|  |  |  | 

Сұхбаттар Тарих Қазақ шежіресі

Әубәкіров: «Қазақстан мені ғарышқа ұшыру үшін СССР-ден кеш шықты»

Ғарышкер-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров. Алматы, 26 қазан 2016 жыл.

Ғарышкер-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров. Алматы, 26 қазан 2016 жыл.

Тоқтар Әубәкіров ғарыш жайлы, «Протон» туралы және 1990 жылдардағы ұшақтарды айдап әкету жөнінде айтты.

Азаттық Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз адамдар» жобасында 1990 жылдардан бастап осы уақытқа дейін беделді, қоғамдық пікірдің жетекшісі болған саясаткер, музыкант, журналист, экономист, әртіс және танымал БАҚ өкілдерінен сұхбат алады.

Жоба кейіпкерлері жаңа мемлекетте адам ретінде және маман ретінде алдына қандай мақсат қойғанын, 2016 жылы оның нәтижесі қандай болғаны туралы баяндайды.

Жобаның 11-сериясында тұңғыш ғарышкер қазақ және Қазақстан әскери-әуе күштерінің генерал-майоры, Қазақстанның қорғаныс жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының бірінші орынбасары, оппозициялық «Азат» партиясының бұрынғы мүшесі Тоқтар Әубәкіров қазақстандық армияның құрылуы, жалтақ оппозиция және Солтүстік Кореяға ұшақтардың сатылуы туралы баяндайды.

«ҚАЗАҚСТАН – ТАСҚА АЙНАЛУЫ КЕРЕК БІР ТҮЙІР ҚҰМ»

Пётр Троценко: – Совет Одағының ыдырауын қайда және қалай қарсы алдыңыз? Геосаяси жағдайларға байланысты ғарышқа ұшпай қаламын деп қорықпадыңыз ба?

Тоқтар Әубәкіров: – Бұрынғы СССР тараған соң болжауға келмейтін жағдайлар орнауы мүмкін еді. Бірақ Қазақстан СССР-дан ең соңғы болып шықты. Назарбаевтың республика тәуелсіздігін жариялауды неліктен ұзаққа созғанын жақында ғана түсіндім. Ерте шығып кеткенде, ғарышқа ұшпауым да мүмкін еді.

 ​Вячеслав Половинко: – СССР-мен бірге бүкіл әлем күйрейді деген сезімде болмадыңыз ба?

Тоқтар Әубәкіров: – Жоқ. Бірақ біз тәрбиеленген, қорғаған және өмірімізді беруге даяр болған мемлекеттің күйреп жатқанын түсіндім. Аяқ астынан «сендер боссыңдар» деді. Сол сәтте көбіміз қолда бардан айрылғандай болдық. Бірақ мен Қазақстанның байырғы тұрғыны ретінде, қазақ ретінде отаным бар екенін, сонда барып тәуелсіз республика құруға көмектесетінімді ұқтым. Қазақстанның бір түйір құм ғана екенін түсіндім. Бұрын ол жағажай еді, мемлекет болатын, енді оған ешкім тиісіп, ренжітпеуі керек болды. Оның үлкен тасқа айналуы қажет еді. 1990 жылдардың басында билікте болған адамдар энтузиазистер болды деп ойлаймын, солардың күш-жігері арқасында Қазақстан постсоветтік кеңістікте ең бір ықпалды мемлекетке айналды.

Пётр Троценко: – СССР тарап жатқанда ғарышқа ұшуға дайындық қалай жүрді?

Тоқтар Әубәкіров: – Президент Назарбаев Байқоңырдан ұшатын бірінші ғарыш кемесінде қазақ мінуі керек деген қатаң шарт қойды. Мені таңдап алды. Медициналық сұрыптаудан, мемлекеттік комиссиядан өттім, кім екенімді, не үшін жүргенімді тексерді, содан соң мені ғарышкер ету туралы шешім қабылданды. 1991 жылы сәуірдің 2-сі күні дайындыққа кірістім. Совет Одағы құлаудың алдында тұрды, ары қарай бәрі басқаша болып, ұшпай қалуым мүмкін еді, сондықтан бәрін тездеттік. Үлгеру үшін қысқа мерзім тағайындалды.

Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқан кезі. 10 қазан 1991 жыл.

Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқан кезі. 10 қазан 1991 жыл.

 

Вячеслав Половинко: – Советтік кезеңде ғарышкерлер қаһарман саналатын, ер балалар соны армандады, ал 1990 жылдары, әсіресе бастапқы жылдары қаһармандық сипаты өзгерді, кәсіпкер болу арман болды. Ғарышкерлік Совет Одағы тұсындағыдай романтика емес деген ой сізді қапаландырмай ма?

Тоқтар Әубәкіров: – Ғарышкерлік өсіп келе жатқан ұлдар мен қыздардың қиялын тербемейді деген ой келген емес. Әрине, адамдар романтиканы жинап қойып, күнкөріс қамын ойлап кеткен кезде ғарышқа қызығу азаятынын түсіндім. Сол кезде білім алған балаларға оның бәрі ықпал етті, табиғаттың сұлулығын көре алмады. Олар сабақ оқуы керек болды, сыныпта пальтомен отырып, қарындашпен жазды, қолдары тоңды.

Мұғалімнің бір ойы сабақта, бір ойы отбасын асырау болды, оларға өлместің күнін көретіндей жалақы берді. Ол уақыттан өттік, қазіргі балалар бір кездегі біз сияқты қиялдайды, ғарышкерді көрсем деп армандайды. Мектептер мен институттарға келіп дәріс оқып, әңгімелескен соң екі сағат суретке түсіп, қолтаңба беремін.

Әрине, елдің бәрі бірдей ғарышкер болғысы келмейді, әлемдік саясат ол бағытта жұмыс істеп жатқан жоқ. Адамзат ойлап тапқан жаңа технологиялармен ғарыш пен ғарышкерлікті насихаттау керек. Әлі күнге дейін жаңаның бәрін ғарыштан аламыз. Мысалы, біз ғарышта кристалл өсірсек немесе қандай да бір биологиялық өнім алсақ, олар жердегіге қарағанда қуаттырақ, динамиканы жақсы көтереді. Сондықтан да ғарыш – бізді құтқаратын күш.

«ҚАЗАҚСТАН ЕШТЕҢЕ ӨНДІРМЕДІ, ТІПТІ АСТАУ ДА ЖАСАМАДЫҚ»

Пётр Троценко: – СССР тараған соң Қазақстанға қандай жағдайда оралдыңыз? Ресейде ұшқыш-сынақшы ретінде жұмыс істеу мүмкіндігіңіз зор еді.

Тоқтар Әубәкіров: – Жарамның аузын тырнама деген сөз бар. Әрине, мен кәсіби ұшқыш-сынақшымын. Өмір бойы сонымен айналыстым, бірақ бәрін тастап елге оралдым, Қазақстанда осыған дейін мемлекеттік салаға қамтылмаған құрылымды құруға келдім. Бұл тұрғыдан алғанда Совет Одағы өте ақылды әрекет етті, әр одақ республикасында блоктары болды: мына жерде – авиация, ал ана жақта – ғарышкерліктің бір бөлігі.

Украина сияқты еуропалық елдерге бәрін салды, себебі Ресей мен Украина – біртұтас ел, ешқашанда бөлінбейді деп ойлады. Одақтағы азиялық мемлекеттер шеттетілді – бізде тек ауылшаруашылық мәселесі көтерілді, қалғанын жылы жауып қойды. Міне, Қазақстанда Менделеев кестесінің бәрі бар, бірақ Жезқазған, Өскемен және Қарағандыда жартылай фабрикат фабрикалары ғана істейді. Олар бәрін өндірді, бірақ қалғанын басқа елдерде жасады. Қазақстанда соңғы өнім жасалмады, тіпті астау да жасамадық. Техникалық сауатты адамдар Қазақстанға оралып, соны істеуі керек еді. Мемлекетте өнеркәсіп болмаса, ол өмір-бақи сұрамшақтанып, тіленіп өтеді.

Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ-27» ғарыш кемесінің халықаралық ғарыш станциясымен түйісу сәтін бақылап отыр. 1998 жыл.

Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ-27» ғарыш кемесінің халықаралық ғарыш станциясымен түйісу сәтін бақылап отыр. 1998 жыл.

 

Вячеслав Половинко: – Сонымен сізді шақырып алды ғой.

Тоқтар Әубәкіров: – Президент маған өте қажетсің деді, кәсіби әскери маманмын, армияны құру қажет болды. Бәрі құрып, одақтас республикалар өз бетімен кеткенде бізде жүрген мыңдаған әскерилер өз отандарына қайтты. Оларды тоқтату керек болды, себебі советтік кезеңде ұлты азиялық жігіттерді тек құрылыс батальонына алды. Әскери кафедрасы жоқ, жоғары оқу орнын бітіргендер ғана өсе алды. Қалғандары күрек пен сүймен ғана ұстады. Сондықтан кадрлік офицерлер Совет Одағының әр еліне таратылатын, әскери бөліктерде қалатын. Мысалы, Ресейде тәртіп қатал болды, советтік заңның өзі қашқындық үшін атып тастайтын. Ол жақтан ешкім кете алмады. Ал Қазақстанда, мемлекеттік машина жұмыс істемей тұрғанда, әскери күштер ағылып кетіп жатты, оны тоқтату керек болды. Осы жігіттерге үміт сыйлайтын, бәрінен құр қалдық деп ойлаған офицерлерге сенім беретін заңнама қабылдадық. Оларға тұрған пәтерін жекешелендіріп бердік. Екіншіден, қанша қиналсақ та, оларды толықтай киіндіріп, жақсылап тамақтандырдық. Ең бастысы: туыстары шетелде тұратын әскерилердің ол жаққа жылына бір рет тегін ұшып барып-келуіне жағдай жасадық.

Пётр Троценко: – Ол кезде заңмен жұмыс істедіңіздер ме?

Тоқтар Әубәкіров: – Заңнамамен де жұмыс істедік, Жоғары кеңес трибунасынан сөйлеп, әскери қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын айтқан алғашқы әскерилердің бірі мен шығармын. Өзіміз ұсынған заң жобаларын қорғай алдым. Оның бәрі қарулы күштердің жөңкіліп кетуін тоқтатты деуге болар.

Вячеслав Половинко: – Нәтижесінде армия қанша пайызға жаңартылды? Сол кезде армиядан қанша әскери кетті?

Тоқтар Әубәкіров: – Олар кетіп жатты, бірақ бізге сонша көп адам керек те емес еді. Мемлекет тұрғындары санының бір пайызы әскери күште болса, жеткілікті. Ешкіммен соғысу жоспарымызда жоқ, бейбіт заманда барлық мемлекетте армия халықтың бір пайызын құрайды, соғыс алдында – бес, соғыс кезінде он пайызға жетеді. Сол бір пайызды сақтауға тырыстық, Ауғанстаннан 40-армия оралды, адамдар жеткілікті болды. Олардың арасынан лайықтыларын таңдауды бастадық.

Пётр Троценко: – Қалғандары отставкаға кетті ме?

Тоқтар Әубәкіров: – Қалғандары өздері кетті. Кетіп жатқандарды ұстамадық, қалғандарына: «Сен бізге әскери ретінде қажетсің, өзіңді жақсы жағынан көрсеттің, сондықтан қажетіңнің бәрін береміз» дедік. Қазақстандағы адамдардың бәрімен осылай жеке сөйлесіп шықтық десек болар. Күні-түні мен ғана емес, қорғаныс министрінің барлық орынбасарлары, департамент басшылары ел кезіп, адамдармен кездесті.

Вячеслав Половинко: – Ұсыныстан бас тартқандар болды ма?

Тоқтар Әубәкіров: – Әрине. Басқалар да жақсы ұсыныс жасады. Мысалы, бизнесмен офицерге «сен маған керексің, осынша төлеймін» дейді. Ол не үшін қалуы керек?

Вячеслав Половинко: – Отан алдындағы борыш дегендей.

Тоқтар Әубәкіров: – Ол әскерилер басқа мемлекетте ант берген. Қазақстан алдындағы антын кейін жаңартатын еді. Алдымен өтінді, кейін бәрін жаңа ант беруге мәжбүрледі.

Пётр Троценко: – Сол кезде армияда жалпы көңіл-күй қандай еді? Маман офицерлердің қызмет орнынан кетіп, отанына оралғанын айтапағанда?

Тоқтар Әубәкіров: – Армияда түрлі ойлар болды. Жоғарыдағылар бәрін қарғап, кез келген әрекетке дайын болды. Бірақ Ельциннің Ресей билігіне келгені тежеуіш болды. «Президентке сай келмейтін» қылықтары болса да, ол адамдар арасында танымал еді. Оның үндеулері, қызып алып айтқан ұрандары Ресей ұлы держава болады деген үміт тудырды. Ұлы держава деген сөз басқаларға менсінбей қарауға жетелейді. Германия, Италия, Испания сол жағдайды бастан өткерді. Қиын кезеңде ұлтты отансүйгіштік және ұлтшылдық сезімдер біріктіреді.

Пётр Троценко: – Ол Ресейде болған жағдай ғой. Қазақстанда ше? Назарбаев не істеді?

Тоқтар Әубәкіров: – Бізде бәрі басқаша болды. Қолымызда барды сақтап қалуға тырыстық, ал ана жақта оларда бәрі бар, жасап жатыр деді. Армия Назарбаевтыкі емес, Совет Одағыныкі еді, оның мұрагері Ресей болатын. Өз армиямызды құра бастадық, өз антымыз болды. Бас қатыруға уақыт болмады, саналы түрде келдің бе, уәдеге сендің бе, басқа ойға берілмеу керек. Ұлты қазақ офицерлердің көбін бағдарын анықтай алмай жатқан елдерден шақырып алдық. Қазір қолбасшылықта отырғандардың көбін өзім Ресейдің әр жерінен шақырып алғанмын. Олар біздің үмітті ақтады деп айта аламын.

«МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚАЖЕТСІЗ ҚАРУДЫ САТУҒА ХАҚЫ БАР»

Вячеслав Половинко: – Сұхбатқа дайындалған кезде «Хабар» арнасынан сөйлеген сөзіңізді естідім, онда «1990 жылдары Қазақстаннан ұшақтарды айдап әкетті» депсіз. Шынымен солай болды ма?

Тоқтар Әубәкіров: – Иә, ол рас. «МиГ-29» ұшақтар полкы Шымкенттен оқу-жаттығу деп көтеріліп, Ресейдің Краснодар аймағына кетіп қалған. Ешқандай шу көтермедік, президентке хабарладық, сырты істер министрлігі арқылы Қазақстанға тиесілі ұшақтарды қайтаруға тиіс еді. Әрине, адамдар кетті. Ресей олардың әрекетін қалай қабылдады – қылмыскер деді ме, ұшақ ұрлаушы деді ме, әлде патриот санады ма – өздерінің ісі. Біз ұшақтарды қайтаруға тырыстық. Оның орнына басқа жеңілдіктер алдық.

 ​Вячеслав Половинко: – 1990 жылдардың соңында ұшақтарға қатысты тағы бір үлкен дау болды ғой. Жойғыш ұшақтарды Солтүстік Кореяға сату ісін айтамын. Сіз оған қалай қарадыңыз? Сол кезде қатты шу көтерілді, қорғаныс министрі мен ҰҚК төрағасы қызметінен кетті.

Тоқтар Әубәкіров: – Оны әлемнің барлық саясаткерлері айтып, жазып тастады. Істен шыққан «МиГ-21» ұшақтары болатын. Әр мемлекет қажетсіз қаруын сатуға құқылы. Қазақстан да сол құқығын пайдаланды, бірақ оны біреулер ұнатпай, шу көтерді.

Вячеслав Половинко: – Солтүстік Кореяға бірдеңе сатуға бола ма деген мәселе ғой.

Ресей сол кезде Солтүстік Кореямен дос болды, қазір де жақсы араласады, сондықтан Қазақстанның әрекеті заңды.

Тоқтар Әубәкіров: – Онымен қарым-қатынасымыз жақсы болса, неге сатпасқа? Ол кезде қандай да бір блокқа кіріп, міндеттер қабылдасақ, онда құқығымыз болмайтын еді. Бірақ Ресей – ежелден біздің үлкен әріптесіміз, «қиын сәтте бір-бірімізге көмектесеміз» деп жазбаша кепілхат бергенбіз. Ресей сол кезде Солтүстік Кореямен дос болды, қазір де жақсы араласады, сондықтан Қазақстанның әрекеті заңды деп санаймын.

Вячеслав Половинко: – Екі шешен соғысында Ресей Қазақстан армиясынан көмек сұрады ма?

Тоқтар Әубәкіров: – Шешенстан мен Ресейдің картасын қараңыз. Қолданыстағы барлық Ресей әскерін төртеуден сапқа тұрғызып, Шешенстанға кіргізсе, оларды сыйдыратын жер болмас еді.

Вячеслав Половинко: – Бірақ 1996 жылы Ресей жеңілді ғой.

Тоқтар Әубәкіров: – Жеңілген Ресей емес, олақ басшылар Ресейді ұятқа қалдыра жаздады. Тек Путин келген соң ғана Ресей өзінің кім екенін және онымен ойнауға болмайтынын көрсетті. Басын бастаған соң сөзімді жұтпайын, Путин солай айтты. Ол жарады. Мен оны құптаймын.

«ПРОТОННЫҢ» СӘТСІЗ НҰСҚАЛАРЫ ЗОР ЗИЯН КЕЛТІРЕДІ»

Пётр Троценко: – 1990 жылдары ғарышты игеру жөнінде президенттің көмекшісі болдыңыз. Ресейде ғарыш саласында мамандар көп еді, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде өз жағдайын реттеуге тырысты. Қазақстан мен Ресейдің ғарыш саласындағы қарым-қатынасы қандай еді? Шиеленістер мен қайшылықтар болмады ма?

Тоқтар Әубәкіров: – Ғарыш саласы бойынша президенттің көмекшісі болған кезде Байқоңырға қатысты істің бәрі келісімді, бейбіт өтті. Бұл жағынан ешқандай келіспеушілік болмады, Ресей ғарыш айлағының толық құқықты иесі болды. Ешкім біреудің аяғына оратылып, кедергі жасамады.

Пётр Троценко: – Бұл жұмыста Қазақстанның рөлі қандай еді?

Саясатта барынша ойланып әрекет еттік, сол заманның ырғағына ілесуге тырыстық.

Тоқтар Әубәкіров: – Біз – мемлекетпіз, Байқоңыр біздің аумақта тұр, оны жалға беру арқылы өз ғалымдарымыз бен мамандарымызды тәрбиелеу керек. Ресей сол жағынан көмектесті. Уақыт өтеді, жалдау мерзімі бітеді, егер осындай қуатты кешен талқандалса, оны заман кешірмейді. Саясатта барынша ойланып әрекет еттік, сол заманның ырғағына ілесуге тырыстық. Байқоңырды сақтап алдық, көптеген жақсы мамандар тәрбиеледік.

Вячеслав Половинко: – Қазіргі кезде ресейлік ғарыш кемелері Қазақстан аумағына гептил қалдығын төгеді деп ренжитіндер көп. Жердің улануын болдырмау үшін не істеу керек деп?

Тоқтар Әубәкіров: – Ресей зымыран тасығыштың жаңа түріне өтіп жатыр. Қолданыстағы уландырғыш зат емес, таза оттегі. Керосин мен оттегінің қоспасы өте жоғары температура тудырады, соның арқасында қозғалтқыш жақсы тартады. Қазір Плесецк ғарыш айлағында «Ангара» зымыран тасығышы бірінші рет ұшты, «Ангара» сериялық ұшақтары шыққанда «Протонды» алмастырады. Өкінішке қарай, біраз уақыт шыдай тұруға тура келеді. Ғарышты игеруге қатысты адамзат прогресін тоқтатуға болмайды. Оны Жердің тұрғыны ретінде айтамын. Ал Қазақстан тұрғыны ретінде «Протонның» сәтсіз нұсқалары республика жеріне үлкен зиян келтіріп жатқанына қынжыламын. Біздің мамандар батыл қимылдамайды. Қаталдау болып, білікті келісімдер жасау керек. Қалай болса солай әрекет етеді, кейін ресейлік заңгерлер олардың тас-талқанын шығарады.

Вячеслав Половинко: – Президентке ол туралы айттыңыз ба?

Тоқтар Әубәкіров: – Бұл туралы айтатындай президентпен, өкінішке қарай, жиі кездеспеймін. Кездескен кезде қызметтен кетіп бара жатқан маман ретінде міндетті түрде айтамын.

«ОППОЗИЦИЯ – ЖАУ ЕМЕС, ДАМУДЫҢ БАСҚА ЖОЛЫН КӨРУШІЛЕР»

Вячеслав Половинко: – Енді сізден 1990 жылдар емес, қазіргі кез туралы сұрасам деймін. Қазақстандық оппозициямен қатты жақындастыңыз, бірақ ұзаққа созылмады…

Тоқтар Әубәкіров: – Оппозиция деген не? Биліктегілерге оны ұзақ түсіндірдім, қазір де қарапайым адамдарға айтарым, оппозиция – жау емес. Оппозиция – дамуды, техника мен экономиканың дамуын басқа қырынан көретін жандар. Мемлекетке жоғары технологиялар керек дегенді әркез айтып келемін. Технологиясыз болашағымыз жоқ. Соған келдік қой! Неліктен мені жау санау керек?

Пётр Троценко: – Ешкім олай демеді.

​Тоқтар Әубәкіров: – «Қатты жақын болдыңыз» дейсіңдер. Тұспалдап отырған оппозиционерлер – оппозиция емес, терроршылар. Олар – барлық тіршілік иесінің жауы. Биліктегілерге бір бағытта жүруге болмайды дедім. Біз қазір жасап жатқан өнеркәсіпті басқа бағытта жасау керек. Иә, автокөлік жасау – жақсы, бірақ біз аграрлық елміз, ауыр шаруашылығы агрегаттары өте тапшы. Ұсақ-түйектің бәрін шетелден сатып аламыз. Сонда «Уазик» немесе «Нива» жасаудың керегі не? Мүмкін, қажет те шығар, бірақ ең алдымен ауыл шаруашылығы көліктерін – комбайн, трактор, жүк көліктерін басты назарға алу керек еді. Оның бәрі мемлекетке қажет. Ол туралы әлі күнге дейін айтып, жазып жүрмін. Кейде естиді, кейде естімейді, кейде оны президентке апарып, «Көрдіңіз бе, ол қарсы шығып жатыр» дейді. Қарсы емеспін, Қазақстанның болашағы үшін айтып жатырмын! Қазақстан даланың толық қожайыны болса, барлығын өзіміз игеріп, ешкімге тәуелді болмасақ дейміз.

Вячеслав Половинко: – Оппозиция мәселесіне келсек. Қазір сіз билікте де емессіз, оппозиционер де емессіз ғой.

Тоқтар Әубәкіров: – 70 жаста қайдағы билік? 63 жаста адамның екпіні қайтады.

Вячеслав Половинко: – Президентіміз 76 жаста ғой.

Тоқтар Әубәкіров: – Президент – сайланған адам. Бұл жөнінен 90-ға келсе де оған тиісуге болмайды. Мао Цзэдун 80 жасында да жұмыс істеді. Бірақ шенеуніктің тосқауылы 63 жас деп санаймын. Соған жеткенде олардың бәрі кетуі керек. Тек өзінің баюын көздеп жұмыс істейтін адамдарды бір, екі, бес жылға билікте қалдырып керегі жоқ. Оны өз көзіммен көріп жүрмін.

Вячеслав Половинко: – Оппозиция неліктен билікке келе алмайды? Неге оларда бірлік жоқ?

Тоқтар Әубәкіров: – Бізде оппозиция бар ма?

Вячеслав Половинко: – Болған еді ғой.

Тоқтар Әубәкіров: – Мен де бар деп ойладым, бірақ кейін олардың бәрін жоғарыдан басқаратынын, биліктің сөзін айтатынын түсіндім.

Вячеслав Половинко: – Биліктің бе?

Тоқтар Әубәкіров: – Иә.

Пётр Троценко: – Сонда оппозиция билікке тәуелді ме?

Тоқтар Әубәкіров: – Иә. Бізде оппозиция жоқ. Оған 100 пайыз сенімдімін.

Вячеслав Половинко: – Ол жаман шығар?

Тоқтар Әубәкіров ЖСДП мүшесі ретінде дауыс беріп отыр. Алматы, 26 қараша 2011 жыл.

Тоқтар Әубәкіров ЖСДП мүшесі ретінде дауыс беріп отыр. Алматы, 26 қараша 2011 жыл.

 

Тоқтар Әубәкіров: – Әрине, жаман. Оппозиция құрылғанда, мысалы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» құрылды – олар халықтың жағдайын жақсарту үшін емес, билікті басып алуды көздеді. Ол қандай оппозиция? Террористер! Билікті құртқысы келетіндер. Ресейге қараңыз, коммунистік партия, ЛДПР. Жириновский қаншалықты айғайласа да, билікке жағынса да, кейде ақылға қонымды сөздер айтады, оны тыңдау керек. Сөзінің 90 пайызын алып тастап, 10 пайызын қалдырса болды. Зюганов та жақсы сөйлейді.

Пётр Троценко: – Біздікілер де жақсы сөйлейтін шығар, бірақ оларды тыңдамайды ғой.

Тоқтар Әубәкіров: – Жақсы айтпағандықтан тыңдамайды. Айтқысы келгендерін жеткізе білсе, өзгеріс болатын еді.

Пётр Троценко: – Мүмкін, дұрыс тыңдамайтын шығар?

Өйткені біз азиялық елміз. Ешкім ешқашан бұл менталитетті өзгерте алмайды.

Тоқтар Әубәкіров: – Тыңдамайды, өйткені біз азиялық елміз – оны да ұмытпаңыз. Ешкім ешқашан бұл менталитетті өзгерте алмайды.

Вячеслав Половинко: – Президентті бұрынғыдай қолдайсыз ба? Ол қазір бәрін дұрыс істеп жатыр ма?

Тоқтар Әубәкіров: – Ешкім ешқашанда бәрін дұрыс жасай алмайды. Адам қолынан келгенін ғана істейді.

Вячеслав Половинко: – Соңғы сайлауда оның қайран қаларлық дауыс жинағаны ыңғайсыз көрінбей ме?

Тоқтар Әубәкіров: – Оған еңбегі сіңді деп ойлаймын.

Пётр Троценко: – Соңғы сауал. 1990 жылдарды қайтарғыңыз келе ме? Неліктен?

Тоқтар Әубәкіров: – Ешқашан ешбір жағдайда қаламас едім. Сол кездегі нағыз көз жасын, қайғыны көрмедіңіз. Бізде биліктің әр ауысуы – бұрынғы барды жойып, жаңаны жасау.

Пётр ТРОЦЕНКО
Вячеслав ПОЛОВИНКО
Динара ӘЛІМЖАН

http://www.azattyq.org/a/kazakhstan_interview_with_toktar_aubakirov/28147751.html

Related Articles

  • САРБАС РУЫ ЖӘНЕ САРТОҚАЙ БАТЫР

    Тарихты түгендеу, өткеннің шежіресін кейінге жалғау – атадан балаға жалғасқан ежелгі дәстүр. Шежіре, ұлт-ру, тайпа тарихы – атаны білу, арғы тарихты білу болып қалмастан ұлттың ұлт болып қалыптасуы жолындағы бастан кешкен сан қилы оқиғалары мен ауыр тағдырынан да мол дерек береді. Шежіре – тұтас халық тарихының іргетасы ғана емес, ұлт пен ұлыс танудың әліппесі  саналады. «Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса да әр рудың өз шежіресі болған. Шежірешілер жүз, тайпа, ру, ата тарихын терең талдай білген»(1). Патшалық ресейдің дәурені аяқталар тұста қазақтың мемлекеттігін қалпына келтіруді мақсат тұтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан (1866-1937) алғашқы болып қазақ тарихының қажеттілігін алға тартып, башқұрттың әйгілі ғалымы Уәлиди Тоғанмен кездесіпті. Уәлиди Тоған өзінің естелігінде: «Мен бірнеше

  • ОА қорғанысқа қаржыны не себепті арттырды? Каспийден Украинаға зымыран ұшырған Ресей суды ластап жатыр ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан әскері бірігіп өткізген «Бірлестік-2024» жаттығуы. Маңғыстау облысы, шілде 2024 жыл. Қазақстан қорғаныс министрлігі таратқан сурет.  Орталық Азия елдері қорғаныс шығынын арттырды, мұның астарында не жатыр? «Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есе көп өндіруді жоспарлап отыр, алайда үкімет бұл салада жұмыс күшінің азайғанын есепке алмаған». «Каспий теңізінен Украинаға зымыран ұшырып жатқан Ресей теңіздің экологиялық ахуалын ушықтырып жатыр». Батыс басылымдары бұл аптада осы тақырыптарға кеңірек тоқталды. ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚОРҒАНЫС ШЫҒЫНЫН АРТТЫРДЫ. МҰНЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР? АҚШ-тағы «Америка дауысы» сайты Украинадағы соғыс тәрізді аймақтағы қақтығыстар күшейген тұста Орталық Азия елдері қорғаныс саласына жұмсайтын ақшаны арттырғанына назар аударды. Бірақ сарапшылар мұндай шығын тұрақтылыққа септесетініне күмән келтірді. Стокгольмдегі бейбітшілікті

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: