|  | 

Әдеби әлем

Бұлай болмайды ғой… (патриоттық әңгіме)

Ертең басқа біреу озады… Науқан мен дүрмек – өтеді. Сен озса да, озбаса да, жеңсе де, жеңілсе де, көшіп кетпей, мәңгі орнында қалатын еліңнің олқысын ойлап қайғыр, алдымен!

Абай ескерткіші. Сәбиттің карикатурасы.

Абай ескерткіші. Сәбиттің карикатурасы.

   Еліміздегі, әсіресе, дүбірлі оқиғалар тұсында қозып кете беретін патриоттық сезімімді қайда қоярға білмей, аласұрып жүргенде, құдай өзі сәтін салған бір оқиға болды. Күндегі уақытта, күндегі әдетіммен жолымдағы театр ғимаратының тұсынан өтіп бара жатқанымда, театрдың артқы есігінен шығып, ешкімге көрінбей, ақырын ғана жылысып бара жатқан Абай Құнанбаевты көріп қалдым!.. Қолпиған ұзын шапанының етегі жер сыпырып, аяғын асыға басады. Суретінде шал сияқты көрінгенмен, өмірде пысық, ширақ адам екені көрініп тұр.

- Абеке…Ибраһим Құнанбайұлы, сәл аялдаңызшы, – деп, соңынан тұра жүгірдім. – Айып етпесеңіз, сізден сұрайтын бірер мәселе бар еді…

Абай Құнанбаев жуан мойнын бұрып, ентігіп жеткен маған таңырқай қарап, тұрып қалды. Үстіндегі бүгінгі модаға, тәуелсіз заманымызға сай келмейтін киімдерінен ыңғайсызданды ма, жан-жағына қарап, мазасы кетіңкіреп тұр.

- Саған не керек?..- деді, шапанының ұзын жеңін қайырып, сағатына үңіліп қойып.

- Кешірерсіз… Атыңызды күнде естимін… Суретіңізді әр жерден күнде көрем. Бүгін сізді…өзіңізді…тірілей көргеніме қуаныштымын!..

- Тірілей дейсің бе… Ха-xа-xа!.. Жарайды, айт шаруаңды.

- Уақытыңызды көп алмаймын… Сіз данышпан адамсыз ғой, өлеңдеріңізді мектепте оқыдық… Кеше ғана бір кітабыңызды тауып алып, қарап шықтым… Жақсы жазыпсыз. Бұрынғы қазақтар туралы жазған екенсіз. Оларды, негізінен…сынапсыз. Солай ғой?.. Надан депсіз, сөзі көп, кәсіпке жоқ депсіз. Партия құрып, дау қуған, ел қыдырып, бос сенделген қылып көрсетіпсіз. Қымыз ішіп, ет жегенге мәз болған деп сөгіпсіз… Тіпті, орысты былай қойып, ноғайға ілесе алмайды деп түңіліпсіз… “Мақтаншақ, бекер мал шашпақ” деп мінездепсіз… Одан да сорақылары бар… тіпті көп!.. Айтуға ауыз бармайды…

- Иә, бәрі рас, айттым, жаздым, сынадым… – деп, сөзімді бөліп жіберді Абай. – Не сұрағың бар, жарқыным, асығыспын…

Сонда деймін де, Абеке, бас еріксіз бейшара еліңізді сонша тұқыртқаныңыз не? Бұлай болмайды ғой… Қазақтың ешбір мінезін жақтырмапсыз…

- Сонда деймін де, Абеке, бас еріксіз бейшара еліңізді сонша тұқыртқаныңыз не? Бұлай болмайды ғой… Қазақтың ешбір мінезін жақтырмапсыз… Ел жақсыларын мінеп, қожа-молдаларды шенепсіз… Қазір, өзіңіз білесіз, тәуелсіз елміз. Соның өзінде, сіз сияқты сынағыштардың артық-ауыс сөзі жүйкемізге тиеді. Олар да тек жаман жағымызды ғана көреді… Бұлай болмайды ғой!.. Әрқайсымыз өз еліміздің патриоты болуға тиіс емеспіз бе, қалай ойлайсыз?..

Абай маған таң-тамаша қалып қарады.

- Шырағым-ау, сонда, патриот болсақ, бас салып, бір-бірімізді, одан қалса, түк көрмегендей, басқалар баяғыда жасап тастаған көр-жерімізді дарақыланып, мақтай беруіміз керек пе… Пәленді қуып жеттік, түгеннен оздық деп?!.

- Неге көр-жер?.. Әлем мойындаған қаншама жетістіктерге жетіп жатырмыз!.. Космосқа ұштық… Спорттан қаншама абырой алдық… Дүниені дүмпітіп қандай шаралар ұйымдастырдық… Соның бәрін қалай көрмеуге болады?!. – дедім, патриоттық екпінмен қызына сөйлеп. – Көрші елдерге қараңыз… Қайсысы сондай табысқа жетіпті?!.

Жаман дегенге, шын жамандар ғана шамданады. Мен елімнің адам болмайтын жаманы бордай тозып, жақсысы шыңдалып, зор болсын деп сынадым. Оның несі жаман?..

- Жә, – деді Абай, тағы да сөзімді бөліп. – Айтып жатырмыз ғой соның бәрін, жағымыз талмай, айғайлап… Өз айғайымыздан өзіміздің құлағымыз тұнар болды!.. Құлағың бітеу ме, әлде саған бұл дабыра-қиқу әлі аздық етіп жатыр ма? Апырмай… күнде бір жаңалық ойлап табатын жапондар, еуропа-америкалықтар қалай жер басып жүреді екен, осы… Көрші елдер деймісің? Мен бір сөзімде айтып едім: жаманмен салысып жақсы бола ма екен, жақсымен шендесіп жақсы болмай ма деп… Оқымаған екенсің ғой. Алдымен, ана батыс пен шығыстың жақсыларына жақындамаймыз ба? Сосын мақтансақ болмас па? Дарақы шу, даңғазаны қойып, жұмыс істеу керек, бауырым. Жаман дегенге, шын жамандар ғана шамданады. Мен елімнің адам болмайтын жаманы бордай тозып, жақсысы шыңдалып, зор болсын деп сынадым. Оның несі жаман?..

Мен дайын тұрған қарсы уәжімді айтпақ болып, аузымды аша беріп едім, Абай қайта сөйлеп кетті.

- Сосын… Патриот болу үшін бірдеңеге мақтану – міндет пе?.. Мақтанатын ештеңең болмай қалса ше?.. Онда патриот болмай қаламыз ба?! Осы сен…мәселен, әке-шешеңді мықты, бай, атақты болса ғана жақсы көресің бе? Жаны ашу, күйіну – сүйгендікке жатпай ма, сеніңше… Ашулансаң, ыза бола алмай, күлсең, қуана алмай шаршайтын жағдай кеше, бас еріксіз кезде де болды. Қазір де көп!.. “Көрмейін десем, көзім бар” деп, әне, ақындарың да айтып жатыр…

- Жақсы, солай-ақ болсын. Сонда патриотизм деген не, сіздіңше?! – дедім, шыдамым таусылып.

Патриот болу үшін бірдеңеге мақтану – міндет пе?.. Мақтанатын ештеңең болмай қалса ше?.. Онда патриот болмай қаламыз ба?!

- Мен орыстың тәуір жазушыларын біраз оқыдым ғой… Анау, кім еді… иә, Салтыков-Щедрин: “аяқ астынан, патриотизм туралы айта қалыпты… демек, біреулер тағы бірдеңені ұрлағалы жатыр-ау, шамасы” деп жазып еді. Құдай сақтасын, бізде олай емес қой… Бірақ сол сөзді айта бермеңдерші құнын кетіріп, көп жасағырлар!.. “Ет-жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін” дегенім бар еді, оқысаң… Терең сезім, ел сүю – ауызда емес, жүректе. Дарақы айғайда емес – ашыған, күйген жаныңның азабында, көзіңнің ыстық жасында тұр мөлдіреп патриотизм…. Патриотизм – еліңнің ертеңіне үмітіңді сәуле етіп, қарай-қарай, жасаурап, талған жанарыңда! Ал…анда-санда ауылыңның аты озып келгендегі қуанышыңды елімді сүйгенім деп малдана берме, шырақ. Мәселе онда емес… Ертең басқа біреу озады… Науқан мен дүрмек – өтеді. Сен озса да, озбаса да, жеңсе де, жеңілсе де, көшіп кетпей, мәңгі орнында қалатын еліңнің олқысын ойлап қайғыр, алдымен! Ақылың, қайратың, бәрінен бұрын, жүрегің сүйсін жұртыңды! – деп, белгісіз бір алыс қиырға қыранша қарап тұрып…- мә-ә-әссаған! – лағып кетті Абай! “Қуып” кетті мүлде… Осы, ақын деген қияли xалық, аспандамай, қашан адамша сөйлеп үйренеді?!. Осыны да сөз деп айтып тұр ма? Жоқ, мына кісі…шаршаған. Турасын айтайықшы – алжыған… Өкінішті!.. Сонда да болса, адамнан үміт үзуге болмайды, енді мен бар күшімді жинап, Абайдың алдына соңғы уәжімді тарттым:

- Сіздікі де дұрыс шығар… Бірақ өзіңіз ойлаңызшы, бұрынғы батырларымызды, билерімізді, қазіргі тұлғаларымызды ұлықтамасақ, тәуелсіздігімізді жырлап, дәріптемесек, кешегі бодандықта езілген еңсеміз, жасыған руxымыз қалай көтерілмек?

Абай маған шаншыла қарап, мырс етті. Көзіндегі мысқыл адам өлтірердей екен!..Бекер Абай болды дейсіз бе…

- Әй, шырағым, мен есептедім, қазір әр аудан, облысқа оншақты батыр, әлденеше әулие, би-болыстан келеді екен… Бас-басына той жасап, мақтанып жатырсыңдар ғой, содан мүйіздерің шығар болса. Қарашы, әне, әр ауылда, бар жолдың бойында – ат мінген, найза ұстаған бір-бір батырдың тас мүсіні. Қаншама абыз-әулиенің ескерткіші!… Кей жерде, тіпті, қос-қостан! Ал, жыртыл, мақтан, “руxыңды көтер”… Қанша қаласаң, сонша пұт бар бізде!.. Алматыдағы менің ескерткішімнен де үлкен көбі!.. – деп, қарқылдап күле түсіп, сақалын саумалай сипап қалған… Сол кезде, о, сайтан… қауғадай сақалы жалбырай жұлынып, қолында кетті!.. Кәдімгідей…жақ пен иектен ажырап, сірә, әжептәір салмақты сақал болса керек, қапелімде абдырап қалған Абайдың саусақ ұшында шайқалып, сәл ілініп тұрды да, салп етіп, жерге түсті… Өз көзіме өзім сенбедім!.. Қарсы алдымда сақалды, тақиялы, үйреншікті мосқал Абай емес, тақияның астына қайырып тыққан ұзын шашын жалбырата, саусағымен тарақтап, қарқылдай күлген жап-жас жігіт тұр… Сақал кеткен соң, тақиям не сән деді ме, қолына бүктеп ұстап алыпты. Не істерін білмей, есеңгіреп қалған маған қарап, қайта-қайта күледі… Күле тұрып, еңкейіп, екеуміздің арамызда өлген қарғадай етпетінен түсіп, илектеніп жатқан сақалын жерден іліп алды да:

- Қазір Абай жоқ бұл елде, – деді. – Іздеп әуре болмай-ақ қой… Мен – әртіспін… Көшенің арғы бетінде тұрған анау бір мектепті көрдің бе? Оқушылармен кездесуге шақырған бізді. Құр барғанша, “Абай” спектаклінен үзінді ойнап берейік деп… Сен, давай, бауырым, патриотпын деп, бос айғайлай бермей, бір дұрыс желім зауытын ашсаңдаршы!.. Әйтпесе, әбден зықымыз шықты. Қаттырақ сөйлесек, осылай…сақалымыз түсіп қала береді. Сөйт, братан, зауыт ашыңдар, “әлемдегі ең жақсы желімді өзіміздің жігіттер шығарады!” деп, мақтанып жүрейік біз де… Сосын қазақ өнерінің патриоты ретінде, анда-санда болса да, театрға келіп тұрсаңдаршы, азаматтар!..

Осыны айтып, ол, сақалын дұрыстап жапсырып алмаққа, жаңағы шыққан есігіне асығыс қайта кіріп бара жатты… О, сайтан!.. Мен кіммен сөйлестім? Жын ба, жоқ, әлгі… Абай Құнанбаев па?.. Мен онымен өзімді қатты толғандырып жүрген аса маңызды мәселе туралы сөйлескім келген. Ал ол… Әртіспісің деген!.. Мені ақымақ қылып, ойнап… Бұлай болмайды ғой!.. Ал, жалпы, театр… Иә, бір…келіп, көру керек еді, шынында…


Тұрсынжан ШАПАЙ

Тұрсынжан Шапай 1957 жылы туған. 1979 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетін бітірген. 1979–1984 ж.ж. Алматы облысы, Нарынқол ауданы О.Жандосов атындағы орта мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, 1984–1985 ж.ж. Қазақ теледидары әдеби-драмалық хабарлар редакциясында, 1985–1986 ж.ж. «Жазушы» баспасында редактор, 1986–1988 ж.ж. «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер, 1988–1990 ж.ж. сын бөлімінің меңгерушісі, 1990–1998 ж.ж. ҚР ҰҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми, аға ғылыми қызметкер, 1999 жылы Абайтану бөлімінің меңгерушісі болды. 2001–2006 ж.ж. «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясында бас редактор қызметін атқарған.

1994 жылы «Қазақ поэзиясындағы лирикалық тұлға проблемасы (1980 жылдар)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Ғылыми-зерттеу еңбектері қазіргі қазақ лирикасы, лирикалық тұлға және Абайтану мәселелеріне арналған. Жүзден астам ғылыми, әдеби және публицистикалық мақалалар авторы. Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері (1990 ж.). «Шын жүрек – бір жүрек» кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алды (2001 ж.). Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Шығармалары: “Ой түбінде жатқан сөз. Әдеби сын мақалалар” (1998 ж.); “Шын жүрек – бір жүрек. Әдеби сын, зерттеу, эсселер”. (1999 ж.); “Қазақтың жаны. Публицистикалық толғаулар мен әңгімелер” (2001 ж.).

Азаттық радиосы

Related Articles

  • Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

    Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

     Серік Ерғали Суреттер: aqmeshit-zhastary.kz, democrat.kz сайттарынан алынды. Ата Заң жобасының талқысы Қазақстандағы ең сезімтал, ең ұзақ талқыланып келе жатқан мәселенің бірі — мемлекеттік тілдің нақты мәртебесі. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылғанына отыз жылдан асты. Алайда қоғамдағы шынайы сұрақ әлі де ашық: қазақ тілі — басқарудың тілі ме, әлде символдық мәртебедегі тіл ме? Тіл мәселесі неліктен шешілмей келеді? Себебі біз ұзақ уақыт бойы тілге: – мәдени құндылық ретінде ғана қарап келдік; – оны мемлекеттік басқару тілі ретінде нақты бекітпедік. Нәтижесінде: – Конституцияда бір мәтін, – тәжірибеде басқа жағдай қалыптасты. Бұл қайшылық тілдің емес, конституциялық айқындықтың әлсіздігінен туындады. 9-баптағы басты түйін Жоба бойынша: 1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда

  • Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Елдес Орда Сурет: Автордың жеке архивінен алынды. Қазақ қоғамында жаңа интеллектуалдық кезең туып келеді. Бірінші, қазіргі қазақ қоғамында сенім мәселесіне қатысты пікірталастардың күшеюі кездейсоқ құбылыс емес. Бұл дегеніңіз әлеуметтік желілердің, ашық ақпараттық кеңістіктің және жаһандық интеллектуалдық ағымдардың ықпалымен қалыптасқан жаңа қоғамдық ойлау формасының көрінісі. Атеистік көзқарастардың ашық айтылуы, тәңіршілдік идеялардың қайта жаңғыруы және дәстүрлі діни орта арасындағы пікір қақтығысы зиялы ортада алаңдаушылық тудырғанымен, шын мәнінде бұл құбылыс қоғамның рухани әлсіреуін емес, саналы ізденіске бет бұрғанын көрсетеді. Екінші, ұзақ уақыт бойы қазақ қоғамындағы діни дискурс негізінен МОНОЛОГТЫҚсипатта болды. Уағыз айтылды, ал тыңдаушы тарап оны талқылаусыз қабылдауға тиіс еді. Сұрақ қою күмәнмен, күмән әлсіз иманмен теңестірілді. Мұндай ортада сенім дәлелдеуді емес, қайталауды талап етті. Ғылыми

  • Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Серік Ерғали Суреттер: madeniportal.kz және С.Ерғали мұрағаттарынан алынды. «Я знаю!..» кітабынан үзінді-аударма. ОСИРИС ЗАҢЫ I Біз адамзат тарихын өте нашар білеміз. XIX ғасырдың басында Наполеон әлемге Мысырды ашты, ал ғалымдар бұл елдің қирандыларын зерттеп, оның шамамен б.з.д. III мыңжылдыққа тиесілі екенін анықтады. Сол кезде адамзат тарихы тағы да қос мыңжылдыққа тереңдей түсті. Бірнеше мыңжылдық бұрын (мен білем) адамзат (немесе оның кейбір бөлігі) таңбалы жазуды қолданып, жазып жүрген. Бұл білімдерді қалпына келтіру арқылы біз XX ғасырдың басында жасанды түрде үзілген тіліміздің тарихына қатысты қолжетер шындықты қайта тануымызға тура келді. 1926 жылы Бакуде өткен алғашқы түркологиялық конгрестен кейін түркология ғылым ретінде қалыптаса алмады… …2018 жылы Назарбаев мені әңгімелесу үшін Ақордаға шақырды. Үлкен үстелдің басында

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

  • «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде. Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды. Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй – жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: