|  | 

Тарих

110 ЖЫЛ БҰРЫН… ЖЕР-СУ МӘСЕЛЕСІ… МЕМЛЕКЕТТІК ДУМА…

Бірінші Мемлекеттік дума мүшесі Ахмет Бірімжанов. С.-Петербург. 1906 ж.  

Бұдан 110 жыл бұрын Санкт-Петербургте Бірінші орыс революциясының дүмпуімен дүниеге келген Мемлекеттік дума жұмыс істей бастады. Халқымыздың ұлттық мүддесін қорғауды мақсат еткен тұңғыш мәселені Думаның қазақ мүшелері ішінен Торғай облысынан сайланған депутат Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов көтерді. Ол Ресей империясы парламентінің мінберіне осыдан 110 жыл ілгеріде шыққан алғашқы қазақ еді. 

Ресей империясындағы халықтардың тағдырына тікелей әсер етіп жатқан өте өткір де өзекті жер-су мәселесі Мемлекеттік думаның алғашқы екі шақырылымында да билікке жағымсыз сипатта қарастырылғаны мәлім. Ахмет Бірімжанов Торғай облысынан депутат болып келген І Думада бұл шаруамен тікелей шұғылдану үшін арнайы Аграрлық комиссия құрылған болатын. Комиссияға әр бес Дума мүшесінен бір адам енгізіледі, сөйтіп аграрлық комиссия мүшелерінің жалпы саны 99 адам болады деп белгіленген.

Алайда Мемдумаға депутат сайлау кешігіп басталған өңірлерден келіп жатқандар көбейіп, аграрлық комиссияның құрамы 99 адамнан тұру керек деген шешімнің дұрыс болмайтынын байқатты. Соған байланысты 19 Дума мүшесінен құрылған комиссия 1906 жылғы 30 маусымда болған 36-шы пленарлық мәжілісте «Аграрлық комиссияға қосымша сайлау өткізу туралы» ұсыныс жасады. Сөйлегендер қазірдің өзінде империяның әр қиырынан келген 27 депутат Дума мүшелігіне тіркелу алдында тұрғанын, Сібір мен Түркістаннан тағы 25 депутат сайланады деп күтілуде екенін айтып, аграрлық комиссиядан оларға қосымша орындар бөлінуін талап етті.

Осы кезде мінбеге Мемлекеттік дума мүшесі Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов көтерілді. (Бұған дейін оның Торғай облысының қазақ  болыстарынан  1906  жылғы 28 мамырда депутат болып  сайлану  үдерісі  заңға  сәйкес, дұрыс  өткендігі  Мемдуманың 13 маусымдағы мәжілісіне расталған, ол, сондай-ақ,  бір топ МД мүшелерінің шаруаларды қазақ жеріне қоныс аудартудағы заңсыздықтарға байланысты үкіметке жолданбақ депутаттық сұрау салуына қол қойып та үлгерген еді).

«Мемдума Аграрлық комиссияны құру кезінде Думаның бес мүшесінен комиссияға бір өкіл енгізуді негізгі ереже етіп алуын мен де табанды түрде талап етемін», – деп мәлімдеді Мемлекеттік дума мүшесі Бірімжанов.

Оның ойынша,  алғашында 99 адамнан тұрады деп белгіленген құрам өзгеру керек, себебі, есептеуіне қарағанда, империяның барлық жерінде сайлау өтіп болған соң МД мүшелерінің жалпы саны 524 адам болады. Демек, аграрлық комиссия құрамы 103-104 адамнан тұруға тиіс. Бүгінге дейін комиссияға 91 адам сайланды, енді комиссияны толықтыру үшін бұрын көзделген мөлшерге жеткізетін 8 орын емес, жаңа есеп бойынша 13 орын берілуге тиістігін ескеру керек. Қалған орындар Сібірге, Орта Азияға және Кавказға берілмек, бірақ қазақтар тұратын Дала облыстары туралы Дума қаулысында ештеңе айтылмайды. Мұны түзету жөн.

Екінші Мемлекеттік дума мүшелері. Отырған – Орал облысының депутаты Бақытжан Қаратаев ІІ Мемдумада орыс отаршылдығын әшкерелеп, қазақтың жер-су мүддесін қорғайтын әйгілі сөзін сөйлер алдында. Жанында түрегеп тұрған – Торғай  облысының  депутаты Ахмет Бірімжанов.    С.-Петербург. Тария сарайы, 1907 ж.

«Мен, қазақтар тұратын шет аймақтар өкілі ретінде, бес артық орыннан үш орынды, немесе, ең кемі екі орынды Жетісу, Семей, Торғай, Орал облыстары және Астрахан губерниясының Бөкей ордасы кіретін қазақ облыстарына бөлуді  өтінемін», – деді ол.

Сонымен қатар, Бірімжанов Бөкей ордасындағы 500 мың, Орал облысында 400 мың адамдық дала халқы бар екеніне, олардың тұтас облыс бола алатынына назар аударды. Қазақ облыстары Сібірге жатқызылды ма, әлде Орта Азияға қосылды ма, мұны Мемдума анықтаса деген тілек білдірді. Егер екі тарапқа да қосылмаған болса, онда аталған  аймақтарды жеке бірлік деп қарап, Сібір және Кавказ өкілдеріне бөлгендей территориялық принцип қабылданса деген ұсыныс айтты.

Дума әр бес Мемдума мүшесінен бір Аграрлық комиссия мүшесін сайлау және бұл шаруаны жаңа депутаттардың Думаға келіп жетуі барысында үздіксіз жүргізе беру жайында шешім қабылдады. Бұл Дума тарқатылардан бір апта бұрынғы жағдай еді.

Әйгілі «3 маусым» төңкерісінен кейін Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов бұрынғы заң саласындағы қызметіне қайтып оралды.

Ол 1871 жылы Торғай үйезінің Тосын болысында  дүниеге келген-тін. 1891 жылы Орынбор ерлер гимназиясын,  1896 жылы Қазан университетінің заң факультетін бітіргеннен соң, Орынбор округтық сотында төрт жыл қызмет атқарған. Троицк және Орынбор үйездерінде сот тергеушісі, Ақтөбе округінің 2-ші учаскесінде мировой судья (империяның сот жүйесіндегі бірінші буынның судьясы) болды.

1907 жылғы 12 ақпанда Торғай облысы қазақтарының уәкілдері (выборщиктері) оны Мемлекеттік думаның екінші шақырылымына да депуттаттыққа сайлады. ІІ Думада ол Мұсылман фракциясына тіркелді. Әскери-далалық соттарды жою және жергілікті соттарды өзгерту жөніндегі комиссияларға мүше болды.

Мемлекеттік Дума

ІІ Дума тарқатылып, қазақ халқы сайлау құқтарынан айрылғаннан кейін, Бузулук қаласында сот тергеушісі болып істеді.

Монархия құлаған соң Уақытша үкіметтің жүйесінде – алғашында Торғай үйезінің,  сосын Қостанай үйезінің комиссары болды.

Бірімжанов қазақтың елдігін жаңғыртуды көздеген қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене атсалысты.  Торғай облысы қазақтарының 1917 жылғы сәуірде Орынборда, тамызда Ақтөбеде өткен съездеріне қатысты, жаңа сот жүйесінің жобасын әзірлеу жөніндегі комиссия құрамына енді. Қыркүйекте Орынборда Торғай облысының комиссары Әлихан Бөкейхановтың ұйымдастыруымен өткен Торғай облыстық біріккен мұжық-қазақ съезіне де қатысты.           Шілдеде өткен І Жалпықазақ съезінде Құрылтайшы жиналысқа Торғай облысынан депутаттыққа ұсынылды, желтоқсандағы ІІ съезде «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің мүшелігіне сайланды.

Кеңес өкіметі орнап, алашордашылар үшін кешірім жарияланғаннан кейін, Ахмет Бірімжанов Қазақ Автономиялы Советтік Социалистік Республикасының заң орындарында жауапты қызметтер атқарды. Заң комиссариатының алқа мүшесі,  Жоғарғы сот мүшесі болды. Осы қызметінде жүргенінде, 1928 жылы Ленинград (Санкт-Петербург) ауруханасында науқастан қайтыс болды.

 Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

Related Articles

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • Бақсылар институты

    Сараптама (оқысаңыз өкінбейсіз) Бірінші, ілкіде Түркі баласында арнайы қаған құзіреті үшін жұмыс істейтін көріпкел бақсылар институты болған. Аты бақсы болғанымен ханның қырық кісілік ақылшысы еді. Көріпкел бақсылар хан кеңесі кезінде алдағы қандайда бір саяси оқиға мен ситуацияны күні бұртын болжап, дөп басып талдап һәм сараптап бере алатын соны қабілеттің иесі-тін. Оларды саяси көріпкелдер деп атаса да болады. Хан екінші бір елді жеңу үшін білек күшінен бөлек көріпкел бақсылардың стратегиялық болжауына да жүгінетін. Қарсылас елдің көріпкел бақсылары да оңай емес әрине. Екінші, уақыт өте келе саяси көріпкел бақсылар түркілік болмыстағы стратегиялық мектеп қалыптастырды. Түркі бақсылары қытай, үнді, парсы, ұрым елдерін жаулап алуда маңызды рөл атқарды. Ол кездегі жаһандық жауласулар жер, су,

  • Шағын сараптама:Шыңжаң өлкелік үкіметі, шетелге оқушы жіберу жұмысы

    Шағын сараптама 1934-35 жылы жаңа Шыңжаң өлкелік үкіметі құрылған соң шетелден оқу, шетелге оқушы жіберу жұмысы кешенді жүзеге асты. Соның негізінде өлкелік үкімет Совет Одағынан оқитын жас талапкерлерге конкурс жариялап арнайы үкіметтің оқу стипендиясын бөлді, нәтижесінде 1935-39 жылдары ұзын саны 300-ге тарта студент Совет Одағында білім алды. 1935 жылдары Шығыс Түркістандық студенттердің ең көп оқуға түскен білім ордасы- Ташкендегі САГУ еді, атап айтқанда Орталық Азия Мемлекеттік Университеті. Ташкеннен оқыған Шыңжаңдық студенттер Шығыс Түркістанның барлық аймақтарында түрлі қызметте жұмыс істеді, оларды кейін “Ташкентшілдер” деп те атады. 1939 жылдан кейін Мәскеу мен Шыңжаң өлкелік үкіметтің арасы дипломатиялық дағдарысқа ұшырады, соның кесірінен ресми Үрімжі Совет Одағы құрамындағы студент азаматтарды елге шақыртып алды. Білім

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: