәсіпкер Африка елдеріндегі денсаулық сақтау, білім беру және кедейлікпен күрес салаларына шамамен 200 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. «Жуырда мен өз байлығымды 20 жылдың ішінде толықтай тарату жөнінде шешім қабылдадым. Қаражаттың басым бөлігі осы жерде, Африкада, түрлі мәселелерді шешуге көмектесуге бағытталады», – деді Билл Гейтс өзінің қорымен бірлескен баспасөз мәслихатында. Басты басымдықтар: – инфекциялық аурулармен күрес (соның ішінде безгек, туберкулез, ВИЧ); – ана мен бала денсаулығын жақсарту; – ауылдық аудандардағы білім беру сапасын арттыру; – таза ауызсу мен санитария инфрақұрылымын дамыту; Билл Гейтс: «Бұл – қайырымдылық емес, бұл – инвестиция.

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: