|  | 

Әдеби әлем

«МЕН ӨЗІМДІ ҚАЗАҚСТАНДА ҒАНА АДАМ РЕТІНДЕ СЕЗІНЕМІН»

 

13Күнде күнделік жазбасақ та анда-санда, көңілдің бір көтеріңкі не бұлыңғыр сәттеріндегі көкейге келген ойды қойын дәптерге түртіп қоятын бір дағды бар ғой. Бұл, меніңше, қолына қалам ұстағандардың көбін иектеп жүретін машық. Сондай бір кездерде қайдан қаңғып келгенін кім білсін, біз де қойын дәптерге «Көпеннің ойы – күлдіру, Бельгердің ойы – бүлдіру» деп жазып қойыппыз. Әрине,  жақсы мағынасындағы «күлдіру» мен «бүлдіру» туралы айтамыз.

Әңгіме – Герольд Бельгердің сәл бұрынырақта «Тоғанай-Т» баспасынан жарық көрген «Өтеді өмір осы­лай…» атты күнделіктерден тұратын кітабы туралы.

Күнделік не үшін керек, не үшін жазылады? Әрине, алдымызға осындай мүйізі қарағайдай сауал қойғаны­мызбен, оған жауап беру – бір жағы оңай, бір жағы қиын болуы да мүмкін. Ал, оңай тұрғысы­нан келіп айтсақ, бұл қаламгер үшін де, бұл салаға мүлдем қатысы жоқ адам үшін де көңіл-күй айнасының, айқайлап айта бермейтін ой-пікір, көзқарастарының көрінісі болар деп ойлаймыз. Керек болса, тарихта осы күнделіктермен де қалған белгілі адамдар аз ұшырас­пайды. Бір ғана Тургеневтің шығар­ма­шылық ғұмырының жартысы күнделіктерден тұратынын Гера көкеміз бізден гөрі жақсы білген болар. Ал, енді осы ойды кейіпкерімізге қарата айтсақ, қазақ үшін, жалпы­әлемдік руханиятқа қосқан үлесі тұрғысынан келіп қарай­тын болсақ, Г.Бельгердің бүгінге дейін әр тақы­рыптағы кітаптарын былай қойғанда, ол күнделіктерінің өзімен-ақ тарихта қалған болар еді. Себебі, оның күнделіктері дерек-дәйекке өте бай, тағылымды, оқылымды.

Күнделіктің жатқан-тұрғаны, не ішіп, не жегені туралы емес, танымдық тұрғыдан тәнті ететін тұстары көп. Мәселен, кейбір күнделіктерді оқып отырғанда кәсіби дағдыңызға салып түзеп, күзеп, мұртын басып, не болмаса ойнатып, оқылымды етіп жібергің келеді ғой, ал Бельгердің күнде­ліктері сізді керісінше ойландырып, толғандырып, күрсіндіріп, қуандырып, тіпті, кейбір мәселелерде өзіңіздің көзқа­расыңызды өзгертуге де септігі тиіп, тереңге батырып жібереді. Белгілі бір тұлғалар туралы түрлі топшылаулар, көзқарастар қайшылығы жетіп-артылады, өз мінін, кемшілігін де жасырмайды.

Күнделікте айтылатынындай, оқып отырсаңыз, көке­міздің бір минут бос уақыты жоқ. «Жалпы алғанда, қанша­ма ыңқыл-сыңқылға қарамай, күн сайын төрт сағат жазып, бес-алты сағат оқимын» (14.05.2008) дейді Гераға. Өз басым талай жанкешті, еңбекқор, бейнетқор адамды білуші едім, ал енді мынау сұмдық. Бірер күнде қаншама авторларды оқуды жоспар­лау, жыл сайын бірнеше  кітаптар шығару, күн сайын күнделік жазу, кездесулерге бару, оның арасында телефонмен тілдесу, кісі қабылдау, оқыған дүниелеріне сол заматында пікір білдіріп отыру – бір кісінің тақиясы түгіл, бірнеше адамның басына тар келетін шаруа ғой. Тіпті, қанша Цицерон болсаң-дағы мүмкін еместей. Бірақ, қайте­сіз, тағдырдың жазу­шының маң­дайына жазған өмірі осы болса.

Егер әріге бармай-ақ, қазақтың Тәуел­сіздік алғаннан бергі қарайғы тарихын жазатын болсаңыз, Бельгерді міндетті түрде оқу керек. Бұл күнделікті оқымай, сіздің жазған тарихыңыз жартыкеш болып шығарына кәмілміз. Бельгерге Қазақстан­ды айтпағанда, жер жүзінің танымал адамдары тоқтаусыз хабарласып жатады. Бұл кісі соның бәріне жауап беруге уақыт табады. Тіпті, бұл кісімен бір кездесу өмір­бақи арманына айналған кейбір адамдар­дың өзі қоңырау шалып, шаруасын айтады, ой-пікір бөліседі. Мұның сыртында жа­ныңызды тәнті ететін ой, идея, соны көз­қарастар, небір тақырыптар, небір дерек­тер, дәйектер, ғажайып диалогтар, суреттемелер, талай-талай тағдырлар, портреттер, өзіңіз сырты­нан «тәңірдей» табынып жүретін кейбір суреткерлер туралы тосын, батыл пікірлер дейсіз бе, күнделікте тұнып тұр.

«Мәдениет дегеніміз – ұлтты өліп-өшіп сүю» деген сөз бар еді Аймауытовта. Өз ұлтын былай қойғанда, қазақты Бельгердей сүйетін адам қазақтың өз ішінде жетіп-артылар-ау, ал, өзге ұлттан табуға келгенде кейде қиналасың. Мәселе қалай сүюде? Бельгер сол өзі ауа­сын жұтып, суын ішіп, отын оттап отырған Қазақстанды сынаса да шын жүрегімен сүйіп отырып сынайды. Кем­шілігін де айтады, бірақ, ішінде титімдей кемі-кегі жоқ, бәріне келісесің. Бельгер қазақ­тың «Жақ­сыда кек бол­майды, жа­манда тек бол­майды» деген сөзін жүрегіне құйып алып, сол қағидамен өмір сүрген тәрізді. Тәрізді емес-ау, дұрысы солай. «Алматы ақшамын­да» қазақтың тұлғалы азаматтары, олардың кешегі, бүгінгі қоғамға көз­қарастары турасында аз айтылмайды. Соның ішінде өзге ұлт өкілдері туралы «Қазаққа адал болғандар» атты рубрикамен де ауық-ауық қалам тербеп отырамыз. Ал, Герағаны өзге ұлт өкілі деп айтуға кейде аузың бармайды. Әйгілі Шыңғыс Айтма­тов­тың өзі «Ғаламат қазақ Герольд Бель­герге» деп «Тавро Кас­сандры» деген кітабына қолтаңба берген Гераға бұл пікірді күнделігінің әр тұсында дәлелдеп кеткен.

Мәселен, былай дейді. «Герма­ниядан хабар келді. Леонид Вайман қаза бопты. Ол бұрын Қазақстан­да тұр­ған. Бір кезде ол мені де Германияға көшейік деп үгіттеген.

Бірақ, мен өзімді Қазақ­станда ғана адам ретінде сезінемін» (20.01.08.). «Өзіме де обал жоқ. Нағыз қазаққа айналып біткенмін. Шын неміс екі-үш ай бұрын ауру­ханаға жатып, мұндайға жол бермей, инфарктқа жеткіз­бес еді. Ал мен өмірім қыл үстінде тұрса да қазақы­лыққа салындым» (05.11.07.). «… Басқа-басқа, ол қазақтар маған алакөз болғандай ілік жоғы құдайға да, өзіме де аян» (23.03.08.). «Маған қазақтың ішкі мәселелеріне тым сұғына беруге болмай­ды. Әдеп керек. Әрдайым он ойланып, жүз толғанып, не айтсам да орнымды біліп, сақтана сөйлеуім қажет» (09.09.02.). «Өз басым жер бетінде қазақтай қонақ­жай халық барына шексіз риза­мын» (17.11.08.). «Мен үшін Германияға кету өлім жаза­сымен бірдей» (30.05.10.). «Менің ұлтым неміс болған­мен, болмысым қазақ» (20.08.10.).

Біреудің пікірімен өмір сүретіндер бар. Міне, біздің Герағаң диванда жатып алып-ақ (өзін әл-дивани Бельгер деп те атайды күнделіктің бәзбір тұсында) қазақ мәсе­лесін, қазақтың қамын осылай ойлайды. Ал, емен есікті каби­неттерде отырған кей қазақтың аузынан осы сөз қашан шығады? Әсіресе, қазақ басылымдары туралы, орыс тіліндегі басылымдардың қазақ мәселесіне келгенде жақ ашпайтынын айтқанда, еңкілдеп жылағың келеді. Енді бұдан артық қалай айту керек, өл дейсіз бе?

«В конце концов умереть тоже неплохо» деген сөзді қанша еске алсақ та, Бельгер туралы ойлағанда, өлімнің өзін ауызға алу қорқынышты. Өйткені, қазақтың мәселесін күлдіріп те, жылатып та айтатын Герағаның әлі де ұзақ жасауына шын пейілміз. Өзіңіз күнделігіңізде «ретін тауып мен де бір күні өлемін ғой» деп Қалтай көкемнің сөзін келтіргеніңіздей, «ретін тауып» бір күні өлмеңізші, өтінеміз. Өз ауруын өзі аша бермейтін қазаққа сіздің сөзіңіз өтіп тұр».

Бірде Герағаң жөнінде осылай деппіз. Әрине, ол шын мәнінде өлген жоқ. Ол бізге енді керек болады.

Күнделіктің бір құнды­лығы сонда, тек қана деректер сөйлейді. Қазіргі күні кешегі естіген деректі бүгін ұмытып қаласың ғой. Әлде өмірдің мәні кетті ме, қызықсыз ба? Сексеннің сеңгіріне қадам басқан ақса­қалдың зердесіне, жадына тәнті боласың. Немістік дәлдік. Кейде бір нәрселердің салмағын, маңызын білу үшін де көп сүзіліп оқымай-ақ, ойланбай-ақ, осындай салыстыруларды, деректерді қарап шық­саңыз да жеткілікті. Бұл ретте Герағаның баяғыда Әуезов пен Шекспирдің сөздік қорын салыстырғанын айтсақ та жетіп жатыр ғой.

«Онымен бірге сейіл құру рахат. Көп оқиды, көп біледі. Өмір көрген адам. Тар соқпақпен келе жатқанда зипалықпен шетке ығысып, мені алға салып, өбек қағады» (Сағадат Нұр­мағамбетов туралы (09.12.01.), «… сарыауыз сұңқарлар», «…неткен әскеттік десейші!», «…лапыл­даған асфальт  үстіндегі жылан құрттар тәрізді ары да, бері де жанталаса аунақшиды» (коррупционерлер туралы), «Бәрі тіршіліктің қамы. Тіршілік дейміз, бірақ, сол тіршіліктің азабы өлімнен де ауыр ма деймін», «Олардың тілі – доллар. Тілді сақтаймыз деушілер түгелімен жалаңаяқ жарлылар» (бай мен жарлы туралы), «Өзінде асқар-сүлейменовтік бірдеңе бар» (Аманхан туралы), «…оның үстіне сақал-мұртым қауғадай боп өсіп кеткен, көк төбеттен аумаймын», «Қазақы ашытқыдан жаралмағаны көрініп тұр» (А.Жұмаділдаев туралы), «еркелеуден есем түгел», «қиюы қашқан денсаулықтың қия бастырар түрі жоқ», «дағдарыс неғұрлым күшейген сайын, награда соғұрлым көбейеді», «шерлі мұңақып» (некролог), «ойгер – философ», «қайтейін, енді менен, тіпті, жақсы түстер де іргесін аулақ салатын болды», «ал мен диванға таңылған бейбақ қайдан барайын. Герольд әл-Дивани емеспін бе? Өкінішті», «мені көруге жапондық архитектор («күйеу бала») мен жапондық дизайнер де ділгер», «Темірханның тегеуріні темірдей. Өлеңдерін жүрегің дірілдеп отырып оқисың», «неткен томырық ойлар», «әділетсіз деу аз, барып тұрған әбілеттік», «қақатұяқ қыздай қолға тимей барамын», «егер қанадан тайып, сабадан аспау қолынан келсе, бұл жігіт әлі-ақ дара шапқалы тұр» (Е.Тұрсынов туралы), «…талғам-түсінігі атты кісідей», «бүйре­гінде бүрме жоқ дос үшін неге қуанбасқа?!» (Қ.Мырза Әли туралы), «…абайтану­шылар емес, ой­бай­танушылар десе, қатып кеткендей», «…тіпті, бұ­рышта отырып тіс қайрауға құ­лық­сызбын», «…би­лік дәлізінде тентіреп шабыт іздегені ұна­майды-ақ», «…өк­пе-назын жүгері дәніндей тізіп жазған ұзын-сонар шұбалаңқы хат».

Күнделіктің тілі осындай. Кейбір бейнелі сөздерді, ұшқыр, ұтқыр ойлардың біршамасын ерінбей теріп шықтым. Шебердің аты – шебер, күнделігінің өзі көп нәрсеге көзіңді ашып, көп нәрсеге тұшындырады. Жай, қазақы, қоңыр әңгіменің лебі бар. «Қазақ­тар үлкен балконда, немістер кіші балкон­да…» деп кітапханасына берген бағасының өзімен-ақ жол-жөнекей қазаққа деген ілтипатын білдіріп кетеді. Әрине, Толстой­ды жақсы көретіні, оның күнделі­гінің 47 бетін көшіріп алатыны рас, бірақ, жер бетіндегі қазақты ең көп оқыған неміс екені даусыз шындық.

Әлі есімізде. Студент кезімізде опера театрының маңайындағы, қазір дегдар адамдардың жадында «Кәукен-кафе» деп аталатын шағын мейрамхананың алдын­дағы бақта қазақтың қасиетті қара шалдары әңгіме-дүкен құрып отырар еді. Бұл күнделік те сол көркем күндерді еске салғандай. Мұқаңның мұражай үйінде өтетін халық университетінің сабағына қатысып, талай-талай дүлдүлдердің әңгімесін тыңдаушы едік. Шыны керек, қазір солай алқақотан отырып, әңгіме-дүкен құратын жер де қалмай бара жатқан тәрізді. Ана бір жылдары Ғалымдар үйінің шағын залы сондай рухани мәслихаттың орталығы еді. Ол да қазір көзден бұл-бұл ұшты. Сондай орта, сондай жер, ондағы та­ғы­лымды кештер арқылы талай бұлақтың көзі ашылушы еді. Арыны бөлек рухани ағыстар мен әрқайсысы бір-бір биік арыстар-ай, десеңші?! Күнара Шоқан ескерткішінің алдында сейіл құрып, тіпті, сол маңды кездесулер алаңына айналды­рып жіберген Герольд көкеміз сол күндерді еріксіз еске түсіреді.

Кезінде немістер театрға Гетені көру үшін барса, күні кешегі жұрт Шоқан ескерткішінің алдына Бельгерді көру үшін баратын еді.  Герағаның өзі де қазір ескерт­кішке айналды.

Уақыт неткен зымыран. Қайтесіз, қа­зақты шексіз сүйген сол суреткерді өзге­лерге өнеге ете алатынымызға да тәубе дейміз.

Қали Сәрсенбай

Алматы-ақшамы  газеті

Related Articles

  • Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Елдес Орда Сурет: Автордың жеке архивінен алынды. Қазақ қоғамында жаңа интеллектуалдық кезең туып келеді. Бірінші, қазіргі қазақ қоғамында сенім мәселесіне қатысты пікірталастардың күшеюі кездейсоқ құбылыс емес. Бұл дегеніңіз әлеуметтік желілердің, ашық ақпараттық кеңістіктің және жаһандық интеллектуалдық ағымдардың ықпалымен қалыптасқан жаңа қоғамдық ойлау формасының көрінісі. Атеистік көзқарастардың ашық айтылуы, тәңіршілдік идеялардың қайта жаңғыруы және дәстүрлі діни орта арасындағы пікір қақтығысы зиялы ортада алаңдаушылық тудырғанымен, шын мәнінде бұл құбылыс қоғамның рухани әлсіреуін емес, саналы ізденіске бет бұрғанын көрсетеді. Екінші, ұзақ уақыт бойы қазақ қоғамындағы діни дискурс негізінен МОНОЛОГТЫҚсипатта болды. Уағыз айтылды, ал тыңдаушы тарап оны талқылаусыз қабылдауға тиіс еді. Сұрақ қою күмәнмен, күмән әлсіз иманмен теңестірілді. Мұндай ортада сенім дәлелдеуді емес, қайталауды талап етті. Ғылыми

  • Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Серік Ерғали Суреттер: madeniportal.kz және С.Ерғали мұрағаттарынан алынды. «Я знаю!..» кітабынан үзінді-аударма. ОСИРИС ЗАҢЫ I Біз адамзат тарихын өте нашар білеміз. XIX ғасырдың басында Наполеон әлемге Мысырды ашты, ал ғалымдар бұл елдің қирандыларын зерттеп, оның шамамен б.з.д. III мыңжылдыққа тиесілі екенін анықтады. Сол кезде адамзат тарихы тағы да қос мыңжылдыққа тереңдей түсті. Бірнеше мыңжылдық бұрын (мен білем) адамзат (немесе оның кейбір бөлігі) таңбалы жазуды қолданып, жазып жүрген. Бұл білімдерді қалпына келтіру арқылы біз XX ғасырдың басында жасанды түрде үзілген тіліміздің тарихына қатысты қолжетер шындықты қайта тануымызға тура келді. 1926 жылы Бакуде өткен алғашқы түркологиялық конгрестен кейін түркология ғылым ретінде қалыптаса алмады… …2018 жылы Назарбаев мені әңгімелесу үшін Ақордаға шақырды. Үлкен үстелдің басында

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

  • «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде. Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды. Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй – жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания

  • ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, асқан оқымысты Шоқан бабамыздың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз. * * * Омбыға оқуға жүрер алдында бала Шоқан әкесінің ел іші мәселесін шешудегі кейбір өктем, ожар қылықтарына көңілі толмай, «оқуға бармаймын» деп қиғылық салса керек. Тіптен көнбей бара жатқан баласын қатал Шыңғыс жәрдемші жігіттеріне байлатып алмаққа ыңғайланып: «Шықпаса көтеріп әкеліңдер, арбаға таңып аламыз!» − дейді. Сонда дәрмені таусылған Шоқан әкесіне: «Байлатпа! Абылай тұқымынан байланғандар мен айдалғандар жетерлік болған!» − деп тіл қатады. Бала да болса ақиқат сөзді айтып тұрған баласынан тосылған әке дереу Шоқанды босаттырып жібереді. * * * Петербургте Сыртқы Істер министрлігінің бір

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: