МОРАТОРИЙДЕН МӘН КЕТКЕЛІ ТҰР
Бүгін, 2-қарашада Алматыдағы ЛА 155/18 тергеу абақтысында Алматыда теракт ұйымдастырып, 10 адамның өмірін қиған Руслан Күлекбаевқа қатысты сот үкімі шықты. ҚР Қылмыстық кодексінің оншақты бабымен сотталушы Р.Күлекбаевқа өлім жазасы кесілді. Қазақстанда өлім жазасын шексіз мерзімге тоқтатқан мораторий 2003 жылдың желтоқсан айында енгізілген. Енді билік қандай қадам жасайды? Еуропа алдындағы гуманистік понты сақталып қала ма, әлде мораторий тоқтатылып үкім орындала ма?
Өз басым Руслан Күлекбаевты ақтамаймын. Бірақ оның қылмысын террористік әрекет деп бағалау біртүрлі сенімсіз. Жалғыз адам полиция басқармасына басып кіріп әлденеше полиция қызметкерін өлтіреді. Әлемдік деңгейде терроризм адамдарды кім екендігіне қарамастан қыра беруді білдіреді. Ал Күлекбаев тек полицияға өшіккен. Яғни оның қылмыстық мотивациясы полиция тарапынан жасалған әлдебір әділетсіздікке байланысты сияқты. Бәлкім бұл жазықсыз мойнына жезөкше әйелдің өлімін арта салған әділетсіздіктен туындаған әрекет пе деймін. Өйткені, Р.Күлекбаев өлім жазасын ауыстыру жөнінде тіпті өтініш те жасамаған.
Полицияға адамдарды өшіктірмейтіндей адал қызмет етуі қажет. Құқық қорғау органдары өз қызметкерлерінің адамдарды басыну, қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану, жазықсыз жандарға әлімжеттік жасау, ведомстволық мүдделестік, т.б. жөнсіздіктеріне жол бермеу жөнінде насихат шараларын көбірек жүргізгендері дұрыс деп есептеймін!
Пікір қалдыру