|  | 

Көз қарас

Мұртаза Бұлұтай: «Зайырлы қоғам – мемлекет дамуының кепілі»

 

murtaza1Мемлекет пен дін арасындағы қа­рым-қатынас қай заманда болмасын өз маңыздылығын жойған емес. Сол себептен де, мемлекеттік биліктің дін қызмет­керлерінің қолында болғандығы және биліктің осы дін догмаларына сәй­кес құрылғандығы тарихтан бел­гілі. Алайда, 1871 жылғы Париж коммунасы мемлекет пен дін арасын ал­шақ­­тататын декрет қабылдады. Осы декрет­ке ұқсас 1918 жылы 23 қаңтар (5 ақпан) айында Кеңестер Одағының алғашқы қабылданған декреті шықты. Ол жерде де Мемлекет пен дін арасын бөліп, оны социалистік жүйе талабына сай реттегені мәлім. Мемлекет діннен ал­шақтағанымен, белгілі бір дінді, сенім­ді ұстанатын адамдардан бас тарта алмай­тыны анық. Дінде де, Конституцияда да басты құндылық – адам. Адамзат қоғамында жалпы мәдениет болсын, салт-дәстүр, мемлекеттік жүйе болсын ді­ни таным негізінде қалыптасты. Бұл діннің қоғамдағы қызметінің сан-сала­лы екенінің айқын дәлелі. Алайда, соң­ғы уақытта әлемде мемлекет пен дін арасындағы қайшылықтар жиілеп кет­ті. Дін атын жамылған теріс пиғылды ағым­дар да күн санап көбейіп, қоғамды адастыруға білек сыбана кіріскен.  Осы мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынастың күрделілігі мен маңыз­дылығын түсіну үшін философия ғы­лым­дарының кандидаты, дінтанушы, мә­де­ниеттанушы Мұртаза Бұлұтайдың пікі­рін білген едік.
– Біздің мемлекетіміз әртүрлі этни­калық топтардың тоғысқан ортасы. Және де көп дінді зайырлы мемлекет. Осыдан кейін туындайтын бір сұрақ, зайырлы мемлекет пен дін байланысы қан­шалықты болу керек? Жалпы, өр­ке­ниетке діннің ықпалы қандай болды?
– Бұл айтарлықтай күрделі мәселе. Жалпы, мемлекет пен қоғамның байланыстарын реттеудегі әлеуметтік саланы құрайтын діни мәдениеттің орнын нақ­тылы және тиімді айқындай білу, қазіргі кездегі жер бетіндегі көптеген елдердің өзекті мәселесіне айналып отыр. 1789 жыл­ғы Француз революциясы, оның алдын­да 1774 жылы Америка Құрама Штат­тарының ел ретінде жариялануы Ба­­тыс елдерінің зайырлылыққа бет бұру­дағы ұстанымын нақтылап берді. Оның алдында олар бір мың жылдай уақыт шіркеудің билеуінде болған еді. Христиан­дықта, әсіресе, католицизм тармағында не­гізгі діни авторитет шіркеу және Вати­кандағы Папа. Осы діни институт – біржағы діни, бір жағы саяси басқару рөлін атқарды. Яғни, шіркеу ол кезде халықтың мінажат ететін, құлшылық жасайтын орны ғана емес, ол Еуропа мемлекеттерінің құқықтық жүйе­сін, мем­лекетті басқару жүйесін, саясатын түгел айқындайтын орталық авторитет болған. Оны бекерге айтып отырған жоқпын, себебі, Батыс елдерінің тәжіри­бесін, осы сая­си институттар мен ұғымдардың қалай пайда болғанын нақты сараптап түсінбесек, сіздің жоғарыдағы сұрағыңызға нақты ұсы­ныстар айта алмаймыз. Еуропа ха­лықтары бір мың жылдан астам уақыт шіркеудің қысымының, билеп-төстеуінің астында болған, Еуропадағы ірілі-ұсақты мемлекеттер, патшалар, феодалдар т.б. тү­гелдей шіркеудің тағайындауымен, шір­кеудің бұйрықта­рымен жұмыс іс­тейтін. Және де шіркеу билігі 8 ғасырға жуық миллиондаған жазықсыз адамдарды, оның ішінде көбісі әйелдер, инквизиция сотта­рының үкімімен айтса сенгісіз азаптау тәсілдерімен өлтірген, оның ізі санадан әлі өшкен жоқ. Шіркеу билігі, әсіресе, әйел­дерге шексіз төзімсіздік пен қатыгездік танытты, жүзмыңдаған әйелдерге жәді­гөйлік қылды, көріпкелдік, бақсылық жасады деп айып тағып, қырды. Шіркеу ғылым мен білімнің де жауы болды, Бруно, Гали­лео сияқты көптеген ойшылдарды қудалап, еркін ойлайтын адамның бәрін еретик ретінде ысырып, кәпір не діннен шыққан деп жариялап алып, зиялы адам­дардың да көбісінің түбіне жетті. Медицина, химия, математика, астрономия, физика қатарлы көптеген ғылымдардың оқы­тылуына тыйым салынған. Оның бә­рін де шайтанның ісі, адамзатты азғы­ра­тын нәрсе деп қаралаған. Шіркеу­дің тыйым салған кітаптарының ұзын саны он мыңдаған кітапқа жеткен, әлі күнге дейін Ватикан осы тыйымдарын ресми түрде алып тастаған жоқ. Ал, Еуропа осы күнгі дамыған, зайырлы деңгейге қалай жетті? Еуропада 14-15 ғасырларда қайта жаңғыру дәуірі басталды. Шіркеудің азғыруымен бірнеше ғасырға ұласқан Шармық (Крест) жорықтарын білесіздер ғой, «Иерусалимді азат етеміз, Иса пайғамбардың патша­лығын орнатамыз, жер бетінде христиан­дықты үстем дін етеміз», – деп жорықтан-жорық ұйым­дастырып, Еуропа елдерінің адамдарын аттандырған. Еуропалықтар осы шармық жорықтары кезінде мұсылман ел­деріндегі дамыған мәдениетті, өркениетті көріп, таң қалды. Ол кезде, мисалы Андалусияда (қазіргі Испания), араб патшалығы еді; Құртуба қаласы (қазір Кордоба), Ғырната қаласы (қазір Гранада), сонсоң мәшһүр Әл­хам­расарайы – Альгамбра. Мұсылман елде­рі­нің қалаларында керемет жақсы зәулім үй құрылыстары, көшелер, кәріздер, ауруханалар, зертханалар, кітапханалар, фонтандар мен бассейндер болған. Ибн Хальдун сияқты, Ибн Рушд сияқты, Ибн Хазм сияқты ұлы ғалымдар осы елдерде жасады, шығыс ойшылдарының дүние­жүзінде теңдесі жоқ қолжазбалары кітапха­наларды толтырды. Орталық Азияда да керемет өркендеген орта қалыптасқан еді. Әл-Фараби бабамыз, Ибн Сина, Әл-Бируни сияқты үлкен ғалымдар, ойшылдар тар шеңберде емес, шын мәнінде адамзатқа үлес қосқан гуманист және про­грессивті ойлайтын жаңалықшыл ғалымдар болатын. Мұсылман елдерінде философия керемет дамыған еді, астрономия, медицина, химия, математика ғылымдары бойынша күрделі зерттеу жұмыстары жасалды. Мұсылман елдерінде, әсіресе, IX-XIIІ ғасырлар аралығындағы төрт ғасырда ой еркіндігі сол кездегі әлемнің басқа ел­дерінен көш ілгері еді. Қазіргі мұсылман қоғам­дарындағы кертартпа да радикалды көзқарастар, тар шең­берден шыға алмайтын бағыттар ол кезде еміс-еміс болды десек те олар қоғамға иелік ете алған жоқ. Сенім бостандығы, адам құқықтарына деген құрмет, мультикультурализм мен плюрализм қазіргідей жалаң ұран емес, өмірдегі күнделікті шындық-тұғын. Мисалы, әл-Фарабилердің ұстаздары мұсыл­ман емес, көбісі христиан, еврей немесе басқа діндегі оқымыстылар болатын, сол өңірлердегі бұрыннан келе жат­қан көне Египет, көне Мессопатамия ғылымдарын жалғастырушы ғалым­дар, Арис­тотель­дердің, Пифагор­лардың ежел­гі антик дәуірдегі ғалымдар мен ой­шыл­дардың ең­бек­терін тасымалдап, кейінгі нәсілдерге жалғастырған ғалым­дар еді. Ол кезде бұл мұсылман, мынау кәпір, мынау харам деген қазіргі діни-идеологиялық ағымдар жиі пайдаланатын сөздер дәл қазіргі мақсатта пай­даланылмаған. Ол кезде адамдар емін-еркін араласып, өзінің ойын еркін айта алатын, жаза алатын. Мұсыл­мандардың артта қалуы сонау ХІІІ-ғасырдан басталды десек, ұрдажық ағымдар мен көрсоқыр сенімнің де мұсылман қоғамдарын басып тастауы да сол ғасырдан үстемдік ете бастады деуге келеді. IX-XIIІ ғасырлардағы мұ­сылман хакімдер, ойшылдар барлық мәсе­лелерді, керек десеңіз теология мен ақи­да мәселелерінде еркін пікірталасқа салған, трактаттар жазған, кітаптар жазған, бір-бір­леріне жауап хаттар жазып айтысқан. Осы пікір бостандығының, еркіндіктің, зайырлы­лықтың болуының арқасында мұсылман өркениеті, қоғамы дамыды, өсті. Ал, Еуро­палықтар ғасырлар бойы мұсыл­ман елдеріне жорыққа аттанып, осының бәрін көрді. Әр­бір жаман нәрсенің ішінде бір жақсы жағы болады, жақсы нәрсенің ішінде жаман жағы да болуы мүмкін. Сол сияқты, осы шармық жорықтарының бір пайдасы – Батыс қоғамы бірінші рет Шығыс қоғамымен терең байла­нысқа түсті. Оның ар жағындағы анау Үн­дістан мен Қытайдан келіп, мұсылмандар арқылы жетілдірілген жаңалықтарды тұң­ғыш рет көріп, олар қатты таңырқаған. Мысалы, Египеттегі қазіргі Каирдың орнында болған Фустат қаласына келіп, түнде қа­ланың бүкіл көшелеріндегі жарық шамдарды көріп, еуропалықтар қатты тамсанған екен. «Бұл қандай заман, қандай қоғам, қалайша осы мұсылмандар қатты ілге­рілеп кеткен?» деп ойлана бастаған еуро­палықтар. Оларда түнде қараңғы, моншаның не екенін де білмеген ғой! Тазалық жағынан көп нәрседен хабардар болмаған. Сондай ортадан шыққан халықтар мұсылман елде­ріне барып, ауруханаларды, шипаханаларды, керуен сарайларды, демалатын қазіргі қонақүйлер сияқты демалыс кешендерін көрген. Олар үшін бұл қол жетпес жаңалық болған. Қағазды көрген алғаш рет, бұрын қағазды да көрмеген. Одан кейін ауруларды емдеудің Еуропада бұрын-соңды білінбеген тәсілдерін көрген. Ибн Синаның меди­ци­наға енгізген жаңалықтары, мұсылман дәрігерлердің көптеген ауруларды емде­гені, тіпті, ішкі ағзаларға, тіске, бастың қаңқа сүйегіне ота жасауы… Осыны  көріп Еуропа қатты күйзеліске ұшырады да, бір жа­ғы­нан олар сілкініс жасап, мұсылман елдерінен білім мен технологияны өз елде­ріне тасымалдай бастады: кейбір еуропа­лықтар мұсылман елдеріне барып оқыды, біразы тұтқында болды, сауда жасады, өмір сүрді дегендей. Солар Еуропаға барып, Шығыста керемет өркениет бар деп жар салған. Нәти­жесінде «Шығыстану» ғы­лы­мы батыс­тағы барлық университет­тердегі ең негізгі мамандықтың, ең негізгі зерттеу саласының біріне айналды ғой. Мысалы, Еуропа, Америка, мына Ресейдегі акаде­мияларға, ең көне ЖОО-дарына ба­ры­­ңызшы, «Шығыстану» факультеті яки «Шығыстану» мамандығы міндетті түр­де болады. Олар Аристотельдің еңбек­терін, ойшылдардың ежелгі грек тілінде жазылған еңбектерін, арабтардың аудармаларынан, арабшадан қайтадан еуропа тіл­деріне аударып, барып түсінген. Ол кез­дегі шығыс дегеніміз мұсылман қоғамы, мұсыл­ман мәдениеті. Сол шығыстан алған ғылыми жаңалықтарды пайдаланып, дамытып, оқып, әсіресе, Италия сияқты, Сицилия, Испания, Франция қатарлы елдерде ренессанс ағымы басталды. Философтар көтерілді, ойшылдар шыға бастады, математиктер шыға бастады. Леонардо до Винчи сияқты, Магеллан сияқты, Бруно, Галилео, Кеплер сияқты ғалым­дар сол кездегі Еуропа халықтарына қатты әсер етті. Бұл барыс, бұл процесс, әрине, шіркеумен қоғам арасындағы қақ­тығысқа әкеп соқ­тырды. Себебі, шіркеу догматтарымен негізгі канондық ережелері тыйым салған нәрселер кең тарала бастады. Еуропа елдерінде бой көтерген ғалымдар мен ойшылдар шіркеуді қатты сынға ала бастады, дінге реформа жасау керек деген талаптар жиі көтерілетін болды. Осы қақтығыс XV ғасырдан бастап Америка мен Француз революциясына дейін 3 ғасыр қатты сіл­кіністер болды, тіпті, қантөгіс пен көп қыр­ғындар да болды. Шіркеу билігін оңай­шы­лықпен бере қойған жоқ халыққа, про­тес­тант ағымдарының пайда болуының септігі тигені рас. Олар: «Біз, мына, Рим папа­сының және католик шіркеуінің автори­тетін мойындамаймыз, Библияны кез келген адам оқи алады, Библияны кез келген тілге аударуға болады, әр адам өзінің құлшылығын тікелей өзі жасайды», – деп айтты, Еуропадағы көп­теген ха­лықтар осы протестанттық ұс­таным әлде­қайда өздеріне тартымды, католицизмнен гөрі бұлар кішкене реформашыл, жаңа­лық­шыл, адамның абыройына құр­метпен қарайды деген ойға келіп, Вати­канның құзы­рынан бөлініп, ыдырай бастады. Сөйтіп, шір­кеудің авторитеті мен Папа­ның қы­лықтары сұраққа алына бастады. Еуропада бірнеше ғасырда керемет интеллигенция пайда болды. Сол интеллигенция мен ағартушы­лардың қа­жырлы еңбегінің нә­тижесі аталмыш Фран­цуз революциясы, жалпы адам құқықтары декларациясы, де­мо­кратиялық басқару жүйесі мен зайырлы­лық инсти­тутының қайтадан қал­пына келуі десек болады. Еуропаның ұстанымындағы «Зайыр­­лылық» дегеніміз бір ауыз сөзбен айт­қанда католик шіркеуінің, діни тап­тың мемлекетті басқару ісіне араластырылмауы. Шіркеу мемлекеттен бөлек, мемлекеттің жұмысына шіркеу аралас­пайды, мемлекет те шіркеудің ішкі жұмысына араласпайды. Сөйтіп, Еуропа ха­лық­тары мың жылдан астам уақыт қоғамды қанап келген шіркеуді биліктен аластатып, билікті бұқара халықтың қолына әкеп берген. «Демократия» деге­німіз сол халықтың билеуі. Демокра­тия­лық жүйеде мәселені халық шешеді. Ал, азаматтық қоғам дегеніміз – негізгі заң (конс­титуция) айналасында бас қосқан азаматтардан құралған қоғам. Ондай қоғамда азаматтардың қай ұлттың өкілі, қай діннің өкілі болғаны олардың аза­маттық құқық­тарын айқындауда шешу­ші рөл атқар­майды. Себебі, негізгі заң – «Кон­ституция» алдында барлық аза­­­­­­мат­­тар тең. Азаматтар Конституцияны өз еріктерімен қабылдаған соң ғана ол кү­ші­­не енеді. Конституцияда: «Қоғамдағы қаты­­настар осындай болады, мемлекетті бас­қару жүйесі осындай болады, заң атқару жүйесі осындай болады, мемле­кеттік іс атқару жүйесі осындай болады, сайлау осындай болады және негізгі мемлекеттің мәсе­лелері осындай болады», – деп аталатын тараулар болады. Бірақ, ешбір Конституцияда, зайырлы және демократиялық елдердің Конституциясында мына ұлттың өкілдеріне мынадай артық­шылық беріледі, ал, ана ұлттың өкіл­деріне мынадай шектеу қойылады дегенді көр­мейсіз. «Пәлен діннің адам­дарының мәртебесі жоғары, ана дін­нің адамдарының мәртебесі төмен немесе сот үкімдерін қабылдаған кезде ұлтына, дініне қарап үкім қа­былдайды», – деген нәрсе таппайсыз. Адамзат мыңдаған жылдар бойғы тар жол тайғақ кешулерден өтіп қазіргі демо­кратиялық зайырлы жүйеге қол жеткізді. Ал, теократиялық түзімде қай дін немесе секта басым болса, сол үстем болады да қалғандарын қыспаққа салады. Зайыр­лылық осы жағынан алғанда да қоғамдағы әралуандықтың сақталуына кепілдік бере алады….
– Тамыры тереңде жатқан тарихқа үңілетін болсақ, ешқандай халық діннен мемлекетті бөліп қарамаған. Зайырлы мемлекет пен дін қатынастарының күр­­де­лілігі мен маңыздылығын түсін­дірсеңіз?
– Біздің артқа кейін кетуге хақымыз жоқ. Артқа шегінген әр адымымыз үшін, озып кеткен халықтарға жетуге жүз қадам алға жүгіруімізге тура келеді. Себебі, адамзат қоғамының даму қарқыны қазір, тіпті, өлшеусіз. Сондықтан, артқа қадам жасауға, бұ­рын­ғы қателіктерді   қайталауға еш хақымыз жоқ. Еуропа халықтары бір мың жыл бірімен бірі соғысып еді: француздар мен немістер, француздар мен испандықтар, ағылшындар мен испан­дықтар, ита­лияндықтар мен француздар соғысты, олар, тіпті, өз іштерінде де соғыса берген ғой.   Соғыстарының өзі қызық аталады: «Отыз жылдық соғысы», «елу жылдық соғысы», «жүз жылдық соғысы» деп…  ХХ ғасырдағы екі бірдей дүниежүзілік соғысты осы Еуропа бастаған жоқ па?! Мың жыл бірімен бірі соғысып келген Еуропа соңында соғысқаннан түк те пайда жоқ екенін түсінді. Жоғарыда айтып өттік қой, қазіргі жетістіктер оңайшылықпен келген жоқ деп. Сол сияқ­ты мың жылдық шіркеу билігінен соң зайырлы демократиялық түзім пайда болса, мың жылдық соғыстардан кейін Еуропа Одағы пайда болды. Қазіргі жаһандану дәуірінде Еуропа 30-40 ел болып бөлек-бөлек болатын болса ұтпайды, мына түрімізбен әлемдегі бәсекелестікке төтеп бере алмаймыз, сондықтан, бас қосайық, күш біріктірейік деп ұйғарысты олар…
АҚШ-тың жалпы ішкі өнімі 18 триллион $, Қазақстандікі қателеспесем 200 миллиард $. Германияның жалпы ішкі өнімі 3,5 триллион $-дан асады. Франциянікі 2,5 триллион $. Жә, Еуропа елдері біріккенде жалпы ішкі өнімдері 20 триллион $ болады, көрдіңіз бе экономикалық күштің ұл­ғаюын. Еуропа елдері тұтастанатын болса, олар Америкадан күшті болады, әйтпесе, әрқайсысы кішігірім бір ел болып қала бе­реді. Біріккенде олардың сатып алу және сату күші жоғары болады, өндірісін базарлау күші жоғары болады, сонсоң, әрине, әскери күші жоғары болады. Әлбетте, осыншама көп мемлекетті, тілді, конфессияны біріктіру оңай емес. Франция, Германия сияқты елдердің халқы протестант пен католик болып бөлінеді. Соғыстың  жараларын жазу, экономиканы қалпына келтіріп, интеграциялық про­цес­терді тиімді жүзеге асыруға жарты ғасыр уақыт кеткен. Көріп отырсыз ба, Еуропадағы өркениетті орта, зайырлы қоғам өздігінен қалыптасқан жоқ, оның себептерін жоғарыда қысқаша айттық. Ешкімнің дініне, ұлтына бола құқықтары тапталмайды. Мысалы, мұсылман елде­рі­нен бас сауғалап, Еуропаға иммигрант болып немесе «гастарбайтер», яғни, жалдамалы күш ретінде барып қоныстанған адамдардың ішінен шыққан қаншама жоғары лауазымды адамдар бар: Англия парламентіндегі мұсылман депутаттар, «сэр» атағын алған мұсылмандар бар. Германияда, мысалы, «Бундестаг» федералды парламентте депутат болған түріктер бар, тіпті, ең үлкен партиялардың бірінің тең төрағасы да бар. Айта берсек, Францияда, Голландия, Дания т.б. елдерінде министр, қала әкімі лауазымына дейін көтерілген келімсектер бар. Еркін ойлау бостандығы, адам құқықтарының жан­-жақты сақталуы, әр адамның өзі­нің ұлтына, дініне, шыққан тегіне, ортасына қарамастан құқықтарының мүл­тіксіз сақталуының арқасында тұрақ­тылық, сенімділік пайда болған, әрине, ондай ортада экономика да тез дамиды, гүлденеді ғой. Франция, Англия, Германия сияқты мемлекеттерде қазіргі таңда иммигранттар, келімсектер көп, халықтың 10%-дан астамы солар. Конституция ар­қылы негізгі құқықтарды орнатумен қатар, мүмкіндігінше, жалпыға ортақ адами құн­дылықтар негізінде әрекетті жалғаған да дұрыс. Әрине, пікір алуандығы бола береді, бір отбасының ішінде де әкесі мен бала­сының ойы басқаша болуы мүмкін. Міне, зайырлылық пен демократияның абзал қасиеті сол басқаша ойлайтын, өзгеше көз­­қарастағы немесе сенімдегі немесе саяси бағыттағы адамдарға қауіпсіздік құ­­қығын береді, олардың құқықтарын аяқасты еткізбейді, сыйлатқызады. Ең бас­ты мақсат – ізгілік, не нәрсе де қоғамға жақ­сылық әкелуі тиіс, адамдардың бір про­блемасын шешіп, өмірдегі жүгін жеңілдетіп, уайым-қайғысын азайтуы ләзім. Дін де солай! Егер, діни сенім, дін институты, дін әлемі, дін өмірі, діни ұс­­танымдар қоғамымызға жақсылық әкеліп, қоғамға тұрақтылық әкеліп, қо­ғамға бейбітшілік пен тыныштық әкеліп, сол діни сенім мен ұстанымдарды насихаттау арқылы қоғамдағы проблемалар азайып, азаматтар қабағын шытпай, бақытты болып, қуанышты болып, шат-шадыман өмір сүретін болса онда ол дұ­рыс дін деген сөз. Яғни қандай бір діннің, сенімнің дұрыс па дұрыс емес пе, қоғамға пайдасы бар ма, жоқ па, қоғамға зияны бар ма дегенді анықтау үшін ешбір теологиялық кітаптың бетін ашудың, ешбір дау-дамайға ұрынудың қажеті де жоқ. Сол дін немесе сенім жүйесі егер татулық тудырса, халық арасындағы қарым-қатынасты жақсартып, адамдар бірін-бірі сыйлап, бірін-біріне кеші­­ріммен қарап, жақсы жұмыс істеп, ең­бекке баулыса,  жемқорлық, ұрлық-қарлық, қылмыс дегендер болмай, жұрт сенімділікте жүрсе, дүние-мүлкіне ешбір қиянат болмай, бала-шағам соғысқа аттанып кете ме екен алаңдамай, қызымды ертең көшеде біреу ұрлап алып кете ме екен деп уайымдамай жүрсе ол дін қоғамға пайдалы деген сөз. Әр жүйе сияқты зайырлы-демократиялық жүйенің де әлсіз тұстары бар. Өйткені, осы кеңшілікті және демократиялық институттар мен мүмкіндіктерді пайдаланып, билікті тартып алуға ұмтылатын күштердің пайда болуы да мүмкін…
– Өзіңіз де білесіз, Париж комму­насының 1871 жылғы декретінің бірінші тармағында дінді, шіркеуді мемлекеттен бөліп тастаған. Осы ретте, Сіздің ойы­ңыз­ша, діннің мемлекеттің саясатына ара­ласуы дұрыс па?
– Дінді қоғамнан алып тастай алмаймыз. Діннің қоғам мүшелері арасындағы байланыстырушы рөлін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, осы күш, құдды атом қуаты сияқты дұрыс бағытта пайдаланылса пайдалы, теріс мақсатта пайдаланылса зиянды болары хақ. Мысалы, елімізде салауатты өмір сүру салтын дәріптеп жатырмыз, неге? Салауатты өмір арқылы дұрыс тамақ ішіп, жақсы қоректеніп және спортпен айналысып, пайдалы нәрселерді жасау арқылы денсаулығымызды жақсартамыз. Демократиялық-зайырлы қоғамның ең бір артық тұсы да, оның мықты да әлсіз тұсы оның мол бостандығы мен еркіндігінде. Зайырлы қоғамда қандайбір діннің немесе діни институттың мемлекет билігін қолына алуына рұқсат етілмейді. Ал, зайырлы мемлекет – қоғамның жауы емес, ол діннің жауы емес, дінді құрту керек деген мақсаты жоқ оның. Совет Одағы кезінде әсірешіл ұрда-жық атеизм болды ғой, дін атаулының барлығын құрдымға жібергісі келген, зайырлылық ондай емес. Зайырлылық айтады: «мен дінді жоққа шығармаймын, дін бар, дінге құрметпен қараймын, бірақ шексіз құқық деген тағы жоқ, менің құқығым, сенің құқығың бұ­зыла басталған жерден тоқтайды немесе менің еркіндігім сенің еркіндігіңе нұқсан келтіргенге дейін, қашан мен сенің еркіндігіңе нұқсан келтіре бастаймын онда менің еркіндігім жойылады». Егер, осы ұстаным болмаса онда мықтылар мен күштілер әлсіздер мен әлжуаздарды басып тастайды. Ертең біреулер «біз нағыз патриотпыз, біз нағыз ұлтшылмыз, біз нағыз діншілміз» деп шығады да, билікті қолына алғаннан кейін, ал, тыйымдар мен жазаларды жаудыра бастайды. «Қыз балаларды оқытуға болмайды, оларды ысырап, ол күнә, қыз деген үйде отыру керек, ыдыс жуып, тоқымасын тоқып, күйеуінің қызметін жасауы керек,оның өмірге келген мақсаты сол!», – деген сөздер мына діншіл (!) партия билікке келгелі Түркияда жиі естілетін болды ғой. Ердоған мырза дәл осындай бет-бейнесін осыдан 15-20 жыл ашық көрсеткен жоқ еді, ол қала әкімі, сонсоң премьер, соңында президент тағына дейін шығып, биліктің барлық тармақтарын өзіне қаратып алған соң басқаша сөйлейтін болды. Ердоған 48-49%-ға дейін дауыс алды, сол-ақ екен ол демократия мен зайыр­лылықты аса керектенбейтінін көрсете бастады, тілінің астында жатқан дүниелерді шығара бастады. Сөйтіп, Түркияны Ата­тү­рік орнатқан ұлттық һәм зайырлы демо­кра­тиялық мемлекеттің іргесінен алшақ­татып, бірталай заңдарды, қолында көпшілік ман­дат болған соң, тіпті, Конституцияны өзгертті, мемлекетті басқару жүйесін де соң­ғы 13 жылда айтарлықтай өзгеріске ұшы­ратты. Осының бәрін ол демократиялық және зайырлы түзімнің мүмкіндіктерін пай­далана отырып жасады. Зайырлылық, көріп отырғандарыңыздай, демократиялық мем­лекеттің ең маңызды сипаттарының бірі әрі кепілі. Сондықтан, демократиялық мемлекет авторитарлық немесе теократиялық елге айналмасын десек, азаматтардың санасына осы зайырлылық қағидасын сіңіре беруіміз керек, меритократияны дәріптеп, биліктің тармақтарының бөлінуі қағидасын бұлтартпай орындау шарт. Билік тармақтары бір-бірінің ісіне қол сұқпайтыны сияқты адамдардың жеке өмірлеріне де қол сұғуға болмайды. Азаматтардың жеке өмірі – олардың жеке алаңы, сол жеке алаңға, адамның өзінің өмір сүру әлеміне қол сұғуға болмайды. Өкініштісі, диктаторлық пен авторитарлық жүйелер демократиялық зайырлы қоғамның кемшін тұстарын, әлсіз тұстарын шебер пайдаланып, билік­ке келіп отыр. Оның бір көрінісін, нақтылап айтқанда «діннің атын жамылып» билікке қол жеткізудің танымал әдістерін айта кетелік:
Діни-саяси идеологиядағылар  3 «АТ»-ты қатар жүргізеді. Бірінші «АТ» – жамағАТ. Жамағат дегеніміз, діни-саяси идеологияның адам ресурстарын, адам күшін жинау, ол үшін қандай бір діни бағытты бетперде етіп, онмыңдаған, жүзмыңдаған адамдарды соған иландырып, басын байлап алады. Екінші «АТ», ол – қаражАТ. Адамдарды белгілі бір діни-саяси идеалдарға жұмылдырып, өзіне қаратып алған соң жамағат мүшелері мен жанкүйерлері арқылы қаражат жинайды. Жамағат неше түрлі қаржы көздеріне, құрылымдарға, бұқаралық ақпарат құралдарына иелік етуі мүмкін, өндірістік мекемелерге, сауда желілеріне т.б. иелік етуі мүмкін. Ең соңғы «АТ» – саясАТ. Адам күшін жинап алған, қаржы күшін орнатып алған соң жамағат енді саясатқа ұмтылады, мақсаты билікке ықпал ету және бірте-бірте билікті бақылауға алу. Міне, осы үш «АТ» – жамағат,қаражат, саясат, діни-саяси идеологиялық ағымдарды мәреге жеткізетін ұш тұлпар десек те болғандай. Қай ағымды, қай жамағатты алсаңыз да, бәрінің ұйымдасу және таралу әдісі осыған ұқсас келеді. Жә, олар неліктен дінді пайдаланды деген сұраққа келсек: діннің магнит сияқты күші бар, ол адамдарды өзіне тартады және бағындырудың теңдесі жоқ күшін бере алады. Зайырлы демократиялық қоғамда дінге толық еркін­дік берілген, бірақ, осы діни сенім бос­тандығының кең аясын бұрмалап, өзде­рінің әккі мақсаттарына жету үшін қанайтын діннің атын жамылған күштер бар. Мысалға, бір ағымның қарамағында 100 мың қолдаушысы бар дейікші: оның ішінде дәрігері бар, заңгері бар, инженері бар, мұғалімі бар, базардағы саудагері бар, тізгіншісі бар, неше түрлісі бар. Ол бір саяси күш, электорат. Ал, кейбір ағымдардың ықпалында миллиондаған адамдар бар, осыдан ойлаңыз, олардың мемлекетке және қоғамға ықпал ету күштерінің қаншалықты екенін. Олардың әр жерде «адамдары» бар, оған қоса олардың қомақты қаржысы бар. Мысалы, АҚШ-тағы үлкен шіркеулер мен халықаралық миссионер ұйымдары миллиардтаған долларға иелік етеді. Ал, демократия болған соң кезекті сайлау келеді. Адам саны молайып, өз күшіне өзі әбден сеніп алған діни ағымдар бір партияның құрамына кіруі немесе өздерінің жеке партияларын да ашуы әбден мүмкін. Сайлау кезінде саяси партиялар мен діни ағымдардың басшылары арасында кәдімгі саяси саудаласу басталады. Саяси партияларға не керек сайлауда жеңіске жету үшін, әрине дауыс керек! Партиялар елдегі ірілі-ұсақты жамағаттарды мониторингке алып қойған, бірімен бірі шым-шытырық араласып кеткен ғой, мыналардың адамдары аналардың ішінде, ал, аналардың адамдары мыналардың ішінде жүр… Партия басшысы немесе уәкілі жамағат басшысына (тақсыр, шейх, пір, ұстаз т.б. неше түрлі аталуы мүмкін): «Сіздің қолыңызда үлкен жамағатыңыз бар, 500 мың адамыңыз бар, сіздің бір ауыз сөзіңіз олар үшін заң. Осы сайлауда біздің партияға қолдау беріңіз!», – дегенде, жамағат басшысы да: «Жарайды, сенің партияңа болысайын, ал, сен маған не бересің? Біздің жамағатқа он депутаттың орнын бересің. Ертең үкіметке кіретін болсаң, партияларың жеңіп, үкімет қолдарыңа өтетін болса, 3 министрлікте біздің адамдар отыруы керек, біздің жамағатымыздың мынадай мынадай талаптарына көмек бересіңдер», деп, білім саласындағы, басқа да салалардағы өздеріне ыңғайлы нәрселерді сұрап, екі жақ келісіп алады. Саясат күшіне ие болған жамағат мемлекетті басқару саласындағы құрылымдарға өз адамдарын енгізеді, оған биліктегі партия болысады. Бұл жерде бір ірі партия бірнеше жамағатпен осындай етене жақын болуы да әбден мүмкін. Түркияның, Мысырдың, Пәкістанның, АҚШ-тың саяси партияларының, сайлауларының тарихтарын зерделеп көрсеңіздер, саясат пен діннің қаншалықты қоян-қолтық араласып кеткенін анық көре аласыздар. Сонымен қатар, қазіргі жиһандану дәуірінде ірі діни-идеологиялық ағымдардың бір елдің көлемінен асып тасып, көптеген елдерге таралып кеткенін де байқай аламыз. Осындай халықаралық жамағаттар бірнеше елдің саясатына ықпал ете алады, олардың өздері ірі әлемдік күштердің ықпалында болуы да мүмкін, міне, мәселенің ар жағы қайда жатыр! Ал, осы жымысқы да зиянды әріптестіктің алдын алу өте күрделі мәселе. Діни-саяси ағымдар халықаралық күштердің де қолдауымен демократиялық ортаны пайдаланып, бір елдің билігіне қол жеткізуі мүмкін. Осының ең нақты мысалдарын Түркия, Мысыр, Сауди Аравия сияқты көптеген елдерден көруге болады. Жер бетіндегі алып мемлекеттер қол қусырып отырмасы анық, олар өздерінің империалистік идеалдарына, әлемдің гегемонияларына нұқсан келуін қаламайды, олар да өздерінің айтқанына көніп, айдағанымен жүретін саяси тұлғаларды қалыптастырады немесе сондай бейімділігі бар, саяси тұлғалардың билікке келуіне қолдарынан келгенше ықпал етеді. Бұқаралық ақпарат құралдары, экономикалық тетіктер, саяси тетіктер, ҮЕҰ т.б. арқылы ықпал жүргізіледі. Оларды көбінесе қаржы иелері, олигархтар қолдайды. Ішкі актерлар сыртқы қолдаусыз саяси арманына жете алмасын білетіні сияқты, сыртқы күштер де ішкі актерсіз өзінің жоспарын іске асыра алмасын біледі. Бүгінде АҚШ сияқты мемлекеттер халықаралық құқықтың ең негізгі қағидаларын белінен басып, өзінің қоқан-лоққысын ашық жүргізіп жатыр ғой. Мысалға, АҚШ өзіне ұнамайтын немесе айбат шеккен мемлекет басшыларын тағынан тайдырамын деп ашықтан ашық айтып, әсіресе, Таяу Шығыстағы елдердегі биліктерді бірінен соң бірін ауыстырып, елі мен халқын талан-таражға салып келеді, соңғы 30 жылға қарасақ жеткілікті. Қаншама миллион адам босқын болды, қаншама миллион адам жазықсыз қырылды. Мына Сирияға қараңыздар, президент Асадты құлатамын деп ішкі алауыздықты қайрап, қарсылас күштерді қолдап, қырылыс отын тамызып жіберді. Ливияда Каддафи қырықшақты жыл билікте тұрған. Ол Америкамен тәжікелесіп, аяғында елі қантөгіс алаңына айналып, ішкі жанжал басталып, өзі де атылып кетті ғой. Тунисия, Египет, Йемен… Украинадағы жағдай да ұқсас, оның да халықтың дауысымен сайланған президенті бар еді. Ол президент Американың, Батыстың мүддесіне қайшы болғаннан кейін, оны құлатып, ол Ресейге қашып, аяғында Украинаның өзі жіктеліп, қантөгіс тоқтамай жатыр. Осының бәрі де трагедия емес пе?! Ал, әңгімеміздің ауанын қайыра дін мен мемлекет қатынастарына бұратын болсақ, жоғарыда аталған француз революциясы мен Американың мемлекет болып жариялануындағы доктриналарда қарапайым тілмен айтқанда діннің (шіркеудің) неліктен мемлекеттен ажыратылып, бөлек қойылғанын дұрысырақ түсінеміз. Осы доктрина бойынша дін (шіркеу) өзінің шеңберінен шықпауы ләзім, саясатқа араласып, мемлекет билігіне қол сұқпауы тиіс. Ал, қазіргі ше?! Арада 230 жылдай уақыт өткенде… Қазір саясат діннің ықпалында да, дін де саясаттың ықпалында болып кетті, бұл екеуі ет пен тырнақтай, тонның ішкі бауындай. Америкадағы президент сайлауында дін саяси мақсатта пайдаланылатын ресурстың бірі, мүмкін ең бастысы. Олар қолдарына Библия алып шығады, діни риториканы шебер пайдаланады. Америкадағы радикалды христиан ағымдары көбінесе Республикалық партияға қолдау береді, бұл жасырын емес. Қаражат та жинайды, дауыс та жинайды. Түркия, Пәкістан сияқты мұсылман елдерінде діннің атын жамылу арқылы, халықтың таза діндарлық сезімдерін қанау арқылы билікке келген партиялар бар. Қарапайым жұрт «Мынау «Алла» деп тұрған адам ғой, Құдайдың жолында жүрген адам ғой, бала-шағамызбен соған дауыс берейік», – дейді. Осының бәрі зайырлылықтың қалайша аяқасты етіліп жатқанын және осы саяси жымысқылықтың қоғам мен мемлекетке әкеп жатқан зияндарын көрсетсе керек…
– Еліміздің діни ахуалына тоқталып өтсеңіз?
– Қазақстандағы демографиялық және діни-саяси ахуалға келер болсақ. 1991 жылы тәуелсіздігімізді жариялаған кезде, Қазақстан­да қазақтар ғана болған жоқ, мұсылмандар ғана болған жоқ. 1993 жылғы алғашқы Конституция қабылданғанда және 1995 жылы қабылданған қазіргі Конституцияны қара­саңыз демографиялық көрсеткіштер мүлдем басқаша еді. 1991 жылы Қазақстанда қазақтар қателеспесем шамамен 43% болды. Ал, қазір қазақтар 69%-ға көбейді. Жер бетінде бір ғана ұлттан, бір ғана діннен құралған мемлекет кемде-кем, тіпті жоқ­тың қасы. Израильді алатын болсаңыз, Израиль еврей мемлекеті деген аты болға­нымен, хал­қының 30%-ға жуығы арабтар, мұсыл­мандар және еврейлермен некеленген басқа ұлт өкілдері, оның ішінде өзіміздің қазақтар да бар. Дүниежүзінің қай елінде еврейлер тұрса солардың ұрпақтары көшіп келген, сонсоң олар өздерімен бірге әлеу­меттік мәселелерді, діни мәселелерді алып келген. Сыртынан қарасаң ол біртұтас, әншейін тек еврей елі сияқты көрінеді, бірақ, терең үңіл­сеңіз онда да контраст бар екенін көресіз. Сауди Аравия патшалығын алатын болсақ, ол 100% мұсылман елі дегенмен, ол да ішінде бөлінеді. Сунниттер жағы басым болғанымен кейбір аймақтарда шииттер шоғырланған. Олардың да ішкі мәселелері жетіп жатыр, келімсек жұмыс­шылар көп. Суннит жағындағылар да дәстүрлі ханбалит мәзһәбындағылар мен радикалды салафит бағытын ұстанатындар болып бөлінуде. Түркияны да көптеген этностардан құралған, оның бәрі түріктекті емес. Сондықтан, Қазақстан Түркияның немесе Еуропаның жолын немесе басқа бір елдің жолын айна қатесіз қайта­лаймыз десек, қателесеміз. Себебі, Еуро­паның мәселелері өзіне тән, ол бізде жоқ. Туркия­ның өзінің ортасы, өзінің айналасы, өзінің гео-саяси және гео-экономикалық конъюктурасы бізден бөлек. Дін мәселесіне келгенде Қазақстан өзінің өзіндік жолын ұстануы керек еді. Біз 1991 жылы желтоқсан айында тәуелсіздікті жарияладық та 1992 жылдың ақпан айында, яғни бар жоғы екі айдың ішінде «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңды қабылдап жібердік, тәуелсіз елдің ең алғашқы заңының бірі ретінде! Алуан түрлі діни ағымдардың Қазақстанға келуіне, үгіт-насихат жасауына осы бір кемтар заңымыз қолайлы орта туғызды. 1990-жылдардың басында, әсіресе 1991-1994 жылдары Қазақстаннан шетелге барып келгенімде ұшақтардың іші толған миссионерлер мен еріктілер екенін көріп, таң қалушы едім. Ұшақтардың іші толған Америкалық, Еуропалық миссионерлер, «Бейбітшілік корпусы», «Мейірім­ділік корпусы», ықпал агенттері. Қай жер­ге барсаң осылар, құдды иесі жоқ бір елге келіп, иелік етіп, ақыл айтып отырған­дай. Алматының көшелерінде қаптаған миссионерлер еді, театр залдары, универси­тет­­тердің залдары, стадиондар оларға берілетін, тіпті, бірнеше ТВ-арнасынан кәдімгі миссионерлік хабарлар таратылатын, шетелдегі миссионер телеарналарынан ретрансляция жасалатын. Осыны көрген мұсылман елдері де қалыса ма?! Түркиядан, Арабиядан, Египеттен, Ираннан, Пәкістаннан ағымдар келді. Оларға «сен кімсің?» деген жоқ, бәрі шетінен халық­ты үгіттеп, шетінен алып кетті. Бір жағынан заңымыз осал болса, екінші жақтан олармен тайталасқа түсетін өзіміздің ғалымдарымыз, сауатты дінтану­шы­­ларымыз болған жоқ. Бүгін соның зардабын көріп тұрмыз ғой. Есесіне, елде экономикалық дағдарыс, Кеңес одағы құлап, экономика быт-шыт. Жас мемлекет халықты қалай тойғызамыз, су-газ-электр қуаты, жанар-жағармай, нан, ет, сүт т.б. негізгі тұ­тыну тауарларын қалай қамсыз етеміз деп жүр­ген еді. Ол кезде Кеңес одағынан қалған заңдар бірнеше жыл қолданыста болды ғой. Әлқисса, біздің жас мемлекетіміз тәуелсіздіктің алғашқы10 жылын реформа үстіне реформа, жаңа заңдарды қабылдау, егеменді мемлекеттің негізін қалау, шекараларын бекіту, ақшасын шығару, әскерін жасақтау сияқты ауқымды шараларды қолдануға жұмсады. Сол кездегі басымдық, шекараларды, халықты, ауру-сырқаудан, ішкі бүліктерден, апаттардан сақтап қалу болды. Осы «шұрайлы» ортаны миссионерлер мен келімсек діни ағымдар өте тиімді пайдаланды. Ауру да солай ғой! Мысалы, вирустар мен микробтар иммуни­тет­тің әлсіздігін пайдаланып денеге кіреді емес пе?! Адам денесіндегі қорғаныс жүйесі­нің бір жерінен саңылау тапса болды, сол жерден кіреді. Содан кейін денені құртады! Мына зиянды діни ағымдар да тура сондай вирустарға ұқсайды. Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында мемлекетіміздің имму­нитеті әлі күшті болған жоқ еді, вирус­тарға қарсы екпеміз де болмай қалды. Ауруды жеңу үшін алдымен вирусты, микробты жою керек. Вирусты жоймасаң, ауру жойылмайды. Дененің иммунитет күшін жоғарлату керек те, қай вирус екенін анықтап, жақсылап талдай отырып, вирусқа қарсы антивирус пайдалану керек. Бір кездері көшеде, базарда басып жүре алмаушы едік қой, пәтерлердің есігін қағып, кітап таратып, алмасаң да сені сұраққа алатын: «Мазаламаңдар, менің өз дінім бар, Құдайым бар», – десең де кетпейтін. Сол кезде вирусқа қарсы антивирустарымыз болмай қалды. Қайта сырттан келген ағымдарға жасыл бағдаршам жағылып, есіктер ашылып, ең бір гуманист, ең бір толерантты, ең бір либералды елге айналдық. Миссионерлердің дүниежүзінде штаб-пәтерлері бар, қолдарында миллиард қаржы бар, адам күші бар. Мен ертең не істеймін, қалай күн көремін, қайда тұрамын деп ойламайды, олар. Оларды техникамен қамтамасыз етеді, ақшамен қамтамасыз етеді, тұратын жаймен қамтамасыз етеді, барған елінде қолдаумен қамтамасыз етеді. Дін таратушылар, жақсы киінген, астында көлігі бар. Қайда жұмыс істейді? Наубайханада жұмыс істей ме? Жоқ! Инженер ме? Жоқ! Қалай күн көреді? Ешкім оны сұрастырмайды. Таңер­теңнен кешке дейін істейтіні тек қана сөйлеу, жиналыстан жиналыс, радиоға барады, телевиденияға барады, халықты жинайды, соларға ақыл айтады, көсемсиді, публикациялары дайын тұрады. Арнайы үгіт-насихат қағаздары таратылады, видеоматериалдар, интернет сайттары арқылы адамдардың миларын айналдырады, санасын улайды, өзінің дініне кіргізеді. Кіргізгеннен кейін жақсылап пайдаланады. Ол адам бір жерде жұмыс істейді. Сөйтіп тапқан табысының 5%, 10%, 15%, 20%-ын жоқ демей, сол ағымға әкеліп беріп отырады. Сосын, ол адам тағы да өзі сияқты адам тауып, сол ағымға қосады. Оның барлығын діни ағымдар сауап жинайсың деп түсін­діреді,біреулер «жиҺад» деп түсін­діреді, Құдай жолында жасаған еңбегің деп түсіндіреді. Адамдарды не арқылы жинауға болады? Адамдарды қазір спорт арқылы жинауға болады. Мысалы, бір спорт саласына, футбол десеңіз 100 мың адамды жинай аласыз стадионға. Музыка, концертке шақырасыз мысалы, 50 мың, 100 мың адам жиналады дейік. Спорт пен музыканың жанкүйерлерін алғанда бірнеше миллионға жеткізуге болатын шығар. Бірақ бәрінен де күшті, бәрінен де ықпал­дысы осы дін. Дінмен миллион, 100 миллион, миллиардтаған адамды бақылауға ала аласыз. Ал, Қазақ­станның сырттан келген мұсылман және мұсылман емес діни ағым­дарға, миссионерлерге қарсы қоятын өзіндік бренді болған жоқ, балама ұсынысы болған жоқ.  Яғни, Қазақстан халқының, Қазақ­стан мемлекетінің, Қазақстан аза­маты­ның, дінге деген көзқарасы қалай болу керек, мемлекетке көзқарасы қандай болуы керек дегенде мардымды нәрсе айтылмады. Қа­зақ­станның унитарлық тұ­тастығы прин­цибіне сай жаңаша бір дүниені, ұлт­тық идеологияны ұсынуға болмас па еді? Бұл жерде бір уникалды тұжырым, доктрина, бір саяси тұғырнама жасалуы керек еді. Оның негізгі мақсат­тары: біріншіден– Қазақстанның мемлекет ретінде тұтас­тығын сақтау; екіншіден– Қазақ­стан қоғамындағы ішкі татулықты, азаматтар арасындағы татулықты қамтамасыз ету, нығайту; үшіншіден, Қазақстан азаматтарының қандай бір радикалды, экстремистік, саяси-діни идеологиялардың жетегінде кетуіне тосқауыл қою. Қазақ­станның зайырлы мемлекет ретінде қалып­тасуын және зайырлылық принципін мұқият қорғанысқа алатын, саяси-құқықтық меха­низмдерді тиімді жүзеге асыру мақсат­тары болуы шарт. Ал, біз болсақ керісінше, қай дін келем десе келіңдер, есігіміз ашық деп ұрандаттық.Сөйтіп, олар жаппай Қазақстанға келді, оқу орындарын ашты, әдебиеттерін алып келді. Есесіне, біздің азаматтар, жастарымыз, ұлдарымыз, қыздарымыз Түр­кияға, Египетке, Араб елдеріне барып оқыды. Пәкістан мен Малайзияға барды. Ба­рып та жатыр, қазір. Америкада оқып жатыр пәленбай мыңдаған жастар. Еуропада оқып жатыр. Осылар сол елге барғанда кімдермен араласып жатыр, кімдердің ықпалында жүр? Олар сол елден елімізге қайтқанда жоғарыда аталған қағидаларға берік азаматтар болып келе ме, жоқ, әй­теуір, әрқайсысы бір-бір ағым­ның, бір-бір діннің, бір-бір идеология­ның кәдімгі белсенді уағызшысы болып келе ме? Айтып отырмын ғой, біздің иммунитетіміз болмауы салдарынан біз сыртқы элемент­терді, зиянды элемент­терді былайша айтқанда, сауда тілімен айтатын болсақ, арзан да сапасыз тауарларды өзіміздің ішкі база­рымызға еркін кіргізіп алдық. Енді, қазір ажы­рата алмай отырмыз қайсысы дұрыс, қайсысы теріс. Жастарымыз саналары таза, оларды «шикізатқа» ұқсататын болсақ, шикі­заттарымызды қалай болса солай жібер­дік, ал, оларды шетелдегі миссионерлер өз қалаулары бойынша «өңдеп» өзімізге қайта жіберді. Зайырлылық прициптерінен ауыт­қуымыз салдарынан және зайырлылық пен демократия дегенді шексіздік, бақы­лаусыздық және шексіз бостандық ретінде қабылдауымыз салдарынан, мемлекетіміздің унитарлық сипатын қорғауда қажетті шараларды дер кезінде қолданбауымыз салдарынан қазір өте күрделі жағдайға душар болып отырмыз.Дін жағын алатын болсақ, қай дінге сенеміз деген сұрақ жиі естілетін болып кетті. Бір мұсыл­мандықтың өзі қазір пәленбай ағымға бөлініп кеткен, екі діндар, екі молда бас қосса дау басталады. Ағымдар бір-біріне өлердей өш. Әр діни ағым өзін таза жолдамын, тура жолдамын, хақ жолындамын, қалғанда­рының бәрі теріс жолда деп айтады. Бірімен-бірінің аман сәлемі жоқ. Ол жетпегендей радикалды-экстремист ағым­дардың соңынан кеткен жүздеген жастар, әйел, бала-шағасымен басқа елдерде соғысып жатыр. Осыдан 15-20 жыл бұрын дабыл қаққанбыз, бірақ, өкініштісі осы мәселеге лайықты дәрежеде мән берілмеді. Қазірдің өзінде нақты шаралар қолданылып жатыр деп айтуға ерте сияқты. Қолданылып жатқан шаралар болса жеткіліксіз…
– Аға, енді қорытынды сұрақ. Әлем­де орын алып жатқан діни ахуал­дардың мемлекетіміздің әлеуметтік-психо­логия­лық өміріне ықпалы қандай? Дін туралы, дәлірек айтсақ, Ислам діні туралы түсінігіміз жеткілікті деңгейде деп айта аламыз ба? Діни шиеленістерден шығудың жолы қандай?
– Бізге ең алдымен зайырлылықты дұ­рыс түсіну керек, дұрыс түсіндіру керек. Сонсоң, бізге не керек? Бізге, Қа­зақстанға, тыныштық керек, әрбір адамға, қай ұлт­тың өкілі болсын, қай этностың адамы болса да, таңертең жұмысына барып, жұмысын істеп, өзінің адал еңбегімен, кешке үйіне келгенде бала шағасының қа­сын­да тыныш шай-тамағын ішіп, тәуба деп жастыққа басын тигізіп, бір еркін ұйықтап, елім аман болсын, мемлекетіміз жақсы болсын деп, осы елді біз қалай дамытамыз, қалай көркейтеміз, қалай оны ауқатты да қуатты елге айналдырамыз деген оймен ғана шаршап, сол оймен ғана әрекет етіп, мемлекеттің дамуына әр адам өзінің адами капиталын енгізу арқылы әрекет жасауы керек. Міне, мемлекет азаматтарды осыған ұйымдастыру керек, осыған баулу керек. Бізде мұсылманшылықтың ең бір қатігез формалары, ең бір керітартпа түрлері қайта кең насихатталып жатыр. Қазақстанда жаңағы әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Бируни сияқты ғалым бабаларымыздың, прогрессивті ойлайтын ойшылдарымыздың мұсылмандығын насихаттап жатқан жоқпыз. Оның орнына ХІІ-ХІІІ ғасырлардан бері қарай пайда болған діни-саяси ағымдардың насихатталуы күштірек болып жатыр. ХХІ ғасырдың адамын5-6 ғасыр артқа кетуге шақыратын ағымдар көбірек көрініп жүр. Ондай тәжірибе басқа елдерде де болған, соны неге ескермейміз?! Айталық,біз Түр­кия­ның жолын, бағытын таңдадық дейік. Онда біздің осыдан 20-30 жылдан кейін қандай мемлекетке, қандай елге айналатынымызды көру үшін,сәуегей болудың керегі жоқ, қазіргі Түркияның жағдайына қарау жеткілікті. Олардың да жағдайы мәз емес, сепаратизм деген шарықтап тұр, діни ағымдар билікке жармасып алған, неше түрлі тариқат, неше түрлі жамағат, сыртқы күштердің ықпалы жоғары… Күн сайын Түркия күл паршаға айналады, неше түрлі федеративтік округтерге бөлінеді, күрд­тер былай шығады, аналар былай шы­ғады деген әңгімелер айтылуда. Діни тұрғыдан алсақ, зайырлылар мен шариғат жолындағылар арасындағы қақтығыс, әскер мен басқасы, діни ағымдардың өз ішіндегі қақтығыс т.б. Қазір Ердоған мен Гюленшілер қақтығысып жатыр, әрқайсысының прокуратурада, әскерде, полицияда, білім беру саласында т.б. топтары бар, қолдарында газеттер мен ТВ-арналары, бір-бірін қара­лап, жамандаумен, жоюмен әлек. Түр­кия­ның қазіргі жағдайы біздерге ғибрат болуы керек, өйткені,  онда соңғы 2-3 жыл көлемінде екі діни ағым бірімен бірі шай­қасып, мемлекеттің күлін көкке ұшырып жатыр. Президент Ердоған атеистермен күресіп, шайқасып отырған жоқ, керісінше өзі сияқты діншіл, бес уақыт намазын қаза етпейтін Фетхулла Гюленнің өзімен, оның ағымымен шайқасып жатыр. Демек, біз егер Түркияның жолымен жүретін болсақ, осыдан 20-30 жылдан кейінгі Қа­зақ­стан қазіргі Түркия сияқты болмақ. Ал, Египеттің жолын таңдасақ, онда Қазақстанның болашақта қандай ел боларын көргіміз келсе, бүгінгі Египетке қарайық, ендеше. Халқының 80 пайызға жуығы сауатсыз, аш-жалаңаш, ешбір экономикалық күші жоқ. 90 миллион халқы бар Египеттің жалпы ішкі өнімі 17 миллион халқы бар Голландиядан 4 есе кіші. Ал,  Сауди Арабияның жолын таң­дайтын болсақ, ондағы баскесер де ұрдажық ағымдарды не істейміз?! Қа­зіргі Сауди қоғамында еркектер қалай өмір сүреді, әйелдер қалай өмір сүреді, қоғам қалай қалыптасқан, саясаты қалай жүріп жатыр, сауаттылық деңгейі қан­шалықты, осыларға бір сәт зер салсақ та жеткілікті. Ал, мына Пәкістан мен Ауғанстан мұсылмандарының бағытын аламыз десек, онда қандай елге айналатынымызды көру үшін бүгінгі Пәкістанға, Ауғанстанға қарау жеткілікті. Осылардың ешқайсысының жолын қуып Қазақстан өркениетті, сауатты, мықты, дамыған, зайырлы-демократиялық, әлеуметтік қоғамға айналмайды. Бұл мүмкін емес. Әрине, бұлар бізге туысқан халықтар, бауырлас халықтар, бір діннің, бір мәдениеттің шебінде тұрмыз, олармен мүмкіндігінше жақын қатынаста болайық, тату болайық, сауда-саттығымыз жүрсін, бауырластық қатынастарымыз дами берсін, менің оған ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ, Қазақстан өзінің жолымен жүруі керек деп ойлаймын. Жоғарыда аталған принциптер негізінде ішкі тұтастанғаны, біріккені абзал. Ол жерде біз діннің жағымды рөлін, конс­труктивті рөлін пайдалануымыз жөн. Бірақ, ешқашан да діннің белгілі бір саяси топтардың немесе сыртқы күштердің құралына айналуына жол берілмеуі керек. Әйтпесе, өте қиын жағдай болады, Сирия, Ирақ, Ауғанстан, Пәкістан, Түркия, Ливия, Йемен, Египет, Иран сценарийлері қайталануы мүмкін. Бұл елдерде осындай қантөгісті көреміз деп ойламаған шығар. Ауғанстанға қараңызшы, 36 жыл бойы соғыс өртін өшіре алмай кемінде 5 ғасыр артқа кетті. Сирия қандай ел еді?! Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана елбасы барып, Дамаскіде  әл-Фараби бабамыздың бейітін ашып, сұлтан Бейбарыс бабалардың кесенелерін ашып еді ғой. Қандай керемет, халқы деген ешкімнің ісінде шаруасы жоқ отырған ел еді. Қазір быт-шыт, қалалар жермен-жек­сен, халқы босқын. Осы елдер қашан тұрақтылыққа қол жеткізеді, белгісіз. Олар саяси тұрақтылыққа қол жеткізгеннен кейін, қираған қалаларды, инфраструктураларды, жолдарды, көпірлерді, ауруханаларды қайтадан салуға тағы да кемінде 50 жыл кетеді ғой! Бұл осы елдер әлемдік қауымдар көшінен бір ғасыр артта қалды деген сөз. Сондықтан, біз осының бәрін сарапқа салуымыз шарт. Қай жерден бізге қауіп төнуі мүмкін, қай жерден бізге нұқсан тиюі мүмкін, ішкі тұрақтылығымызға зиян келтіретін факторлар қайсылары, олармен қалай күресеміз т.б. мәселелер бойынша ұлттық стратегиямыз болуы керек. Соның бәрін сарапқа салып, мемлекет дер кезінде тойтарыс беріп тұруы керек. Бұған Қазақстандағы барлық азаматтар мүдделі, бәрінің құқықтары тең, арманы ортақ. Әрбір азамат осы елдің дамуына, гүлденуіне, оның ішкі қауіпсіздігі мен сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өзінің үлесін қосатын болса игі. Азаматтарды осы санамен тәрбиелеуіміз керек, бүкіл мемлекеттік жүйе осыған негізделуі керек. Мемлекеттің иммунитеті мықты болуы керек. Мына сырттан кірген келімсек ағымдарға қарсы қолданатын бір балама ұсынысы болу керек. Ол әлі бізде жоқ. Мынау қазақтың дәстүріне жат ағымдар қалайша бірінші орынға шы­ғып кетті? Неге? Өйткені, өзіміздің діни ұстанымымызды заманауи тұрғыдан, қоғам мүддесі тұрғысынан айқындап, анықтап бере алмадық. Әсіресе, азаматтардың зайырлылық санасын қалыптастырып, зайыр­­лылықты дұрыс түсіндіріп, әрбір аза­­маттың зайырлылықты пайдалануына және қорғауына қажетті жағдай жасалуы керек. Сол кезде сыйластық болады. Қазір барлық ағымдар бірімен-бірі жанжалда, ондай қоғамда тыныштық пен береке болмайды ғой. Егер, мемлекет сәл әлсіреп, кішкене шаңырағы шайқалса, Құдай бетін аулақ қылсын, бұл ағымдар қантөгіске барудан да тайынбайтын шығар. Ал, бізге бұл керек пе? Онда мың жыл артқа кетеміз, тіпті, тәуелсіздігімізді де сақтай алмай қалуымыз ықтимал. Көптеген жастар кім-көрінгеннің соңынан кетіп, атам қазақ естімеген ағымдардың құрбаны болып, одан ешбір жақсылық тауып отырған жоқ. Діни ағымдарға мойынсұнған адамдардың отбасылардың шырқы кетіп, неше түрлі керағарлықтар пайда болып жатыр. Қоғамның ішінде кернеу пайда болып, психологиялық күйзеліске ұшырап жатқан күн сайын көбеюде. Осы зиянды діни ағымдардың ешқайсысы да қоғамға бір жеңілдік, бір бақыт пен қуаныш, сондай бір толеранттылық әкеп отырғаны жоқ. Сондықтан, мұның бәрі де қазіргі қоғамдағы ішкі қатынастарды одан әрі қиындатып, ең бастысы санаға бұғау салып, адамдарды құлақкесті құлға айналдырумен шұғылдануда. Біз қоғамды жіктеп бөлуге негізделген «жарылқаушы», «құтқарушы» псевдо-идеологиялардан еш жақсылық көрмейміз. Бізге Қазақстан қоғамын бауырына басатын, бүкіл Қазақстан халқын өзінің перзентіндей көретін, өгейсітпей, құшағына алатын әке мемлекеттің, ана мемлекеттің дана саясаты керек. Себебі, бәріміздің мүддеміз бір, бір шаңырақтың астындамыз, бір тудың астындамыз. Осындай қиын-қыстау заманда қоғамның бір бөлігін ғана жарылқап, қалған бөлігі не болса, о болсын дей алмаймыз. Қазақстанның әр азаматы біз үшін қымбат. Сол азаматтар бірінші кезекте өзінің елін ойлайтын адам болса, Отанының бола­шағын ойлайтын болса ғана мықты елге айналамыз…

Сұхбатты жүргізген
Маржан Сәбет

kazgazeta.kz

Related Articles

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Үздік ойдың үзінділері

    Үздік ойдың үзінділері Арма әлеумет! Мен қазір таза академиялық ғылыми ортада жүрмін. Өзімнің неше жыл бойы жинаған білімімді, оқыған оқуымды, шетелдік тәжірибемді, интеллектуалды қарым-қабілетімді шынайы қолданатын қара шаңырақтың ішінде жүрмін. Алматының бәрінен бөлек мәдени ортасы ерекше ұнады. Алматы қала мен дала дейтін екі ұғымның түйіскен әдемі ортасы екен. Ойлап көрсем мен бақытты перезент, бағы жанған ұрпақ екенмін. Әкем тұрмыс пен жоқшылық, жалғыздықтың тауқыметін әбден тартып еш оқи алмадым, небәрі үш ай оқу оқыдым-, деп менің оқуымды бала күнімнен қадағалады, шапанымды сатсам да оқытам деп барын салды. Ал мектепте бақытты шәкірт болдым. Маған дәріс берген ұстаздарым кілең дарынды, қабілетті кісілер болды. Университетте және шетелде мен тіптен ерекше дарын иелеріне шәкірт болдым.

  • Самат Әбіш қалай “сүттен ақ, судан таза” болып шықты?

    Азаттық радиосы Саясаттанушы Досым Сәтпаев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке шыққан үкім “Қазақстандағы режим болашақты ойламайтынын көрсетті” дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев. Сарапшының пайымдауынша, билеуші “элита” жеке істерімен және тасадағыкелісімдермен әуре болып жатқанда елде тағы бір жаңа әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін факторлар күшейіп келеді. СаясаттанушыРесей өзінің экономикалық мүдделері мен геосаяси жоспарларын кеңінен жүзеге асыру үшін Қазақстанның ішкі саясатына тікелей әсер етуге тырысып жатуы мүмкін деп те топшылайды. ПУТИН “ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ” МЕ? Азаттық: Сонымен ұзақ демалыс алдында осындай үлкен жаңалық жарияланды. Мейрам алдында, 19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс депутатының постынан Самат Әбішке шыққан үкім жайлы білді. Мұның бәрінің байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па? Досым Сәтпаев: Әңгімені бұл істің құпия

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: