|  |  | 

Суреттер сөйлейді Тұлғалар

Мұхтар Әуезов – Әзірет Әлидің қырық бесінші ұрпағы (Фото)

Мұхтар Әуезов - Әзірет Әлидің қырық бесінші ұрпағы (Фото)

 23 сағат бұрын  2126 
 Марфуға ШАПИЯН

Бүгін қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ҚҒА академигі, халқына “Абай жолы” секілді теңдессіз роман сыйлап, ұлтын әлемге танытқан Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туған күні. Ол 1897 жылы Семей өңірінде, қазіргі Абай ауданында 28 қыркүйек күні дүние есігін ашқан. 

“Пушкиннің тегі – араб” дегенді жиі еститініміздей, аракідік Мұхтар Әуезовтің де аталарының араб екенін, руы қожа болғанын жазушы туралы кітаптардан оқып қаламыз. Бірақ жазушы бабаларының қазақ даласына қалай келгені, олардың кімнен тарайтыны жөнінде нақты мәліметті бәріміз біле бермеуіміз мүмкін. Міне, көкейімізді тескен осы сұраққа жауап іздеп, жазушының туған күні қарсаңында оның музей-үйіне қонаққа бардық.

Музей Алматы қаласындағы М.Төлебаев пен Абай көшелерінің қиылысында орналасқан. Кезінде жазушының өзі тұрған бұл үйдің айналасын ағаш көмкеріп тұрғандықтан, әдейілеп іздеп бармаған жан таппай да қалуы мүмкін.

Зәулім, көрікті, екі қабатты үй сыртынан қарасаң, көз тартарлық. Қабырғасында көшенің атауы мен нөмірі ілінген.

 Ал сыртында осы үйде жазушы Мұхтар Әуезовтің қай жылы тұрғандығы жазылған.

Ал үйдің арт жағынан келгенде ғимараттың ол заман үшін ғана емес, қазіргі дәуір үшін де қаншалықты көркем екенін байқауға болады.

1949 жылы Мұхтар Әуезов “Абай жолы” кітабы үшін Мемлекеттік сыйлық алады. Содан алған қаржылай сыйлығына осы жерді сатып алған екен. Үйдің жобасын Абай атындағы опера және балет театрының архитекторы Г.Герасимов сызған әрі кей жерлеріне жазушы да өз үлесін қосып отырған. Үй 1949 жылы салына басталып, құрылысы 1951 жылы аяқталған.

Бізді экскурсия жетекшісі Шәрбан Жашибекова апайымыз күтіп алып, даңқты жазушының табанының табы қалған табалдырықтан аттатып, ішке қарай кіргізді. Көз алдымыздан өзге әлемнің есігі ашылғандай болды. Үйдің астыңғы қабатында – 4, үстіңгі қабатында үш бөлме бар. Біз алдымен Мұхаңның қонақ күтетін шағын бөлмесіне кірдік. Өйткені, жазушының өзі жекелеген қонақтарын сол бөлмеде қабылдаған екен.

Бөлмеде қонақтар отыратын жұмсақ дивандар мен үстелден басқа, фортепьяно да тұр. Бұл аспапта Мұхаңның өзі ойнай алмаса да, оған келетін қонақтардың арасында әншілер мен музыканттар болғаны белгілі. Жазушы жақсы тыңдаушы болса керек. Өйткені бұл үйде әнші Күләш Байсейітова, Жамал Омарова, ағайынды Абдуллиндердің қонақта болғаны туралы деректер бар.

Назарымызды тағы бір аударған дүние үй қабырғаларына ілінген әдемі картиналар болды. Мұхаң сурет өнерін де ерекше ұнатса керек. Әр картина талғаммен таңдалған. Әрі көпшілігі белгілі суретші Орал Таңсықбаевқа тиесілі екен.

Әрі Мұхтар Омарханұлының Жапония, Үндістанға саарлары барысынан алып келген ескерткіштері де үйдің сәнін келтіріп тұр.

Бұл бөлмеде үлкен қонақасылар беріліп, көптеген қонақтар күтілген. Мына үстелді созғанда 30-ға жуық адам сияды екен.

Ал мынау жазушының қарындасы Үмияның бөлмесі. Үмия күйеуі мен балаларынан ерте айрылып, ағасымен бірге тұрған екен. Бөлмедегі үлкен, әдемі сандықты кезекті бір мерейтойында Әуезовке колхоз жұмысшылары сыйлап, ол оны қарындасына тарту етіпті.

Ал Үмия апамыздың бөлмесіндегі діни белгілері бар мына суреттер бізді, мазалап жүрген сұрағымызға қайта алып келді.

 

Сұрауды ұмытпадық. Ойлағанымыздай даңқты жазушының музей-үйіне сапар біздің Әуезов туралы білетінімізді бұрынғысынан да толықтыра түсті. Әсіресе, жазушының шыққан тегіне қатысты деректерге қаныға түстік. Мұхтардың бабаларының қоныстанған өңірі Түркістан қаласының маңайы екен. Оларды Шығыс өңіріне, оның ішінде Семей топырағына халқының діннен алыстап бара жатқанына уайымдаған Кеңгірбай би аттай қалап XVIII ғасырда: “Біздің елге дін үйрет” деп шақыртып алып, өз жанынан қоныс беріпті. Міне, осыдан бастап Тобықты руы діннің кей мәселелерін Әбдіқожадан, кейін оның баласы Бердіқожадан сұрап, үйреніп, отырған.

Ал ата-бабаларының Түркістан жеріне қалай келгені туралы жазушының ұлы Мұрат Әуезов былай деп жазады: “Әкеміздің өзі де біздің ата-бабаларымыз кезінде арабтың шөл даласынан келген” деп отыратын. Ол кісі өз балаларына, оның ішінде бауырым Ернар екеумізге жеті атамызды Мұхтар, Омархан, Әуез, Бердіқожа, Әбдіқожа деп үйрететін. Әкем бір естеліктерінде бала кезінде үлкен қолжазба көргенін айтады. Оның ұзындығының өзі сегіз метрге жуық болған екен. Ол атадан балаға мирас болып қалып отырған бабаларымыздың шежіресі көрінеді. Шежіреге қарағанда, әкеміз Әзірет Әлидің қырық бесінші ұрпағы болады. Арғы атамыз Бақсайыс – жиырма үшінші ұрпақ. Әзірет Әлидің Мұхамед-Қанафия атты ұлынан біз тараймыз. Қожалар XVIII ғасырда өздерінің рухани міндетін жақсы атқарған. Олар саналы түрде адамдарын жан-жаққа, соның ішінде Солтүстік Үндістан, Шығыс Түркістан, Қытай өлкесіне, Кавказ жеріне жіберген. Сол уақыттары қожалар Қазақстанның да көп бөліктеріне келген. Олардың мақсаты – күшейген Батысқа қарсы жергілікті халықтың рухын көтеру, дін тарату болған. Бабаларымыз Аягөзге көшіп келгеннен кейін Құнанбай өзінің балаларын қожалардың ұрпақтарымен араластырып, достастырып отырған. Құнанбай өзі Әуез атаға құрмет білдіріп “Әу қожа” деп атаған екен. Өзі қажылықтан қайтқанда атамызға таза асыл тастан таспиық, жайнамаз және Құран кітап әкеліп берген. Әуез атамыз қайтыс болғанда өз өсиеті бойынша сол таспиық қабіріне салыныпты”.

Өткенге сәл саяхат жасап, тарихқа қанығып алдық та, жазушының үйіндегі экскурсиямызды ары қарай жалғастырып, Мұхаңның жұмыс кабинетіне кірдік. Қабырға толы иін тірескен кітап.

“Кітап атаулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады” деген Мұхаңның мына кітапханасында алты мыңға жуық кітап бар деседі. Ал кабинеттің бұрышындағы мына бір кішкентай бөлме жазушының достарымен ой, пікір жарыстыратын жері болса керек.

Қазір кеңінен таралып кеткен “Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім” деген қанатты сөз де осы бір ұлы жазушыға тиесілі.

Жұмыс үстелінде жатқан жазушының қолжазбалары Мұхаңның тиянақты адам болғанын айғақтайтындай.

Екінші қабатқа көтерілдік. Мұнда негізінен жатын бөлмелер орналасыпты. Бірінші бас сұққанымыз Мұхтар Омарханұлы мен Валентина Николаевнаның жатын бөлмесі болды. Қос төсек, шифонер, айна – бұл бөлменің негізгі жиһаздарының бірі. Шифонерде Мұхаң киген киімдер күні-бүгінге дейін ілулі тұрғанын көрдік.

Ал мынау Мұхаңның сүйікті қызы, Дінмұхамед Қонаевтың келіні Ләйланың бөлмесі. Ләйла әкесі өмірден өткеннен кейін 30 жылға жуық уақыт осы музейдің директоры қызметін атқарды.

Мына бөлмеге көз жүгірткен адам жазу үстелі мен кітаптарға, құстардың мүсіндеріне қарап, ғалымның бөлмесі екенін бірден аңғарса керек. Өйткені бұл бөлме жазушының ғалым ұлы, Алакөлдің шағаласын тауып, оны ғылыми айналымға енгізген Ернардың бөлмесі. Осы үстелде Мұхаң атақты “Абай жолын” бітіріп, кейін ұлына сыйға тартқан екен.

Ал мына жерде жазушының көзі тірісінде шатыр әрі гараж болған. Бүгінде бұл музейдің бір бөлігі.

Ішінде жазушы өмірінің әр кезеңінен суреттер, кітаптар, киімдері тұр.

Ал есік алдындағы мына жаңғақ ағашын кезінде Мұхаң өз қолымен отырғызыпты. Талай жылдан бері жеміс беріп келе жатқан бұл ағаштың жаңғағынан дәм тату бақыты бізге де бұйырыпты.

Музей қызметкері ұсынған қос жаңғақты қуана қалтамызға салып алдық. Неге екенін, жазушының артында қалған мол мұра, том-том романдары мен әңгімелері, ғылыми зерттеулері маған осы жаңғақ ағашындай елестеді. Оның мол мұрасының жемісін кешегілер де жеді, бүгін бізге бұйырды, келешек ұрпақтың да талай дәм татары хақ…

Islam.kz 

Related Articles

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Шағын сараптама:Шыңжаң өлкелік үкіметі, шетелге оқушы жіберу жұмысы

    Шағын сараптама 1934-35 жылы жаңа Шыңжаң өлкелік үкіметі құрылған соң шетелден оқу, шетелге оқушы жіберу жұмысы кешенді жүзеге асты. Соның негізінде өлкелік үкімет Совет Одағынан оқитын жас талапкерлерге конкурс жариялап арнайы үкіметтің оқу стипендиясын бөлді, нәтижесінде 1935-39 жылдары ұзын саны 300-ге тарта студент Совет Одағында білім алды. 1935 жылдары Шығыс Түркістандық студенттердің ең көп оқуға түскен білім ордасы- Ташкендегі САГУ еді, атап айтқанда Орталық Азия Мемлекеттік Университеті. Ташкеннен оқыған Шыңжаңдық студенттер Шығыс Түркістанның барлық аймақтарында түрлі қызметте жұмыс істеді, оларды кейін “Ташкентшілдер” деп те атады. 1939 жылдан кейін Мәскеу мен Шыңжаң өлкелік үкіметтің арасы дипломатиялық дағдарысқа ұшырады, соның кесірінен ресми Үрімжі Совет Одағы құрамындағы студент азаматтарды елге шақыртып алды. Білім

  • ТӘҢІРІ ҚАЛАУЫ ТҮСКЕН ЖАН

    Мандоки Қоңырдың туғанына 80 жыл толуына орай «Тәңірі мені таңдады»  Мұхтар Мағауин Мандоки Қоңыр Иштван – отаны Мажарстан ғана емес, күллі түркі дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарындағы көрнекті тұлға. Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр оннан аса тілді еркін меңгерген, бұған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық санасын бойына дарытқан ғалым. Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде Шығыс пен Батыс­тың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Яки ол халықтар арасын жақындас­тырған мәмілегер, озықтарға ой салған көреген еді. Замана алға жылжыған сайын мерейтой иелері туралы айтылатын жайттар естелік пен өткен шақ еншісіне көшеді. Көзі тірі

  • Чунциндегі кездесу

    Тарихи сурет Уақыты: 28 тамыз 1945 ж.; Орыны: Чунцин (重慶) қ-сы; Түсініктеме: Тарихи суретте АҚШ-тың қытайдағы өкілетті елшісі Патрик Херли және Қытай президенті Чан Кайши мен ҚКП төрағасы Мао. Чунциндегі кездесу кезінде диалогқа келе бастаған қытайлық партия өкілдері алпауыт ел АҚШ пен Совет Одағының “қытай саясатын” жаңа дағдарысқа әкелді. Көріністе азаматтық соғысты тоқтатып бүкілқытайлық мәселені шешу болғанымен үлкен қастандықтың басы содан басталды. Алпауыт тараптар қытай картасын өзгертетін жаңа диалогтарды қызу талқылап жатқанда Шығыс Түркістан аумағында бір уақытта үш бірдей уақытша үкімет өмір сүрді. Олар: Бірінші, отставкадағы Шэн Шицай кланы; Екінші, Ву Чжунсинның уақытша үкіметі; Үшінші, Шығыс Түркістан уақытша үкіметі. АҚШ-тың қытайдағы өкілетті елшісі Патрик Херли Шығыс Түркістан аумағын назарға ала

  • Нұралы батырдың кесенесі  жөнінде

    Кейінгі кезде Нұралы батырдың кесенесі жөнінде әртүрлі әңгімелер шығып жүрген көрінеді. Оның бірі Моңғолиядан келген бір туысқанымыз басқа бір белгілі жерлесіміздің Нұралы батырдың зираты деп кигіз үй сияқты саман кірпіштен қаланған  әдемі зираттың жанына барып құран оқығанына куә болғанын келтіріпті. Ол жігіттің  көргені де, айтып отырғаны да шыңдық. Өйткені 1982 жылға дейін елдің көпшілігі, оның ішінде  мен де солай  ойладым. Әңгіме түсінікті болу үшін мен сол кездегі оқиғадан бастап баяндайын. Мен 1961 жылы Семейдің  мал дәрігерлік институтын бітіріп келдім. Мені  сол кездегі  С.М. Киров атындағы  колхозға мал дәрігері етіп жіберді. 1962 жылы бұл колхоз «Горный» совхозына айналды. Біз бала кезімізден: «Нұралы атамыздың зираты С.М Киров атындағы колхоздың жерінде орналасқан,   Бабамыз батыр болған кісі, ал оның жанындағы қабырдың  ұзындығы жеті кез, біздің  бабамыздан  да  асқан

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: