|  | 

Әдеби әлем

Мұхтар МАҒАУИН: БІР УЫС БИДАЙ ( әңгіме)

10625006_649074231855169_8630795638364640615_n

Аспанда теңгедей бұлт көрінбейді. Күн биікке шығып алған, шақырайып тұр. Бәрін де күл-топыраққа теңегісі келгендей, жер-дүниені күйдіріп, қуратып барады. Жел де тына қалыпты. Тыныштық. Аяқ басса шаңы көтеріліп, ұнша үгілетін шөптің арасынан үзіліп-үзіліп шыққан шегірткенің шырылы ғана тыныштықты бұзғандай. Тыныштық. Бүкіл дала өліп жатқан сияқты. Бақанасқа құлайтын ойпаң өзектегі бес-алты құрым киіз үйден тіршілік белгісі байқалмайды, адам тұрағынан гөрі құс ұшып, қарсақ жортпас елсіздегі топ қорымға ұқсасырақ еді. Қыбыр еткен жан жоқ. Осындай ыстықта тілін салақтатып, ырсылдап көлеңкеде жататын төбеттер де көрінбейді. Тек бұл маңайда тіршілік барлығына куә болғысы келгендей, биігіректе бір-екі қарақұс жүр. Олар да самарқау, жерге тесіле қарап, бір орында тұрып қалмайды. Қанаттарын баяу сілтеп қана, ауыл маңайын екі-үш айналып өткен соң ештеңе түспесіне көздері жетіп, қыр жаққа қарай ойысты. Одан да ештеңе таба алмай, енді бірте-бірте алыстап барады. Ақыры, кішкентай сызықшаға айналып барып, мүлде көрінбей кетті. Енді осы маңайда қыбырлап жүрген жалғыз-ақ жан иесі қалыпты.
Ауылдан жарты шақырымдай жерде ескі қырман бар еді. Табанын шөп басқан. Тек бір жақ шетіндегі, өткен жылғы сабанның басылып қалған үйінділері ғана бұл жердің бір кезде қырман болғанын аңғартқандай. Тізерлей еңбектеген біреу осы үйіншектердің арасынан бірдеңе іздеп жүрген сияқты. Біреуінен соң біреуіне көшеді. Тынымсыз ақтарып жатыр. Сорайған ұзын саусақтары, терісі сүйегіне жабысып, тамырлары білеудей-білеудей болып көгеріп шығып тұрған тарамыс қолдарымен сабанды уыстап суырып, ішінен масағы барларын алады да, алақанына үгіп, қауызын үрлеп ұшырады. Көбіне алақанда ештеңе қалмайды, кейде екі-үш дән қалады. Мұндайда алақанында дәні бар қол өзінен өзі ауызға барып қалады да, жетпей сәл тұрып, кенет кейін қайтады. Кісі әлсіз күрсінеді де, шаршысыз жыртық кимешегінің бұрышындағы түйіншекті шешіп, осындай азаппен жиналған дәндерге мұны да қосып қояды.
Осы қимыл сан рет қайталанды. Таңертең келген еді, міне, күн төбеден асып барады. Әлде осы жинағаным жетер деді ме, әлде шаршады ма, бір кезде тізесіне сүйеніп барып орнынан түрегелді. Бұл өзі қаусаған кәрі кемпір еді. Еріндері қарайып тобарсыған. Бүкіл өмірін азаппен өткізгендігінің куәсіндей айқыш-ұйқыш әжім басқан беті шаң топырақ пен қауыздың үгінділерінен көрінбейді. Бірақ арып еті қашқан шығыңқы бет сүйектері мен шүңірейіп ішіне кіріп кеткен жанарсыз кездері оның өмір бойы керген бейнетінің бәрін де осы соңғы бірнеше күннің азабы басып кеткенін паш еткендей еді. Кемпір тамсанып жұтынбақ болып еді, түкірік те шықпады. Тілі өзінікі емес, аузына түсіп кеткен, жалқаяқтанған, жабысқақ бірдеңеге ұқсайды. Кемпір тағы да тамсанып, құрғақ жұтынып қойды. «Жарықтық қымыз-ай!..» Есіне өзі өмір бойы биесін сауушы болған жуанқарын, сары шегір Сығырбай мен оның ашулы бәйбішесі Айғанша түсті. «Байғұс, бәйбішесі де, өзі де мазасыз адамдар еді, қойшы-қолаңының басынан таяқ айырмайтын. Ұрсып-зекімей отыратын күндері жоқ еді. Мені де Алмажан деп атыммен атамай, «Алмажан деген ат сенің не теңің, ит жаманын Бөрібасар қояды деп, жаман күң, сол!» – деп отыратын. Бәйбішенің қалауымен Салтақ атанып ем. Салтақ болмай қайтейін, үсті-басым сауыс-сауыс болып, ертеңнен кешке дейін тынымсыз екі желі биені сауатын жалғыз өзім. Бәрі өз қолымнан шығып жатса да, қара жер хабар бермесін, сараң адам еді-ау бәйбіше, сонда осы жамандыққа көрінген ғой, екі кесе қымызды қатар берген күні жоқ еді. Соның өзінде арамтамақ Салтақ күң деп отыратын. Бірақ әйтеуір жарты кесе болса да қымызын аямаушы еді, байғұс…» Қымыз есіне түскенде тілі аузына бұрынғыдан да жабыса түскендей болды. «Шіркін, бір жұтымы болса!» Енді Алмажанның көз алдына кең дастарқанды жағалай отырысқан өңшең ақсақал-қарасақал игі жақсыларға ортадағы тегене толы сары қымызды сырлы ожаумен сапырып құйып, ырс-ырс етіп отырған Сығырбай келді. «Мінезі қатаң-ақ адам еді, жарықтық. Құбақан айғырды жылқыға міндің деп Кеңестің әкесін жаман сабап еді. Жақан марқұм да ешбір қарсылық көрсетпей, басын қорғай берді, сонда да қамшымен үсті-үстіне төпеледі ғой. Қатал-ақ еді, ол ақырып жібергенде кім де болса жерге кіріп кете жаздайтын. Бірақ Жақан марқұм кәмөнес болып ауылын кәмпескелеуге келгенде ләм-мим деген жоқ, таяғымен жер шұқып отыра берді… Қазір тірі ме екен? Жорғада, абақтыда жатыр деген еді-ау. Тірі шығар, түрмедегілерге күніне бір уақ тамақ береді деген». Алмажан тағы да құрғақ жұтынып қойды. Құдай әу баста несібесін артық жаратқан ғой. Абақтыда, байлауда жатса да аш емес. Сонда да бұрынғы заманын ойлайды-ау… Бақанастың екі өңіріне енді мал толу қайда, ешкімде тышқақ лақ қалған жоқ. Сонда осыған көрінген ғой, кейінгі кезде жұрттың да пейілі бұзылып кетіп еді. Атысып, шабысып, бірін-бірі айдатып». Алмажанның көз алдына сап-сары ала киінген, өмірі тақымына тимеген Сығырбайдың құлажорғасын қан-сорпа қылып, ақ үйдің алдында айқай салып дікіңдеп тұрған күйеуі Жақан марқұм келді. Кәмөнес болып, қолына бесатар алғаннан бері бүкіл жұрт қорқады, сұп-сұр болып қарақұрым үйіне кіріп келгенде Алмажанның өзі де сескеніп қалушы еді. «Талайдың қанын мойнына жүктеді ғой, байғұс. Құдайдан баяғы заманыңды сұрап отырсың деп Хасен молданы намаз үстінде атып тастап еді…» Сәл-пәл ойланып тұрды да: «Иманы жолдас болсын!.. – деді – Аллау әкбар!» Бетін сипады. Қайта сипады. Кепкен тері. Қу сүйек. Үңірейген көз. «Көлденең біреу түрімді көрсе, мені қырықта деп қалай айтар… Аллау әкбар», – деді тағы да бетін сипап. Тірі өліктей болып, сабан үйінділерінің арасында қалтиып тұр. Кенет есіне бірдеңе түскендей селт етіп, ауыл жаққа қарады. «Құлындарым … Қазір!..» Алмажан оқыс қармалап, кимешегінің етегіндегі түйіншекті дірілдеген саусақтарымен шешіп, қолына алып еді, бидайы бір-ақ уыс болды. «Жарықтық, меруерттей бо¬лып жатқандарын қарашы, – деп ойлады, жартылай ашық алақандағы, тұтас бір жыл бойы топырақ пен сабанға араласып жатқан, бүйірлері шығыңқы, сырты қарақоңыр, аз-маз шіріген дәндерге мейірлене қарап – Кеңесім мен Сәбетім қандай қуанар екен, тез апарып қуырып, талқан жасасам, жарым шөңке быламық көже болмай ма…» Алмажан қолындағы бір уыс бидайын кимешегінің етегіне қайтадан түйіп алмақ болып ыңғайлана бергені сол еді, Бақанастың басынан бір топ кісі көрінді. Өңшең сәйгүлік мінген, жүрістері суық. Жападан жалғыз тұрған Алмажанды көрісімен, ескі қырманға қарай ат қойды. Кепеу нәшәндігі Шупин екен. Қарқаралының орысы. Өзі қазақшаға судай. Қасында белсенді Қағазтай, мілисә Арқатбай және мылтығы шошайған тағы үш-төрт орысы бар. «Мынау халық жауының қатыны қырманнан астық ұрлап жүр!» – деді атынан секіріп түскен Қағазтай. – Қабың қайда? Көрсет!»
Алмажанның тілі күрмеліп қалды. Қабым жоқ деп те айта алмады. «Қара мынаны, – деді Арқатбай – Сабанды қопарып тастапты». Бесатарының ұшымен шашылған сабан арасын ақтара бастады. «Мынаның қолында бірдеңе бар, – деді Қағазтай. – Бидай! Қоғам мүлкін ұрлаған қарабет! Әкел бері!» Зәресі ұшқан Алмажан бір уыс бидайды тарс қылып ұстаған жұмырығын артына жасырды. «Алақанын аш!» – деді ат үстінде тұрған Шупин Қағазтай мен Арқатбайға. Екеуі Алмажанның қолын оп-оңай қайырып, алға созды. Бірақ алақанын жаздыра алмады. Осы кезде ат үстінде тұрған мылтықты солдаттардың бірі Алмажанды жауырын ортасынан тепті. Алмажан етпетінен түсті. Ыза болған Арқатбай мен Қағазтай да қызып кетіп, темір нәлді орыс етікпен қос қабырғадан жабыла тепкіледі. Бірақ бір уыс бидай жұмылған алақан ашылмады. Тарамыс саусақтар тас болып қатып қалыпты. Қалай жұлқыласа да болмады. Кенет Қағазтайдың көзі қырманда астық бастыратын, ортасынан бөлініп сынған мала тасқа түсті. Ат үстіндегі Шупин бағанадан бері көріп тұр екен. «Сал анаған!..» – деді. Екі белсенді сұлық қалған кемпірді тастың қасына сүйретіп апарды, Арқатбай жұмырығы түйілген тарамыс қолды бұжыр-бұжыр мала тастың үстіне салып тұрды, ал Қағазтай бесатардың темір дүмімен нықтап ұрып қалды. Жұмырық сықыр ете түсті. Қағазтай бесатарының құндағын қос қолдап ұстаған қалпы, бар күшімен екінші, үшінші қайтара ұрды. Қу сүйек саусақтар ашылмаған, бүктелмеген қалпында күлпарша болып сынды. «Өй, мынау…» – деді Арқатбай. «Социалды қоғам мүлкіне қастандық жасаған адамның бәрінің барар жері осы! – деді Қағазтай бойын жазып – Жолдас нәшәндік! Сіздің тапсырма…» «Орындай алмадың, – деді нәшәндік. – Жабайы киргиз! Екеуің жабылып бір қатынның алақанын аша алмадындар. Ол бағана өліп қалған! Келесі кезек сендердікі болады. Менің тапсырмамды уақытында орындай алмаған Жақанды қалай атқанымды ұмытқан екенсіңдер! Айда, кеттік», – деді артындағы төрт солдатына қарап. Сүріне-қабына аттарына әрең мінген Қағазтай мен Арқатбай да бұлардың соңынан еріп, иесіз ауылға қарай беттеді. Ал бұл ауылдағы ең соңғы жан иелері сегіз жасар Сәбет пен бес жасар Кеңес бағана, Кепеудің кісілері қыр басынан көрінген кезде жан тапсырған болатын.
Аштан өлген екі баланың шешесі, атылып кеткен белсенді кәмөнестің әйелі Салтақ Алмажан ескі қырманда шіріген сабан арасынан бір-бірлеп теріп, күнұзақ жинаған бір уыс бидайын өзімен бірге о дүниеге ала кетті. Ол жақта да тіршілік болса, балаларына быламық көже пісіріп береді.
«Белдеуде бұзау қалмасын! Көгенде лақ қалмасын!» Жалынды ұран артығымен жүзеге асты. Көген мен белдеу қоса кетті. Аяғы бүтін жұрт жан-жаққа жабыла қашып жатыр…
Көбі жолда қалды. Біразы сүйретіліп қалаға жетті. Әр үйдің алдында, күнесте аштықтан бұратылып жататын. Бұларға бір үзім нан беруші болған жоқ. Қайыр көрудің орнына еститіндері жай уақытта тіс қайратып, жұдырық түйгізер қорлау, боқтық сөздер. Бір ауыз тіл білмегендіктен, ондай сөздерді түсінген де жоқ, түсіне қойғанда не істемек. Олардың ең сыпайысы – «Түйелерің жайылып жүрген далаларыңа кетіңдер!» Дүние-ай! Кетер еді-ау, сол далаға, тіпті, бұрын құбыжықтай көретін жат халық жайлаған қаланың маңынан жүрмес еді ғой, кешегі күні болса! Қазан-қазан асылған семіз бағлан қайда, сапырулы сары қымыз қайда? Дала! Саған өң аяғы, үсті-басы күл-топырақ, арық қарақайыс түйенің өзі де көрік береді екен ғой! Сол далада бүгін жайылып жүрген түйе түгілі, ін аузында кешкілікте шақылдап отыратын саршұнақты да көрмейсің. Ініне су құйып, тұзақ құрып ұстап алып, оларды да жеп тауысқан. Кетер ме еді сол даладан… Енді мынау, орындарынан тұруға дәрмендері жоқ, қарындары қампиып, көздері шүңірейіп жатқандары.
… Ертеңіне таңертең көшеден өткендер кешегі шала жанды бейнелердің енді қол-аяқтары жазылып, мүлде қозғалыссыз жатқанын көрді.
Аштан өлгендерді жерлеуге өкімет астық бөліпті. Текшелеп, қатар-қатар қалап, ең үстіне өздері отырған өлік жинаушылар пайда болды. Кейбір шала жансарларын да қалай салатын. Күнесте тыныш жатып, бес минут кеш өлгенінен не пайда, қазір өлсе, бір қадақ бидай емес пе!
Сонда, «Бұлар неғып өліп жатыр?» – дегендер болса: «Іш сүзегінен. Жабайы, надан халық емес пе» – деп жауап беретін жайымен.
Ауыл, Маусым, 1960 ж.

31 мамыр-саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу

Серік Әбікеннің facebook парақшасынан алынды

 

Related Articles

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

  • «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде. Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды. Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй – жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания

  • ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, асқан оқымысты Шоқан бабамыздың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз. * * * Омбыға оқуға жүрер алдында бала Шоқан әкесінің ел іші мәселесін шешудегі кейбір өктем, ожар қылықтарына көңілі толмай, «оқуға бармаймын» деп қиғылық салса керек. Тіптен көнбей бара жатқан баласын қатал Шыңғыс жәрдемші жігіттеріне байлатып алмаққа ыңғайланып: «Шықпаса көтеріп әкеліңдер, арбаға таңып аламыз!» − дейді. Сонда дәрмені таусылған Шоқан әкесіне: «Байлатпа! Абылай тұқымынан байланғандар мен айдалғандар жетерлік болған!» − деп тіл қатады. Бала да болса ақиқат сөзді айтып тұрған баласынан тосылған әке дереу Шоқанды босаттырып жібереді. * * * Петербургте Сыртқы Істер министрлігінің бір

  • Кітапқұмар жасқа тегін оқу бақыты бұйырды

    Кітапқұмар жасқа тегін оқу бақыты бұйырды

    Адамзат кітапқа ғұмыр бойы қарыздар. Кітапсыз келешектің алтын кілтін ешкім қолына мықтап ұстай алмаған. Мардан Рахматулла – кітапқұмар он жеті жасар жігіттің бойында өз қатарластарының бойынан табыла бермейтін ұлы қасиет бар. Ол – кітапқа деген махаббат. Бұл махаббаттың сәт санап артуының да сыры бар. Мардан – Асылы Осман, Дархан Қыдырәлі сынды бүгінгі қазақ руханиятының тірегі саналатын азаматтар туған топырақт туып-өскен. Топырақтың киесін дәл осы кезде еріксіз мойындай түсесің. Қоғамдағы «жастар кітап оқымайды» деген қасаң пікірді жоққа шығаруға тырысқан жастардың да саны басым. Күн санап олардың саны артып, кітаптың құдіретін жер-жерде дәлелдеп бағуда. Кітапқа жаны құмар жан бір күнін кітапсыз елестете алмайды. Ғұмыры кітаппен етене байланған, оқу ғұмырының мәніне айналған жастарды

  • «Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарсы өткені-ай…» (Абай)

    «Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарсы өткені-ай…» (Абай)

    Қазақ халқының даңқты перзенті, ұлы жазушы Мұқтар Мағауин 85 жасқа қараған шағында дүниеден озды. «Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарсы өткені-ай…» (Абай) Шұбартауда дүниеге келді. Жондағы Жобалай Керейдің ең үлкен Аруағы Жобалай бидің ұрпағы еді. Байқотан би, Томан би, Бегеш шешен, Уәйіс, Төлеу ақын… Атағы Аталарынан асып кетті… Тірісінде олай деген жоқ… Бұл сөзді дүниеден өткен соң біз айтып отырмыз… Өмірінің соңғы кездері шетте өтті. «Үкіметке, басқаларға да өкпем жоқ, өкпелейтін олардың жағдайы жоқ!» (М.Мағауин) деген еді өзі бертінде. Астары ауыр, еңсеңді езердей салмақты сөз… Данышпан адам неге елден жырақ кетті. Бұл «Оңаша жатқанды ұнатамын, Елімді ел қылмасын ерте сезіп… Елден кеттім жырақ…» (Шәкәрім) дейтін кетіс сияқты. Сонда да «Көк

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: