Apple абайсызда жаңа iPhone-нің суретін жариялады (фото)
Apple компаниясының сайтында саусақ таңбалары сканерімен жабдықталған iPhone 5c-тің суреті жарияланды. Мұндай құрылғыны компания бұрын-соңды жарияламаған еді. Алайда, кейіннен интернет-парақшадағы сурет өшіріліп тасталған. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады.
«Apple компаниясы әлі сатылымға шықпаған жаңа смартфонның суретін кездейсоқ жариялауы мүмкін», – деп жазады The Guardian басылымы. Компания сайтында пайда болған суретте бірқатар смартфонға сәйкес келетін қондырғы стансалар бейнеленген. Жарияланған жаңа өнім суреттерінің бірінде (Touch ID) саусақ таңбалары сканерімен жабдықталған iPhone 5c-ке ұқсас құрылғы болған. Кейін Apple бұл суретті жай iPhone 5c-пен алмастырып қойды.
Apple-нің жаңа смартфоны ресми түрде таныстырылған жоқ. iPhone 6 пайда болғаннан кейін мамандар iPhone 5c-тің жаңа нұсқасы бола алатын аса қымбат емес смартфон шығуы мүмкін деп болжаған еді. Ол iPhone 6c деп аталады деген болжамдар да айтылды.
Ұлыбритания газетінің жазуына қарағанда, дәл осы құрылғының суреті компания сайтында абайсызда жүктелуі мүмкін. Жаңартылған 5с-ті компания осы жылдың қыркүйегінде көпке ұсынады деп жоспарланып отыр. Жаңа смартфонның экраны 4-дюйм болуы мүмкін. Себебі, экраны 4,7 дюйм iPhone 6 көптің бәріне бірдей ыңғайлы болмаған еді.
Apple компаниясының 2014-2015 жылдардың 1-жартыжылдықтағы таза табысы 35,6 пайызға өскенін айта кетейік.
egemen.kz
Пікір қалдыру