|  |  |  |  | 

Зуқа батыр 150 жыл Тарих Қазақ хандығына 550 жыл Әдеби әлем

Зуқа батыр – ертегі кейіпкері емес

Zuqa batr

- Мама, Толағай өмірде болған ба? – деп сұрады бірде ұлым.

Баланың Толағай туралы аңызды естіп, ондағы кейіпкерді ойынан шығара алмай жүрген күндері еді бұл.

- Толағай – аңыз кейіпкері ғой. Бірақ әрбір аңыз бен ертегінің түбінде бір шындық жатады, – деп түсіндірген болдым мен.

Осы әңгіме өзімді де ұзақ толғандырды…

Бүгінгі балалардың ертегіге сенбейтіні анық. Олар үшін жезтырнақ, жалмауыз кемпір дегендер қорқынышты емес. Есесіне, түймедей ғана өрмекшіден қорқады. Өрмекші адам секілді батыстық туындылардың кейіпкерлеріне еліктейді. Шын мәнінде, бұған, әрине, өзіміз кінәліміз. Баланың ертегі тыңдайтын жасында бір сәт кітап оқып беріп, өзіміздің қазақ ауыз әдебиетінің жауһарларымен сусындатуға ықыласымыз жетпей жатады.

Ал ертегі, аңыз айтып, балаларға уақыт бөле алмасақ, балаларымыз арман-қиялына кімдерді қондырып, қандай кейіпкерлерге еліктейді? Кімнен жиреніп, кімге қарап бой түзейді? Жақсылық пен жамандықтың, батырлық пен қорқаулықтың, даналық пен пасықтықтың, кеңдік пен сараңдықтың аражігін қайтіп қана ажыратып үйренеді?

Осындай сансыз сұрақтар санамды торлап қоя берген…

Таяуда Зуқа батыр туралы бір деректі оқығанда сол сұрақтарға жауап тауып, көңілім қанағаттанғандай болдым.

Келбетіне кісілігі, жүректілігіне білектілігі, шешендігіне көсемдігі, ерлігіне өрлігі, қысқасы, тұла бойына кемелділігі үйлескен бұл батыр маған балаларымызды елітетін нағыз ертегі кейіпкері сияқтанды.

Алайда, Зуқа ертегі адамы емес екен. Жазылған деректер бойынша, 1866 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Кендірлік ауылында дүниеге келіпті. Туғанында оған Зуқа есімі (түпнұсқа бойынша – Зуа немесе Зауха болуы мүмкін. – авт.) ислам жазбаларынан алып қойылса керек. Олай дейтініміз, батыр шариғатқа берік, ислам құндылықтарын дәріптеген, сауатты діни ағартушылар әулетінен шыққан. Әкесі Сәбитшығыс өңіріне аса танымал молла кісі болған екен. Арғы атасы Нұрмұхаммед абыз деген әйгілі кісі.

Осындай текті атадан туған ұлға батырлықпен қоса даналық даруы заңды еді.

Даналық дегенде Кәкім Ахмадиұлы жазып алған мына әңгіме ойыма орала кетеді:

Зуқаның үйіне Алтай ұлықтарынан төрт адам барыпты. Ас ішіп, қонып, ертеңінде тұрғанда батыр қонақтардың алдына қара жамбыны қойып жатып «Бұйымтайларыңыз бар ма?» деп сұрайды. Ұлықтардың бірі: «Бұйымтай бар. Жақында Алтай елінің ұлықтары арасында үлкен жиын өткен. Сонда жоғары жақтан төрт сұрақ келіпті, соны талқыладық. Онда шайтанның не пайдасы бар, қасқырдың не пайдасы бар, ұрының не пайдасы бар және ұры қажының не пайдасы бар? Ал пайдасы жоқ болса, оларды қайту керек делінген екен. Ұлықтар ойлана келе шайтанның да, қасқырдың да, ұрының да, ұры қажының да пайдасы жоқ, оларды жоғалту керек деген шешімін айтты. Сіз ол жиында болмадыңыз, сондықтан, сіздің жауабыңызды білмекке келдік» депті. Мұны естіген Зуқа батыр: «Шайтан керек, ол адамдарға уайым- қайғыны ұмыттырып, бір сәт мұңсыз, жайдары қалыпқа келтіріп отырады. Ол болмаса, адамдар өлімді ғана ойлап, бұ дүниеден түңіліп, баз кешіп кетер еді. Қасқырдың да, ұрының да керегі бар. Қазақта «Ия, құдай, құрығын сүйреген ұрыңнан; құйрығын сүйретіп түн қатқан бөріңнен сақта» дейді екен.  Ұры мен қасқыр болмаса, қазақ қамсыз-қайғысыз, бейбіт-бейғам өмір сүріп,  құдайдың өзін керек етпей кетер еді. Ал ұры қажы ол да керек. Бізде не көп, бай мен би, мансаптыда қажылар көп. Олар ылғи бай-мансаптылардың мүддесін қорғайды. Ал осында, менің айналамда қырық-елу үйден тұратын мыңдаған кедей отыр. Олар аспаннан түскен жоқ. Олардың ақысын жеп, тегін жұмыс істетіп, ұрлап, тонап сол байлар кедейлендіріп жіберген. Олар жоқшылық салдарынан ұрлық қылуға мәжбүр болған. Ұрлық қылды деп, олардың қолындағы азын-аулағын алып, дүре соғып, қаңғыртып жібергенсіңдер. Сондықтан, олар пана сұрап маған келді. Мен оларға байларда кеткен несібесін қайтарып беріп, жандарыңды бағыңдар деп отырмын… Бай-манаптарда ондаған, жүздеген қажы бар. Ал кедейлерге бір қажы қимай ма екен үкімет?! Мен – кедейлердің қажысымын» деген жауап берген екен…Zuqa batir sarbazdari

Асылында, қажылық кісі дәулетіне қарап бөлінетін нәрсе емес. Алайда, Зуқа батырды кедейлердің қажысы еткен де, батыр еткен де – өзі өмір сүрген дәуір, сол орта.

Бір қызығы, дінді желеулетіп, молдалық момындардың ісі деп, батырдың адуынын басуға, діндарлығын пайдаланып, аяқ-қолын «матап», тілін «тұншықтырып» ұстауға тырысқандар да аз болмаған. Жалғыз мысал:

«Зуқа батырға шамасы жетпейтінін білген жергілікті билік енді басқадай әрекетке көшеді. Соның бірі Зуқа батырды үгіттеп, қажылыққа жіберсек, Байтолланы көріп қайтса жуасып, имандылық жолына түсіп, ел ісіне араласпайды деп ойлайды да, «Сәбит дамолланың аманаты, әке парызын» орындау үшін қажылыққа баруды көлденең тартады. Өзінің де ниеті болған Зуқа батыр бұл ұсынысты қабыл алады. Бірақ елден жинап берген 500 ұсақ, қаншама ірі қараны кедейлерге, ауқат-тұрмысы нашарларға таратып жібереді. Мол сауапқа кенеледі. Сөзінде тұрып, бір жыл қажылық сапарына дайындық жасап, 1905 жылы Меккеге аттанады» деп жазыпты өзінің бір мақаласында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Бақытбек Бәмішұлы.

Асылында, ислам бойынша, патша өз қол астындағылар үшін жауапты және солар үшін сұралады; отағасы жанұясына жауапты, солар үшін сұралады. Ендеше ер азаматтар да елі үшін жауапты, солар үшін сұралады. Ал елің ішінен іріп, халқы тозып, кедей ақысы желініп, жетім мен жесір жылап, жапа шегіп жатқанда, дін үйретіп, үйіңнен шықпай отыр деген өсиет ешбір жерде жазылмаған болса керек.

Әкесі дүние салған соң төрт баласымен жесір қалған анасына, бауырларына пана болып қызмет етіп жүрген Зуқаның бәрін тастап, бар ынтасымен күрескерлік жолға түсуі сол жауапкершілікті сезінгеннен, кеудедегі ар мен намыс қоңырауын баса алмағанынан еді.

Иә, Зуқа батыр енді ер жетіп, ат жалын тартып міне бастағанда әкесі дүние салыпты. Ол тұста батырдың ата-анасы Майқапшағай деген жерде тұрады екен. Бұдан соң Зуқаның отбасы Алтайдың оңтүстік-батысын алып жатқан Қалбадағы ағайындары арасына көшіп келеді. Өзі сонда байдың жылқысын бағып, анасына қолғабыс етеді. Бірақ айналада орын алып жатқан етім-жесірге, кедей-кепшікке тырнағын батырған бай-төрелердің әрекеттері, сүйекке таласқан иттей болыстық, шен-шекпен үшін араздасқан ел ағаларының ұсақтығы жігіттің жанын ауыртады. Мұндай жағымсыз әрекеттерге төзбеген жігіт қашан да есесі кеткен әлсіздерге болысып, басынған бай мен биліктіге қарсы шығады. Мұны байқаған қамқорсыз адамдар жігіттен пана іздеп келіп, айналасына үйірлей бастайды.

Бұл шақ қазақ жеріне орыс отарлығы күшейе түскен кезең еді. Шенділер орыс отарлаушыларына құлдық ұрып, өз есебін түгелдеп, ел аузынан жырып, екі асап, рухани құлдырау шегіне түскенде айналасындағы ағайынын ертіп Зуқа Сауырға қарай қоныс аударады. Ол жерде Әбілпейіс хан баласы Көгедайдың немересі Жеңісхан гүң Зуқаны өз ордасына шақырып, медресе молдасы етіп отырғызады. Онда Зуқа бала оқытып, шәкірт тәрбиелейді.

Бала оқытып, ұстаздық етсе де, молда жігіт төңірегінде болып жатқан әділетсіздіктер мен келеңсіздіктерге көз жұма қарап отыра алмаған. Сөйлесе шешендігімен, айтса әділетқұмарлығымен көпті өзіне ұйытып ала жөнелетін жігітті Жеңісхан төрелік айтуға да салып отырыпты. Дауласып, алдына келгендерге Зуқа қашан да әділін айтып, ақысы кеткеннің жағында болады. Осы тұста еске түсетіні: «Кейінгі көз көргендердің айтуында, Зуқа әлдебір мәселеге шешім айтарда Құран аяттары, Пайғамбар хадистерімен қатар Абай өлеңдерін қатарластыра атап өтеді екен», – дейді Б.Бәмішұлы өз мақаласында. Бұдан батырдың құры қара күшке, соқыр сенімге ғана емес, ақыл-ой мен даналыққа, білімге сүйеніп ел басқарған ұлылығын аңғаруға болады.

Ел басқару демекші, Зуқа батыр төрелік айтқан шешен, қол бастаған батырлығымен қоса, ел бастаған көсем. Асыл ерге бас еркін беріп, тағдырын сеніп тапсырған да қамқорсыз қалған өз елі еді.

Бұл туралы тағдырлы жазушы Қажығұмар Шабданұлының «Пана» романындағы Құттыбайдың аузымен былай делінеді: «Иесіз мал ит-құстыкі ғой, иесіз ел де «ит-құстыкі» болып қалады екен. Мына елің көресіні көріп болған еді. Қайратты, көзіқарақты, адал азаматы болған соң сені өздеріне басшы, ие етпек, пана етпек болып отыр. Ал панасы қаншалық мықты, берік болса, соншалық қамсыз жасайтындықтарын біледі».

Хош. Бұл асылында Зуқаның молдалық қызметін тастап, хан төңірегінен еркімен кетіп, еліне оралған сәті. Қара халық арасынан шығып, әділет іздеп, абыройы артқан адам қай басшыға ұнасын?! Байлық пен шенге қарамай, әділет жағында жүретін жігіттің өрлігін байқап, жаратпаған Жеңісхан гүңнің ыңғайын байқасымен-ақ өзін қолдар жан таппай жабырқаған жігіттің ұстаздықты тастап, кері қайткен күндері. Молда болып бала оқытқаннан ел ішінде жүріп, қол жинап, кедей-кепшіктің, жылаған мен мұңайғанның қорғаны болуды қайырлырақ санап, өміріне бетбұрыс жасаған кезі.

Бұдан соң Зуқа батыр өзіне ерген елін бастап Сауырдан өр Алтайға – Бурылтоғай, Бітеу өңіріне көшіп кетеді. Бұл жөнінде: «Зуқа батыр жасақтары Алтай тауының ақырғы сілемі Бәйтік, Қаптық пен Бұлғын өзенінің батысқа бұрылар аңғарын жайлап-қыстап, іргелес, көршілес қоныстанған қазақтармен жиі тартысып қалатын моңғолдың бір қошуын (аудан – Б.Б) елін осы өлкеден ығыстырып тастайды. Осы жерлер кейін Қытай мен Моңғолия шекара сызығын нақтылағанда қытай қарамағында қалып қояды», деп жазыпты Б.Бәмішұлы.

Зуқа батырдың кейінгі өмірі осылайша Қытай шекарасының ар жағында жалғасын тапты. Кезінде өз қазағының ішінде жалғыз жарым жандарға пана  болып, кедей-кепшіктің, жылаған жұрттың жалауын көтерген, әділетқұмар атанған батыр мұнда бір мемлекетке жүк боларлық жұмыс атқарғаны тарихтан аян. Алтайда оның қолына қараған халықтың қарасы молая түсіпті. Оның айналасына қазақ қана емес, биліктен, бай-манаптардан қиянат көрген ұйғыр, дүңген, сібе, қалмақ, мұңғұл, сарт, ноғай, татар секілді ұлт өкілдері де жинала береді. Сенімге селкеу түсірмей, елін қорғауды басты мұрат еткен Зуқа батыр ер азаматтарын жинап, жасақ құрады. Оларға әскери жаттығу жасатып, қорғаныс үшін соғысу тәсілін үйретеді… Қай кезде де бодан халықты алым-салық арқылы қанау дәстүрі болған. Алтай елінің губернаторлығына Ви Жыңго келгенде Зуқа батыр қайратын жинап, басқыншыдан ел мүддесін қорғай білді. Сіңірі шыққан кедей елден алым-салық талап етіп келгендерге батыр ашық қарсы тұрды. Әлсіз елден барымталап алынған мал-мүлікті қайтарып әперіп, «ұры», «қарақшы» да атанды. Қара басының қамы үшін билікке жағынып, шағынған байлардың тірлігінен Сарсүмбе түрмесінде бір жыл отырды…

Тарихшылардың айтуынша, ақылына қайраты сай Зуқа батырдың тірісінде қытайдың басқыншы билігі Алтай өңіріне аттап баса алмаған екен. Жасалған қысым мен зорлықпен алынатын алым-салықтан азат халқын құтқарам деп, губерния әскерімен де шайқасуға тура келген. Тарихи деректерге сүйенсек, 1924-1926 жылдары Зуқа батыр Қытайдың 5 реткі шабуылын тойтарып, үлкен әскери күшке айналыпты. Мұның соңы Қытай билеушілерінің, әсіресе Ви Жыңгоның Зуқаға өлердей өшігуіне алып келеді.proxy.imgsmail.ru12

Қытайдың батысында азулы арыстанның жатқанын мемлекет билеушілері де өз пайдасына асырмай қалмаған. Қызыл армиядан қашқан Атаман Бакишев Қазақстанның шығысын жайпап өтіп, Қытайдың батыс өлкесіне бет алғанда Зуқа сарбаздары басқыншы әскерді Өр Алтайға жіберместен, жерді қорғап бағыпты. Деректерге қарағанда, ат-көлік алмақ болып, Зуқа батырдың еліне әуелі озбырлық танытып баққан атаман әскерлері батырдың қауқарлы қолын алғашқы кезден мойындаған. Алтай асу үшін «қақпа аузында» жатқан қазақ батырын сөзге тартып, мәмілеге де шақырыпты Бакишев. Бірақ Зуқа Алтай етегінде тыныш жатқан елін аттап өтіп, берекесін алуға жол бермейді. Орыс әскерімен сол үшін екі мәрте шайқасқа түседі. Бакишев бұдан соң амалсыз Моңғолияға асады. Ал Қытай мемлекеті Зуқаның арқасында батыс жақ шекарасы кеңейтіп алып қалады…

Біз үшін тарихтың беймәлім беті сияқтанғанмен де, Зуқа батырдың өмірі мен рухы – әлі талай ұрпақты тәрбиелеуге жарарлық өнегелі әңгіме.

Оның өмірі, рас, аңыздағы Толағайдың тағдырындай аянышты аяқталды. Қытайдың көнеден бар жымысқы саясатымен Зуқа батыр 1929 жылы қолға түсіріліп, аяусыздықпен өлтірілді. Бас көтерген халыққа сес көрсету үшін Қытай билігі батырдың басын кесіп алып, бір жеті бойы Сарысүмбе қаласындағы қара көпірге іліп қойды. Бұл – өкініштісі, ертегі емес еді.

Алайда, бұл батырлық рухты өлтірген жоқ. Білетіндердің айтуынша, білімі де, көрегендігі де кемел Зуқа батыр өз ажалы таяғанын сезіп, елім зардап шекпесін деп отауын оңаша тіктіріп, оқшау қалыпты…

Тарихты тұлғалар арқылы жазу – ең тиімді тәсіл. Тарихи тұлғалар арқылы асыл ұрпақ тәрбиелеп, ұрпақ рухын өсіру де ежелден бар үрдіс.

Бұл орайда, «тарихты насихаттаудың төрт жолы бар. Бірі – ғылым арқылы зерттеу, екіншісі – әдеби шығармаларда қамту, үшіншісі – теле, радио бағдарламалар, сюжеттер жасап, танымдық мақалаларға арқау ету, төртіншісі және ең тиімдісі – көркем фильмдер түсіру»  дейді белгілі тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлы.

Толағайдай батырлығымен, жүректілігімен, көпшілдігімен, халықшылдығымен есімі тарихта қалған Зуқа батырдың есімі әдеби шығармаларға да, ғылыми жазбаларға да арқау болып жүр. Қажығұмар Шабданұлының «Пана» романы мен Батырхан Құсбегиннің «Зуқа батыр» романы, батырдың сезімді де, күреске толы өмірінің белестерін суреттейді. Ендігі арман, батырдың рухы қазақ жастарына болашақта балалар әдебиеті арқылы оқытылса екен, кино арқылы көрсетілсе екен. Ешбір қоспасы жоқ, шын өмірімен-ақ Зуқа батыр қызықты туындылардың кейіпкеріне айнала берері сөзсіз.

Нәзира Байырбек

Журналист, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері

kerey.kz

Related Articles

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • 14 наурыз – Математиктер күні

    14 наурыз – Математиктер күні

    Кафедра профессоры Математиктер күніне арналған «Таңғы Studio» таңғы шоуында 15 наурыз, 2025 14 наурыз – Математиктер күніне орай «Таңғы Studio» таңғы шоуының қонағы белгілі ғалымдар: физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қангужин Балтабек Есматұлы мен PhD-доктор Жұмабай Мәдібайұлы болды. Эфирде олар математиканың маңыздылығын, мерекенің тарихын, қазақ математиктерінің ғылымның дамуына қосқан үлесін талқылады. Профессор Балтабек Есматұлы математиканың ғылымдардың патшайымы саналатындығына тоқталды. Ол бір жағынан ғылыми білімнің шыңында тұрса, екінші жағынан басқа пәндердің дамуына негіз болатын көмекші ғылым екенін атап көрсетті. Ғалым шексіздік пен математикалық есептеулердің дәлдігін білдіретін π санының шығу тарихына да тоқталды. Доктор Жұмабай Мәдібайұлы бұл күннің 1988 жылдан бастап «π саны күні» (π – иррационал сан, шамамен 3,14142… тең) ретінде тойлана

  • Тек тілге байланысты…

    Тек тілге байланысты…

    Қазақ Республикасында бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол- қазақ тілі. Қазақ тілінен басқа ешбір екінші тілге мемлекеттік мәртебе берілмеуі керек! Отыз жылдан астам уақыттан бері геосаяси ахуалды сылтауратып келдік. Енді біздің де мінезімізді һәм мысымызды көрсететін уақыт келді. ҚР-ның азаматы һәм салық тапсырушы қатардағы тұрғыны ретінде талап етемін! Алдағы бес жылда Қазақ Республикасында елеулі демографиялық өзгерістер болады. Атап айтқанда 2030 жылынан кейін қазақтардың республикадағы жалпы үлесі 80-85% ке дейін артады. Славян халықтарының өсімі азайып 10%-ға дейін түседі. Есесіне елдегі түркітілдес өзбек, татар, ұйғырлардың өсімі еселеп өсіп тіпті 10-15 жылда орыстардың орнын басып озуы мүмкін. Сол кезде Қазақ Республикасындағы жалпы түркітілдес халықтардың үлес салмағы 85-90% ке жетеді. Нәтижесінде қазақ мектептерінің саны,

  • Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

    Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

     Серік Ерғали Суреттер: aqmeshit-zhastary.kz, democrat.kz сайттарынан алынды. Ата Заң жобасының талқысы Қазақстандағы ең сезімтал, ең ұзақ талқыланып келе жатқан мәселенің бірі — мемлекеттік тілдің нақты мәртебесі. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылғанына отыз жылдан асты. Алайда қоғамдағы шынайы сұрақ әлі де ашық: қазақ тілі — басқарудың тілі ме, әлде символдық мәртебедегі тіл ме? Тіл мәселесі неліктен шешілмей келеді? Себебі біз ұзақ уақыт бойы тілге: – мәдени құндылық ретінде ғана қарап келдік; – оны мемлекеттік басқару тілі ретінде нақты бекітпедік. Нәтижесінде: – Конституцияда бір мәтін, – тәжірибеде басқа жағдай қалыптасты. Бұл қайшылық тілдің емес, конституциялық айқындықтың әлсіздігінен туындады. 9-баптағы басты түйін Жоба бойынша: 1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда

  • “Төңкеріс жасауға машықтанғандар” кім? Қаңтар құпиясы ашылса, салдары не болады? Депутатпен сұхбат

    “Төңкеріс жасауға машықтанғандар” кім? Қаңтар құпиясы ашылса, салдары не болады? Депутатпен сұхбат

    Нұрбек ТҮСІПХАН Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, заңгер Абзал Құспан Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Астана, 26 қазан, 2023 жыл Қаңтарды кім ұйымдастырғанын билік біле ме, білсе неге ашық айтпады? Парламентте неге Қаңтар бойынша тағы тыңдау өтпейді? Президент Тоқаев Қаңтар “төңкеріс жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен” ұйымдастырылды деді. Олар кімдер? Мәжіліс депутаты Абзал Құспан осы сұрақтарға жауап берді Азаттық: Абзал мырза, сіз – Қаңтар оқиғасына бір тараптан емес, жан-жағынан қарауға мүмкіндік алған адамсыз. Ең алдымен сол оқиғаға тікелей қатыстыңыз, жұртты алаңға шығуға шақырдыңыз. Одан кейін қанды қырғында қамауға алынғандарды босатуға ат салысып, заңгер ретінде де араластыңыз. Одан бөлек мәжіліс депутаты есебінде де жаңа бір ракурстан қарап отырсыз. Айтыңызшы, жан-жағынан қарағанда Қаңтар оқиғасында сізге

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: