Ақтөбедегі әскери бөлімге қарулы шабуыл жасалды
Қазақстан ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Ақтөбеде бүгін ұлттық гвардияның әскери бөліміне қарулы шабуыл салдарынан бірнеше адам мерт болған. Ақтөбеде бұдан бес жыл бұрын Қазақстандағы алғашқы теракт жасалған.
Жексенбі күні Ақтөбеде қарулы шабуылдар барысында жалпы саны алты адам мерт болғаны туралы бұқаралық ақпарат құралдарына Қазақстан ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Сәдубаев хабарлады.
Оның айтуынша, маусымның 5-і күні қаладағы «Паллада» атты қару сататын дүкенге шабуыл кезінде сатушы қаза тауып, бір адам жараланған.
Бұдан соң ұлттық гвардия әскери бөлімі орналасқан аудандағы тағы бір қару сататын дүкенге шабуыл жасалған. Қарулы шабуыл кезінде әскери бөлімнің бір офицері мен келісім-шарт негізінде қызмет атқаратын бір адам қаза тауып, 9 әскери қызметкер жараланған.
– Шабуыл жасағандардың біреуі қолға түсіп, үшеуі оққа ұшты, біреуі жараланған. Бірнеше қылмыскер қоршауға алынды, бірнешеуі із жасырып үлгерді. Оларды іздестіріп жатыр, – деп хабарлады Сәдубаев.
ІІМ ресми өкілі бұл оқиғаға дәстүрлі емес діни ағым өкілдерінің қатысы болуы мүмкін деген болжам барын айтады. Ақтөбе қаласы бойынша терроризмге қарсы операция тәртібі жарияланған. Полиция тұрғындарға үйден шықпауға кеңес беріп, қырағы болуға шақырады. Қазақстанның батысындағы Ақтөбемен көрші Атырау облысының орталығында да бақылау күшейтілгені байқалады деп хабарлады осы аймақтан Азаттық тілшісі.
Жергілікті «Диапазон» басылымына куәгерлердің айтуынша, Ақтөбедегі атыс түскі сағат екінің шамасында басталған. Белгісіз біреулер Ақтөбедегі аңшы қаруын сататын дүкенді тонаған. Сонымен бірге, 24-30 жас шамасындағы ер кісілердің әскери бөлім маңында адамдарды кепілге алып, қаладағы полиция бөлімдерінің біріне шабуыл жасалғаны туралы бейресми ақпарат тарады.
Бұдан кейін қалада үш жерде – бесінші ықшамаудан, филармония маңы мен «Паллада» аңшы қаруын сататын дүкен жанында арнайы операция жүріп жатқаны туралы хабарлар тарады. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті өкілдері Азаттыққа бүгінгі болып жатқан оқиғаға байланысты ақпарат беруден бас тартты.
Әлеуметтік желі қолданушылары Ақтөбедегі атыс туралы түсірілген суреттер және видеолармен бөлісіп жатыр. Кейбір видеоларда көшеде қолына қару ұстаған адамдар, полиция көлігі қасында жүгіріп жүрген әлдекімдер байқалады және қарудан атқанға ұқсайтын дыбыстар естіледі.
Бұдан бес жыл бұрын Ақтөбеде Қазақстандағы алғашқы терролық акт жасалған еді: 2011 жылы мамырдың 17-і күні Ақтөбе ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті ғимаратында өз-өзін жарып жіберген 25 жастағы Рахымжан Мақатов есімді азамат оқиға орнында қаза тауып, үш адам жараланған. Бұл оқиғадан кейін Қазақстанның бірнеше аймағында – Ақтөбе, Атырау, Астана, Алматы, Таразда қарулы шабуылдар болған. 2012 жылы Қазақстанда терроризмге қарсы жүргізілген бірнеше операция барысында «террористер» деген күдікке ілінгендердің көбі оққа ұшқан болатын.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы
Пікір қалдыру