|  | 

Әдеби әлем

Шығыс пен Батыс: көңіл күнделігінен үзінділер

Ermaqan Q

Қалмырзаев Ермахан  Серікбайұлы   1966 жылы  01 қаңтарда Өзбекстан Республикасында  туған.  Ұлты қазақ. Ұстаз-ғалым, ақын-аудармашы, дінтанушы.  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетін, аспирантурасын бітірген.  Қ.И.Сәтбаев атындағы Қаз ҰТУ-да қызмет етеді. «Ұлағат» рухани-танымдық орталығының жетекшісі.

Шығыс пен Батыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударумен шұғылданады.  Тақырып аясы кең, өмір һәм адамның ондағы орны мен іс-әрекеттері туралы толғанады.  Әрбір жазған шығармам немесе жасаған аудармам осынау өмір атты композицияның бір қыры, жазғандарыма соңғы нүкте қойылғанда, өмірдің мәні толық ашылмақ – дейді, ол.

Әдеби қосалқы аты Мақсым Зарлы.

 

 

 

Шығыс пен Батыс: көңіл күнделігінен үзінділер

Жаллалладин Румиден

ҚАЙЫҚ

Түн. Жалғызбын. Қайықпен жүзіп келем.

Қайығым – тәнім. Өңімде ұйқыдамын.

 

Қараңғы түнек. Жер жоғалып кеткендей.

Ымырт тұман. Кемелер толық шөккен бе?

 

Шөкпес үшін. Арпалыстым. Жеңілдім.

Суға шөгіп барам. Тәңірім, мен қайдамын?..

 

Демек , мен мұхитта ғұмыр кештім?

Қалайша түк сезбегем? Әлде, түс пе?

 

Рубайат, # 0012

 

***

Шаңқаған балық

 

Су тасушы жалықты ғой шамасы

Көзесімен ғайып болды қарашы

 

Менің көзем қирап түсті

Аңтарылдым, енді қалай ішермін

 

Жалбарынам, Жалғыз саған

Өзгерсін деп тағдыр жазған

 

Менде жүзген балық арман

Шаңқап, сусыз тұншыққан

 

Жол сілтегін мұхитыңа аттанам

Қу жанымды шөл далада алмағын

 

Сағым болып санамызды сандалтқан

Қабырғасын бұл қамаудың қиратқын

 

Тулап жатқан жүректегі теңізден

Ауламызға айдын шалқар орнатқын

 

Үйім қалсын толқыныңның астында

Түнделетіп соққан менің жаныма

 

Ай секілді Жүсіп келіп құласын

Құдығыма көңілімнің төрінде

 

Бүкіл ғұмыр жиған менің көмбемді

Толқын шайып, етсін азат еңсемді

 

Сәлдеміздің саясында өртедім

Ой бөлетін күйгілікті күйдірген

 

Мәртбенің қажеті де шамалы

Толқыныңа батсын арым жаралы

 

Тек қалауым сырлы саздан айырма

Және Өзіңнен жолдас болған жаныма

 

Күңіренсін мейлі мына күллі әлем

Күңіренер бірге олармен мен емен

 

***

Өлеңімді тәмамдасам әрдайым

Жабырқатар көңілімді уайым

 

Үнсіздіктің жамалып ап үрейін

Айтқаныма таңданады жүрегім…

 

Шамс Тебризийдің диуаны # 1823

 

 

ЖАҢА ЗАҢ

 

Көне күннің көсегесін көгертіп,

Маскүнем жүр той ішінде гулетіп.

Ғашық болған маскүнемнен тым әрмен,

Дөңгелене, екілене құлағанын көз көрген.

 

Ол құлаған шыңыраудың түбінде,

Жаһұт жатыр жасырынған пішінде.

Ғашық сорлы сол жаһұттың жарығын,

Аңсауменен ұмытты, дүниенің барлығын…

 

* * *

Көрдіңдер ме, кеше түнде

Қала кезіп Айдың ашық жүргенін,

Мас па деймін? Көзім көрді, сонан соң…

Тойып алып, әндеттім-ау , білмеймін…

 

Төңкерілген күңгірт – жұлдыз кеседен,

Құлап түсіп, хрустальды күйреткем.

Жұлдыз біткен жүректерге қадалды

Ал мен болсам, бұған тіптен өкінбен!

 

* * *

Жаңа заңның баптарына бас игін!

Исрафилдің сүр үретін сәтінде,

Ғашық сорлы, сындыр сүрдің әлпетін,

Сонан сүңгі жалындаған дариясына сезімнің!

 

Шамс Тебризидің диуаны # 1861

 

Расул Ғамзатов

 

Жаным-ау, жолға жиналдым

 

Жаным-ау, жолға жиналдым

Өзіммен нені алармын…

Қалдырып барам көктемгі

Құстардың таңғы сазды әнін

 

Ай нұрын саған қалдырдым

Гүлдерді өскен орманда

Каспидің сазды шуылын

Қойсаның мөлдір тұнығын

 

Шыңдар мен оның етегін

Нөсер мен жауын іздерін

Жас жуған мұңлы әжімін

Анамның тастап кетермін…

 

Алар ем бәрін өзіммен

Қиянда қалай сақтармын…

Жылытқан нұрды жаныңды

Аңқыған жұпар жусанды…

 

Ешбірін алып кетпеймін

Жаныма жақын болса да

Соқпағын анау шыңдардың

Шалғынды мына алқабын

 

Жауынын, күннің аптабын

Оны да саған тастадым…

Өзіммен алдым тек қана:

Махаббатымды от жалын!

 

***

 

Ұсынған сенің қолдарыңды

 

Ұсынған сенің қолдарыңды

Жасқанам алақанда ұстағанға

Сезініп жан азабын

Жасқанам алақаннан тастағанға

 

Жаһанды кезіп қайтсам

Асығам жалғыз саған

Жасқанам жанарыңнан мұңға толған

Жасқанам шаттықты көрсем одан

 

Кештерде жалғыз өзің

Жасқанам қалсаң жалғыз

Жанынан өзге жанның көрсем сені

Жасқанам қызғаныштан…

 

Жасқанам: мені толық білмейді деп,

Жасқанам: бәрін сезіп қояды деп,

Жасқанам, тұрмыс құрып кетеді деп,

Жасқанам, енді тұрмыс құрмайды деп…

 

Жасқанам тым батылдау болмағанға,

Жасқанам сені атыңмен шақыруға

Жасқанам бәрінен де сен тағы да

Беймәлім болып тағы қалама деп…

 

Сергей Есениннен

 

Шаганэ жаным, Шаганэ!

Мен туған өлке қиянда

Жалықпай айтам мен саған

Егістік жайлы түндерде

Шаганэ жаным, Шаганэ!

 

Түстікте туғандықтан ба?

Ғаламат айы ол жақтың

Ғажайып Шираз болса да

Рязань ғажап мен үшін

Түстікте туғандықтан ба?

 

Даламды айтам мен саған

Егіннен алғам мен шашты

Қолыңмен қане тарашы

Сезімің бойға тарасын

Даламды айтам мен саған

 

Тербелген айлы түндерде

Егіндей мен де жайқалғам

Жаным-ау, ойна, күлімде

Айлы түн жайлы сыр айтпа

Естелік маған тым ауыр…

 

Шаганэ жаным, Шаганэ!

Мен туған өлке қиянда

Жалықпай айтам мен саған

Егістік жайлы түндерде

Шаганэ жаным, Шаганэ!

 

***

 

Босфорда тіпті болғам жоқ

Ол жайлы сұрап нетесің

Көзіңнен көрем толқынды

Лаулаған онда көк жалын

 

Жібекті артып керуенге

Барғам жоқ және Бағдатқа

Басымды қойып тізеңе

Қалғып бір кетсем арман не?!

 

Қайталап қанша айтсам да

Жаным-ау мені ұқпассың

Қиянда Ресей елінде

Танымал ақын өз басым

 

Көңілім сонан жабырқау

Естимін иттің үргенін

Перім-ау көріп қайтсайшы

Ай тұнған біздің өлкені

 

Ерігіп мұнда келгем жоқ

Жаным-ау саған асықтым

Ақ білегің қанат боп

Ұшырып кеттің сен мені

 

Тағдырдан тыным іздегем

Өкінбен өткен өміріме

Сыр айтшы сенен өтінем

Шаттанған мына ел жайлы

 

Жанымды менің жұбатшы

Еліткін әсем елеске

Алыста қалған аруды

Ұмытып мен де кетейін

 

Босфорда болмасам да -

Айтайын саған ол жайлы.

Көздерің сенің көк толқын,

Лаулаған онда бар жалын…

 

***

 

Булат Окуджава

 

Бауырым біздер сарбаз жаяу жүрген

Қыстан гөрі, жаз жақсы бізге деген

Соғыспен біздің шаруа бітті осымен

Шинельді ал, тарттық үйге, аялдама!

 

Жалмады соғыс бізді, аямады

Қасірет енді осымен аяқталды

Төрт жыл бізді аңсады аяулы ана

Шинельді ал, тарттық үйге, аялдама!

 

Қираған, күлге айналған көшемізге

Қарашы, қара баурым, байқайсың ба?

Қарлығаш ұя салған қайта жаңа

Шинельді ал, тартық үйге, аялдама!

 

Талықсып, бауырым, жата кеткенің не…

Жұлдыздар әлде сені тербейді ме?

Тұр енді, тұршы кане, қаруласым,

Шинельді ал, тартық үйге аялдама!

 

Үйіңе не деп барам, ойладың ба,

Жарыңа айтам мұны қалай ғана?

Аман ғой, көргем кеше, дей алам ба,

Шинельді ал, тарттық үйге аялдама!

 

Сардар да, сарбаз дағы, біз бәріміз,

Соғыстың ойран салған – ұлдарымыз,

Құлпырып көктем келді біздің елге

Шинельді ал, тарттық үйге аялдама!

 

Бауырым біздер сарбаз жаяу жүрген

Қыстан гөрі, жаз жақсы бізге деген

Соғыспен біздің шаруа бітті осымен

Шинельді ал, тарттық үйге, аялдама!…

 

 

***

 

 

Француз поэзиясынан

 

Жак Шарпантро

 

Ән аясында

 

Кесілген судай жаңа бөренеден

Орының қайран үйім алабөтен,

Құс біткенге екенсің құтты мекен.

Әр тақтаңның астынан,

О құдірет -

таң сәріден төгілген күй керемет.

Үкісі сол құстардың үлбіреген,

керілген қанаттары неткен көркем,

әп-сәтте қанат қағып кете бермек,

көтеріп үйді бірге,

құстардың ұясымен.

Мәссаған !

Жерден ұшып кетті міне.

Ақырын ғайып болып кетеді де.

Соңында махаббаттың

барады әні қалқып

Ақ таңның нұрға тұнған әлемінде.

 

***

 

 

Жак Шарпантро

 

Мендік арман

күн астында керіліп,

нұрға тұнған,

нәзік сезім тынысы

болмысын жаулап алған,

Сусабынның шарындай үлбірейді.

Сәулеге шағылысып,

Бақыттан көкке ұшып,

Жарылып кетсе дағы түк сезбейді…

 

***

 

ПОЛЬ ЭЛЮАР

 

БІЗДІҢ ҒҰМЫР

 

Өмірдің кім қуанған өткеніне

Елесі көңілдерде өткел міне

Өзеніне өмірдің қарап тұрып

Толайым тағдырыма төземін де

Өткелімді іздеймін бүгін мен де

 

Аттанғам арманыма он жетімде

Сапарда сырлас болып сүйгеніме

Тылсымға үңілгенмен түк таппайсың

Өмірді біздер сүйген сыйға тарттық

Бізді сүйген сүйікті өрендерге

 

Ажалдың біз күтпеген келгені де

Есепті біз жасаған бұзса мүлде

Жасырынып жалғанның кеткені ме?

Бетбейнесін зағиптың киіп алып

Өмірімді жоғалттым енді міне …

 

***

Француз поэзиясынан

 

Jacques Prevert

 

Жак Превер

 

Барбара’

 

Есіңде ме, Барбара,

Ақ жауынға көмілген Брест қала

Ал сен,

Сен неткен көркем едің,

Астында ақ жауынның бақытты едің

Барбара, сен сонда кімді іздедің?

Толассыз жауын сонда Брестке жауып тұрды,

Кездейсоқ кездескенде сен екеуміз,

Сен маған күлім қақтың,

Еріксіз мен де саған күлім қақтым,

Танымайтын жандар да бір – біріне,

Кейде осылай жылылық танытатын, Барбара!

Есіңе алғын:

Ақ қайыңның астында сені күтіп

Әлдекімнің үн қатып шақырғанын:

– Барбара!!! –

Ал сен,

Сен неткен көркем едің,

Астында ақ жауынның бақытты едің

Сен оған сонда жетіп еркеледің,

Ол сені аймалаған, Барбара, есіңе алғын!

Барбара ренжіме, «сен» дегенге:

Сүйіктімді әрқашан

«Сен» деймін де:

Сондай-ақ, ғашықтарға

«Сен» деуді айып көрме.

Танымайтын жандардың қол ұстасқан,

Сезімдерін сыйлаймын әуел бастан.

Есіңде ме, Барбара?

Бақыт пен махаббаттың сол қаласы,

Жүзіңе тамған сонда бақыттың шұғыласы

Есіңде ме, ерке жауын,

Ақ таңда нұрға ораған қала маңын,

Ақ жауын жуған сонда Бресттің,

Кемелерін, пристан, қоймаларын?

О, Барбара!…

Соғыс неткен қатыгез!…

Тамшылары темір мен болат жауын,

Оқ жауынның астында қалай қалдың?

Ақ қайыңның астында сені күткен,

Әлгі жан білесің бе қайда кеткен?

Аймалаған өзіңді, еркелеткен,

Тірі ме, жоқ әлде демі біткен?

О, Барбара! …

Мына жауын толассыз тоқтар емес,

Өтке күннен қалғаны жалғыз елес,

Мазалап енді міне қояр емес

Қабақ түйген, қайғылы жауын елес

Төңіректі түңілткен тасқын шалкес.

Болат пен темір жауып, от қарыған,

Бұл бірақ, дауыл емес.

Бар болғаны түнерген бұлт қана,

Итшілеп жан беретін ала таңда,

Қала айналып, жұрт көрмес ала қырда.

Жан беретін , жел айдап әкететін,

Көз көрмейтін, ешкім де естімейтін,

Кеңістік деп аталар ен қиянға.

Көміліп мұнда қалар Брест қала,

Түңілдірген жаныңды қайғы – мұңға…

 

***

 

Мұңғұл әдебиетінен

 

Г. АЮУРЗАНА

 

Сүйгеніңді сақтап жүрмін ділімде

Он жыл өтті, ұмытқам жоқ мен мүлде

Зымырап өткен жылдар, қайтады ма?

Қанша күндер кетіпті-ау зая мүлде…

 

Жүрегімде жалын атқан сол сезім

Замананың мұхитында ізім-ғайым…

Жаңа сезім жүрегімді тулатқан,

Болып кеттім мен өзім де жаңа адам

Жаңа аруға ғұмырды сол арнағам…

 

Айдалада аялдама, поезд ұзақ тоқтаған

Қарсы жолдан өте шықты жүрдек поезд зулаған

Біз тоқтаған аялдама, оған қажет болмаған

Қайран тағдыр екеумізді осылай,

Кездестірмей өте шықты қайтадан…

 

***

 

Жапон әдебиетінен

 

Мацуо Басё

 

Жиһанкез! – Жалғыз сөз

Есімім есте сақталсын

Ақжауын жауған қоңыр күз …

 

* * *

 

«Көкжиекке қарашы, көзің талсын,

Көкті тіліп көңілге жұлдыз жаусын!»

Ақ шағала күрсінсін, толқып айдын …

 

* * *

 

Астана – бөлген бізді, шетсіз дала -

Көкжиекті көмкерген бұлт қана…

Ақшақарын себеді баяу ғана.

 

* * *

 

Қақаған қысың маған түкте емес!

Доспен бірге өткізсем шатты кеңес.

Жүрек те сол шаттықтан алар үлес.

 

* * *

 

Қысқы күн.

Арқасында арғымақтың,

Көлеңкем мұз боп қатады.

 

* * *

 

Ирагодзаки жағасы.

Көкті тілген ақсұңқарға қарашы,

Неткен шаттық, жазылар жан жарасы!

 

* * *

 

Жаңғырған Ацута храмы

 

Жүгінен өткен жылдар тазаланып

Жарқырап шыға келді айна жарық.

Ақшақар өрнек салды шатырға шығып алып

 

* * *

 

Қаншама қар жауыпты қарашы!

Хаконэнің асуында жол шегер,

Сонда дағы бұл адамзат баласы

 

* * *

 

Қағаз көйлек қу тәніме іліп ап,

Қонақ болам – ақшақарға назар сап -

Бар әжімім тегістелер сол сәтте – ақ!

 

* * *

 

Қане , достар!

Жаңа жауған ақшақарды аралап,

Серуендейік, талғанынша қос аяқ!

kerey.kz

Related Articles

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

  • «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде. Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды. Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй – жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания

  • ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, асқан оқымысты Шоқан бабамыздың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз. * * * Омбыға оқуға жүрер алдында бала Шоқан әкесінің ел іші мәселесін шешудегі кейбір өктем, ожар қылықтарына көңілі толмай, «оқуға бармаймын» деп қиғылық салса керек. Тіптен көнбей бара жатқан баласын қатал Шыңғыс жәрдемші жігіттеріне байлатып алмаққа ыңғайланып: «Шықпаса көтеріп әкеліңдер, арбаға таңып аламыз!» − дейді. Сонда дәрмені таусылған Шоқан әкесіне: «Байлатпа! Абылай тұқымынан байланғандар мен айдалғандар жетерлік болған!» − деп тіл қатады. Бала да болса ақиқат сөзді айтып тұрған баласынан тосылған әке дереу Шоқанды босаттырып жібереді. * * * Петербургте Сыртқы Істер министрлігінің бір

  • Кітапқұмар жасқа тегін оқу бақыты бұйырды

    Кітапқұмар жасқа тегін оқу бақыты бұйырды

    Адамзат кітапқа ғұмыр бойы қарыздар. Кітапсыз келешектің алтын кілтін ешкім қолына мықтап ұстай алмаған. Мардан Рахматулла – кітапқұмар он жеті жасар жігіттің бойында өз қатарластарының бойынан табыла бермейтін ұлы қасиет бар. Ол – кітапқа деген махаббат. Бұл махаббаттың сәт санап артуының да сыры бар. Мардан – Асылы Осман, Дархан Қыдырәлі сынды бүгінгі қазақ руханиятының тірегі саналатын азаматтар туған топырақт туып-өскен. Топырақтың киесін дәл осы кезде еріксіз мойындай түсесің. Қоғамдағы «жастар кітап оқымайды» деген қасаң пікірді жоққа шығаруға тырысқан жастардың да саны басым. Күн санап олардың саны артып, кітаптың құдіретін жер-жерде дәлелдеп бағуда. Кітапқа жаны құмар жан бір күнін кітапсыз елестете алмайды. Ғұмыры кітаппен етене байланған, оқу ғұмырының мәніне айналған жастарды

  • «Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарсы өткені-ай…» (Абай)

    «Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарсы өткені-ай…» (Абай)

    Қазақ халқының даңқты перзенті, ұлы жазушы Мұқтар Мағауин 85 жасқа қараған шағында дүниеден озды. «Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарсы өткені-ай…» (Абай) Шұбартауда дүниеге келді. Жондағы Жобалай Керейдің ең үлкен Аруағы Жобалай бидің ұрпағы еді. Байқотан би, Томан би, Бегеш шешен, Уәйіс, Төлеу ақын… Атағы Аталарынан асып кетті… Тірісінде олай деген жоқ… Бұл сөзді дүниеден өткен соң біз айтып отырмыз… Өмірінің соңғы кездері шетте өтті. «Үкіметке, басқаларға да өкпем жоқ, өкпелейтін олардың жағдайы жоқ!» (М.Мағауин) деген еді өзі бертінде. Астары ауыр, еңсеңді езердей салмақты сөз… Данышпан адам неге елден жырақ кетті. Бұл «Оңаша жатқанды ұнатамын, Елімді ел қылмасын ерте сезіп… Елден кеттім жырақ…» (Шәкәрім) дейтін кетіс сияқты. Сонда да «Көк

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: