Абай баба рухына
10-тамыз – Ұлы Абайдың туған күні
Таңдар атып тамаша, арайлана,
Қазынасын ақтарған талай дана.
Толғандырып, Тәңiрдей табынтқаны,
Ұлылардың ұлысы — Абай ғана.
Көз түрткiсiз қапаста бар айнала,
Сансырасаң жол таппай сан ойлана.
Нұрын сеуiп жаныңның түнегiне,
Бағыт-бағдар сiлтейтiн –Абай ғана.
Тiрлiгiңде жағылар талай жала,
Жүрекке әжiм түседi, солай жара.
Жалғыз қалып жабырқап жүргенiңде,
Жаратқан мен сенерiң – Абай ғана.
Жалбаң қаққан салтанат сарайда ана,
Сыртқа теуiп, шалқайып қарайды аға.
Бас-басына би болған бар тобырдан,
Табан тiрер тiлекшiң –Абай ғана.
Түсiрмеуге кiр сызық Ар-айнаға,
Тура жүрiп жақпассың талайға да.
Өз-өзiңнен күресiп өтер ғұмыр,
Мыңмен жалғыз алысқан –Абай ғана.
Темiрқазық — Алашқа, шарайна да,
Аспандайды Рухың солай дара.
Әркiм өзiн санайды данышпанға,
Абай ғана!
…Басқаға қарайлама…
Қайта-қайта Абайға бас ұратын боп алдым,
Отырам да оңаша, ойларына қамалдым.
Баз кешкелi жүргенде, қара түнек құрсаулап,
Сырластым да биiктеп, туған айдай жаңардым.
Табысқалы Абаймен, көңiлiмде жүр өрлеп,
Пенделiктi тұқырттым, өзiмдi-өзiм жүгендеп.
Итке балап кей дұшпан, кесек атса сыртымнан,
Өкiнбедiм өзi де, шошқалығын бiлер деп.
Сергелдеңге түссем де, жан сырымды ел ұқпай,
Тәңiрiме тәубә еттiм, тiрлiк кештiм торықпай.
Адастым да жол үстi, төмендедiм, өрледiм,
Бағыт-бағдар сiлтедi, Абай-Темiрқазықтай.
Сүйдiм-күйдiм, өртендiм ләззәтынан шөл бастым,
Талай-талай арудың көңiлiндегi көздi аштым.
Тiлсiз тiлмен құштым да көзбен көрдiм, түйсiндiм,
Жалғыздықтан жалығып бiр сұлумен қолдастым.
Жеткiзсем деп ұл-қызды, “жапырағымды көктетем“,
Мазалайды осы ойлар асқақ арман жоқ бөтен.
“Бес асыл iс, бес дұшпан“ аманатым, оларды,
Армансызбын айтса жұрт, “намысты, адал, тектi екен“.
Бес күн тiрлiк жалғанда, жарлы емеспiн, арлымын,
Жүрегiмнен өткiзем дүниенiң зар, мұңын.
Дiн, дiлiне бөлместен, түрiне де тiлiне,
Құшсам деймiн бауыр деп адамзаттың барлығын.
Өмiр заңы жек көрер, маған бiреу ұнамай,
Сан асудан өттiм де, сүрiнсем де құламай.
Тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай,
Аман сақтап келедi жүрегiмде бiр Абай.
Серікжан ҚАЖИ
kerey.kz
Пікір қалдыру