Кепiлдiгi бар келiн…
Жақында әлеуметтiк желiде ““Вьетнам халықаралық некелестiру агенттiгi” қазақ азаматтарына Вьетнам қызын 6 мың АҚШ долларына 1 жылдық кепiлдiкпен сатып алуды ұсынды” деген ақпарат тарап кеттi. Жарнамаға сенсек, Вьетнам қыздары өте тәрбиелi, арын сақтаған, тiлалғыш, перiштедей пәк екен. Және жарнама берушiлердiң ойынша, мұндай қыздар – қазақ жiгiттерiнiң арманы. Менiңше, агенттiк клиенттерiн көбейту үшiн бiздiң жiгiттердi пайдаланып қалмақ. Сонда әлгiлер қазақтың азаматтарын кең-байтақ қазақ жерiнен адал жар болатын қазақ қызын таба алмай, өзге ұлтқа көз салады дей ме екен? Өкiнiшке қарай, жарнама бiздiң жiгiттерiмiздiң көңiлiнен шыққандай.
Жарнама жарияланғаннан кейiн бұл “ВКонтакте” әлеуметтiк желiсiнде қызу талқыға түстi. Жазылған пiкiрлердi оқып отырып, өкiнбеске амалың жоқ. Жiгiттерiмiздiң айтуынша, олар Вьетнам қыздарын әйел қылып алуға қарсы емес екен. Олардың бiрi Вьетнам қыздарының сұлулығына, бiрi тәрбиелiлiгiне, бiрi пәктiгiне қызығушылығын танытыпты. Өкiнiштi-ақ! Iштерiнде қазақ қыздарына тiл тигiзгендер де бар. Жiгiттердiң бұл әрекетi ұлтын сыйламағаны ма, әлде қазақ қызынан шынымен көңiлдерi қалғанынан ба? Түсiнбедiм. Бiр бiлетiнiм, жiгiттер Вьетнам агенттiгiнiң қолында ойыншық болғанын өздерi байқамай, өте ұятты қылық жасады. Қазақ жiгiттерiне айта кететiн бiр жайт, егер ол қыздар соншалықты перiштедей пәк, мың жiгiттiң арманы болса, агенттiкке оларды жарнамалап не керек? Дүйiм жұрттың көзiнше сатылымға түскен қыз қазақ елiне келiн болып түсуге лайық емес деп ойлаймыз. Бұған жiгiттерiмiз көз жеткiзе алса, елiмiз азаматтарынан айырыла қоймапты деп бiр марқайып қалар едiк.
“Вьетнам елiнiң тарихы өте қайғылы, олар қиындыққа төзе бiледi. Егер Вьетнам қызын алсам, қандай қиындық болсын, ол маған адал болады. Сол себептi 6 мың АҚШ долларын төлеуге еш қарсылығым жоқ” деген пiкiрлер өте көп. “Отан қорғайды” деп жүрген азаматтарымыз осылай десе, бiздiң ұлт болашақта құрдымға кетпесiне кiм кепiл? Болашақта ұрпақ қандай болады? Жiгiттерiмiз өзге ұлттан қыз алса, өз қыздарымыз қайда бармақ? Елiмiздi алға сүйрейдi деп жүрген азаматтарымыз табиғат-ана берген байлықтарды бағаламай, импортталған тауарлармен елдi құрдымға кетiруге таяу қалды. Вьетнам қыздарынан басқа, шетелден қыз алып жатқан ағаларымыздың бар екенiн ескере отырып, елге “импортталған” келiн әкелудi тоқтатып, ақылға келсек, жақсы болар едi.
Арайлым ЕСМҰҚАНБЕТ.
zhasalash.kz

Пікір қалдыру