|  |  | 

Зуқа батыр 150 жыл Тұлғалар

ЗУҚА ҚАЖЫ – ХАЛҚЫНА ПАНА БОЛҒАН АЛТАЙДЫҢ АРЫСТАНЫ

Zuqa matir Islam

Тәуелсіздіктің қадірін еркіндігі шектеліп, өз тарихын жаза алмай, өтірік дерек құраған ғалым білмегенде, кім білсін?! Тәуелсіздіктің қадірін әкесі «Халық жауы» боп атылып, жетімдер үйін паналаған бала білмегенде, кім білсін?! Тәуелсіздіктің қадірін өзге тілде шүлдірлеп, өз ана тілінде сөйлей алмай жаны қиналған жас білмегенде, кім білсін?! ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ қадірі… Бүгінгі тәуелсіз ұрпақ, біздер біліп жүр ме екенбіз? Біздер осы бір қасиетті ұғымның жолында қанша қан төгілгенін, қаншама тағдыр қирағанын, қаншама ана аңырап, қаншама бала жылап қалғанын білер ме екенбіз? Тәуелсіздік деген бір аңсар Кенедей ханымыздың, Әлихандай көсеміміздің, Ахметтей шешеніміздің ғазиз бастарының құрбандығымен келген еді ғой… Қазақтың ұлт болып ұйысуы жолында толассыз еңбек еткен, қараша халқына пана болған, тәуелсіздікті бір табан болса да жақындатқан сондай ардақтыларымыздың бірі – Зуқа батыр Сәбитұлы. Биылғы 150 жылдық мерейтойы қарсаңында, қажының ғибратқа толы ғұмырын оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз.

 

Тектіден текті туады, Тектілік тұқым қуады…

Зуқа батыр 1866 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында Сәбит молданың шаңырағында дүниеге келген. Атасы Нұрмұхаммед абыз Уфа мен Бұқарада білім алған, ел ішіне сыйлы, Қазақстанның шығыс өңірі мен Шыңжаң, Моңғолия қазақтары арасында дін қызметкері болған, даулы мәселелерге төрелік айтқан би болған жан екен. Ол баласы Сәбитті жеті жасынан Уфа қаласында Уәлдан хазіреттен оқытып, білімге жолын ашады. Сол кеткеннен Бұқара, Қазан, Самарқанды аралап 19 жыл ілім үйренген Сәбит 25-ке келгенде ғана ұстазының батасын, аманат еткен аса таяғын алып, оның немере қызы Бәтиманы жар етіп еліне оралған екен. Мол білім үйреніп қайтқан ол елге келген соң бала оқытады, ел-жұртының алғысына бөленеді. Жұрт оны құрметтеп Дамолда атаған. Ласты, Тасты, Тарбағатай, Буыршын аймағында төрт бірдей медресе ашқан Сәбит молданың алдын 500-ге жуық шәкірт көрген деседі. Міне, осылай аманаттап алған білімін шәкірттерге үйретіп, бар ғұмырын игілікті іске арнаған Сәбиттің шаңырағында Зуқадай ел азаматының дүниеге келуі заңды да. Қазақ:

Тектіден текті туады,

Тектілік тұқым қуады.

Тектілердің тұяғы,

Таңдайды құз-қияны.

Шын тектілер халқы үшін,

Өлімге басын қияды.

Жақсы, жаман деместен,

Жанына жұртын жияды, – деп осындай ерлеріне қарата айтса керек. Анасы Бәтима да – өз заманындағы атақты хазіреттің немересі. Нұрмұхамедтей абыз атасы бар, Сәбиттей ақылман әкесі бар Зуқаның басқаша болуы мүмкін де емес-ті. Тегіне тартып туған Зуқа да қаршадайынан мол діни білімді әкеден, сондай-ақ, осы өлкеге дін тарату үшін жіберілген Мұхаммед Мумин ишаннан үйренеді. Зуқа батыр өмірінен жазылған Қажығұмар Шабданұлының «Пана» деректі романында автордың: «Шарапатты Сәбит молланың баласы едің. Үлкен ұлы – сені жастай оқытып, өз білімін, өз өсиетін сіңіріп кеткенін естіп едік», – деген сөзді қарияның аузына салып сөйлетуі соның айғағы болса керек.  Өйткені, Зуқа зерек, алғыр, сөзге шешен, шариғатқа жүйрік, есеп-қисапқа шебер болып, бірден жұрт назарына ілігіп, елдің аузында жүреді.

Батырдың жалғыз фотосуреті 

«Зәбір көрсең, Зуқаға бар»

         1882 жылы әкесі Сәбит молда дүниеден өтіп, отбасының барлық ауыртпалығы 16 жасар Зуқаның иығына түседі. Ол би-болыс туысқандарының жылқысын бағып жүріп, басына қиыншылық түсіп, Сауыр өңіріне қоныс аударады. Зуқа батырдың атамекені кейін Ресей мен Қытай Қазақстанды бөліске салып, шекара сызғанда қытайға қарап қалған жер екен. Қытайдың ұлығы Жеңісхан гүңнің қоластына барған Зуқа онда екі жылдай бала оқытады. Сонда жүріп, қарапайым халықтың жағдайын көзімен көріп, шариғи білімділігі, сөзге шешендігі, батырлығының арқасында зәбір көрген адамдардың қамқоршысына айналады. Әділетсіз, озбыр билеушінің жанында ұзақ бола алмасын білген Зуқа өз туыстары ортасына оралып, дінін уағыздайды, балаларының сауатын ашады, байлардан жәбір көріп, жапа шеккендерінің ақысын алып береді, қиындық көріп, жанына көшіп келгендеріне пана болады. Осылай Алтайдың Бартоғай өңіріне қоныс тепкен Зуқаның маңына шоғырланған халық үлкен бір қауым елге айналып, «Зуқаның елі» аталатын дәрежеге жетеді. Бұл туралы дінтанушы ғалым Халифа Алтай: «Зуқа – жүрек жұтқан батыр, өткір тілді шешен әрі әділ адам болыпты. Зуқаның төңірегіне жиналған ауылдар бірінен бірінің артық-кемі жоқ, біркелкі қоңыр тұрмыс кешіпті. Керей ішіндегі насырға шапқан дау-шар Зуқа менен Ақыт қажының алдында әділ төрелігін табады екен. Зуқа өктемдік көрсеткен ұлықтар мен әкімдерге қаймықпай қарсыласып, өзін паналаған әлсіздерді қорғап отырған», – деп жазады. Халық арасына «Зәбір көрсең, Зуқаға бар» деген сөз тарайды. Әрине, мұның бәрі қарапайым халықты сүліктей сорып отырған ұлықтарға жаға қоймайды. Түрлі себептерді сылтау етіп, халыққа салықты көбейткен олар Зуқаның тосқауылына ұшырай беріп, ашу-ызалары одан сайын артады. Ал Зуқа батыр бұл кезде елін сауаттандырып қана қоймай, жауынгерлік айла-тәсілдерге баулып, әскери өнерді жетік меңгертіп, өздерін қорғайтындай дәрежеге жеткізген еді.

Зуқа батырдың ұрпағы ұрпағы Б.Бәмішұлының әңгімелеуінше, 1903-1904 жылдар аралығында Зуқа батыр салық төлемегені, халқына төлетпегені үшін түрмеге қамалады. Мәми бейсінің ықпалымен бостатылған Зуқа түрмеден қытай тілін үйреніп шыққан екен. Деректер оның 9 тілге жетік болғанын айтады.

Зуқа батырдың Мекке-Мәдинаға барып, қажы боп қайтуы

Зуқа батырдың халық арасындағы кей қызметінен өзінің ата-балалары секілді үлкен дін қайраткері, шариғат білгірі болғанын да байқаймыз. Ол өзін қажылыққа аттандырғысы келіп, 500 қой, 100 жылқы, мол алтын-күміс жинап берген елін тоқтатып, өзінің қажылыққа барғанынан, кедей-кепшіктің тоқ болғанын артық көретінін айтып, бас тартады. Жиналған мал-мүлікті жоқ-жітікке таратып бергізеді. Қағбаны бір көруді қай мұсылман армандайды дейсіз? Бірақ жеке бастың қуанышынан, ұлтының мүддесін жоғары қойған Зуқаның бұл әрекеті Қ.Шабданұлының «Пана» романында былай суреттеледі: «Біздің елде қазы мен абыройлы би түгел бірер қажының болмағандығынан басынады» деп тапты да Мардан малдыларынан күш бірлестіріп, Зуқасын Меккеге жіберіп қажы атандыруға келісті. Бірақ сол жылы күзде адам саны молайыңқырап, қыстық ішіп-жем, астық жағынан қысылатындығын байқаған Зуқа оған көнбеді. «Меккеге бару – біздей жарлыларға парыз емес, бала-шағаны шайнамамен қамдау – парыз. Биыл астығымыз жетпейді, күшімізді Жеменейден астық әкелуге жұмсалық!» деген мәслихатын айтты».

Қажылық Зуқа батырдың маңдайына жазылған дүние екен. Елінің жарлы-жақыбайын қанша ойласа да, келер 1906 жылы ең жақын жолдастары  бірнеше мергенге бөкен аттырып, оның мүйізін сатып, қаржы жинап, Зуқасын Меккеге аттандырды. Зуқаның қажылық сапарын ақын Рамазан Бұтақбайұлы былай жырға қосқан:

Арғы атам – Сәбит Да молда,

Бел байлаған хақ жолға.

Тақуа ғазиз атанып,

Ғаламнан асқан сары жорға.

Бергі атам  Зуқа һәм молда,

Барып келген Бәйтолла.

Шариғатпен сөз сөйлеп,

Және жүйрік заңжолға.

Көрсеткен аят, хадыстан,

Терең сөйлеп жарысқан.

Бәтуа, дәлел беретін,

Ақылға жүйрік данышпан.

Б.Бәбішұлының айтуынша, Зуқа батыр Меккеге Түркияның Ыстамбұл қаласы арқылы барған. Оған дәлел ретінде кейін бұл қаладан қазір барлық жерде жарияланып жүрген Зуқа батырдың суреті табылады. Ол сурет қажының қара сақалды, ақ қабақты, үлкен құлақты, келісті адам болғанын айғақтайды.

Зуқа батыр өмірімен таныса отырып, оның дін қағидаларымен ғұмыр кешкенін байқаймыз. Ол туралы еңбектерде намазын қаза етпегені, жылда құрбандық шалып отырғаны айтылады. Ел тыныштығы бұзылғанына қарамастан, ауыл балаларына білім беруді де тоқтатпағанын көреміз. Сонымен бірге, ел арасындағы дауға билік айтқанда да, халқын игі істерге шақырғанда да аят-хадисті алға тартып сөйлейді екен.

Зуқа батыр жауына да әділетсіздік көрсетпейді. Үстеме бағамен сауда жасап, халықтың тұз, шәй, қант, күріш секілді қажетін жеткізіп, үстінен есепсіз мал алып отырған Мадарын атты саудагердің өзіне: «Қарыз деп алған малды қайтармай, Алла алдында қарызы қайтпайды, қайтаруым шарт. Қарызыңды Алланың кешу-кешпеуі, ақы иесінің үш рет айқайлауында ғана емес, не үшін кешетіндігіне байланысты. Қарыздар болған адамның төлейтін қуаты мүлде болмай қалғанда кештім десең кешілер еді. Ал, менде төлей алатын мал бар», – дейді «Пана» романында. Сонымен қатар, романда сипатталатын айт намазы кезінде еркек кіндіктінің барлығының намазға тұруы да, Зуқа ауылының дінге беріктігін көрсетеді.

Зуқа батырдың өмірі арқау болған Қ.Шабданұлының “Пана” романы 

Батырдың басының кесілуі

Зуқа батыр елін Қытай үкіметінен ғана емес, 1921 жылы Ресейдегі Қазан төңкерісінен қашып, Шыңжаңға қарай өтіп кеткен ақ гвардия генералы Бакичтің қандықол қарақшылығынан да аман алып қалды. Малмен ғана тіршілік етіп, жұтаған халықты егіншілікке баулып, ашаршылықтан құтқарды. Бірақ Алтай аймағына келген билеушілердің бар арманы Зуқа батырдың көзін құрту болатын. Түрлі әскер шығарып, Зуқаны ала алмаған Цзинь Шурен ақырында батырды айламен қолға түсіреді. Бұл туралы ғалым Халифа Алтай: «Үкімет Зуқаның қолында өсіп, ержеткен, Зуқа ауылының барлық сырын білетін Мажым дейтін саудагер дүнгенді пайдаланады. Мажым жастайынан жетім қалған қытай баласы екен. Зуқа қажының қайыр-шапағатына ие болу үшін өзін дүнгенмін деп таныстырыпты. Мажым ержеткен соң қаладан бұл, шәй сатып әкеліп естіген, білген хабарын, әсіресе ұлықтардың Зуқаға қарсы қолданбақ болған шараларын біліп келіп Зуқаға жеткізіп тұрады. Ақыры Сарысүмбедегі қытай ұлығына сатылған Мажым Зуқаның сарбаздары мен туыстарының ауылдан жырақ кеткен сәтін пайдаланып, 1928 жылы күз айларының бір түнінде 200 қаралы жазалаушы шеріктерді жасырын соқпақпен бастап келіп, ауылдың үстінен түсіреді де, өзі қашып кетеді. Жасанған жау жайбарақат жатқан ауылды тырп еткізбей басып алып, Зуқа батырды атып өлтіріп, басын кесіп әкетеді», – деп әңгімелейді.

Қазақты 30 жылға жуық уақыт қанатының астына қорғап, талай тар жол тайғақ кешуден аман алып шыққан Зуқа батырдың өлімі айналасындағыларға ауыр соққы болды. Батырдың Баян есімді кіші келінінің атасын жоқтауын Ыстамбұлда тұратын Шамшерқан ақсақал:

Бір дүңгенмен дос болдың,
Осыған неге бос болдың,
Біле тұрып атиім,
Белқұдыққа шет қондың,
Не көрсем өзім көрем деп,
Жұртыңның қамын жеп қондың.
Бесінде Дүңген келіпті-ай,
Қолынан бір шай беріпті-ай.
Қолынан шайды алғанда,
Қып-қызыл қанды көріпті-ай.
Қасында келген Қытайға,
Әтиім бір ат беріпті.
Дүнгеннің алдап жүргенін,
Жақия шошқа біліпті.
Екеуі аман барғанын,
Мадарың Ырым (İбрайім) көріпті.
Ұрдалып шыққан Мадарың
Сол күні түнде келіпті.
Қапыда басып қалың жау,
Әтиім шейіт болыпты, 
– деп жеткізеді. Зуқа батырдың кесілген басы Сарысүмбе қаласындағы Қыран Ертіс өзені үстіндегі көпірде ұзақ уақыт ілулі тұрды деседі. Тек кейін ұрпақтары енді қарсы шықпасқа серт беріп, сұратып алып, денесіне қосып жерлеген екен. Ал Зуқаға опасыздық жасаған сатқындар кейін батырдың сарбаздары тарапынан жазасын алды. Мажымның бас терісі сыпырылып, кеудесінен жүрегі қоса суырылып алынса, Жақияны иен далада ұстап алып өлтіріп, басын теректің бұтағына іліп кеткен екен. Ол теректің жанынан өткен қазақ Зуқа батырдың кегі үшін Жақияға лағнет айтпай алға қадам баспайды деседі…

Қазақтың амандығы үшін «түнде ұйықтамаған, күндіз отырмаған, қызыл қанын төгіп, қара терін ағызып, күшқуатын берген”, ұлтының мұң-мұқтажы, азаттығы жолында жеке бастың тыныштығын ұмытып, толассыз қызмет еткен батыр, шешен, би, қажы Зуқаның күреске толы ғұмыры осылай аяқталды. Біз, тәуелсіз Қазақ елінің кейінгі жеткіншектері Зуқа батырды Алаш зиялылары секілді, тәуелсіздікті бір табан жақындатқан өр рухты батыр ретінде танимыз, есте сақтаймыз…

Батырға қойылған ескерткіш

Марфуға Шапиян

islam.kz

Related Articles

  • ТӘҢІРІ ҚАЛАУЫ ТҮСКЕН ЖАН

    Мандоки Қоңырдың туғанына 80 жыл толуына орай «Тәңірі мені таңдады»  Мұхтар Мағауин Мандоки Қоңыр Иштван – отаны Мажарстан ғана емес, күллі түркі дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарындағы көрнекті тұлға. Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр оннан аса тілді еркін меңгерген, бұған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық санасын бойына дарытқан ғалым. Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде Шығыс пен Батыс­тың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Яки ол халықтар арасын жақындас­тырған мәмілегер, озықтарға ой салған көреген еді. Замана алға жылжыған сайын мерейтой иелері туралы айтылатын жайттар естелік пен өткен шақ еншісіне көшеді. Көзі тірі

  • Нұралы батырдың кесенесі  жөнінде

    Кейінгі кезде Нұралы батырдың кесенесі жөнінде әртүрлі әңгімелер шығып жүрген көрінеді. Оның бірі Моңғолиядан келген бір туысқанымыз басқа бір белгілі жерлесіміздің Нұралы батырдың зираты деп кигіз үй сияқты саман кірпіштен қаланған  әдемі зираттың жанына барып құран оқығанына куә болғанын келтіріпті. Ол жігіттің  көргені де, айтып отырғаны да шыңдық. Өйткені 1982 жылға дейін елдің көпшілігі, оның ішінде  мен де солай  ойладым. Әңгіме түсінікті болу үшін мен сол кездегі оқиғадан бастап баяндайын. Мен 1961 жылы Семейдің  мал дәрігерлік институтын бітіріп келдім. Мені  сол кездегі  С.М. Киров атындағы  колхозға мал дәрігері етіп жіберді. 1962 жылы бұл колхоз «Горный» совхозына айналды. Біз бала кезімізден: «Нұралы атамыздың зираты С.М Киров атындағы колхоздың жерінде орналасқан,   Бабамыз батыр болған кісі, ал оның жанындағы қабырдың  ұзындығы жеті кез, біздің  бабамыздан  да  асқан

  • Алыстағы ағайынның Атамекенге оралу жолын тұңғыш ашқан қазақтың қаһарман қызы

    Ол кім дейсіз ғой, турасын айтсам ол Сағат Зақанқызы. Тоқсаныншы жылдардағы алғашқы көш Моңғолия қазақтартарынан басталған. Сол көшті алғаш бастаған адам Сағат Зақанқызы. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Жарғақ құлағы жасттыққа тимей, сонау қиын-қыстау заманында алыстағы ағайындардың жолын ашқан осы адамды қазақтың қаһарман қызы атауымыздың өзіндік себебі бар. “Көш басшысымен көрікті”  “Көргені жақсы көш бастар”  дейді атам қазақ.   Осы екі ауыз сөздің астарына үңіліп қарасақ, онда, үлкен мән мағына бар екеніне көз жеткіземіз.       Бұрынғы ауыл көшінің өзінде, көш басшылары төрт түлік малдың өрісінің жағдайына қарай, әр мезгілдегі ауарайының өзгерісіне сай, көшіп қонуда бір басына жетіп артылар  үлкен жауапкершілік  жүктесе, Моңғолияда тұратын қандастарымыздың бір жарым ғасыр ғұмыр кешкен ел жерінен ,

  • КЕНЕСАРЫ ХАНҒА ТАҒЗЫМ

    Жүз елу жыл! Биыл Кенесары ханның шәйіт болғанына бір жүз елу жыл толды. Кенесары ғана емес. Наурызбай бахадұр сұлтан, Ержан сұлтан, Құдайменде сұлтан. Қыпшақ Иман батыр, Тама Құрман батыр, Дулат Бұғыбай батыр, Дулат Жауғаш батыр, Дулат Медеу би, қылыштың жүзі, найзаның сүңгісі болған тағы қаншама азамат. Қазақ Ордасының ең соңғы жарақты жасағында қалған үш мыңнан астам аламан. Бәрі де шәйіт болды.Кенесары ханның, оның ең соңғы жауынгер серіктерінің қасиетті қаны шашылған ақырғы сағатта төрт ғасыр бойы төре таңбалы қызыл туы желбіреген ұлы мемлекет Қазақ Ордасы шайқалып барып құлады. Алаш баласы сонау Үйсін, Ғұн, Түрік заманынан тартылған, Алтын Ордаға жалғасқан, Қазақ Ордасына ұласқан, Орталық Азия төсінде жиырма ғасырдан астам, ғаламат ұзақ уақыт

  • НКВД атқан ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР ҚЫЗЫ

    Сталиндік репрессия жылдарында Алаш қайраткерлерімен бірге атылған қазақтың қайсар қызы Шахзада Шонанова атылған қазақтың үш қызының бірі. НКВД жендеттерін Шахзаданың шыққан тегі шошытты, сондықтан айуандықпен әбден азаптап болғасын атып тастады. Сонымен Шахзада Шонанова кім ? Шахзада Аронқызы Шонанова-Қаратаева 1903 жылы Батыс Қазақстан облысы Сырым (Жымпиты) ауданында дүниеге келді. Әкесі Арон Қаратаев, алаш қайраткері, Ресей Думасына депутат болып сайланған Бақытжан Қаратаевтың інісі. Шахзаданың өзі Шыңғысханныі тікелей ұрпағы еді. Шахзаданың тегі былай: Шыңғысхан-Жошыхан-Тоқай Темір-Өз Темір-Өз Темір хожа Бадақұл ұғылан-Орысхан-Құйыршық хан-Барақ хан-Жәнібек хан-Өсік сұлтан-Қаратай сұлтан-Бисәлі-Дәулетжан-Арон-Шахзада. Шахзаданың анасының да тегі мықты, Бөкей ордасының ханы Жәңгірдің немересі Хұсни-Жамал Нұралыханова. Қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді мұғалима 1894 жылы Бөкей ордасында қазақ қыздарына арналған алғашқы мектеп ашты,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: