Ресей басылымдарының шулата жазған: «Майқұдықта қоңырқай тіршілік кешіп жатқан Светлана аяқ астынан, «Отандастарды көшіріп әкелу» бағдарламасы бойынша Калининградқа көшетін болды…», — деген ақпаратына көзім түскен еді. Мән бермеппін.
Жақында қоғамдық орында сыраға қызара бөртіп, даурыға сөйлескен екі жігіттің әңгімесіне құлақ түруге тура келді. Басты тақырып осы «Арқанкерген» оқиғасы жайлы еді. Екі жігіт те кезінде ішкі әскер қатарында қызмет жасап, демалысқа шығыпты. 2012 жылы «Челах ісімен» айналысқан екен. «Негізгі мәселе – «Арқанкергендегі» контрабандалық канал болатын. Ол жерден жылына миллиондаған доллардың тауары ішке заңсыз ағылып жатты. Бұл каналды – мемлекеттік үлкен шенеуніктің бауыры ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстады. Кейін, Кедендік Одақ құрылған соң, заңсыз арнаны жабуға орыстар да белсене кірісті. Бірақ нәтиже шыққан жоқ. Анығында, әлгі дәудің бауырына «тәйт» деуге біздегі министрдің ешқайсысының жүрегі дауаламады. Орыстар ештеңеге қараған жоқ. Бір түнде арнайы жасағын тікұшақпен жіберді де, бүтіндей бір заставаны қырып салды. Шекарашының ішінде славян тектес екі жігіт бар еді. Біреуі, Денис Рей, екіншісі Владимир Челах. Азиат тектестерді түгел қырып салды да, екі славян баласына тимеді. Қағазға жазылған сценарийді Челахқа әбден жаттатты. Басында Челах та мұндай «мойындаудан» бас тартқан еді. Бірақ әке-шешесін, артында қалған бауырларын түгел жоямыз деген соң, амал жоқ, айтқанға көнді. Осы уақытқа дейін жасалған баллистикалық, криминалистикалық, анау-мынау деген түрлі сараптамаларды мұқият қарап шықсаңыз да осыған көзіңіз жетеді. Жағдайдың дәл осылай өрбігенін біздің тергеу орындарымыз бен билігіміз баяғыдан біледі. Бірақ Челахты кінәлі етіп тану – біздің билікке де, Ресейге де өте тиімді еді. Сондықтан, Челахтың варианты жүзеге асты. Ал, Денис Рейдің қайда кеткенін ешкім білмейді…»- деп жатты. Мән бермесіме болмады. Есіме қайтадан Светлана Ващенконың аяқ астынан қоныс аударуға асыққаны туралы ақпарат түсе қалды. Бұл көшке көңіл аудармасқа болмайтын екі басты деталь бар еді. Оның бірі – Светлана Ващенко «Арқанкергенде» қаруластарын қырып салды» деп айыпталып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған Владислав Челахтың туған анасы. Екінші мәселе – Ресейдің «Отандастарды көшіріп әкелу» бағдарламасы бойынша көшіп келушілерді ең алдымен — Шығыс Сібірге, Сібірге, Орталық Ресейге орналастырады. Еуропаның төріндегі Калининградқа кез-келген кісіні жібере қоймайды. Калининградқа ауқатты, ақшалы адамдар қоныс аударады. Светлана секілді қарапайым әйел өз орнын тауып кете қоюы екіталай. Өйткені, Калининградта жұмыссыздық ең басты проблема. Яғни, Светлана Ващенко әлдебір күшке сүйенбесе, жылы орнын суыта салуға басқаша себеп жоқ. Оның үстіне, Светлана Ващенко ұлымен кездескенде, Владиславтың: «Мама, менің барлық кінәм — тірі қалғаным!» деген сөзі тағы да ойландырады. Сонда, «Арқанкергендегі» сұмдық жайлы әлгі қауесеттің рас болғаны ма? Әйтпесе, мәңгі қапасқа қамалған ұлына дені дұрыс ана айына-жылына қолдан тоқаш пісіріп тасып отырса да дәтке қуат емес пе еді?
Тоқтар Жақаш
Halyknews.kz
Пікір қалдыру