“О”-ның маңызы
Он шақты жыл бұрын Жапониядағы ірі БАҚ-тарда тағылымдамадан өтіп жүріп, бір апта осакалық жапон отбасында тұрдым. Жапониялық “әке-шешеммен” сөйлесіп отырып, көліктерін мақтадым. Бірақ, қай модель туралы айтып отырғанымды бірден түсіндіре алмадым. “ТаЁта ше, ТаЁта” деп біраз әуреледім. Сосын барып гәп менің әлгі сөзді айтуымда екенін байқап, белгісін көрсетіп ем, екеуі “О, ТұйұтА ма, иә ТұйұтА жақсы мәшине” деп қауқылдасып қалды. Сол кезде бұл сөздің өз тілінде қалай айтылатынын біліп алдым. Кейін Лондонға барсам, ағылшындар да “ТойотА” деп жапон тіліне ұқсас түрде екі “о”-ны анық айтып, екпінді соңғы “а”-ға түсіреді екен.
Кейін Батыста және Шығыста тұратын қазақ диаспораларындағы ағайынның халықаралық терминдерді түпнұсқасына жақын түрде, еркін дыбыстайтынын аңғардым. “Қазақ тілінде шетелдік, я орысша атаулар тек орыс орфоэпиясының ережесімен айтылуы керек” деген ресми ереже жоқтығы есіме түсті. Ендеше қазақша сөйлегенде “солдат” сөзін не себепті “сАлдат”, “полиция” сөзін “пАлиция” деп айтуымыз керек? Қазақтілді адам үшін бұлай сөйлеу “Домалақ Ананы” “ДАмалақ Ана” деп айтумен бірдей емес пе? Кейін бұл әдеттің қазақ ішіне әбден сіңгеніне көп куә болдым. Астана түбіндегі малды ауылдан шыққан, орысша жөнді білмейтін бір шопыр жігіттің Ғалым Доскен ағамыздың фамилиясын “ДАскен” деп айтуын қойғыза алмадым. Прагаға Қазақстаннан келетін қазақтілді қонақтарым OBI деген австриялық шаруашылық дүкенін көргенде “Мына “Аби” деген не мәгәзін?” деп сұрайды. Латынша жазылып тұрса да, “Оби” деп оқи алмайды. Бүйте берсек, бір күні “Отан оттан да ыстық” деген мақалды “Атан аттан да ыстық” деп айтатын күйге ұшырармыз?
Саяси-экономикалық тәуелділіктен бөлек, тіл деңгейіндегі тәуелділіктің де осындай түрі болады екен. Келе-келе мынадай қорытынды жасадым – қазақ тілінде сөйлеушінің тым құрыса лингвистикалық кеңістікте табиғи қалпын тауып, азат ойлауы үшін ең әуелі қарапайым ғана “О-ны айту ережесін” енгізу керек екен. Дыбыстау жүйесінің тәуелсіздігі қалыптасса, бәлкім сөз бен ой тәуелсіздігіне жол ашар. Үмітсіз – шайтан.
Ғалым БОҚАШтың facebook парақшасынан алынды
Пікір қалдыру