|  |  | 

Жаһан жаңалықтары Саясат

Путин мен Ердоған: Қақтығысқандарды мүдделер тоғысы құшақтастырды

“Халықтарымыздың жоғарғы мүдделерi мемлекетаралық қарым-қатынастарымыздың деңгейiн қалпына келтiрудi талап етедi”. Ресей президентi Владимир Путин Түркия президентi­мен бiрлесiп өткiзген баспасөз мәслихатында осылай дедi. Владимир Путиндi бес мәрте “қымбатты досы” есебiнде атаған Ережеп Ердоған: “Бүгiн мен және менiң қымбатты досым Владимир Путин қарым-қатынасымызды жақсарту мәселелерi бойынша бiрдей ұстанымда екенiмiздi көрсеттiк. Бiз екi елдiң әлеуетiн өңiрдегi тұрақтылық жолында пайдалануымыз керек” деп ағынан жарылды.

Жылға жетпес уақыт бұрын бiрiн-бiрi ата жауындай көрген саясаткерлердiң мұндай жүрекжарды лебiз­де­рiн ұғыну ә дегеннен қиын шаруа. Сөйтсек, бәрiне түрiк елiнiң тыныштығы мен бiртұ­тастығын бұзуға талпынған, сыртқы күштердiң қолдауына сүйенген Фетхуллах Гүлен дейтiн шал кiнәлi екен. Гү­леннiң нұсқауымен түрiк әскерилерi ресейлiк ұшақты атып түсiрген-мыс. “Бүгiн Фетхуллах Гүленнiң террорлық ұйымы мен олардың артында тұрған күштердiң сiз бен бiздiң қарым-қатынасымызды бұзып келгенiн бiлiп отырмыз”, – деген Ердоған “Владимир досына” мұңын шақты. Володяның да күткенi осы екен, “қос елдiң достығын” бiраз жырлады. Тоғыз ай бұрын “ту сыртынан пышақ ұрған” түрiк сұлтаны ендi Владимир Путиннiң “екi дос елдiң мүддесi жолында” иық тiрестiрер әрiптесi. Ердоған ресейлiк ақпарат құралдарында бұдан былай “терроршылардың жандайшабы” деп сипатталмайды, ал оның ұлының “ИМ” террорлық ұйымына мұнай сататыны туралы ұмытуға болады. Ендi орыстың бульдозерi “санкциялық соғыс” майданында түрiк қызанақтарын езгiле­мейтiн болады. Жақсы көру мен жек көрудiң арасы      бiр-ақ қадам, нақтырақ айтсақ, бiр ғана хат екенiн “тi­зер­леген Ресейдiң еңсе­сiн кө­терушi” Путин мен түрiк сұлтаны Ердоған тағы мәрте дәлелдедi.
Санкт-Петербургтегi сарайда Батыспен қарым-қатынастарын мүлдем нашарлатып алған, экономикалары тоқырауға ұшыраған екi елдiң президентi кездестi. Ре­сейдiң Батыспен неге қырғи-қабақ болғаны түсiнiктi, сондықтан бұған дейiн Еуроодаққа мүше болуға ұмтылған түрiк билiгiнiң Кремльмен ауыз жаласуға жүгiрген себеп­терiне тоқталайық.
Анкараны Мәскеумен жақындасуға экономикалық себептер мен Сириядағы жағдай және ондағы күрд мәселесi итермелеп отыр. Орыс-түрiк қарым-қатынасы ушыққанда салынған экономикалық эмбарго жеңiл өнеркәсiп, ауыл шаруа­шылығы, туризм секiлдi түрiк экономикасының ең маңызды салаларына үлкен соққы болды. Саяси дағдарысқа дейiн Ресей түрiк елiнде өндiрiлген азық-түлiк өнiм­дерiнiң ең басты импорттаушысы едi. Ал ресейлiк туристерден айырылып қалған Анталья жағалауы биыл соңғы 30 жылда болмаған туристiк дағдарысты бастан өткердi. Геосаяси тұрғыдағы ең маңызды фактор – Сирия, оның iшiнде сириялық күрдтердiң мәселесi. Сирияда президент Башар Асадтың әскерi мен “ИМ” содырларына қарсы күресте тәжiрибе жинақтаған, сан жағынан көп күрд жасағының пайда болғаны Анкараны мазалайтыны рас. Сол­түстiк Иракты бақылап отырған күрдтер мен Иран Түркияны Таяу Шығыстағы ықпалынан айыруы мүмкiн. Күрд жасақтарына Мәс­кеудiң қолдау көрсететiнiн Ердоған үкiметi жақсы бiлiп отыр. Бұл жағдайда Түркияның өзiнiң қақтығыс аймағына айналып кету қаупi күшейедi. Түркиядағы соңғы террорлық жарылыстар сол қауiптiң белгiсi iспеттi. Сондықтан түрiк сұлтаны бұл орайда тактикалық дос­тасуды таңдауға мәжбүр.
Ердоғанның Еуроодақ және АҚШ-пен жүз шайысып қалғаны бұл қадамды жылдамдатып жiбердi. Өз кезегiнде әлемдiк қауымдастықтан оқшауланып қалған Ресейге де жаман болсын, жақсы болсын өңiрлiк деңгейдегi одақтас, болмағанда әрiптес керек. Путин Ердоғаннан Сириядағы жағдайға қатысты көзқарастарын өзгертудi талап еткенi сөзсiз. Егер әскер саны жағынан НАТО-дағы екiншi ел санатындағы әрi Таяу Шығыс өңiрiндегi геосаяси маңызды ойыншы – Түркия Мәскеудiң дегенiне көнсе, Путин АҚШ пен Еуроодақты кiшкентай баланың танауынан шерткендей қылады.
Бұл кездесуде Путин Оңтүстiк Еуропаға табиғи газ таситын “түрiк ағыны” газ жобасының құрылысын жандандыру туралы да сөз қозғаған болар. Ресей үшiн Түркия бұл газ бағытындағы ең маңызды буын, бiрақ түрiк жағы күнi бүгiнге дейiн бұл жобаны талқылау деңгейiнен әрi көтермей келедi.
Аттас зарядтардың бiр-бiрiн тебетiн физика заңдарынан айырмашылығы саясатта ой-өрiсi, көзқарасы бiрдей билеушiлер мұндайда керiсiнше, бiр-бiрiне тартыла түсе­дi. Ердоған да, Путин де билiк басында кемiнде он жылдан артық отырған және саяси қарсыластарын аяусыз жазалайтын жандар. Күллi Ресейдiң билеушiсiне айналған Путиннен елiндегi Ататүрiк орнатып кеткен демократияны тұншықтырып жатқан Ердоған еш кем түспейдi. Керiсiнше, оңаша әңгiмеде Ердоған “Владимир досына” соншама адамды қысқа мерзiмде қалай түрмеге тоғытатынын мақтана айтып берген болар.
Осындай геосаяси ауқымдағы қос iрi тұлғаның ойындарынан Қа­зақстан президентiнiң пайда тапқысы келгенiн де атап кетейiк. Елдегi қазақ-түрiк лицейлерiн жабуды талап еткен Ердоғанға қырғыздар секiлдi тойтарыс берудiң орнына, Назарбаевтың “гүленшiлер анықталса елден қууға” уәде еткенi ерсi көрiнген. Кейiнiрек түрiк басылымдары Ердоған мен Путиндi қазақ президентi татуластырғаны туралы жазғанына қарап, Нұрсұлтан Назарбаевтың өзге елдiң басшысының алдында нелiктен осылай төменшiк­тегенi түсiнiктi болды. Бұл баяғы әлемдегi “татулық пен бейбiтшi­лiктiң” туын көтерген тұлға ретiнде тарихта қалуға жанталасқан пен­дешiлiк. Ал егер президент Назарбаевтың араағайындығы iске аспағанда не болар едi? Оны да жалаулатып жария етер ме едi, әлде орыс-түрiк қарым-қатынасы о баста ушыққан кездегiдей үнсiз қалар ма едi? Бiрақ Н.Назарбаевтың араағайындығы туралы билiктiң басыбайлы басылымдары жарыса жаз­ғанымен әлемнiң азулы ақпарат құралдары мен саяси сарапшылары оған мән де бермедi, бiр ауыз ләм-мим демедi.
Дегенмен “тарихи бауырлас елдердiң” бiр-бiрiне деген достық сезiмiн ғасырлар бойы қарумен, қара күшпен дәлелдеп келгенiн былай қойғанда, “Қасиеттi Русьтiң” патшасы мен дiни, ескiшiл Османлы империясын құруды көздейтiн түрiк сұлтанының достығы ұзаққа бармас. Гитлер мен Сталиннiң “мәңгiлiк дос” болғаны, бiр-бiрiн жеңiстерiмен “шын жүректен” құттықтағандары да есiмiзде. Бұл бiр-бiрiн жек көрсе де, қысыл-таяңда қалғанда тығырықтан шығудың барлық жолын қарастыратын қос билеушiнiң уақытша ымырасы. Ердоған қашанда Еуропаны Ресеймен бопсалап келдi. НАТО-ның мүшесi бола тұра Түркия ШЫҰ-ның мүшесi болуы мүмкiн, Түркия ЕуразЭО-на қосылуы мүмкiн деп мәлiмдегенiн еске алуға болады. Ердоғанның сондағы Батысқа бiл­дiрген емеурiнi: бiздi шеттете берсеңдер, басқалармен дос боламыз. Ендi қазiр Ердоған қайтадан “түрiк ағыны” газ жобасы туралы айта бастады. Бiрақ, күнi бүгiнге дейiн түрiк тарабы газ құбыры құрылысын бастауға түрлi кедергi жасап келедi. Бұл да – сол Батыспен ойынның түрi. Оны Путин де жақсы бiлiп отыр. Бiрақ қазiргi сәтте екi әпербақан билеушiге “жақсы жаудан жаман дос” артық болып тұр.
Әдiл ҰЗАҚБАЙ.
zhasalash.kz

Related Articles

  • Tridon Mk2 зениттік қондырғы

    Tridon Mk2 зениттік қондырғы

    Швеция мен Дания Украинаға арнап британ-швед өндірісіндегі заманауи Tridon Mk2 зениттік қондырғыларын сатып алуға бірігіп кірісті. Кешен әсіресе жақын қашықтықта ұшатын ирандық «Шахед» дрондарына қарсы ең тиімді қарудың бірі. Қазіргі уақытта Tridon Mk2 өз класындағы ең озық әуе шабуылына қарсы жүйе саналады. Tridon Mk2 зениттік қондырғысының басты ерекшелігі атыс қарқыны. Ол минутына 300 оққа дейін жаудыра алады. Осылайша әуе кеңістігіне енетін шағын дрондардың көзін жылдам әрі дәл жоюға мүмкіндік туады. Тағы бір артықшылығы атылатын 40-мм снарядтардың құны небәрі 27 долларды құрайды. Экономикалық тұрғыдан тиімді екенін дәлелдейді. Қару-жарақ саласындағы мамандар Украинадағы әскери қақтығыстарды ескере отырып, арзан әрі тиімді әуе қорғанысы қаруына сұраныс жоғары екенін айтады. Tridon Mk2 жүйесінде қолданылатын арнайы британдық

  • Тек тілге байланысты…

    Тек тілге байланысты…

    Қазақ Республикасында бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол- қазақ тілі. Қазақ тілінен басқа ешбір екінші тілге мемлекеттік мәртебе берілмеуі керек! Отыз жылдан астам уақыттан бері геосаяси ахуалды сылтауратып келдік. Енді біздің де мінезімізді һәм мысымызды көрсететін уақыт келді. ҚР-ның азаматы һәм салық тапсырушы қатардағы тұрғыны ретінде талап етемін! Алдағы бес жылда Қазақ Республикасында елеулі демографиялық өзгерістер болады. Атап айтқанда 2030 жылынан кейін қазақтардың республикадағы жалпы үлесі 80-85% ке дейін артады. Славян халықтарының өсімі азайып 10%-ға дейін түседі. Есесіне елдегі түркітілдес өзбек, татар, ұйғырлардың өсімі еселеп өсіп тіпті 10-15 жылда орыстардың орнын басып озуы мүмкін. Сол кезде Қазақ Республикасындағы жалпы түркітілдес халықтардың үлес салмағы 85-90% ке жетеді. Нәтижесінде қазақ мектептерінің саны,

  • Қызық…

    Қызық…

    1989 жылы Қазақ ССР-дың мемлекеттік тілі біреу, ол қазақ тілі болған. 2026 жылы Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл біреу, ол қазақ тілі болмақ. Мәселе, 37 жылдан бері публикацияға тіл туралы баптың 1- тармағын көрсетіп (қоғамдағы ұлтшылдықты басу үшін) ал ісжүзінде 2- тармақпен баса жұмыс істеуінде жатыр. 1989 жылдан бері қазақ тілінің құзіреті конституцияның күшінен көбірек қазақ ұлтшыларының инерциясының арқасында өркендеді. Өйткені қазақтілді орта урбанизацияланды, былайша айтқанда қаладағы мәдени аймақтарды қазақтілді ішкі миграция басып алды. Қазақша мектеп, бала-бақша, орта және шағын бизнес тб бәрі ішкі миграция мен урбанизацияның есебінде көбейді. Конституцияда мем-тіл қазақ тілі деп көрсетілсе де мем-жүйе 2-тармақпен жұмыс жасады. Ал кейбір мекемелер мен облыстардағы қазақ тіліне басымдықтың берілуі тікелей демографиялық

  • “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін. “Жаңа конституцияның” 9-бап 2-тармағы тұрғанда құжаттар ешқашан қазақша жасалмайды. Тек аударма тілі болып қалады. Себебі мемлекеттік бюрократия 9-баптың 2-тармағына сүйеніп, іс-қағаздарды орысша жасап үйренген. Сол себепті іс-қағаздың бәрі алдымен орысша жасалады, кейін қазақшаға қалай болса солай аударылады. Сол себепті 1-тармақтың болғаны қазақ тілінің нағыз мемлекеттік тіл мәртебесінде болуына еш көмектесе алмайды. Бір ғана жолы бар: конституцияда мемлекеттік тіл де, ресми тіл де – қазақ тілі деп тайға таңба басқандай жазылып тұруы керек. Құжаттың мемлекеттік тілдегі нұсқасының ғана заңды күші болуы тиіс. Сол кезде басқа тілдердегі нұсқасы жай аудармасы болады. Сол кезде ғана қазақ

  • Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

    Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

     Серік Ерғали Суреттер: aqmeshit-zhastary.kz, democrat.kz сайттарынан алынды. Ата Заң жобасының талқысы Қазақстандағы ең сезімтал, ең ұзақ талқыланып келе жатқан мәселенің бірі — мемлекеттік тілдің нақты мәртебесі. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылғанына отыз жылдан асты. Алайда қоғамдағы шынайы сұрақ әлі де ашық: қазақ тілі — басқарудың тілі ме, әлде символдық мәртебедегі тіл ме? Тіл мәселесі неліктен шешілмей келеді? Себебі біз ұзақ уақыт бойы тілге: – мәдени құндылық ретінде ғана қарап келдік; – оны мемлекеттік басқару тілі ретінде нақты бекітпедік. Нәтижесінде: – Конституцияда бір мәтін, – тәжірибеде басқа жағдай қалыптасты. Бұл қайшылық тілдің емес, конституциялық айқындықтың әлсіздігінен туындады. 9-баптағы басты түйін Жоба бойынша: 1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: