Таулы Қарабақ жанжалы және Қазақстан
Астана Таулы Қарабақ жанжалын бейбіт жолмен шешуге шақырды. Сарапшы пікірінше, Армения мен Әзербайжан арасындағы кикілжің Қазақстанға да пайдалы емес.
Армения мен Әзербайжанның арасындағы даулы аймақ – Таулы Қарабақта өткен аптаның сенбісінде басталған қарулы қақтығыс әлі саябырсыған жоқ. БҰҰ дерегінше, демалыс күндері Таулы Қарабақта кемінде 33 адам қаза тауып, 200-дей адам жаралған. Аймақта қарулы қақтығыстың өршуіне Армения мен Әзербайжан бірін-бірі айыпты көреді.
http://www.azattyq.org/audio/27654058.html
Қазақстан Таулы Қарабақ жанжалына байланысты пікірін қақтығыс басталған күннің ертеңінде – 3 сәуірде мәлім етті. Ресми Астана тараптарды ұстамдылық танытуға, оқ атуды тоқтату туралы уағдаластықтарды қатаң ұстануға, жанжалды тек қана бейбіт жолмен шешуге шақырды.
«ҚАЗАҚСТАНҒА КЕРЕК ЕМЕС ЖАНЖАЛ»
Қазақстанның тұңғыш президенті қоры жанындағы әлемдік саясат және экономика институтының бас маманы Асқар Нұрша «Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабаққа қатысты кикілжің Қазақстанның мүддесіне зиянын тигізеді» деп біледі.
– Шиеленістің одан әрі ушығуы Қазақстанға керек емес. Қазақстан бұл елдердің қарым-қатынастарын түзегеніне мүдделі. Әзербайжан – Қазақстан үшін өте маңызды транзиттік бағыт, – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, «Армения мен Әзербайжан шиеленісін екіжақты келісіммен шешу қиын – өйткені қос тарап та мәселеге біржақты иілмес ұстанымда отыр». Ол Таулы Қарабақ шиеленісі одан әрі өршуі мүмкін деген қаупі барын да айтады.
– Постсоветтік аумақтағы бірқатар ескі шиеленістердің қайта өршуіне қарағанда, әңгіме аймақтық шиеленісте емес, әлемдік саясатқа ұласып жатыр. Мүдделері қайшы ірі державалардың тіресі бұл мәселенің шешілуіне оң әсерін тигізбейді, – дейді ол.
Асқар Нұрша Таулы Қарабақ жанжалының қайта үдеуі Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) үлкен сын болмақ деп жориды.
«ҚАЗАҚСТАНДА ОҚЫТЫЛМАЙТЫН ҚАҚТЫҒЫС»
Азаттық тілшісі Қазақстан мәжілісінің депутаты Мұхтар Тінікеевке жолығып, Армения мен Әзербайжан арасында қайта туған қақтығыс жайлы пікірін білмек болды. Ол Таулы Қарабақ жанжалын шешу үшін 1991 және 1993 жылдары Ресей мен Қазақстан бірігіп жіберген бітімгерлік миссиялар құрамында болған еді.
– Шиеленісті шешу үшін ең алдымен келісім бойынша олар басып алған территориясын босатуы керек, – деп қысқа қайырды Мұхтар Тінікеев.
Ал Шымкент қаласындағы тарих пәнінің мұғалімі Өмір Шыныбекұлы Таулы Қарабақ жанжалы қазақстандықтарға, әсіресе жас буынға беймәлім тақырып екенін айтады.
– 11-сыныпқа арналған «Дүние жүзі тарихы» пәнінде «ТМД елдері» деген тақырып бар. Бірақ бұл тақырыпта тәуелсіздік алған постсоветтік елдер арасындағы шиеленістер туралы айтылмаған, – дейді ол.
Негізінен армяндар көп қоныстанған Таулы Қарабақ автономиялық облысы 1991 жылы Әзербайжан құрамынан шығатынын мәлімдеген. Мұның ақыры Армения мен Әзербайжан арасындағы қарулы жанжалға ұласып, 30 мыңға жуық адам мерт болған. Халықаралық бітімгерлердің қатысуымен 1994 жылы Армения мен Әзербайжан арасында атысты тоқтату туралы уағдаластық жасалған. Алайда, соған қарамастан, даулы аймақпен шектесетін сызық бойында әзербайжан мен армян әскері арасында бұған дейін де кішігірім қақтығыстар тыйылмаған.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы
Пікір қалдыру