Қазақ халқы сан ғасырлар бойы небір тамаша батыр – қолбасшыларды тарих сахнасына шығарды. Солардың соңғы тұяғы Оспан батыр Исламұлы. Оспан батырдың (1858-1951) 20 жылдан астам уақыт бойы ат үстінен түспей Шығыс Түркістанды азат ету жолында мерт болуы қазақ халқының ықылым замандардан жалғасқан ат үстінде атой салып, жаудың үрейін ұшырататын, есімі тірі кезінің өзінде ұран болған қазақтың батрышылдық дәстүрінің ХХ ғасырдың ортасына жеткенінің айғағы.
Шын мәнінде халқымыздың 2 мың жылдан астам жалғасқан батрылар галереясы Оспанмен аяқталады. Оспан сонымен қатар аңыздың, мифтің батыры емес, сарбаздарының санын 10 мың атты әскерге жеткізіп, оларды мұздай қаруландырып, 1946 жылы Шыңжаң өлкесінің, қазақтардың ежелгі ата қоныстары Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарын қытайлардан азат етіп, жұлдызы жанып тұрғанда аты бүкіл дүние жүзіне әйгілі еді. Ағылшын жазушысы Гофеди Лиас былай деп жазады: «Оспан батыр егер бұдан бес-алты ғасыр бұрын дүниеге келгенде аталары Мөңке, Шыңғыс және Темірлан деңгейлес ұлы қолбасшы болар еді». Кеңес өкіметінің комиссары Лаврентий Беря «Оспан батыр – қазақтың Робин Гуды» деп бағалаған.
Батыр ешқашан бел шешіп жатпаған, бір аты отта тұрса, бір аты белдеуде тұратын. Киіз үйдің артынан ор қазып, аттың біреуін қапаста (жер астынан қазылған қора — А.Т.) ұстаған кезі де болған. Оспанның бірнеше сүйікті аттары болған. «Қайқая шапқан қарагер» атымен түскен батырдың суретінде, ауыздығымен алысып тұрған теке мұрын, талыс танау, құлжа мойын, кең кеуде, салпы омырау тұрпатынан қазақи Алтай жылқысы екенін көреміз. Батырдың тарихта қалған 2-ші сәйгүлігі әйгілі Ақбозаты. Ақбозатты көргендердің айтуынша «айғай шықса, мылтық, зеңбірек дауысы естілсе құлағын елеңдетіп жата қалатын ат екен, тұяқтары шара кеседей үлкен. Топтың алдында жүреді, еш атты топтың алдына түсірмейді. Басқа кісіні жатырқап жанына жолатпайды, батыр аяғына шідер салғызбаған жай ғана байлап қойған.
2005 жылдың қыркүйек айының 12-де Моңғолияның Баян Өлгий аймағының Алтынсөксе сұмының іс басқару орнының бастығы Тұңғышбай Хасенұлымен кездесудің сәті түсті. 54 жастағы Тұңғышбайдың әкесі Хасен, Хасеннің әкесі Қыдырбай, Оспанның әкесі Исламмен бірге туысады екен. Хасеннің үйінде Оспанның ер-тұрманы (1942 жылы, август айында маршал Чойболсан кезігіп, кавалерия ер-тоқымын сыйлаған) және кісені сақтаулы. Бұл заттар қалай келді дегенде, 1958 жылы Қыдырханұлы Хасен Қытайға Көктоғайға барып, Оспанның баласы Шердиманмен кезіккен. Ол әкесінің Ақбозаты мен ертоқымын, кісенін, құран оқитын жайнамаз-кілемшесін берген. Әкесінің көзіндей, аты мен қасиетті заттарын Моңғолиядағы туыстарына бергенде, Шердиман мүмкін, Қытайда аласапыран болып, мәдени революция басталарын сезген болар. Біз көрген ер-тоқым, кәдімгі кеңес әскерлерінің былғары ері, тек алдыңғы қасына қол пулемет орнатқан темір топса өте мықты қағылыпты. Ерді көргенде алдыға қойылған қол пулеметтен бұршақша оқ жаудырып, Ақбозбен құйғыта шауып бара жатқан батыр бейнесі көзге еріксіз елестейді екен. «Оспан жеңіл пулеметпен ат үстінде қашып жүріп атысқан. Ат үстінде шауып бара жатып, бір жағынан оқ атқанда, екінші жағына жығылып, қайтып бауырымен асып екінші жағынан шығады екен». Кісені – кәдімгі кілтпен ашылатын қазақ ұсталары соққан кісен. Жайнамазы 1980 ж дейін болып, кейін жоғалған.
Ақбозат Хасеннің қолында 3 жыл болады, қартайып ақ бурылданып кетеді. 1961 жылы Хасен соғымға сойыпты. Ақбоз 1951 жылы батыр қаза тапқанда 9-10 жасар жылқы кемеліне келген толысқан ат, 1961 жыл 20-ға келіп бозтарланданып қартайған шағы. Ақбоздың көп ерліктерінің бірі ұшып бара жатқан жаудың аэропланымен батыр жарыса шапқылап, бесатарымен атып түсіргенін ел аңыз қылып айтады. (Алғашында аспаннан бомба тастап, пулеметтен оқ жаудырған ұшақтан, қазақтар торыққан, кейін үйреніп, дауысы естілгенде жата қалып, мергендер ұшқыштың өзін атып, болмаса жанармай багін атып 3 ұшақты құлатқан.) Рамазан деген ақын кезінде батырдың Ақбозына арнап поэма шығарған екен, сұрастырып таба алмадық. Бұл олқылықтың орнын моңғолдың халық ақыны Сумьягийн Амиртайванның «Оспанның Ақбоз аты» деген өлеңімен толықтырдық. Ақын өлеңінің эпиграфына «Саясатта сайқалдық болар, сәйгүлікте не жазық бар…» деген сөзді алыпты, шынында Ақбозда не жазық бар.
Қия беттен жол тауып,
Жота кезіп.
Қыр ақтап.
Төрт аяғы тиген жер.
От шашады, жырақ қап.
Қызыл қырғын шерлі азап,
Қыр соңынан шүйлікті.
Қырғикөзді ер қазақ,
Серік етті жүйрікті.
Шіңгіл, Қаптық, Нарында
Ұшақпен да шайқасты ол.
Зымырандай арындап,
Зымиянмен айқасты ол.
Құйрық-жалын, от шалып.
Құйғытады сайғақтай,
Ақбозаты Оспанның
Тарихтағы айғақтай.
«Бір атқа екі адам мінгеспейді. Қытаймен де, қызыл қытаймен де, қызыл орыспен де бірге болмаймыз. Қазақ өзіміз жеке мемлекет боламыз» деген Оспан батырдың арманы орындалады.
Оспан батырдың Ақбоз аты
Ахмет Тоқтабай, «Қазақ жылқысының тарихы» кітабынан
argymaq.kz
Пікір қалдыру