Адам өмірі қандай қысқа, қандай баянсыз. Бейне, сапқының тасындай зымыраған уақыт қалай тез өтеді. Жетпіс деген жасыңыз да қас қағым сәттей, тым ары салғанда, есіктен кіріп, төрге озғандай ғана дүние екен. Иә, бір биікке шығып, өмірді тұтас алып қарағанда солай, әрине. Ал, басып өткен жолыңды жіліктеп, айларға, жылдарға тарқатып, қыры-сырына үңілсеңіз, сол қысқа ғұмырдың шет-шегіне көз жетпейді. Бейне, адамзат жаралғалы жер бетінде жүрген сияқтысың.
Сонау бір жастық шақта өмір дегенің бітпестей, таусылмастай көрінуші еді. Сен әлі басының дымы кеппеген жиырмадағы жігітсің. Алда аңызға айналған ой-хой, жиырма бес пен орда бұзар отыз, қамал бұзар қырық тұр. Одан ары елу, алпыс, жетпіс деген белестер бар. Сол асулардан біртіндеп асып түскенше қай заман?! Оның арғы жағы сексен, тоқсан – қаусаған кәрілік. Бойдан қайрат, тірліктен мән кетіп, бұл дүниенің қызығы сарқылған шақта өлім де қорқынышты болудан қалатын шығар деп ойлайтын.
Абылай қазір сол бітпестей көрінген белестердің көбінен асып, ұшы-қиырсыз ұзақ жолдың ұшар басына тақап тұрған тәрізді. Мына заманда жетпіс жасың да оңай емес екен. Қарттыққа бой бермей қасарысып бағар еді, оған мына ауыру деген пәле қабаттасып тұр ғой. Мұны тұйыққа тіреп, жан-жақтан аш бөрідей қамалап тұр… Иә, бұл дүниеде өмір сүру де, өлім де жаңалық емес. Соғыс кезінде талайды өз қолымен о дүниеге аттандырған Абылай өлімнен қорықпайды. Хан бол, қара бол, түптің түбінде ажал кермесі алдыңнан бір шығары хақ. Шежірешілердің айтуынша өзінің арғы бабасы, дүниені тітіреткен Шыңғысхан да жетпістен аса бере дүниеден озыпты. Одан екі ғасыр кейін өмір сүрген Әмір Темірдің жасы да жетпістен аса қоймаса керек. Ал, әлемді жаулап алуға бел буған Ескендір патша (Александр Македонский) тіпті жас кеткен, не бәрі отыз үш жыл өмір сүріпті. Сірә, оның күпірлігі жаратушының жоспарына қайшы келген болар. Егер Ескендірдің қанды жорығы одан ары жалғаса берсе, қазіргі әлем басқаша түс алар ма еді, кім біледі.
Бұған бұйырғаны жетпіс жас. Абылай осыған да шүкіршілік етеді. Қанағат. Мұсылман баласына пайғамбар жасы – алпыс үштен асқан соң, ендігі қалған өмір олжа дейді ғой. Бұл жағынан қыршын кеттім деп өкінер жайы жоқ. Осы ғұмырында ажал мұның қасынан сан рет жанап өтті. Сол кезде жасына жетпей көктей орылса не болар еді? Бала кезінде Ораз аталықпен бірге әскери ойынға жаттығып жүргенде, бір рет ат үстінен омақаса құлап, талып қалғаны есінде. Сол сәтте мойын омыртқасы үзіліп кетсе қайтер еді? Немесе, әйгілі «Ақтабан шұбырынды» жылдарында әкесі Уәли Түркістанды қорғау ұрысында қаза болып, он екі жасар Абылай үй-ішімен босқындарға ілесіп, Үргеніш жақты паналаған. Аштықтан, сүзектен шыбынша қырылып жатқан адамдар… Мұның ғазиз анасы мен жеті жасар қарындасы опат болды. Егер арттарынан Ораз аталық іздеп келіп, тауып алмағанда, Абылайдың да дәм-тұзы әне-міне таусылып тұр еді.
Арада екі жыл өткенде Ораз аталық Абылайды елге алып қайтқан. Елге келсе, Түркістандағы Болат хан отырған Ұлы Орда Арқаға ауып кетіпті. Бүкіл оңтүстік өлкесі – Түркістан, Ташкент, Сайрам, Шымкент, Әулиеата қалалары түгелімен жоңғардың қоластында қалыпты. Жолбарыс хан мен Төле биге қарасты ұлы жүз рулары жоңғарға бодан болып, ауыр алымсалық төлеп тұрады екен. Алыстан арыпашып, зорға жеткен Абылай мен Ораз жау басып қалған осы өлкеде бірнеше ай аялдап, ес жиюға тура келді. Бұлар басқалардан гөрі сенімді, ықтасыны молырақ қой деп, Қазығұрт тауының бөктерінде отырған Төле бидің ауылын паналаған. Ол кезде бұл елде не көп – жаугершілікте ағайын-туыстан көз жазып қалған кезбе көп. Былайша, жұрт көзіне әкелі-балалы сияқты боп көрінетін Ораз бен Абылай да солардың қатарына қосылды. «Мен хан әулеті ақсүйек едім, күні кеше Түркістанды билеген Уәли сұлтанның ұлы едім» деуге шама қайда. Олай десең, әр ауылды бақылап жүрген ойраттың жасауылдары сені тірі қалтырмасы анық. Әбілмансұр Абылайдың «Сабалақ» атанып, бір жаз Төле бидің түйесін баққаны осы кез. Төле би – көпті көрген, қырағы адам ғой. Мұның жүріс-тұрысынан, сөйлеу мәнерінен секем алып, «осы сен кімсің?» – деп бірнеше рет сұрағаны бар. Сертке берік «босқындар» сонда да сыр ашпады ғой.
Жаз бойы сол ауылдардың жылқысын баққан Ораз аталық күз түсе бір-бір атты жаратып әкелді де, екеуі Арқаға қарай тартып кетті. Бұдан ары оңтүстікте қалу қауіпті еді. Ауыл арасында «жұмбақ жігіт» туралы әңгіме тарай бастаған. Оны ойраттар сезіп қалса мүрдем кеттім дей бер.
Абылайдың бойын кернеген кекті ашу бар еді. Жоңғарды қойшы, жаудан не жақсылық күтесің. Қазақтың хансұлтандары мен билеріне деген өкпесі қара қазандай. Әсіресе билік басындағыларға тісін басып келеді. Қазақты мынадай бишара күйге түсірген, ашаршылық пен босқындыққа ұшыратқан солар деп біледі. Бір белдің астындағы ойраттардың өзіңе шабуыл жасағалы жатқанын сезбей, бейғам жатуы масқара емес пе? Әйтпесе, көрмей-білмей жүрген ойрат па еді. Бір кезде Тәуекел ханның дәргейіне бас ұрған, Есім хан мен Салқам Жәңгірдің тұсында қазақтың есігінен сығалай алмайтын қауқарсыз жұрт емес пе еді?!
Ораз аталықтың ру-туғаны мен бала-шағасы ана жылы Арқаға барып алғанды. Екеуі қыс ішінде соларды тауып, бір-екі ай тыным алды да, көктем шыға Бөгенбай батырдың жасағына қосылды. Бұл кезде қазақ батырлары қол жинап, әр жерәр жерде ойраттармен тіресуге жарап қалғанды. Арқада, Бұланты өзенінің бойында жеңісті шайқастар өткен. Ал, Абылайдың бағын ашып, атын шығарған – 1730 жылғы Аңырақай Алакөл шайқасы.
«Осыған дейін ешкімге жөнімді айтпай жасырынып келгенім, көрінгенге бағынышты құл болғаным жетер! – деген Абылай іштей булығып. – Осы жолы не ерлік көрсетіп, атымды шығарамын да, не болмаса жау найзасының ұшында мерт боламын».
Алакөл шайқасында Абылайды жоңғар нояны Шарышқа қарсы шүйлеп салған, міне, осындай намыс оты еді. Иә, сол жолы да бұл анық ажалмен бетпе-бет келгенді. Шарыш болса – жасы отыздың ішіне енді ілінген, бұған дейін талай шайқасты бастан өткерген ойраттың айтулы батыры. Өзі қонтайжы Халдан Сереннің немере інісі дей ме, немене, әйтеуір ойрат жағы сол батырын қолпаштап, «жекпе-жек», «жекпе-жек» деп айғайға басып тұр. Сол жылы жиырмаға енді қадам басқан қатардағы сарбаз Әбілмансұр (онда әлі Абылай аталмаған кезі) қолбасы Бөгенбайдан бата сұрай келгенде, қарт батыр мұны аяғандай, мүсіркей қарап:
– Балам-ау, сен әлі жассың ғой… Қалмақ батырына өз теңін шығарайық та! – деген өтінгендей болып.
– Жоқ, сардар аға, осы жолы мені тоспаңызшы! Алла жазса, ноянның басын қағып алып, алдыңызға әкеп тастаймын! – деді Абылай екі көзі шоқтай жанып.
Жас жігіттің мына қияпатын көріп тұрып, жолын бөгеу мүмкін емес-ті. Қолбасы Бөгенбай, амал жоқ, бата берді:
– Жолың болсын, балам. Жауды жайратып қайт!
Сол сөзді естуі мұң екен, Әбілмансұр астындағы кертөбелін ойнақтатып, «Абылай-Абылай» деген ұранмен ортаға шыға берген. Түйедей қаракөк азбанның үстінде шіреніп отырған шойқара Шарыштың талдырмаштау балаң жігітті менсінбей, кекете күліп тұрғаны әлі көз алдында…
Не керек, Абылай сол жекпе-жекте Шарышты жеңді ғой. Күші асқандықтан жеңген жоқ. Жеңген – атаның аруағы, көтерілейін деп тұрған бақ жұлдызы… Ең бастысы Ораз аталықтың мұны бармақтайынан баулыған соғыс өнері. Мақтанғаны емес, жас кезінде Абылайдың ат үстіндегі қимылына көз ілеспейтін. Қару жұмсауға келгенде, қазақ-қалмақта жоқ, тың тәсілдері бар еді. Сөз жоқ, Шарыш мұны найза салар деп ойлап, кеуде тұсын қалқанмен жаба берген. Ал, Абылай ойламаған жерден шықты. Кертөбелмен құйғыта шапқан күйі, сол қолымен найзасын кезеп келді де, тұсынан өте бере Шарыштың басын оң қолдағы қыпшақы қылышпен қағып түсірді.
Абылайды бұл кезде бір төтенше күш қолдап, қолтығынан көтеріп әкеткен. Ол жерде домалап жатқан Шарыштың айдарлы басын ат үстінен іліп алып, қазақ қолының алдында тұрған Бөгенбай мен Қабанбайдың алдына тастай берді де, ойраттарға қарай «Абылайлап» қайта шапты. Соңынан бүкіл қазақ қолы дүрк көтерілген. Арғы жағы қаптама соғыс. Басшы батырынан айрылған жау жасағы табан тіреп соғыса алмай қаша жөнелді. «Қашқан жауға қатын би». Қазақ қолы бірден үстемдік алып, жау әскерін жапырып өткен.
Иә, 1730-жылы Аңырақай-Алакөл шайқасында қазақ әскерінің жауды жеңгені рас. Бірақ бұл түбегейлі жеңіс емес еді. Кейін мәлім болды ғой, бұлардың шайқасып жүргені жоңғардың негізгі қолы емес, басып алған аймаққа қалдырған күзет әскері (горнизондары) екен. Бұл кезде қонтайжы Халдан Серен бастаған жоңғардың қырық мың қолы Үрімжінің ар жағындағы Баркөл деген жерде Маншың әскерімен соғысып жатыпты. Көп ұзамай қалың ойрат қайта оралып, ана жылы басып алған қазақ жеріне қайтадан иелік етті.
«Абылайлап» жауға шапқан белгісіз батырдың кім екендігі келесі күні-ақ бүкіл қазақ әскеріне мәлім болды. Бұл кезде, Аңырақай шайқасынан кейін «мені Болаттың орнына ұлы хан сайламадыңдар» – деп билерге өкпелеген Орта жүз ханы Сәмеке мен Кіші жүз ханы Әбілқайыр өз әскерлерін ертіп, майданнан шегініп кеткен-ді. Алакөл шайқасын жаңадан сайланған ұлы хан Әбілмәмбет басқарды. Ұлы Орданың бар билігі енді соның қолына көшкен. Кешегі «Абылайлап» жауға шауып, жеңіске жол ашқан белгісіз батырды Әбілмәмбет хан дереу іздетіп, өз дәргейіне әкелдірген. Абылайдың қасында одан екі елі ажырамайтын атқосшысы Ораз бар. Ханның жорық шатырында бірден жөн сұрасу басталған. Абылайдың әлі де сыр ашатын ойы жоқ еді, Ораз аталық қой – бәрін жайып салған. «Осы жасырынғанымыз да жетеді. Ханға айтпаған шындықты енді кімге айтамыз» деп, Әбілмәмбетке Абылайдың бар тарихын баяндап берген.
Небәрі төрт атадан қосылатын немере туыстар сол арада жылап көріскен… Әбілмәмбет жастық шақта талай бірге болған Ораз аталықты да ұмытпапты. Ал, Абылайға құшағын айқара ашып: «Көркем Уәлиден бір ұрпақ қалды деп еді, аман-сау жүр екенсің ғой» деп бауырына басып, ұзақ тұрып қалды. Мұның «Абылайлап» жауға шапқан себебі, Абылай – көркем Уәлидің әкесі, жауға айрықша қаталдығымен «қанішер Абылай» атанған Әбілмансұрдың атасы ғой. Әбілмәмбет хан оны да жақсы біліп тұр.
Сол күннен бастап, қатардағы сарбаз Абылай әйгілі батыр атанып, хан ордасының өз адамы болды да кетті. «Сен түбінде қазақтың болашақ ханы боласың. Әз-Тәуке ханның ағасы Уәли Бақы билердің әділетсіздігінен хандық сыбағадан құр қалып еді. Соның есесін сен қайтарасың» деді Әбілмәмбет. «Әзірше ел басқаруды үйрене бер» деп сол жылы күзде жиырма жасар Абылайды Есіл бойындағы Атығай-Қарауылға сұлтан етіп тағайындады.
Абылай соның алдында ғана үйленген. Қарақалпақтан алған сұлу келіншегі бар. Әлі ыстық-суықтары басылмаған кез. Бірақ қызықтың көкесі – нағыз сын алда тұр екен. Жас сұлтанның Атығай-Қарауыл еліне барып орда тіккеніне әлі бір айдың да жүзі толмаған. Бір күні ел ішіндегі бір асқа барып, ауылға келсе, Орданың екі жағын қоршай алты Отау тігіліп қалыпты. Ине-жіптен жаңа шыққан, ою-өрнекті, аппақ отаулар… Жөн сұраса келе ұғынғаны: Атығай Қарауыл елі өз ішінен алты руға бөлінеді екен. Басында олар өздерінің жас сұлтандарына орталарынан бір керемет қыз бермек болады. Бірақ ол қайсы рудың қызы болмақ, мәселе – сонда. Сұлтанның бүйрегі қайын жұртына бұрып жүрмей ме? Содан, билер ырғаса келе, ондай мәртебені бір руға қимай, алты рудан алты қыз бермек болады. Алты отаудың бірден келіп орнап қалу себебі осы екен.
Абылай өмірінде дәл мұндай саспас. Сұмдық қой – мынасы. Алты отауда үлбіреген алты қыз отыр. Қалай игереді оның бәрін. Әр түрлі уәж айтып көріп еді, билер райларынан қайтар емес. Бәрі алдын ала ойластырылған, кесіп-пішілген нәрселер… Тіпті болмаған соң, Абылай ислам шариғатына жармасқан:
– Пайғамбарымыз Мұхаммет (с.ғ.с.) төрт-ақ әйел алыпты. Біздің ол кісіден асып түскеніміз күнә болмай ма? – деген ағып бара жатып, жандәрмен тал қармаған адамдай.
Сол арада неке қияр молда да әзір тұр екен. Ол кісі шариғатты мүлде кеңейтіп жіберді.
– Сіз пайғамбарымыздың бір мезгілде төрт әйел ұстағанын айтып отырсыз ғой. Арасында ертерек қайтыс болғандарын қосқанда, Алланың елшісі жеті некелі болған, – деді молдекең қолмен қойғандай. – Оған қоса, араб Халифалары мен түрік сұлтандарына берілген жеңілдік тағы бар… Олардың жүзге дейін канизак (гарем) ұстағанын білетін шығарсыз.
Бұл қазақ дінбасылары да кең адамдар ғой. Қашанда жоқ жерден жол тауып, өз әміршілерінің жағдайын жасап тұрады. Сонымен, не керек, сол күні Абылайдың алты қызбен некесі қиылды. Сөйтіп, бұл бірден жеті әйелі бар кісі болып шыға келді. Қателікке, бұра тартуға орын жоқ. Аптаның жеті күні – жеті әйелдің сыбағасы. Жас кезінде Абылай аса қуатты еді. Обалы нешік, әйелдердің меселін қайтарған жері жоқ. Келесі жылы күйегі қатар түскен келіндер басы бақырдай бір-бір ұл тапты. Үй басы шілдехана…
Абылайдың Атығай қарауылдан алты қызды бір-ақ алуы бұл руларға белгілі дәрежеде артық үлес, жеңілдіктер бергені мәлім. Тіпті содан жүз жыл өткенде Абылайдың Қасым сұлтаннан туған немересі, қазақтың ең соңғы ханы Кенесары орыс әскеріне жол көрсеткені үшін Арыстан ақынды жазаламақ болғанда:
Ханеке, алыс көрсең алашыңмын,
Жақын тұтсаң қасыңда қарашыңмын.
Атаңа алты қатын алып берген,
Атығай қарауылдың баласымын, –
деп ақпа ақын бірауыз өлеңмен құтылып кетіпті. Жастық шақ – ол да бір қайта оралмас, қызығы мол дәурен еді ғой.
- ІІ -
Сол Абылай бұл күнде науқас. Арыс өзенінің Сырдәрияға құяр сағасындағы көк жасаңға тігілген жорық шатырында жатыр. Бұлай төсек тартып жатқанына айға жуық уақыт болды. Содан бері осы маңайдағы емші, тәуіп, бақсы-балгердің түр-түрі келіп, әртүрлі ем-дом жасап көрді. Бірақ әзірше оларынан пайда көріп жатқан жоқ. Бақсы-балгердің біреуі, «ұшынған» деді, екіншісі «сүйек-сүйекті жел қармап, суық ұстаған» деп, қара қойдың терісіне салып терлетті. Тағы біреуі «шайтанның шалығы бар» деп, аса-таяғын шылдырлата «АллайХақтап», ауылды айнала «ұшықтап» шықты. Мұндайлардан ештеңе өнбесін сезген Абылай кейінгі кезде оларды келтіруді қойған.
Бұлардың ішінде Бұхара Шарифтен келген бір тәуіптің ғана айтқандары көңілге қонады. Ол науқасты тырдай шешіндіріп, өнебойын түгел қарап, тамырын ұстап көрді де:
– Сіз уланғансыз! – деді бірден қортындыға келіп. – Жауларыңыз қастық жасап, ішкен асыңызға у қосып берген.
– Онда бірден өліп кетпей, қалай тірі жүрмін?
– Удың бірден сеспей қатыратыны да, айлар бойы денеге жайылып, әбден әлсіретіп барып жығатыны да болады. Сезік тудырмау үшін, олар осы соңғы жолды таңдаған…
Иә, сол тәуіптің айтқаны жобаға келеді. Айналасы анталаған жау. Кімнен, неден келді дерің бар ма? Биыл көктемде қоқандықтардан Ташкентті қайтарып алған соң, Абылай сол қалада билік құрып, екі-үш ай отырмады ма? Жұрттың көңілін жығып, бойын үйрету үшін әдейі аялдаған. Сол үш айда кімдер келмеді мұның алдына?! Тәңір тұтып, тай сойып, қымызын артып, кешірім сұрай келген қырғыздар, басы жерге жеткенше иіліп, қол қусырған қоқандықтар, сый-сияпаттарын көтеріп, «әкалап», тілдерінен бал тамызған өзбектер, құран ұстап ант берген құрамалар, Бұхарадан, Хиуадан, Ресейден келген саудагерлер… Қазақта «дәмнен үлкен емеспіз» деген ұғым бар. Талайымен табақтас болып, әкелген астарынан ауыз тиген кездері де болып еді. Солардың қайсысы тырнағын ішке бүгіп келгенін кім біліпті. Сол имансыз сатқындардың бірі мұның ішкен асына у қосып жіберуі әбден ықтимал.
Абылай осы жолғы ұзақ жорыққа еріккеннен шығып па? Көп жылдар батыста Орыс қағанатымен, шығыста Қытай қағанатымен алысып жүріп, оңтүстік өңірді назардан тыс қалдырыпты ғой. Оған себеп: бұл жақтағы кішігірім елдерден қауіп төнер деп ойламаған, діні бір, тілі бір ағайын қазаққа қастық қыла қоймас деп сенген. Сөйтсе, өйтіп арқаны кеңге салуға болмайды екен ғой. Небір қаскөйлік пен күндестік іргеңде отырған көршілерден шығады екен.
Осыдан он шақты жыл бұрын, Абылай қалың қолмен келіп, баяғы Жоңғар шапқыншылығы кезінде иеленіп алған қазақ жерін қайтарғысы келмеген қырғыздарды бір рет жөнге салып қайтқан-ды. Шонжыдан, Нарынқол мен Кегеннен қырғыздарды Ыстықкөлге қарай ысырып тастап, ұлы жүз руларына өз қоныстарын қайтарып берген. Соған өшіккен қырғыздар қазақ-қоқан шайқасынан қайтып келе жатқан қазақтың жүз сарбазын Шу бойында қоршап алып, бірін қалдырмай қырып, бастарынан «Кәлламұнара» орнатқаны бар. Қазаққа жасалған бұл қаскүнемдік қарымтасыз қалған жоқ. Қорлыққа шыдамаған қазақ әскері қырғызды қайта шауып, оның арты «Жәйіл қырғынына» ұласқан. Қырғыз манаптары Абылайға «ақ үйлі аманаттар» беріп, бейбіт бітімге қолдары зорға жеткенді.
Әйткенмен, осы қырғыз манаптарында иман жоқ. «Аманат» тапсырып, ант беріп, саған бағынған болып жүреді де, арада біраз жыл өткенде тағы да бүлік шығарады. Қырғызды күш-күштеп құтыртатын – қоқандықтар. Қолдарына от қару ұстатып, қазаққа айдап салып отырғаны. Осы жолы да қырғыздар қазақтың керуенін тонап, Құлжа базарына айдаған малдарын тартып алып, маза бермей қойған. Ал, қоқан бектері соңғы жылдары талас қала Ташкентке бауыр басып, иемдене бастаған. Осыны көріпбіле отырып, қазақ ханы Абылай қалай әрекетсіз үндемей қалады. Биыл көктемде екі түмен қолмен келіп, қырғызды да, қоқанды да тәубесіне келтірген. Бірақ, Ташкент төңірегінде отырған құрама қазақта да, өзбекте де, қоқан бектерінде де бәтуа жоқ. Қиынды-жиынды тобыр сен әскер бастап келгенде, «әкалап», «ағатайлап», қолыңды сүйіп, өліп қала жаздайды да, көзің тайса болды, сырт айналып шыға келеді.
Енді, міне, сол сатқындардың Абылайға жазылмас дерт тапсырып жібергені мынау. Ажалына тура келген дерт болса, амал не, тағдырдың ісіне көнбеске шара жоқ. Біреудің ажалы – оқтан, біреудің ажалы – оттан, тағы біреудің ажалы – құтыда сақталған удан дегендей. Қашанда бір өлім бары хақ. Өлім дегенің – өмірмен егіз екен ғой. Сен шыр етіп жерге түскеннен бері қасыңнан екі елі қалмай еріп жүреді екен. Күні кеше жау жүрек батырлармен бірге қол бастап жүрген кезінде Абылайға бата алмаған ажал бұл әбден қажып-шаршап, жалғыз қалған шақта жекелеп әкеліп жығатын болғаны ғой. Иә, қанды ауыз әккі бөрілер жылқының саяғын осылай үйірінен бөліп әкетіп, жекелеп апарып жығушы еді…
Пенде ретінде, бір есептен, Абылайдың арманы да жоқ. Жаугершілікте ата-анадан бірдей айырылып, панасыз жетім қалған Уәли сұлтанның жалғыз тұяғы бұл күнде Үш жүздің Ұлы ханы деген атаққа жетіпті. Қазақ баласы үшін бұдан асқан биік жоқ. 1731 жылы Атығай Қарауылға сұлтан, 1736 жылы Орта жүзге хан, 1771 жылы Үш жүзге Ұлы хан болған екен, солардың бәрін қосқанда 48 жыл тақта отырыпты. Тағы да осы елдің қолпашқолдауымен он екі әйел алған екен. Сол он екі әйелден отыз ұл, қырық қыз дүниеге келіпті. Солардан тараған немере, шөбере, жиендердің өзі екі жүзден асып кетсе керек. Солардың біразын Абылай түстеп танымайды да. Немерелерінен «сен қай әжеңнен тарағансың» деп сұрап алып, сонан соң ғана шырамыта бастайды. Демек, Абылай қазір бір өзінен жетпіс бұтақ шығарған алып бәйтерек тәрізді. Мұның өмірінің жалғасы – сол ұрпақтарда. Бұл күнде күш-қуаты кеміп, майшамдай жанып бітуге айналса, жұмсалған өмір нәрі ешқайда кеткен жоқ, ұрпақтарының бойында жүр. Сонау Шыңғысханнан бастау алған асыл ұрық осылай жалғаса береді.
Ана бір жылы Көкшетауда орыс елшісі Угримов дегенмен сөйлесіп отырып: «Петрден кейін Ресей тағына кілең әйелдердің (Анна, Елизавета, Екатерина) отырғаны қалай? Сонда, патша әулетінен бірдебір ұл тумаған ба?» – деп сұрағаны барды.
Елші қарқылдап күлген:
– Дұрыс айтып отырсыз, хан ием. Бізде тақ мұрагері болып келгендер – Романовтар әулеті ғой. Ұлы Петрден кейін бұл әулетте еркек кіндік таусылды. Таққа, амал жоқ, сол әулетке ептеген қатысы бар әйелдер отыра бастады. Анна Ивановна – Петрдің етегі тиген некесіз әйелі, патшайым Елизавета болса – сол Аннадан туған екі қыздың бірі. Ал қазіргі Екатерина патшамыз, Петрдің бір жиен қызы әлдебір неміс герцогына ұзатылған екен, содан туған жиеншар… Бұл жағынан, біздің патшалар отыз ұлы бар сізбен жарыса алмайды.
Бетін аулақ қылсын, қазақ ордасы ондай зәруліктен аман ғой. Өзге хан-сұлтандарды қоспағанда, сол отыз ұлдың үлкені Уәли сұлтанның жасы қырықтың ішін аралап кетті. Қазір Арқадағы Орданы сол басқарып отыр. Түбі, әкесінің орнын сол Уәли басатын шығар. Одан кейінгі Әділ, Тоғым, Шыңғыс, Үрістемдердің өзі әрқайсысы бір елдің тізгінін ұстайтын дәрежеге жетіп қалды. Солардың бірі Әділ қазір ұлы жүз руларына сұлтан болып отыр. Өзі шаруақор, пысық. Ол былтырдан бері осы Арыс жағасында қорғаны биік қыстау салған. Басқа жұмысы бітіп, ішісыртын әктеуі ғана қалған болар. Күн суыта келе Абылайдың сонда көшіп түсетін ойы бар. Көктемде қарақалпақтан бірнеше түтін диқандарды көшіріп әкеліп, Арыс жағасына егін салдырған екен. Күзде сол егіннен мол өнім алып, қазір осы ауылдың дастарқанын ақ қалаш пен ақ бауырсаққа бөктіріп тастады.
Төлеңгіттер ауылы хан шатырынан аулақ, өзен бойын жағалай төменірек қонғанды. Жорыққа қатысқан өзге әскер тарағанда, хан күзетінде қалған екі мыңдай сарбаз да сол төленгіттер маңында. Сол жақтан жылқының кісінегені, мал қайырған бақташылардың дауысы естіледі. Күн көтеріліп қалса керек, шатыр іші самаладай жапжарық. Кенет есік ашылып, ішке ханның ең кіші әйелі Ақсәуле кірді. Жасы отыздың ішін енді аралаған сұлу тоқал өзімен бірге ере келген қызметші әйелге хан жатқан төсекке тақау дөңгелек жозы қойғызып, өзі тегенедегі сәскелік қымызды сапыра бастады:
– Бүгін жағдайыңыз қалай, хан ием? – деген көзділеу қып қойған қысырдың қымызын шара аяқпен қос қолдай ұсынып жатып.
– Шүкір, бүгін кешегіден гөрі біршама тәуірмін, – деді бұл күнде еттен арылып, қатты жүдеген Абылай сіңірлі арық қолдарымен шараны ала беріп. Бұрын қызыл арай теуіп тұратын аққұба жүзі де қазір қан-сөлсіз, сұрланып шалынады. Қымыздан сіміре бір жұтты да, қос-етек көйлек пен алтын зерлі камзолы, қардай аппақ кимешекшаршысы өзіне құп жарасқан әйелге сұқтана қарап, біраз отырды. Осыдан он жеті жыл бұрын Түркістанға Құрылтай өткізуге келгенде, Абылай қоңыраттармен жақсы тіл табысып, жақындық, татулық белгісі ретінде, жергілікті билердің ұйғаруымен, осы Ақсәулеге үйленіп еді. Қазір үш баланың анасы. Осындай жорық кезінде қолаяғы жеңіл, жас тоқалды үнемі қасынан тастамай ертіп жүреді. Өйткені, Ақсәуленің асы дәмді, қолы бапты. Ауырғаннан бері күніне бір уақ ханның арқасын, қолаяғын уқалап, құрыс-тырысын жазатыны тағы бар.
– Жоғарғы «Хан қорғанының» ішкі сылағы бітіп, саңғырап дайын тұр дейді. Алдағы аптада сол жаққа көшетін көрінеміз, – деді Ақсәуле жадырай үн қатып.
– Маңайындағы асүйлері мен қамба-қоймалары да бітіп пе? Сызба жобасында атқора, малқоралары да бар сияқты еді…
– Бәрі біткен. Мен кеше барып, көріп келдім. Үй жылытатын пештері қандай! Есіктерезеге салған ою-өрнектері қандай! Самарқаннан келген ұсталар бар өнерін аямапты…
Абылай үндеген жоқ. Асықпай сүйсініп ішкен екі шара қымызға кәдімгідей бусанып, жадырап біраз жатты да, күтушісі Батталды шақырып, соның сүйемелдеуімен далаға шықты. Өзен бойындағы шілік талдың арасына барып, кеңіп қайтты. Қазір қарашаның ортасы ауғанымен, оңтүстік күзі әлі де шуағын төгіп, тамылжып тұр. Бірақ бұл жылымық та қаншаға созылар дейсің, қар жауып, күн суытпай тұрғанда, Әділдің қоражайына көшіп алған дұрыс шығар.
Хан шатырынан бір шақырымдай жерде, Арысты жағалата тігілген қалың киіз үй, басын буған күрке, абылайша, қостар көрінеді. Оның бәрі күзет әскері мен төленгіттер тұрағы… Сонау бір тепсеңде бие-бау, оның маңында үйездеген жылқы көрінеді. Абылай өзіне жас кезінен етене таныс, бұл күнде елудің ішін аралап кеткен, селдір сақал, жалпақ бет сарының иығына сүйеніп, үйге қарай бет алды.
Бұл күтушінің қазақтар қойған кейінгі аты – Баттал. Шын аты – Батошыр. Тегі – ойрат. Абылай баяғыда жоңғар тұтқынынан мол олжамен артынып-тартынып аттанғанда, қонтайжы Халдан Серен бұған ұзатылған қарындасы Топыш сұлудың «шаңырағына мінгізгенім» деп, ер-әйелі аралас бірнеше қызметші-құлдарды қосып берген. Солардың ішінде жасы әлі жиырмаға да толмаған балаң жігіт Батошыр да бар еді. Кейін атын «Баттал» деп өзгертті. Өзі сияқты тұтқынға түскен қыздардың біріне үйленді. Басында бұлар Топыш ханымның маңайынан ұзамай, Қасым сұлтанның қызметінде жүруші еді. Кейін төлеңгіттер тобына қосылған екен, одан Абылай өзіне күтуші етіп алған. Баттал сертке берік, антқа адал. Өзі мұсылмандықты қабылдаған екен, ораза, намазын үзбейді.
– Баттал, осы сенің балаң нешеу? Алды ержетейін деді ме? – деді Абылай үйге таяғанда.
– Жеті балам бар, Хан ием. Бес ұл, екі қыз. Ұл ұяда, қыз қияда. Бәрі де мал-түлікті болып, өз жолын тауып кетті.
– Оның жақсы екен. «Адам өзі мың жасамайды, ұрпағымен мың жасайды» дейді ғой дана халқымыз. Бала-шағаның болғаны жақсы, – деді Абылай тілектес көңілмен.
– Бәрі сіздің арқаңыз ғой, Хан ием. Баяғыда Топыш ханымен бірге осында келіп қалмағанда, шүршіттің қылышына ілігіп, жоңғармен бірге жоқ болар ма едік, кім біледі? – деді Баттал сол тұрған жерінде Абылайдың қолын қайтақайта сүйіп.
Иә, солай болуы да бек мүмкін еді. Жалпы қазақ елінде осы Баттал сияқты кірмелер көп-ақ! Тұтқынға түскен ойраттар, олжаға түскен шешесімен бірге ере келген балалар, жазалаудан қашқан башқұрттар, әскерден қашқан татарлар, тіпті бой тасалап жүрген қашқын орыстар да бар. Көпшілігі осы елге сіңіп, қазақ болып кетті… Кейде олардың соңынан қуғын да, сұраушылар да келеді. Тұтқын қазақтармен айырбасқа түсетіндері де аз емес. Әйткенмен, Абылай көп жағдайда қашқын-тұтқындарды бермей қалуға тырысады… Сөйтсе, мына көрші Ресей де сөйтеді екен. Орыстар мынадай заң шығарып қойыпты. Қашқынның соңынан, екі аптаға дейін қуғыншы келсе, еліне қайтарады. Ешкім келмесе, қашқынды шоқындырып, өз діндеріне енгізеді де, іш жаққа өткізіп жібереді екен. Қазір орыстар сондай кірмелердің есебінен қатты көбейіп отыр. 1740 жылғы санақта жеті миллионнан аспайтын орыс әулеті қазір отыз миллионға жетіпті. Ал, қазақ өз шығынын кірмелердің есебінен толықтырса айып па екен?
Баттал өз қожасын төсегіне жатқызып, неше қабат жылы көрпемен қымтап, жауып кетті.
- ІІІ -
Абылайдың оңтүстік өңірге жорық жасап жүргеніне де, міне, екі жылдың жүзі болып қалды. Бірақ, Арқадағы елді иен тастап кеткен жоқ. Үлкен ұлы Уәлиді сондағы Орда тағына отырғызып кетті. Қазір Ресейден, Қытайдан келген елшілерді сол Уәли қабылдап, бұйымтай шаруаларын тындырып беріп жүр.
Жақында хан әкесінің сырқаттанып қалғанын естіп, Уәли бір топ адаммен осында көңіл сұрай келіп қайтты. Қасында «Құлбек батыр» деген біреу жүр. Осылардың қай кезде кіммен соғысып батыр болып жүргенін кім білсін, әйтеуір былайғы жұртқа өзін «батыр» деп таныстырады екен. Оған қарағанда әкесі Құлсарының ру арасындағы барымтасырымтада сойыл сілтейтін ептеген «батырлығы» болатынды. Сірә, мына ұлы да әке даңқымен жүріп жатса керек. Осы Құлсарының да, аталас ағайыны Құлеке батырдың да қоныстары орыстың шекара шебіне тым тақау орналасқан. Абылай осы жақында білді ғой, сол Құлсары да, Құлеке де орыс әкімдеріне тыңшы болып, жалақы алып тұрыпты. Абылай ордасында не болып жатқанын, шеттен қандай елші келгенін қолма-қол жеткізіп отырған. Құлсарының баласы мына Құлбек те қазір сол қызметте көрінеді. Жақында, сол сілімтіктің Уәлидің қасында жүргенін көргенде, Абылай әлденеден жиренгендей біртүрлі тіксініп қалды. Абылайдың осы жолғы оңтүстікке сапарын да Орынбор мен Омбыдағы орыс әкімшілігі сан-саққа жүгіртетін көрінеді. «Абылай Ресейге деген адалдық антын бұзып, Қытайға қарап кетеді-мыс» деген сөз таратыпты. Арқаға келген орыс елшілері де: «Абылай хан түстікке неге кетті? Енді Арқаға орала ма? Ол жақтан қашан қайтады?» деп Уәли сұлтанның басын қатырған болса керек. Уәлидің жауабы біреу:
– Менің әкем орта жүздің ғана ханы емес, үш жүздің ортақ ханы ғой. Солтүстікте алаңдайтын ештеңе болмаған соң, оңтүстіктегі қазақ пен қырғыздың арасын тәртіпке салуға кетті, – дейді екен қысқа қайырып.
Анығы да сол ғой. Абылай мұнда еріккеннен сейіл құрып жүр ме екен? Қоқан мен қырғыз тұрыпты ғой, түстіктегі қазақтың өз іші де тыныш емес. Өткен жылы осындағы қоңырат пен дулаттың арасында қырғын соғыс болып, жүздеген адам оққа ұшқан. Араларындағы жер дауын Абылай келіп зорға бітірді. Ал, қырғыз бен ұлы жүз руларының арасы мүлде ушығып кеткен. Қоқан бектеріне арқа сүйеген қырғыздар түстіктегі қазақтарға күн көрсетуді қойған. Ана жылғы «Жайыл қырғыны» кезінде босатып берген Алатау бөктеріндегі ұлы жүз қоныстарын қайтадан тартып алған. Адамдарын өлтіріп, малдарын барымталап, ауылдарына ай сайын ат ойнатумен болған… Осыны көре тұрып, Абылай әрекетсіз қарап отыруы керек пе? Ана жылы (1771) иісі қазақ жиналып, мұны үш жүзге хан сайлады. Көрінген жұртты төбеңе шығарып, өз халқыңды тал түсте тонатып қойсаң, сенің хандығыңнан не хайыр? Абылайдың өткен жылы екі түмен қолмен келіп қырғыз бен қоқанды түре қуған себебі осы болатын.
Орыс әкімдері, міне, осыны түсінбейді ғой. Түсінбейді емес, түсінгісі келмейді. Олардың қазақтың жүзаралық, руаралық басқару жүйесіне, тағы басқа ішкі қайшылықтарына түкіргені бар. Оларға тек қазақтың жері мен бағынышты құлдар керек. Басқаны қойып, орыс әкімдері Абылайдың үш жүзге хан сайланғанын мойындамады ғой. 1771 жылғы Түркістандағы хан сайлауын естімей, білмей отырған жоқ, қасақана, әдейі істейді. Орыстар өздері бекітіп, грамота бермесе, ешкімді хан деп танымайды. 1736 жылы өлген Сәмекенің орнына орта жүзге хан сайланған Абылайды орыстар бертінге дейін қатынас қағаздарында бір рет те «хан» деп атаған емес, ылғи да «сұлтан» деп жазады. Ал, марқұм, Әбілмәмбетті өле-өлгенше «орта жүздің ханы» деп есептеді. Шын мәнінде ол әкесі Болат хан өлген соң, соның орнына заңды түрде сайланған үш жүздің ханы емес пе? Егер, Әбілмәмбет үш жүздің ханы болмаса, 1730 жылы ол орынға Орта жүз ханы Сәмеке мен Кіші жүз ханы Әбілқайыр таласпас еді ғой. Олар бізді иісі қазаққа ұлы хан етіп сайламадыңдар деп өкпелеп, Аңырақайдағы ұрыс даласынан кетіп қалған жоқ па?!
Орыстар әлі де сол баяғы «біздікі жөн» дейтін тоңмойын мінезінен тайған жоқ. Олар қазақ руларының ортақ ханға бағынып, біртұтас ел болуын қаламайды. Орыс патшайымы Екатеринаның Абылайға әлсінәлі елші жіберіп, «хандығыңды бекітіп берейік» деген соң, алдыңғы жылы ортаншы ұлдардың бірі Тоғым сұлтанды қасына біраз адам қосып, Петерборға жібергенді. Күткендей-ақ қазақ елшілерін қатын патша қабылдапты. Оларға әралуан сый-сияпат жасап, Абылайды хандыққа бекіткен грамота ұсыныпты. Оған қосымша берілетін күміс құндақты қылыш пен бұлғын бөрік, алтын зерлі тоны тағы бар… Былай қарасаң бәрі ескерілген, барлық құрмет жасалған сияқты. Тек, бір ғана «қателік» кетіпті. Грамота мәтінінде Абылайды бүкіл қазақ елінің ханы емес, орта жүздің ханы деп бекітіпті. Оны бірден аңғарған Тоғым сұлтан:
– Менің әкем Абылай Орта жүздің ғана ханы емес, заңды түрде сайланған үш жүздің ортақ ханы ғой! – деген қолма-қол түсінік беріп.
Бірақ оның сөзін қатын патша тыңдағысы келмеген.
– Ол сіздерше ғой, біздіңше қазақтың ортақ ханы деген болмайды! – депті өздерінің сол баяғы өктем қыңырлығына басып.
– Олай болса, бұл грамотаны да, хандық белгілерді де Абылай ханға өздеріңіз апарып тапсырыңыздар. Мен мұндай жаңсақ жазылған құжатты алмайды екенмін, – депті Тоғым сұлтан…
Сол хандық белгілер мен грамотаны Абылай әлі күнге дейін алған жоқ. «Грамота мен сыйлықтарыңыз осында. Біз оны салтанатпен тапсыруға әзірміз» деп Абылайды Орынборға талай рет шақырды. Бірақ Абылай ол жаққа барған жоқ. Сонау 1740 жылы Әбілмәмбетке ілесіп барғаннан кейін Абылай Орынборға ат ізін салған емес. Кейін ол белгілер мен грамотаны бір табан жақын деп, Петропавл бекінісіне әкеліпті. Абылай оған да ат басын бұрмады. Оған барып қайтеді? Қатын патшаның қорлап жазған қағазын алып, алтын басын кемітер жайы жоқ.
Осы жолы Уәли сұлтанға ілесіп келген «Құлбек батырды» да орыс әкімдері оңтүстікте не болып жатқанын біліп кел деп әдейі қосып жібергені анық. Өзі осындағы ел ішін тіміскілеп, Абылайға неше алуан сұрақтар қояды.
– Арқаға қашан қайтасыз? Сіз кешіккенге ол жақтағы ел ағалары алаңдаулы, – деген бір сөзінде. – Сізді хандыққа бекіткен грамотаны қашан тапсырамыз деп, Петропавлдағы орыс әкімдері де төрт көзбен күтіп отыр.
Абылай батыр сиқы жоқ, инеліктей қатқан ұзын сарыны жаратпай, қадала қарап қалды.
– Сен қашаннан бері орыс әкімдерінің атынан сөйлейтін болғансың? – деді қыжырта тіл қатып. – Ендеше, сол қожаларыңа айта бар: мен ол грамотаны «бүкіл қазақ елінің ханы» деп қайта жазбаса қолыма алмаймын. Ал, елге қайту жағына келсек, биылша осында болатын шығармын. Арқаға алаңдайтын не бар? Қазір Орта жүзді батыс пен шығыстағы екі бірдей қағанат қалт жібермей күзетіп тұрған жоқ па?! – деді кекете езу тартып. – Бүлініп жатқан – оңтүстік өлкесі. Алдымен дау-дамайы мол түстік шекарасын ретке келтіріп алуымыз керек.
Уәли сұлтан әкесінің жағдайы біршама түзелгенін көріп, көп айналмай Арқаға қайтып кеткен. Абылай сол топпен бірге осыдан екі-үш жыл бұрын Орынбор әкімшілігі жіберген өзінің хатшысы, әрі тілмашы Яхуда Усмановты да қайтарып жіберді. Аттанарда өзіне біраз қызмет істеген Мешер молдасына ат мінгізіп, шапан жапты. Хатшылық қызметі үшін емес (ол үшін Орынбор әкімшілігінен жалақы алады) адалдығы үшін, өзіне біраз құпияны ашқаны үшін.
Башқұрттың Есет аймағынан келген бұл да бір бұралаң тағдырлы қызық адам. Басында Яхуда Усманов башқұрттың орысқа қарсы дүрбелеңіне қатысыпты. Көтеріліс орыс қаруымен жанышталған кезде, ол да көп адамымен бірге қолға түсіп, Уфа түрмесіне қамалады. Көтеріліс басшылары жайында құнды мәліметтер бергені үшін бірнеше айдан соң оны түрмеден босатыпты. Бірақ, мүлде азат қып жібермеген. Ұзын арқан, кең тұсауға салып, орыстар енді мұны тыңшылыққа пайдаланады. Өзі татарша, қазақша, орысшаға бірдей сауатты. Жасында медрессе бітірген, дінге де жүріп тұр. Алғашында екі-үш жыл Әбілқайыр маңында, Кіші жүз арасында болса керек. Содан, әбден сыннан өтті-ау деген мезгілде Орта жүзге, Абылай ордасына әкеліп түсірген.
– Мен бір жүрген мүсәпір, әрі күнәкар адаммын, – деп еді анада Абылаймен оңаша қалған бір сәтте. – Кіріптарлық пен қу тіршілік кейде адамды осындай міскін халге түсіреді екен… Хан ием, сіз білесіз бе, мен – сізге жіберген хатшы ғана емес, орыс әкімшілігінің тыңшысымын ғой.
– Білем! – деген Абылай езу тартып.
– Қалайша?
– Оны сезбесем, осында бір елдің ханы болып отырам ба? Ресей жағынан келген елші, тілмаш, хатшы атаулының бір сауы жоқ, түгел тыңшы ғой. Бұл жағынан оларды сөгуге де болмайды…
– Дұрыс аңғарғансыз, хан ием. Орыстарда «бір барлаушының қызметі кейде бір дивизия әскерден асып түседі» деген сөз бар. Еуропа елдерінде бұл жағы қатты дамыған. Ал, мен мұсылманмын ғой. Әрі татар мен башқұрттың қазақпен мұңы бір… Өзімнің қандай міндет атқарып жүргенімді ойласам, сіздің үйдің дәмі тамағымнан әрең өтеді. Сізге, тым құрса ағымнан жарылып, бар шынымды айтсам деп жүруші едім. Соның сәті бүгін түсіп тұр.
Яхуда сол жолы қазақ ордасына келіп жүрген өзінен басқа да тыңшыларды түгел тізбелеп айтып берді. Бұлардың көпшілігін Абылай жақсы таниды. Елшіге тілмаш болып, Орынбор ұлықтарынан сәлем хат әкелген болып, келіп-кетіп жүрген адамдар. Қазақша тіл білетін орысы бар, башқұрт, татары бар, толып жатыр. Әр жылдар тілмаш боп келген: Матвей Арапов, Сапар Сәлиев, Филат Гордеев, Шүкір Абзямов, Мүнәсіп Маметов, Айдар Сапаров, Яков Гуляев… Бәрі де иненің көзінен өткен пысықтар. Бір есептен, бұларды сөгуге де болмайды. Барлаушы, тыңшы, шпион дегендер – ол да бір кәсіп көрінеді ғой. Осылайша, жанын жалдап мал табады, балашағасын асырайды. Қазақ хандығы бұрын көрші елге барлаушы, тыңшы жіберу дегенді білмеген. Баяғы «Ақтабан шұбырынды» кезінде бір белдің астындағы ойраттың өздерін шапқалы жатқанын білмей, дәт теп қалатыны содан ғой қазақтардың. Амал жоқ, қазір Абылай да орыс пен ойраттан үйреніп, тым қамсыз отырмайтын болды.
Мәселе орыс әкімдерінің тыңшыларын қаптатуында емес, бұл – оларда бұрыннан қалыптасқан нәрсе ғой. Мәселе өзіміздің қазақтардың шетке сатылып, ақпаратдонос жіберіп тұруында. Яхуда Усмановтың айтуына қарағанда, қазақтың атқа мінер билерінің бірталайыақ осындағы тыңшылармен жалғасып, Орынбор мен Омбыдағы орыс әкімдеріне қазақ ордасы туралы мәлімет беріп тұрған. Орта жүздің төбе биінен бастап, оның балалары Бекболат, Сырымбеттер, орыстан шен алған Жәнібек, Дәуіт тарқандар, мана айтылған Құлсары, Құлеке, Құлбектер орданың ішкі сырын сыртқа тасудан намыстанбаған. Соның бодауына алатындары: былғары, бұлшай, кездеме, қымбат аң терілері сияқты болымсыз силықтр. Кейбіреулері орыстың шекара шебінен ақшалай да, ұн мен астық түрінде де жалақы алып тұрған.
Абылай өзін хандыққа бекіткен грамотадан бас тартқаннан бері, бір кезде өзіне патша жарлығымен берілген 300 сомдық жылдық жалақысын алуды тоқтатқан. Мынаны естігенде, өзінің сол шешіміне дән риза болды. Жалақысы бар болсын, орыс бекіністеріндегі кіші төрешіктердің өзі Абылайға қоластындағы қызметкері ретінде қарап, көрінген нәрсеге жұмсай бастаған. Содан құтылғалы ары да, жаны да тазарып қалғандай.
Яхуда Усманов тағы бір маңызды мәселенің шетін шығарды. Орыс әкімдері соңғы жылдары ырыққа көнбейтін, әрі бір бүйрегі қытайға бұратын бунтарь хан Абылайдан құтылудың жоспарын жасаған көрінеді. Ол үшін ең алдымен Орта жүздегі Абылайдың беделін төмендету керек деп шешкен. Ел ішінде ханға қарсы кімдер бар, соларды іздеп тауып, қолпаштап, көтермелеп отыруды басты міндет санаған. Олар алғашында Абылайдың орнын басуға Әбілфейіз сұлтанды лайықтаған көрінеді. Бірақ әкесі Әбілмәмбет ханның өсиетіне адал Әбілфейіз орыстардың құрған тұзағына түсе қоймапты. «Бас асауы бар қырсықты сұлтандарды қоя тұрып, хан тағына өзімізге шын берілген тарқандардың бірін отырғызсақ қайтеді» дейді тағы біреуі. Бірақ оның да қисыны келе қоймайды. Себебі, қазақта хан тағына тек Шыңғыс хан әулеті – төрелер ғана отыруы тиіс екен. Ақырында, Орынбор әкімдері Орта жүз тағына өздерінің айтқанынан шықпайтын Әбілқайыр ұлдарының бірін отырғызуға келіседі.
«Ойпырай, бұл қазақты қалай ел қылуға болар екен?» – деп толғанды Абылай Арқадан келгендер аттанып кеткен соң. – Біз мұнда қазақтың жатқа кеткен есесін түгендеп, атабаба жерінің әр пұшпағы үшін жан ұшыра күресіп жүрсек, атқа мінер ағайындар қазақтың елінжерін сатып, ханын сатып, мал табуға құмар. Бұрын қазақты біріктіріп келген – жоңғарға қарсы соғыс екен ғой. Енді, міне, соғыс бітіп, бейбіт заман орнағалы әркім өз қамын күйіттеп, өз бетімен жайылып кетті. Не жыны бар екен, біздің қазақ шетке жалдануға дайын тұрады. Орыстың шолақ етек төресі келсе, қоғадай жапырылып, еңкеңдеп иілетінін қайтерсің. Таяу маңнан Семей, Өскемен, Петропавл, Троиский секілді бекіністердің түскені – көрсе қызар қазаққа тіпті болып берді. Екі қазақ араздасып қалса да, хансұлтандарының үстінен шағым айтып, солай қарай шабады да отырады.
Кенет Абылайдың есіне ана бір жылдары көрген түсі, оны Бұқар жыраудың қалай жорығаны оралды. Қалай еді өзі? Иә, айтпақшы, Абылай түсінде бір көкжал қасқырды тақымдап қуып келе жатады. Жүйрік атпен бастырмалатып, қолындағы шоқпарын енді сілтей бергенде, көкжал қасқыр бір аунап түседі де, қып қызыл түлкіге айналып кетеді. Абылай ол түлкіні де құтқармай қуып жетеді. Қара тұмсықтан беріп қалуға ыңғайлана бергенде, әлгі түлкі көбік қарға бір аунап, аппақ қоян боп кетеді. Ызаға булыққан Абылай қоянды да құтқармай қуып жетеді. Бұл жолы шоқпары дәл тиіп, қоянның күл паршасы шығады. Қараса, қоянның ішінен бақа-шаян, құрт-құмырсқа, тағы басқа ұсақ жәндіктер өріп шыға келеді.
Осы түсті Бұқар ағаң былай жорып еді:
– Бұл бәлендей оңған түс емес, хан ием. Әйткенмен, шындықты айтпасам болмас. Алғашқы қуған көкжалың – бүгінгі заман, бүгінгі қазақ, бір сөзбен айтқанда сенің өзіңсің. Келе-келе заманың түлкіге айналады, қазақ та түлкі болып, бірінбірі алдауға көшеді. Одан тараған ұрпақ кім болады дейсің ғой – қоян жүрек қорқаққа, құлға айналады. Ал, құрт-құмырсқа, бақа-шаян дегенің – адамдардың одан әрмен ұсақталып, құрдымға бет алуы.
Осыны айтып, әулие жырау сақалынан алты тарам жас ағып жылап едіау! Бүгінгі заманның беталысына қарағанда, сол Бұқар ағаң жорыған Абылайдың түсі дәл келмесе не қылсын?!
- ІV -
Абылай түскі астан кейін күтушісі Батталдың көмегімен сыртқа шығып келді де, жылы төсегіне қайтадан қисайды. Тағы да қалың ойдың құшағына енген… Қазақтың құдай сүйер қылығы жоқ. Бірақ сол халықты сүймей, қорғамай тағы тұра алмайсың. Әйткенмен, осы қазақтың ойраттарға қарағанда ырысы үстем, бағы зор, жұлдызы жоғары болды. Ежелгі көшпенділердің сарқытындай сақталған қазақ-қалмақ екі мемлекеттің қазір біреуі ғана қалды да, екіншісі жер бетінен жойылып кетті. Кіндік Азияны қаһарымен тітіреткен Жоңғар хандығы қайда қазір? Мал мен басы Жоңғария жазығына сыймай жататын төрт ойраттың жауынгер ұрпағы қазір қайда кетті? Олардың қайда кеткенін Абылай, әрине, бес саусақтай біліп тұр. Қаншалық ата жауы болғанымен, Қазақ ордасы ойраттың басына қаралы күн туғанда, тірісін паналатып, өлгеніне топырақ салғанды.
Тағдырдың бұйрығы шығар, Абылайға сонау жас кезінде жоңғардың ұлы қонтайжысы Халдан Серенмен жүздесуді нәсіп етіпті. Алғашында екеуі бірі қатал әмірші, екіншісі ғаріп тұтқын түрінде кездесіп, арада айлар өткенде, дәмдес, сырлас, мұңдас болып ажырасып еді. Бұларды заман ағымы, екі жақтағы алып көршілер жайындағы пікір ортақтығы, қысқасы, өз халқын аман сақтаудың қамы табыстырған. Абылайдың ойда жоқта ойрат тұтқынына түсуі де кездейсоқ емес. Кейін бұл оқиға екі елдің болашақ тағдырында шешуші роль атқаратын болған соң, Жаратушы ием орайын солай келтірген секілді.
1741 жылы Арқада соғыс жүріп жатқан кез. Абылай қазақ жасағын бір-біріне қосам деп шапқылап жүргенде, аз адаммен қоршауда қалып, теңсіз ұрыста амалсыз қолға түсті ғой. Ойраттар сол жылы Орта жүзге екі бағытта шабуыл жасаған. Ертісті құлдап екі түмен қолмен Сепдан ноян келсе, Батыр Убашы дәл сондай қолмен Жоңғар қақпасынан сау ете түсті. Оған не себеп болды дерің бар ма? Жоңғар хандығы дегеніңіз – халқымен бірге көшіп жүрген әскер ғой. Былайша айтқанда, ат үстіндегі соғыс машинасы. Олар соғыссыз отыра алмайды. Бекер қарап отырса әскер әскер болудан қалады. Оларға олжа керек. Әскер ішер асын, киер киімін, мінер атын соғыстан түсіреді. Мұндайда ойраттың қоймадағы қазынасы – қазақтар. Шығыста қытай әскерімен соғысып, арып, ашып келеді де жүрек жалғау үшін қазақ даласына лап қояды.
Екінші себеп, әсіресе Халдан Сереннің жынына тиген нәрсе, 1740 жылы Орта жүз хандары Әбілмәмбет пен Абылай екеуі Орынборға қосақталып барып, Ресей патшалығына адалдық туралы ант беруі. Сондықтан, қонтайжы Орта жүзді орыстардан бұрын күшпен қаратып алуға асыққан… Ал, қазақ хандары Орынборға барайын деп барып па? Екі жақты қысым ғой – оларды бастап барған. Ол кезде түстіктегі Ұлы жүз рулары жоңғардың қол астында. Әбілхайырға ілескен Кіші жүздің біраз рулары Ресей қарауында, өрісі тарылған Орта жүз рулары амалдың жоқтығынан орыс шекарасына тақау қоныстануға мәжбүр болған. Оның үстіне, ел іші гу-гу әңгіме.
– Орысқа қараған елге ойраттар тиісе алмайды екен. Түбі, ақ патшаны паналаған дұрыс-ау…
– Әне, Кіші жүз руларын көрмейсің бе, жағасы – Жайықта, етегі – Еділде. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, шалқып отыр.
– Ор бекінісінен ашқан сауда базары қандай! Халық не кием, не ішем демей, бар керегін базардан тауып жүр! – десіп, бірі атып, бірі қақты емес пе. Бейне, Әбілмәмбет пен Абылай өз халқын олжадан қағып, Орта жүздің бағын байлап отырғандай көрінген.
Оның үстіне, Орынбордағы орыс әкімдері де құйрығын бұлаңдатып, ай сайын хат жазып, шақыра берді. Осыдан кейін «орыстың да әуселесін көрейікші» деп шешкен Әбілмәмбет пен Абылай – 1740 жылы тамыз айында Орынборға бара қалғанды. Сол жылы Орынбор шекара комиссиясына жаңадан бастық боп келген князь Василий Урусов қуана қарсы алып, бар мәзірімен күткен болды бұларды. Қонақасы кезінде бірнеше зеңбіректен оқ атып, күштерін де көрсетіп қалды… Ертеңінде Урусовпен келіссөз жүргізіп, күні бұрын дайындап қойған адалдық туралы келісімге қол қойды. Мұсылман салтымен Құран ұстап ант берді. Бұл келісімді әркім әртүрлі түсінген жайы бар. Қазақ хандары мұны тату көршілік, өзара адалдық шарты деп түсінсе, орыстар осыдан кейін менің боданым, құлақкесті құлым болдың деп есептейді екен.
Кейін мәлім болды ғой, орыстар да ешкімді жайдан-жай жарылқамайды екен. Бәрі сатулы. Орысқа жеріңді берсең, еліңді билетсең, қазына-байлығыңның аузын ашып қойсаң, сені белгілі кезеңге дейін қолпаштап, пайдаланады да, қызметің біткен соң лақтырып тастайды. Оған Әбілқайыр ханның тағдыры куә. Байқұсты Барақ сұлтанның қолымен мүрдем кетірді де, орнына әкесінен гөрі де елгезек Нұралы сұлтанды отырғыза салды.
Иә, бұл әңгіме неден шықты өзі? Иә, қонтайжы Халдан Сереннің Орта жүзді шапқан себебі туралы екен ғой. Сонымен, Абылай ойда жоқта ойратқа тұтқын болып кете барды. Қасында өзінің немере інісі Жолбарыс сұлтан мен Уақ Өтеген батыр бар. Жан алып, жан беріскен ұрыс кезінде Абылайдың сол жақ санына найза кірген. Жаралы. Жарасын таңып алып, ат үстінде зорға шыдап келеді. Абылайдың кім екенін білген соң-ақ, Себтан ноян бұларды аялдатпай, дереу Халдан Серенге жөнелткен. Салтанаттан да құр емес, елу шақты шерік алдын-артын қоршап, еш жерге тоқтамай суыт жүріп келеді.
Шіркін, Өтеген батыр да нағыз ер еді-ау! Алмағайып күндерде Абылайға ақылшы сүйеу болған сол Өтеген. Абылай онда небәрі отыз жаста. Бұрын тұтқынға түсіп кім көрген, намыстан өртеніп, қатты күйініп келе жатқан.
– Хан ием, – деген Өтеген бір оңашада. – Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді. Бұл жолы бізді үлкен сын күтіп тұр! Сыр бермейік, шыдаңыз! Артымызда қалың қазақ елі бар, жоқтаусыз, сұраусыз қалдырмас.
Сонау Есіл бойынан Құлжа маңындағы Текес жайлауында отырған Халдан Серен ордасына айға жуық жол жүріп, зорға жетіп еді. Бұларды келген бетте күрең шетіндегі жеке үйге кіргізіп, кісендеп тастады. Қатты шаршап келген тұтқындар осында ұйқының есесін бір қайырған. Арада үш күн өткенде Қонтайжыға қолдары зорға жетті-ау!
Өздерінше қыр көрсеткен түрі ме, қол-аяқтарына шідерлі кісен салынған Абылай, Жолбарыс, Өтеген үшеуін күзетші жасауылдар Халдан Серен ордасына итермелеп енгізді. Он екі қанатты алып орданың іші даладай. Сонау төрде қасында үштөрт адамы бар қонтайжы Халдан Серен алтынды тақтың үстінде бір жамбастап жатыр екен. Есіктен кіріп келген Абылайға көзі түсіп, басын көтеріп алды. Сілеусін тектес өткір жанарымен ішіпжеп тесіле қараған. Қазақтың жас ханы қарусыз болғанымен, шарайналы бадана сауыты мен алтынды дулығасын тастамай, жорық киімімен тұрғанды. Қасындағы екі серігінен озыңқырап, орта тұсқа таман келді де, тақта отырған қонтайжыға сәл иіліп тәжім етті. Сонан соң тамағын кенеп:
– Уа, төрт ойраттың көш бастар серкесі, ұлы қонтайжы Халдан Серен, амансау барсыз ба? Қазақтың Орта жүзінің ханы, Шыңғысхан әулеті Абылай дәм айдап құзырыңызға келіп тұр! – деді біркелкі төселген дауыспен, барынша еркін сөйлеуге тырысып.
Мына сөзді естігенде жасы елудің ішін аралап кеткен, айдары тоқпақтай, алпамса денелі, қияқ мұртты Халдан Серен жем көрген жолбарыстай жымып, алға таман ұмтылып қойды. Бет әлпетінде таңданыспен бірге, тұтқынға келемеждей қараған жымысқы күлкі бар.
– Ее, солай де… «Абылай, Абылай» дегізіп, жұртты шулатып жүрген Орта жүздің жас ханы сен екенсің ғой! – деді қонтайжы гүрілдеген жуан дауыспен. – Әйткенмен, шыныңды айтшы, сені мұнда дәм айдап келді ме, әлде адам айдап келді ме?
– Біздің қазақта «Адам айдаса барман, дәм айдаса қалман» деген аталы сөз бар. Соғыста аз адаммен қоршауда қалып, қапыда қолға түскенім рас. Бірақ, ол үшін титтей де өкінбеймін. Сірә, Құдай Тағала ұлы қонтайжымен бет көрісудің орайын осылай келтірген шығар.
– Солай де… Аяқты қалай-қалай тастайды қазақтың мына жас бөрісі?! – деп Халдан Серен қасындағы кісілерге бір қарап қойды. – Айтпақшы, осыдан он жылдай бұрын Алакөл бойындағы ұрыста, менің немере інім Шарышты мерт қылған Абылай сен емессің бе?
– Дәл солай, мәртебелі қонтайжы.
– Сенің мойныңда ханзаданың құны бар. Осы сені дәм тартып келмей, қан тартып келген жоқ па екен?
Абылай бұл сөзге бірден жауап бермей, аз-кем бөгеліп қалды. Манадан түрегеп тұрғанға жаралы аяғы сыздап, отыратын жер іздеді ме, әлі дөп тиер сөз іздеді ме, серіктеріне бұрылып қараған. Соны аңдап қалған Өтеген батыр осы сәтте адамның ойына келмейтін керемет қылық көрсетті.
– Хан ием! – деген Абылайға саңқ етіп. – Мына ноқай қалмақтар қазақтың ханын қас көрсе де, бабаң Шыңғысханның аруағын сыйлап, саған отыратын орын да ұсынбады-ау! Тәйірі, Шыңғыс әулетінің қадірін бес ғасыр бойы төбесіне тұтқан қазақтан өзге кім білуші еді? Кел, хан ием, аяғың талса, отыршы менің арқама! – деп Абылайдың алдына төрт тағандап жата кетті.
Мұндайды күтпеген Абылай не істерін білмей абыржып қалған. Соны сезген Өтеген төмен тұқыра беріп:
– Отыра бер, хан ием. Мен мыналарды жолдан жығу үшін әдейі істеп тұрмын, – дегенді айтып үлгерді.
Абылай, амал жоқ, алдында дөңбектей болып жатқан Өтегеннің үстіне көлденеңдей отырды. Батырдың жон арқасы тас тұғырдай сезіліп, көңілі көтеріліп, өзіне деген сенімі арта түскен. Бойын тіктеп, қонтайжының сұрағына содан кейін ғана жауап берді.
– Жаңа Шарышты еске алдыңыз-ау, мәртебелі қонтайжы. Ана бір жылы ол туысыңыздың менің қолымнан мерт болғаны рас. Бірақ мен оны қан майданда, адал жекпежекте өлтірген сияқты едім. Соғыс құрбандықсыз бола ма? Егер баяғыдан бергі ұрыста өлген қазақ пен қалмаққа құн төленетін болса, оған екі мемлекеттің малы жетпес еді ғой…
Халдан Серен сөзден ұтылғанын сезді-ау деймін, өзінен бес-алты қадам жерде кескен теректей төрт тағандап жатқан қазақтың апайтөс батыры мен оның үстінде мізбақпай отырған Абылайға қарап, ойланып қалды. «Міне, ханын сыйлайтын халық деп мына қазақты айт!» деп Өтегеннің мына қылығына қызыға да, қызғана да қарағанында дау жоқ. Ендеше, мұндай халықпен қастасудан гөрі достасқан абзал емес пе?!
– Әй, қайсың барсың? – деді әлден уақытта есік сыртындағы жасауылдарға дауыстап. – Абылай ханның да, қасындағы серіктерінің де қол-аяғын босатыңдар! Құрметті қонақтарға төрден орын сайлаңдар!
Келесі сәтте-ақ тұтқындар кісеннен босап, жұмсақ көпшіктер қойылған төрге барып жайғасты. Сол күннен бастап, бұларға тұтқын емес, құрметті қонақ ретінде мәмле жасай бастаған. Абылай үшін арнайы ақ үй тігілді, күтуші қызметшілер берілді. Азық-түлік, ішіп-жем жеткілікті. Сірә, бұларды хан асханасы қамдайтын болар. Майлы ет, ыстық сорпа, ақ қалаш, Құлжаның жеміс-жидегіне дейін келіп тұрады.
Қазақ елінен келген бұлар ғана емес, Ұлы жүзден алынған «ақ үйлі аманаттар» да сол маңайда, көрші күреңде тұрады екен. Төле бидің ұлы Жолан, Хангелді батырдың інісі Пұсырман, тағы басқа ру басылардың аманатқа берген балалары біраздан бері осында тұрып жатқан көрінеді. Мал-жанымен, бала-шағасымен, аткөлік, азық-түлік, сойыс малдарына дейін Ұлы жүз басшылары соңдарынан тасып әкеліп тұрады екен. Бодандықтың бір шарты – осы аманат тапсыру ғой. Одан Ұлы жүз рулары да қалыс қалмаған.
Халдан Сереннің немере інісі Дабашы мен қарындасынан туған жиені Әмірсана күндер өте келе Абылаймен жақын араласып, достасып кетті. Дабашы – Абылай құралпы да, Әмірсана бұдан он жастай кіші. Қонтайжы, әсіресе, осы жиенін қатты еркелетіп, еркін ұстайды екен. Бұл Дабашы мен Әмірсана – Тарбағатай жақтағы Хойттар мен дүрбіттердің тәйжілері. Әмірсана қонтайжының рұқсатымен Абылай мен Өтегенді Майлы Жайырдағы өз жайлауына апарып қайтты.
– Абылай, сен өз еліңе жақын барғалы тұрсың, бірақ, мен сені қашып кетеді деп ойламаймын! – деген Халдан Серен бұлар аттанарда. – Қашып кетеді дейтін құл емессің ғой, хан тұқымы, ақсүйексің. Еліңді қанша сағынсаң да, әзірше шыда. Енді бірнеше айдан соң, өзіңді сый-сияпатпен ұзатып саламын.
Айтты айтпады, Майлының Қоңыраба сазы қазақтың Алакөліне тиіп тұр екен. Жүйрік атпен тартып кетсең сол күні-ақ жетіп баратын жер. Бірақ, Абылай ондай уағда бұзар, оғаш қылыққа бармады. Алакөл жаққа көз жанарын суарып, қарады да қойды.
Сол жылы күзде Өтеген батырдың немере ағасы уақ Ақшора би бастаған қазақ елшілері келіп, қонтайжымен келіссөз жүргізген. Халдан Серен оларды жылы қарсы алып, Абылайды жақында еліне қайтаратынын айтып, бірнеше шарт қойды. Біріншіден, Әбілмәмбет хан, не Барақ сұлтан кезектесіп, бір-бір баласын аманатқа берсін. Бұл бодандық міндет емес, уақытша Абылайдың төлеуі. Екінші, «Мен Шуно Доба деген – Сыбан Рабданның кенже ұлымын. Жоңғар тағының мұрагері мен болам» деп, «Қарасақал» деген бір бұзақы қазақ ордасында жасырынып жүр. Қазақтар соны маған ұстап берсін… Тағы сол сияқты жеңіл-желпі міндеттер.
Соны айтып, Абылай мен Өтегенді алып қалды да Жолбарыс сұлтанды елшілермен бірге қайтарып жіберді. Абылайдың мұндағы тұрмысы ойдағыдай жақсы екенін көріп, қазақ елшілерінің де көңілі орныққандай болып еді. Абылай үшін тұтқындағы айлар бекер өткен жоқ. Ол бос уақытын моңғол тілін үйренуге, ойраттар өмірін зерттеуге жұмсады. Осында жүріп біраз шындыққа көз жеткізді де.
Бір ашқан жаңалығы, бұрын біреулер Шыңғысханның тегі – монғол, ол алғаш монғолдарға хан болып, содан көтерілген дегенге Абылай да сеніп, қанымыз, тегіміз бір ғой деп монғолдарға жан тартып тұратын. Сөйтсе, олай емес екен. Мына ойраттар да, шығыстағы халқа монғол да Шыңғысханды білмейді. Бұл жақта Шыңғыс ханның бірде-бір ұрпағы, бірдебір төре жоқ. Ойрат шалдарының сырттай естуі бар. «Бабаларымыз Шыңғысханға әскер болған» дегенді ғана айтады… Абылай ойрат ордасына келіп жатқан халқа монғолдың елшісінен де сұрап көрді. Егде жастағы оқымысты адам екен. Шыңғыс ханды ол да білмейді. Ертеде сондай бір ұлы қаған болғанын ғана біледі. Бірақ халқа монғолмен қандай байланысы барын айта алмады.
Бірде Халдан Серенмен әңгімелесіп отырып, қонтайжыдан Шыңғыс хан жайында сұраған. Абылай тоқ етер жауапты содан естіді.
– Шыңғыс хан – моңғол емес, түрік қой, – деді Халдан Серен сенімді түрде. – Түріктің Қият тайпасынан… Шыңғысханның өзі де түрік, бүкіл әскері де түріктер. Рас, Шыңғыс хан кейде біздің ойрат жасағын да пайдаланған көрінеді. Бірақ олар теңізге қосылған тамшыдай ғана…
– Ал, халқа монғол ше? Олар қазір Шыңғысханның қонысында отыр ғой? – деген Абылай Қонтайжыдан анығын біліп қалғысы келіп.
– Халқалардың Шыңғысханмен үш қайнаса сорпасы қосылмайды! – деді Халдан Серен бірден кесіп. – Түркілер Орталық Азияны қаратып алған соң батысқа қарай ауа көшіп, Алтай мен Атырау арасында «Алтын Орда» мемлекетін құрып жатқанда, халқалар солардың көшкен жұртына ие болған халық қой. Халқалар тым құрыса біз сияқты Шыңғысханға жасақ та қоспаған.
– Сонда, Шыңғысханның тегі кім?
– Айттым ғой, қағанның тегі түрік деп. Тіпті оны бүгінгі атаумен қазақ десе де болады. Анасы да, бәйбішесі Бөрте де қоңырат қыздары. Ал әкесінің елі қият пен қыпшақ та, өскен ортасы керей мен жалайыр да бұл күнде қазақ құрамында жүрген жоқ па? Демек, Әбілмәмбет екеуің қазақ еліне текке хан болып жүрген жоқсыңдар. Отырған тақтарың – баяғы Шыңғысханның мұрасы…
Халдан Серенмен екеуара әңгіме мұнымен біткен жоқ. Әлде Абылайды сынағысы келе ме, қонтайжы кейде мұны ордасына шақырып алып, өз тарапынан да қызық сұрақтар қояды.
– Біздің ойраттың саны қазақтың үштен біріндей ғана… Яғни бір жүзіндей ғана. Соған қарамастан баяғы сендер «Ақтабан шұбырынды» деп атайтын жылдары Қазақ ордасы ойраттан неге тас талқан болып жеңілді? Соны білесің бе? – деді Халдан Серен кезекті бір кеңес үстінде.
Абылай көп ойланып жатпай, сол тұста жиі айтылып жүрген әңгімені қайталай бастаған:
– Шабуыл тым тұтқиылдан басталды. Көктемгі көкөзек шақта аткөлік арық болды. Үш жүзге бөлінген қазақ рулары қоныстарының шалғайлығынан дер кезінде бас қосып үлгермеді…
– Ол айтқандарың былайша қисынды көрінгенмен, негізгі себеп бола алмайды, – деді Халдан Серен мұның сөзін бөліп. – Көктемгі көкөзек шақта қазақтың аты арық болғанда, қалмақтың атын біреу қыстай сұлы беріп бағып шығып па? Бұл жағдай мал сүмесін емген көшпенді жұрттың бәріне ортақ емес пе. Ал шабуылдың тұтқиылдығына келсек, қазақ хандарын ол да ақтай алмайды. Қас дұшпанның дәл іргеңе келіп әскер топтап жатқанын сезбесең, онда ел билеп, таққа отырып нең бар?
Қонтайжы осыларды айтып аз үндемей отырды да, сөзін қайта жалғады.
– Қазақ ордасын қырық жылдай билеген Әз Тәуке сіздерде аса ұлы, ақылман хан болып саналады. Бірақ, ол қанша данышпан делінгенімен, ұлы қолбасы бола алған жоқ. Жауынгерлік жағынан арғы бабалары Тәуекел баһадүр хан мен Еңсегей бойлы ер Есімді айтпай-ақ қояйын, өз әкесі Салқам Жәңгір ханның шеніне де келе алмады. Әз Тәуке өзімен бақталас сұлтандардың билігін шектемек болып, бар тізгінді үш жүзден шыққан билерге ұстатты, тілге шешен, сөзге жүйрік билер даушармен айналысып кетті де, халықтың әскери жауынгерлік деңгейін төмен түсіріп жіберді. Осы өзгерісті дер кезінде байқаған менің әкем Сыбан Рабдан қазақ елін көп шығын шығармастан оп-оңай жаулап алды.
Абылай бұған қарсы ешқандай уәж қайтармады. Себебі Халдан Серен бұлтартпас дәлелмен дұрыс айтып отыр. Осындай бір күдік кейде Абылайдың өз көңілінде де қылаң беріп қалатын. Қонтайжы сол ойының үстінен дөп түсіп отыр. Өзі қазақ қоғамын қалай терең зерттеген десейші.
– Осы жұрт қазір мені де «Жоңғардың ұлы қонтайжысы» деп әспеттейді. «Менің атақ-даңқым әкем Сыбан Рабданнан да асып кетті» деседі… Жағымпаздарды қойшы, олар күні үшін не ойлап таппайды? Ал, сен сырт адамсың ғой, менің ұлылығыма сенесің бе? – деді Халдан Серен тағы бір отырыста.
Абылай күтпеген сұраққа басында не айтарын білмей, абыржып қалды да, ақыры, көптен көңілінде жүрген ойды ірікпей турасына көшті.
– Мархабатты қонтайжы, сіздің сайыпқыран ерлігіңіз бен алысты болжай білетін көрегендігіңізде еш қапы жоқ. Батыс пен шығысқа бірдей тұрыстық берген ұлы қолбасы сіздей-ақ болар. Алайда, ұлы мәртебелім, сіздің де ақсайтын жеріңіз бар…
– Бөгелме, айта бер! – деді Халдан Серен қарадай алқынып.
– Айтсам, кемшілік сізде емес, қарашы халқыңызда. Ірі жайындар терең теңізде ғана болады. Сіздің сорыңыз – басқа тартса аяққа жетпейтін аз елге хан болуыңызда…
– Ірі жайындарың кім сонда?
– Ақ патша, Еженхан, Түрік сұлтаны…
– Болды… Жетеді! – деді Қонтайжы оң қолын жоғары көтеріп. – Ендеше, мен ғана емес, сенің басыңдағы қасірет те – осы. Мен қазақ пен қалмақты бір тудың астына жинасам деп, неге жанталасып жүр дейсің?!
Бұдан кейін де Қонтайжы қазақ пен ойраттың болашақ тағдыры жайында Абылаймен жиі әңгімелесіп тұрды. Кейде екеуара сөз таластырып, дауласып та қалатын кездері бар. Сол пікір таластың қорытындысы ретінде, Халдан Серен күзге қарай тағы бір «жүріс» жасады. Бұл – Абылайдың Әмірсанаға ілесіп, Тарбағатай аймағына барып қайтқан кезі болатын. Бір күні екеуін ордаға шақырып алды да:
– Әмірсана мен Абылай! Екеулерің былтырдан бері тамыр боп, достасып жүрсіңдер. Бұл – қуанышты жағдай. Қазақ пен қалмақ бірін-бірі қалжыратып, қашанғы жауласа береді. Болашақта құлқыны кең, ойы бұзық көршілерден бірлікте қорғануға тура келе ме, кім білсін? – деп сәл ойланып отырды да, – Сондықтан, сен екеуің жай ғана дос емес, «анда» болыңдар. Анданың шартын білесіңдер ғой: андалар өмір бойы бірін-бірі сатпайды, басқа іс түскен қиын-қыстау күндерде бірін-бірі жолға тастап кетпейді.
Бұл ұсынысты Ордада отырғандар дуылдай қостады. Абылай мен Әмірсана да қарсы болған жоқ. Қонтайжының ерке жиені Әмірсана жаны кеудесіне симай тұрған, жасы жиырмаға жаңа келген жалынды жас жігіт. Сол жастығы болар, аздап ұшқалақтау. Абылай екеуі ортаға шықты да, тамам елдің көзінше білектерін қанжармен шетіп, қандарын араластырды. Халдан Серен алдында ант ішіп, «анда» болды… Кейін, Шүршіт шабуылы кезінде Абылайдың қазақ еліне қашып келген Әмірсананы қытайларға ұстап бермей, ақырына дейін соғысатыны содан ғой.
1743-жылы наурыз айында Абылай тұтқыннан босанып, елге қайтты. Бұдан да ертерек қайтуға мүмкіндігі бар еді, Ақшора би мен Малайсары батыр бастаған қазақ елшілерінің келуін күтті. Елшілердің бұл жолы қонтайжыға әкелген сәйгүлік ат, қыран бүркіт, жүйрік тазы бастатқан тартулары бар екен, соларын табыстады. Бұдан сырт, Абылайдың орнына Әбілмәмбет ханның үлкен ұлы Әбілфейізді ала келіпті. Келер жылы оны Барақ сұлтанның ұлы Шығай алмастырмақ. Келісім бойынша, бұдан кейін екі ел арасында атыс-шабыс, барымта-сырымта болмайды. Екі арада сауда керуендері еркін жүріп тұрады. Ойрат ордасы бір кезде басып алған Сыр бойындағы Түркістан, Ташкент, Сайрам сияқты қалаларды қазаққа қайтарып береді.
Келісім-шарттың бұл баптарын елшілік келгенге дейін, қонтайжы мен Абылай өзара әңгіме кезінде пісіріп қойған-ды. Бұл жолы ресми түрде қағазға түсті. Кейін «Абылайды тұтқыннан біз құтқарып алдық» дейтіндер әр жерден көрініп қалып жүр. Орынбордағы орыс әкімдері «Ойрат ордасына майор Миллерді жіберіп, Абылайды тұтқыннан біз босаттық» дейтін көрінеді. Шындыққа жүгінсек, Миллердің басқа да әртүрлі тапсырмамен ойрат ордасына келгені рас. Бірақ, ол Халдан Серенге жете алмай, Ташкенттегі Сары Манжы ноянның құзырынан қайтқан. Оның үстіне, Миллер келген кезде Абылайдың ойрат ордасынан қандай сый-сияпатпен, қашан аттанатыны шешіліп қойылған. Үнділіктерде «сазға батқан пілді піл ғана сүйреп шығарады» деген сөз бар екен. Ақиқатына келсек, Абылайды тұтқыннан босатқан – Абылайдың өзі мен Халдан Сереннің даналығы.
Абылай ойрат ордасынан құр қол қайтқан жоқ, қайындап барған күйеудей артынып-тартынып, мол олжамен оралды. Халдан Серен бұлар аттануға жақындағанда, Абылайды шақырып алып:
– Сенің еліңде «судың алдын шым бөгейді, даудың алдын қыз бөгейді» деген бір тамаша сөз бар. Тату-тәттіліктің белгісі ретінде, сен де ойраттан бір қыз алып қайт! – деп, өзінің аталас інісі, ұзақ жыл Қашқарияны билеген Сары Мөңке ноянның ұйғыр әйелінен туған, үріп ауызға салғандай, он жеті жасар Топыш атты қызын Абылайға әкеліп қосқан-ды.
Соңынан сұрастырып көрсе, Сары Мөңке де оңай адам емес, баяғы Батыр қонтайжыдан өрбіген хан әулеті болып шықты. Ең ғажабы, Сары Мөңке – дәл қазір Ұлы жүзді билеп тұрған Сары Манжы ноян мен ана жылы Абылайдың қолынан мерт болған Шарыштың туған ағасы екен. Халдан Сереннің кемеңгерлігі сонша, қазақ-қалмақ арасындағы ескі дауды өршітпей бітірудің жолын осылай тауып еді. Осындай қиын даудың алдын бөгеген Топыш сұлуда да арман жоқ.
Сол Топыш сұлудың арнайы жасалған, ою-өрнекті, сәнді отауы мен жасау-жиһазы, әлденеше түйеге жүк болды. Оған ұзатылған қыздың еншісін, қызметші құлдарын, Дабашы мен Әмірсана сияқты көңілдес тәйжілердің сый-сияпатын қосқанда, ұзақ салқар көш түзеді… Сөйтіп, осыдан екі жылдай бұрын осы елге қол-аяғы кісенделіп, тұтқын боп келген Абылай, ақырында Халдан Сереннің сыйлы қонағына айналып, ойраттың ару қызын құшып, ең бастысы соғыстан әбден қажыған халқына бейбіт бітім алып қайтып еді.
Ойлап отырса, содан бері де қырық жылға жуық уақыт өтіпті-ау! Бұл күнде сары қарын бәйбішеге айналған Топыш ханым ер қадірін білетін бапты әйел болды. Бәлкім, ойраттың қызу қаны мен нағашы жұртының тәлімі болар, ханның өзге әйелдерінен гөрі қылықты, өзіне магниттей тартып тұрады. Құшағы құтты. Абылайдан Қасым, Қамбар атты ұл, әлденеше қыз тапты. Ойраттың жиендері Қасым да, Қамбар да – ержүрек, батыр жігіттер…
Амал не, осы Қасымнан енді жиырма жылдан соң Кенесары атты тағы бір ұл туатынын, сол немересі қазақтың ең соңғы ханы болатынын, орыс әскерін қан қақсатып, он жыл бойы айқасатынын қайран Абылай дәл қазір білмей отыр-ау!
- V -
Қазақ та «үйреніскен жау атысарға жақсы» деген сөз бар. Ойраттар – қазақтың үйреніскен жауы еді. Тағдырдың жазуы шығар, төрт ойрат бас біріктірген сол Жоңғар хандығы да жер бетінен өшіп кетті. Ұзақ жыл атыса-шабыса жүріп, бірде жауласып, бірде достаса жүріп, қазақ ордасы бір кезде Жоңғар басып алған шығыс-оңтүстік аймақтарды 1754-жылы толық азат етіп үлгерген. Бірақ Жоңғардың ажалы қазақтан емес, қытайдан келді.
Шынтуайтқа келгенде, ойраттардың ата жауы – қазақ емес, қытайдың Маншың хандығы болатын. Сонау Халдан Башухтыдан, Батыр қонтайжыдан, Сыбан Рабданнан бері қытаймен ылғи да соғысып келе жатқан-ды. Олар қытаймен соғыстан қолы қалт еткенде ғана олжа түсіру үшін қазаққа ат басын бұратын. Ал, «Аспанасты мемлекеті» шығыстағы Халқа Моңғолды осыдан бір ғасыр бұрын оп-оңай жаулап алғанымен, осы ойраттарға шамасы келмей-ақ қойды. Бірінен-бірі өткен ойраттың сайыпқыран қонтайжылары қара құрттай қаптаған қытай әскері қанша ұмтылғанымен, Құмылдан бері бір адым бастырмады.
Кейде бір елдің бағы бір кісіге қарап тұрады екен ғой. Ойраттың ең соңғы ұлы қонтайжысы Халдан Серен дүниеден өткен соң-ақ бұл елден береке кеткен. Бақ құмар, шен құмар туыстар арасында қиян-кескі тақ таласы басталды. Алғашында әр рудың басындағы тәйжілер мен дінбасы ламалар, шырық бұзбас, жас қой деп, таққа Халдан Сереннің кенже ұлы Себан Доржиды отырғызған. Арада үш-төрт жыл өткенде қонтайжының некесіз туған ұлы Лама Доржи інісі Себан Доржидың көзін құртып, тағын тартып алды. Оған енді Дабашы мен Әмірсана қарсы аттанып, әскері мол Лама Доржидан күйрей жеңілді. Сол тұста ғой – Дабашы мен Әмірсананың қазақ еліне қашып келіп, Абылайдың қолтығын паналайтыны.
Абылай, әрине, бір кездегі көңілдес досы мен андасын далаға тастаған жоқ. Екі қашқынға көмектесіп, Лама Доржидан Жоңғар тағын тартып алуға тікелей ат салысты.
Абылайдың ондағы ойы – шамасы келсе, Ойрат ордасын сақтап қалу болатын. Алты басты Қытай айдаһарымен қабырғалас көрші болғаннан гөрі екі аралықта жауынгер ойраттардың қалқан болып тұрғанын қалап еді. Оның үстіне Жоңғар тағында мұнымен досжар, ниеттес адамдар отырса тіпті жақсы.
Бірақ, оған болды ма, Лама Доржиды мүрдем кетіріп, Дабашының таққа отырғаны сол еді, оған енді өзінің қарулас досы Әмірсана қарсы шықты. Тоба, мұндай да ертеңін ойламайтын, бәтуасыз, таққұмар адамдар болады екен! Осылайша, тәйжілер жік-жікке бөлініп, өзара соғысып жүргенде, ойрат елі күйзеліске ұшырап, ел болудан қала бастаған. Маншың императоры Сяньлун де дәл осындай қолайлы сәтті күтіп отыр екен. Қансырап жатқан Жоңғар хандығына қалың әскер аттандырды да, 1755-жылы ойраттың шаңырағын ортасына түсірді. Дабашы көп ұзамай-ақ қолға түсіп, басы алынған. Ал, Әмірсана үйренген жолмен тағы да қазақ ордасына қашып келді. Жәй келсе бір жөн ғой, жүрген жеріне лаң салып, пәле тауып беретінін қайтерсің, Әмірсананы қуып қытай әскері келді соңынан. Аз емес, екі бағытта – Алакөлді және Ілені бойлап келген қырық мың әскер. Қойған талабы – Әмірсананы ұстап беру. Не істеу керек? Қанша дегенмен «анда» деген аты бар. Абылайға Әмірсананы қорғап, қытай әскерімен соғысуға тура келді. Рас, бұл соғысты жұрттың бәрі бірдей қостаған жоқ. «Бір адамға бола қаптаған қалың жаумен қалай соғысамыз? Әмірсананы ұстап беріп, бәледен құтылмаймыз ба» деушілер де болды. Бірақ қазақтың Қабанбай, Көкжал Барақ, Малайсары, Баян, Наурызбай сынды батырлары Абылайды жақтап шықты да, қазақ қолы қытай әскеріне қарсы соғысуға бел байлады. Хан кеңесіне қатысқан Көкжал Барақ: «Қытай көп болғанда қайтушы еді? Тәйірі, кісі соғысқанда, жаумен санап соғыса ма» деді-ау тайсалмастан. Артынан уақыт көрсеткеніндей, бұл шешім барлық жағынан дұрыс еді. Қазақ ордасы сол жолы Әмірсананы ғана қорғап қалған жоқ, өзінің елдік беделін де сақтап қалды.
Қазақ батырлары бұл жолы көшпенділердің ежелгі «дала ұрысына» салған. Жер жадысын білмейтін жау әскерін Арқаның сусыз, бетпақ шөліне бастап барып, сілесін қатырды. Анда-санда Әмірсананы бір көрсетіп қойып, соңдарынан ерте берген. Жау әскерін таң атпай ұйқыда басып бір қырса, мініс аттарын қуып әкетіп, өздерін жаяу сандалтып, аштық пен шөлден тағы қысымға алды. Содан, не керек, қырық мың шеріктің жарым-жартысы қалғанда Маншың генералдары Абылайдан бітім сұрауға мәжбүр болды ғой. Әскерлерінің бұл жорығына император Сяньлунның да көңілі толмаған сияқты. Бара салысымен, әскер бастап келген қос генерал: Дардана мен Хадакиді орнынан алып, әскери шендерінен жұрдай етіпті…
Бірақ, Абылай қанша қолдағанымен, бағы қайтқан Әмірсана бәрібір қатарға қосылмады. Кейін Омбыдағы орыс әкімдерінің шақыруымен сол елге кетіп еді. 1757-жылы, небәрі отыз бес жасында жұмбақ жағдайда қайтыс болды.
Сонымен, екі арадағы Жоңғар хандығы жойылып, ұлы Қытай елімен көрші болуға тура келді. Маншың әскерінің былтырғы екпіні тым қатты еді. Жоңғарды жұтып жіберіп, «Әмірсананы қуып жүрміз» деген сылтаумен, енді қазақ жеріне ауыз салған. Қазақ елінің тамырын басып көріп, егер тіске жұмсақ болса, бұл елді де қоса қылғыта салу ойында болғаны анық. Бірақ, 1756-жылғы Арқадағы соғыста маңдайлары тасқа тиген Қытай императоры ол ойынан тез қайтты. «Ер шекіспей бекіспейді» дегендей, мұндағы Қытай генералдары Фуде мен Жау Хой да бірден жуасып, келесі жылы «Мамырсу келісімін» жасауға амалсыз көнді. Оның арты жаман болған жоқ, екі жақ бейбіт бітімге келіп, тату көршілік қатынас орнады. Елшіліктер алмасып, Абылай мен император Сяньлун ай сайын хат жазысып тұратын болды. Қытай жағы Үрімжіде, Құлжа мен Шәуешекте қазақ үшін базар ашты.
Уақыт өте келе, Абылай бұрын сырын білмейтін Маншың төрелерінің де мінез-құлқын танып келеді. Бұл елдің хат жазу мәнері, көршілермен қарым-қатынасы өте қызық. Өздерін дүниенің кіндігі, «Аспан асты еліміз» деп есептейді. Жақын-жуық, іргелес көршілердің бәрі – Қытайдың бағынышты вассалдары болып саналады екен. Маңайындағы ұсақ елдер, шынында да, солай болған ба, кім білсін. Қытай төрелерінің сөздік қорында: жеңілдік, шегіндік, қателестік деген ұғымдар болмайды екен. Ылғи да солардыкі дұрыс болуға тиіс. Міне, алты аласы, бес бересі жоқ қазақ ордасы да «Аспан асты» елінің бағынышты мүриті болып шыға келді. Император Сяньлун жастарының құрбылығына қарамастан, хаттарында Абылайды «ұлым» деп жазады. Осылайша, сырттай саған қамқор болып тұрған патшаға «сенің ұлың емеспін» деп қалай айтасың. Көп ұзамай Абылай да қытай мәнерімен, «сіздің бағынышты құлыңыз» деп жазатын болды.
Маншың хандығы Жоңғарды жойып қана қоймай, өздерін оған мұрагер санап, Жоңғар атының тұяғы тиген жерлерді түгел иемденгісі келген. Құдайдың сақтағаны деңіз, Қазақ ордасы көп жыл бұрын жоңғар басып жатқан өзінің шығыс-оңтүстік аймақтарын 1754-жылға дейін азат етіп, шекара белгілеп үлгергені мұндай жақсы болар ма?! Өйтпегенде қазақ жерінің қақ жарымы Қытайға қарап кеткендей екен… 1757-жылғы Аягөздегі «Мамырсу келісімі» қазаққа бейбіт бітім әкеліп қана қоймай, саудаға да кең жол ашты. Қазір, несін айтасың, Үрімжі мен Құлжаға, таяу іргедегі Шәуешекке мал айдап барған қазақтар бұл-шайға, торғын мен торқаға кәні болды да қалды.
Абылайдың көкейін тескен ендігі арманы – жойылып кеткен жоңғардың жұртында иен қалған Тарбағатай, Алтай, Іле аймақтарын басып қалу болатын. Сол оймен Жоңғардан босаған шығыс өңірге қазақ руларын көшіріп, шекараға жақындатып қойған-ды. Наймандар өздерінің ежелгі қонысы Қара Ертіс пен Тарбағатайға, керейлер Алтайға жеткенше асық. Мал жаямыз, жайлауға шығамыз деген сылтаумен әлден-ақ шекарадан асып түсіп жатқандар бар. Әрине, алғашқы кезде Қытай шекарашылары қазақ ауылдарын жолатпай, кері қайтарып отырды. Қазақ малшыларының «тәртіпсіздігі» жөнінде Іле губернаторы император Сяньлунға шағым айтып, ол Абылайға хат жазып: «Қарашы халқыңызға ие болыңыз. Олар күн сайын шекара бұзуда. Біз жоңғар жерін қазақ үшін босатқамыз жоқ» деген мазмұнда наразылық білдірді.
Оған қайтарған Абылайдың жауабында: «Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтары қашан ойраттар келіп басып алғанша, қазақтың байырғы қонысы болатын. Сіздің қамқорлығыңыздың арқасында біздің ел бір кезде қолдан шығып кеткен ежелгі қонысына барып жатыр. Олар, түбі, сіздің саяңызды паналағысы келеді» дегендей жылы-жылы сөздер жазылған. Қытай шекарашылары мың шақырымға созылған тау мен даланы күзетуден жалықты ма, әлде «қазақтар сіздің саяңызды паналағысы келеді» деген сөздер император Сяньлунның буынына түсіп кетті ме, әйтеуір 1765-жылы «Қазақтардың Жоңғар жеріне қоныстанып, көшіп-қонуына рұқсат етілсін» деген жарлық шықты. Бос жатқан өлкеге мыңғырған бай ауылдардың көшіп келуі жергілікті Маншың ұлықтарына жаман болған жоқ. Олар мал санына қарап, жыл сайын жүз басқа – бір бас салық алып тұрды. Төрт түлік малдан алатын салықты жылқыға шағып алғандықтан және алатын аттарына сары ноқта кигізетіндіктен, мұны қазақтар «сары ноқта салығы» деп атайтын болған.
Сонымен, қазақ-қытай қатынасында қазақ ханы Абылай ұтысқа шықты деуге әбден болады. Екі жақты теке-тіресте император Сяньлунның тілін тапқаны соншалық, бастабында ойраттармен бірге қазақ даласын қоса жұтпақ боп келген Маншың билеушілері ақырында Жоңғардан босаған аймақтарды қазаққа беріп, зорға құтылды.
«Бұл да бір орайы келген, сәтімен біткен іс болды-ау! – деді іштей толғанған Абылай хан оң жамбасына аунап түсіп. – Алты басты айдаһарға жұтылып кетпей аман қалудың өзі неге тұрады?! Ал күні кеше қырық жыл қырқысқан ойраттың орнын түбі қазақ басады деген кімнің ойында бар? Бұл – ашығын айтқанда, тағдырдың төтенше сыйы, жаратушының қазақты жарылқауы… Енді жуық арада қазақты алатын жау жоқ. Екі қағанаттың ортасында, ешқайсысына есеңді жібермей, таразы басын тең ұстап отырсаң болғаны».
Бұлай дегенде, Абылай дүниені қазіргі өз деңгейімен өлшеп отыр еді. Қазақтың жауы шетте ғана емес, өз ішінде екенін сезсе де, таяу болашақта не боларын толық пайымдай алмаған. Қазақтың соры – ала ауыздық, ішкі бірліктің жоқтығы. Ұлы ханның көзі жұмыла салысымен, бұрын да Жоңғарға бодан болып дағдыланған оңтүстік аймақтар Қоқанға бөксесін оп-оңай бұра салады деп кім ойлаған… Батыстағы Әбілқайыр әулеті ежелден орысшыл ғой. Көп ұзамай Арқадағы ел де солардың кебін киді. Абылай ұрпағының өзі орысшыл және отаншыл болып екіге бөлінді-ау! Ал «бөлінгенді бөрі жейтінін» атам қазақ баяғыда айтып кеткен.
- VІ -
Желтоқсанның орта шенінде Абылай өз ұлы Әділ сұлтан салдырған «хан қорғанына» көшіп түсті. Дер кезінде көшкен екен, ертеңінде тұсардан қар жауды. Баяғыда Арқаның қақаған қысында сыртына қос-қабат туырлық жауып, іш жағына алаша, кілем ұстап, іргесі көмілген киіз үйде жұрт қатарлы отыра беруші еді, кейінгі кезде Абылай тоңғақ болып жүр. Әлде қарттық пен қабат келген сырқаттың әсері, сүйектің де, жүйкенің де жұқарғаны… Терезесі самаладай жарық, пешінде от жанып тұрған жылы үй Абылайға бірден ұнады. Тоқалы Ақсәуле де жаңа үйге Ташкенттен алдырған жиһаздар қойып, қабырғаларына кілем тұтып, тіпті жайнатып жіберіпті. Мұндай там үйге ханның қолы жаңа жетіп отырғанда, өзге қазақтың халі не күйде десейші. Абылайдың бір арманы – қазақ жерінде бірнеше қала салып, өз халқын отырықшылыққа бастау еді, амал не, оған үлгере алмай бара жатыр ғой.
Екі кісілік жұмсақ төсек те жатқан адамға тым жайлы екен. Абылай бүгін ұйқысы қанып, сергек оянды. Басын көтеріп қараса, қасындағы Ақсәуле әлдеқашан тұрып кетіпті. Қазір төр алдына жатаған үстел қойып, төңірегіне көпшік тастап, сәскелік астың қамында жүр.
Абылай жылы киініп, Батталдың көмегімен тысқа шықты. Жаңа жауған ақша қарды тамашалап аулада біраз бөгелді. Күн ашық, әрі тымық екен. Қар жамылған кіршіксіз аппақ дүние күн нұрына шағылып, көз қарықтырады. Өзен бойындағы тал-теректердің бұтағы мысық құйрықтанып, үп еткен жел тұрса төгіліп кеткелі тұр. Айнала-дүние қандай таза, қандай аппақ! Оңтүстік қысы қашанда жұмсақ. Дәл қазір Арқада аяз қысып, боран ұйтқып тұр ма, кім білсін. Ал, мұнда нағыз қансонар. Қолыңа қыран қондырып, құмай ертіп, аңға шықса ғой, шіркін!
Біраздан соң үйге кіріп, дастарқан басына жайғасты. Құрт, ірімшік, сары май, ақ бауырсақ, тоңазыған қазы-қарта… Абылай әрқайсысынан шөкіп-шөкіп ауыз тиді. Ой-хой, шіркін, баяғы заманы болса, опырып-ақ жейтін тағамдар. Қазір асқа тәбеті жоқ. Іштегі дерт қой – жібермей тұрған… «Денсаулық дегеніміз – тамақ пен ұйқы. Егер тамағың тоқ, ұйқың тыныш болса, сені алатын жау жоқ, балталаса да өлмейсің» деп еді анада өзін қараған бір дәрігер. Абылайда осы екеуі де күн санап төмендеп барады. Демек, дерттің тұлабойға жайылып, денсаулықты жеңе бастағаны ғой.
Дәл қасында толған айдай толықсып, Ақсәуле отыр. Әйел затының отыз бес жастарында осылай бір құлпыратыны бар-ау! Тұрған бойы, бүкіл болмысымен «денсаулық дегенің – мына мен емеспін бе» деп отырған секілді. Несін айтасың, денсаулық та, сұлулық та бір өзінде. Ханға біткен он екі әйелдің өзгесі бір төбе де, осы Ақсәуле бір төбе. Ұя басар соңғысы ғой, қанша дегенмен… Қалай қиып кетер мына кіршіксіз аппақ дүниені, әлі құшағы суымаған Ақсәулені?!
Ақсәуле бүгін көңілді. Қыста там үйде отыру арманы еді, соған қолы жеткеніне мәз. Көкшетаудағы орыстар салып берген үйге әйелдердің бәрі бірдей кіре алмаған. Мына сарай одан әлдеқайда кең екен. Ханның жатын бөлмесінен басқа, қызметшілер мен балаларға да жеке бөлме тиіпті, соны сөз қылып отыр.
– Осы үйде қанша бөлме бар екен, аралап көрдің бе? – деді Абылай да сөзге араласып.
– Анығын білмедім. Кемінде он-он бес бөлме бар-ау деймін, – деді Ақсәуле түйе сүтін қатқан күрең шайды ханның алдына жақындатып, – Ана жақ шетте сұлтанның өзі бала-шағасымен әлденеше бөлмені алып жатыр. Ортада хан кеңесіне арналған зал мен қонақ бөлмелер өз алдына бөлек…
– Хан әулетінде қора-жай салуды біздің Әділ бастады ғой. Қазақты отырықшы тұрмысқа көшірсем деген менің арманымды енді солар іске асыратын шығар, – деді Абылай қамыға күрсініп.
Шайдан кейін Ақсәуленің сүйемелдеуімен төсегіне келіп жантайды. Сәл көз шырымын алсам деп еді, оған болатын емес, ойдан-ой туып, ұйқыны аулаққа қуып тастады. Өткен өмірді қаздай тізілтіп, көз алдынан өткізіп жатыр. Ойлап отырса, көзі тіріде мұның қатары тым аз қалған екен. Сұмдық қой, маңайында әңгімелесетін адам жоқ. Заман өзгерген, ұрпақ ауысқан. Тоба, күні кеше үзеңгі қағысып бірге жүрген Абылайдың замандастары басқа бір жаққа ауып кеткен секілді. Енді бұған көштің бетін сол ел ауған жаққа бұрудан өзге амал жоқ.
Былай барлап қараса, өз басы тұтас бір дәуірдің куәсі болыпты. Қапы қалдым дейтін жері жоқ, өкініш-өкпеден ада. Бұл өмірдің қызығы мен шыжығына армансыз қанған секілді. Баяғы Алакөл шайқасында Шарыштың басын алғаннан бері елу жыл өткен екен. Осы аралықта анық бір ай бой жазып, аттан түспепті ғой. Жоңғармен жұлқысып, қытаймен қырқысып, бірде тату, бірде араз қырғызбен қидаласып, бүкіл өмірі ат үстінде, жорықта өтіпті. Бұған «түбі, үйелменіңмен ұйпап жұтатын тажалың да, ажалың да мен болам» дейтін орыс өктемдігі мен қыр астында жатып қоқиланған қоқан бектерін қосыңыз. Ол аз болса, жау жағадан алғанда етекке жармасатын ел ішінің ала ауыздығы тағы бар. Міне, осылармен алысып өтті ғой Абылайдың өмірі.
Әйтсе де өкініш жоқ. Тағдыр бұған қазақ тарихының ең ауыр да абыройлы кезеңін сыйға тартыпты. Мұның өмірі қазақтың азаттық үшін алысқан жауынгерлік, ерлік дәуірімен тұспа-тұс келді. Ой-хой заман! Жаудың бетін қайтарып, туған жерін жат жұрттан тазарту үшін, қазақ елі кімдерді тудырмады?! Кілең бір шаңырақ мүйіз батырлар мен аузымен құс тістеген дана билер… Абылай ең алдымен өзінен бұрын елді ойлайтын Әбілмәмбеттей әулие ханның шарапатына бөленді. Егер Әбілмәмбет болмаса, Абылай қанша батыр, қанша алғыр болса да, мұндай биікке көтерілмес еді. Әбілмәмбет басында мұны Атығай-Қарауылдың сұлтаны, кейін Орта жүзге хан сайлатып қана қоймай, «бұрын есе тимеген аталарыңның сыбағасы» деп, астындағы Үш жүздің тағын бұған бірнеше рет ұсынды-ау! Бірінші рет, Абылай жоңғар тұтқынынан босап келгенде, екінші рет, қытайға қарсы соғыс қарсаңында. Екі жолда да Абылай таққа отырудан бас тартты. Сонысы дұрыс болды. Әкесіндей қамқорлық жасаған Әбілмәмбеттің көзі тірі тұрғанда, отырған тағын қалай аударып алмақ.
Абылай жасырақ кезінде қазақтың ұлы билері Төле би мен Қаз дауысты Қазыбектің ақыл-кеңесін тыңдап өсті. Ертеде Әйтеке деген би өткен екен. Бірақ бұл оны көрген жоқ. Әйтеке Абылай тумас бұрын қайтыс болыпты. Ал, Төле мен Қазыбекке келсек, заманы өтіңкіреп кеткенімен, көкіректері даңғыл еді. Соғыс ісіне, жауынгерлік жағына шорқақ, әрине. Ал, қазақтың ескі жол-жорасына келгенде алдарына жан салмайды. Ұлы жүзді Жоңғар басып қалғанда, Төле бидің қонтайжы Халдан Серенмен тіл табысып, өз халқын қырғыннан, қашқын-босқыннан аман сақтап қалуы – көрегендік. 1739-жылы Жолбарыс хан өлген соң, Халдан Серен атынан Ташкентке он жылдай бек болуы да – Төле бидің үлкен мәмілегерлігі. Ал, Қаздауысты Қазыбек би заман ағымына ілесті ме, шар тартқан шағында әнтек орысшылдау болып кетті. Баласы Бекболат би екеуі Абылаймен қара таласып, орыс әкімдерімен тіке байланысқа шығуға әуестенді. Бірақ кейін орыс саясатының баянсыздығына көздері жетті-ау деймін, кәрі би ол райынан қайтып еді.
Ал, батырлар… Тәңір қолдап, Абылайдың бағына, қазақ халқы сол тұста кілең бір жаужүрек, найзасының ұшы алтын, алмас қылыш батырларды тудырды ғой. Өңкей бір тұлпар мініп ту алған, жауды көрсе қуанған, қайтпас ерлер: Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай, Малайсары, Баян, Көкжал Барақ, Наурызбай, Өтеген, Ер Жәнібек, Елшібек, Тілеуке, Бердіқожа, Баймұрат, Шынқожа… Тағы кімдер бар еді? Міне, осылар ғой – Жоңғарды жүндей түтіп, Шүршітті тәубасына келтірген, Қоқанды қойша қайырып, қиқар Қырғызды жуасытқан. Абылайдың еңбегі – осы батырларды маңайына топтай білді. Абылай ел ішіндегі батырларды көтерсе, батырлар мұны көтерді. Осындай ерлермен үзеңгі қағысып, бірге соғысқан Абылайда да арман жоқ. Өкініштісі, сол батырлардың көпшілігі бұл күнде тірілер қатарында жоқ екен. Біразы жау оғынан мерт болса, енді біразы бертінде өз ажалынан қайтыс болды. Ал бірен-саран тірі қалғандары ендігі шау тартып, шөккен болар. Бәрі де дін жолында, әділет жолында жанын қиған шәйіттер мен қазылар ғой. Имандары жолдас болсын. Марқұмдар бейіштің қақпасында баяғыдай түзем құрып, өз хандарын күтіп тұр ма, кім білсін.
Айтпақшы, Бұқар ағаң бар екен ғой. Бір өзі мыңға татитын қайран Бұқар жырау! Бұқар әлі тірі. Жасы жүзге келіп, от басынан ұзамай, күлге шөккен қарт бурадай шөгіп жатыр. Өмірде ем қонбайтын дерт – кәрілік екен ғой. Сол кәрілік меңдеткен Бұқар ағаң осыдан үш жыл бұрын хан Ордасымен қоштасып, Баянауылға қайтып кеткен. Қазір ел ісіне жыраудың ұлы Жарылғап би араласады. Бұқар тоқсанға келгенде: «Тоқсан деген тор екен, айналасы қазып қойған ор екен. Ел қонбайтын шөл екен, келмейтұғын неме екен» деп шағымданып еді. Жүзді қалай қарсы алды екен қарт жырау? Бұқар – Абылайдың әулие тұтқан бірден-бір ақылшысы еді ғой. Мұның кем-кетігін қорқып-бұқпай бетке айтатын жалғыз адам – сол Бұқар ағаң болатын. Абылайдың қадірін елден бұрын танып, әспеттеп, көкке көтерген де – сол әулие еді… Амал не, зауал шақта аралары алыстап, қоштаса алмайтын күйге жеткені ме?!
Абылай осыны ойлағанда қатты күйзеліп, көзіне жас алды. Шынында да, Абылайдың жаназасына Бұқар жырау келе алған жоқ. Бірақ ханның қазасына қатты аза тұтып: «Алаңсыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай! Қалыңсыз қатын құштырған ханым-ай!» деп басталатын жоқтау жырын шығарды. Ұлылар да бір-біріне сүйеніп өмір сүреді екен ғой. Абылай қазасынан кейін көп ұзамай жыраудың өзі де құлап түсті.
Тұла бойға жайылған дерт күн өткен сайын күш алып, Абылай бірте-бірте әлсірей берді. Ханның көңілін сұраған халық толастамай, үсті-үстіне үймелеп келіп жатқан. Бастабында шұбырған жұртты бір жерге топтап, Абылайдың өзі көрініс беруші еді. Кейінгі күндері оған шамасы келмей, жиналған жұртты Әділ сұлтан қарсы алып, жолға салатын болды.
Соңғы күндері Түркістаннан келген екі қазірет науқастың қасынан шықпай, алма-кезек дұға оқып, үшкіретін болған. Абылайдың өз қалауы да сол. Бұған түсініксіз тілде оқылатын сол дұғалардан әлдебір шипалы жеңілдікті сезінгендей болады. Абылай бұл күндері өзінің бұл дүниелік емес екенін әлдеқашан мойындап, сол белгісіз ұлы сапарға өзін ұсынып қойған-ды. Бақиға жол сілтеп, белгісіз дүниенің есігін ашатын кілт те сол дұғаларда тұрғандай. Өзі де білген дұғасын оқып, дамыл-дамыл иман келтіреді. «Дін ислам үшін, мұсылмандық жолы үшін күнде қылыш сермеген қазылардың орны – бейіште» деуші еді мешер молдасы Яхуда Усманов. Илайым, соның айтқаны келгей!
Бұл кезде Абылайдың беті ары қарап, күн өткен сайын төмендеп бара жатқанын естіген Арқадағы Уәли сұлтан бастатқан бала-шаға, туыс-жұрағаты түгел келіп болған-ды. Қазақ даласының әр пұшпағында ел билеп отырған ұлдары мен ұзатылған қыздары да осында жүр.
Абылай қазір тіл қатудан, кісі танудан қалған-ды. Осы қалыпта баяу тыныс алып, бірнеше күн сұлық жатты да қойды. Ауыр дерт тұлабойды жаулап алғанымен, алғыр миы мен алып жүрегін жеңе алмай жатқан секілді. Бірақ ақыл-есі үзіле қоймаған. Нақты бұл дүниелік емес, екі дүние арасындағы өтпелі хал. Маңайына періштелер келіп-кетіп жүрген сияқты ма қалай? Жанға бататын сырқат та, дерт-дербезе де сап тиылған… Өзін біртүрлі жайдары да жеңіл сезінеді. Қарсы алдынан керемет көркем таң атып келе жатқан тәрізді. Бұл өмірі көрмеген арайлы сұлу таң. Сол таңға жеткенше асығып, бүкіл жан-тәнімен ұмсына берген…
Сөйтіп, 1781-жылдың ақпан айында қазақтың ең соңғы ұлы ханы Абылай баһадүр дүниеден озды. Арқадан келген туыстар мен Сыр бойының қалың елі бірнеше күн аза тұтып, ханның өз өсиеті бойынша, Абылайдың сүйегін байтақыт қала Түркістанға әкеліп жерледі. Кейін Әзірет Сұлтан кесенесінің түстік жағынан орын алған Абылай қабірінің басына балалары жеке күмбез тұрғызған. Бірақ, Абылайдың қаскөй жаулары ол өлгеннен кейін де қабіріне тыным берген жоқ. Орыс армиясы Түркістанды жаулап алғанда, зеңбірекпен атқылап, осындағы жеке күмбездердің тас-талқанын шығарды. Ал, балшабектер билікке келгенде, көмілген сүйектерді бульдозермен күреп, топырақпен араластырып жіберді. Қазір Абылай қабірінің қайда қалғанын ешкім білмейді…
Сенің қабіріңе шырақшы бола алмаған бақытсыз халқыңды кешіре гөр, хан ием! Былтыр сенің туғаныңа 300 жыл, қайтыс болғаныңа 230 жыл толды. Бұл датаны бұқара халық еске алғанымен, енді біреулер елемеуге, әдейі ұмыттырып жіберуге тырысты. Еркін-азат ел болғанымызға жиырма жыл толса да, ел іші әлі де күншілдіктен, алауыздықтан арылған жоқ. Біреулер сенімен бой теңестірмек болып, аруағыңмен алысуда. Сен қол жетпес асудай біреулердің жолына бөгет болып, олардың қандай дәрменсіз, ұсақ адамдар екенін еске сала беретін көрінесің… Оған бола күңіренбе, хан ием! Сен өзің іргетасын берік қалаған қазақ елімен бірге жасай бересің. Ұрпақтарың сені ешқашан ұмытпайды. Хан ием, осы бір шағын еңбек сенің рухыңа оқыған дұғам, орны жоқ қабіріңе қойған гүлім болсын. Әмин!
2012 – сәуір.
2. Әріп пен Сара
- І -
Әлі ел жайлауға шыға қоймаған, мамыр айының майысып тұрған бір кезі. Биыл бұл өлкеде сіреп жауған қалың қар тез еріп, көктем ерте шықты. Қазір, несін айтасың, Алатау бөктері ұзатылған қыздай жасау-жиһазын жайнатып, сан алуан бояумен құлпырып-ақ тұр. Дала толы қызғалдақ көздің жауын алады. Шайдай ашық аспанда күміс қоңырау – бозторғайлар шаттық жырын төгеді… Бесін ауа уезд орталығы Қапалдан аттанған салт атты Ешкөлмес тауының бір мойнағынан асып түсіп, Қарашоқыдағы Тастанбек аулына қарай желе-жортып келе жатты.
Қалаша бірсыдырғы сәнді киінген, әлі жігіт ағасы жасына жетпеген, уыздай бозбала деуге де келмейтін, жасы отыздың ішіне енді ілінген, қызыл шырайлы бұл азамат – белгілі ақын Әріп Тәңірбергенов еді. Ақын жігіт айнала сұлулыққа қарадай мас болып, шалқып келеді. Астындағы аяңшыл жирен де жер-суды баспай жайтаң қағады. Шамасы, осы жолмен бұрын да талай жүрген болар, жануар жолаушы көңіліндегі тағатсыздықты сезгендей, қамшы салдырар емес.
Әріптің Қапал уезінің бастығы Самойловқа тілмаш болып келгеніне де екі жылдың жүзі ауып барады. Бұл оның алғашқы қызмет орны емес, Семейдегі училищені бітірген соң, өз елі Сергиополь-Аягөзде екі-үш жыл тілмаш болды. Сонан кейін үш жылдай (1884-1887) Қытайдың Шәуешек қаласында орыс консулы Николай Балкашинге тілмаштық қызмет атқарды. Бұл бір дау-дамайсыз тыныш өткен, әрі қытай тілін үйренуге мүмкіндік туған олжалы жылдар еді. Амал не, консул ауысқанда, тілмаш та өзгереді екен. Енді, міне, дәм тартып, Ақсу-Қапал уезіндегі қалың матайдың арасынан бір-ақ шықты.
Қайда барса да, Әріпке бұйырғаны – тілмаштық. Орысқа бодан болғалы заман тудырған бір кәсіп осы болды ғой. Бұл да біраз білімді, біраз өнерді қажет етеді. Ең бастысы, орысша мен қазақшаға жетік болуың керек. Бұл қызметті де әркім әрқалай пайдаланады екен. Біреулер осы тілмаштық қызметте жүріп-ақ байып кетті. Тілмаш – парақор бастық пен орысша білмейтін, басына іс түскен қазақтың арасындағы дәнекер. Екеуінің арасын жалғастыру арқылы бастығының қалтасын толтырады. Тілмаштың өзі де құр алақан қалмайды. Әлгі «сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды» дегеннің кері. Бұлардан басқа өздерін бағынышты халықтың тілімін, үнімін, қазақтың арыз-арманын жоғарыға жеткізушімін деп білетін, Әріп сияқты тағы бір топ бар. Олар ешкімнен пара алмайды, үкіметтің берген жалақысымен күн көреді. Әрине, ондайларға оңайлықпен шыр біте қоймайды.
Әйткенмен, тілмаштық қызметтің де өзіндік абырой-беделі бар. Қазір қазақтың қолы жеткен ең биік мансап – болыстық қой. Сонан кейінгі жалпыласқан қызмет – осы тілмаштық. Болыс сайлауы кезінде қыр қазағы соған жету үшін малын шашып, өліп қала жаздайды. Не үшін дейсіз ғой? Ел алдында өзінің алапатын асыру үшін, мансап арқылы жұрттан пара алып, баю үшін, өз халқын ұлықпен қосыла талап жеу үшін! Сұмдық қой, қазір қазақ даласында, губернатор тұрмақ, қазақтан шыққан бірде-бір уезд басты – ояз жоқ. 1868-жылы аға сұлтандық лауазым жойылғаннан бері қазақ байларының ұмтылатыны – болыстық та, былайғы оқыған қара таяқтардың аңдығаны – осы тілмаштық.
Алайда, көп жерде осы тілмаштық қызмет те тым баянсыз, ұзақ отырғызбайтын болып жүр. Дау-дамай, пара жайлаған қоғамда, мейлі сен таза жүрсең де, саған күйе жұқпай тұрмайды. Айнала өрбіген пәле мен жала сені де өзімен бірге ала кетеді. Содан әр үш-төрт жыл сайын қоныс жаңалап жүргенің. Жаңа орын, жаңа бастық. Көп байға тиген қатын сияқты, сен де жаңа ортаға тез үйлесуің керек. Мұндайда алған параң, жеген жемің үшін күйсең арман не? Кейде адалдығың үшін, арамнан дәм татпағаның үшін күйдіреді-ау!
Әріптің алғашқы қызмет орны – Аягөзде осылай болды. Алғашқы айларда Әріптің қызметі уезд бастығы Троицкийге ұнап, аралары тым жақсы болатын. Сөйтсе, Троицкийдің онысы жылтыраған сырты екен ғой. Империя билеушілерінің үлкені де, кішісі де қазақты ертелі-кеш жейтін тамағымыз деп біледі екен. Олар пара алуға, қазақтың мал-мүлкін талауға міндетті сияқты. Өздерін осында сол үшін жіберген тәрізді. 1883-жылғы болыс сайлауы кезінде ғой – Троицкий екеуінің кетіскені. Ұлықтардың араны сайлауда тіпті ашыла түседі екен. Уезд бастығы мен оның көмекшісі Есікбай Сарбасов екеуінің істемегені жоқ. Қазақ байларын шырғалайтын арадағы делдал – Сарбасов. Ал, асатқанды талғамай жұта беретін түпсіз құдық – Троицкий.
Онда Әріптің әлі тәжірибе жинамаған, ақты – ақ, қараны – қара дейтін жас кезі. Семейдегі шәкірт жастардың халық қамы, милләт мүддесі десе жанын салатын қызу қанды идеясы, оқта-текте жолыққанда алған Абай үлгісі әлі қожырай қоймаған-ды. Әлгі Троицкий мен Сарбасовтың ісін сұмдықтай қабылдап, олардың қоралап алған қойы мен үйірлеп алған жылқысы туралы халықтан түскен мәліметті уездік сотқа жеткізіп, губерниядан келген полковник Лисовскийге қағаз жүзінде баяндаған. Олар Сарбасовты жауапқа тарту жөнінде тапсырма бергенімен, уезд бастығы қозғалған істі аяқсыз қалдырып, жаптырып тастады. Мұнда да әлгі «қарға қарғаның көзін шоқымайды» дегеннің кері келді.
Осыдан кейін-ақ уезд бастығы Троицкий Әріптен құтылғанша асықты. Мұның сөйлеген сөзінен де, жазған хатынан да мін тауып, «отырса опақ, тұрса сопақ» дегеннің керін келтірді. Ол аз болғандай, өздеріне пара берген біреудің екі жылқысын Әріптің қорасына енгізіп қойып, артынан дереу полиция жіберіп, «қылмыс үстінде» ұстатты-ау! Әріп, амал жоқ, Лепсі түрмесіне айдалып кете барды. Егер Әріптен басқа хат сауаты жоқ, заңды білмейтін біреу болса, сол беті құрдымға кетер ме еді, қайтер еді. Әріп өзінің кінәсіздігіне дәлелдер келтіріп, Омбының генерал-губернаторына арыз жазып, түрмеден қырық күн дегенде зорға босады. Осыдан кейін «құрысын, осы орыс ұлықтарынан аулақ жүрейінші» деп өзіне-өзі серт берген. Алайда оқиға бұл ойлағаннан басқаша өрістеді.
«Бір жамандықтың бір жақсылығы бар» деген рас. Әріптің анадағы бар өнерін салып, Омбыға орысша жазған арыз хаты сондағы шенеуніктерге қатты ұнапты. Түрмеден шыққан соң үйіне келіп, біраз уақыт жан шақырып жатқан-ды. Бір күні уезд шабарманы Омбыдағы Губернатор кеңсесінен хат әкеліп тұр. Жәй хат емес, бұйрық. «Сіз сыртқы істер департаментінің ұйғаруы бойынша, Шәуешектегі Ресей консулы Николай Балкашинге тілмаш болып тағайындалдыңыз. 1884-жылдың қазан айында Шәуешекте болыңыз» депті бұйрық хатта. «Таңғажайып бұл қалай хат» дегендей, Әріп алғашында іс мәнісін түсіне алмай абыржып қалған. Бұл не? Мені шетелге жер аударғаны ма, әлде қызметімнің бағаланғаны ма? Әйткенмен, бұл жаңа қызметі кім көрінгеннің маңдайына жазылмаған, тағдырдың төтенше сыйы еді. Бәрінен бұрын ағайын арасының ырың-жырың, дау-шарынан аулақ, алысқа кететін болғанына қуанған.
Бір кезде кадет корпусын бітірген, ғылымнан хабары мол, сауатты Балкашин Әріпті құшақ жая қарсы алды. Қазақша мен орысша ғана емес, Әріптің араб тілі мен парсы тіліне де жетік екенін білген соң, бұған деген құрметі тіпті арта түскен… Ал, артта қалған ағайын жұрты Әріпке бұл қызметті де көп көрді-ау? Сол баяғы күншілдік, қызғаныштың қызыл иті қыр соңынан қалады деген не? Аягөздегі жаулары біраз адамның қолын қойдырып, шетелде жүрген Әріптің үстінен консул Балкашинге дүркін-дүркін арыз жазып тұрды-ау!
– Сенің ағайындарың үстіңнен тағы да шағым түсіріпті, – деп консул күлетін-ді, Аягөз атқамінерлері артынан арыз айдаған сайын. – Осы сенің еліңді қалай түсінуге болады? Қазақта сен сияқты оқыған, сауатты азаматтар тым аз ғой. Соларды мақтаныш етіп, көтермелеп, қолдаудың орнына, тұс-тұстан арыз боратып, жамандайтыны несі?!
– Амал не, біздің халықтың ұлттық санасы сол дәрежеде, – дейді Әріп ұяттан жерге кіре жаздап. – Біреу өздерінен сәл-пәл артып кетсе, өлердей қызғанады. Бір жақсылыққа өз қолдары жетпеді ме, басқаларға да болмасын, бұйырмасын дейді…
– Бұл жақсы әдет емес қой. Ондай қылыққа тиым салу керек! – дейді бұрын қазақ арасында болмаған Балкашин басын шайқап. – Біздің жергілікті шенеуніктер не бітіреді? Қазақтар да – Ресей азаматы екенін білмей ме? Қарауындағы халқын өркениетке неге жақындатпайды?
– Жергілікті ұлықтарды айтасыз ба? – Әріп көңілегі ойын айтсам ба, айтпасам ба дегендей сәл бөгеліп қалды. – Шенеуніктер соған мүдделі боп тұр ғой, консул мырза. Олар қазақтардың осылай жік-жікке бөлініп айтысқанын, арыз-шағымның мол болғанын қалайды…
– Қалайша? Ел ішіндегі дау-шардан ұлықтарға не түседі?
– Арызбен, даумен бірге, оларға мол-мол пара да келеді ғой, консул мырза. Кімді-кімге жығып беру, кімнің сөзін сөйлеу – параның мөлшеріне байланысты. Қазақ жеріндегі сот та, прокурор да, уезд бастығы да соған бейімделіп алған. Ал, болыс сайлауы – ұлықтардың қалтасын толтыратын ең табысты науқан деуге болады.
– Солай де… Мынау қызық екен! – деді Балкашин таң-тамаша болып. – Мен қазақ арасын білмеймін ғой. Кадет корпусын бітіргеннен кейін қызмет істеген жерім – Мәскеу, Омбы, сонан соң осы Шәуешек.
Иә, Балкашин шынын айтып отыр. Ол қазақ даласындағы жемқор ұлықтардай емес, біршама таза сақталған адам еді. Ал өзінің ұлтшылдығында, патриоттығында баға жоқ. Ресей мүддесі үшін жан сала кіріседі. Сол жылдары Шәуешектегі елшілік қызметі мұндай қауырт болар ма. Әріп Шәуешекке барғанда, Ресей мен Қытай арасында шекара бөлісі қызып жатыр еді. Бұрын 1861-жылы Петрборда, 1881-жылы Бежінде сөз болған шекара жайындағы әңгіме 1884-жылғы Шәуешек протоколынан кейін нақты іске айналған. Екі жақтың жер жыртығын жамаған географтары мен топографтары Шәуешекте бас қосып, екі елдің шекарасын арқан тартып бөле бастаған. Шекара бөлісі қашан Тарбағатай аймағы шегінен өтіп болғанша, аймақ бастығы Ши-амбы мен орыс консулы Балкашинде тағат-тыным болған жоқ.
Ши-амбының өз тілмашы бар. Қытай тіліне жетік Демежан деген қазақ жігіті. Сол Демежан екеуі ұлықтар арасында сатылы тәржіме жасайды. Ши-амбының сөзін Демежан қазақшаға аударғанда, Әріп оның сөзін қағып алып, қолма-қол орысшаға аударады. Немесе керісінше. Осының арқасында, Әріп үш жылдың ішінде қытай тілін кәдімгідей игеріп қалып еді…
Шәуешек шаһары қазір де Әріптің көз алдынан кетпейді. Сырлы тостағандай әдемі қала еді-ау, шіркін! Айтпақшы «Шәуешек» деген атау да көне түріктің «тостаған» деген мағына беретін «шөшек» деген сөзінен шығыпты. Шәуешек – бау-бақшалы, орманды қала. Бірнеше жерінен көк иірім болып, қара сулар жарып өтеді. Қаланың шығысында бес шақырым жерде «Қараүңгір» өзені күркіреп ағып жатыр. Тоқшылық. Жеміс-жидек, көкөніс дегенің үйіліп жатады. Қытай ұлықтары қала қорғаны – Жамбылдың ішіне орналасқан. Ал, консулдық өз алдына бөлек «орыс факториясында». Қаланың төңірегі түгел – найманның төртуыл тайпасы. Әріп бір-екі рет Демежанға ілесіп, төртуыл жайлауына да барып қайтып еді. Ол жақтың қазағы орысқа қараған мұндағы елдей емес, біртоға, момын, берекелі болады екен… Айтпақшы, сол Демежан биылғы сайлауда әкесі Керімбайдың орнына төртуыл елінің үкірдайы (аға сұлтаны) болып сайланыпты.
Амал жоқ, Балкашин консулдық қызметтен кеткен соң, Әріптің де Шәуешекпен қоштасуына тура келді. Енді оның Аягөзге қайта оралғысы келмеген. Онда барса, сол баяғы күншіл ағайын. «Бізді қашанға дейін Жанкөбек әулеті билейді» деп, Сыбанның өзге аталары мұның соңына шырақ алып түсуден жалықпайды. Оларға сол маңдағы Ақымбет пен Семізнайманның пысықтары қосылады. Сондағы қимай жүргені не дейсіз ғой? Тілмаштық.
Жанкөбек – осындағы бес Сыбанның бірі. Айтты-айтпады, бұл атадан би мен болыс көп шыққан. Жанкөбек – Нардауысты Нарынбай – Қудауысты Құттыбай – Байғара би – Ақтайлақ би – Кеңесбай би – одан Жарқынбай – одан Жұмахан болып созыла береді. Қудауысты Құттыбай да, Ақтайлақ та – қазақ хандығы атынан Қытай астанасы Бежінге елші боп барған адамдар. Ал, Әріп – Ақтайлақтың інісі Байсалдан тарайды. Байсал – Әлі – Тәңірберген – Әріп… Бұл, сонда, билердің тұқымы болғанына жазықты ма? Сол ұлы билердің әулеті кішірейе келе, биліктен ажырай келе, оқудың арқасында орыстың ұлығына тілмаш болса, бұл ел соны да көп көргені ме? Айтпақшы, Әріп – жәй қатардағы тілмаш емес, танымал ақын ғой. Осыған дейін Қазан қаласынан әлденеше өлең-дастандары басылып шықты. Міне, осы табыстарды күншіл ағайынның асқазаны қорытпай, бойларына сіңіре алмай жүр.
Әріп осы жайларды есептей келіп, өзіне Аягөзден гөрі Қапал уезін лайық көрген-ді. Бірақ, «қайда барса да қазанның құлағы төртеу», бұл елде де маза жоқ, жер дауы, жесір дауы, барымта-сырымта, бірімен-бірі қым-қиғаш айтысып жүрген қазақ. Айналып келгенде, уезд бастығы Самойловтың жемі. Мұндағы ұлықтың да құлқыны кең, оқпаны бос тұрмайтын көрінеді. Қазақтың қазына-байлығы қоралы қой, үйірлі жылқы, күміс жамбы түрінде ұлықтардың өңешінен өтіп жатады. Әріп баяғы албырт кезіндегідей емес, әділет орнатам, параны тиям деп жарғыға түсуді қойған. Өйткені, барлап қараса, бүкіл империяның қызмет жүйесі осы жемқорлыққа құрылған екен. Өткен жылы Николай Гогольдың «Ревизорын» оқығаннан бері соған көзі әбден жетті. Бұл елде жең ұшынан жалғасқан параны, жемқорлықты тиямын деу – аспаннан жаңбыр жауғызбаймын, қыбладан жел соқтырмаймын дегенмен бірдей көрінеді.
Қазір Әріпті алаңдататын мүлде басқа нәрсе. Қамсауы жоқ ескі қостай бұл қазақтың қай жыртығына жамау боласың. Парашыл ұлықтарды әшкерелеумен бірге, Әріп бір кезде қалыңмалға сатылған қазақ қыздарына теңдік әпермек те болған.
Адамға Хауаны арнап жаратты хақ,
Ғибырат түп атаңнан ойланып бақ.
Әлемнің тұңғыш ұлы, тұңғыш қызы,
Бұлардан басқа жандар келмеген шақ.
Екеуі сүйісті де жолдас болды,
Қалыңмалды шығарған қандай ақымақ?! –
деп өлең де жазған. Енді, міне, Әріптің өзі де сол теңсіздіктің құрбанына айналып отыр. Оған себеп болған – Матайдың ару қызы Сара. Бұлай болар деп кім ойлаған? Жасы отыздан асқанда, үш баласы бар Әріп сол қызға ғашық боп қалды. Бейне жас бозбала кезіндегідей, сол қызды көрмесе тұра алмайтын күйге түскен. Ол қазір де Ешкіөлмес бөктеріндегі Сараның ауылына жеткенше асығып келеді.
- ІІ -
Әріп жасы жиырмаға толар-толмаста ерте үйленді. Мұның бала кезінде ата-анасы өздеріне ұнаған бір адаммен құда болып қойса керек. Бұл Семейге оқуға бармақ болғанда, әке-шешесі бұған мынадай шарт қойды: «Жарайды, қатарыңнан қалмай оқимын деген талабыңа бөгет болмайық. Ол үшін бір ғана тілек: қалыңмалы толық төленіп, бойжетіп отырған келінімізді түсіріп, оң жағымызды қызартып кетсең болғаны». Бәрі де сол үлкендер айтқандай болды. Әріп қайнына барып, қалыңдығын ұзатып әкеліп, той жасап, ата-ананың көңілі орныққан соң, оқуға бір-ақ аттанған. Араларында ғашық болу, сүю-күю туралы әңгіме болған жоқ. Үлкендер текті ауылдың қызы деп таңдап әперген адамды алды да тынды. Келіншегі былай жаман адам емес. Өң десе өңі бар, хат-сауаты жеткілікті. «Иманы бар, ары бар, ұяты бар, ата-ананың қызынан қапы қалма» деген Абайдың шартына дәл келеді… Келіншегі бұл Аягөзде қызмет еткенде де, кейін Шәуешекке барғанда да қасынан қалмай бірге еріп жүретін. Ақырында, Әріптің соңынан көше-көше жалықты-ау деймін, осы жолы күйеуіне ермей, Еңірекейдегі елде қалды. Қазір үш баласымен ауылда, ата-енесінің қолында тұрады. Ал, Әріп болса Қапалда бір татардың қорасында пәтерші.
«Батырлық, байлық кімде жоқ, ғашықтық жөні бір басқа» депті ғой баяғыда біреу. Сол айтқандай, ғашықтық дегенің мүлде бөлек дүние екен. Әріп қалаға келген соң көп өтпей, Матайдың жас, ақын қызы Сараны көрді де, еркінен айрылды. Соған қарағанда, махаббат та – бір соқпа дерт сияқты ма, қалай? Оған ем болар дәру таппай, кәдімгідей ауырады екенсің. Ұят-ай, соған Әріптің көзі жаңа жетіп отыр. Жасы отыздан асқан Әріп, бүгінге дейін араб аңыздарының сарынымен: «Қисса Қожа Қапан», «Қисса Таһир», «Қисса Баһрам», «Қисса Зияда-Шаһмұрат» атты ғашықтар туралы дастандар жазған Әріп… Қазан баспасынан кітап болып шыққан сол дастандар қазір жұрттың қолында жүр… Енді ойлап отырса, қиялдан туып, қағазға түскен шығарма басқа да, өз басыңнан кешкен шынайы өмір басқа екен… Шіркін, шығармада жақсы ғой, ғашық жарлардың болашақ тағдырын ақынның өзі шешеді. Ал, сол сезіммен өзің бетпе-бет келгенде жас баладай дәрменсізсің, сенің тағдырың енді бөгде біреулердің қолында.
Әріп Сараны алғаш рет Ешкіөлмес бөктеріндегі бір тойда көрді. Бір ауылда қыз ұзату тойы болып, екінші бір ауылда сол тойдың «өлең кәдесі» өтіп жатыр екен. Қазақ салтында қыз алатын жақ «өлең кәдеге» деп бір ірі қара жетектеп келеді де, оны алған ауыл қыз-күйеуді ортаға ала отырып, бір кешті ойын-сауықпен, өзара айтысқан өлеңмен өткізеді. Онда Әріптің Қапалға жаңа келген кезі. Бір жағы, ел-жұртпен танысу мақсатында, кілең жастар жиналған сол кешке ол да қатынасқан.
Киіз үйдің оң жақ қанатында, төрге таман отырған Әріп кенет сол жақтағы қарсы қапталдан әлдекімнің жарқ еткен дидарын көрді. Басында үкілі кәмшат бөрік, үстінде қосетек көйлек, оқалы камзол. Ақша бет, маңдайдан тура түскен пісте мұрын. Ал, көзі… Әріптің назарын бірден өзіне бұрған – сол көз болатын. Жәй көз емес, жақұт қой жанып тұрған. Көз – жанның терезесі. Ол іштегі қуаттан, ақыл мен сезімнен хабар береді… Тәңірім-ау, мынадай перизат қайдан жүр Ешкіөлместің бауырында?! Мынау – «Зияда-Шаһмұрат» дастанындағы патша қыздары Хорлы-ғайынның өзі ғой! Бәлкім, одан да артық болар. Жаңағы перизат ұзатылатын қалыңдықтың дәл қасында отыр екен. Ту-у, обалы-ай, ананың жанында қалыңдық мүлде көмескі тартып, көрінбей қалған.
– Анау қарсыдағы қыз кім? – деп күңк етті Әріп өзін ертіп келген қасындағы жігітке.
– Қайсысы?
– Қалыңдықтың сол жағындағы…
– Сара ғой ол. Бүкіл Ақсу-Қапалды аузына қаратқан атақты Сара сұлу осы…
Шай ішіліп, ас желінген соң, той кәдесіне сай қыз-келіншектер мен жігіттер қос-қостан жұптасып, айтысуға кіріскен. Мұндай да әр жұптың біреуі өлең бастаса, серігі соған «еріп» айтады. Бұрын талай айтылып жүрген жаттанды өлеңдер де, өз жанынан шығарып айтып жатқандар да бар. Қызық болғанда, той басқарушылар манадан қол жетпей отырған Сараны әлден уақытта Әріптің қарсысына әкеліп отырғызбасы бар ма!
– Біздің Сара бұл төңіректі түгел тиып болған. Енді мына жоғарыдан келген төремен де өнер жарыстырып көрсін! – деп, жұрт назарын еріксіз осыларға аударған.
«Төре» деп төбеге тұтып отырғаны – Әріп. Бұл да болса Сарамен жақынырақ танысудың орайы еді. Сондықтан, көп кергімей, қонақ кәдесін жасап, Сараға арнап бес-алты ауыз өлең айтуға бұл да қарсы емес-ті. Ал, қызық болғанда Сара мұны сырттай білетін боп шықты.
– Бізде Әріп ағамен айтысатындай шама қайсы? Бұл кісі ел-жұртқа танымал, даңғайыр ақын емес пе. Дәрияның қасынан құдық қазғандай боламыз-ау? – деп сынықси күліп келіп отырды. Күміс сыңғырындай еркелі, назды күлкі. Жәй сыпайылық сақтағаны болмаса, кіммен де айтысудан тайынар түрі жоқ.
Мұндай тойларда айтыстың барлық түрі айтылады: сүре айтыс, түре айтыс, қайым айтыс, жұмбақ айтыс, тау өлең, балық өлең… Кейінгі жеке ақындардың айтысы – қыз бен жігіттің осындай жұп айтысынан шыққан. Бұл жолы Әріп пен Сара бас жаққа барыспай, амандасу, танысу түрінде алма-кезек бес-алты ауыздан өлең айтты. «Ел өзіміздікі, ауылдың алты ауызы бізден болсын» дегендей, өлеңді алдымен Сара бастап, жиналған көпшілікке Әріпті көтермелей таныстырды… «Әріптей үлкен ақын ортамызда. Хош келіпсіз, ақын аға, Матай еліне! Бұрын алыстан атыңызды естуші едік. Кітап болып басылған дастандарыңызға қанық едік. Сізді қызмет бабымен Қытай асып кетіпті деп те естігенбіз… Сіздің ортамызға келуіңіз елімізге құт, жастарға өнеге. Біз соған қуанамыз» деген ой тастады Сара.
Өз тарапынан Әріп те ел-жұртқа сәлем жолдаған. Матай да бұған бөтен емес. Төлегетайдың төрт баласы: Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл болғанда, бойларында бір атаның қаны бар… Сарадай сұлуды көргеніне Әріп те қуанышты. Жолы болар жігіттің ару қыз алдынан шығады. Иләйым, таныстығымыз баянды болғай… Бүгінгі қуаныш иелеріне де өз басы зор бақыт тілейді…
Міне, ту баста Әріп пен Сара осылай танысқан. Кейін дәмдес, сырлас, мұңдас болып кетті. Әріптің жыр-дастандарындағы сұлу қыз, көркем жігіттерге қызыға таңырқап, солардың махаббат сезімдеріне елтіп жүріп, Сара да ақынға сырттай табынған ба, әйтеуір екеуі тез үйірлесті. Оның үстіне, Сараның да ақындығы бар. Ойын-тойларда айтысқа түсудің сыртында, өлеңді жазып та шығарады екен. Әріпке жазған өлеңдерін көрсетіп, екеуара әңгіме бірте-бірте сырласуға, мұңдасуға ұласқан.
Әріптің бір байқағаны, Сараның мінезінде жігіттерге бітпеген бір өзгеше батылдық бар екен. Жәй ғана батылдық емес, жанкештілік. Адал махаббат жолында құрбан боп кетуге дайын. Керек десеңіз, сүйіспеншілікке апаратын алғашқы қадамды Әріп емес, Сараның өзі жасады.
– Бағыма қарай, құдай маған сізді жолықтырды ғой. Қазірден бастап барым да, нәрім де – сіздікі. Қайдағы бір қарақұсқа жем болғанша, қыранның тырнағында кеткенім артық! – деген алғашқы айлардың бірінде.
Сөйтсе, мұндай ессіз құрбандықтың да себебі бар екен. Қайран Сараның басы байлаулы көрінеді. Өз теңі болса арман не, осы елдегі Жиенқұл деген біреу қатын үстіне кішілікке алмақ. Қырықтан асқан қырқылжың жасы ештеңе емес-ау, өзі түрінен адам шошырлықтай жарымжан біреу. Бала кезінде аттан жығылған дей ме, жауырыны құныс боп бітіпті. Жотасына бірдеңе тығып алғандай, танауымен жер сүзе жаздап, бүкірейіп жүргені…
Бұл құдалықтың да арғы астары зорлыққа негізделген. Ана бір жылдары осы маңдағы Тұрысбек, Есімбек ауылының ұрылары жаңағы Жиенқұлдың бір қос жылқысын түп қопара айдап, сонау алыстағы Қоянды жәрмеңкесіне өткізіп жібереді ғой. Ұрылар тобында Сараның ағасы Жайсаңбек те болса керек. Бірақ, бұл ұрлықтың өкше ізі тез ашылады да, айғақ-куә көбейіп, Есімбек, Тұрысбектердің ісі сотта қарала бастайды. Міне, дәл осы кезде ағайындары Сараның ағасы Жайсаңбекті құрбандыққа шалып, бар кінәні соған аударады. Ұрланған жылқының жарымын қайтарып, қалған жартысына қыз бермек болады. Сондағы лайықтаған қызы кім дейсіз ғой? Кәдімгі Сара. Әкесі кедей, ағасы момын сорлы қызды ағайындары өстіп қорлайды. Бастабында көп малдың есесін бір қызбен қайырмақ болғанына малжанды Жиенқұл көне қоймаса керек. Кейін Сараны көрген соң ол да құлап түсіпті. Көрдің бе, сұлудан әркімнің-ақ дәмесі бар.
Тілі-жағы, сауаты бар, ең бастысы, теңдікке ұмтылған азатшыл жүрегі бар Сара бұған көне қоймай, өзіне осындай зорлық жасалғанын айтып, уездік сотқа арыз жазады. Алайда соттың да көмейін біреулер алдын ала тығындап кеткен бе, әйел құқын қорғауға ол да құлшына қоймайды… Бұл дауға өткен жылы Сарамен таныса салысымен Әріп те араласпақ болған. Амал не, кеш қалыпты. Бұл келгенде «жылқы барымтасы қазақ берекесімен, құдалықпен аяқталды» деп, ол «істі» жауып тастаған екен. Әріп уезд бастығы Самойловқа айтып, Сараның арызын қайта қаратпақ болып еді, ол әрекетінен ештеңе шықпады.
– Мен бір қызға бола осындағы қазақтың игі жақсыларымен араз болар жайым жоқ! – деген ол бірден кесіп. Соған қарағанда, қомағай сот жалғыз емес, уездегі ұлықтар өзара жемтіктес болса керек.
Әріп есейгенде жолыққан ғашығы Сараға қуана-қуана үйленер еді. Әріпке қатын үстіне тиюге Сара да көніп тұр. Бірақ оған Матайдың жуандары көнер емес. Ақ батаны бұзып, біреудің жесірін тартып әкету – бұл елде асқан қылмыс боп саналады екен. Әттең, заңды да, салтты да бір нәрсемен тас-талқан қылып бұзуға болар еді. Ол мұнда жоқ қой. Оның аты – байлық, ақша! Шіркін, байлық осындайда керек екен ғой. Егер Сараның «қалыңмалын» екі есе қып айдатса, ұлықтарға да көмейлете асатып жіберсе, Матайдың жуандары да, малжанды Жиенқұл да ауыз аша алмай қалар еді. Амал не, олай етуге Әріптің қолы қысқа болып тұр ғой.
Тастанбек ауылының аяқ жағындағы қалың шіліктің арасына Әріп күн ұясына қона бергенде жетті. Жолығар сәтті әдейі осы мезгілге туралаған. Қыр елінде ғашықтардың қауышар кезі – осындай кешкі іңір, апақ-сапақ. Қазір де ауыл адамдары кешкі малмен қарбаласып, сыртта жүр. Адам аяғы сиреп, ымырт үйіріліп, көз байланғанша сәл күтуге тура келеді. Ауылдың бергі шетінде, бұлақ бойына тақау жылқышы жігіттің үйі бар. Жаз шыққалы Сара екеуінің жолығатын тұрақты орны – сол үй болатын. Бұлардың өзара байланысы жылқышының келіншегі Күлімхан арқылы жүріп жатады.
«Дегенде Шәпибаяу, Шәпибаяу, Атымды талға байлап келдім жаяу…», осы бір өлеңде қанша ғашықтың сыры жатыр десеңізші. Ымырт үйіріліп, кеугім түсе бере, Әріп те астындағы атын тоғай арасына бекітіп, сол шеткі үйге қарай аяңдады. Әлдебір сауын сиырлардың арасымен бұқпантайлап келеді. Ауылда әлдеқандай мереке, той бар секілді. Ауыл адамдары, бала-шағаға дейін қотан төріндегі үлкен ақ үйдің маңында жүр. Жер ошақта айғыр жал от лаулайды. Біреу бас үйтіп жатыр ма, танауға күйген құйқаның тұщы иісі келеді.
Жылқышының әйелі Күлімхан үйде екен. Күйеуі жылқы өрісіне кетсе керек. Қасында төрт-бес жасар ұлдан басқа ешкім жоқ. Қысқаша аман-сәлемнен кейін:
– Біліп ем келетініңізді… Еркем де сізді келеді деп отырған… Мен қазір хабарлай қояйын, – деді келіншек лыпылдап.
– Ауылдарыңызда той бар ма, немене?
– Шілдехана… Үлкен үйдің келіні босанған. Соған мәре-сәре боп жатырмыз.
Соны айтып, дабыр-дұбыры мол үлкен үйлерге қарай тұра жөнелді. Арада қанша уақыт өткені белгісіз. Кілең бір жүрек лүпілімен жарыса соққан үміт пен күдік аралас тәтті минуттар… Әлден уақытта асығыс басқан аяқ дыбысы естілді-ау! Есік сыртынан күбір-сыбыр, құмыққан күлкі естіліп, содан бір кезде ішке кірген Сараның сұлбасы да көрінді-ау! Кірген бойда, төр алдынан түрекеліп, қарсы жүрген Әріптің мойнына асыла кетті.
– Асылым… Ардағым менің! – деді алқына сыбырлап. – Сағындырдыңыз ғой… Мен сізді енді көре алмаспын деп ойлағам… Ту-у, келгеніңіз қандай жақсы болды!
– Не боп қалды? Әлденеге абыржулысың ғой өзің… Әлде бір жаманат хабар естідің бе? – деген Әріп те құшағын тез жазып.
– Жиенқұл «биыл ел жайлаудан түсе жесірімді алам» деп сәлем жолдапты. Бұдан өткен жаман хабар бола ма?!
– Оған дейін әлі екі-үш ай бар емес пе. «Балта көтерілгенше, дөңбек жал табады» деген. Бір мәнісін ойластырармыз.
– Құрысын, еске алмайықшы сол құрығырды…
Үй іші алакөлеңке. Үй иесі әйел де ішке кірген.
– Шам жағайын ба? – деді сыбыр етіп.
– Керегі жоқ, ай сәулесі түсіп тұр ғой, сол бізге жетеді, – деді Сара өзімсіне тіл қатып.
– Олай болса мен кеттім. Үйге өздерің ие болыңдар! – деген келіншек бес жасар ұлын ертіп алды да, шыға жөнелді.
Бұдан ары бөгеліп тұруға ғашықтарда тағат қалмаған. Мұндайда тіл дәрменсіз, бекерге сөз шығындап, уақыт алудың да қажеті жоқ еді. Тез-тез шешініп, алқына құшақтасқан күйі оң жақтағы жер төсекке асығыс қисая кетті. Бұдан ары не болғанын тізбелеп айтып жатудың қажеті болмас. Әлгі бір өлеңде айтылатын көріністер айна-қатесіз қайталанды.
Ақ үйге аңдып басып кірді біреу,
Сипалап керегені жүрді біреу.
Кешікпей іздегенін тура тауып,
Етегін ақ көйлектің түрді біреу.
Қырдан ұшқан қанды көз қаршығадай,
Аққуын айдын көлдің ілді біреу.
Шіркін-ай, осы кеште таң атырмай,
Жібермей ұстап тұрса түнді біреу.
Қу жаның шығып кетпей қалай тұрар,
Сорғанда солқылдатып тілді біреу?!
Ғашықтар жан жадырап, тән суыған соң барып тілге келді. Тілге тиек болған – сол баяғы мұң. Сараның мұңы. Сараның ғана мұңы емес, малға сатылып, теңдік ала алмай, сүйгеніне жете алмай жүрген барша қазақ қыздарының мұңы… Бұған қолы қысқа, аяғы шырмаулы жігіт мұңы қосылды.
– Мен мына жолда келе жатып, өзімнің керемет бай болмағаныма бірінші рет қатты өкіндім, – деді Әріп.
– Бай болсаңыз не істер едіңіз?
– Сенің айттырған күйеуің Жиенқұлдың да, туыстарың Есімбек, Тұрсынбектердің де көкейін тескен – мал ғой. Мыңғырған бай болсам, Жиенқұлдың қалыңмалын екі есе қып қайтарып, Матайдың ақсақалдарын да разы қылар едім. Сөйтіп, есепсіз байлықты сенің жолыңда оңды-солды бір шашар едім-ау… Бүгінге дейін көрінген жерге күл төгіп жүріп, мал жинамаппын ғой. Үкімет берген жылқыны аужал тұтып, күнкөріс қамымен жүре беріппін.
Әріп осыларды айтып, көкірегін қарс айыра күрсінген. Қасірет шеккен жігітті Сараның өзі жұбатты.
– Өйтіп налымаңызшы! Қайғырмаңыз… Өзіңіздей азаматтың жол таппай жасығанын көргім келмейді, – деді Сара ширыға тіл қатып. – Сенсеңіз, маған осы бақытым да жетеді… Білесіз бе, мен сізге жолықпай тұрғанда, асылып өлгім де келген… Тарығып жүрген кезімде сізді кездестірген тәңірге разымын… Енді маған бәрібір. Сүйегімді қасқыр тартып, ит кеміріп жатса да қой демен…
– Ондай жаман сөзді айтпашы, жаным! – деп Әріп Сараны бауырына тарта түсті. – Болашақтан үміт үзбейік. Азамат басымызбен саған азаттық әпере алмасақ, несіне жер басып жүрміз?!
– Азаттықтың ауылы алыс боп тұр ғой. Оған қалай жетпексіз?
– Сені алып қашып кетсем қайтеді?
– Қайда, ағатай-ау? Сіз екеуміз қайда барып сиямыз?
– Қытайға өтіп кетеміз. Саған айтпап па едім? Мен Қапалға келердің алдында Шәуешекте үш жыл қызмет істеп келдім ғой. Ол жақта жақын достарым бар…
– Сөйтсек, қызық болар еді, ә? – деді Сара бір сәт қиялға беріліп. – Ал, сіздің отбасыңыз, әйеліңіз, балаларың…
– Олар уақытша осында қала тұрады. Бәйбіше бірге тұруға көнсе, артынан алдырармыз. Көнбесе, осы жақта тұра берер…
– Қойыңызшы. Оның қисыны келе қоймас, – деді Сара Әріптің бауырына тығыла түсіп. – Біреуді жылатып тапқан бақыт бойға құт бола ма? Қазақтың бір қызын жұбатам деп, екіншісін жылатқанда не мархадам табасыз?
Қотан төріндегі той енді қыза бастаса керек, сол жақтан ойнаған балалардың шаң-шұңы, әйелдердің күлгені естіледі. Әлден уақытта сырт жақтан аяқ дыбысы байқалып, жабықтан Күлімхан тіл қатты:
– Әй, Еркем, менімен бірге жүресің-ау деймін… Сені апам іздеп жатыр, – деді сыбырға жақын үнмен.
– Ішке кіре бер. Біз де қазір шығамыз, – деді Сара да естілер-естілмес құмыққан үнмен.
Соны айтып, Әріптің сырт киімдерін, қамшысын тауып беріп, асығыс киіндіре бастады. Келіншек те ішке кіріп, төңкерілген кесенің түбіндегі ширатқан мақтаға май тамызып, от тұтатты. Үй іші лезде жарық тартқан.
– Мазаларыңды алдым-ау! – деді Күлімхан қулана сызылып. – Шілдеханаға өрдегі ауылдан жігіттер келіп, сенімен айтысамыз деп күтіп отыр. Апамның ойында ештеңе жоқ еді, сені іздеткен – солар…
– Дәмелері зор екен… Қазір әуселесін көреміз! – деді Сара көңілдене тіл қатып. – Алдағы аптада бұл ауылдар жайлауға қарай қозғаламыз деп отыр. Жайлау жаққа да ат басын бұрарсыз! – деді сонан соң Әріпке бұрылып.
– Дәм тартса барып қалармыз, – деді Әріп те Сараға мәністі көз тастап. – Жылдағы әдетпен жайлаудағы елден мал бажысын жинаймыз ғой… Ал, сізге көп рахмет! – деді сонан соң Күлімханға бұрылып. Қалтасында сыртында сұлу қыздың суреті бар, әтір иісі бұрқыраған «Гүлжиһан» сабыны бар екен, әйелге соны ұсынды. – Аз да болса көптей көріңіз, жеңеше!
– Рахмет, қайным! «Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығады» дегенді білетін шығарсың. Келіп тұр, – деді келіншек иіссабынды бірден танауына жақындатып.
Әріп бұрыла беріп, Сараның үлбіреген ернінен үздіге бір сүйді де, сыртқа қарай беталды. Далаға шықса ауыл үсті тастай қараңғы. Толған ай шығыстағы белестен енді ғана көтеріліп келеді. Ауылдағы от та, жарық та, ырду-дырду да төр жақтағы үлкен үйлер маңында. Әріп шеткі үйден елеусіз шықты да, тоғай арасында бекітулі тұрған атына қарай аяңдады.
- ІІІ -
Соңғы айларда ойсоқтылыққа ұшыраған Әріп шақшадай басы шарадай болып, тығырықтан шығар жол таппай сенделіп жүр. Бұрын иісі қазаққа жол ашам, үлгі шашам деп жүргенде, өз күшін тым асыра бағалаған екен. Немесе қолы көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап жүріпті ғой. Енді, міне, қалың қазақты былай қойып, өзі сүйген бір қыздың тағдырына араша түсе алмай, басы қатып отырған түрі мынау… Ойпырай, бұл не деген тар заман, тайғақ жол?! Аттап бассаң алдыңнан қып-қызыл қиянат, зорлық-зомбылық, қайғы-қасірет шығады. Осыны бұрын Әріп неғып байқамаған? Бәлкім, байқаған да болар, бірақ өз басына түскенше сәп салып, көңіл аудармаған. Оған себеп: ақын жігіт бұрын ылғи аспанда, ақша бұлттар арасында қалықтап жүріпті ғой. Жерге түскені осы биыл, Сарамен жолыққан соң ғана. Көз салып қараса, жердің үсті толған қылмыс, толған қиянат. Әлі жеткені әлсіздерді жалмап жұтып, жылатып жатқаны.
Әріп өз дастандарында араб ертегілеріндегі ару қыздар мен ержүрек ханзадаларды қызықтаймын деп жүріп, өзі өмір сүрген ортаға ой жүгірте қоймаған екен. Қазаққа өзгенің үлгісін айту, ер мен әйелдің теңдігін, махаббатты дәріптеу аз. Ұлттың өз бойындағы балтамен шапқандай мін-мерезді басқа ұрып, көзге шұқып тұрып көрсету керек. Сен мықты болсаң, айналаңда күнде болып жатқан зорлық-зомбылықты, әділетсіздікті әшкереле. Бұл жөнінде алдыңдағы ұстаздарың: Дулаттан, Абайдан неге үлгі алмасқа! Дулат пен Абай Сыбан мен Тобықтының би-болыстарын неге тірідей сойып жүр дейсің. Іштеріне симағандықтан, жандарына батқандықтан.
Солар сияқты Әріп те жазар еді. Айтам десе, бір Сараның басындағы мұң мен зар қаншалық. Жылқы барымтасы, теңсіз құдалық… Бірақ соның бәрін қандай жолмен, қалай айтады? Қазақ қыздарының мұң-зарын халыққа, өкіметке қалай жеткізеді? Бүгін жазып, ертең шығара қоятын газетің, журналың болса екен! Ал, ауызша өлең қып таратса қайтеді? Ол қанша жерге барады? Кім тыңдайды оны? Жай ауыл арасының өсек-аяңына жем болып жүрмей ме? Ал, кітап қып жазса, оны Қазанда бастырса… Бірақ, ол шығып болғанша қай заман. Оған дейін мұның Сарасы көресісін көріп, баратын жеріне барып болмай ма?
Осы арада Әріпке тағы бір ой келді. Ал, осыны жәй ғана өлең емес, жұртқа тез тарайтын «айтыс» түрінде жазса қайтер еді? Әлдебір ақын Сарамен айтысса, Сараның малға сатылғанын, туыстарының ешқайсысы жаны ашып, жәрдем қолын созбағанын, қылаяғы жарымжан, кемтар күйеуі Жиенқұлға дейін айтып, жер-жебіріне жетсе… «Айтыс» оңай жатталады, айналасы бір-екі айдың ішінде бүкіл елге таралуы мүмкін. Тек, алғашында «айтысты» жазуы жақсы біреуге он шақты дана етіп көшіртіп, әр ауылдағы өлең құмар, талапты жігіттерге таратып берсе болғаны, ары қарай біреуден-біреу көшіріп, жалпақ елге жайылып кетпей ме?!
Ал, сонда, Сараны кіммен айтыстырғаны жөн? Мәселе – осында. Ауыл арасының белгісіз жігіт-желеңімен айтысса, оның сөзін ешкім де әтуерге алмайды. «Ол неменің өзі кім, сөзі кім» дей салмай ма. Сарамен аузы дуалы, ел-жұртқа белгілі, айтқан сөздері Матай жуандарының шымбайына батып кететін адам айтысуы керек. Ауыл арасы емес, ол ақын Сараны алыстан іздеп келіп айтысса тіпті жақсы. Бұлай еткенде, әрі Сараның беделі көтеріледі. Әрине, айтысатын ақын Сараға бірден «сен солайсың» демейді ғой. Бастабында екі жақ өз руын, өз елінен шыққан әйгілі адамдарын дәріптеп, бірін-бірі аяқтан шалып дегендей, біраз жерге барысады ғой. Мұндайда ақындар қарсы жақтың мінін қазбалап, одан өз елін үстем етіп, тыңдаушының қанын қыздырып, намысын қоздырса да артық емес. Содан келе-келе жеке басқа ауысып, соңғы жағында Сараның мұңы шертілсе. Ел намысын қорғап отырған талантты қыздарын мүгедек біреуге шырылдатып малға сатып отырған Матай жуандарының мінін беттеріне шыжғырып басса… Ой-хой, шіркін, сонда елдің де, Әріптің де айызы қанар еді ғой.
Қысқасы, айтысатын ақын Сарамен терезесі тең, бәлкім Сарадан да биік тұратын кісі болса, тіпті оңды болар еді. Жалпы, бұл «айтыс» Әріпке оңайға түспейді. Өйткені екі ақынның да сөздері салмақты, жұртты бірден үйіріп әкететін, шынайы тартысқа құрылған, көркем, әрі бейнелі болуға тиіс. Көзқарақты жұрт бұл жай айтыс емес, айтыс түрінде жазылған дастан деп қабылдаса нұр үстіне нұр… Ал, сонда «айтысты» сондай биік дәрежеге көтеретін айтыскер ақын кім болмақ? Әріп қанша ойланса да, біразға дейін осыған лайық кейіпкер таппай басы қатты.
«Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, дәл осы күндері Әріп Семейден хат алды. Нағашысы, әрі училищеде бірге оқыған досы Көкбай жазыпты. Сабақтастығының сыртында, бұл екеуі Сыбан мен Тобықтыны бәсекеге түсіріп, өзара айтысқан жыр жарысында жеңісе алмай келе жатқан ақындар. Көкбайдың Әріптен төрт-бес жас кішілігі болғанымен, құрдастарша қалжыңдаса береді. Көкбайдың бұған нағашы болатын себебі, Әріп – Көкбаймен аталас, Көкше Қаратай бидің қарындасынан туады…
Сол Көкбай жазыпты: «Осы таяуда Абай ағам бір өлең шығарып, сені, мені және Шәкерім үшеуімізді оңдырмай сынға алды. Қазір Семей жұртшылығы сол өлеңді ауыздан түсірмей дуылдап айтып жүр. Абай әлгі өлеңінде:
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, –
деп келеді де, өлеңнің орта шенінде:
Сөз айттым «Әзірет Әлі, айдағарсыз»,
Мұнда жоқ «алтын иек, сарыала қыз»
Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз, –
деп, үшеуімізді бір оқпен сұлатады. Мұндағы «Әзіретәлі, айдағарсыз» дегені – мені шалғаны. Мен бір өлеңімде Әзіретәліні айдағармен алыстыратыным бар-ды. Абай шектен шыққан әсіре қызылды ұнатпайды ғой. Менің артық кеткен жерімді іліп түскен. Ал, «кәрілікті жамандап, өлім тілеп» деп отырғаны – Шәкерім. Есіңде бар ма, Шәкерімнің:
Кәрілік – құтылмайтын бір қазған ор,
Қайратсызға өмірдің бейнеті зор.
Өлмейтін, жазылмайтын сол аурумен,
Жалғанда жан болмайды кәріден қор…
Қартайған соң балаға ата жақпас,
Атанады алжыған бір қу қақпас.
Сүйген жарың тіліңнен сүймек түгіл,
Оның етін менсініп жылан шақпас…
Олай болса тілегің табылынды,
Назаланба, бойға жи сабырыңды.
Ол болмаса өмірден өлім артық,
Өзің қазып дайында қабіріңді, –
деген кәрілік туралы өлеңі болушы еді ғой. Осы өлеңді де Абай ұнатпай, әдептен аттағандық деп білген. Ал, «алтын иек, сарыала қыз» деп отырғаны – сенің шығармаң. Сенің «Зияда-Шаһмұрат» дастаныңда қыздарды осылай бір әшекейлеп суреттейтінің бар ғой. Абай мұны да шындыққа жанаспайтын, жат дүние деп бағаласа керек… Біз, Шәкерім екеуіміз ағаның сынын кек көрмей мойындадық. Ал, «толық тобықты» саналмайтын сен Абай сынын қалай қабылдайсың, ықтияр өзіңде» депті Көкбай хат соңында.
Хатта келтірілген Абай сыны Әріпке едәуір ауыр тиді. Онсыз да өз өміріне көңілі толмай жүргенде, мұны мүлде жарға итергендей әсер туғызды. Абай мұның шығыс сарынымен жазылған ертегілік дастандарын бүтіндей жоққа шығарғаны ма сонда? Солай болғаны ғой… Абайдың бұл қай асқандығы? Кезінде шығыс сарынымен оның өзі де өлең жазбады ма? Шығыстан аларын алды да, кейінгі кезде бетін батысқа бұрды. Жарайды, жылтыр сөз, артық бояуды ұнатпай-ақ қойсын, бірақ нысанаға Әріпті тіккені қалай?
«Жалғыз сен ғана емес, Абай өз інілерін де сынап отырған жоқ па» деген бір ішкі дауыс. Оларды жәй көз қылу үшін шырға қып отыр. Бұл жолы Абайдың көздеп атқаны – Әріп қана. Өзге елден бұрын Қазаннан кітап шығарғанын көп көріп, қызғанып қалды ма, кім білсін?!
Әріп Абаймен Семейде училищеде оқып жүрген кезінде танысқан. Сол бір 1877-1881-жылдары Абай жыл сайын Семейге келіп, орыс достарымен сұхбаттасып, кітапханадан шықпай, айлап-апталап жатып қайтатын. Абай келгенде қалада оқып жүрген Тобықтының жастары соның төңірегінде болады. Әсіресе, сенбінің кештері мәжіліс-думанға, ән мен күйге ұласады. Жастар Абай алдында өлең оқиды. Міне, сондай кештерге, Көкбайға ілесіп, Әріп те баратын. Көкбай Абай алдында өзін еркін ұстайды екен. Ол «мына жігіт кім болады» деген Абай емеурінін бірден ұғынып, Әріпті оған таныстырды.
– Бұл жігіт – толық тобықты емес, тобықтыға жиен ғана. Бар болғаны – Аягөздің Сыбаны. Кемшілігі наймандығы демесең, былай өзі нағашыларына тартқан тәуір жігіт! – деп отырғандарды күлдіргені бар.
– Аягөз болса, Ақтайлақ аулының тумасы болды ғой, – деді Абай бірден назар аударып. Сонан соң Көкбайға қарап: – Сыбандарды Тобықтыдан осал деп кім айтты саған? Біздің тұсымызға дейін қазақта Ақтанберді мен Дулаттың, Сабырбай мен Түбектің алдына түсетін ақын болған жоқ. Сүйегіне өлең қонған ауыл ғой бұлар, – дегенді қосып қойды.
Сөйтіп, Көкбайдың ғана емес, сонда отырған жастардың алдында Әріптің еңсесін бір көтеріп тастаған. Сол кеште Әріп те өлең оқыған. Абай мұның аяқалысын құптай отырып, тек араб-парсы сөздерін жиі қолданатынына ескерту жасады. Абай жастарды сынап көру үшін, кейде олармен орысша сөйлеседі екен. Кезек Әріпке келгенде:
– Тілің жатық. Орысша жетіліп қалыпсың, – деп тағы да жылы лебіз білдірді.
Сөйткен Абай бүгін келіп, Әріп шығармаларына ауыр кінә тағып отыр. Бұған соңғы кездегі арадағы салқындық себеп болғаны анық. Ұстаз бен шәкірт арасының суынуына да Тобықты ішіндегі тартыс түрткі болды. Әріп оқуын бітіре салысымен бір жылдан аса Семейдің округтық сотында тілмаш болып істегені бар. Бұл – Тобықты іші екіге жарылып, Ырғызбай мен Жігітектің соттасып жатқан кезі. Жауапкер – Базаралы мен Балағаз бастатқан Жігітектің барымташылары. Олар бұрынғы ескі кектің төлемі ретінде Абайдың ағасы Тәкежанның бір қос жылқысын айдап әкетіп, жарлы-жақыбайлар жабыла сойып алған ба, бір пәлесі бар. Заң жүзімен қарағанда, жала емес, айғақ-куәсімен мойынға қойылған қылмыс. Ал, қылмыс жасауға түрткі болған не? Ол жағын заң қарастырмайды. Қашанда әлсіздер жағынан табылатын әдетімен, Әріп осы дау біткенше Жігітек жағында болған. Ал, Абай болса өз туыстары Ырғызбай тобында. Заңшыл, шешен, орыс тіліне жүйрік Абайдың араласуы таразының Ырғызбай жақ басын ауырлата түскен. Амал не, Әріптің күш салғанына қарамастан, Базаралы бастатқан Жігітектің он жеті азаматы ит жеккенге айдалып кете барды.
Осы оқиға бетіне шіркеу болды ма, Әріп кейін біраз жыл Абай ауылына қатыса алмаған. Шыңғыстау жаққа барса, көп айналмай, нағашысы Қаратай ауылынан қайтып кетеді. Өлең іздеп баратын емес, өлең қажет болса, Сыбанның өз іші ақыннан аяқ алып жүргісіз. Бір ғана Жанкөбектен: Ақтамберді, Ақтайлақ, Дулат, Сабырбай, Түбек бастатқан он жеті ақын шықты десіп жүр ғой. Соның ең соңғысы, бәлкім ең әлсізі – Әріп шығар. Ал Дулатты – Абайдың ұстазы деуге болады. Дулат бастап беріп, Абай дамытқан тақырыптар қаншама. Ұқсас айшықтар, ұқсас теңеулер…
Әріп осылардың бәрін еске ала отырып, Сараны қатыстыратын «айтысты» бұрын Көкбай екеуі әзіл-шыны аралас айта беретін Арғын мен Найманның байырғы бәсекесіне құрса қайтеді деген байламға келді. Бұрыннан таныс тақырыпты алып шығу Әріпке де қиындық келтірмейді. Ал, сонда Сарамен айтысатын кім болмақ. «Үйреніскен жау атысарға жақсы», Сарамен айтысатын ақын Тобықты ішінен шықса жақсы-ақ болар еді. Бірақ, ол елде ондай ірі айтысқа түсетін кім бар? Абай мұндайға бармайды, Шәкерім жалпы айтыспайды. Көкбай? Оның ақындығы жеткенмен, аузының дуасы, атақ-даңқы жетпейді. Сараны іздеп келіп айтысатындай Көкбай кім, шынында? Орынбай, Шөже… Шөгіп қалған қарттар ғой өңшең, оларда қызбен айтысатын шама жоқ. Ал, Әсет ше? Ол әлі жас қой. Аты да кең жайыла қойған жоқ. «Арғынмын, атым Әсет арындаған» деп қанша іріленгенімен, «Тауықпын тары терген Найман шалдан» дейтіні тағы бар. Өзі нағашысы, әрі қайын жұрты Найман елінде тұрады. Сондықтан, оның Арғын атынан табан тіреп айтыса қоюы екі талай. Айтысса да, оның өзі онша өтімді бола қоймас.
Сарамен айтысатын адам жергілікті жуандардан ықпайтын, кімге де болса өктем сөйлейтін, қыз тағдырына араша түсіп, халық атынан үкім айтатын, Орта жүзге аты мәлім, белгілі кісі болса, ғажап болар еді. Мәселен, Біржан сал секілді… Әріптің ой ағымы осы араға келгенде кілт тоқтай қалды… Ау, «айтысқа» сол Біржанның өзін неге қатыстырмасқа? Біржан – Көкшетаулық қой. Сүйегі – Арғын ба, Керей ме? Онда тұрған не бар, «айтыста» Арғын атынан сөйлесе болды емес пе? Біржан сал – Орта жүзге ортақ адам. Оның кез келген рудың атынан сөйлеуге қақысы бар. Ал, жасы… Сол кісі нешеге келді екен өзі? Сірә, алпыстан аса қоймаған шығар… Ал, біз Біржанды отыздың ішіндегі жігіт қып суреттейміз («Екі жыл отыз беске келгеніме»). Айтпақшы, Біржан сал Жетісуға келіп пе екен? Әй, келмеген шығар. Осыдан он шақты жыл бұрын Шыңғыстауға, Абай ауылына келіп қайтыпты десетін. Ал, оның Жетісуға келгені жайында ешқандай дерек жоқ. Несі бар, Біржан сал бұрын Жетісуға келмеген болса, келтіреміз. Алыстан Сараның даңқын естіп, әдейі іздеп келген болады. Сонда, Сараның да беделі бірден асқақтап, биіктей түспей ме?
- ІV -
Сонымен, айтысатын адамдар белгілі болған соң, Әріп бірнеше күн іштей толғанып жүрді де, бір күні қағаз-қаламын сайлап алып, жазуға отырды. Уезд бастығы Самойлов әлдебір жұмыспен Губерния орталығы Алматыға кеткен. Алматы мен Қапал арасы – атты кісіге бес күншілік жол. Барыс-келісін, ондағы бітіретін шаруаларын есептегенде, ол сапардан жарым айсыз оралмайды. Әріп осы әредікті пайдаланып, жазу үстелінде тапжылмай он күн отырды. Он күн бойы қаламы жорғасынан бір танған жоқ.
Қағаздың басына «Біржан мен Сараның айтысы» деген тақырыпты үлкен әріптермен жазып қойған. Енді сол міндетті қалайда орындауы керек. Әрине, мұндайда «айтыс» бірден басталмайды. Алдымен Сараның кім екені, Жетісуға Біржанның қалай келгені баяндалуы керек. «Айтыстың» қай ауылда, кімдердің алдында өткенін де анық айтпаса болмайды. «Айтысты» кейін кім оқыса да түсінікті болуы шарт.
Қызы екен ақын Сара Тастамбектің,
Жақыны заты Найман Есімбектің.
Сауық қып Садыр-Матай жиналғанда,
Аулына алдырыпты Тұрысбектің.
Аулына Тұрысбектің Сара кепті.
Өлеңді жүндей сабап дүрілдетті.
Сол кезде он жетіде ақын Сара,
Жел сөзге адам болмас ондай епті.
Сараның атын білген Арғын-Найман,
Шыққан жүйрік Аталық, Қаптағайдан.
Баласы Қожағұлдың сері Біржан
Сараны іздеп кепті әлдеқайдан. –
деп, асықпай баппен бастап алды да, осы жүрістен танбай сырғытты да отырды. Әрине, Біржандай әйгілі адамды кейіпкер қып алу ақынға қосымша жүк артатыны анық. Біржанның өзі қандай кесек болса, оның сөзі де кесек болуға тиіс. Ал, Сара… Сара осал ақын болса, оны Біржан сал жер түбінен іздеп келе ме? Ол енді ауыл арасында жігіттермен айтысатын Есімбек, Тұрысбек ауылының Сарасы емес, иісі Найман атынан сөйлейтін ірі тұлға. Сондықтан, оның сөзі де атына сай болуы керек. Біржан айғайға басып, қанша өктемсіп келгенімен, Сара оның адымын ашырмай, сөзден сүріндіріп отыруға тиіс. Бұл баяғы Тобықты мен Сыбанды салыстыратын Көкбай екеуінің айтысы емес, одан әлдеқайда биік, әлдеқайда парасатты болмақ.
Біржан қасына ерген жолдастарымен Сараны өз аулынан таппай, жұрт жиналып отырған Тұрысбек ауылына келеді. Бұлай ету Әріпке керекті кейіпкерлерді бір орынға топтау үшін қажет еді… Біржан ауылға келе салысымен, аттан түспей:
Бұл үйде Сара бар ма, шықсын бері,
Іздеген келіп тұрмын Біржан сері.
Жолықпай сөзі өктемге жүрген шығар,
Аулында Тұрысбектің өлген жері, –
деп өктем айғайға басады. Басында мұндай тұтқиыл шабуылды күтпеген Сара бір сәт тосаңсып, үнсіз қалады. Содан намысқа қызған Тұрысбек, Есімбектердің кеу-кеуімен сыртқа шығады. Біржан да аттан түскен, бірақ әлі де қыз қасына келер емес:
Мен Біржан қызға барман аяғымнан,
Шын қызсам дәуірлеймін баяғымнан.
Бері кел, ұрғашылық қылма, жаным,
Дәндеме Наймандағы саяғыңнан.
Найманның болады екен қызы надан,
Үлгісіз қандай халық түрі жаман.
Ағаға іні келер біздің елде,
Көп боп па сұрасуға есен-аман?! –
деп Сараны бірден сүріндіруге тырысады. Сара осы алғашқы сыннан қалайда аман өтуі керек. Аман өтіп қана қоймай, лайықты уәж айтып, Біржанды сөзден тоқтатуы керек. Солай етсе, бұдан былайғы жеңістері де сенімді болады.
Ей, Біржан, кімге дәрі амандығың,
Сөз білсең, бұл да сенің жамандығың.
«Қиссасул-Әнбиядан» оқымап па ең,
Белгілі мағлұм болды надандығың.
Адамды топырақтан жаратқан хақ,
Білінсін надандығың сөзіме бақ,
Хауаға Адам-ата бұрын барған.
Естігенің жоқ па еді мұны, ақымақ?!
Бұл – Сараның бірден ұтысқа шыққан тұсы. Біржан жығыла жаздап, тізерлеп барып тұрып кетеді. Бұдан ары Біржан Арғынды мақтап, Сара Найманды дәріптеп, ұзақ егеске түседі. Әрқайсысы өз елін, одан шыққан атақты тұлғаларды айтып, көкке көтереді. Біреуінің әспеттеген адамынан қарсыласы мін тауып, әшкерелеп, оның сөзін жоққа шығарады. Біржан өз кезегінде:
Жан жетпес ән шырқасам өрісіме,
Құдайдың ризамын берісіне.
Секілді қортық қошқар бармақ байың,
Бір қойдың сияр тұлып терісіне…
Алыстан тілеп ұшқан түз құсындай,
Біржанның жұрт таңғалар келісіне.
Қайғылы қара кемік байтал түгіл,
Арғымақ ат шыдамас желісіме.
Орта жүз ән шырқасам сүйінеді,
Мойыным жүзген қудай иіледі.
Арғынның жалғыз тоны қолға түссе,
Төрт Найман орта бойлы киінеді! –
деген сөздерді айтып, Сараны бұқтырып-ақ тастайды. Тәуір шыққан шумақтардың тұсына Әріп леп белгісін (!) қойып отырған. Біржанның жаңағы сөзіне де леп белгісін қойды… Біржан осы қарқынмен Арғыннан шыққан әйгілі адамдарды санамалап кетеді.
Арғынның көз жеткізсіз аймағы бар,
Төңірек жеті дуан ойнағы бар.
Кім жетер Жанайдарға Арқадағы
Жеті жүз жас бота мен тайлағы бар.
Қаржаста бір құтым бар Мұса, Шорман,
Үзілмей келе жатқан ескі қордан.
Қазының бел баласы Сәдуақас,
Құтқарған сан қыранды түскен тордан.
Ұл тумас Қазанғаптай ата ұлынан,
Тұқымы дегдар шыққан жатырынан.
Полковник шен алады туа сала,
Шырылдап түскен бала қатынынан!
Әрине, бұл да – Біржан айтса жарасатын сөз. Бұл шумақтарға да леп белгісі бұйырды. Арғын атынан айтысқан кісі жоғарыдағы есімдерді аттап кете алмайды. Өз еліңді, ерлеріңді мадақтау – айтыстың сәні. Нағыз қан қыздырар, намыс оятар кезің осы. Әрине, бұған қарсы айтатын Сараның да жауабы әзір:
Найманда Қаракерей, Сыбан, Мұрын,
Жеті ата жолымбетке құйған нұрын.
Шерубай, Тана мырза, ер Тәукебай,
Қай қазақ сөз бастаған одан бұрын.
Баласы Қозыбайдың Тілеуберді.
Әлихан оның ұлын әркім көрді.
Құдайдан қорыққан Арғын осал демес,
Қарадан хан боп шыққан Қисық ерді.
Кім жетер Қабанбайға дуа қонған,
Үзілмей тұқымынан қуа қонған.
Қожақұл, Әли, Жақас, ер Әділбек
Сүлеймен оның ұлы шықты соңнан.
Бұтабай, Бәйжігітте құт Шаянбай,
Сасан би, шапты Кенже жауға аянбай.
Асыққа ақ жамбыны ерітіп құйған,
Найманның жігіт қайда бағланындай…
Бұл да – өте тауып айтылған, леп белгісі қойылатын шумақтар. Арғын мен Найман орта жүзді ұстап тұрған қос бәйтерек қой. Қатар жатқан ағайынды екі елді қалай мақтасаң да сияды. Бұл елдерде аузымен құс тістеген жүйріктер де жеткілікті. Мұның бәрі жақсы-ау! Сыпыра мадаққа құрылған айтыс та кісіні жалықтырып жібереді. Бұл елдерде кемшілік жоқ па? Ол неге ақындардың аузына ілікпейді? Оның бәрі айтылады. Дау тудыратын, шу шығаратын, ағайын арасында өкпе-араздықты өршітетін қиын кезеңдер алда тұр. Осы заманда өмір сүре тұрып, кейбір ірі оқиғаларды айтпай кетуге тағы болмайды. Біржан өз кезегінде:
Құтыма тіл тигізбе ер Құнанбай,
Алашқа аты шыққан кер бұландай.
Жаралған шарапатты Қажекеме
Найманды теңестірме сен ұялмай.
Абайдай тумас адам сөзге зерек,
Құр мақтан артын бақпай неге керек…
Орта жүз Абай қойған атын батпай,
Үйіне ояз кірмес жауап қатпай…
Шапқанда Шаянбайды құтын шайқап,
Тұрған жоқ Найман қарсы алдына кеп.
Бар байлығың жер жыртып, егін салу,
Жасыңнан жүрегіңді тескен кебек, –
дегенде, Сара нендей жауап айтуы керек? Әрине, Құнанбай – жұрт сыйлаған қажы, Абай – ақындардың ұстазы. Бірақ ешкім де періште емес. Қаза берсең, әулие деген адамнан да бір мін табылады… Не істеу керек? Әріп осы тұсқа келгенде тығырыққа тірелгендей шекесін ұстап отырып қалды. Көңілінде Ырғызбай жуандарына, Құнанбай әулетіне деген ескіден қалған бір қыжыл бар. Әсіресе, Ырғызбай жуандарының Жігітектің он жеті азаматын соттатып, Сібірге айдатып жібергенін кешпейді. Тобықты ішіндегі бұл дауға Абай да араласқан. Ұлықтарға беделін салып, сөзін өткізген. Жігітектің намысқа шабар азаматы Базаралыға Абайдың тісі басулы. Оның Тәкежан жылқысын барымталап кеткені үшін ғана емес, Құнанбайдың тоқалы Нұрғаныммен ашына болғаны үшін.
Ал, Әріптің бұл даудың кезінде Жігітек жағында болғаны, Базаралы, Балағазды ақтап алуға шамасы келмесе де, ең соңына дейін солардың тілеуін тілегені ел-жұртқа аян. Базаралы айдаудан қайтқанда, Әріптің оған арнап шығарған өлеңі де бар.
Ақиық қыран едің бұлғын ілген,
Талай құрбың сағынды ойнап-күлген.
Атылса да жаманды кім жоқтайды,
Ердікі қиын екен халық білген…
Бермедің алғаныңды иесіне,
Қой бердің сан жуанның түйесіне.
Жасыңда үйірсек деп естуші едім,
Шауыпсың өш айғырдың биесіне, –
деп, Базаралы мен Нұрғаным арасындағы қатынасты да жасырмай, тілге тиек еткен… Енді келіп, «айтыста» Құнанбай әулеті сөз болғанда, белгілі жайды айтпай кету Әріпке үлкен мін болар еді. Оның үстіне, таяуда Абайдың «алтын иек, Сарыала қыз» деп, Әріп шығармаларын сынағаны тағы бар. Ол бірер күн ойланып жүрді де, ақырында Сараның аузына мынадай өлең шумақтарын салды.
Наймандай Арғын қайда қоңыр, майда,
Ел тоқтар бір мінез жоқ Ыбырайда.
Қазақтан өнері асқан ер толғанда,
Бағланы Жігітектің кетті қайда?
Антұрған аты құрсын Абай деген,
Жылатты мұсылманды талай неден.
Болғанда қасиетті жақсы кісі,
Қасқырдай өз күшігін қалай жеген?
Быт-шыт қып Тобықтыны тентіретті,
Түбіне жақсылардың түгел жетті.
Елге құт, берекелі кісі болса,
Маңғазы Жігітектің қайда кетті? –
дейді ғой Сара. Ол қыз Тобықты ішінде мұндай дау-жанжалдың болып өткенін білмейді де. Керек десең, осындай бір «айтыстың» жазылып жатқанынан да Сараның хабары жоқ. Ол тіпті Біржандай әйгілі өнерпазбен сөз жарыстырып, айтысасың дегеннен шошып кетуі мүмкін ғой. Сондықтан, Сараның көңіліне қаяу түсірмеу үшін оған әлі бұл жаңалықты айтқан жоқ. Кейін «айтыс» дайын болғанда бір-ақ білсін деген-ді. Оның үстіне, атқарылып жатқан істің құпиялық жағы тағы бар. Қысқасы, мына «айтысты» Әріп жазғанын бұл маңайда ешкім білмеуі керек.
Алда «айтыстың» ең жауапты кезеңі тұр. Бұл – Біржанның аузымен Сараны көкке көтере дәріптейтін, осындай өнерпазын жылатып, кемтар біреуге малға сатып отырған Матай жуандарын ұялтып, жерлейтін тұс. Керек десең, осы «айтыс» та сол Сараның азаттығы үшін жазылып отырған жоқ па. Ендеше, қамшыны басатын кез осы. Қос саңлақ біраз жерге дейін жарыса самғап келеді де, «айтыс» аяқталар сәт жақындағанда, Біржан:
Жарайсың, жаным Сара, айтар сөзің,
Тастүлек тұрымтайдай екі көзің.
Қарсы айтар кісі бар ма деп жүргенде,
Алдымнан құдай айдап келді кезің.
Шіркін-ай, мұндай жүйрік туармысың,
Сөйлейсің алтындай қып сөздің жезін, –
деп Сараны көтермелеп келеді де, аяғында қыз басындағы қасіретке шүйлігеді.
Қор болдың бір қортыққа, Сара қалқам,
Армансыз қалар кімнің үйі-түзін.
Дені сау адам емес Тастанбегің,
Жүр екен тастай алмай ол да қызын…
Тез алдырт күйеуіңді, Сара саңлақ,
Көрейін жігітіңді тиген таңдап.
Рас жаны ашыса Тұрысбектің,
Белгісі білінетін шығар сонда-ақ.
Шыбықтай жігіт шығар өңі нұрлы,
Өнері өзің теңдес сегіз қырлы.
Шеберден мін табатын мініскерсің,
Ер шығар тотықұстай неше түрлі, –
дегенде, манадан өрге шауып, төске өрлеп отырған Сара қарсы айтар уәж таппай мүдіріп қалады. Бір жағынан, өз жағдайының Біржанның аузынан осылай әшкере болғанына қарсы да емес сияқты. Әрі өз аулының атқамінер билерінің қатаң сынға ұшырағанына сүйсініп те қалғандай. Жиенқұл үшін Сара емес, осындағы ел ағалары ұялуға тиіс. Сондықтан, Сара қарсыласы Біржанды құптай отырып, ендігі сөзді Тұрысбек қажыға арнап айтса жарасады.
Қажеке-ау, мынау қалай ақырады,
Жиенқұл тез келсін деп шақырады.
Көрсетсең асылыңды ап келіңдер,
Аулыңда ол келгенше отырады.
Адамға жол бермеген есіл тілім,
Күн өтпей қурап ұшқан қызыл гүлім.
Сіздерден ұялғаннан үндемеуші ем,
Есекке қосақтаулы өтті-ау күнім…
Сіздерге сенетұғын сорлы басым,
Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім…
Есеке-ау, кісі жібер балаңызға,
Әзәзіл болды Біржан арамызға.
Сыртынан мақтасам да, керек болды,
Көрсетпей жігітті ұрлап қаламыз ба?
Қажеке-ау, алдырыңыз қонақ күтпей,
Біржан тұр көремін деп сөзі бітпей.
Ажал да кісі таңдап алады екен,
Сол итті неге қойған алып кетпей…
Матай жуандарының қатты қысылған жері осы болады. Қанша сыр бермей шіренгенімен, Жиенқұлды алдырып, Біржанға көрсете алмайды. Оны Біржан да түсінеді, әрине. Жиенқұлды көрсет деп мыналарды сөзге жыққаны болмаса, оны көруге құмартып та тұрған жоқ. Ақырында Сараға жанашырлық танытып, оны бұл тығырықтан өзі алып шығады.
Шырағым Сара сендей тумас бала,
Шежіре туармысың мұндай дана.
Обалың Есімбек пен Тұрысбекке
Жігітің жөндем екен, ей бейшара.
Ел-жұртың қорықса керек көз жасыңнан,
Қиып кеткім келмейді мен қасыңнан.
Кемітер қай жеріңді дұшпан шіркін.
Адамзат озар емес өз басыңнан.
Жібертпе Жиенқұлға шақыруды,
Өнерсіз үйде білер аһ ұруды. –
деп бастапқы райынан қайтады да, ендігі сөзді тікелей ел ағаларына арнайды. Әріптің әубаста ойлаған жоспарының өзі осы болатын. Мақсат – Біржанның аузымен Матай жуандарының үстінен үкім шығарту. «Айтысты» оқыған, не тыңдаған адам түгелімен Сара жағына шығып кетуі тиіс болатын. Егер осыдан кейін бұл елдің намысы оянып, Сараға бостандық бермесе, онда Матайдың ел болудан қалғаны… Біржанның соңғы сөзі:
Есімбек, боққа сатпа асылыңды,
Сыйлай гөр қыз да болса нәсіліңді.
Ұқпасаң «Арғын жоқты айтты» дерсің,
Есеке-ау, еске сақта осынымды.
Қылайын көп ұзатпай сөзді қысқа,
Өлеңге жан көрмедім мұндай ұста…
Обал тұрған жерінде сауап тұрар,
Жиенқұл тең емес қой бұл байқұсқа.
Тұрысбек, Есімбек пен сау тұр, Маман,
Таянды қайтар мезгіл елге таман.
Айналып ендігі жыл бір келермін,
Тысқары топырақтан болсам аман.
Сараны Жиенқұлға бере көрме,
Қыз түгіл ер құнына келер шамаң.
«Айтыс», осылайша, Біржанның ел ағаларын айыптай отырып, Сараны оларға аманаттап, қош-қош айтып аттанып күтуімен аяқталады. Бас-аяғы мың жолдай өлең. Әріп оны жазып болғаннан кейін де үстінен бірнеше қайтара қарап, өңдеп шықты. Көп елдің, рудың, адамдардың аттары аталады, солардың жаңсақ кеткен жерлерін түзетті. Былай барлап қараса, қапы кеткен жері жоқ секілді. Біржанның да Сараның да айтатын сөздері өз орнында. Мына «айтыста» Сара тіпті биіктеп кеткен. Көп жағдайда Біржанмен тең, кейде асып түсіп отырады. «Айтыстың» өте-мөте ұтқан жері – оған басқа емес, Біржанның қатысуы. Таңдау дұрыс жасалған. Матайдың ел ағаларына анадай шымбайға батар ауыр сөзді тек Біржан ғана айта алады. Қысқасы, екі ақынның да атқан оғы нысанаға дөп тиіп отырған.
Енді тек бұл «айтыстың» бағын байламай тезірек тарату керек. Қапалдағы уездік мекемеде жазуы жақсы, қазақша жетік білетін Ринат деген татар жігіті бар еді. Соған ақысына бір қой беріп, «айтысты» он дана етіп көшіртті. Сонан соң қолжазбаны біркелкі қып түптеп, «Біржан мен Сараның айтысы» деген ат қойып, автордың аты-жөнін көрсетпей, қақ жарымын осында қалдырды да, бес данасын Семейдегі достарына почтамен салып жіберді. Бұл «айтысты» ең алдымен Матайдың жуандары оқу керек қой. Сондықтан, бір данасын Тұрысбек аулындағы мұғалімге, тағы бір-екеуін осындағы тілектес жігіттерге ұстатқан. Әрине, бір данасын Сараға қалдырды. «Айтысты» ұсынарда екеуінің арасында мынадай әңгіме болды.
– Сара, сен жақында Біржан салмен айтысыпсың ғой, – деген жайлауда бір жолыққанда күле тіл қатып.
– Қойыңызшы, қайдағы Біржанды айтып отырсыз? – деді Сара бұған үрке қарап. – Біржан салды өңім түгіл, түсімде көрдім бе екен… Мазағыңыз ба, Біржан қайда, мен қайда? Арамыз жер мен көктей…
– Міне, сенбесең оқып көр? – деді Әріп қалтасынан «айтыстың» түптелген данасын шығарып. – Әркімдер «Біржан мен Сараның айтысы» деп, жаттап алып айтып жүр. Саған көрсетейін деп, мен де біреуден көшіріп алдым.
Сара сенер-сенбесін білмей, қолжазбаны қолына алып, асығыс қарай бастады. Ақша жүзі бір қызарып, бір сұрланып, қағаз ұстаған қолының дірілдегені байқалады. Сенбейін десе, сыртында «Біржан мен Сараның айтысы» деген сөз бадырайып жазылып тұр. Бәлкім, Біржан мұнымен аттас басқа бір қызбен айтысқан шығар деген бір ой қылаң берген. Олай ойлайын десе, «Қызы екен ақын Сара Тастанбектің, жақыны заты Найман Есімбектің» деп тұп-тура өзін айтып тұр… Содан әрі-сәрі күйде аңырып біраз тұрды да, кенет сақылдап күліп жіберді.
– Ой, аға, сіз ғой – мұны жазып жүрген! Манадан сіз туралы ой басыма неғып келмеген? – деген күлкісін зорға тиып. – Ағатай-ау, мені Біржанмен қалай айтыстырып жүрсіз? Мен ол кісінің шеніне келем бе?!
– Қорықпа, бәрі жақсы болады, – деді Әріп Сараны сабырға шақырып. – Біржан сал сенің жылап жүргеніңді естіп, сонау Арқадан әдейі ара түсуге келіпті ғой… Мұны жақсылықтың нышаны деп біл! Алдымен, «айтысты» оқып шықшы… Ертең кешке соғам, жылқышының үйіне… Сонда сөйлесерміз.
Ертеңінде бұлар тағы да кешкі апақ-сапақта жылқышының үйінде жолыққан. Сара тағат таппай күтіп отыр екен. Әріпті көрген бетте ұшып тұрып, мойнына асыла кетті. Ыстық демімен құлағын күйдіре жаздап айтқаны, Сара «айтысты» оқып шығыпты. Қатты разы. Тіпті айтарға сөз таппай тұр.
– Аға, не айтайын, менің есіктегі басымды төрге бір-ақ шығарыпсыз ғой… Ризамын! – деді былай жайғасып отырған соң. – Мені Біржан салдай ұлымен қатар қойып, тең адамдай сөйлетіпсіз… Найманның мен білмейтін мықтылары қаншама! Солардың да аруағын бір тірілтіпсіз… Тек, әлгі бір жерде Абайға айтқан сөзіміз артық емес пе?
– Түк те артық емес. Ақындар бірін-бірі мұқатып айтысқанда, ондай ащы сөздер айтыла береді.
– Абай Жігітек жігіттеріне не істеген сонда? Мен Тобықты жағын білмейді екенмін.
– Қыс айларында Жігітектің жоқ-жітік кедейлері Абайдың ағасы Тәкежанның бір қос жылқысын қуып апарып, үй басы бірден соғымға жығып алады. Сол үшін Жігітектің Базаралы, Балағаз бастатқан он жеті адамы Сібірге айдалған.
– Абай араласқан ба бұл дауға?
– Араласқан. Ұлық алдында Жігітекті жеңіп те берген.
– Біржан менің ағаларымды тәуір-ақ тықсырыпты, – деді Сара біртүрлі сүйінген бейнемен күле тіл қатып. – Енді олар не дейді – мәселе сонда. Ертоқымдарын бауырына алып тулап жүре ме?
– Туласын, қайта ұяттан өртеніп намыстанғаны жақсы. «Айтыстың» өзі де сол үшін жазылған жоқ па, – деді Әріп өз еңбегінің Сараға ұнағанына масаттанып. – Көр де тұр, олар сенің басыңа әлі-ақ бостандық береді…
– Аузыңызға май! Илайым солай болсын!
Көңілі жайланған қос ғашық кештің енді қалған бөлігін сүйісумен, қауышумен, шекер шайнап, бал жесумен өткізді.
- V -
«Айтыстың» қолжазбасы Әріп ойлағаннан да тез тарады. Халықтың өлеңге құмар, кітапқа зар кезі. Біреуден-біреу ат-түйедей қалап, көшіріп алып, жатқа соғып жүрген жұрт. Осындай жолмен «айтыс» Ақсу-Қапал өңіріне де жылдам тарап еді. Кешікпей бұл жаңалық Тұрысбек, Есімбектердің құлағына тиіп, олар да «айтыстың» бір данасын таптырып алып, жаппай оқып жатқан көрінеді.
Әу баста-ақ Матайдың ел ағалары мұндай айтыстың болғанына сенбеген. Қайдағы айтыс? Қайдағы Біржан? Жетісуға ат ізін салмаған Біржан сал Сарамен қайда жүріп айтысады? Әлде бұлар естімеген бір тойға Біржан келіп, Сарамен айтысқан ба? Төңіректен сұрастырса, ондай деректі ешкім білмейді. Оның үстіне, Біржан мен Сара Тұрысбек қажының ауылында айтысты деп отырған жоқ па? Тұрысбек, Есімбектерді айтысқа куә болған адамдар ретінде көрсетеді… Ендеше «Біржан мен Сара айтысын» бұларға кегі кеткен, өші бар біреу шығарған. Сонда, ол жалақор ақын кім болғаны? Басқа кім болушы еді, сол баяғы Әріп тілмаш! Сол пәле осы ауылға келгіштеп кетіп еді. Содан-ақ келді. Ақынның аяқ алысы тым кесек. Кімде болса, білмейтін пәлесі жоқ, сауатты біреу. Сол Әріптің Сарамен өсегі бар дей ме, немене? Айтпақшы, ол өткен жылы «Сараны маған тоқалдыққа бер» деп, Есімбекке кісі салып, бір рет беті қайтқан болатын. Дәмесін қарай гөр өзінің! Ендеше, «айтысты» шығарған – басқа емес, сол Әріп екен. Өзінше кек қайтарып, өш алған түрі… Ондай бұзақыны ұлыққа мәлімдеп, Ақсу-Қапалдан біржола аластау керек шығар.
Жетісуда өсек-аяң гулеп тұрған тұста Семейдегі Көкбайдан да хат келді. Оның айтуына қарағанда, қазір Семей өңіріндегі басты әңгіме – «Біржан мен Сараның айтысы» көрінеді. «Айтысты» біреуден-біреу көшіріп алып, ел ішіне желден де жылдам тарап кеткен. Ойын-той, жиындарда қисса есебінде сұңқылдатып жатқа айтып жүргендер де аз емес. «Айтысың» Абай ауылына да жетті, – депті Көкбай. – Аты-жөніңді жазбасаң да «бұл айтысты Әріп шығарған» десіп жүр. Абай ағам да сол пікірде. Өйткені, мұндай айтыстың болмағанын, Біржанның Жетісуға бармағанын мұндағы адамдар жақсы біледі ғой. «Ол төңіректе Әріптен басқа мұндай айтысты шығаратын ақын жоқ» десіп жүр оқыған жұрттың бәрі… Сонан соң, «айтыста» Біржан Арғын атынан сөйлейді екен. Біржан Арғын емес, Керей ғой. Әгәрәкім, Біржан Сарамен шын айтысса, ол «Арғынмын» деп өліп бара жатса айта ма?!».
Көкбай осыларды айта келіп, хат соңында: «Не керек, жаман жиен, мына айтыс арқылы айды аспанға бір-ақ шығарыпсың. Мынаның қасында баяғы сен екеуіміздің сөз қағысқанымыз жолда қалыпты… Осы жолы ақындық талантыңды бір көрсетіпсің. Біржаның да, Сараң да қол жетпес биікте тұр. Пай-пай, Найманды да көтерген-ақ екенсің. Мынадан кейін, Наймандар саған ескерткіш қойса да артық емес! – деп Әріптің еңбегін көкке көтере мақтапты да, соңында: – Әйткенмен, біразға дейін Абай аулына келмегенің жөн шығар. Ырғызбайлар қазір сені түтіп жеуге бар… Ал, Жігітек жағы мәз. Бір ауылдарда көкқасқа жығып, той жасапты деп естідім. «Біржан-Сара айтысын» қолдан-қолға тигізбей ұрандатып жүрген де – солар… Таза Найман болсаң, мұндай тәуекелге бармас едің. Қанша айтқанмен, бойыңда Тобықтының бір тамшы қаны араласып жүргені көрініп тұр!» депті Көкбай сөз аяғын әзілге сайып.
«Біржан-Сара» айтысын оқыған соң Тобықты елінің қатты бүлініп жатқаны рас болды. Көп ұзамай, Шыңғыс өңірінен Әріпке тағы бір хат келді. Сол елдегі Қуанышбай деген ақын Әріпке өлеңмен хат жолдапты. Әріп оны сырттай біледі. Не далаға симай, не қалаға сіңбей, Семей мен Шыңғыстау арасын шиырлап жүретін бәтуасыз біреу еді. Сол, өзінше, Абайды сөзге іліктіргенге қатты намыстанып, шамданып қалса керек. Біреулер күш-күштеп, айдап салып отыр ма, кім білсін. Тақ бір Әріпте өші бар адамдай, удай тілін аямай сұққылапты.
Әріпке айттым сәлем үш қайтара,
Айтысты деп оттапсың Біржан-Сара.
Басында байлауы жоқ бір ант едің,
Сайтан болып кетерсің бара-бара.
Сұрасаң менің атым Қуанышбай,
Жау көрсем қалған емен ту алыспай.
Бар шығар Найманда да небір жүйрік,
Қалам ба деп ойлаушы ем бір салыспай…
Бұл Әріп оқимын деп шайнап еді,
Семейді неше жылдай жайлап еді.
Бұзықтық осы антұрған мінезінен,
Көтіне дүре соғып айдап еді…
Баласы Қүнекемнің Ыбырайым,
Найманға не қылғаны жұртқа дайын.
Пысқырған пысығыңның мұрнын кесіп,
Мың-мыңнан айып алған топ басы сайын…
Шіркіннің, өлеңінде іліп алар бір шындық болсашы. Әлгі «жаптым жала, жақтым күйе» деген сарынмен бірді айтып, бірге кете береді екен. Өзінше, Абайды ақтап, сол үшін жарғыға түсіп күйінген болады. Ал, өмірде Абайдың маңына жолай алмай, сырттай қыжыртып жүргендердің бірі. Өзінде ұят, сөзінде тұрақ жоқ. Тобықтының жыртысын жыртқан болады. Көкбай да, Тобықты ғой. «Айтыс» туралы жазған екі хатты салыстырыңыз: ол қалай, бұл қалай? Әріп Қуанышбаймен айтысып абырой таппасын білсе де, үндемей қалуды лайықсыз көріп, өлеңмен қысқаша хат жазып жіберді.
Елімсің естімеген сақ-тоғалақ,
Сала ма сөзге құлақ ит сұғанақ.
«Мен дадаң Қуанышбай» депсің өзің
Кім едің сен албасты доп-домалақ…
Абайды ұнасады мақтағанға,
Болат қой екі жүзді сақтағанға.
Алтынға дым тигенмен қараймайды,
Жұдырық хан артынан боқтағанға.
Ойнама, Қуанышбай, меніменен,
Сөз білсең сөйлеу керек жөніменен.
Бәрің Абай болмайсың, көп бұралқы,
Ит-әуре болам ба сеніменен.
Әйткенмен, «Біржан-Сара» айтысын жазамын деп, Әріп әр рудан өзіне біраз жау тауып алғанын енді аңғарды. Не істейсің, заман солай. Қазіргі адам да, қоғам да шындықты айтқан кісіні жақтырмайды. Бейне, ащы дәріні ішуден бас тартып, бетін теріске бұрған науқас тәрізді. Ал, ішіне шындық жақпаған, тек өтірікке сүйенген қоғам ұзаққа бармауға тиіс. Бірақ оның асты-үстіне келіп, төңкерілер кезін күтуге мұрша қайда?! Әріп өзі айтқан ақиқаттың зардабы оңай болмасын білсе де, осының бәріне ғашығы Сара үшін барды ғой. Егер «Біржан-Сара» айтысы дауға айналып, Сараға бостандық берілсе, онда еңбегі мен бейнетінің өтелгені.
Күткеніндей-ақ, жергілікті Матай жуандары да тыныш жатпаған екен. Бір топ адам қол қойып, уезд бастығы Самойловқа Әріптің үстінен арыз түсіріпті. «Осылай да осылай… Сіздің Әріп Тәңірбергенов деген тілмашыңыз қызмет бабын пайдаланып, ел ішіне іріткі салып жүр. Ұзатылғалы отырған қызымызды азғырып, отбасын ойрандады, ақ қой сойып, ақ бата жасаған құдалығымызды бұзды… Онымен де қоймай, «Біржан-Сара айтысы» деген кілең өтірікке құрылған шығарма жазып, Матай елінің игі жақсыларын түгел қаралады. Абыройымызды төгіп, ар-намысымызды аяққа таптады… Сондықтан, ел ішіне бүлік салып, ағайын арасына от жаққан бұзақыны қызметтен қуып, біздің өңірден аластасаңыз екен! Егер өтінішіміз орындалмаса, амал жоқ, Губерния бастығына дейін арыздануға мәжбүр боламыз» деп арыздың соңында қоқан-лоққы көрсетіпті.
Бастыққа да жан керек. Ел атынан түскен мұндай арызды елемеуге болмайды. Қазақ өз малын өзі бағады. Ал, сен елді бағасың. Уезд бастығына артылған бірінші міндет – өзге түк бітірмесең де, осы елден бүлік шығармай, тып-тыныш ұстап отыру емес пе… Сондықтан уезд бастығы Самойлов жаңағы арызды алған күні-ақ Әріпті кабинетіне шақырды. Түсі суық, сөзі суыт. Бұрын өзінше зиялымсып, орыс классиктері жөнінде Әріппен әңгімелесетіні болушы еді, бүгін оның бірі жоқ:
– Сен, Тәңірбергенов, не бүлдіріп жүрсің? – деп бірден дүрсе қоя берді. Шегір көзі шатынап, шалғысы құлағына дейін жететін ұзын мұрты тікірейіп кетіпті. – Үндемегенге басқа шығып, есіріп кететіндерің не?
– Аяқастынан не боп қалды, Сергей Михайлович?
– Не болушы еді? Міне, үстіңнен арыз түсті, – деді төртпақ денесі мундиріне тырсылдап зорға сиып тұрған бастық алдындағы бір қағазды Әріпке таман жылжытып. – Біреудің ұзатқалы отырған қызын азғырып, ол әйелмен кәдімгідей тамыр болған көрінесің… Ол жетпегендей сол қыздың атынан өлең шығарып, Матайдың игі жақсыларын сыпыра жамандапсың… Міне, арызға Тұрысбек қажы бастаған ел ағалары түгел қол қойып отыр… Бұған не дейсің, Тәңірбергенов?
– Басқа не айтыпты? «Біз Сара Тастанбек қызын өзі сүймейтін кемтар біреуге зорлықпен малға сатпақ болып едік. Тәңірбергенов келіп, сол қызға ара түсті» демеп пе?
– Мен ол жағын білмеймін, білгім де келмейді! – деді Самойлов дауысын сәл жұмсартып. – Қазақтар қызын малға сата ма, немесе байға тегін бере ме, онда менің жұмысым жоқ. Маған керегі – қарауымдағы елдің тыныштығы…
Мұндайда не айтасың? Сол баяғы орыс ұлығының бет қаратпас өктемдігі. Бұларға керегі – өздері айтпақшы, ел ішінен бүлік шықпауы. Осы елдің жері, бүкіл байлығы өздеріне бұйырса, ал, адамдарының аузы буылып тұрса болғаны… Өйткені олар қазақты империяның толық құқықты азаматы деп санамайды, әйелдерін тіпті мал орнында көреді. Ал, бұл елдегі әйел теңдігі мен махаббат бостандығына түкіргені бар…
– Міне, көрдің ғой, Матайдың атқа мінер ақсақалдары сені осы елден кетіруді сұрайды, – деді Самойлов Әріптің ойын бөліп. – Өз басым сенің қызметіңе қояр кінәм жоқ. Өте сауатты, білімді жігітсің. Бірақ, мыналарды тыңдамай тағы отыра алмаймын. Сенің қазақтарың өзгені білмесе де, арыз жазуға келгенде алдарына жан салмайды… Не істейміз? Сенің мына жағдайдан кейін осында қалып, жұмыс істеуің мүмкін бе?
Әріп әрі-бері ойланып көрді де:
– Дұрыс айтасыз, Сергей Михайлович!.. Менің шынында да, басқа жаққа ауысуым керек шығар, – деді тығырықтан шығар басқа жол таппай.
– Міне, бұл – ақылды адамның сөзі! Қайда барғың келеді? Семей, Аягөз…
– Жоқ, Семей округының да мені сағынып отырғаны шамалы. Мүмкін болса, мені губерния орталығы Алматы жаққа ауыстырыңыз, Сергей Михайлович!
– Жарайды, мен Верныймен телеграф арқылы сөйлесіп көрейін. Ертең келіп хабарын білерсің, – деді Самойлов мәселенің тез шешілгеніне разы болып.
Ертеңінде уезд бастығы үлкен бір шаруа бітіргендей Әріпті жылы шыраймен көңілді қарсы алды.
– Тәңірбергенов, сенің жолың жеңіл екен, мәселе тіпті оңай шешілді! – деді шүйінші сұрағандай. – Жалпы, түстік жақта орысша оқыған сауатты адамдар аз-ау деймін. Қашанда кадрға зәру болады да отырады… Сен губерниялық почта мекемесіне бастық болуға қалайсың?
– Жарап тұр. Менде қызмет таңдайтын мұрша бар ма, қазір…
– Өкінбейсің, жалақысы қазіргіңнен екі еседей артық, – деді Самойлов желпіне сөйлеп. – Жоғарғы бастыққа сенің мақтауыңды жеткіздім-ақ. «Өзімізге де керек кадр еді, семьялық жағдаймен амалсыз ауысып барады» дедім. Шыны да сол ғой. Қапалда үш-төрт жылдай мінсіз жұмыс істедің… Осындағы қазақтар ғой – сені сидырмаған. Кел, разы-хоштықпен ажырасайық… Ертең мінездеме қағаздарың мен екі айлық көтерме жалақыңды қолыңа береді.
Әріп осы сәттен бастап, жолға дайындала бастады. Қапал мен Алматы арасы – салтатты кісіге бес күншілік жол. Алыс сапарға жалғыз-жарым шығу қауіпті. Алдағы аптада қалааралық үкілі почта мен тағы біреулер сол жаққа жүреді екен. Солармен бірге аттанатын болды.
Қапалда Әріпті жолға шығарып салатындай туыс-жұрағат жоқ-тұғын. Бар білетін жақыны – Сара ғана. Жолға шығар алдында сол Сараға жолығып, мән-жайды ұғындырып кетуі керек. Бірақ осы ақтық жолығудың өзі әрең дегенде іске асты. Соңғы күндері Есімбек Сараның үйін өз қасына көшіріп алған екен. Күзет қатты, әр қадамы аңдулы көрінеді. Бұрын ғашықтардың кездесетін орны – жылқышының үйі еді ғой. Ел жайлаудан түскелі жылқы қосы ауылдан бөлініп, тау бөктеріндегі бір сайда жеке отыр екен. Бәрібір сол жылқышыға жалынуға тура келді.
– Еркемді ертең бір ретін тауып, осы үйге әкелуге тырысайын. Бірақ кеште емес, түсте, – деді Күлімхан күле тіл қатып. – Қызбен күндіз жолығуға қалай едіңіз? Қорықпайсыз ба?
– Түнде жортудан қорықпаған жігіт талтүсте неден жасқанады? Ендеше, түске таман жылқылы ауылдан қымыз ішкен болып, мен де келіп қалармын.
Айтқанындай-ақ, ертеңінде бұлар түсте кездесті. Екеуі көптен көріспей, сағынысып қалыпты. Екі жақта да айтылар жаңалық көп еді. Уақыт тар, әңгіме жетерлік. Екеуі кезектесіп, зорға үлгеріп жатыр. Ең басты жаңалық: бұлар әйтеуір түп мақсатына жетіпті. Матайдың ел ағалары ақылдаса келіп, Сараның басына бостандық беретін болыпты. Тұрысбек, Есімбектер «Біржан-Сара» айтысын неше қайтара оқып, және бұл айтыстың жұртшылық арасына кең тарап кеткенін еске алып, өздеріне айтылған сынды еріксіз мойындапты. Ақырында, Жиенқұлдың «қалыңмалын» өзіне қайтарып, Сараны одан құтқаруға бел байлаған. Орталарынан қырық қараны бірден жинатып, құдалардың аулына айдатып та үлгеріпті. Малжанды Жиенқұл «қайтқан малда береке бар» деп, өз басы даудан құтылғанына, сол малдың аман-есен қайтқанына қуанса керек. Матайлардың ендігі қаупі – Әріп көрінеді. Есімбектің Сараны өз аулына көшіріп алып, қатаң күзет астында ұстап отырғаны сол екен.
Әріп бұл хабарға шын жүректен қуанып, Сараны бассалып құттықтай бастап еді. Қыз рахмет айта отырып, тағы бір жаңалықтың шетін шығарды.
– Есімбек, Тұрысбектер мен үшін Жиенқұлға қайтарған малын шығын қылып, босқа күйдіргісі келмейді. Мен білсем, солардың мені тағы біреуге өткізетін ойы бар-ау деймін, – деді Сара мұңая тіл қатып.
– Басың босамай жатып-ақ құда түсетін адам табыла кеткені ме? – деді Әріп біртүрлі абыржып.
– Көрдіңіз ғой, біздің қандай өтімді қыз екенімізді. Бұрыннан маған сырттай көз салып жүретін бір байдың Бекбай дейтін мырзасы болушы еді. Сол жігіт менің ағаларыммен тіл табысқанға ұқсайды.
– Жиенқұлдан қалай? Белі бүкір, аяғы ақсақ емес қой, әйтеуір? – деді Әріп ызалана сұрақ қойып.
– Бүкірді құдай маған жазып қойып па? Ал, мынаның ішінде жатқанын кім білсін, сырты – сұлу аттай сыпайы көрінеді…
Ал, Әріптің Алматыға ауысатын хабарын Сара салқын сабырмен қабылдады. «Біржан-Сара» айтысынан кейін, Әріптің бұл уезде қалмайтынын Сара іштей сезіп жүрген көрінеді. Ағаларының топтасып арыз жазғанынан да хабардар. Бірақ оны Семей жаққа – еліне қайтатын шығар деп ойлапты. Ал, Алматыға баратыны – ойға келмеген жаңалық.
– Не айтайын, менің кесірім ғой – сізді жылы орыннан қозғаған, – деді Сара көзіне жас алып. – Менің ойымша, Қапалдағы жылдарыңыз да зая кеткен жоқ. Өзіме-өзім қол жұмсай жаздап жүргенімде маған жұбаныш болдыңыз. «Біржан-Сара» айтысы туды осында. Сол айтыс қой – маған бостандық әперген. Ендеше сізді – құтқарушы періштем демей не дейін?! Қайда жүрсеңіз де аман болыңыз! Мен сізді екі дүниеде ұмытпаймын…
– Сенің тағдырыңа ара түсу – менің азаматтық парызым еді ғой. Бар бітіргенім – сол парызды өтегенім бе? – деді Әріп бордай егіліп тұрып. – Ең үлкен өкініш – сен екеуіміздің қосыла алмай арманда өтуіміз ғой… Шын ғашықтар қосылмайды деуші еді. Сірә, сол сөз рас шығар… Мен де сені ұмытпаспын, жаным! Саған деген махаббатым жер қойнына өзіммен бірге кетер!..
Жылқышы ауыл күндіз абыр-сабыр, қымыз ішушілер келіп-кетіп жатыр. Емін-еркін отырып, әңгімелесуге жағдай жоқ. Маңайда аңдушылар да бар ма, кім білсін? Әріпке тез қоштасып, аттануға тура келген. Сара оның белдеудегі атын алдына көлденең тартып тұрып, бір ауыз өлең айтты.
Адамзат құтылған ба ауыр ойдан,
Дүниенің алды сайран, арты ойран.
Қызыл түлкі секілді бұлаң қағып,
Осылай өте бермек өмір қайран…
Үзеңгіге аяғын сала беріп, Әріп те бір ауыз өлең айтты.
Қоштасып қалғаның ба, қайран Сара,
Көңіл ала болғанда, жүрек жара.
Бал берген тіл ұшынан сәулем едің,
Өртенер өзіңді ойлап ой мен сана…
– Қош, жаным! Алла-Тағала аман-есен көрісуге жазсын!
– Қош бол, арманда кеткен асылым менің!
Көңілі босаған Әріп үш ұмтылып, атына зорға мінді. Екі көзден жас та парлап қоя берген. Әлде көз жасын көрсеткісі келмеді ме, атын жылдам бастырып, артына қарамаған күйі тұмсық айналып кетті…
Соның ертеңінде бұлар Қапалдан аттанған. Несін айтасың, қазақтың бұл да бір шұрайлы жері еді. Әріп бірнеше жыл дәмін татып, бауыр басқан өңірді қимай кетіп барады. Қазір қазан айының аяғы. Тауға қар түсіп қалыпты. Бергі аласа адырлар желкесінен қарлы шыңдар қылаң береді. Орталықтан бес-алты шақырым жерде арасан бар. Әрқандай ауыруға шипа «Қапал-арасан». Міне, өмір деген осы. Бәрі бұлдырап артта қалып барады.
Қапал бекінісі – орыстардың Сергиополь-Аягөзде жиырма жылдай аял жасап, содан 1846-жылы аттан түскен жері ғой. Арада тағы бір он жыл өткенде, мысық табандап, Верный-Алматыға жетті. Одан арғысы белгілі. Орыс қаруының оңтүстік майданы Сырдәрияны өрлеп келіп, Солтүстік қанатымен Түркістанда түйісті де, бүкіл Орта Азияны айналасы төрт-бес жылға жеткізбей басып алды. Бұрын Қазақ хандығы екен ғой – орыстарды оңтүстікке жібермей ұстап тұрған. Кенесары ханның көзі жұмылған соң, қоқиланған Қоқан да, бұйдасыз кеткен Бұхара мен қиырдағы Хиуа да бір-бір қаққаннан қалмай тізе бүкті.
Айтпақшы, қырғыз манаптары мен қазақ сатқындарының Кенесарының кесілген басын қоржынға салып алып, төрт тәулік күндіз-түні шапқылап отырып, орыстарға әкеліп өткізген жері – осы Қапал бекінісі. Ханның басы бұл жерден Омбыға, одан ары Петерборға жол тартқан… Опасыздық ақысына берілген үш мың күмісті (мөлшермен үш мың қойдың сомасы) Алатаудың қырғызы мен қазағы бөлісіп алыпты. Екі есесін қырғыз, үштің бірін қазақ алса керек.
Енді, міне, Әріп те бір кезде Шоқан қонып аттанған Қапал бекінісін артқа тастап, бұрын атын естігені болмаса, көрмеген, орыстар «Верный», қазақтар «Алматы» деп атайтын қалаға қарай кетіп барады. Алда пар ат жегілген үкілі почта, оған ерген бес-алты салтатты. Қазан айының салқын сәскесінде түстікке бет алған күре жолмен салдыртып келеді. Қасындағы жол-серіктен өзге Әріптің ой-серігі тағы бар. Ойдан-ой туындап, жол қашықтығын сездірер емес.
Көкейден кетпей келе жатқан – тағы сол «Біржан-Сара» айтысы. Осы айтысты шығарғаны – дұрыс болды ма өзі? Сау басына сақина тілеп, өзіне әр тараптан жау тауып алған жоқ па? Әлден сырт айналып, доң-айбат көрсетіп жатқан Ырғызбайлар – анау! Қапал уезіне сидырмай, қызметтен қуғызып, Алматыға жер аудартқан Матай жуандары – мынау! Сонда, мұның тапқан олжасы не? Тәңірім-ай, Әріпке ылғи да осындай бір пәле жабысады да тұрады. Ана жылы алғашқы қызмет орны – Аягөзден кетуіне де осындай бір шырғалаң себеп болған. Не үшін екен, бұл, әйтеуір, қазаққа жақпай-ақ қойды.
«Тапқан олжаң аз емес. Оның алғашқысы – өзің қорғаған ақиқат, әділеттің ақ жолы, – деді ар жағынан бір ішкі дауыс. – Сен жәй шенеунік емес, ақынсың ғой. Алла-Тағала ақынға ақиқатты айт деп тіл берді, талант берді, ештеңеден тайсалмайтын ат басындай жүрек берді. Сен өзіңе жүктелген сол міндетін атқарып жүрсің. Бұл жолда тартқан азабыңа, көрген қорлығыңа өкінбе! Содан кейінгі тапқан олжаң – Сара. Қазақтың өзің сүйген бір қызына азаттық әпердің. Бұл – аз ба саған? Үшінші, ең үлкен олжаң – «Біржан мен Сараның айтысы»… Өзің әлі пайымдамай келесің, қазақ жырының інжуі ғой ол. Сенің артыңда басқа жырларың қалар, қалмас. Ал, «Біржан-Сара» ешқашан өлмейді…».
Осындай өзін-өзі құптаған жылы лебізден кейін Әріптің рухы едәуір көтеріліп қалды. Бірақ сананы сансыратқан мазасыз ойлардан бәрібір құтыла алмады. Әріп «Біржан-Сара» айтысына автор ретінде өз атын жазбады ғой. Шылбыр-тізгінін басына түрді де, бір асау сәйгүлікті жапан түзге із-тозсыз қоя берді. Күндердің күнінде кім ие болады оған? Осылай ен-таңбасыз, төркін-тексіз кете бере ме? Бәрі өз қолында тұрды ғой, айтыстың бас жағына өз атын бадырайтып жазып қоюына болар еді. Олай етуге жібермеген бір кереғар себептер болды. Ең алдымен, өзінің ұстазы Абайдан жасқанды. «Айтыста» Абай атына айтылған ауырлау сөздер бар. Ырғызбайлар тарапынан Жігітекке жасалған қиянат көптен көкіректе сыздап жатушы еді. Сол қыжыл қызды-қыздымен қағазға түсіп кетті де, шындықтан бұлтара алмай қалды.
Сонан кейін, екінші бір айбынғаны – осындағы Матайдың жуандары болатын. Сараның қасіретіне Әріп соларды кінәлы қып шығарған жоқ па? Айтыстың сыртында атым тұрса, олар мені Қапалға бір күн де сидырмас, мүлде өшігіп алар деп ойлаған. Бірақ онысы баланың жасырынғанындай бірдеңе боп шықты. Көзқарақты жұрт «Біржан-Сара» айтысын кім шығарғанын бәрібір білді. Ырғызбайлар да, Матайлар да… Күткеніндей-ақ, Қапал бұған қоныс болған жоқ. Енді, міне, жазықсыздан-жазықсыз Алматыға қарай айдалып бара жатқаны – мынау!
Алайда, «Біржан-Сара» айтысына автордың аты жазылмауы, бүгінгі өз замандасы тұрыпты ғой, болашақ ұрпақ арасында үлкен дау тудырарын дәл қазір Әріп ақын білген жоқ еді. Алда қилы-қилы кезеңдер келе жатқан. Халықты бай мен кедейге, дос пен дұшпанға ажыратқан кезде, әйелді байынан, шығарманы авторынан айырған бір заман туды ғой. Сол тарғалаң заманда Әріп те өзінің ең үздік шығармасы «Біржан-Сарадан» ажырап қала жаздаған. Әріпті біреулер «Алашқа», біреулер бай тұқымына жатқызып жүргенде, екінші біреулер «айтысты» аман сақтап қалудың бірден-бір жолы шығарманы автордан бөліп әкетуі деп білген. Ол үшін бұл айтысты жеке бір ақын шығарған жоқ, шынында да, Біржан мен Сара айтысқан деп білу керек болды. Осындай оңай жолды таңдаған ғалымдар енді Біржан мен Сараның жас мөлшерін үйлестіре алмай әуреге түсті. Сөйтсе, Сара бойжетіп, өз ортасына ақын боп танылғанда, алпыстан асқан Біржан қызбен айтыспақ түгіл, жүйке ауруына шалдығып, ғаріп күйге түсіпті… Сөйтіп, бір кезде ен-таңбасыз, жүген-құрықсыз кеткен сәйгүлік бүкіл қазақ даласын шарлап келіп, түптің түбінде өз иесін тапты-ау, ақыры.
Ал, біздің мына жазып отырғанымыз – өмірде болмаған Біржан мен Сараның айтысы емес, «Әріп пен Сара» хикаясы. Өмірде қосыла алмай арманда кеткен қос ғашықтың сыры. Қазақтың айтыс өнерінде теңдесі жоқ шедевр тудырған Әріп ақынға бағыштаған құранымыз! Сара апамыздың құлпытасына қойған гүліміз!
2012-мамыр.
1 пікір
Aziziazamat
Өте дұрыс жазылған. Біржан сал мен ақын Сара айтысы болмаған. Ауыл ақсақалдар айтатын болмаған деп. Менің жеті атам осы Қапалда туып өскен. Əкемнің əкесі яғни, атам Сара ақынды көзімен көрген адам. Ол кісінің айтуынша Сара ақын 56-57 жас шамасында қайтыс болған. ІРІ ақындармен ешқашан айтыспаған. Тек шілдехана, бесік той, астарда үлкен тойларла ауылдың алты ауызын айтып, өзі тұстас жігіттермен əзіл-қалжын айтысымен айтысқан. Біржан сал Қапал өңіріне ешқашан келмеген. Келсе осы өңірдің елі білер еді. Əрі құймақұлақ қарияларымыз бізге айтар еді. Бірақ бұл айтыс қазақ əдебиетінің алтын қорына кірді. Бұған біз қуанамыз. Жерлесіміз ақын сара апамызды алты Алаштын бұлбұл қызы деп мақтан етеміз.