|  | 

Әлеумет

Ауылға үш тіл білетін агроном қажет пе?

Талғар ауданындағы үш тілді мектепте ағылшын тілінде өтіп жатқан математика сабағы. Алматы облысы, 16 наурыз 2016 жыл. Видеодан алынған скриншот.

Талғар ауданындағы үш тілді мектепте ағылшын тілінде өтіп жатқан математика сабағы. Алматы облысы, 16 наурыз 2016 жыл. Видеодан алынған скриншот.

Қазақстан мектептерінде жаратылыстану-математика циклы пәндерін ағылшын тілінде оқыта бастау жоспарланған. Кей мұғалімдер, ата-аналар мен ғалымдар болашақ реформаны сынайды.

«АУЫЛ ЖАСТАРЫ АҒЫЛШЫНША СӨЙЛЕУІ ТИІС»

Қазір елдегі мектептер пәндерді оқыту тіліне қарай қазақ, орыс және ағылшын мектебі деп үшке бөлінген.

Жаңа білім министрі Ерлан Сағадиевтің мәлімдеуінше, қазақ мектептері түлектерінің сапалы жоғары білім алу мүмкіндігі шектеулі. «Біз жастардың, әсіресе ауылда тұратын қыз-жігіттердің Назарбаев университеті, КИМЭП, ҚБТУ (Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты мен Қазақстан-Британ университеті – Ред.), ІТ университеті сияқты еліміздің жетекші, ең жаңа университеттеріне, яғни сабақ ағылшын тілінде жүретін жоғары оқу орындарына түскен кезде қиналатынын көріп жүрміз» дейді министр.

Оның айтуынша, бұған қоса, сабақты орыс тілінде оқитын мектеп оқушылары қазақ тілін нашар біледі, сондықтан білім және ғылым министрлігі (БҒМ) бұл олқылықты жоюды көздейді.

Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.

Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.

«Дәл осы себепті қазір біздің білім беру жүйемізде теңдік жоқ, тең деңгейде білім алуға жағдай жасалмаған. Біздің мақсатымыз – мұндай алалауды жойып, жастарға, оның ішінде ауылда тұратын қыз-жігіттерге сапалы, қазіргі заманға сай білім беру» деп түсіндіреді Сағадиев.

БҒМ есебінше, пәндерді үш тілде сапалы оқытуды қамтамасыз ететін бір текті мектеп түріне ұмтылу қажет. Балалар үш тілде бір-бірін түсінетіндей еркін сөйлеп, әлемдік деңгейде озық білім алуы тиіс.

Наурыздың 9-ы күні білім министрі ретінде жасаған алғашқы мәлімдемесінде Сағадиев «Қазақстандық жастарды, әсіресе ауыл балаларын ана тілімен қатар ағылшын тілін де жетік меңгеруге үйрету біз үшін ең дұрыс шешім болады. Олар өздеріне қажет білімді жедел әрі еркін меңгеріп қана қоймай, оларға еліміздің және әлемнің ең үздік университеттерінің есігі ашылады» деді.

«БАСҚА ДИПЛОМ»

Бұл жоспарды 12 жылдық білім беру бағдарламасын енгізгеннен кейін іске асыру көзделген. Биыл мұғалімдерді қайта даярлау мен оларға ағылшын тілін үйрету басталды. Қазір мектептерде ағылшын тілі курсынан өтетін мұғалімдердің тізімдері құрылып жатыр. Мұғалімдер өз пәнін ағылшын тілінде қалай оқытатынын әзірше білмейді – біліктілік курстарында түсіндіретін шығар деп үміттенеді.

Ақмола облысы аудандарының біріндегі орта мектептің биология пәні мұғалімі Айгерім Б. мектепте де, институтта да неміс тілін оқыған, бірақ балаларға «ағылшын тілінде сабақ беруге дайынмын» дейді.

- Ағылшын тілінде қалай сабақ жүргізетінімді білмеймін. Бізге мұны институтта оқытқан жоқ. Мен биология пәні мұғалімімін. Бірақ ағылшын тілінде сабақ беруге тура келеді деп мүлде ойламаппыз. Бізде әзірше мұғалімдерге арналған бағдарламалар, оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдары жоқ. Ағылшын тілінде жазылған биология оқулықтары қандай болады, тіпті бола ма, жоқ па – белгісіз. Шынымды айтсам, қазір кәдімгі оқулықтардың өзі жетпей қиналып жүрміз. Кей оқушыға жетпей қалады, көбінің сатып алатын шамасы жоқ. Сондықтан, оқушыларға өз оқулығыңды беруге тура келеді. Ал енді биологияны ағылшын тілінде оқытасыңдар деп жатыр. Әлде ғалымдар, академиктер мұндай оқулықты жазып қойды ма? – дейді ол.

Қызылорда облысы Жаңақорған селосындағы мектеп алдында тұрған балалар. 29 қараша 2015 жыл.

Қызылорда облысы Жаңақорған селосындағы мектеп алдында тұрған балалар. 29 қараша 2015 жыл.

Айгерімнің айтуынша, бұл жаңалықты көбінесе жас мұғалімдер құптап жатыр. Олар мемлекет есебінен шет тілін үйреніп, ағылшын тілінде сабақ беріп көруге қарсы емес.

Алжұмыс стажы көп кей мұғалімдер бұл жоспардың іске асатынына сенбейді. Олар ағылшын тілін оқушыларға сабақ беретіндей деңгейде қысқа мерзім ішінде үйрену мүмкін емес деп санайды. Оның үстіне, кей мұғалімдердің айтуынша, ауыл балаларының көбі ағылшын тілін нашар біледі немесе мүлде білмейді.

Асылбек М. 30 жылдан бері ауылдағы қазақ мектебінде математика пәні мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол да ағылшын тілін үйренуге дайын, бірақ «тригонометрияны балаларға шет тілде бәрібір түсіндіре алмаймын» дейді. Ол қазақ мектебінде математика пәнін неліктен ағылшын тілінде оқытуы тиіс екенін әзірше түсінбейді. Ол математика тіпті ана тілінде меңгеріп кету қиын пән болғандықтан, балалардың білім сапасы нашарлайды деп болжайды.

- Мектепте қарапайым мұғалім болып жұмыс істеймін, осы жылдары талай реформаны бастан кештік. Біз басшылықтың айтқанын істейміз. Өз еркіміз жоқ, көп нәрсеге еркімізден тыс мәжбүрлейді. Егер «ағылшын тілінде оқыта алмасаңдар, тестен өте алмасаңдар, біліктілік санатынан айырыласыңдар» деп ескертті. Мүмкін, сағатымыз азаятын шығар, ауылда үлкен бәсекелестік жоқ қой. Бірақ жұмысымыздан айырылып қаламыз ба деп бәрібір қорқамыз. Ал бізді, еңбек ету құқығымызды қорғайтын ешкім жоқ, – дейді ауыл мұғалімі.

12 жылдық білім беру жүйесіне есептелген мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім берудің жаңа стандартына сәйкес, 2020-2021 оқу жылынан бастап Қазақстан тарихы пәні 6-шы сыныптан қазақ тілінде (оқыту тіліне қарамастан), дүниежүзі тарихы пәні орыс тілінде (оқыту тіліне қарамастан), ал 2023-2024 оқу жылынан бастап 10-12 сыныптарда жаратылыстану-математика циклы пәндері (физика, химия, биология, информатика) ағылшын тілінде оқытылады.

САБАҚ САПАСЫНА ҚАТЫСТЫ СҰРАҚТАР

Мектепке таяу жылдары енгізілуі тиіс өзгерістерге наразы ата-аналар да көп. Әлия Құсайынова сабақ сапасы нашарлайды деп алаңдайды. «Үш тілді оқу енгізіледі дегенді естігенде, қуанып қалып едім. Бірақ енді іс жүзінде қалай болар екен деп уайымдаймын. Мұғалімдер тілді жетік білмейтін балаға математика мен химияны ағылшын тілінде қалай оқытпақ? Оқушылардың білім сапасы нашарлайтыны анық. Енді қысқа курстан өткен мұғалімдердің балаларға бірдеңені шала-шарпы түсіндіруіне қарсымын» дейді ол.

Лариса Проскурина да балалар оқу материалын жат тілде меңгеріп кетеді дегенге шүбәланады. Тағы бір ата-ана Нұржамал Мамытбекова арнайы пәннен арнайы лексиканы меңгеріп, пәнді сауатты оқыту үшін шет тілдері институтын бітіргендерге екі айлық курс қажет деп санайды. «Ал ауылдың қарапайым мұғалімі ғана емес, өзгелердің де бұған шамасы жетпейді – олар өз пәнін оқытуды қожыратып алады» дейді ол.

ЖАПОН УНИВЕРСИТЕТІ ОҚЫТУШЫСЫНЫҢ ПІКІРІ

Философия докторы Қуаныш Тастанбекова Жапониядағы педагогика білімі мен ғылыми-педагогикалық зерттеулер саласының көшбасшысы Цукуба (University of Tsukuba) университетінде оқытушы болып жұмыс істейді. Ол Қазақстанның жалпы білім беретін қарапайым мектептерінде жаратылыстану-математика циклы пәндерін ағылшын тілінде оқытуға көшу қазіргі проблемаларды ушықтырмаса, шешпейді деп санайды.

- Қарапайым мектептерде сабақ беретін мұғалімдерді біліктілікті арттыру курстарынан қанша өткізсе де, олар ағылшын тілінде сабақ бермек түгілі, еркін сөйлеп кете алмайды. Педагогикалық жоғары оқу орындарында педагог мамандарды даярлау деңгейі мүлде нашар. Мұны студенттермен жұмыс істеп жүрген тәжірибемнен білемін, – дейді философия докторы Қуаныш Тастанбекова.

Оның айтуынша, ағылшын тілін пәнді оқыту тілі ретінде пайдалану үшін кемі үш шарт қажет – мұғалім де, оқушы да ағылшын тілінде сөйлей алуы және оқу материалы ағылшын тілінде болуы тиіс.

Жапонияның Цукуба университеті оқытушысы Қуаныш Тастанбекова.

Жапонияның Цукуба университеті оқытушысы Қуаныш Тастанбекова.

- Мұғалім мен оқушы бір-бірін ғана емес, физика пәнін ағылшын тілінде түсінуі үшін физика пәнінен түсінік аппараты екеуінде де осы тілде қалыптасуы, коммуникативтік қабілеті болуы тиіс. Яғни мұғалім мен оқушы физиканың ағылшын терминдерін жазбаша ғана емес, ауызша да қолдана білуі тиіс. Әйтпесе мұғалім ағылшын тілінде жазылған мәтінді қазақша немесе орысша түсіндіретін болады. Онда бұл «ағылшын тілінде сабақ оқыту» емес, «ағылшын тіліндегі әдебиетті пайдалану арқылы орысша немесе қазақша сабақ беру» болып шығады, – дейді Қуаныш Тастанбекова.

Цукуба университетіне қарасты білім институтының оқытушысы білім беру жүйесін әлдебір халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін пәндерді үш тілде оқыту шарт емес деп санайды.

- Білім беру жүйесі қазіргі және осы елдің сұранысына қарай білім, білік, дағды беруі тиіс. Ал болашақтың мамандықтары жайлы сөздердің бәрі – өзімізді алдау. Бізге нанотехнологтар емес, агроном, ветеринар, механизатор, дәрігер, мұғалім, инженер, конструкторлар қажет, – дейді ол

Философия докторы адам ресурстарын халықаралық емес, ішкі еңбек нарығы үшін дайындау керек деп санайды.

- Қазақстан ауылына үш тілді білетін агроном немесе фельдшердің қажеті не? Ол мейлі, көп тіл білмей-ақ қойсын, бірақ өз ісінің жетік маманы болсын, – дейді ол.

Жапонияда кез-келген реформа кемі үш жыл талқыланып барып жасалады, ал оны сынақтан өткізіп, нәтижесін қорытуға тағы үш жыл кетеді және содан кейін барып қана үш жыл бойы бүкіл ел бойынша енгізе бастайды. Сондықтан бір реформаны енгізуге 10 жыл кетеді.

Оның пікірінше, елде мұқият жұмыс бастап, жағдайды талдауға құр есеп беру үшін емес, оқыту сапасын арттыру үшін жұмыс істейтін мамандарды тарту қажеттігіне білім саласы шенеуніктерінің көзін жеткізу керек.

- Жапонияда кез-келген реформа кемі үш жыл талқыланып барып жасалады, ал оны сынақтан өткізіп, нәтижесін қорытуға тағы үш жыл кетеді және содан кейін барып қана үш жыл бойы бүкіл ел бойынша енгізе бастайды. Сондықтан бір реформаны енгізуге 10 жыл кетеді. Шет тілді ойын түрінде үйрететін коммуникативтік ағылшын тілінің бір сағатын бастауыш мектептің 3-ші сыныбынан бастап енгізген кезде осылай болған, – дейді Цукуба университетінің аға оқытушысы Қуаныш Тастанбекова.

Ғалым үш тілде білім беруге көшпес бұрын дұрыстап дайындалу, яғни үш тілде білім беру жүйесінің нормативті және құқықтық базасын жетілдіріп, бұл проблемалар бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу; методологиялық және оқу-әдістемелік базасын құру; педагог мамандарды даярлап, қазір сабақ беріп жүрген мұғалімдердің біліктілігін арттыру; ақпараттық материалдармен қамтамасыз ету; үш тілде білім беруді қаржыландыру көздерін белгілеу қажет деген кеңес береді. Бұлардың бәрі «Үш тілде білім беру жүйесін дамытудың жол картасында» қамтылған.

Гүлбану ӘБЕНОВА

Азаттық радиосы

Related Articles

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Арман Әлменбет Екі-үш күн уайымға салынып кеттім. Осы соңғы жазғаным болсын. Әрі қарай Құдайға тапсырып, жұмысымды істейін. 6 ақпан күнгі ойым: Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті. Ковид кезінде өкпесі жұмыс істемей қалған адамдарға Түркиядан ИВЛ деген аппарат әкелгені естеріңізде ме? ИВЛ болмай, қанша адам өліп қалды. Орыс тілін алып тастасақ, Мәңгілік ел мен Есіл өзенінің ортасындағы бес-алты ғимарат босап қалады. Тек орысша ойланатын адамдар жиналып ап, өздері әдемі отыр о жерде. Менің түсінігімде, орыс тілін конститциядан алып тастау үшін оған алдын ала дайындалу керек. Соңғы екі жарым жылда осыны қатты ойланып жүрмін. Ұсынайын деп едім, қызығатын адам таба алмадым. Сөйтіп «Ана тіл

  • Тек тілге байланысты…

    Тек тілге байланысты…

    Қазақ Республикасында бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол- қазақ тілі. Қазақ тілінен басқа ешбір екінші тілге мемлекеттік мәртебе берілмеуі керек! Отыз жылдан астам уақыттан бері геосаяси ахуалды сылтауратып келдік. Енді біздің де мінезімізді һәм мысымызды көрсететін уақыт келді. ҚР-ның азаматы һәм салық тапсырушы қатардағы тұрғыны ретінде талап етемін! Алдағы бес жылда Қазақ Республикасында елеулі демографиялық өзгерістер болады. Атап айтқанда 2030 жылынан кейін қазақтардың республикадағы жалпы үлесі 80-85% ке дейін артады. Славян халықтарының өсімі азайып 10%-ға дейін түседі. Есесіне елдегі түркітілдес өзбек, татар, ұйғырлардың өсімі еселеп өсіп тіпті 10-15 жылда орыстардың орнын басып озуы мүмкін. Сол кезде Қазақ Республикасындағы жалпы түркітілдес халықтардың үлес салмағы 85-90% ке жетеді. Нәтижесінде қазақ мектептерінің саны,

  • “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін. “Жаңа конституцияның” 9-бап 2-тармағы тұрғанда құжаттар ешқашан қазақша жасалмайды. Тек аударма тілі болып қалады. Себебі мемлекеттік бюрократия 9-баптың 2-тармағына сүйеніп, іс-қағаздарды орысша жасап үйренген. Сол себепті іс-қағаздың бәрі алдымен орысша жасалады, кейін қазақшаға қалай болса солай аударылады. Сол себепті 1-тармақтың болғаны қазақ тілінің нағыз мемлекеттік тіл мәртебесінде болуына еш көмектесе алмайды. Бір ғана жолы бар: конституцияда мемлекеттік тіл де, ресми тіл де – қазақ тілі деп тайға таңба басқандай жазылып тұруы керек. Құжаттың мемлекеттік тілдегі нұсқасының ғана заңды күші болуы тиіс. Сол кезде басқа тілдердегі нұсқасы жай аудармасы болады. Сол кезде ғана қазақ

  • Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

    Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

     Серік Ерғали Суреттер: aqmeshit-zhastary.kz, democrat.kz сайттарынан алынды. Ата Заң жобасының талқысы Қазақстандағы ең сезімтал, ең ұзақ талқыланып келе жатқан мәселенің бірі — мемлекеттік тілдің нақты мәртебесі. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылғанына отыз жылдан асты. Алайда қоғамдағы шынайы сұрақ әлі де ашық: қазақ тілі — басқарудың тілі ме, әлде символдық мәртебедегі тіл ме? Тіл мәселесі неліктен шешілмей келеді? Себебі біз ұзақ уақыт бойы тілге: – мәдени құндылық ретінде ғана қарап келдік; – оны мемлекеттік басқару тілі ретінде нақты бекітпедік. Нәтижесінде: – Конституцияда бір мәтін, – тәжірибеде басқа жағдай қалыптасты. Бұл қайшылық тілдің емес, конституциялық айқындықтың әлсіздігінен туындады. 9-баптағы басты түйін Жоба бойынша: 1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: